Он екі имам

ИМАМ ХАСАН ТУРАЛЫ ӘҢГІМЕЛЕР

Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардан кейін төрт Халифа таққа отырды. Оның төртіншісі Хазірет Әли болды.

Хазірет Әли 661 жылы қайтыс болған соң, таққа үлкен баласы Имам Хасан отырады. Хазірет Әли имамдықтың негізін қалағандықтан, бірінші имам болып есептеледі. Ал енді орнына таққа отырған Имам Хасан екінші имам болады. Хазірет Әлидің Ирактағы үйіне жақындар, яғни туыстары Имам Хасанды Сирияға қарсы соғыс ашуға итермелейді, алайда ол Муави Халифамен келісім жүргізуге асығады. Жоғары мемлекетті басқарудан бас тартқаны үшін Имам Хасан Муавидан мына­ларды – өзіне 5 миллион, інісі Имам Хусейнге екі миллион дирхам беруді және Иранның бір аймағынан түсетін тұрақты кірісті төлеп тұруды талап етті. Осыдан кейін Пайғамбардың (с.ғ.с.) немересі Иракты тастауға мәжбүр болады. Мәдинаға барып, көптің бірі ретінде орын теуіп, Муавиге ешқандай саяси қатер төндірмейтін жағдайға жетті. Имам Хасан 669 жылы 54 жасында Мәдинаға қайтыс болған3. Кейбір шийіттер өлтірілгенін Муавиден көріп, Имам Хасанды «ұлы азаптанушы» деп санады. Сонымен, имам Хасан бар-жоғы алты ай ғана ел билеуші болып оты­рып, өз еркімен биліктен бас тартқан. Оның себебі, мемлекетті ұстауға, әскердің бар қажетін өтеуге байлық жинамаған Хазірет Әли ұрпақтарының қаражаты жет­пей, аса қиындық көрді деген дерек бар. Кейбіреулер ол Муави өлген соң орнына келемін деген оймен кетті деседі.

Имам Хасан жөнінде тағы мынадай аңыз бар. Нағашы атасы (с.ғ.с.) немерелерін жас кезінде Имам Хасанды аузынан, ал Имам Хусейнді тамағынан сүйіпті. Ар­тынша аспаннан: «Имам Хусейнді аузынан емес, тамағынан сүйдің, басын қылыш кеседі, ал Имам Хасанды аузынан сүйдің, уланып өледі» деген дауыс естіледі.

Кейін Хазірет Әли жау қолынан қаза тапқан соң, бауырларын қанға бөктірген батырға залым қыз у қосылған су беріпті. Имам Хасанның ажалы осылай бо­лып, жаны жай тауыпты деген деректер бар. Енді Имам Хасаннан кейінгі Хазірет Әли әулетінен Имам Хусейн билікке келуге әрекет етіп, 680 жылы таққа отыра­ды. Пайғамбардан (с.ғ.с.) кейінгі бұл тартыстың бәрі де «егіз балалардың арала­рын қылышпен ажыратқаннан болды» дейді аңыз. Қантөгіс көп болған. Хазірет Әлиден бастап, бұл ұрпақтарға «Имам» деген сөз қосарланатын болды, сол себеп­тен екінші имам Хасан ибн Әли болып аталатын еді.

1 Кей деректерде жөйіт, Рум және т.б. деп айтылады

2 Қыздың аты Ханифа екен

3 Кейбір аңыздарға қарағанда оған у беріліп, қастандық жасалған

ИМАМ ХУСЕЙН ТУРАЛЫ ӘҢГІМЕЛЕР

Хусейн Хазірет Әли мен Бибі Фатимадан туған Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың екінші немересі, шийіттердің үшінші имамы болған, бұл кісіден «Сәйід» әулеттері тарайды.

Бұл әулеттер мұсылман елдерінің бәрінде де бар. Оған дәлел қазірдің өзінде көптеген мұсылман елдерінде ел билеуші болып отырған осы ұрпақтар. Оның үстіне 12 имам да осы ұрпақтан шыққан.

669 жылы имам Хасан өлген соң, Хазірет Әли ұрпағының басшысы көпке дейін мардымды саяси іс атқара алмады. 680 жылы Муави Халиф өлген соң Иракта омеяттарға қарсы топтардың белсенділігі күшейе түсті. Өздерінің үшінші имамы деп білген куфалық шийіттер имам Хусейнді өздеріне шақырып, Халиф Язидке қарсыларды көтеріліске бастаса, оны біршама қолдайтындығын білдірді.

Куфалықтарға жауап ретінде Имам Хусейн екі ағайынды інісі Мүсілім ибн Акилияны алдын ала Куфаға хабарға жіберіп, өзі шағын топпен Меккеге аттан­ды. Куфаның мыңдаған тұрғындары Мүсілімнен имам Хусейнге адалдығы туралы ант беруін талап етеді. Алайда, куфалықтардың бастаған жорығы ә дегеннен-ақ сәтсіздікке ұшырап, басып жаншылды. Мүсілім қолға түсіп, дарға асылды.

Осы қайғылы хабарды имам Хусейн жолда естісе де, кейін қайтудан бас тарт­ты. Куфаның әкімі Хиджаз бен Ирактың арасындағы барлық жолға күзет қойды. Имам Хусейннің 70 жолдасымен келе жатқанын, Куфаға жақын Кербала деген су­сыз жерге тынығуға тоқтаған хабарын естіген Халиф 4 мың жауынгерін сол маңға қарай жіберді. 680 жылы 10 қазанда имам Хусейн жолдастарымен жауына қарсы шықты. Алғаш Халифтың сарбаздары Пайғамбардың (с.ғ.с.) немересінің қанын төгуге батылдары жетпей, бөгеледі. Бірақ аздан соң жау қайта лап қойып, имам Хусейн мен оның жақтастарын қырып салды. Күші басым жауларымен ерлер­ше шайқасқан имам Хусейн бірнеше ауыр жарақат алып мерт болды. Оның басы кесіліп, Дамаскідегі Халиф Язидке жіберілді.

Имам Хусейн «ұлы шайқастың құрбаны» деп атанып, Кербала Сәйідтердің та­бынатын басты қасиетті орнына айналды. Ал, ол өлген күнді барлық шийіттер қара тұтып, еске алады. Оны «Ашура күні» дейді. «Ашура» арабша «шийіт», хижраның 61-жылғы 10-мухаррамында1 өлтірілген шийіт имамы имам әл-Хусейн ибн Әлиді еске түсіретін күн.

Мухаррам айының алғашқы он күні бойы имам әл-Хусейннің қаза болу тарихын бейнелейтін ғұрыптар жасалып, ол туралы аңыздар салтанатты түрде оқылады, қайғылы жоқтаулар мен ұрандар ілінеді. Мухаррамның 10 күні салтанатты шеру өткізіледі. Имам әл-Хусейнді жоқтаушы шеруге қатысушылардың кейбіреулері денелерінен қан ағызып, өз қайғысын көрсетеді және имам әл-Хусейннің сарбазда­ры үмейад әскерлеріне қарсы жүргізген қанды соғысты еске салады. Шеруде келе жатқандар имам әл-Хусейн мен оның ағасы имам әл-Хасанды дауыстап жоқтайды. Осы дауыстауды шартты жалғастырып, мұсылмандардың әдеттегі қолдануында (көбіне еуропалықтар арасында) Ашураның тағы бір түрі шахси-вахсейге айналып кетеді. Қаралы салтанаттың орталығы Кербала қаласы болып саналады. Мұнда аңыздарға сәйкес, имам әл-Хусейннің сүйегі жерленген.

«Ашура» кезінде табынушы шийіттер мұсылман әлемінің барлық түкпір-түкпірінен осылай қарай ағылады. «Ашура» оқиғаларын еске түсіру жөніндегі ресми салтанат алғаш рет Иракта Буид кезінде – 963 жылы ұйымдастырылды.

Енді бір аңызға құлақ асайық, онда былай деп айтылған. Жоғарыда айтып өткендей, нағашы атасы Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар немерелерінің «бірінің ау­зынан, екіншісінің тамағынан сүйген екен» дедік, міне соған байланысты басқа әңгіме желісі тарайды.

Кербаланың шөлінде имам Хусейн шөлдеп барып қолға түсіпті. Тілін шайнап сөйлейтін сандалған біреу келіп:

– Менің атым – Шымыр, иманыңды үйір, – депті. Сонда имам Хусейн:

– Кәне, төсіңді көрсетші, – дегенінде, Шымыр омырауын ашады. Оның төсінде иттің емшегіндей салбыраған емшек бар екен.

– Ал, Шымыр, ажалым туралап келіпті, шап енді, – дегенінде Шымыр тамағынан шапқанда, қылыш кеспейді. Сонда имам Хусейн:

– Ой, кәпір, желкемнен шап! Тамағымнан бабам сүйген, – деген екен. Желкесінен айналдырып кескен басты өзі көкпар қылып ала қашқан ол көп ұзамай-ақ төрткөз ит болып кеткен. Осы кезде имам Хусейннің оқалы алтын шапанына қызыққан Зәкәр деген дінсіз өз киімін шешіп, оның киімін алуға кіріскен. Сонда ол шошқаға айналып кетеді. Кейбір басылымдарда осындай деректер бар. Не дегенмен де, имам Хусейннің дін жолында Алланың хақ ісі үшін шейіт болғаны сөзсіз.

ИМАМ ХУСЕЙННІҢ БАЛАСЫ ЗЕЙІН ӘЛ-АБИДІН

ӘЛИ ТУРАЛЫ ӘҢГІМЕЛЕР

Шийіттердің үшінші имамы имам Хусейн 680 жылы Кербала шөлінде шаһид болғаннан кейін төртінші имамды тағайындау туралы әртүрлі пікірлер болған. Олардың бір бөлігі – Имам Хусейннің1 ұлы Әли Асқар Зейін әл-Абидинді «Имам» деп таныса, басқа бір бөлігі имам Хусейн ұлының өте жас және ел билеуші мүмкіндігі жоқ екендігін себеп қылып, Хазірет Әлидің Бану Ханифа әулетінен олжа кәнизегінен туған ұлы Мұхаммедті (637-700 жж.) төртінші имам деп қабылдаған. Оның аты-жөні анасының атымен байланыстыра отырып Мұхаммед-Ханифа деп аталып кеткен. Кей деректерде Мұхаммед ибн әл-Ханифа деп те аталады. Мұхаммед Ханифаны жақтаушы әл-Мұхтар ибн Убайд бастаған 685 жылы Куфа­да көтерілісші умиялықтарға соққы берген. Имам Хусейнді өлтіргендердің көбін жазалаған. Қолға түскен Куфа қазынасындағы ақшаларды көтерілісшілерге бөліп берген. Бұл көтерілісте Хайсан Абу Әмір елеулі іс көрсетті (сектаның аты осы кісінің атынан қалған). Кейінірек ішкі тартыс нәтижесінде көтерілісшілер жеңіліп, әл-Мұхтар қайтыс болған (687 ж.) Мұхаммед ибн әл-Ханифа мақсатсыз әрекеттерге қатыспаған. Хайсандықтар Хазірет Әлиді Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың қызы Бибі Фатимаға үйленгендігі үшін емес, өзіне тән имамдық қасиетіне сай «Имам» деп таныған.

Ол кезде Хазірет Әлидің екі ұлы имам Хасан мен нмам Хусейннен кейін имамдық «үшінші ұлына өтуі керек» деген де ұйғарым болған. Хайсандықтар сек­тасы азайып кейінірек сол күйінше жоғалып кеткен, шийіттердің көпшілігі Әли Асқарды төртінші имам деп таныған.

Міне, осы оқиғалардан кейін Әли Асқар2 төртінші имам болып қалған. Соны­мен Хазірет Әлидің ұрпағы имамдықты қолына алған. Бұл кісі туралы деректер жоқтың қасы. Сонда да болса бір-екі ауыз аңыз-әңгімені айтып өтейік.

Зейін әл-Абидин бабамыз жас кезінде баска діндегі бір отбасымен араласып тұратын болыпты. Оған себеп, өзінен түрі аумай қалған, өзімен жасты баласы бар көрінеді. Екеуі медреседе бірге оқып, білім алған оның үстіне күндіз-түні бірге ойнайды екен. Бір күні оның үйінде, бір күні мұның үйінде қона жатып жүреді. Күндердің күнінде екеуі ажырасып қалады. Әлгі де ажырасып қалған бабамыз

Зейін әл-Абидин жолдасының үйіне жүгіріп келеді, келсе үйде жоқ. Ана бөлмеге, мына бөлмеге кіріп іздеп таба алмайды.

Содан шу шығарып, атын атап шақырса да, ешкім жауап бермейді. Таба алмаған соң ата-анасынан сұраса, олар күмілжіп, «ойнап жүр, қазір келеді, тамағыңды іше бер» деп алдына ас қойса, ол: «Мен досым болмаса ішпеймін» деп бас тартады. Содан ата-анасының амалы таусылып, айтуға батылдары жетпей, «диірмен жаққа ойнауға кеткен еді» дейді.

Оқиға былай болған екен. Екеуі ажырасқан соң, жолдасының1 үйіне бір жолаушылар келіп, «бізге Сәйід әулеті Зейін әл-Абидинді тауып бер», – дейді. Әкесі баласының жолдасы әрі пірі болған, Зейін әл-Абидиннің қанын қимай, өз баласын беріп жіберген екен. Абдулланы алған баскесерлер оны диірмен басына алып бара­ды. Бір деректерге қарағанда, диірмен тоқтап қалған. Сол диірменді жүргізу үшін Сәйід ұрпағының қаны керек екен. Жөһиттер баланынң қанын диірменге ағызып, басын бір бөлек, денесін бір бөлек арықтың екі шетіне тастапты.

Үйден шыға жүгірген Зейін әл-Абидин диірмен басындағы осы сұмдықтың куәсі болады. Зейін әл-Абидин сәл ойланып тұрып: «Әй, Абдулла, жүр үйге, тамақ ішеміз, сен бармасаң тамағымнан ас өтпейді», – дейді. Алланың әмірімен бір кезде басы мен денесі бір-біріне қосылыпты да, бала орнынан тұрып, үсті-басын қағып, үйге қарай жүгіре жөнеліпті.

Баласының үйге аман-сау кіріп келгенін көрген әкесі таңырқап қалыпты.

– Абдулла, сен қайда болдың? – деген әкесінің сұрағына:

– Мен диірмен басында ұйықтап қалыппын, – деп жауап беріпті. Екеуі шүйіркелесіп астарын ішуге кірісіпті. Диірмен басынан келген кісілер бұл ғажайып кереметті Абдулланы әкесіне жыр етіп айтып берген екен. Содан жұрт: «Пайғамбар әулетіне қол көтеруге болмайды» деп қастер тұтатын болыпты.

Міне, бабамыздың осындай кереметтері болған деген аңыз-әңгіме бар. Мүмкін, бұдан басқа да кереметтері болған шығар, арада көп заман өтті. Мұндай әңгімелердің ғасырлар қойнауынан бірі жетсе, бірі жетпеген.

1 713 жылы қайтыс болған

2 Зейін әл-Абидин қазақтар арасында Зейіл Ғабидін аталып кеткен

БЕСІНШІ ИМАМ – МҰХАММЕД ӘЛ-БӘКІР

Имамдыққа талас күннен-күнге күшейе түседі. Бесінші имам болып Мұхаммед әл-Бәкір2 сайланды. Бұл кісінің Зәйд деген інісі бар болатын. Мұхаммед әл-Бәкірге көңілдері толмаған шийіттер Зәйдтің маңына жиналады. Сол топ күшейе келе 739 жылы Куфада үмәйәларға қарсы көтеріледі. 10 айдан кейін көтеріліс талқандалып,

740 жылғы 6 қаңтарда болған ұрыста Зәйдтің өзі қаза табады. Оның денесі Куфа­да айқастырылған ағашқа1 керіліп, Дамшықтағы һитттам халифаға (724-743 жж.) жөнелтіледі. Зәйдтің қазасынан кейін оны жақтаушылар Әли тұқымынан шыққан сайламалы имам басшылық ететін демократиялық мемлекет жасақтауға ұмтылған ерекше партия болып бөлінді. Халықтық қозғалысты әлденеше рет басқарған Зәйдтің саяси белсенділігі халифаттың әр түкпірінде бірқатар зәйдтер мемлекетін, Солтүстік Африкада Идрисилер (791-926 жж.), Табаристан (863-928 жж.)

мен Йеменде (901-962 жж.) алып келді. Зәйдтердің дін-имамдық жөніндегі түсініктері сунниттердің түсініктеріне жақын. Имамның Әли тұқымынан болуы керектігін мойындай отырып, зәйдтер имамның құдайлық болмысын жоққа шығарады және қолына қару алып ашық күреске шыққан кез келген Әли ұрпағы имам болуы мүмкін деп есептейді. Зәйдтер әр түрлі мұсылман елдерінде бір кезде бірнеше имамның болуы мүмкін екендігін мойындайды. Зәйд «көрінбейтін» (яғни он екінші имам Мұхаммед әл-Мәһди) имам жөніндегі ілімді, өзінің дінге сенімін саналы түрде (тұқия) жасыруды, антропоморфизм мен жазмышты, алғашқы үш ха­лифаны жоққа шығармайды. Зәйдтердің недәуір басым бөлігі Солтүстік Йеменде, Сауд Арабстанында, Пәкістанда және басқа елдерде бар. Бұлар ең соңғы бесінші имам – Зәйд деп түсінеді. Бірақ «шындығында», Мұхаммед әл-Бәкірден кейінгі алтыншы имам Жағфар Садық билік басына келіп, недәуір еңбек етті. Мұхаммед әл-Бәкір туралы мағлұмат аз болғандықтан інісі Зәйд туралы айтуға тура келеді.

1 Оның есімін нақты білмегендіктен, шартты түрде Абдулла деп алдық

2 732 жылы қайтыс болған

АЛТЫНШЫ ИМАМ – ЖАҒФАР ӘС-САДЫҚ

Шежіре тізбегі бойынша алтыншы имам Жағфар әс-Садық. Бұл кісі – үлкен тари­хи тұлға ғалым, көптеген еңбектер жазып қалдырған. «Жағфарилер, жағфаршылар» деген ізбасарлары болған. Сонымен, имам Жағфар әс-Садық «әділетті Жағфар» алтыншы шийіт имамы, жағфарилер мазһабының негізін қалаушы, 700 жылдың шамасында Мәдинада туып, қайтыс болған 765 жылға дейін – бүкіл ғұмырын ың-шыңсыз сонда өткізеді. Сондағы әл-Бақиғ зиратына жерленген.

Өзінің әкесі мен атасы сияқты Жағфар Садық саяси қызмет пен үкімет билігіне қарсы қозғалыстың ешқайсысына қатысқан жоқ. Имамшылар дәстүрі оны «ерекше теологиялық жүйе жасаушы» деп есептейді.

Жағфар Садық имамның теологиясында мутазилиттердің ықпалы айтарлықтай байқалады. Мұның ең алдымен антроморфизмге (тәсбі) қатысы бар. Алайда, ол осыған қарама-қарсы адам еркінің бостандығын да, жазмышты да (жәбір) қабылдаған жоқ. Жағфар Садық имамдықтың мәні мен «Құдай дүниесіне ену» жөніндегі имамшылдық доктринасын жасады. Ол алхимия, астрология, т.б. оккулътік ғылымдардың білгірі ретінде танылған. Әли ибн Әбу Тәліп ұрпағының бірінен соң біріне мұра болып келе жатқан ілім, түсінік те Жағфар Садық есімімен бай­ланысты. «Жағфар Садық жазды» дейтін шығармалар шийіттердің арасында кең таралған.

Имам Жағфар Садық – ханафилер, шафиилер, ханбалилер және мәликилер қатарлы белгілі төрт мазһабтары мойындаған шийіт имамы. Жағфар Садықтың діни-құқық мектебінің жолын қуушылар XVII ғасырда жоғарыда аттары аталған суннит мектебінің жолын ұстанушылармен бірдей дәрежеде Құдайға құлшылық ету үшін (мақам немесе мусоллә) Қағба қоршауының ішінде жеке орынға ие болған-ды. Жағфаршылар ағымының ерекшелігі – алғашқы үш Халифаға қызмет етуден, олардың билігінің заңдылығын мойындаудан бас тарту болып табылады. Бұл ағым Ирак пен Иранда кең тараған.

ЖЕТІНШІ ИМАМ МҰСА ӘЛ-ҚАЗИМ

Жетінші имам Мұса әл-Қазимнің имамдыққа келуі күрделі кезеңдермен тығыз байланысты болды. Біріншіден, алтыншы имам Жағфар әс-Садық имамдыққа өзінің үлкен ұлы Исмаилды ұсынды. Бірақ көп өрескел жағдайлармен оны орны­нан алып, жетінші имамдыққа кіші ұлы Мұса әл-Қазимді отырғызды. Жетінші имам Мұса әл-Қазим болғанымен, бұл сектаның аты «Исмаилшылар» деп атала­тын болды. Мұса әл-Қазимнің туған жылы белгісіз, 799 жылы дүние салған.

Осы жетінші имам дәуірінде пайда болған секталық ағымдар мен оның жалпы шийіттерге еткен әсерін әңгімелеу үшін алдымен «Исмаилшылар» туралы айтуға тура келеді.

Сонымен, «Исмаилшылар» – шийіттердің аса ірі секталарының бірінің жолын қуушылар. Бүл секта шийіттер арасында болған алауыздыққа байланысты VIII ғасырдың орта шенінде пайда болды. Олардың көпшілігі Мұса әл-Қазимді жетінші имам деп таныды, кейін бұларды «Исмаилшылар» деп атай бастады.

Алайда, шийіттердің бір бөлігі имамдықтың мұрагері ретінде Жағфардың үлкен ұлы Исмаилды мойындады. Ал 762 жылы ол қайтыс болғанда, «жетінші имам» деп оның ұлы Мұхаммед ибн Исмаилды таныды. Міне, осы тармақтың ізін қуушыларды «Исмаилшылар» деп атады.

Мұхаммед өлгеннен кейін жаңа бөліну басталды. Біреулер оны ең соңғы имам (жетінші, осыдан «Жетіншілер» деп аталған) деп есептеді және оның қайтып келуін күтті. IX ғасырдың аяғында «Исмаилшылардың» бұл тармағы «кармат­тар» деген атқа ие болды. «Исмаилшылардың» екінші тармағы Мұхаммед ибн Исмаилдың ұлдарының бірін «имам» деп таныды. X ғасырдың басынан бастап оларды «Фатимидтік «Исмаилшылар» деп атады. Имамның есімі қатаң құпия сақталатындықтан көп уақыт «Исмаилшылардың» екі тармағының арасында айтарлықтай айырмашылық болмады. Тармақтанған құпия ұйымды құрып, «Ис­маилшылар» миссионерлері «көрінбейтін» имамының атынан өздерінің ілімін кеңінен насихаттауға кірісті.

IX ғасырдың аяғында «Исмаилшылық» қозғалысы Оңтүстік Иракта, Хузистан­да, Хорасанда, Бахрейнде, Йеменде, Сирияда, Мысырда және Мағрибте көптеген қолдаушыларға ие болды. Ақырында, Мағрибте билік басына Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың қызы Бибі Фатима арқылы Хазіреті Әлимен туыстығы жалғасқан «Фатимидтер» әулеті (909-1171 жж.) келді. X ғасырдың аяғында «Исмаилшыл» Фатимид халифатына Мағриб, Ливия, Египет, Сирия, Палестина және Хижаз бағынышты болды. Бұл тармақ осы күнге дейін жалғасып келеді.

СЕГІЗІНШІ ИМАМ ӘЛИ ӘР-РИЗА

Әли әр-Риза1 яки Әли Реза, толығырақ Әли ибн Мұса – сегізінші шийіт имамы, 765 жылы, яки 770 жылы туып, Мәдинада тұрған. 816 жылы халифа әл-Мамунның сарайына арнайы шақырылып, «Тақ мирасқоры» деп жарияланады. Халифаның қызы Хабибке үйленеді. Халифа әл-Мамун Әли әр-Ризаны шийіттермен одақтастықты күшейту үшін пайдаланады. Халифаның Әли әр-Ризамен арасы ажыраған соң 818 жылы қыркүйекте әл-Мамунның бұйрығымен Хорасандағы Түс қаласы маңындағы Нунан деген жерде уландырып өлтіргені жөнінде қауесет бар. Кейін Сағабад қыстағына жерленген және басына күмбез тұрғызылған.

Әли әр-Ризаның зираты шийіттердің табынатын орнына, қасиетті жерлерінің біріне айналған. Соның нәтижесінде зират орналасқан елді мекен оның құрметіне Мәшһәлі Әли әр-Риза2 (Әли Риза азапталған жер) деп аталып кеткен. Әли әр-Риза – ғұлама, білімді тұлға, шийіттердің сегізінші имамы болып сайланған беделді кісі. Ғылыммен көп айналысқан. Бір есеп-қисаптарында жердің айналатындығын дәлелдеген. Осы тұжырымды айтқандығы үшін өлтірілген деген сөз бар. Бұл ғылыми болжам 400 жылдан кейін дәлелденді. Қалай болғанда да оның кесенесі киелі жер болып қалды. Адамдар зиратқа үздіксіз барып жатады.

ТОҒЫЗЫНШЫ ИМАМ МҰХАММЕД ӘТ-ТАҚИ

Жоғарыда айтылған сегіз имам сияқты Мұхаммед әт-Тақи да имам болып сайланған. Туған жылы белгісіз, 835 жылы қайтыс болған. Бұл кісі туралы көп мағлұмат таба алмадық, бірақ қалайда тоғызыншы имам болғандығы мәлім әрі мұны шийіттер мойындаған. Осы имамдардың көбін халифалар қызғаныштан өлтіріп отырған. Кейінгілер олардың мазарларын киелі санап, зиярат жасау орны­на айналдырған.

1 Әли әр-Рида

2 Мәшһәди Резауи

ОНЫНШЫ ИМАМ ӘЛИ ӘН-НАҚИ

Шийіттер негізінде жеті имамға сенуші, сегіз имамға сенуші және он екі имамға сенуші болып үшке бөлінеді. Соның ішінде он екі имамға сенушілердің оныншы­сы Әли ән-Нақи. Тарихтан көп орын алмады ма, әлде ұзақ имамдық құрмады ма, әйтеуір бұл кісі туралы деректер жоқтың қасы. Туған жылы белгісіз, 868 жылы дүние салыпты.

Бұлар негізінде Иранда, Иракта және Ауғанстанда болған, сол себепті мағлұмат аз. Қалай болғанда да бұл кісінің оныншы имам болғаны анық.

ОН БІРІНШІ ИМАМ ХАСАН ӘЛ-ӘСКЕРИ

Он екі имам мазһабының он бірінші имамы Хасан әл-Әскери 846 жылы туып, 873 жылы қайтыс болған. Бұл кісі де басқа имамдар сияқты өз кезегімен, әрі дәстүрлі жолымен он бірінші имам болып тағайындалған. Заман аумалы-төкпелі құбылып тұрған кезде жастай дүниеден өткен. Бұл кісіден кейін дүниеге он екінші имам Мұхаммед әл-Мәһди келген. Имамдар саны осылай тоқтайды. Он бірінші имам туралы да деректер жоқтың қасы. Жоғарыда айтып өткендей, халифалардың қызғанышының салдарынан әртүрлі жағдайлармен өлтіріліп отырған деген мағлұматтар баршылық. Сол сияқты бұл кісі де тағдырдың талайы ма, халифаның бүйрығы солай болған ба дүниеден өткен. Бұл кісі он бірінші имам ретінде тарихта аты қалды. Осы он екі имамның бәрінің басында белгі бар. Ол жерлерге шийіттер зиярат жасап ағылып келіп жатады. Ондай жерлер дүниенің әр түкпірінде бар. Мәселен, Нажжаф, Кәрбала, Кәзишайх, Мәшһәд, Құм, Шах Абдул Азим (Иран, Ирак) және Мәдина (Сауд Арабстаны) шаһарларында жатыр. Сондай-ақ Әзірбайжан мен Бадахшанда да бар. Бұл мағлұматтар келешекте толықтырыла жатар деген ойдамыз.

ОН ЕКІНШІ ИМАМ

МҰХАММЕД ӘЛ-МӘҺДИ (МӘДІ) ТУРАЛЫ АҢЫЗ-ӘҢГІМЕЛЕР

Аты аңызға айналған шийіттердің он екінші имамы. Бұл туралы мынадай аңыз бар. Ақырзаман болғанда аспаннан Иса түсіп, жерден Мәді шығып, елді аман алып қалады екен. Бұған себеп – Алла Тағала Иса пайғамбарды аспанға алып кеткен, ал Мәді жерге кірген дейді аңыз.

Жалпы Мұхаммед Мәһдиді (Мәді) шийіттер «ғайып болып кеткен имам» деп түсінеді. Ол (874-878 жж.) жоғалған деген мағлұматтар бар. Оны қайта күтушілер де аз емес. Сол туралы бірер әңгіме айтып өтейік.

Мұхаммедтің әкесі бір жорыққа кетіп, содан оралмайды. Ол кезде Мұхаммед анасының құрсағында қалған екен. Кейін дүниеге келіп, ер жете бастағанда қатар құрбылары «сен жетімсің» деп мазақтайды. «Әкең жоқ, оның кім екенін де білмейсің» дей берген соң бала ойланады. Анасынан:

– Менің әкем қайда, кім? – деп сұрағанында, анасы:

– Сенің әкең «пәленше» деген батыр кісі еді, ол үлкен соғыста қаза тапқан, – деп жауап береді. Бірақ баланың жас жүрегі «әкең өлді» дегенге сенбейді. Анасы­нан бірнеше рет қайталап сұрағанымен бәрібір сол жауапты алады. Күдікті ойдан арылмаған жас Мұхаммед бір күні үйге жүгіріп кіріп:

– Апа, қарным ашты! – дейді. Үйде жейтін нан да, тамақ та болмағандықтан анасы «бидай қуырып берейін» деп ошаққа от қойып қазанды қыздыра бастайды. – Апа, тез болшы, қарным ашты, – деп қоймаған соң, бидай пісер-піспестен анасы қолын қазанға қарай соза бергенде, бала анасының қолын қазанға басып қалады. Қолы күйген анасының жан дауысы шығады.

– Әкемнің кім екенін және қайда кеткендігін айтсаң ғана жіберемін, – дейді сонда ол. Анасы:

– Мейлі айтайын, бірақ сен оны «іздемеймін» деп сөз бер, – дейді.

– Менің сенен басқа ешкімім жоқ, сен кетіп, мен ауырып қалсам, маған кім қарайды? – деп көзіне жас алады. Баласы сөз береді. Анасы мән-жайды асықпай айтып түсіндіреді.

– Мен ол кезде жас едім. Сенің әкең де жас әрі батыр кісі еді. Мұнда елді мұсылманшылыққа бас идіруге келген болатын. Менің бойыма біткеніңді де білген жоқ. Шұғыл жорыққа жүріп кетті, ал мен айтып үлгере алмадым. Қазір ұзынқұлақтан естуімше Иран жақта көрінеді, – деп аты-жөнін айтып, түр-тұлғасын си­паттап береді. Содан бала сөзінде тұрып, әкесін іздеуге шықпайды.

Арада көп жылдар өтіп анасы дүние салады. «Енді алаң болатын дәнеңе жоқ» деген оймен әкесін іздеуге шығады. Көп азап шегіп, ел мен ел, қала мен қаланы аралап жүріп, бір батыр кісімен шайқасқа түсіп, ұстасып қалады. Мұхаммед те жаужүрек, батыр жігіт болып өскендіктен, қайтпай шайқасады. Күнді-күн, түнді-түн демей айқас созыла түседі. Бір кездері әлгі батыр Хазіреті Әли бабасының атын атап, өзін қоса айтып дауыстап жібереді. Мұны естіген Мұхаммед тауға қарай тұра қашады. Сол жүгірген күйі тауға еніп жоқ болады. Міне, содан бері Мұхаммед әл-Мәһди аталып кетіпті. Оны «Он екінші имам» деп қабылдаған. Сол күннен бастап шийіттер оның қайта оралуын күтуде.

 

                  Ұлы Пайғамбар және ұрпақтары: шежіре-кітап Астана: Фолиант, 2014

ОН ЕКІ ИМАМ КЕСТЕСІ

Хазіреті Әли;

Хасан (625-669 жж.);

Хусейн (626-680 жж.);

Әли Асқар Зәйнул-Абидин (?-713 жж.);

Мұхаммед әл-Бәкір (685-732 жж.);

Жағфар әс-Садық (702-752 жж.);

Мұса әл-Қазым (744-799 жж.);

Әли әл-Риза (766-818 жж.);

Мұхаммед әт-Тақи (?-835 жж.);

Әли ән-Нақи (?-868 жж.);

Хасан әл-Әскери (840-873 жж.);

Мұхаммед әл-Маһди (874-878 жж.).

Сондай-ақ, оқыңыз

ШАХЗАДА ШЕРЛЕР

Жалпы, Хазіреті Әли (р.а.) бабамыздан бастап бұл әулетте жастары 63-ке толысымен “дүние ісін тәрк ету” …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған