Басқы бет / Білген Шайыр айтады / Шортанбай айтқан екен…
Шортанбай жырау (ортадағы сәлделі) өз отбасымен бірге

Шортанбай айтқан екен…

Қатынын мақтар қас жаман,

Баласын мақтар нас жаман.

Алыстағы дұшпаннан

Аңдып жүрген дос жаман.

***

Құдыққа еңкейгенде басындағы топысы суға  түсіп кетеді. Шортанбай қарманып, ұстай алмай қалады. Сонда былай деген екен ойланбастан :

Басымда топым ба еді көп көргенің,

Мен бе еді осыншама жек көргенің.

Бар сенгенім сен болсаң, екі қолым,

Кәнеки, тап бергенде – ап бергенің?

***

Пенде жоқ тәубе қылған ісін біліп,

Төрт көзі өз жақыныңнан талап алар

Оң жаққа салғаннан соң шешіндіріп,

Қолынан қарындастың келгені сол,

Көрге сап, көміп қайтар көсілдіріп.

***

Шортанбай Қарқаралы қалсына келіп, күн батып, шам жаққан мезгілде Қамыт деген бай ноғайдың қақпасын қағады. Қақпаны  ешкім ашпайды. Сонда Шортанбай терезенің тұсына келіп, мына өлеңді айтқан екен:

Осы  күнге ноғаймен атамыз бірге

Хауа анадан жаралды.

Бейіштің дүзін көрмесін

Деген екен сараңды.

Сараң пенде кім десем,

Ноғайларға ұқсайтын көрінеді реңді.

Кіргізбейтін кісіні,

Күн батқан соң бекітіп ап қораңды.

Ноғай, сенің салмасын

Мұсылманға жораңды.

Жер ортасы – Көктөбе,

Ноғай ауған жерінен,

Айырылған соң  жау алған

Орманбет хан ерінен.

Қазаққа кеп бай болды,

Ашуланса ноғайды

Айдар қазақ елінен

Қамыт бай: «ойбай, Қожа екенсің ғой!-деп өзі шығып, қақпасын ашқызып, құрметтеп, үйіне кіргізіп, отырар-отырмастан он топ кездеме әкеп алдына қояды. Сонда Шортанбай:

Он топ ләңке ал дейсің,

Қоржыныңа сал дейсің.

Ендігі жыл болғанда

Шортанбай атты қожада

Сексен қойым бар дейсің, -деген екен.

***

Құсбек төре дуанбасы болып сайланғанда құтты болсын айта келген Шортанбайға бір айғыр үйірлі жылқы айдатыпты.

Жолда келе жатса, Жамантай хан жылқысының ішінде жүр екен. Келіп амандық-саулық сұрасады.

Жамантай:  «Қожа, қайдан келесің?» депті.

Шортанбай: «Құсбек ханға қайырлы болсын айтып келемін» -дейді.

Жамантай: «Иә, Құсбекті хан қоя алмай-ақ жүр екенсіңдер-ау»-дегенде Шортанбай:

Ежелден өлең айтқан мен Шортанбай,

Тұсында  әрбір ханның бір сұрқылтай.

Құсбек хан дуанбасы болып еді,

Мен түгіл өзің қайттің, хан Жамантай,-дейді.

Жамантай: «Хандықтан айырылған соң жолын ұмытты дерсің» деп о да бір үйірлі жылқы беріпті дейді.

***

Шортанбайдың Кенесарының Айыртау-Ортауда Орта жүздің ханы деп көтергенде айтқаны:

Ортауда Кенесары хан көтерген,

Орта жүз соңына ерген тым ертеден.

Бесата баласынан Жанғұтты бар,

Байсейіт, Дүйсенбай мен Есбай, Қара –

Бір қол боп көрінетін жеке-дара.

Шортанбайдың Ұлытауда Кенесарының қазақ елінің ханы етіп, ақ киізге салып көтергенде айтқаны:

Ұлары шулап Ұлытау,

Орыс, қазақ қылған дау.

Алаша хан,  Жошы хан,

Қазақтың басы қосылған.

Жалаңаш шапқан ер жігіт

Қолдаса Құдай келер сау.

***

Шортанбайдың  Құнанбаймен бірге  Ертіс бойына барып, онда сыңсып қонған мұжықты көріп айтқаны:

Ертістің бойы ен жайлау,

Көшіме түсті бір байлау.

Алғанын мұжық аз дейді,

Жер қосып тағы жаз дейді.

Келіп те қапты төресі,

Жоқ шығар бізге бересі.

«Қай заман?» жинағынан

 

Сондай-ақ, оқыңыз

Қисса Салсал (жалғасы)

Жаяуға Омар Баба тіпті жүйрік, Ғұмырын өткеріпті жаяу жүріп. Ысқақ пайғамбардан кереметті киіз алып, Ысмайыл …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған