Басқы бет / Тәзкире-и Бұғра хан / Шейх Мұхаммед Аттардың хикаясы

Шейх Мұхаммед Аттардың хикаясы

Бисмиллаһ-ир Рахман-ир рахим!

Бұл тарау құпиялар Иесінің шейхі, Жаратушының таңдаулы пендесі, жаратушының хұзырындағы сырлас, сансыз кереметтердің көрінісі, Хисар шәһарының шейхы һәм замана шейхтерінің шейхі, жер жүзінің кіндігіндегі ғажайып тұрғын – шейх Мұхаммед Аттардың (Алла оны жарылқағай) сансыз ахуал-істерін баяндайды.

Ол – жомарт, ер жігіт, ырысты, қолы ашық еді. Саудамен қатар ауқатпен айналысатын. Әуелгі ісі кірекештік еді. Сауда, ауқаттан ол мәртебелі нәфәрхана[1] жаққа қарай жолы түсті. Ол шаһарда бір қызды көрді. Хұсни жамалы аса кемелді еді. Табиғаты нәзік еді. Хош мінезді еді. Бірақ бәлиғат жасына жетпеген-ді. Шейх кенеттен ол қыздың өзінің жанында тұрғанын байқады. Ол қызға ессіз ғашық болды. Өзі де оған ойланды. «Әй, Аттар, бір жолы бұ жаһанның рәсуасы болған едік. Оған қандай шара табасың, қалай амалын тауып, оның хұзырында қызметте боларсың» деп ойлады. Соңында бұл қыздың бай әкесінің қасында кірекештік қызмет атқарсам, оңтайлы іс болып көрінер деген тоқтамға келіп, соған шешім қабылдады. Осылайша ол қызға ғашық болып, сұлу шашының мейіріне қанық боламын. Халықтың жазғыруынан жырақ боламын. Содан өзі кірекеш болуды жөн санады.

Ол қыздың әкесі Хожа Мәлік еді. Оған барып: «Әй, Хожа, мен бір ғаріппін, ата-анам жоқ. Мендей ғаріп, бейшараны ұлы сарайыңызды сыпыруға қабыл қылсаңыз қайтер екен?», – деп арыз айтты. Хожа Мәлік: «Әй, бала, сен қайдан келдің?» – деді. Шейх: «Мен Хисардың перзентінен боламын», – деді. Хожа Мәлік: «Не себептен келдіңіз?», – деді. Шейх: «Несібем осында түскен екен» деді. Хожа: «Сенің сөзіңді қабыл алдым, бірақ опасыздық жасама», – деді. Шейх: «Мен опасыздықты білмеймін. Бірақ сіздің жақ қалай болар екен?», – деді. Хожа: «Біз жақтан ешқандай кінәрат болмайды» – деді. Сосын: «Егер сен өз сөзіңде берік болсаң, мен де сені перзенттікке қабыл қылам. Менің бір қыздан басқа перзентім жоқ», – деді. Шейх қуанып, шаттанды. Хожа қызметінде жүрді.

Неше күн өткен еді. Шейх [ұлық] Хожа Мәлікке: «Әй, Хожа, мен бос жүргенді қаламаймын. Мені бір іске тағайындасаңыз, ол іс менің көңілсіздігімді жояр еді», – деп арыз қылды. Хожа Мәлік: «Саған ұқсас жүздеген қызметкерім бар. Мен оларға іс таба алмай олар да бос жүр. Олар да сіз сияқты бізді «бір іске бұйырыңыз» дейді. Мен оларға мендей кісінің алдында бос жүрсеңдер айып емес» деп айтқанмын деді. Шейх: «Әй, Хожа, сіз маған қызмет тауып бере алмасаңыз мұнда бола алмаймын», – деді. Хожа амалсыздықтан: «Әй, перзент, менің сіздің қалауларыңызды орындайтындай ісім жоқ» – деді. Шейх: «Менің қолымнан келетін ешбір іс болмағаны ма, сіздердің мұзайларыңызды баға аламын», – деді. Мың рет айтысып-тартысып ең соңында Хожа Мәлік мұзайларын күтуге разы болды.

Хожа Мәліктің үш жүз мұзайы[2] бар еді. Бәрін оған тапсырды. Ол мәртебелі мұзайларды күтіп жүріп сүйіктісінің махаббат дертінен жалындап жүрді. Одан кейін ғашығының халінен хабар тапты. Бір қараса, ол көздерінің ұшымен шейхқа қарап тұр. Қыздың қарағаны бұл мәртебеліні анасынан дүниеге келгеніне жүз мың есе өкіндіріп, кеудесіне от жанып, көңілін паршалап, кәуаб қылды. Кейде тәтті сөздерімен кәуаб болған жүрегіне тұз себетін, кейде қарағайдай бойын жарқ еткізіп көрсетіп қоятын. Сөйтіп бұл әлсіз ғашықтың тәніне жаңадан жан кіргендей болатын. Шейх бұл назды жанның сұлу жүзін, жақсы сөзін, кербез әрекеттерін көргенде оның сүйіспеншілігі әуелгісінен де жүз есе арта түсетін-ді. Тіпті, кейде тағатсызданып, шыдамай айғай салатын.

Бір күні сондай тағатсыз халде айғай салып, дертінен жылады. Сонда мұзайлардың арасынан бір мұзай бөлініп шығып, соның алдына келіп жан тілімен: «Әй, пенде, бұл не деген зар? Бұл зарлаудың себебі не? Неше жылдан бері осы халде жүрсің», – деді. Онда шейх: «Әй, мұзай, менің халімді сен қалай білерсің?» – деді. Мұзай: «Әй, жігіт, неге білмеймін. Мен неше жылдан бері сізбен біргемін ғой», – деді. Шейх: «Әй, тілсіз жануар, егер білсеңіз менің халім осы ғой. Сенің рахымың маған келді. Енді неше жылдан бері менімен жолдас болып келе жатқанда саған айтпасам болмас. Әй, мұзай, сен жануар бола тұра маған бұншама рахымың келіп тұр. Бірақ та Хожа Мәліктің қызының рахымы келмейді. Неше жылдан бері мен оған ғашықпын», – деп шағым айтты. Оған мұзай: «Әй, надан, бұл уақыт ішінде өзіңнің Хожаңа ғашық болсаң еді. Хожа Мәлікке қылған қызметіңді Хожаңның жолында қылсаң еді. Бұл уақытқа дейін мақсатыңа жетер едің. Өйткені, соның арқасында Хожа Мәліктің қызындай жүз мың қыз саған жан жүрегімен ғашық болар еді. Енді бұдан былай Хожаның хақында қызметте болың. Бұл ғашықтықтан қол үзсең, сол мақсатыңа қол жеткізесің», – деді. Музайдың осы кеңесі шейхқа қатты әсер етті. Сол заманнан осы қыздан, Құдайдан басқадан байланысты көңілінен үзді. Бірақ та мұзайларды, бағуын тәрк етпеді.

Сол күні Хақ Тағалаға құлшылыққа кірісті. Бес уақыт намазын оқыды. Ұдайы дәретін алып, бұл істі адал орындады. Ылғи зікіріне де кірісіп орындап жүрді. Қанша жан азабы болса да, бұрын еш нәрсені білмесе де Әзіреті Хақ Тағаланың ілтипаты шейхтың жүрегіне біршама керемет ғылымын берді. Ол намазын өтегенше дәреттің уәжіп шарттарын білді. Солай шейх «Алла» сөзін тапты. Осы есімге жұмыстанды. Бес жылды осы тариқатта өткізді. Ол мәртебеліде өзгеріс пайда болды. Солай шейхтің жүрегіне дәруіштік қасиет пайда болды. Әулиелік нұрының мүбәрак белгілері көрінді.

Рамазан айының түндерінің бірінде Хожа Мәлік туып қосылған мұзайдың саны қаншаға жетті екен деп ойлап, санауға барған еді. Түн жартысында қолына аса алып жүріп, мұзайларын есептей келе, соңында шейхтің үстінен шықты. Көрсе, шейх ұйықтап жатыр. Ол ұлықтың жүрегінен «Алла Рәббім» деген әуез келді. Хожа Мәлік біршама уақыт ол ұлықтың қасында тұрды. Сонда Хожа Мәліктің жүрегіне бір от түсті. Жылап үйге қайтты. Келіп мойнына қара бұршақ салып, Құдай Тағалаға зарлай жылап: «Әй, Алла, білмеппін. Қателік менен болды. Сенің бұл әулие пендеңді білместен қызметке салыппын. Өз мейіріңе бөлеп, кешіре көр мені», – деп жалбарынды. Сол заман Хожа Мәліктің құлағына бір әуез естілді: «Әй, Хожа Мәлік, өзіңнің қызметкеріңнен сұра, ол кешірсе, менде кешіремін», – деді.

Бұл әуезді естіп, таң атқанша жылаумен болды. Намаздан кейін шейхтің алдына барып, аяқтарына жығылып кешірім тіледі:

«Әй, Құдайдың құлы, кешіре көр. Бұл уақытқа шейін сіздің халіңіз маған мәлім емес-ті. Білместіктен, надандықтан бұндай әдепсіздік менен болыпты. Неше жыл сізді қызметке бұйырдым. Бүгіннен бастап сонша күндер мен сіздің қызметіңізде болсам», – деді. Онда шейх: «Әй, Хожа, сізге қандай қызметім бар. Менің сізге жасаған қызметім – өзімнің Хожасына лайық қызметім деп білемін. Сіз бізді өзіне қызмет жасатуға жаратылған жансыз», – деді. Хожа Мәлік: «Әй, мәртебелі, менің әңгімем өзіңіз де біліп тұрғандай, бұ дүниеде бір әлжуаз қызымнан басқа еш перзентім жоқ. Бірақ бұл әлжуаз жанды сіздің қызметіңізге беріп, дәреттеріңізге су беріп жүруіне қалаймын. Бұл сөзімді Құдай Тағаланың ризалығы үшін қабыл алсаңыз, – деді. Әзіреті шейх үнсіз қалып, біршама тоқтап тұрған-ды. Сол сәтте құлағына әуез келді: «Әй, Аттар, мұзайдың кеңесін қаперіңе ал. Не болды. Неше жыл сен оған мұқтаж едің. Сен оған абыржып, әрбір сөзіне кірпік ілмей-ақ бір қарауына құмар едің. Ол да саған мүмкін болмайтын еді. Енді тұтастай болмысы саған мүмкін болып тұрса, сен де оған наз қыламысың?» – деген әуез келді.

Шейх бұл әуезді естіп, Хожа Мәліктің қызының некесін қабыл қылды. Хожа Мәлік тез арада қызының некесін қиып, ол шейхқа берді. Шейх сол түні қызға беріле алмай таң атқанша отырып, Құдай Тағалаға зар-нала қылып мінәжат қылды: «Әй, Алла, неше жылғы құлшылығым бүгінгі түнде зая болып, менің хал-ахуалым не болар екен? Өйткені, мен өз нәпсімнің мұратына іс жасадым. Көңілімдегі мақсатыма жеттім», – деп налыды. Тағы да: «Әй, шейх Мұхаммед Аттар, менің құлшылығым зая болды деген қате емес пе? Өйткені, Құдай Тағаланың бұйрығын қабыл алмақтық – Әзіреті Пайғамбардың (с.ғ.с.) сүннеттерін орындамақ. Сол үшін неге дәуріштердің ісі зая болсын. Ол туралы Әзіреті пайғамбар (с.ғ.с.): «Фә-иннакум мән тәбакум минән-нисағи сәни уа сәләсу уа рубағу[3]» депті. Пайғамбардың бұл хабары тұрғанда сонда пендешілігің неге зая болсын. Әй, Аттар, сенің иманың Құдай Тағаланың дәргаһында мәлім ғой. Демек, сен айтқандай емес. Жалғыздықтың бір жақсылығы бар. Ал Құдайшылықта бірнеше жақсылық бар. Отбасылық Хожайын болуда да бірнеше жақсылықтар бар. Егер пақырлық Құдайшылықтан артық болса, Құдайдың достары бұл дүниеден бойдақ болып өтер еді. Есіңді жиғын, пайғамбарлардың кейбірі екі жүз кейбірі үш жүз әйел некелеп алған-ды. Ол пайғамбарлардың істері неге ұқсайтынын ойланған жөн. Бойдақтық, яки кісінің жалғыз болғаны бұл әлемнен байланысын, көңілін үзіп, оған көңіл бермейді деген ұғымды береді», – деді.

Әзіреті шейх бұл әуезді естіп қуанды. Одан кейін бұл қызға берілді. Үш күннен кейін шейхтың көңіліне бір сыртқа шығу әуесі пайда болды. Жалаңаяқ далаға шықты. Көрсе, бір тікеннің басында неше бұлбұл отырыпты. Бір-бірімен айтысады. «Шейх Мұхаммед Аттардың арқасында тауқымет тартып, қырық кісі әулие шықты. Әр қайсысы өз уақытында құтыб[4] болды. Жануарлардың бұл әңгімесінен шейхқа біраз жаңалық болып өз-өзіне айтты: «Әй, шейх, білдің ғой бұл қасиеттер үйленгеннен туындаған болар. Бұл жеті жыл ішінде он екі перзент дүниеге келді».

[Бір күні] бір оқиғаны көрдім деді Әзіреті Ибраһим Халилулла (ғ.с.) әзір болып: «Әй, шейх, Мұхаммед [Таһир] бүгін тірлігің қиын… Атаңның тірісінде менің қасыма кел. Тыңла, атаң өлгеннен кейін артында бала бар. Қаныңның ахуалынан хабардар болып, оларға бір назар салғаның ләзім», – деді. Шейх бұл оқиғаны қатыны мен атасына айтып, олардан рұқсат сұрады. Екеулері жан-жүрегімен «қабыл қылдым деді», – деп рұқсат берді.

Бұл мәртебелі үлкен ұлын өздерімен жолдас қылып, сапардың жабдығын әзірлеп, Меккенің жолына шықты. Екі ай жол жүріп еді. Қажылар алдарынан шықты. Олар: «Әй, мұсылмандар, байқаң, жолдың қатері бар?», – деді. Бұл мәртебелі: «Қандай қатер бар?» деп сұрады. Қажылар: «Жолда бір айдаһар бар. Оның жалынды оғынан халық қорқып өтпейді. Халықты жоқ қылып жібереді. Сақ болың, сіздерді де жойып жібермесін», – деді. Шейх «Аллаға тәуекел» деп жолға шықты. Отыз бес күн жол жүріп, айдаһар бар жерге жетті. Айдаһар алыстан бұларды көріп басын көтеріп, шабуыл жасамақ болды. Мұсылмандар айқай салды. Сонда шейх: «Әй, жараңдар, қам жемеңдер, Құдай барлық істерде пенделерін бұл залымға зұлым қылдырмас» деп бастарын «мұрақабеге»[5] қойды. Бір шама өткенде бастарын «мүрақабеден» көтеріп көрсе, айдаһар тынышталыпты. Шейх қамшысын айдаһар жаққа қарай тастады. Әзіреті Хақ Тағаланың бұйрығымен қамшы ол айдаһардан жүз есе үлкен айдаһарға айналып, ол айдаһарды жоқ қылып жіберді. Қамшы ілгерідегі кейпіне келді. Шейхтің алғашқы кереметі осы еді.

Әл-қисса, мұсылмандар бұл үрейден құтылып неше күн жол жүріп Меккеге жетті. Меккеде Қағбадан басқа нәрселер де бар еді. Бәрі де шейхқа сәлем бергісі келді. Бірақ шейх бұлардың ешқайсысына көңіл бөлмеді. Сонда біреу: «Әй, шейх, не болды жансыз нәрселер «хал» тілімен сізге сәлем қылды. Бірақ сіз оған ілтипат көрсетпедіңіз?» – деді. Онда шейх: «Оның үшін ілтипат қылмадым. Менің мақсатым бөлек еді. Мақсатым бөлек болғасын, не үшін ілтипат қылайын», – деп тауапқа кірісті. Тауаптан кейін бір шеңберде отырды. Біз мезгіл өткенде өздерінен ғайып болды. Қараса, Меккенің шейхы [алдына] қолына дастарқан ұстап келіп: «Әй, шейх Мұхаммед Аттар, бұл дастарқанды алың», – деді. Әзіреті Ибраһим Халилулланың дастарқаны екен. Бұл дастарқанды шейх алды. Ондан кейін рұқсат берді. «Мұнан кейін елу жыл өмір көресің. Бұл өміріңнің ішінде Әзіреті Хақ Тағаланың пенделеріне жомарттық ішін ашып, нан берің», – деді. Шейх өз халіне келіп, Меккеден сыртқа шығып көрді. Шейхтің үлкен ұлы Хожа Әбілқасым Қағба үйіне көңіл бөліп тұр екен. Әзіреті шейх ұлына назар салды. Сол заман Хожа Әбілқасымның назардан тыс жасырын істері мәлім болды. Сол күні Әзіреті шейх Меккеден кетіп, жолға шықты. Жолда жүру кезінде күнде керуеншілерге екі уақыт тағам жеткізіп тұрды. Бірақ асханаларынан титтей де тағам азаймайтын. Сөйтіп, Бағдатқа жетті. Бағдадтың ұлықтары: «Әй, шейх, біздің шаһарымызда бірнеше күн тұрсаңыздар екен. Қызметтеріңізді ғанибет біліп, сұхбаттарыңызбен дүниенің махаббатын, ақыреттің бақытын білсек деп едік», – деді.

Олардың сұранысы арта түскеннен кейін төрт ай Бағдатта тұрды. Сонда төрт жүз кісінің сұрауларын қабыл алды. Әзіреті шейх мұнан артық мүрид алмады. Алайда, Әзіреті шейхтың қызметіне нәпсісін рухтандыруға ынталы халықта шек болмады. Сол үшін шейхтің кісілері өте көп болды. Шейхпен сұхбаттас болып нәпсілерін хош иіс бойлаған халықтың бәрі елтіп, көңілдері босады. Сол себептен бұл мәртебеліні: «Аттар» деп атады.

Қысқасы төрт айдан кейін мына хадисте: «Хуббу-л уатан мин-әл иман» – «Отанды сүю иманнан туады» дегендей, Отандарына қайтпақ арманында болды. Әмбе Бағдатта тәрбиелеген шәкірттері арасынан шейх Мәз-ед-дин атты бір дәруіш бар еді. Орынбасарлыққа қабілеті жететіндей еңбек еткен-ді. Оны өз орнына қойды. Бағдаттағы мүридтерге халифа қылып, әзіретке нұсқау беріп, өз жұртына оралды. Құдай Тағаланың ілтипатымен ешқандай зарар-зиян көрместен Отанына келді. Бір ай әкесінің жұртына барып Хисарда тұрды.

Одан кейін Фәрхарға Хожа Мәліктің қызметіне барды. Хожа Мәлік Әзіреті мәртебелінің жүзін көріп, Аллаға көп шүкір етіп: «Енді өлсем көзім жұмылар», – деп айтты.

Үш айдан кейін Хожа Мәлік дүниеден өтті. Әзіреті шейх түгел жамағатпен бірге жаназасында әзір болып, намазын өтеп, жаназасын шығарып барып жерледі. Әзіреті шейх Хожа Мәліктің қабірінің түбінде отырған еді. Мүкір-нәкір періштелер келіп сауал қылуға кірісті. Көрсе, шейх қабірдің төбесінде отыр екен. Періштелер: «Әй, шейх, сіздің бұл жерде отырғаныңыздың қандай жөні бар екен?» деп сауал қылды. Шейх: «Жарандар, Құдайдың әмірімен сіздерді [Құдай Тағала] бұл істі орындауға жөн санап халық қылып қойды. Құдайдың пәрменін ұстаң. Мен бұл жерде болсам да, менің бұл іске жөн-жарым жоқ», – деді. Періштелер сұрақ қоюларына кірісе бастады. Сол сәтте: «Әй, періштелер, Аттардай кісі төбесінде отырып, ол кісіге жанашырлық қылса, ол не үшін тыныш болмасын? Тарасыңдар. Одан сауал қылмаңдар. Оның кінәсін өтеп, ол пейіштік болмаса да пейішке лайық қылдым» деген әуез келді. Бұл әуезді естіген заманда періштелер тарасты.

Одан кейін Әзіреті шейх көңілі орнына түсіп, қабір басынан үйіне қайтты. Арманына жеткен әзиз әулие, қасиетті шейх жетпіс бес жыл өмір сүрді. Бұл өмірінің ішінде бес жылдан артық тауқымет көрмеді. Бірақ тауқымет тартқан кісілерден артық мақсаттарына қол жеткізе білді.

– Әй, дәруіш, мынаны білгенің жөн болар. Құдай Тағаланың дәргаһына баратұғын жол көп. Әрқайсысы жолға кірсе мақсатына жетеді. Ол жайында Пайғамбар (с.ғ.с.) айтқандай: «Әр кісі бір жолға кірсе, мұрат үйіне жетеді». Әр кісінің хожасы жақсы болса тауқымет тартпас. Тауқымет тартып, Құдай қабылдамаса мақсатына жетпейді. Аз ғана іс қылып, Құдай Тағала қабылдаса, ол кісі мұратына жетеді.

Әл-қисса, бір әзиз бар еді. Бұл әлемде тауқыметтің барын толасымен тартқан-ды. Бірақ ол кісі өлгеннен кейін Әзіреті Хақ Тағала ол тілсіз әзизден: «Маған не алып келдің?», – деп сұрады. Ол: «Әй Алла! Ол әлемде тартқан азап пен тауқыметімді саған сый ретінде алып келдім», – деді. Сонда: «Сенің бұл сый-сыяпатың менің дәргаһыма мақұл болмас», – деген әуез келді. Әрі: «Не алып келдің?» – деп тағы сұрады. Ол Әзиз: «Әй Рахымды, Мейірімді, өмір бойы не істегенімді сенің дәргаһыңа арыз қылдым», – деді. Тағы да: «Мақұл болмаған істеріңнің орнына не қалайсың?» деп әуез келді. Ол әзиз: «Әй, Жаратылыстың патшасы, менің баратұғын жерім тозақ тұрағы болмағаны керек», – деді. Сол кезде тағы да [Алла тағала]: «Әй, менің пендем, сенің жайың – пейіш дүр. Қазір сол жолға бара жатырсың. Сен бірде менің пенделеріме қайыр іс жасадың. Жол өресінде бір тікен өсіп тұр еді. Сен асаңның ұшымен іліп, жол сыртына тастадың. Менің пенделерімнің бұтына кірмеді. Ондай қайырлы іс құлшылықтың нышанасы. Бұл ісің барлық жасаған амалдарыңа қарағанда менің дәргаһыма мақұл болды. Сол себептен, сенің күнәңді өтеп, сені пейішке лайық қылдым», – деді.

Бұл сөзге қарап, әрбір осындай істің аз болмасына қарамастан, Әзіреті Хақ Тағала дәргаһына мақұл болмайтын толық істермен пара-пар болар. Әзіреті шейх әзиз тауқыметті аз тартқан себебі, ол Құдайдың пенделеріне жомарттық нанын кем қылмай жүретін, содан жомарттық оның бойына дарып, әдетке айналған-ды. Ол күнде кедейлерге жиырма мың динар алтынмен садақа беретін. Күнде ол шейхтің ханақасында екі мың кісіні тамақтандыратын. Бұлардан басқа көрген тауқыметі жоқ-ты. Тауқыметінің аздығымен ол он екі перзенттен бөлек төрт жүз кісіні тәрбиелеп кемелге жеткізген. Өзі Әзіреті Ибраһим пайғамбардың рухынан тәрбие көрген-ді. Жүрегі Әзіреті Ибраһим жүрегіне ұқсайтын. Бұл себептен Әзіреті мәртебелі жомарттықта мәшһүр болды.

Бір күні отырған-ды. Аспан мен жердің періштелері табақтарда нұр толтырып алып келіп, шейхтің үйлерінің ауласында әзір болды. Әзіреті шейх мұны көріп өзіне: «Әй, Аттар, ажалың келген екен. Мұнша періште жиналып келіпті», – деді. Сол кезде: «Әй, Аттар, сені жағалағандық емес. Бәлкім Алланың әулиесінің мәртебесі үшін саған құтыбтық киімін кигізу үшін ілгеріде уәде болғандай, періштелер құттықтау үшін ол нұрды алып келіп тұр», – деп әуез келді. Бұл хош хабар шейхтің құлақтарына жетіп, қуанды. Әрі өзіне келіп: «Әй, Аттар, бұл қуаныш күйің жай емес. Бәлкім нала-зарың болған-ды. Мұнша ауыр жүкті сенің мойныңа қойса, сенің төзімің бар ма? Оны көтере аласың ба?» дегенді айтты. Құдай Тағалаға мінәжат қылып: «Әй, Алла, мендей әлсіздің басына бұндай жүкті көтересің дедің бе?» сонда тағы да [мына сөзді] «Әй, Мұхаммед Аттар, еңсең биік болсын. Құдай Тағаланың дәргаһына сыйынсаң бәрі оңай өтер». Сол уақытта: «Шейхтердің шейхының төресінің киімін алып келді», – деген әуез келді. Сонда шейх қабыл алмады. Қаншама күштеп тұрса да разы болмады. Соңында: «Шейх Мұхаммед Аттар, мұндай іс мыңнан бір кісіге мүмкін болмас. Бұл бақты не үшін қабыл қылмайсыз?» – деді. Әзіреті шейх: «Оның үшін қабыл қылмаспын. Ол міндет мен сияқты күнәһар ғасыға лайық болмас. Ол соншама үлкен дәулет қой», – деді.

Ақырында шейх басшылық киімін алып киді. Бұл мәртебелі хақында фатиха оқып, қайыр болсын айтылды. Бұл ұлық шейх құтыб болған кездері бес жүз кісіні мүридтікке алып, тәрбиелеп кемелге жеткізді.

Шейх басшылығынан бір жыл өткеннен кейін, бір күні бесін уақытында намаз өтеп тұрғанда бірнеше ақсақал кісі шейхтің алдына келді. Қол қусырып тұрыпты. Кейбірі сыртта күтіп тұрған. Әзіреті шейх бұл оқиғаны көріп, намазын тездете оқуға тырысты. Намаздан кейін: «Әй, жарандар, сіздер қауышудың хабарын алып келдіңдер ме?» – деді. Періштелер: «Иә, Сіздің достыңыз хабар берді», – деді. Шейх қуанып: «Құдайға шүкір, менің іңкәрлігім шегінен асып еді. Әйтсе де бір сәт аялдауға рұқсат берді», – деді. Періштелер: «Әр нәрсе сіздің дегеніңіздей болсын», – деді. Шейх перзенті Әбілқасымды шақырып: «Әй, перзент, дәруіштерді шақырың», – деді. Хожа Әбілқасым сыртқа шығып, дәруіштерге хабар берді. Дәруіштер дереу жиналып кіріп көрсе, шейх көңілді отырған-ды. Дәруіштер: «Әй, мәртебелі, сіз қуанышты хабар алдыңыз ба?», – деді. Шейх: «Иә, айтты», – деп жауап берді. Дәруіштер: «Әй, мәртебелі, сонда не болды?» – деп сұрады. Ол мәртебелі: «Әуелгі-соңғы машайықтардың рухтары барлығы сап-сап қатарласа тұрып, аспан мен жердің періштелері қанаттарын жайып, менің сыр-сарайымның жауыздығын алыпты. Жағалай маған екі құлақтарыңды тұтыңдар», – деді.

Дәруіштер бұл сөзін естіп, бәрі де зар жылай бастады. Дәруіштер: «Әй, мәртебелі, сіз не десеңіз де біз оны жан-жүрегімізбен қабыл қылып, мойнымызға тұмар қылып асалық-дүр» – деді. Шейх: «Әй, дәруіштер, менің бірінші өсиетім, осы – біздің қылған істерімізді сүннет орнында біліңдер. Оны орындауды міндет деп біліңдер. Хабар егесі айтыпты ғой: «Қауымның шейхы – үмбеттің пайғамбарына ұқсайды» деп-дүр.

Тағы бір өсиетім – Әбілқасымды өзімнің орныма халифа қылыңдар. Менің рухым қашанда әзірлікте куә болып тұрады. Намазды жамағатпен бірге өтеңдер. Өмірлеріңді ғибадатпен өткізіңдер. Қиын жағдайда мені әзір тұр деп білсеңіз, сіздердің істерің оңға басып, оңай болар. Ахыретін Құдайға қойың», – деп «Лә илләһа илла Аллаһны» ауызға алып, зікірге кірісті. Жүз жиырма рет айтты. Құдай Тағаланың пәрменімен рухын алушы жетіп келіп, сырттарынан рұқсат тіледі. Шейх хош көріп, кіруге рұқсат берді. Ол періште шейхтің рұқсатымен бірге кірді. Шейх жүгіріп келіп: «Ассаламұғалейкүм! Әй, арнаулы пенде, қашанға дейін мені күткізесіз. Бері келің, менің бұдан артық күтуге/тағатым жоқ», – деп жанын Хаққа тапсырды.

Жан-жаққа хабар жіберді. Көзді жұмып ашқанша дәруіштер жиналып келді. Бұл мәртебелінің өсиеті бойынша намаздарын орындады. Фәрхар тауының қамалында жерледі. Ол қамалды «Құндақ» дейтін. Ол Құндақ қамалы Фәрхардан түстік жер жырақта тұр. Сол үшін бұл ұлықтың намазын оқығаннан кейін жаназасын ұрлап ұшты. Барлық дәруіштер мұқият қарап отырды. Сосын мәртебелі әзіретінің жаназасы ол қамалға жетіп тыныш тапты. Сол жерде жерленді.

Бұл әлемнен сапар шеккен соң бір кісі түс көрді: «Әй, мәртебелі, гүлденген жерде тұрып, мұндай шөл аралдың қамалында жатуды не үшін таңдадыңыз?» – деп сұрады. Шейх: «Әй дәруіш, бұл үйді таңдауымның себебі: әзіреті Сүлеймен (ғ.с.) бұл қамалда үш күн отырып, Құдай Тағалаға құлшылық, ғибадат қылып еді. Сол жер де олардың мүбәрак қадамдарының берекетімен құтты болғандықтан осы мекенде жатсам, қасиетті жандардың құт-берекесі маған да бұйырар дедім. Күнәларымды өтер ме екен деп жаттым», – деді.

Бұл тарихқа 625 (1228), рәбий-ул-әуәлдің он екісі, дүйсенбі күні еді. Сүннетін орындап, бұл әлемнен бақи әлемге сапар қылды – Фәрхарға, Бадахшанға жақын маңда жерленді депті. Дұрысын Алла біледі.

Мәтіндерді көне түркі тілінен аударған
филология ғылымдарының кандидаты Серікбай Қосан

____________________

[1] Нәфәрхана /а.п./ – қалалық жер, көпшілік орын.

[2] Мұзай /т/ – қолға үйретілген жабайы елік тәрізді жануар.

[3] Мағынасы: «Кім де кім сіз бақытты ете алсаңыз, екі, үш яки төрт әйелге үйленіңіз».

[4] Құтұб/а/ – білімдар, оқымысты, қайраткер.

[5] Мұрақабе /а/ – Құдайға бас ұру, Аллаға мойынсұнып құлшылық ету, үміттену.

Сондай-ақ, оқыңыз

Шейх ғұлама құтыбаз шежіресі

Бисмиллаһ-ир рахман-ир рахим! Жетінші бөлімде ғұлама зікірпаз шейхтің тәзкире естеліктері, барлық хал-ахуалы, зікірлері баяндалады. Бұндағы …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған