Исабек ишан

Ұрпағымызды Ислам дінінің ақ жолына тәрбиелеуге ерен еңбек сіңірген дін қайраткерлерінің алдынғы қатарында Бабамыз Исабек ишанның алатын орны ерекше. Исабек ишан – Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ұрпағы.Хазіреті Алиден (р.а.) тарайды. Бабамыз Бұқара қаласында дүние есігін ашып, білімнің кәусарына сол жерде сусындап, 19 ғасырдың басында Арғынның арыстарының бірі Сүйіндік еліне келген қожа әулетінің көшбасшысы және халыққа тақуалығы мен танылып, замандастары Әулие танып пір тұтқан. Исаекең Ақкөл-Жайылмада медресе-мешіт ашып, Жаратушымыз жалғыздың тура жолымен Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сүннетімен дін бауырларының сусындауына, елеулі үлес қосты. Сол кездің өзінде көршіміз орыс халқына жем болып жұтылып кетілу қаупын терең түсіне білгендіктен:

«Кәпірлерге жем болма.

Өзгелерден кем болма.

Бір Аллаға басыңды ій.

Жақсылық болар иншалла»-деп еліне уағыз айтқанын көре алмаған күншіл, ұлыққа арыз жазып, бабамызды тұтқындатыпты. Айдауылдар келіп әкеткенде, артында қалған жанашырлары мен жақындары «ұзақтай» шулап жылағанда:

«Алауыз болса ағайын,

Ынтымақ күтіп тұра ма?

Жолын берсе бір Алла,

Орыс тонын береді» -деп еңіреген елді жұбатады. Абақты ішінде харам асқа жоламай, намазын қаза қылмай оқып, бір Алладан медет тілеген құлына Жаратушымыздың құдыретімен абақтының есігіне салынған құлып ашылып қала береді. Күзетшілер қанша құлыпты қайта жапсада құлып ашыла бергенін басшыларына хабарласа, басшылары, «біз жазықсыз касиетті адамды тұтқындаған сыңайлымыз. Оған Құдай жар болған ғой.Оның Құран оқуы тегін емес, ертең кінәсізді босатуын сұрап өтініш беремін»-деген ниетпен үйіне келеді. Абақты бастығының үш қыздары бар, әйелінің аяғы ауыр, Алладан ұл бала тілеп армандап жүрген кезі екен. Жұбайына «жазықсыз жан қапаста, оны босатсаңдар бақытқа бөленесіндер»-деген түсінде аянын беріпті. Әйелі түсін күйеуіне өңінде көргендей айтып, тұтқынды «Босат» депті сұрапты. Жолдасының сөзі приставқа ой салып, үш күндей ас ішпей ойда жүргенде хабаршы әйеліннің ұл туғанын хабарлайды. Бұны естіген пристав «бөркін аспанға атып» Исекеңе оқалы киім кигізіп абақтыдан босатып, арқасына тонын жауып, мініс ат,  қасына қосшы беріп, еліне қайтарыпты. Исекеңнің: «жолын берсе бір Аллаһ, Орыс тонын береді» сөзі шындыққа айналады. Исаекеңнің кереметтері туралы халық аузында сақталған. Соларды оқырмандар назарына ұсынудың артықтығы жоқ қой деген ниетпен бірлі жарымына тоқталайық.

Тасыған Шідерті өзенінен, өткенде  киім су болмасын деген ниетте сыртқы киімдерін шешкен мезетте тал арасынан ұрылар шығып, «қолдарыңдағы киімдеріңді,көліктеріңді қалдырып өздерің кетіңдер»-дейді. Жолаушылардың біреуі «Біздің мүлкімізді алсаңдар да, мына азаматқа тиіспеңдер, керметті жігіт еді» деп өтініпті. Ұрылардың бірі «Ол жігітің әулие болса, ана ұшып келе жақан алты аққуды алдымызға қондырсын» -депті Исекең отырып дұға оқығанда аққулар ұрылардың алдына қоныпты. Исекеңнің кереметін көзі мен көрген ұрылар олардың мүлкін алмақ тұрсын, өздерінің олжаларын алыңыздар дегеніне Исекең «Сендердің олжаларыңды алмаймыз. Өзеннен өткізіңдер» депті.

Осы уақиғаға ұқсас басынан өткен бір жәйтті Әкем маған былай айтып еді.1920 жылдың көктемінде сырқаттанып төсек тартып жатқанмын. Бақсы, немере туысым,әрі құрдасым көңілімді сұрай келіп әңгімелесіп отырғанбыз. Төбемімізден бір топ көгершін ұшып өтті. «Әй, сен ана көгершіннің біреуін ұстап, сорпасын ішшең дертіңе дауа болады» дегеніне, Мен «сенде, не болса соны айтасын. Өзім сырқаттан қозғала алмай төсек тартып жатырмын, жүруге шама жоқ. Оған қоса, атып ала қоятындай мылтық та жоқ. Ол көгершінді кім маған ұстап әкеледі?» дегеніме «мен кәзір әкелейін»-деп, көгершіндердің ұшқан бағытқа қарай жүгіріп кетті. Сүт пісірімдей уақытта әлгі туысым көгершіні алып келді. Сол көгершінді сойып сорпасын ішкеннен соң, Алла шипасын салып сырқаттан айықтым» дегенін өз құлғыммен естімесем. Бұл жағдайға куә, дертінен жазылған әкем айтпай басқа адамның аузынан естісем де мен нанбас едім. Сондықтан Исаекең бабамыздың Алла берген басқалардан артықшылығын ел аузынан естігендер де көптірме сөз демесін. Халық жоқтан құрастырмайды, бір негізсіз. Ал уақыт өте оның айтылу мәнеріне өзгерістер енгені мен, оқиғаның негізі қалайда сақталады. Қатардағы пенделер арамыздағы Алланың артықшылық қасиетке ие қылған бауырларымыз туралы айтылғандарға күдікпен қарамай, Алланың құдыреті деп түсінгеніміз абзал. Өзеннен өтіп біраз жүрген соң Исекең қасындағыларға «Қап, мен бір қателік жібердім-ау»десе жанындағылар: «Сіз ешқандай қателік жіберген жоқсыз, «Алты аққуды алдыма қондыр»-деді,-қондырдыңыз, «Олжадан ал» деді, алмадыңыз» дегендеріне. Исекең: «Сендер білмедіңдер, күндердің күнінде менің ұрпағымның бірі тұтқында болады-ау! Мен алты аққуды тұтқын еттім ғой, байлап кеттім-ау» деп өкініпті. Кейін 1937 жылдың зұламатында Исекеңнің ұрпағы түрмеге түскенде халық Исекеңнің сөзін есіне алып, әулиенің кереметіне қайран қалды дейтін көне көз қариялар

Мәшһүр-Жүсіп Исабек ишанға шығарған азанамасында (жоқтау) Бабамыздың білімін, әділдігін, шыншылдығын, батырлығын, исламның ақ жолын уағыздауда төккен тері-еңбегін, көркем мінезін, халал мен харамды, батил-(шындық-пен жалғанды) қалай танып, ажырату ерекшелігін. Алланың берген қасиеті, хал (батин) ішкі, жан-дүниеңді, жетілдіретін іліміді жоғары деңгейде меңгергенін ұстаздық пен төңірегіне пір болып Алланың кәләмін елге үйретуде орасан мән бергендігін төмендегі өлең шумақтарында өте әдемі өрнектеген:

Медресе там қасына, мешіт салған,

Бұйырып топырағы сонда қалған.

Ғылым хал, Ғылым қалды білген тамам,

Айырған хақ пен бүтіл, халал, харам-

Ғылымдарды қойылған көңіліне,

Жігіттер, бар ма енді ондай адам?

Ашылған кереметпен батин көзі,

Тасқа таңба басқандай айтқан сөзі.

Сүйікті һәм көрікті, жомарт, әділ,

Бар еді келіспеген қай мінезі.

Айбатың бар-ды әділ Омардайын,

Түсіндірдің шариғаттың әрбір жайын.

Күндіз-күлкі, түн болса ұйқы көрмей,

Дін ісін берік тұттың солардайын.

Шыншылдығың Әбубәкір Сыддықтайын,

Жомарттығың сахаба Садуақастай,

Бибаһа ол кібірит ақ, мәрмәр тастай.

Сүннәтін пайғамбардың мұғхам тұтқан,

Кәнекей кім бар еді содан басқа-ай.

Шариғат,мағрифатын тәмәм еткен,

Тариқат, хақиқатты жары еткен.

Ғылымды он екі пән тамам білген,

Іші-тысын толтырып тәңрім берген,

Шариғаттың шегесі дін тұтқасы,

Ғұламаның алды еді көзбен көрген, – дей келе Азанамада Бабамыздың меңгерген пәндерінің негізгілерін атап-атап « Ғылымсарф, Ғылым наху, Мантиқ, Кәләм, Тассауф, Ғылым фикһ, Хадис, Тәфсир, Мұх-тасар, Бидан, Шарых Ғабдулла, Ғауамил сияқты ғылым негіздерін оқып игергендігін арнайы талдап, кейінгілердің ілім игеруіне үлгі етіп ұсынған. Мәшһүр Жүсіп, бабамыздың өзіде Исекеңнің шәкірттерінің бірі. Ишан бабамыз реті келгенде бәйітте айтады екен Шариғат, атадан қалған жол турасында әңгіме болған бір жиында біреу «Хазрет, ақырзаман нышанын айтқандар: «Қилы-қилы заман болады, қарағай басын шортан шалады»-дейді осының мәнісін анықтап беріңізші дегеніне бабамыз «Ол ақыр заман болған күні ғой. Заманақыр болар алдында дүниеде көп өзгеріс болады, соны айтайын»-деп былай толғапты:

«Табалдырықтан үлкен тау болмас,

Ағайыннан асқан жау болмас.

Тұрар жерің қамал,

Кірер жерің зындан болады.

Біріңнің басыңа бірің,

Түзге отырар заман болады,

Қарап тұрған жігітке,

Қыз артылар заман болады,

Ақырзаман алды осы болады»

Үлкен мәжілісте ел қариялары біреуді жаман, біреуді жақсы деген қысыр әңгімені тілге тиек еткенін жақтырмай елді тоқтатып:

Ақлимат біреулерге Тәңірім берген,

Қарға-құзғын шулайды бүркіт көрген.

Бақыты асқан ерлердің дұшпаны көп,

Арыстан итке билік қашан берген.

Білгеннің білмегенмен ісі болмас,

Тәккапарға тең келер кісі болмас.

Ит үріп қанша қайрат қылсадағы,

Қасқырға батар иттің тісі болмас.

Береке кеткен елде болмас жауын,

Бұзылған ел түзетер күнде дауын.

Кәрі көшіп, жастары билік қылса,

Сол елге басшы болар бір перғауын.

Мен айтам бұл сөзімді әрбір талай,

Жүз ауылға басшы болар жетім бала.

Кешегі мыңды айдағын тәккапар бай,

Бір күні қалады екен ернін жалап.

Ишан бабамыздың ұрпақтарын тірі кезінде өз көзімен көріп олардың кереметтеріне куә, замандастарының құрметіне бөленген ардагер Құдайберген Сүлейменұлы: «Біз, Исабек ишан бабамыздың ұрпақтары Солтан, Әшім, Қабдулла (Қабен), Жандарбектерді көріп, ол кісілердің де әулиелік, көріпкелдік, тәуіптік қасиеттерн көрген жандармыз» деп жазыпты өзінің естелігінде. Пәлен әкеміз әулие, түген әмбие деп қайталай бергенше. Енді біздің замандасымыз, Құдекең көзімен көріп, құлағымен естіген бабаларыздың елден ерек, көптеген қасиеттерінің бірлі жарымын оқырмандардың назарына ұсынған дұрыс шығар.

Құдайберген баурымыз: «1948 жылдың күзінде біздің үйге Әшім қожа келіп қонды.Ол кісінің бір әдеті, шамалы көзін жұмып, қалғып кетіп отыратын. Тәңертеңгі шәй үстінде Әшекең жарықтық қалғып кетті. Сәлден соң: «Саған Құдай берді, шаңырағыңа бір ұл, бір қыз бала келеді. Жаңа таң намазында екеуміз қатар отыр екенбіз. Бірі еркек, бірі ұрғашы, екі көгершін, төбемізді айналып ұшып, сенің екі иығыңа қонды» деді. Содан 1949 жылы қарындасым Бәну, 1951 жылы інім Құдайберген туды.1970 жылы ауылдың ол дүниелік болғандарына қатымқұран бағыштауға Әшекеңді алғызып Айтқазы ақсақалдың үйінде ауылдастармызбен дастарқан басында отырғанбыз. Айтекеңде ұл жоқ, екі қыз ғана, мінезі бір тоға, момын көп сөйлемейтін тұйық кісі.Ұлы жоқтығына уайымдап, іштей тынатын. Әшекең сөйлеп отырып, қалғып кетті де, сәлден соң көзін ашып, Айтекеңнің иығынан қағып: «Айтқазы, саған құдай берді. Осы шаңыраққа тоғыз айдан соң Еренғайып атты сәби келеді» деді. Айтекең Қожае-кеңнің тізесіне басын қойып, жылап, «Айтқанңыз келсін.Не тілесеңіз соны орындайын» дегеніне Әшекең, рахат сезімге бөленіп, жымиып «Қой жылама, ештеңеңнің керегі жоқ. Құдайға құл, Мұхамметке (с.ғ.с.) үммет екеніңді ұмытпай, Алланың бес парыз намазын орындасаң болды»-деді. Келер жылы Еренғайып, дүниеге келді. Бүгінде үйлі -баранды, Айтекеңнің шаңырағына ие, анасы Жәмиләні мәпелеп күтеді.

Исекеңнің немересі Жандарбектің де Алланың жарылқауымен айтқаны қате кетпей, емдеген сырқаты дертінен сауығатын дуалы ауыз қасиетке ие еді. Бірде сәлемдесу ниетімен Жәкеңнің үйіне соққанымда, отбасы мүшелері шәй ішіп отыр екен. Үй иесі «Жоғары шық» деп жанынан орын берді. Ас ішу аяқталған кезде «Құсайын, сіздің үйге Хаким атты бала келеді» дегеніне қуанып. Мен. «Әмин, айтқаныңыз келсін» -дедім. Ол кезде ұлым Нұрлан үйленбеген. Алла нәсіп қылып, көп ұзамай ұлым үйленді. Келер жылы дүниеге немерем Хаким келді. Исабек ишан бабамыздың кесенесінің басына тоқтамай өткендердің осы күнге дейін көлігі бұзылып тоқтайды. Исекең бабамызға арнап Мәшһүр Жүсіптен бастап Жұмағали Қоғабай, Дәмет Бабылбекқызы, Еркін Мундуинов, Михайл Сербин сықылды ақындар жыр арнаса, Академик, Ақселеу Сейдімбек, тарих ғылымдарының докторы И. В. Ерофеева, педагогика ғылымдарының докторы Еңлік Жұматова, заң ғылымдарының кандидаты Сәле Ықсатова және техника ғылымдарының кандидаты С.Жақсыбаевтар бастап, журналистермен ишан атамыздың кереметтерін көрген немесе әкелерінен естіген кәрі құлақ ауыл ақсақалдарының айтқандарынан қанық және өздері көргендерін хатқа түсірген көптеген замандастарымыз естеліктер жазған. Исабек ишан бабамыздың алтыншы ұрпағы – неменесі діни жоғары білімді, Асхат- НұрАстана мешітінің имамы, білгілікті ұстаз. Асхат Астана қаласының өзі жұмыс атқаратын мешітінің қызметкерлер мен мешіттің жамағаты арасында қадыр, құрметке бөленген азамат. Бұл Исабек ишан бабамызбен оның ұрпақтарының халық арасындағы қадыры мен жұртқа танымалдығын көрсетсе керек. Әрине, қасиетті бабамызбен оның ұрпақтары жөнінде оларды пір тұтып, Алланың жарылқауымен істеген, айтқан кереметтерін тізбелеп жаза берсе бір емес бірнеше кітапқа жүк болары сөзсіз. Оқырманның жалпы танымына осы аз ғана айтылғандарда жеткілікті шығар деген оймен, Исабек ишан мен оның ұрпақтары турал әңгімені аяқтауды жөн бе дедім.

Ауданбайқажы Ахметжанұлы.
Астана 2015 жыл.

Сондай-ақ, оқыңыз

Ет жемес ешан атаның ұрпақтары

Осындай саясаттың кезінде Ет жемес ешан атаның ұрпақтары да қуғынға ұшырады. Ешан,молдаларды да байлармен бірге …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған