Рабғұзи

Салық ғалайһи-уәссәләм

Салық ғалайһи-уәссәләмнің атасы Қаүр. Қаүрдың атасы Асиф, оның атасы Халиһ, Халиһтың атасы Самуд, Самудтың атасы Сам, Самның атасы Нұһ ғалайһи-уәссәләм еді.

Ғад, Самуд екеуі де патша еді. Олардың балалары көп болғандықтан Ғад қауымы, Самуд қауымы – деп аталды. Хүд ғ.с. қауымын екінші Ғад қауымы дейді. Ғад қауымы Самуд қауымынан көбірек еді. Самуд қауымы Шам мен Медине арасында Хижур жерінде тұратын еді. Бұл Хижур жерінің иелері пайғамбарларды жалған деп сенбеушілерден болатын.

Салық ғ.с. Самуд нәсілінен болғандығы себепті Аха-һәм – деді. Салық ғ.с. пайғамбарлық келмей тұрғанда Самуд қауымы пұтқа ғибадат қылатын. Олардың пұтқа табынуын Салық жөн көрмеді. Салық ғ.с.-ның әр істегі кемеңгерлігін байқап, самуд қауымы айтушы еді: «Салық бәлиғатқа толғаннан соң, бізге кеңес берер, қожамыз болар» – деп. Кейіннен Салық ғ.с.-ға пайғамбарлық қонып, Алла тағала үндеп, пұтқа табынуға тыйым салғанда, халқы: «Әй, Салық! Сенің ақылыңнан үміттеніп, бізге кеңес берер деп ойлаушы едік. Сенің мына сөзіңді естігенде үмітіміз үзілді», – десті.

Қаүр пұтқа сәжде қылмай, ислам дініне сенгені үшін жазаланып, зынданға салынды. Қаұрды зынданға салып, жанына күзетші қойдырды. Қаүр 40 жыл зынданда жатты. Қырық жыл өткенде Жебірейіл ғ.с-ға өмір болып: «Қаұрды зынданнан шығар», – деді. Жебірейіл ғ.с. қанатымен зынданды ұрғанда, зындан жарылып: «Қаүр бұл жерден тез шық!» – деген әмір келді.

Мұнан соң Қаүр зынданнан шығып: «Қырық жыл пұтқа қызмет еттім, қырық жыл зынданда жаттым. Енді бұл жерден мүлде кетемін», – деп сахараға кетеді. Содан бір тау үңгіріне келіп жетіп, сонда қырық жылға дейін оянбай ұйықтайды. Қаүр ұйқыда жатқан уақытта Алла тағала оны бір періштеге сақтатады.

Қаұрдың өте көркем Зағұм есімді қатыны бар еді. Зағұм Қаүр қайғысынан кейін күндіз-түні диуана болып жүруші еді. Бір кеште Зағұм келе жатқанда, Алла тағала әмірімен бір құс тілге келіп: «Әй, Зағұм! Еріңді көргің келсе, менің соңымнан ере бер», – деді. Зағұм құс артынан ілесіп жүріп отырды. Тау ішіне кірген сәтте: «Енді еріңе айқайла. Ол осында», – деді.

Зағұм: «Қаүр, Қаүр!» – деп айқайлады. Сол сәтте Қаүр: «Тау есігінен ішке қарай кір», – деп жауап қатты. Зағұм тау үңгіріне кіріп, Қаүрды көріп: «Әй, Қаүр! Қанша жылдан бері сенің қасіретіңнен диуана болдым. Ал сен мұнда жатырсың», – деді. Сонда Қаүр: «Қырық жыл зынданда жатып, мұнда бірнеше күн бойы ұйықтап кетіппін», – деді. Зағұм: «Әй, Қаүр! Сенің ғайып болғаныңа 120 жыл болды ғой», – деді.

Бұл сөзді естігеннен кейін Қаұрдың тілегі орындалып, Зағұммен жұмағ болды (жұмағ – еркек пен әйелдің жақындасуы).

Зағұм құрсақ көтергенде Қаүр дүниеден өтті. Бұл қайғыға Зағұм жылай бастады. Баяғыда өзін әкелген құс келіп: «Әй, Зағұм Хақтағаланың тағылымы осы. Енді сендерге көрісу де, қауышу да жоқ. Егер кімде-кім бұл құрсағыңдағы бала кімнен десе, осы тауға алып келіп Қаүрды көрсет», – деді. Зағұм құсқа: «Сен қандай құссың?» – деп сұрады. Құс: «Мен қарға боламын», – деді. «Сенің басың неге қасқа?» – деп сұрады Зағұм. Сонда қарға: «Қабылдың Әбілді өлтіруіне себеп болдым. Содан кейін Хақтағаладан қорқып, қайғырдым. Сол себепті басым ағарып, қасқа болдым», – деді. Зағұм айтты: «Тісің не үшін сары?» Құс айтты: «Жұмақ зағфранын жедім, сондықтан сарғайды». Зағұм: «Құрсағың неге қара түсті?» – деді. Құс айтты: «Бір күні тамұқ үстінен өттім, сол үшін құрсағым қара».

Мұнан соң Зағұм үйіне қайтты. Мерзімі жетіп, мұхаррам айының дүйсенбі күнінде Салық ғ.с. анасынан дүниеге келді. Ертеңіне Зағұм баласын көтеріп, патшаға алып келді. Ол: «Әй, диуана! Мұны қайдан әкелдің?» – деді. Зағұм адал жұптылықтан болған өзінің баласы екенін айтты. Сонда патша: «Егер сөзің рас болса, сенің бұл балаңды тәрбиелікке алармын. Қабыл етсең, балаңды ұл етіп өзім бауырыма басып, сені оған тәрбиеші етермін. Егер күйеуге шығар тілегің болса, өзіңе рұқсат берермін. Ал сөзің жалған болса, сол күні өлтірермін», – деді.

Зағұм патшаны ертіп: «Әй, Қаүр!» – деп дауыстады. Сонда Хақтағаланың құдіретімен Қаүр жауап қатты. Тау жарылып, Қаүр шығып: «Әй, патша! Бұл бала менің өзімнің балам екені саған мағлұм болсын», – деді. Сол арада тау қайта қозғалып, патша тау ішінен шықты. Зағұм сөзінің рас екеніне көзі жетті. Тау қозғалған кезде Қаүр ішіне қайта көмілді. Бұл оқиғаға патша таңырқап, Салықты өз тәрбиесіне алды.

Рәуәйәтта: «Салық ғ.с. бейнесі Мұхаммед ғ.с.-ға ұқсас еді дейді. Патша жолаушылап келген сәттерінде Салықты шақырып, құшырланып сүйетін еді.

Салық ғ.с. 10 жасқа толғанда әдемі болып бой түзеді. Кезекті бір күні патшамен кездесуге бара жатқанда Жебірейіл ғ.с. сұлу жігіт бейнесінде көрініп, Салық ғ.с-ға сәлем берді. Салық ғ.с. бұл кезде сәлемнің не екенін білмеуші еді. Ол Жебірейіл ғ.с.-нан «Сен кімсің?» – деп сұрады. Жебірейіл ғ.с: «Мен Таус Мәләикәмін», – деді (Ол кезде Жәбірейіл ғ.с.-ды Таус Мәләикә деп атаған екен).

Бұл кездесуге Салық ғ.с.-ның көңілі шаттанды. Жебірейіл ғ.с. Салыққа үйіне кіруге рұқсат етті. Жебірейіл ғ.с: «Әй, Салық! Саған Хақтағала сәлем айтты һәм бұйырды. Құлым салыққа айт, патшаға барып: «Патша Алла тағала біреу. Пұтқа ғибадат етпе. Мен, Алла тағаланың елшісі Салық пайғамбармын» десін», – деді. Жебірейіл ғ.с. Салықтың үстіндегі кәпірлер киімін тастап, басқа киім киюіне бұйырды.

Салық ғ.с. үстіндегі киімдерін дереу шешіп, шекпен киіп патшаға келді. Салық ғ.с.-мен бірге Жебірейіл ғ.с-да келген еді. Салық ғ.с: «Әй, патша! Лә іләһә ілла ллаһ Салих Расулолла деп айт», – деп қарыз қылды. Патша қабыл етпей: «Әй, Салық! Мен сені сәби күніңнен тәрбиелеп едім. Сен мені аталарымнан бері келе жатқан ғибадатымнан шектемекпісің?» – деді. Салық ғ.с. жауап бермек еді, Жебірейіл ғ.с: «Жауап қатпа, шық» деген белгі берді.

Жебірейіл ғ.с. Салық ғ.с.-ды Хижүр жеріндегі бір тауға алып келді. Ол тауды Қарғы дейтін еді. Періштелер Салық ғ.с. үшін бір алаң жасап, алаң шетіне көз көрмеген әдемі ағаштар отырғызып, бір шам әкелдіртті. Ол шамның жарықтығы күн көзіндей еді. Осы жерге Салық ғ.с. үшін бір үй салдырды. Халық бұл жердегі ағаштарға, салынған үйлерге қайран қалып, патшаға хабар берген.

Салық ғ.с. күндіз Хижүр шаһарына барып, иманға үндеп, әмір ететін. Кешкісін Қарғы тауындағы үйіне келіп, ғибадат ететін. Хижүр шаһарындағы халықты көп жыл иманға үндеп, 300 адамды мұсылман қылды. Салық ғ.с. бір күні Хақтағалаға мінәжат етіп: «Илләһи, бұл пенделеріңді қаншаға дейін үндеймін», – деді. Сол кезде Жебірейіл ғ.с. келіп: «Әй, салық! Сабыр ет. Бұларға енді насихат жүргізбе!» – деді.

Салық ғибадатқа кіріскенде ұйқысы келіп 340 жыл ұйқыда болды. Алғашқы мұсылман болған 300 кісі ол кезде өліп қалған. Олар өлер кезінде өсиет айтып, қабір басына «ислам» – деп жаздырып кетіпті. Бұлардан кейін «Лә іләһә іллә ллаһ» деп айтушылар қалмаған. 340 жылдан кейін оянған Салық ғ.с. мұсылмандар қабірін көріп, қатты қайғырды.

Мұнан соң тағы бір шаһарға келіп, Самуд қауымын иманға үндеді. Бұлардың иманға келуін тілеп, мәшрүктерге тамұқ азабын айтып қорқытты. Бірақ самуд қауымы иманды қабыл етпей, өзара кеңес жүргізді. Олар: «Салықтың сөзіне ерсек жынданып, азғырылып кетеміз. Оған пайғамбарлық қайдан келсін, ол бір өтірікші!» – десті. Мәшрүктер: «Әй, Салық! Егер пайғамбар екенің рас болса, бізге таң қаларлықтай ғажайыптар көрсет. Ертең біздің мейрамымыз, сахараға шығамыз. Сен де бізбен бірге бол», – деді. Салық ғ.с. сөздерін қабыл етті. Ертесінде Самуд халқы түгел жиылып, сахараға шығып, Ғалаф деген тау бар еді, соған келді. Сол тауда үлкен бір тас болатын, мәшрүктер: «Әй, Салық! Осы тастан бізге қызыл жүнді, буаз түйе шығарып бер. Ол түйе дереу боталап, ботасы өзі түстес болсын. Егер осы істі орындасаң, біз мұсылман болып иман келтіреміз. Ал егер тілегімізді орындай алмасаң, бізді ислам дініне қинама», – деді.

Салық ғ.с. Хақтағалаға мінәжат етті. Алла тағаладан: «Дұға қылмақ бізден», – деген хабар келді. Салық ғ.с. Самуд халқының дегенін орындамақ болды.

Тас жарылып, ішінен Самуд қауымының мақсатындай түйе шықты. Бір сағаттан соң түйе боталап, ботасы өзі түстес болды. Мұны көрген кәпірлердің біразы иманға келді. Пұтқа табынушылардың бірі: «Салық сиқыршы» деді.

Хақтағаладан әмір келді. Аяттың мағынасы: «Әй, Салық! Самуд халқының ренжітуіне сабыр қыл. Самуд қауымын сынамақ үшін біз түйені шығардық. Енді Самуд халқы мен түйеге су ортақ. Сондықтан түйені ренжітуге болмас. Түйені ренжітсе, бұл үшін Алла тағала Самуд халқына азап әкелер».

Аят мағынасы: «Бір заманда бұл қауым түйені де ренжітер».

Жеті жүз адам түйе сүтін сауғанда бәріне де жететін. Бірақ судың ортақ болғандығы үшін адамдар хайуандарға өшікті, яғни түйенің су ішуінен титықтады.

Самуд халқының арасында бір бұзық қатын бар еді. Оның малы көп болатын һәм үш көңілдесі бар еді. Бір күні ол көңілдестері келгенде: «Түйені өлтірмесеңдер, менен ауаша болыңдар», – деді. Сондықтан бұл үш малғұн түйеге қастық жасап, Салық ғ.с.-ның: «Азап бар», – деген сөзін қатты ұмытты. Ол малғұнның бірі – Қадыр, екіншісі – Мамұрт, үшіншісі – Самұрт есімді еді. Олар түйенің келуін аңдып тұрып, аяғынан шапты. Түйе жығылған кезде оны бауыздап, жиылған Самуд халқына түйенің етін үлестіріп берді.

Самуд халқы түйе өлгеннен соң, ботасын өлтірмекке қастық ойлады. Бірақ бота үш мәртебе қышқырып, анасы шыққан тасқа барып, ғайып болды.

Салық ғ.с. түйені өлтіргендерін біліп, ертеңіне «түйенің ботасы қайда?» – деп сұрады. Олар: «Бота үш мәрте қышқырып, тауға кірді», – деді. Салық ғ.с. оларға: «Ендеше үш күннен соң сіздерге азап келер», – деді. «Ол қандай азап?» – деп сұрады қауым. Салық ғ.с: «Бірінші күні жүздеріңіз қызарар, екінші күні сарғаярсыз, үшінші күні қарайып, сол күні дауыс естіп әлекке түсерсіздер. Денелеріңізді от келіп өртер», – деді.

Самуд қауымы Салық ғ.с. айтқандай халге душар болды. Бір күні Жебірейіл ғ.с. айқайлағанда олардың жаны жаһаннамда болды. Мұнан соң Салық ғ.с. Шам жұртына барды. Осында 18 жыл ғұмыр кешіп, опат болды. Салық ғ.с. заманында иман келтіргендер де дүниеден өтіп, жер жүзінде «Алла!» – деп иман айтушы қалмады.

 XІІІ ғасырдың аяғы мен XІV ғасырдың басында көне түркі тілінде ірі туындылар әкелгенНасируддин Бұрһануддин Рабғұзидің

«Қисса-сүл-әнбийя-и» еңбегін татаршадан аударған Роза Мұқанова

Таңбалар

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған