Жарық нұрдың сәулесі

Cүйегі асыл жақсыларым

Сәдір қожа – Сырдан Арқаға он тоғызыншы ғасырдың бас кезінде келген болуы керек. Негізі біздің қазақ бауырларымыз кейде ойнаса да «аталарыңды пәленше атамыз алып келген» деген қалжың айтып жатады. Тарих өткен жолдарына көз жүгіртіп оймен сараласаң, сегізінші ғасырда орта Азия, Қазақстан жеріне арғы тегі араб халқынан тарайтын ел арасына қожа деген атпен танылған бабаларымыз Алланың ақ діні Исламды таратуға «Осы жолда ол дүниелік болсам, Алла жарылқаса шаһидпін. Егер Алла өмірімді ұзақ қылса, осы аумаққа орналасқан пенделерге Исламның ақ жолын уағыздап, дұрыс жол нұсқаймын» деген ниетпен қиын да, қауіпті жолға шығып келген. Араб жарты аралы Қазақстанның оңтүстік жағында орналасқандықтан алғашқы дін таратушы бабаларымыз еліміздің оңтүстік жағында орналасқан Өзбек, Тәжік, Түрікмен ұлттарының жері арқылы өтіп, Қазақстан жеріне тұрақтаған. Олай деуге негіз – кейде қазақ бауырларымыздың ішіндегі кейбір дарбауыздары әлденеге ренжісе, жәйда бірге туысып жүргенін ұмытып «өзбек», «сарт» деп те қалады. Мәселе адамның қай ұлттың тумасында емес. Адамның адамгершілігі мен адами қасиетінде ғой. Кейбір деректерде Қазақстанның орталық аймағына қоныстанған Алтай, Қарпық рулары он сегізінші ғасырдың басында Алтайдан қоныс аударды деген деректер де кездеседі. Онымен қоса 1723 ж. «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» деп ел арасына белгілі болған қасірет кезінде халықтың біраз бөлігі арқаға ауғанда, қожалар оңтүстік өңірде қалып қойғанға ұқсайды. Анығын Алла біледі. Арқаға қоныстанып, ес жиған елге діни басшының қажеттілігі туындап, елдің игі жақсылары Сыр бойында орналасқан бабаларымызға «елге жөн–жосық айтып, дін үйрететін білімді балаларыңды жібер» деген тілек білдіріп, «барған ұрпағыңа өз баламдай қамқоршы боламын. Менің бір балам болады» деп біздің аталарымыздың Арқаға келуіне себепші болған. Осы ойдың дәлеліндей, қазақтан хан шыққан атақты шешен, жомарт, әрі балуан, әрі сайыпқыран найзагер, өз қатарынан оқ бойы алда тұратын Құнанбай қажының заманымыздың заңғар жазушысы Мұқтардың бабасы Бердібек қожаның арқаға келуіне себеп болуы. Міне, бабамыз Сәдір қожаның арқаға келуіне Тобықтының белді билерінің бірі, Құнекеңмен терезесі тең, тұстасы Қараманде бидің «Елімде «Әй!» дейтін Әже мен бармын, «Қой!» дейтін қожа сіз болыңыз» – деп себепкер болуы. Қожа жұртының негізгі жүгі халыққа Ислам дінін таратып, емшілікпен айналысу болған. Сәдір бабамызға Алланың берген нығметінің бірі, өзінің қадір–қасиетімен еліне сыйлы, «қой!» дейтін қожасы болуымен қатар,  бүгінгі күнде бір рулы елге айналған ұрпағының өсіп–өнуі. Бабамыздың ұрпақтарының ішінен талай ел сыйлаған жақсылар шығып, елінің елеулісі, халқының қалаулысы болған.

Жақсыға бір адамдық орын бар

     Жаңаарқа жұртшылығына, әсіресе өсіп келе жатқан жас ұрпаққа, шынайы Ислам дінін уағыздауда, адамгершілікке, отан сүйгіштікке тәрбиелеуге көп үлес қосқан әкелеріміздің бірі, Жаңаарқа ауданының тумасы, жатқан жері жайлы, жаны жаннатта болғыр марқұм Әбілда баласы Мырзақожа еді. Мырзаекең 1939 жылы Петропавл қаласында техникумда оқып жүрген жерінен міндетті әскерлік борышын атқаруға әскерге алынып, оның аяғы Ұлы Отан соғысына ұласып, әскерден 1946 жылы елге оралды. Біраз жылдар аудандық мекемелердің бірінші басшысы қызметін атқарды. Кейін Алланың жарылқауымен қызметті қойып, дінге, Аллаһқа құлшылыққа біржола бет бұрып, өмірінің соңына дейін Аллаһқа құлшылығын үзбеді. 1960 жылдан басталған, үкіметтің жайуат саясаты кезінде дінге де, діндарларға да біршама бостаншылық болған жылдары ауданның  бірінші Имамдығына Мырзекең сайланды. Мырзекең аудан тарихында ашылған бірінші мешіттің алғашқы іргетасын қалауға, мешіттің құрылысын қаржыландыруға, өзінің ел арасындағы қадір-қасиетімен көп көмегін тигізді. Кейін жасы ұлғайып, ел арасында жүріп тұруы қиындаған кезде имамдықтан босатуды өзі сұранып, орнына сол жылдары жасы отыздан жаңа асса да Аллаға құлшылығын мектеп қабырғасынан бастап, үзбеген, артық-ауыс шаруамен, сөзбен ісі жоқ, уақытының көпшілігін Аллаһқа құлшылық пен білімін жетілдіруге пайдаланған Нақыпұлы Қайрулла атты азаматты ұсынып тағайындатты. Имамдықтан шыққанымен мешіттен қол үзбей, жас діндарларға қолынан келген ақыл-кеңесін, мешіт ісінің алға басуына, оның қаржылық жағына көмектесуден жазған жоқ. «Жақсыға бір адамдық орын бар» демекші Мырзекеңді кейінгі ізбасарлары сыйлап, атын атамай «ұстаз» дейтін, Әсіресе, көп жыл аудан мешітінің имамы болған  Қайрулла қатты сыйлады. Өз басым әлденеше рет куә болған мынандай бір жәйтті айтуға тұрады ғой деймін. Ел арасында жаназа намазын шығаратын адамға аса қатты көңіл бөлінеді. Тек ел арасы ғана емес шариғатта да солай. Ауданның Имамы ретінде, жаназа намазын өлік иелері Қайруллаға ұйғарып тұрғанда, жаназаға Мырзекең қатысқанын көрсе Қайрулла «мен ұстазымның алдына тұрмаймын, жаназа намазын Мырзекеңе иба қылдым» – деп намаз шығарудан бас тартатын. Мырзекең болса «Намаз шығару құқы, бірінші мұсылман Патшанікі, одан соң сайламшы Мүфтидікі, одан кейін сайламшы Имамдікі. Мені шариғатқа шет қылмай, сыйлағаныңа рахмет, Аллаһ разы болсын, ұлықсат, өзің шығара бер» деп ырзашылығын алғаннан соң, Қайрекең намаз  шығаратын.

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары неге екенін қайдам, Қазақстан дін басқармасы жергілікті имамдарға «өз-өзіне қол жұмсап, ажалы содан болғандарға намаз шығармаңдар» деген нұсқау беріпті. Осыны басшылыққа алған имамдар, өзіне қол жұмсап, жазым болғандарға намаз шығарудан бас тартты. Ел арасында бұл көптеген түсініспеушіліке, ренішке әкелді. Мырзекең, «өзін өлтіргендерге жаназа намазы оқылмасын деген шариғат жоқ. Жаназа намазы Әбу Ханифаның фәтуасы бойынша, кәпірлерге, ата-анасын әдейі өлтіргендерге, жол кесіп, кісі тонаушылар бағынбай соғысып жүріп, өлсе оқылмайды (шығарылмайды). Өзіне қол жұмсап өлген кісіге намаз шығарылмасын деген фатуаны имам Юсуф айтқан, шариғат мәселесінде біз Әбу Ханифаны басшылыққа алуымыз керек, өйткені біз сол кісінің мазхабын ұстанамыз» – деп өзіне қол жұмсағандарға жаназа намазын оқитын. Кейін діни басқарма өзінің нұсқауын өзгертті ме, әлде өзінен өзі іске аспай қалды ма анығын білмедім, өзіне қол салғандарға намаз шығару ешқандай дау – дамайсыз шешілді. Мырзекең дін уағыздаушыларға: «шариғатты айтқанда тыңдаушы ортаның діни білім деңгейіне қарап айтыңдар, дінді жеңілдетіп түсіндіріңдер. Үркек атқа ұқсап, намаз оқысақ, ораза ұстасақ қалай болар екенмен үрке қарап жүргендерге анау да болмайды, мынау да болмайды, күнә деп үркіте берсеңдер ол адам қолымнан келмейтінді бастамай-ақ қояйын деген қорқынышпен діннен алшақтап кетуі мүмкін, осыны болдырмас үшін жеңілдеп, бірте – бірте үйреткен абзал. Көпшілігі дін-апиын, құдай жоқ деген үгітпен тәрбиеленгендер. Олардың бірден діннің барлық құндылықтарын меңгеріп кетуге өресі жете бермейді» деп түсіндіретін. Мырзекеңнен тәлім алып, намазға жығылғандардың көпшілігі кейін тәп-тәуір, діндар болап, Аллаға құлшалықтың қыр-сырын жақсы меңгерді. Жалпы аудан жұртшылығы Мырзаекеңнің шариғаты кең деп жүреді. Өйткені Мырзекең «Аллаһтың өзіне серік қосқандар мен әке-шешесін әдейі өлтіргендерден басқа кешірілмейтін күнә жоқ, Аллаһтан шын ниетіңмен жарылқау тілеу тілеуден жалықпаңдар» деп уағыздайтын.

Жасымда жиырма сегіз Мекке бардым

 Тінәлінің ішінде болып, солармен туысып кеткен бауырларымыздың ішінде Шәрдербек қажының шоқтығы биік тұрады. Өзі өмір сүрген қиын да қияметі көп заманда қажылық парызын екі мәрте өтеген, жалпы қазақ халқының арасында саусақпен санайтындай аз пенделердің бірі. Ол атамыз діндарлығы мен қоса ақындық қабілеті болған екен, өкінішке орай ертеректе ақындық дарынға мән беріп, оны дәріптемегендіктен бе, салғырттықтан ба, ұрпақтарында ол кісінің қажылыққа барған сапары туралы бір-екі ауыз толғауынан басқасы  сақталмаған. Сөзім жалаң болмас үшін ұрпақтарының есінде қалған бес-алты шумақ өлеңінен үзінді жаза кетуді дұрыс санадым:

Жасымда жиырма сегіз Мекке бардым,

Қожадан жеті шәріп жеке бардым.

Тәңір берген құлына шара бар ма,

Нәсіп қып Шәріпжайға екі бардым.

Шәріпжай, Шам, Құдысты араладым.

Заман зарын жырлаған Шортанбай ақын

Мақтум Ағзамның ұрпағы Шахбүзірік бабамыздың Арқа бойындағы Тағылы тауын (қазіргі Қарағанды облысының Шет ауданы) мекендеген үшінші ұрпағы Нұрсәлім бабамыздан екі ұл – Хажы қожа, Нақып қожа тарайды. Нақып қожа бабамыздың оңтүстікке, Түркістан төңірегіне тұрмысқа шыққан қызы Шүкіманнан туған Шортанбай Қанайұлыжиырмасыншы ғасырдың екінші жартысындағы қазақтың көрнекті ақындарының бірі. Барша халықтың мұң-мұқтажын толғаған жырау өмірінің басым көпшілігін Арқаға танымал, аузы дуалы туған нағашысы Нақып қожаның елінде өткізген. Халқымызда «Адамды өскен ортасы тәрбиелейді» деген қағида бар. Қазақстанның бір өлкесі оны имам етіп тәрбиелесе, екінші өлкесі Шортанбайды  тамаша ақын етіп өсірді.

Дін – Алла тағалаға құлшылық пен бірді-екілі шарттылықпен ғана түгесілетін дүние емес екенін, бүкіл тіршілікпен, жаратылыс құпияларымен астасып жатқан құлашы кең, күрделі ұғым екенін түсіне білген Шортанбай жырау өз толғаулары арқылы ақиқаттың астарын ашып көрсете білді. Өз заманының нақты сипатын таныта алған ақын баба өзіне Алла дарытқан  көріпкелдік қасиеті арқасында болашақты да болжаған («Келер заман сипаты»).

1881 жылы дүниеден қайтқан ақынның денесі Нақып қожаның ұрпағы Ыбырайым қожаның мазарының іргесіне, Ақсу-Аюлының оңтүстігіне жерленген. Мұны Нақып қожаның Әзгелдіден тараған ұрпағы Есмағанбет қожаның балалары дәлелдейді.

Ұстазға құрмет

 Сүлейменнен тараған Тәжит пен Мұқажан, Ахметтен тараған Әубәкір де бала оқытып, молдалықпен айналысқан. Әубәкірөмірден ерте қайтып, балалары жас  болғандықтан әкесінің білім деңгейін, басқа да ерекшеліктерін білмепті. Кейде Құдайдың құдіретіне шек бар ма, бір нәрсені екінші бір нәрсеге себеп қылып, қиыннан қиыстырып оңтайлайды ғой. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары Кеңес үкіметі құлап, мемлекет мүліктен баз кешіп, еңбеккерлерге мүлікті таратқан кезде, Әукеңнің баласы Қалкен мүлік тарату комиссиясының мүшесі ретінде Дружба кеңшарының Талдыбұлақ бөлімшесіне барыпты.  Ауылдық жерде, іс сапардағылар ауқаттанатындай көпшілік тамақтанатын арнайы орынның, асқананың болмағансоң, ауыл азаматтары комиссия мүшелерін әрқайсы кезекпен үйіне тамақ дайындаттырып, қонақ қылады. Түскі асқа бөлімше басқарушысы Аманкештің үйіне келеді.  Сол уақытта сексенді алқымдаған  Ақыш ақсақал кіші ұлы Аманкештермен  бірге тұратын. Келген қонақтар қызмет бабына қарай кеңшардың директоры бастап үйге кіріп, Ақаңа сәлем беріп, төрге озып жатады. Ақсақал төрде жастыққа қисайып жатқан қалпын өзгертпей, бәрінің сәлемін алып, соңына қарай кірген Қалкеннің сәлемін жастықтан басын көтеріп, отырып алыпты. Аз уақыт өткеннен кейін қазақ қалжыңсыз жүре ме, кеңшардың бас экономисі Шымақов Қамария, «Ақа, кеңшардың директоры бастаған басшыларының сәлемін жатып алып, мына Қалкеннің сәлемін басыңызды көтеріп алдыңыз. Бұның бізден артықшылығы қандай, қожалығы ма?» – деп Ақаңа қарапты. Сонда ақсақал «шырағым, ойын сөзге шындап жауап бер» – дейді аталарымыз. Қалкеннің артықшылығы -біріншіден, аталары елге Аллаһтың кәләмін үйретті, екіншіден, бұл азаматтың әкесі Әукең менің ұстазым болған. Сол Әукеңнің құрметіне баласын сыйлап, басымды көтердім. Ал сендердің бәрің мен үшін Аманкешім сияқты баламсыңдар» – дегенде әкемнің бала оқытып, молда болғанын білдім» – дейді Қалкен.

«Диуананың алты жасар баласына, алпыстағы қарттарың барып сәлем беріңдер»

Тінәлі, Темеш руларымен аралас, қоныстас болып сол туыстарымызбен бірге туғандай жарасып кеткен Диуана бабамыздан тарайтын Әзен атамыз Темештің Төбет атты баласымен өте жақын дос, туыс болыпты. Әр нәрсеге де бір себеп болады ғой, бұл достықтың басталуына мынандай бір жағдай себеп болса керек. Төбет атамыз жас кезінде әкесіне еріп Сыр бойына барған кезінде қатты науқастаныпты. Ол заманда қазіргідей емхана, арнайы дәрігерлік білімді меңгерген дәрігерлер болмағандықтан, ауырғансырқаған адамдарды емдеумен діни білімді қожалар мен моллалар және бақсы-балгерлер айналысқан. Аллаһ дертіне шыпасын салған пенделер солардың ем-домдарынан сауығып, сырқатынан арылып, құлан таза айыққан. Темеш бабамыз баласын емдейтін емші іздегенде таныстары Диуана бабамыздың атын айтқан соң баланы Тауфих л.а. Төбетті сол кісіге апарады. Аллаһ шыпасын салып, Диуана бабамыздың емінен бала дертінен айығыпты, міне, осы кезден бастап Әзден мен Тауфих л.а Төбет бабаларымыздың арасы айрылмас достыққа айналыпты. Тауфих л.а. Төбеттің алты баласы:Ханкелді, Жанкелді, Малыбай, Қарабұжыр, Түгей,  Кенжелердің ұрпақтарына Аллаһ береке беріп, алты рулы елге айналды. Диуана бабамызды Төбеттің өзі мен ұрпақтарының сыйлауы соншалық  осы алты рулы елге айналған Төбет атамыздың ұрпақтарының қайсынан руын сұрасаңыз, руы Темештің атының алдына Диуана атын қосып, осы уақытқа дейін  Диуана-Төбетпіз дейді.

Заманында ел басқарып, өз арасында құрметке бөленген қожа жұртына күйеу бала қазір сексенді алқымдаған Мұса ақсақал «Диуана-Төбет» ру атауын мынандай оқиғамен байланыстырады. Тауфих л.а. Төбет ер жетіп кемелденген, елі мойындап, батыр атанған шағында, жорықтан қайтып келе жатып ағыны қатты, терең өзенге тап болып, өткел таба алмай жан-жағын бағдарласа, өзеннің екінші жағалауында ақ киімді, ақ сақалды қария намаз оқып отырғанын көріпті. Ақсақал отырған жерге таянып, дауыстап сәлем беріп, өзеннің өткелін нұсқауын өтінсе керек. Ақсақал «балам тұрған жеріңнен өте бер» дегеніне, жолаушы «бұл жерде өткел жоқ қой» десе, ақсақал алғашқы сөзін қайталап, «сол жерден өте бер» депті. Батыр адам Аллаға сыйынып, атымен суға түсуі мұң екен еш қиындықсыз екінші жағаға шығыпты. Судан өтіп жайланған жолаушы ақсақалға сәлем беріп, судан жеңіл өтуінің себебін  сұрағанда ақсақал, көйлегін көтеріп, арқасын көрсеткенде, қарттың арқасына түскен аттың төрт тұяғының ізін көрген жолаушы, өзін атымен қоса ақсақалдың арқалап өткізгендігін түсініпті. Алланың берген кереметінің арқасында, Диуана бабамыз, баяғыда емдеп, сырқаттан айығуына өзі себепші болған баланы танып, өзеннен арқалап өткізуі мүмкін ғой. Ал, Тауфих (л.а. Төбет) атамыздың сырқатынан айығуына, айдалада өткелсіз судан аман өтуіне себепші болған Диуана бабамызғаырзалығы ретінде сол кісінің де ұрпағы болуды қаласа керек. Міне,осылайша сыйлас жандардың бір-біріне деген құрметі мен сүйіспеншілігінің куәсі іспеттес «Диуана-Төбет» аталып, онымен қоса Темеш бабалары өзінің ұрпағына Диуана бабамызды соншалықты сыйлайтындығының куәсі ретінде:«Диуананың алты жасар баласына, алпыстағы қарттарың барып сәлем беріңдер» деп өсиет етіпті. Бабаларының осы өсиетіне «Диуана-Төбеттен» тараған ұрпақтар қазірге дейін адал. Аллаһқа шүкір, сыйластығымыздың қаймағы қазірге дейін шайқалмай, арамыздан қыл өткен жоқ деп отырады, қазір елінің ардақты ағасына, батагөй ақсақалына айналған сексенді алқымдаған Боласбай (л.а.Балкен) ағамыз.

Міне, осылай сыйластық пен достықтың куәсындай қазақ бауырларымыздың ішінде бұрын-соңды болмаған «Диуана-Төбет» руы пайда болған. Шіркін, шама келсе, айрылмас дос, қимас сыйлас болғанға не жетсін!

Жолынан бұра тарқанда

Әзеннен тараған Төлекке тиген жер «Қазығұрт» аталады. Аққожа бауырымыз Аршатыдан Соналы арқылы қалаға баруға жолға шығыпты. Әзденнен тараған ұрпақтың Қазығұрттағы қорымы жолдан 3-4 шақырымдай бұрыс. Аталарының қорымының қатарына келгенде Аққожаның «мына 3-4 шақырым жерде біздің аталарымыздың қорымы, соғып аталарымызға құран оқып өтейік» дегеніне жүргізуші: «Әлдеқашан сүйектері қурап қалған аталарыңның басынан не іздейміз, ертерек Соналыға жетейік» деп көнбепті. «Бұрылмасаң бұрылма, аталарымыз әруақты кісілер еді, біз Соналыға бүгін түгілі, ертең де жете алмайтын шығармыз» – деп ұйқы қысқандай, ұйқылы ояу көзімді жұмып отыр едім, қанша жүргенімізді аңдамадым. Көп жүрмеген сияқты едік, машина тарс етіп қатты бірдемеге соғылды. Түсе салып қарасақ  «машинаның алды қатты майысқан. Радиатордан су сорғалап, ағып жатыр. Ей, есің дұрыс па? Көзің қайда, жолға қарап жүрмейсің бе. Жолдан әжептәуір жерде жатқан тасқа соғылғаның не? дегеніне жүргізуші: «Рульді бұра алмадым, шамам келмеді. Денем ауырлап, газды баса бердім» – депті. Ал енді бағана айттым, бізді жібермеді. Тілімді алмадың, «сүйектері қурап қалған» – деп тіл тигіздің. Енді көмек іздеп, қай жаққа барасың, өзің біл. Жолға деп алып шыққан ауқатымыз бар еді, біз машинада қалайық дедім. Сол азамат үйіне келген соң арнайы мал сойып шақырып, «Аққожа, кешір әруақтарға тіл тигіздім», құдайы жасап, әруақтарға арнап құран оқытайын деп Құран оқытты» деп еске алады Аққожа.

Хафиздің қамқоры

Диуана бабамыздан тараған Қарақожа атамыздың баласы Хафиздың 1980 жылы бір айғыр үйірлі жылқысы жоғалып, олай-бұлай іздеп, таба алмапты. Түсінде әкесі «Әй, жылқыңды ұзаңқырап іздемейсің бе» дегенінен кейін, шұғыл іздеуге егіннің орағының қызған кезі, бір-екі апта өткеннен соң, ұзаңқырап іздегенмен жылқы табылмапты. Малын таба алмай шаршап-шалдығып үйіне келіп, көзі іліккен екен, Әкесі:«Әй, Хафиз, Құлтайдан әрірек неге іздемейсің» депті.Тұра салып асын ішіп, машина міне салып әкесі сілтеген жеріне келсе, жылқы дін аман, Құмкөлдің құрағын орып тұрған жерінен тауып айдап қайтыпты. Енді бірде сол кісі Хафиз соғыстан келгеннен кейін қайта-қайта түсіне кіріп, «Әй, Хафиз, мен суда жатырмын ғой» деп аян беріпті. Бұл не жағдай деп түсінбей, көзі қарақты діни сауатты молдалардан ақыл сұраса, «құдайы беріп, Аллаһқа жалбарынып қабірін ашып көрелік» деген ақыл қосыпты. Молланың айтқанын орындап, қабірді ашса жерленгеніне 4-5 жыл өтсе де денесі бұзылмай сақталыпты. Жерленген жері ойпаң, қар қалың, күрт еріген жылдары су жайылып, қабырды су басып қалады екен. Мүрдені алып, сол маңайдан биіктеу шилеуіттің ішінен қабірін қайта қазып, жерлепті.

Міне, осыдан кейін әкесі түсіне кіруін қойыпты.

«Өңкей батыр жиылып, Абылай салды жарлықты»

 Таңсық қожа кезінде қазақ-қалмақ соғыстарында қол бастаған айтулы батыр болған. Қазақтың жерін басқыншы жоңғар қалмақтарынан азат етудегі соңғы шешуші соғыстарға қатысқан. Қазыбек би Тауасарұлының «Түп-тұқияннан өзіме дейін» деген кітабында көрсетілгендей қазақ жерін қалмақтардан толық азат етудегі шешуші соғыста бүкіл қазақ әскерін басқаруға, яғни, бас сардарлыққа да ұсынылады. Таңсық қожаның қалмақтарға қарсы соғыстарға қатысқаны жайлы Бұхар жыраудың толғауларында, Қазақстан Республикасы ұлттық академиясының академигі Манаш Қозыбаевтың «Жауды шаптым ту байлап» атты зерттеу кітабында да кездеседі. Бұқар жырау өзінің жиырма тоғызыншы толғауында Қара керей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақұлы Жәнібек, Сергелі қара Тілеуке, Қарақалпақ Құлашбек, текеден шыққан Сатай, шапырашты Наурызбай, Құдаменді Жібекбай, Сеңкібай мен Шойбек, Таңсық қожа, Мәмбет, Қасқараұлы Молдабай, Қаумен, Дәулет, Жепек есімдерін зор құрметпен атай келіп «Өңкей батыр жиылып, Абылай салды жарлықты» деп түйіндейді.

Балта қожаның  кәрәматтары

    Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданындағы Түгіскен елді мекенінің тумалары Ысқақ әжі мен Балта қожаны озса Қарағанды облысы, қалса Жаң-арқа ауданының тұрғындары «әулие» деп танып,құрмет тұтып, ол кісілердің «кәрәматтарын» аңыз қылып, атадан балаға айтып отыру үрдіске айналған. Балта қожа он тоғызыншы ғасырдың соңында дүниеге келіп, жиырмасыншы ғасырдың қырқыншы жылдарына дейін өмір сүрген. Бұл кісінің артық байлығы болмаған, ел аралап көріпкелдік, бақсылықпен айналыспаған. Бірақ ерте кездегі барымта – жылқы ұрлау етек алған заманда, әсіресе, әйгілі жүйрік бәйге аттарын жоғалтқандар келіп көмек сұрағандарға «жылқың пәлен жерде қамауда, әйтпесе жайылып жатыр, бүгін-ертең барсаң алып қайтасың» деген сияқты көріпкелдік қасиеті болған. Өзінің туыстарының бәйге аты қолды болып, иесі көмек сұрай келгенде, мал иесіне «атыңды пәлен жерде киіз үйдің ішінде ел көзінен тасалап бағып отыр» деп қолды болған малдың тұрған орнын тап басып айтып берген.

***

Балтекеңнің үйіне сол елдің іргелі руының ұрпағы, Қарнақта оқу оқып медресе бітірген, маңайы Қалпе атап кеткен Мәжит молла ел аралап жүріп келіп қоныпты. Қонаққа қонақасыға соя қоятын етті малдың реті келмей, Балтекең серке сойып, етін қонақтың алдына тартыпты. Сойған малды өзінің ел арасындағы мансабына сай санамаған Қалпе дәмге саусағының ұшын ғана тигізіп, саусағын ернінің ұшына тигізіп дастарқаннан кейін шегініп отырыпты. Қонақасыға қонақтың ырза болмай, менсінбей отырғанын байқаған Балтекең қонағына қарап «Тақсыр, қаққан қазықтың топырағы қайда барады» – деп, сұрапты. Аз уақыттан соң қонақ «бірәдәр, сұрағыңыздың жауабын өзіңіз айтпас па екенсіз» дегеніне Балтекең «Егер үйге құдайы қонақ келсе, сол үйдің иесісі келген қонағын шын ықылас-ниетпен қарсы алып, бар мәзір, жоқ-жайымен сый-құрмет көрсетпесе қаққан қазықтың топырағы үй иесінің көзіне барады – деп, оң қолының екі сұқ саусағын өз көзіне қарай бағыттайды. «Ал үй иесі келген қонағын шын көңіл, ақ ниетімен қарсы алып, үйінде барлы-жоқты дәм-тұзын салып, қонақтың алдына ақ дастарқанын жайса, қонақ үй иесінің құрметіне ырза болмай, менсінбей, менмендік танытса қонақтың көзіне барады» – деп, екі сұқ саусағын қонақтың көзіне бағыттайды. Осы кезде қонақ шалқасынан құлап, тұра салып үстіндегі шапанын шешіп Балтекеңнің иығына жауып «Қожеке, кешіріңіз менен бір ағаттық өтті» – деп кешірім сұрапты. Ертеңіне ауылдан атқа мініп ұзаған соң қасындағы жолдастары «Қалпе, кеше дастарқан басында есік жақта отырған үй иесі сіздің көзіңізге қарай екі саусағын нұсқағанда шалқаңыздан түсіп, тұра сала шапаныңызды ол кісінің иығына жапқаныңыз не?» – деп сұрапты. Сонда Мәжекең «сендер не білдіңдер, Балтекең екі саусағын қаққан қазықтың топырағы дастарханды менсінбеген, үй иесінің шын пейіл, ақ ниетіне ризашылық білдірмеген қонақтың көзіне барады» деп маған қарай нұсқағанда сойылған серкенің екі мүйізі екі көзіме кіріп кете жаздады. Серкенің мүйізі көзімді шығарып жібере ме» деп қорыққанымнан шалқамнан құлап түстім. Сонда ғана өзімнің ағаттығымды түсініп, айыбым үшін Қожекеңнің иығына шапанымды шешіп жаптым-деп жауап беріпті.

***

Сол Балтекеңнің қызын менің үлкен әкем Ыбырайдың ағасы Смайыл өзінің жиені Шұғайыпқа құда түсіп алып береді. Смайылдың ұлы Әбілда жалғыз болған соң, балама серік болсын деп жиенін бала қылып асырап алған екен. Бірақ Шұғайып Балтекеңнің қызымен көп отаспай айырылысады. Сонда Балтекең Шұғайыпқа «Аллаһ сені қосаққа жарытпасын»-деп теріс бата бергеніне әкем куә болыпты. «Аллаһтың әмірі, сол Балтекеңнің батасын Аллаһ қабыл қылды ғой деймін, Шұғайып пысық, ширақ адам еді, бірақ ақыры жақсы болмады» дейтін әкей. Олай дейтінінің себебі – отбасынан ажырасқаннан кейін Шұғайып Петропавл жағына барып оқу оқып, тәп-тәуір қызметке орналасып жұмыс істейді. Сөйтіп жүріп жұмысты болып сотталып, сол жақта Татьяна дейтін орыс әйеліне үйленеді. Орыс әйелімен ел арасында сіңісіп тұра алмайды. Екеуінен бала да болмайды. Бала қылып асырап алған інісінің баласы да олардың қолында тұрмайды. Содан Қарағанды қаласынан 5-10 шақырым «Узенка» деген жерде орыс әйелімен екеуі ғана тұрып, сол жерде қайтыс болды. Тірісінде де, өлгенінде де ағайын-туыс хабарласып, араласып қатыспады.

***

Балтекең қожа болған соң бірлі-жарым емшілікпен айналысып, ауру-сырқауға Құран аяттарын оқып, дем салып, ем-дом қолданады екен. Ол кезде ел арасында ақша аз ғой, өйткені еңбек ақыға ақша алып жұмыс істейтін жұмыс орындары жоқ. Сондықтан да жылына бір рет жәрмеңкеге шығып мал сатқанда болмаса, елдің қолында ақша бола бермейді. Кедей-кепшік, жоқ-жітіктің арасында сататын малдары болмаған соң, ақшаны қолына ұстап, мөрін танымайтындар көптеп саналған. Осындай жағдайда ел арасында алық-берікте, біреудің көрсеткен қызметіне ірілі-ұсақты малмен есеп айырысу кең етек алған. Балтекеңнің жасаған еміне, шығарған намазына, оқыған құранына елі атаған малдың басына ол кісі ноқта кигізбеген екен. Мал иесі «мынау Сізге атаған малым еді, ырза болыңыз» дегенде, «Аллаһ жарылқасын, босатып қоя беріңіз» деп малды қорадан шығарып, не табыннан ұстап алып келіп, басын бос жіберген. Мал қандай асау болса да Балтекеңнің үзенгісін иіскеп, соңынан еріп кетеді екен.

***

Ел арасында әулие атанып, көпшіліктің құрметіне бөленген қадірлі адамдардың бірі – Бәйбекті ұлы Ысқақ, руы – кіші жүз тама. Халық арасында Ысқақ әжі атанып кеткен.Діни білімі бар, Аллаһтың алдындағы парыздарын бұлжытпай орындаған Әжекең 1948 жылы 92 жасында дүниеден өткен. 20 жасында Ақмола-Қараөткел арқылы қажылық парызын өтеуге сапарға шыққан 12 адамның бірі болып қажылық парызын өтеген.Сондықтан да ел арасында қажы Ысқақ-Әжіге ауысып, ел Әжі атап кеткен болуы керек. Әжекең Балтақожамен құрдас екен. Жолаушылап келе жатып, алдарында бір топ қаздың жайылып жүргенін көріп Әжекең «Балтеке-ау, қарын ашты ғой» десе, Балтекең оң қолының сұқ саусағын езуіне тигізіп, «пу» деп саусағын құстар жаққа нұсқапты. Сонда бір қаз ұшпай орнында қалып, оны Балтекең мен Әжекең ұстап алып, тамақтаныпты.

***

Әжекең осы күнгі түсінікпен қарағанда көп жасаған жан. Сөз басында айтып кеткенімдей 92 жасында о дүниелік болған, өсіріп айтсақ ғасыр жасаған адам. Аллаһтың берген нығметінің арқасында сол жасқа келгенше ақыл-есі дұрыс болған. Өмірдің кейінгі кезеңінде қарттыққа сырқат қосылған соң маңайындағы жақын-жуығы, өкшесін басып жүрген жора-жолдастары (әрине 92-ге келген адамда аға, жеңге, құрдас бола қоймайды, болуы өте сирек құбылыс) «Әжеке, намазыңызды кімге шығартайық, айтып өсиет қылып кетпейсіз бе» деген сұрақтарына «Менің намазымды шығаратын имам-молла іздеп әуре болмай-ақ қойыңдар, намазымды Әбдіхамит шығарады» – дейді. Ғасыр жасаған адамнан «намазыңды кім шығарады» деп сұрау әдетіміз бойынша әбестік емес. Өйткені ол кісі өзінің ұзақ өмірінде жақсыны да, жаманды да көріп, өмірдің қызық-қуанышына да, ренішіне де тойғандай кейіп танытып, Аллаһтан бала-шағасының, туған-туысының алдында, олардың жаманатын көрсетпей, пендеге пенде қылмай, рәсуә қылмай аманатын алғанын тілейді. Екінші бір жағдай –  маңайында өзі катарлы құрбы-құрдасы, туған-туысы қалмағандықтан, қалың елдің, жұрттың ортасында өзін жалғыз сезініп, өзін бұл өмірдің адамы емес, жұртта қалғандай жалғыздық қинайды. Осындай жағдайдан кейін «Сіз өлгенде…» деп сұраған жақын-жуығына ол адам «менен құтыла алмай отырсың ба, Аллаһқа шығарып беріп отырғандарың менмін бе» деп өкпелемейді.

   Әбдіхамит (л.а Хамит) бұл уақытта Сібірде айдауда болатын. Сондықтан жасы келіп, ауру меңзеген қарт адамның сөзіне маңайы түсіністік танытпай «Атамызды қарттық пен сырқат қосылып қалжыратып, есінен айрылып алжиын деген ғой, әйтпесе туу итжеккенде айдауда жүрген Әбдіхамит қайда, бұл кісі қайда» – деп аса мән бермепті.

Бұл жағдайды Хамекең былай есіне алатын. «Түн ортасы кезінде, ұйықтап жатыр едім, түсімде Әжекең «шырағым, елге қайтатын уақытың болды, қайт» деді. Оянып кетіп «бұл не түс?» деп таң атқанша көз ілмей отырдым. Тәңертең сәске түс кезінде «сені начальник шақырып жатыр» деген соң, түрменің бастығына кірсем, «Сіз босадыңыз, жиналыңыз» деп бұйрықты көрсетті. Поезға мініп Қызылжар станциясынан түсіп жатсам «Әжекең әжептеуір науқас, Сізді әкел» деп жіберді деп поезд тосып ол кісінің балалары тұр екен. Үйге соға салып «Әжекең іздеп жатыр» деген соң тездетіп Әжекеңнің ауылына бардым, көп ұзамай ол кісі көз жұмып бақилық болды. Намазын мен шығардым» дейтін.

«Сабын-сабын,  саппен көш, сабын салған қаппен көш»

Жаңаарқа өңірінде кейінгі кезде өмір сүрген бақсылардың бірі – әкеміз Жиенқожа ұлы Сексен. Секең 20-ғасырдың басында дүниеге келіп, 1931 жылға дейін туған жерінде тұрған. Елді жалмаған ашаршылық елге дендеп кіре бастағанда әйелі қаракесек руының қызы екен, екі ұлы мен әйелін алып Қарағанды жағына көшіп кетіпті. Содан кейін ағайын-туыстары ол кісіден көз жазып, хабарсыз қалыпты. Оны уақытында іздеуге шамасы жоқ туыстары «қалың қырғынның құрбаны болды ғой» деп күдер үзіп қойыпты. Секеңнің жасөспірім жігіт кезінде жолаушылап келе жатып қоналқыға жолда кездескен ауылға тоқтаса, ауылдың қойларына топалаң тиіп, қырылып жатыпты. Үй иесі «шырақтарым, малымызға төтен ауру келіп, көп шығын болып тұр, мұның ем-домын білетіндерің бар ма» деп өтініш етеді. «Аллаһ қош көрсе, мен емдеуге амал жасап көрейін» деп Секең емдеуге келісім береді. Үй иесі «нендей дайындық, не шара істейміз, не керектің бәрін орындайық» деп қуанып қалыпты. «Арасынан мал айдап өтетіндей үлкен екі жер-ошақ қазыңыздар, жер-ошақтың қасына бір-бір қап сабын қойыңыздар, жер-ошақтарға лаулатып от жағып, арасынан малды айдап өтіп, арттарыңызға қарамай, бұл отырған жерлеріңізден көшіп кетіңіздер» дейді. Жер-ошақ қаздырып, отты лаулатып жағып, ортасынан малды айдап өткізген уақытта  Секең «сабын-сабын,  саппен көш, сабын салған қаппен көш» деп зікір салып, ауылды  отырған жерінен тегіс көшіріп жіберіпті. Жаңағы шарадан кейін малдың өлім-жітімі сап тыйылыпты» деп отыратын әкем.

Дертке  дауа  көгершін

Өткен ғасырдың 20-жылдарының жазғытұры уақыты. Ол жылдары қазіргідей дәрігер, емхана, ауруға беретін дәрі-дәрмек атымен болмайды. Ауырғандарға ем-дом жасайтындар – бақсылар, тәуіптер, моллалар. Бақсылар жындарын шақырып, зікір ойнап, тәуіптер өздерінің дәрілік шөптерден дайындаған дәрі-дәрмегін беріп, моллалар Аллаһтың кәләмулласы Құран кәрімнен аят оқып, дем салып емдейді екен. Сол жылы көктемде менің әкем сырқаттанып жатып қалады. Күн шуақ, жылы, тымық болған соң есік алдына шығып сүйеніп отыр едім, – деп есіне алады әкем, – қасыма Сексен келіп әңгімелесіп отырды. Әлден уақытта төбемізден бір топ көгершін ұшып өтті. Сексен мен әкемнің жастары қатар еді. «Әй, Ахметжан, сен ана көгершіннің біреуін ұстап, асып сорпасын ішсең, науқасыңа ем болады» деді. Өз басым оның «көгершіннің сорпасы ауруыңа ем болады» дегеніне сеніңкіремей, және көгершінді атып әкелетін мылтық та жоқ, «Ей, сен де айтады екенсің, өзім сырқаттанып төсек тартып жатырмын, көгершіннің сорпасы ем болған күнде де көгершінді маған кім ұстап әкеліп береді» дегеніме, «Сен уайымдама, қазір мен ұстап әкелемін» деп ұшып бара жатқан көгершіндердің соңынан «ло-ло-ло» деп жүгіре жөнеледі. 100-150 м-дей ұзаған кезде ұшып бара жатқан көгершіннің біреуі құлады, Сексен соны ұстап алып келді.  Құдайдың құдіреті, сол көгершіннің сорпасын ішкеннен кейін аурудың беті бері қарап тез айығып кеттім» деуші еді әкем.

***

Әкейдің үлкен апасы Сәлиман апамыз «бір топ кілтімді жоғалтып, қарамаған жерім жоқ, табылмаған соң, енді құлыпты бұзып ашқызамын ба» деп тұрғанда Сексен келе қалды. «Әй, Сексен, жындарыңа айтып кілтімді таптырып бер» дедім, Сексен «ә-ә» деп жан-жағына қарап тұрып «байпағыңызды шешіңіз, байпағыңызды шешіңіз» дегеніне байпақты шешсем, дәретім бұзылады ғой деп байпақты шешкім келмей «ей, не айтып тұрсың, жоғалған кілтке байпақтың не қатысы бар» десем, қайталап «байпағыңызды шешіңіз, байпағыңызды шешіңіз» деген соң «байпағымды шешсем – кілт байпағымның қонышынан шықты» деп отыратын. Жеңгелері «жынды» деп қалжыңдағанда Секең «мен жынды сендерге көрсетейін» деп қолын сермеп қалса, жеңінің ішінен ұзын қара шұбар жылан атып шығып ирелеңдеп жылжи бастайды екен. Сол кезде жаңағы әжуа қылып күліп жүргендер Секеңді айналып-толғанып «мынауыңнан құтқар деп жалынушы едік» дейтін кейіннен Секеңді еске алғанда тірі қалған жеңгелері.

Мұхамедия Бәйменұлы

Жалынды жас шағы құдайсыздар басқарған қоғамның билік жүргізген кезінде өткен, алайда ата-анасының тәрбиесі себеп болып, Аллаһтың бергенінің арқасында терең діни білімімен қоса заманауи, дүниеауи ғылымдарды да жақсы меңгерген әкеміз Мұхаң ұзақ жылдар қазақ халқының мәдени-рухани өсуі мен тұрмыс жағдайының жақсаруы жолына тер төгіп, өз үлесін қоса білді. Мұхаң аудандық құқық қорғау орындарының, қаржы бөлімінің, сауда орындарының басшысы қызметін абыроймен атқарып, халықтың құрметіне бөлене білді. Коммунистік қоғамның басшылары өздерінің соқыр саясаты, Аллаһты жоққа шығарып, айқасуының асқан ақылсыздық екенін ішінара түсініп, халықтың, оның ішінде кейбір, ақымақ есерсоқтарынан басқасына жадынан Алланың атын біржолата өшіре алмайтынын мойындап, Аллаһ жолына бет бұрмаса да, дін иелерін, дін жолындағыларды қудалауынан бейрәсми тыйылды. Міне, осы жылылықты уақтылы түсіне білген Мұқаң, діннен кенжелеп, ажырап қалған замандастарын дін жолына, Аллаһтың ақ жолына шақыруды қолына алып, зор еңбек атқарды. Дінді тоқырап қалған халқының санасына сіңіру жолында жүйесіз үгіттің берерінің аз, діттеген мақсатқа жетуге қауқарсыздығы сезіліп, діни үгіт пәрмәнді болу үшін діндарлар бас қосып уағыз тыңдап, діни сауатын ашуға, бір орталық орын керектігі туындады. Әрине, мұндай орталық ежелден мешіт, Аллаға құлшылық үйі болатын. Елге дінді уағыздай жүріп, мешіт ашу ісіне белсене кірісті. Бұл жолда төккен Мұхаңның тері бос кетпей, Аллаһ тілекті беріп, Жезқазған қаласында, бірінші мешіт ашылып, оның имамдығына Мұхамедия Бәйменұлы лайық деп танылып, халықтың, діндарлардың қолдауымен сайланып, өмірінің соңына дейін атқарды. Мұқаң үлкен отбасының отағасы, тәрбиешісі, жол сілтер маягі. Ұл-қыздарының бәріне дұрыс тәрбие, жүйелі білім беру мақсатындағы еңбегі жанып, Аллаһ тілегін берді. Балалары – Мұхтар, Орха, Әлихан ел алдына шыққан азаматтар.

 Зайрулла Нығметұллаұлы

Аллаһтың берген нығметімен өмірін саналы өткізуге, еліне еңбекке, отбасында тәрбиелі, тәртіпті, білімді ұрпақ өсіруге арнаған әкелеріміздің бірі Зайрұлла Нығметуллаұлы. Еңбек жолын ісмерліктен бастап, Ұлы отан соғысында аты әйгілі әскери барлаушы, жауынгерлік ерліктерінің куәсіндей екінші және үшінші дәрежелі «Даңқ», Қызыл Жұлдыз ордені мен бірнеше медальдардың иегері. Зәкеңнің соғыс жылдары жасаған ерліктері мерзімдік баспасөздерде жарияланса, инженерлік әскердің генерал-майоры П.А. Александровтың «Победа под Ленинградом» атты кітабында егжей-тегжейлі баяндалған. Зәкең Аллаһтың алдындағы борышы, тағат-ғибадатын ыждахатпен орындайтын діндар, қажы. Отбасындағы алты баланы тәрбиелі, білімді, еліне елеулі азамат болып жетілуіне өзінің адал еңбегі мен іскерлігі себепші болған отағасы. Ұрпақтарының барлығы ел құрметіне бөленген, қазіргі таңда әрқайсысы бір-бір ел басқарған, ғылым мен еңбекті ұштастыра білген азаматтар.

Ауданбай қажы АХМЕТЖАНҰЛЫ

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button