Құлболды Ишан

Елге сіңірген ерен еңбегімен халық жадында сақталған хан да, би де, батыр да көп. Алайда, адамгершілік пен парасаттылықтың ақ туын әрқашан да желбіретіп жоғары ұстаған дін өкілдерінің тарихтан алар орны ерекше. Халық батырлары мен билерді айбарлым, ардақтым деп құрметтесе, дін өкілдеріне әулием деп табынып, пір деп сиынған. Шариғат жолын насихаттаушылардың ішінде көп арасынан өткір кездіктей суырылып шығып «әулие», «ишан», «дамулла» атағын иеленген, бойында ерекше қасиеті бар жандарды халқымыз қатты құрметтеген. Осылардың арасындағы көрнекті тұлға – Құлболды Ишан туралы әңгіме де көп. Құлболды Ишан кезінде Құл Қожа Ахмет хазірет сұлтан негізін салған софылық-дәруіштік діни ағымның Тұран өңіріндегі ең соңғы бірегей өкілі саналатын Қажы Мәді Қожаның әдебиеттері де көбінесе жалаңаяқ Әздүр, дуана Қожа құсшы ата лақап есімдерімен белгілі адам (бесінші ұрпағы) осы Қажы Мәді Қожадан Қожа Жаһан одан Қожакілен, Қожакіленнен Сейіт, Сейіттен Сұлтан, Сұлтаннан Құлболды туады. Құлболды сұлтан Қожадан жеті баланың екіншісі. Ол кісі жас кезінен бастап оқуға, дін ілімін меңгеруге деген алғырлығымен ерекшеленген. Жас кезінде қазіргі Тереңөзек ауданындағы Шіркейлі ауылындағы Заман ақынның баласы Хан Қожаның медресесінде Ысмайыл Әздүрден арабша тіл сындырып, сауат ашқан. Бастауыш білім беретін мектепті бітіргеннен соң, Бұқар шаһарында оқып, білімін одан әрі тереңдеткен. Ескі көздердің әңгімесі бойынша Айып қожа, Марал, Қосым, Құлболды Ишандар Бұқарал шаһарында, кейін Ауғанстанда бірге оқыған. Олар бір-бірімен замандас болған. Құлболды оқу бітіріп, келісімін үш жылға жуық Ысмайыл Әздүр мешітінің имамы болады, әрі бала оқытады. Алғыр шәкіртінің шариғат жолына жүйріктігін пайымдаған Ысмайыл Әздүр жасы келгенін айтып, білімді жасқа ақ батасын беріп, мешіт пен медресеге иелік жасауды тапсырады. Содан бастап Құлболды бар саналы ғұмырын шариғат жолын насихаттау мен шәкірттер тәрбиелеу ісіне арнайды. Ел арасында «Ишан» деген құрметті атақ шариғатты жете меңгерген, Құран Кәрімді тегіс жатқа білетін, Расул Алланың жолында адал, мұсылманшылық кәдені ұстанатын дін иелеріне ғана беріледі. Бізге дейін жеткен әңгіме бойынша бірде кіші жүздің Мырқы атты байы бастаған игі жақсылар қауымы «оқудың түбін сынап көрейік» деп уағдаласады. Құлболды көзінің аласы мол, шүңірек көзді, ұзын бойлы, арықша келген қара кісі болған. Оның түр-тұлғасы мен бітім-болмысына кейбіреулердің көңілі толмайды. Әсіресе, байлықтың буына мастанып, үрлеп ішіп, шайқап төгіп, кеудесіне нан пісіп жүрген байлар Құлболдыны елдің «ишан» деп құрметтеп, етегінен сүйіп, елбең қаққанын көре алмайды. Ақыры ишанды сынап көрудің де сәті түседі. Мыңғырған малы бар, түйесінің алды Сырға құлап жатқанда, арты қарақұмнан енді шығып жататын Мырқы байдың аталасының асы өтеді. Сол асқа Құлболды ишан да арнайы шақырылады. Сынақ ұйымдастырушылар Құлболдыға тігілген үйге ханның ұрпағы деп, жасы үлкендеу Олжабай есімді төрені қоса кіргізеді. Төрде отырған Құлболды мен Олжабайларға бір табақ тартылады. Жалаңдап қызмет істеп жүрген жігіттер үй толы адамның көзінше бабымен балбырап піскен жас құлынның басын хан тұқымы Олжабайға тартады. Үйдегілер үндемейді. Табақ тартылып, асқа кірісер алдында Пайғамбар ұрпағынан бата сұралады. Құлболды арабша мақамдап оқып, дұғаны ұзақтау қайырып, «әумин» деп қос қолмен жүзін сипап бола бере, төренің алдындағы құлынның басы салынған табаққа шаңырақтан сала құлаш қара шұбар жылан салп ете қалады. Табаққа түсісімен бойын тіктей ысылдап, жан-жағындағыларға айбат шегеді. Түсі суық жыланды көріп, асып-сасып төре «астапыралла» деп, шошып кетіп, шалқалай құлап, керегеге басын соғып, талып қалады. Үй ішіндегілер бірін-бірі баса-маса сыртқа ұмтылады. Құлболды ештеңе болмағандай көзін жұмып, үнсіз отырып қалады. Біраз уақыттан соң «Я, Раббым, пенделердің пендешілігін кешіре гөр» деп дұға оқиды. Сол мезетте ысқырып, айбат шегіп тұрған жылан жуасығандай құлынның басына оралып, жатып қалады. Осы сәтте Құлболды ишан: 
– Жылан екеш жылан да 18 мың ғаламды жаратқан Алла Тағаланың мақұлығы. Оны өлтірмей, басына ақ құйып шығарыңдар, ана басты жеті қазынаның бірі – итке тастаңдар, мен, намаз оқып келейін, – деп, шапанының етегін жинап, тұрып кетеді. Қызметші жігіттер жыланның басына ақ құяды, жылан жоқ болып кетеді. Сол жолы Мырқы бай бастаған адамдар ишанды сынайық деп, әруаққа шет болғандары үшін Құлболдының шапанының етегіне көздерін сүртіп: «Тақсыр, біздің пендешілігімізді ғафу көріңіз» ,- деп кешірім сұрайды. Ишанды дереу басқа үйге кіргізіп, сый-сияпат көрсетіп, құрметтейді. Тікелерінен тік тұрып, қызмет жасайды. Осы оқиғадан кейін, Мырқы Құлболды ишанды пірім деп мойындап, қол береді. Дін жолын ұстауға ант етеді.

Сондай-ақ, оқыңыз

Ет жемес ешан атаның ұрпақтары

Осындай саясаттың кезінде Ет жемес ешан атаның ұрпақтары да қуғынға ұшырады. Ешан,молдаларды да байлармен бірге …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған