Басқы бет / Кітапхана / «Рашахат айн әл-Хаят – Тіршілік көзінің сыр тамшылары» еңбегі қазақша жарық көрді

«Рашахат айн әл-Хаят – Тіршілік көзінің сыр тамшылары» еңбегі қазақша жарық көрді

Жуырда «Рашахат айн әл-Хаят – Тіршілік көзінің сыр тамшылары» еңбегі қазақ тілінде жарық көрді. Бұл кезінде ата-бабаларымыз ұстанған тәркі дүние тақуа – сопылық жолы туралы жазып қалдырған Әли ибн Хусейн Сопының көлемді еңбегі. Ол қазақ даласына аттары кеңге жайылған көптеген әулиелер мен діни оқымысты бабалардың өмірі мен қызметтері туралы соны тың деректерді ұсынады. 

Еңбектің жазылуына қарап сонау орта ғасырларға тән сөз саптауларды әрі сол арқылы кезінде біздің бабалардың білім деңгейлері мен діни ұстанымдарын сондай-ақ адалдық пен тақуалықтың сырын бағамдауға болады. Оқиғалар желісі оқырмандар үшін күңгірт орта ғасырлық мәжіліс алқаларына жетелейді. Онда тазалықтың жолын (дәрежесін) дұрыс ұғыну, діндар кім, ол қаншалық дәрежеде таныла алады, шәкірт пен ұстаздың арақатынастары және олардың арасында кей жағдайларда қолданыстағы сөз орамдары туралы да кеңінен қарастыруға әбден болады. Бірақ біздің өреміз жетпейтін, түсінуі қиын сөз тіркестері де мол екені көрінеді.

Еңбекте заманында қолданыс тапқан елдімекен атауларына байланысты тарихи мәліметтер жайлы деректер де көптеп кездеседі. Айталық, тарихи тұлғалардың аттары берілгенде алғаш «шаши» десе, кейінен «ташқанди» деген сөздерді қолданады. Сонда қаланың аты қашан «Шаш», ал қай кезден «Ташкент» болды деген ой қылаң береді. Бұл арада да ептеген тарихи оқиғалардың сілемі жатқандай. Сондай-ақ, кейде біздер әлі күнге дейін екіленіп Қожа Ахмед Иасауиді «ясауи» деген дұрыс па немесе «иасауи» ма деген толқуларға да мұнда нақты жауап бар сияқты көрінеді. Еңбекте «яси» атауын харекетімен анықтап беріп, «Түркістанда бір мәшһүр шаһар» деп көрсетілетін тұстар кездеседі. Одан осы күнге дейін Яксарт пен Исфиджапты бір деп түсініп келгендігіміз жайлы пікірдің теріс екендігін аңғарғандай боламыз. Өйткені Әли ибн Хусейн Сопы «Ысхақ қожа Ысмайл атаның ұлы, өз заманының тұнығы һәм айтулы керемет иесі еді. Ол Исфиджапта тұрады. Исфиджап Сайрам мен Ташкент арасындағы бір қоныс» деп жазады. Бұл сол кездегі мекенді өз атауымен көзі көрген тірі куәнің дәйектемесі. Бұл айтып тұрған жер қазіргі Тұрбат елдімекені. Кітап оның бір кездегі Исфиджап атауынан бұрынғы аты «Хузиан» болғанын да айтып өтеді.

Еңбек тәртіпті ретпен, лайықты сөйлемдермен топтастырылған. Еңбектің авторы Мәулана Әли ибн Хусейн өткен ұрпақтың мұрасын жинақтаушы, ізгілердің қайырлы істерін топтастырушы, жақсылардың дәрежесін елге танытушы ретінде танымал болғандықтан оған әс-Сафи есімі берілген. Сондықтан ол осы есімімен танымал болған. Ас-Сафи  зікір мен қожалар тариқатын жалғастырған хазіреті Қожа Ғұбайдулла Ташкендидің дуалы аузынан шыққан ақиқат пен танымдарын қасиетті санап, оны қадір тұтқан. Міне сол себепті қожа хазіреттің сипаттарын және ондағы оқиғаларды толық айтып жеткізген. Басты мақсат хазіреттің жағдайларын, мақамдарын іс-әрекеттерін, кереметтерін түсіндіріп жазу. Еңбекте қожа Ғұбайдулла кей жерлерде жоғары мәртебелі, хазірет деп келеді. Сондай-ақ кейбір жолдарда жоғары мәртебелі хазіреттердің таным-тағлымдары, қызықты әңгімелері келтіріледі. Міне осындай дүниелерді айырып тұру үшін автор оған «Рашха» – бір үзік сыр деп тақырып қойдық деп келтіреді.

Кітаптың алғашқы беттерінде мынадай сұраныс жолдары бар: «Бұл жолдағы шәкірттерден өтініп сұралатын нәрсе аты аталған ұлылардың жағдайлары, танымдық сырлары жайлы оқылған кезде бұл кітапты жинап реттеген кісіні еске алып, дұға етуін сұранамын. Ал көркем мінезді бауырлардан сұранарым – бұл кітапты жинаушы хақ иелерінің қасиеттері мен көркем мінездеріне ешбір артық нәрсе қоспай жазғаны мәлім».

Әрине, автор осы сұраныстың негізінде бар оқиға мен әңгімелерді естігені бойынша, барынша артық сөз қоспай, оқиға желісімен, рет-ретімен тамаша келтірген. Бірақ ұсынылып отырған кітап тәржмаланған (аударма болған) соң онда аударманың үлесі бар екені анық көрінеді. Алайда осындай сұраныстардың нәтижесінде аудармашылардың бұл ұлылардың ғибраттары мен мақсаттарын түп нұсқадағыдай жеткізуге тырысқаны көрініп-ақ тұр. Олай дейтініміз, аудармашылар өздерін жамандыққа итермелемей, оқиға желісін сабақтастырып, көркем жеткізуге әрекеттенген. Бұл да орынды.

Еңбекте сопылық ілімнің жолына бел байлаған қожа хазіретінің бабалары мен туған-туыстары жайлы, сондай-ақ өз заманында әулиелігі мен кереметтері аңыз-апсанаға негізделген Мауеренаһр мен Орта Азия және Қазақстанның оңтүстік өңірілері мен сыр бойынан шыққан ғұламалар Қожа Жүсіп Хамадани, Қожа Ғұбайдулла Бекри, Қожа Хасан Андақи, Қожа Ахмет Иасауи, Қожа Абдулхалық Ғыждуани сияқты бабалар жолын ұстанып, тақуалықтың қыры мен сырын паш еткен ғұламалар туралы терең ой толғап, деректерге сүйене келе мол мәліметтер ұсынады.

Оған көптеген танымал және әлі де толық таныла қоймаған, бірақ білімдері терең, арабша, парсыша сауаты бар, шариғат ілімінен толық сусындаған, әулиелігі мен кереметтері халық аузында қалған бірнеше ғұламалардың есімдері де беріледі. Олар жайлы мағлұматтар мен тың деректер келтіріледі. Бұл өз кезегінде әдебиет тарихында ежелгі дәуір кезеңіндегі датқаларды алға тартса керек. Өйткені олардың дерлік барлығы жазу-сызуға сауатты болған болса, екінші әрқайсысы поэзия жанрына белгілі дәрежеде өз үлестерін қосқандығын көруге болады.

Бұлай дейтініміз еңбекте берілген оқиға желісінің біршамасы өлең түрінде беріледі. Оған мысал ретінде Дәруіш Ахмет Самарқандидің мынадай өлең жолдарын келтіруге болады:

Ғашықпын заманында орын таба алмаған.
Анка құспын, белгісіз жаратылған.
Әрнәрседен күн секілді жарқылдаған
Сондықтан бар нәрсемді таба алмаған.

Кітап негізінен рашха (бір үзік), бәйіт (екі қатар өлең), кашифа (түсінік) және рубаидан (төрт қатар өлең) тұрады. Сол себепті бұл үзік өлең өлшемдері еңбектің атын «бір үзік сыр» деп атауға түрткі болған.

Тағы бір айта кететін жайт, автор осы еңбекті ұсыну барысында ұлылардың сауаттылығымен қоса тақуалықтың жолында жеткен сезімталдығы мен көрегендік қасиеттерін де тамаша дәріптейді.

Міне, осындай тарту таралғысы мол, көне тарихтан сыр шертетін кітаптың авторы Мәулана Әли ибн Хусейн. Ол өткен ұрпақтың мұрасын жүйелі түрде жинақтап, олардың игі істерін топтастырып, көпшілікке ұсынып отыр. Кітап негізінен қожа хазіретінің және өзге де ұлылардың шежірелерінен алынған. Оның білімділігі мен ой топшылауы нәтижесінде болса керек кітап шежіре тарих ретінде қожа хазіреттің ұстаздары мен бабаларын өз дәрежелеріне қарай, олар жайлы жазылған еңбектерден дәлелдер арқылы көркем сөзбен жазылған. Оқиғалар желісі ретімен, қожа хазіреттің сипаттары мен кереметтері және ақыретке сапары жайлы да толық айтылған. Тілдік тұрғыда автор еңбекті арабша, парсыша және көне шағатай тілінде жазып қалдырған. Сондықтан еңбекті тәржіма жасауда көне түркі тілінің де ерекшелігі ескерілгенін көруге болады. Десе де, аударманың тілі жатық, жалпы қарапайым оқырманға түсінікті тілде ұсынылып отыр деп санаймыз.

Түйіндей келгенде, ұсынылған еңбек тарихшыларға, тілшілер мен әдебиетшілерге және өз бетінше исламтану, дінтану, діндер тарихын зерттеушілер мен ізденушілерге берері мол құнды еңбек. Сондықтан мұндай еңбектердің жарыққа шығуы бүгінгі таңда тақуалықта әлі күнге дейін шешімін таппаған мәселерде септігін тигізеді деп білеміз. Кітапты дұрыс бағалайтын оқырманның жүрегіне осындай келелі еңбектер тиісті орнын табады деп сенеміз.

Баршамызға бір Алла жар болғай!

 

Кітапқа қатысты мәліметтерді Нұрлан Берденұлымен хабарласып білуге болады. Тел.: 87013450720

Сондай-ақ, оқыңыз

Өткен әзиз әулиелер

Шайдарбек қажы Әшімұлының құрастырып, шығарған бұл кітабына еліміздің негізінен Қаратау баурайы мен Сыр өңірінің арғы-бергі …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған