Білген Шайыр айтады

Уағдасынан әр кезде Алла танбас

хикаят

Хафса деген қатын бар еді,

Меккеден бөтен базары.

Хәм бай еді, хәм сұлу,

Меккеден артық ажары.

Пайғамбардан кеп сөз сұрады,

Иманды екен әзәлі:

– Еш балам жоқ, байым жоқ

Аламын деген адам көп,

Жәннатты қайтсем табам? – деп, –

– Сізге келдім алаң боп,

Патшаның баласы айтты, тимедім,

Жүр деп айтты, жүрмедім.

Жәннатты қайтсем табамын,

Ойнамадым, күлмедім.

Бір бай келіп жүз түйе беремін деді, бармадым,

Тілін оның алмадым.

Жәннатты қайтсем табамын,

Хақ жолынан қалмадым.

Іздеген сіз адамым,

Не десеңіз де тіліңізді аламын,

Алдыңызға мен келдім,

Басқаға болмай алаңым.

Пайғамбар айтты сол уақытта:

– Хақтан табасың дініңді,

Алсаң менің тілімді.

Қылар, қылмасты өзің біл,

Сондай боп маған білінді.

– Алдым, мақұл тіліңіз,

Хақ екен сіздің дініңіз.

Мақұл, сізге ризамын,

Кімге берсең, беріңіз.

Шаһарға жар салынды,

«Алам» деп бәрі жабылды.

Терең білімді Пайғамбар,

Ақылынан жаңылды.

Құтыламын осымен, деп,

Ойына бір іс табылды.

– Сәждада мен отырамын,

Бұрын барғаныңа беремін мен, – дейді.

Сөзіме менің сен, дейді.

Алдымен келді Сахайуб,

Бойы кеткен қоқайып.

Тимеймін бұған, –  деп айтпады,

Қатын қалған мұңайып.

Сахайубқа нақақ қылды,

Басқаның сөзі тиылды.

Риза болды амалсыз,

Қиямет жолы қиын-ды.

Нақақ қиып ап қалды,

Ішуге тамақ таппады.

Кіретұғын үйі жоқ,

Ауылына қатынын ап барды.

Бір сөзім бар айтатын,

Сенен жоқпын қайтатын.

Бір жұмысты қылалық,

Қияметте байытатын.

Пейіштің биік жайы бар бөлме деген,

Бөлмесіне төселген торқа кілең.

Сол жайға олар барады,

Нығметке шүкір бөлек риза  болған,

Соны қылсақ қалағанды қолға берген.

Нығметіне шүкір қып сен де отыр,

Бөлек, сабыр қылып, отырайын мен де

Нәпсінің айтқанына біз ермейік.

«Бұл дүние өтеді ғой, бізден», дейді.

Бір біріне отырды жолықпастан,

Әркімнен-ақ дүние өтер, қонып бастан.

Екеуінің жұмысына риза болып,

Періштеге тұрады толып аспан.

Адамды бір атамын дегенімен,

Оларды күнә қылады, дедің де сен?

«Инна … тағламун», деп айт әр дем,

Әр уақта бұлармен болмаспын тең.

 

Таң атқан соң намазға Сахайуп кетті,

Ол кеткен соң Хафсаға ажал жетті.

Қайтып келсе қатыны өліп қалған,

Ажал жетіп, артынан бұл да кетті.

Бір қабірге қояды, тиіп жанбас,

Ажал жетсе дүниеде ине қалмас.

Ғурфадан жай алып екеуі қосылады,

Уағдасынан әр уақта Алла танбас.

 

ҰРЫ ТУРАЛЫ ХИКАЯТ

 Бұрынғы өткен бір диқан

Гауһар тапты жерінен.

Тауып алған гауһары

Бір адамға сезілген.

Қазынадан алдың деп,

Тартып алып гауһарын,

Абақтыға салар өзіңді,

Бұл жерден кет тезінен.

Харун деген патша бар,

Апарып соған беріңіз,

Тыныштық болар кеніңіз.

Менің айтқан сөзім сол,

Қыларсың, қылмассың мейліңіз.

Харунға қарай айдады,

Айтқаны мұның пайдалы.

Бармағына Харунға

Белін бекем байлады.

Үш адам жолда жолықты

Харунға бірге барам деп.

Басқаға болмаймын алаң деп,

Харунды тауып бәріміз,

Болып жолдас саған, деп,

Оларға гауһар білінді.

Диқанның көзі ұйқыға

Бір жерде жатып ілінді,

Ұрлап алып гауһарын,

Патшаға қарай жүгірді.

Оянса гауһар таппады,

Ұрладың, деп, ол уақта айтпады.

Патшаға барғанда айтам, – деп,

Жүрісінен бұрынғы қайтпады.

Патшаның келді қасына,

Жұмыс түсіп басына.

Арызын айтты патшаға,

Толтырып көзін жасына.

Әкеліп ем сізге тартуға,

Мойныңызға міндет артуға.

Ұрлап алды үшеуі,

Жолда қорықтым айтуға.

Үшеуін қинап сұрады,

Алдық деп ақырар болмады.

Айтқан соң шындарын,

Абақтыға салып қамады.

Бір адамның сөзімен

Үш адам салдым абақтыға,

Үш адамды салуға

Бір адамның сөзімен

Дұрыс емес қамауға,

Қамақтан оны шығарсам,

Рақымсыз боп табылам,

Мүсәпір, міскін, ғаріпке

Күмән боп патша отырды,

Қалам деп соңыра қандай жауапқа.

Қызы көрді ғамкин боп,

Отырған сонда атасын.

Атасы айтты қызына

Бастан өткен қатесін.

Билігін маған беріңіз,

Мақұл деп сонда атасы

Берді қызға батасын.

Үш ұрыны шығарды абақтыдан,

Бір мүсәпір сөзімен,

Сіздерді патша қаматқан.

Сөзіңді айтып жүре бер,

Қалмай біздің қабаттан.

 

Салмаққа бәле басына,

Сырын айтпай оларға

Жүре берді жасыра.

Неше күн ертті қасына.

– Білемін сіздер, данасың,

Шаһар мен көрген даласын.

Бір қиын қатты ісім бар,

Инша Алла, сіздер, табасың.

Бұрынғы өткен патшаның бір қызы

Қырық қызбен бауға барады,

Қол жететін гүлдердің

Бәрін теріп алады.

Қол жетпейтін ең шыңында

Бір гүлді алмай қалады.

 

Әпергенге сол гүлді

Беремін деп тілегін,

Әперсеңдер сол гүлді

Не десең де жүремін,

Тілегіңді беремін.

Бауға бағбан шығыпты,

Сыбанып білек түріпті.

Жаннан кешіп бағбан

Гүлді барып алыпты,

Алдына алып салыпты,

Не тілер екен деп патша қыз,

Аң-таң болып қалыпты.

Бағбан айтты: Келсе соңыра жолығасың

Маған кел, депті, жүгіріп,

Ойынмен ісің болмасын.

«Мақұл» дейді патша қыз,

«Ісімді Құдай оңдасын».

Патшаның бір күні күйеуі келді үйіне,

Тамақ ішіп отырды.

Үйіне келіп тойып ап,

Сол уақтары болғанда

Бағбанның сөзі түсті ойына.

Патшаның қызы түрегеп:

– Бар дейді сізден тілегім.

Не десең де берейін,

Тілегіңді тілеген.

 

– Бағбанға уағдам бар еді,

Кеңшілік қыл сіз, – дейді.

– Уағдаңа опа келтіріп,

Бағбанға бар, – дейді, –

Жамандақты ойлама,

Қиямет жолы тар, – дейді.

Бағбанға кетеді,

Бір қасқырға жетеді.

«Амандық берсең», деп тіледі,

Қасқырдан аман құтылып,

Бір ұрыға жолықты,

Талай көрді қорлықты.

«Аман бар», деп уағдаңа

Онан да жауап болыпты.

Бағабанға есік қағыпты,

Бағбан көріп таныды.

Сынап сені көрмек боп,

Аяғына бас салыпты.

Бәрінде де еді жақсылық,

Қоймады бәрін жақсы қып.

Гауһарды тауып алмаққа

Патша қыз тұрды асығып.

Бол енді дарға тарт дейді,

Гауһарды жылдам тап дейді.

Гауһарды берді шығарып,

«Болмады ғой», қап дейді.

Дарға тартып отырды,

Ақылмен ісін бітірді.

«Ұрлық қандай залым», деп, –

Бетіне бір түпірді.

 

ҒАУЫС ТУРАЛЫ ХИКАЯТ

Енді бір сөз бастайын

Хазіреті Ғауыстан

Неше жыл оқу оқыды,

Кітаптың бәрін тауысқан.

Риялықпен іс қылмай,

Қызмет қылған халықтан,

Екі молда бар еді.

Оқуын жұрттан асырған,

Уақытындағы молдалар

Аяғына бас ұрған.

Хакас еді заты оның,

Жоқ еді туған асылдан.

Мәселе сұраймын Ғауыстан,

Мәселемді білмейді,

Ғауысты көзге ілмейді.

Мәселеме жауап бере алмас,

«Масқара қылып күлем мен», дейді.

Біреуі айтты молданың:

Менен де мәселе сұрайды,

Менікіне жауап береді.

Сынамаққа Ғауысты

Екеуі де келеді.

Әбдіқадыр айтты: – Оларға зийарат қыл,

Басқа сөзді ойлама,

Бәріне жауап береді.

Бермейді деп ойлама,

Масқара боп қаларсың.

Ілгері қарап, бойлама,

Зийаратқа келді үшеуі,

Орнынан Ғауысты таппады,

Таппағанның себебі –

Ғауысқа бұлар жақпады.

Теріс қарап отырды,

Бетіне бұлар бақпады.

Сұраймын деген мәселең

Мынау деп айтты мағынасын.

Тыңдап отырып ол молда,

Таппады, жүдә, терісін.

Тозақи боп кетесің,

Артыңда сенің көп ісің.

Менікін біледі деген молдаға айтты,

Оның да берді жауабын.

Білмейтұғын мағынасын

Мен емес деп, адамың,

Ойыңдағы жұмысты

Бәрін де мен табамын.

Тозақи болған сол молда

Бір патшаға барды орыстан,

Орынын ойып қоныстан.

Неше күн жүріп қасына,

Оған таныс болысқан.

Қызын әбден жасантып,

Алдынан молда өткізді.

Қызды көріп ғашық боп,

Есін тіптен кеткізді.

Дініне қызды кіргізіп,

Кәпір болып кеткізді.

Біледі деген молдаға айтты:

– Сен бедің бұл жұрттан асқан,

Бұрынғы молдалығың кетсе бастан.

Молдалығы оның да кетіп қалды,

Өзінше молда еді судай тасқан.

Абдіқадырға айтты:

– Әулиелер аяқ астыңда болсын, – дейді,

Не десең де айтқаныңа көнсін дейді.

Бұл елден ғайып болып мен кетемін,

Ғауыстық нақ басыңа қонсын дейді.

Сонда айтты дейді,

Ол Ғауыс болды ғайып,

Әбдіқадырға Ғауыстық келді тайып.

Екі молда бір кәпір, біреуі бай боп кетті,

Екеуінің жұмысы болды айып.

МЕН ДЕ ЕНДІ ӨЛЕРМІН

(Насихат)

Мен де енді өлермін,

Жасым жетті сексенге.

Ажал жетіп қоймайды,

«Тұра тұр», – деп, – жалынып,

Көзіңнің жасын төксең де.

Қайыр сахауат қылып қал,

Өзіңнен өзің аянбай,

Тұрғанда жаның бүкшеңде.

Бахил болмай сақи бол

Онан соң сенде айып жоқ,

Қай уақытта өлсең де.

Барында жаның сауаб істеп қал,

Барғанда қандай болам деп,

Уайым жеп кем ісіңді,

Сауабсыз болсаң бір ит сен,

Малы жаның көп болып,

Жүзге таман жетсең де.

Мақшарда барша жылайды,

Аз боп қалса сауабың.

Бір Алладан ұялып,

Болмайды сонда бет сенде.

Періштелер тұрар қамалап,

Кете алмайсын не етсең де.

Баршаны айдар сираттан,

Өтпеймін деп айтуға

Болмайды сонда бет сенде.

Періштелер айдар сабалап,

Өтпеймін, жүдә, десең де.

Қылдан жіңішке қыл көпір,

Өтпеймін мұнан, жүдә, деп

Үзілмейді тепсең де.

Өтіп кетсе жақсылар,

Өте алмай қалсаң жалтақтап,

Болады айып көп сенде.

 

Ораза, намаз, құлшылық

Мойныңа парыз – ол сенде.

Азап қып қатты сұрайды,

Құтылмайсың өлсең де.

Дүние ісің қандай-ды,

Ақыретке барғанда,

Періште болар, біл, сен де.

Осындай қатты іс болар,

Құлшылық қыл Аллаға,

Барында жаның өкпеңде.

Қатты қысым іс болмас,

Қызметін Алла еткенге.

Жалған емес бұл сөзім,

Ақылы бұған жеткенге.

Көр азабы көп болар

Қызметін қылмай Алланың,

Қапыл болып кеткенге.

Наз, нығмет көп болар

Бейішке қолы жеткенге.

Нығметі шырын бейіштің,

Мұндағы жеген бал-шекер

Қазы-қарта, еттері.

Бейіштен жай алған пенделер

Мәртебесі көп артық

Мұндағы патша, бектен де.

Пейіштен жақсы жай берер,

Қаһарынан қорықса Алланың

Мұндағы азап шеккенге.

Рахмет қылар бір Алла,

Қаһарынан қорқып Алланың

Көзінің жасын төккенге.

Қызметің жақса Аллаға

Пейіштен болар тұрысың да

Хор, Ғылман жолдас боп,

Көріңе жағып шырақты,

Жарық болар көр сенде.

Осыған дұға қылыңдар,

Болайын риза өлсем де.

 

«ҚҰРАННЫҢ» ҚҰДІРЕТІ НЕДЕ?

(Насихат)

Талай кітапта айтылған

Шарапаты жұманың,

Анық болып жазылған

Аятында Құранның.

Жеті күннің ішінде

Шарапатты күні Құдайдың.

Жұма күні болғанда

Тасбих, тахлил көп артып,

Оқылып тұрсын Құраның.

Жұма күні өлгенге

Көр азабы жоқ болып,

Шарапатынан жұманың

Рахметі болар Құдайдың.

Калимамен жан берсең,

Пейіштен болар тұрағың.

Калима айтып жүрсеңдер,

Жеңіл болар сұрағың.

Жұма күні сексен айтсаң салауат,

Сексен жылғы күнәңді кешірер,

Есітті Кітаптан анық құлағым.

Күнәңді Құдай кешкен соң,

Астыңа берер пырағын.

Қараңғы көрге жатқызбай,

Жағып қояр шырағын.

Қабыл қыл деп тәубамды

Жұма күні тасбих, тахлил көп етсең,

Қажымен парапар сауабы.

Қияметтің күнінде

Жеңіл болар жауабы.

Бұған күмән қылмаңдар,

Кітаптың осы хабары.

Ораза қылып өзің де

Зікірін Алла көп етсең,

Қажының сауабын анық табары.

Бұл сөздің мағынасын білмейді

Оқымаған адам әзәлі.

Жұма күні болғанда

Тасбих, тахлил көп етіп,

Қайыр, сахауат қылыңдар.

«Құранның» айтқан жауабы.

Жұмада сауап көп қылсаң,

Меккені қылғандай болар тәуабы.

Жұмада қызмет көп қылсаң,

Осындай көп сауабы.

Өңге күннің сауабы,

Жұмадан кейін шамалы.

Азды, көпті болса да

Намаз, ораза тұтып,

Қылған жақсы амалы.

Жалған емес бұл сөзім,

Кітаптың осы айтқан хабары.

 

НҰРМАН-ҚОЖА БАЛАСЫ ҚҰЛМҰХАММЕДТІҢ АЙТБАЙҒА АЙТҚАНЫ

 Жұрт ақыны Айтбай ол,

Қазақтан шыққан молдасың,

Қызметті көп қыласың,

Қожа, молда – жолдасың.

Қызметің Аллаға аз болса,

Білесің өзің бір басың.

Молдамын деп мақтанба,

Ауладынан Пайғамбар

Аруақтысың сонда, сен,

Қызметің қылған көп болса.

Пайғамбардың тойының

Алдындасың, оңдасын.

Қызметің қылған аз болса,

Артындасың, солдасың.

Дүниеде жалған тұрмайсың,

Ақыретке барғанда

Жаныңның ойла олжасын.

Сахар тұрып қызмет қыл,

Алланың толтыр формасын.

Таң атқанша ұйықтасаң

Құры қалып сауабтан –

Шайтан болар жолдасың.

Олай, бұлай қашуға

Табылмайды, қолдасың.

Қызметің қылған аз болса

Мазақ қылып ойнауға

Шайтан болар жолдасың.

Құрдасың түсіңе кіріп азғырып,

Малғұн болар сырласың.

Шайтанның ерме тіліне,

Қылмадың деп қызметті

Періштелер ұрмасын.

Қатын, балаң ермейді,

Дүниеден кетер құр басың.

Қолдап жерге түсу бар,

Жоғарыда, шыңдасың.

Күнәңа өткен тәуба қыл,

Ұзақ сапар жолдасың.

Айтып енді мен болдым,

Жаратқан өзі оңдасын!

Көр азабын көп етіп,

Шерменде Тәңірім қылмасын.

Тауаккалту ‘ала Аллах!

Көңілім қайғы қамдасын,

Ба-рахматика йа архам ар-Рахимин!

 

 

МҰСА МЕН ҚАРЫНБАЙ ТУРАЛЫ ХИКАЯТ

Мұса зекет бер десе де

Қарынбай зекет бермейді,

«Бер» деген сөзі Мұсаның

Құлағына енбейді.

«Бір мың азап көресің» деген,

Мұса сөзіне сенбейді

Қырық анбар еді алтыны,

Ғалымын біліп ап еді,

Уақытында халқына

Бәріне бек боп отырды,

Ойламастан артыны.

Ол уақтағы зекеті

Үштен бір еді беретін,

Үш шығарып, үш қосты,

Болмады оған көнетін.

Ақырында жер жұтты,

Бар екен жазуы көретін.

Әуелім тезден жұтылды,

Жалынған соң берем деп,

Жұтудан жер құтылды.

Үштен бірін шығарып,

Қайта қосып пұлына,

Бермеймін деп құтырды.

Онан соң жұтты білесің,

Өліп жатыр бәрі білесің.

Берейін деп айтқан соң,

Шығарды тағы күйеуінің

Үштен бірін сосын үлесін.

Қосып беріп пұлына

Тағы қылды айласын,

Жұтылып кетсін енді деп,

Алладан Мұса сұранды.

Мұсаға айтты Қарынбай:

– Аламын деп малымды,

Жерге мені тарттырдың.

Алып қалып барымды

Қулығыңды арттырдың,

Ісің болды шалымды.

Жылан, шаянға шақтырдың

Қарынбайдың артынан

Малын жұтсын жер дейді,

Малын Мұса алды деп,

Әңгіме қылар ел дейді.

– Азды көпті ризық өтер,

Бір Алла өзің бер, – дейді.

Тәубасынан қан шығып,

Қоңыз сонан жаралды.

Оны-мұны боқ жияды,

Білмейсің халал, харамды.

Харамнан бойың аулақ сал,

Өзіңе қылмай залалды.

Осындай боп өтіп кетті Қарынбай,

Азаптан кетті арылмай.

Қызметін Алла қылыңдар,

Қызметіне тарықпай

Алла дегін, бейдауам.

 

 

ПАЙҒАМБАРЛАР ТУРАЛЫ ХИКАЯТ

 

Әуелім, Пайғамбардың нұрын қылды,

Он сегіз мың ғаламнан бұрын қылды.

Алтын, гауһар қамбаға салып қойып,

Аршы Али-дің қасынан орын қылды.

Бұл дәулет бізге тимес пе, Мұхаммед үмбеті қылды,

Нұрына күллі махлуқат сәлем қылды.

Күллі махлуқат бәріне ғалам қылды.

Неше мың жыл жұмақта тұрғанан соң,

Дүниеге келтіріп адам қылды.

Бұл дәулет бізге тимес пе, Мұхаммед үмбеті қылды.

Ата-анадан Мұхаммед жетім қалған,

Әбу Талиб асырап қолына алған.

Ол уақытта азат, құрмет құрайышта еді,

Құрайыш ортасынан орын алған.

Бұл дәулет бізге жетпес пе, Мұхаммед үмбеті қылды.

Пайғамбарлыққа ілінді қырық жасында,

Еш жамандық жері жоқ тұлғасында.

«Лаулак лама хулиқат ал-афлак» – деп айта келген,

Шарапатты боп туылған ту басында.

Бұл дәулет бізге тимес пе, Мұхаммед үмбеті қылды.

Құрметтен Масджи-и Ақса ағзам барған,

Қаб қосын ауданынан орын алған.

Үмбетінің күнәсін сұрап алған,

Бұл дәулет бізге тимей ме, Мұхаммед үмбеті қылды.

Миғраждан барғанда күнәсін тіледі үмбет Алладан,

Бердім дейді бір Алла,

Тілегеніңше дүниеден.

Тілінен үмбет қалмаған,

Бұл дәулет бізге тимей ме, Мұхаммед үмбеті қылды.

Тоқсан мың тілек тіледі,

Бәрін Алла береді.

Көңілі тынып үмбеттен,

Миғраждан қайтып түсіңе кіреді.

Бұл дәулет бізге тимей ме, Мұхаммед үмбеті қылды.

Әр Пайғамбарға күшін берген қырық палуан,

Әр Пайғамбар жұмысы әр алуан.

Қырық пайғамбар Мұсаға күшін берген,

Мұса болған бәрінен ірі палуан.

Пайғамбарға Мұса адами,

Қырық палуан берген күшін,

Осы күшпен дұшпаннан алған өшін.

Қанша үлкен палуан болғанымен,

Лақтырып қара жерге тыққаны шын.

Зарқұм патшаны көтеріп аспанға атқан,

Күші асқан палуан еді ол да әбден,

Палуандығын Пайғамбар көргенен соң,

Әскерімен мұсылман болды артынан.

Зарқұмды әскерімен алды жеңіп,

Оны алғасын, мұсылмандық кетті кеңіп.

Зарқұмды мұсылман қылғанан соң,

Орнында тұра берді, Мекке келіп.

Жан жағындағы шаһардың бәрін алды,

Шариғаттан бәрі де тәлім алды.

Жан жағындағы шаһарға мұсылман деген

Дабысы барша жұртқа мәлімденді.

Қандилда адам да айтып сурет етті,

Жаратпастан ілгері жер мен көкті.

Мұсылман, кәпір рухы бәрі болған,

Мұсылман рухы келіп сәлем етті.

Бұл дәулетте бізге тимес пе, Мұхаммет үмбеті етті.

Мұсылман рухы келіп қылған нәзір,

Кәпір рухын құлатып, қылған азар.

Өз бетімен еш адам іс қыла алмас,

Жақсы, жаман барлығын Алла жазар.

Бұл дәулетте бізге тимес пе, Мұхаммет үмбеті қылды.

Қарағанда біреуі бас, біреуі аяқ, біреуі көзін көрген,

Кітаптан осыны анық көзім көрген.

Ағзасын көрген жан әр түрлі адам болды,

Бұл жұмыс бар жұмыстың жөнін берген.

Бұл дәулетте бізге тимес пе, Мұхаммет үмбеті қылды.

Шаддад Намруд перғауын еш қарамаған,

Қарауды Пайғамбарға ұнамаған,

Өзге кәпір қараса да еш көрмейді,

Көрмеген соң мұсылман бола маған.

Бұл дәулетте бізге тимес пе, Мұхаммет үмбеті қылды.

Бұл сөзім ішінде бар дақайық ал-ахбар

Көзім көрді талайды, бар ықтияр,

Сөзімді қате болса ғафу қылғын,

Қателік, талай жұмыс өткен бастан.

Жақсы, жаманды сөз етіп кітап жаздым,

Аса зерек емеспін, ақылы асқан.

Бұл күнде жасым келді сексен беске,

Ғафу қыл деп тілеймін күнәм мен көп іске.

«Ал-Таиб мин ал-занаб» – деген хадис,

Зәредей күнә қалмас Алла кешсе.

Құдайдың рахметі көп, қаһары аз,

Біз күнәкар пендеміз қысы мен жаз.

Әр күнәдан тәубә қыл, құлап, талсақ,

Қайтадан күнә жамап, боламыз мәз.

Біз күнәкар пендеміз тұрағы жоқ,

Мұсылманбыз деп айтамыз,

Көп сауап қылмағы жоқ.

Кітап сөзін айтқанмен тыңдамайды,

Керең адам секілді құлағы жоқ.

Тозақ жетеу болғанда, пейіш сегіз,

Екеуі жаратылған болып егіз.

Діні жоқ кәпірлерге тозақ түрлі,

Жаннат кіргіз, калима күйге енгіз.

Кәпір туып мұсылман болған басым,

Алла жәннат сарайың құры болмасын,

Калимаға келгеннің кіргіз түгелін де.

Бұл пендеңнің сауабы аз, күнәсі көп,

Тәуба қылмас ісінің жаласы көп.

Баршасын ғафу қылып, өзің кешкін,

Көп пендеңнің ораза, намазы жоқ.

 

 

ЕСКЕНДІР ПАТША ТУРАЛЫ ХИКАЯТ

 

Харам ішіп аузын былғамайды,

Екеуі Шадда және Нимруд екі кәпір,

Иман айтпай иманнан болған тақыр.

Қанша жыл патша болып жүргенменен,

Имансыз боп дүниеден кетті ақыр.

Патша болған Ескендір Зұлқарнайын,

Жиырмасында дүние кезіп, білген жайын.

Жер жаһанның бәріне патша болып,

Патшалығы аса берген жүрген сайын.

Машхарына барып Қастантинйа

Ішіне шаһарының түсе алмады.

Қылса да түсуіне қанша айла,

Қастантина дуалы сегіз қабат,

Ішіндегі шаһары әбден абад.

Көшесімен еркінсіп жүре берсе,

Далаға шығып кетер,

Есігін оның қайдан табады

Қастантина шаһарын ала алмады,

Шаһарының ішіне бара алмады.

Дуалға адам шықса тартып кетер,

Есігін таба алмастан алаңдады.

Тылсым қып қойған екен,

Адамды тартатұғын,

Еш қулық жоқ адамнан артатұғын.

Қанша айла қылғанмен кіре алмады,

Амалсыз болды енді қайтатұғын.

Ала алмастан сыртынан қайтып кетті,

Ала алмадым деп өкініш айтып кетті.

Ала алмастан ол жерден қайтты кейін,

Көбейтіп енді сөзді не қылайын.

Ал-Хайат суынан Ескендір кетті кейін табамыз деп,

Патшаға ол судан нәсіп болмай,

Іше алмастан іздей-іздей бұлар кетті.

Қырық күн қараңғы жерде жүрді тас басып,

Табамыз деп жүреді асып-сасып.

Қырық күннен соң ол жерден елге қайтты.

Патшаға ол судан болмай нәсіп.

Ол тастан алған да арманда, алмаған да,

Біреуге аз, біреуге көп тиіпті,

Қолын созып ол тасқа қармағанда.

Біреулер ала алмастан құры кеткен,

Алмаққа оған нәсіп салмаған да.

Жарыққа шығып қараса гауһар дана,

Деп айтар көп қылып алар едің.

Барсақ және қайтеді,

Біреуге көп, біреуге аз ризық берер,

Әзелде ризық беруші Аллах Тағала.

Көп қартаймай, патшаға ажал жетті,

Арманда боп дүниеден өтіп кетті.

Санаулы әркімнің күні бітсе,

Бір сағат тұра алмайды ешкім, тіпті.

Өлгенен соң қақайып қолы қалды,

Билік еткен патшалық орны қалды.

Қолы жерге түспейді бұл несі деп,

Әр шаһарға апарып сұрау салды.

Бір жас қыз келе жатыр отын алып,

Өлікті адамдар жүр ортаға алып.

Қол мәнісін ол қыздан сұраймыз деп,

Қыз келгенше сол жерде тұрды арып.

Қақайып түспейді қолы жерге,

Мәнісін сұрап қыдырдық елден елге.

Мәнісін осы қолдың сұраймыз деп,

Бүгін келіп отырмыз осы жерге.

Қыз сұрады «өліктің кім, деп, – аты?»

– Патшазада Ескендір салтанатты.

Жер жүзінің бәріне Патша болған,

Ескендір Зұлқарнайын мұның – аты.

Жерге, жүдә, түспейді қолын созып,

Жаһанға патша болған жұрттан озып.

Патшамыз ажал жетіп өлгенен соң,

Мал-мүлкі, баршасы кетті тозып.

Қыз айтты: Патша болдым жұрттан асқан,

Патшалық үкіметім кетті бастан.

Тәж, тахт, мал, мүлкім бәрі қалып,

Құры қол кетіп барамын – деді, – бостан.

Соны айтқан соң орнына қолы түсті,

Құдіретімен жаратар Аллах жұмысты.

Мағанасын ешбір адам таба алмады,

Құдайдың құдіретімен бір қыз шешті.

Сол жерге Зұлқарнайын қойылады,

Шаһарда қанша мал, ат сойылады.

Қаладағы адамдар шашу шашып,

Мүсәпір, ғаріп, пақыр тойынады.

Ажал жетсе пенденің қалуы жоқ,

Қашан келер, ажалдың қалыбы жоқ.

Жақсы адамдар өз қамын қылып жүрер,

Залымдардың бұл сөзге нанымы жоқ.

 

ХАБИБ ТУРАЛЫ ХИКАЯТ

 

Аллаһ Жар, тура ақыр тапты Құдайды,

Құдайдан қорқып жыласа,

Оны үмітсіз қылмайды.

Бекер жүрмек жарамас,

Күнәсіна тәуба қып,

Жылағаны Құдайға ұнайды.

Қанша түрлі ісін беріп,

Пендесін Құдай сынайды.

Куә болып Аллаһ Жар

Хабиб Алланың бір мүридінің

Басын ұрып, жарады.

Басының қанын ағызып,

Хабиб Аллаға жылап барады.

Үйінде осындай мүсәпір қыл деп,

Құдайдан Хабиб сұрайды.

Хабиб Аллаһ дұға қылған соң,

Аяғына барып құлайды.

Құлағанмен онысын

Хабибті Аллах қабыл қылмайды.

Хабиб Аллах жұмсап,

Қасабқа жүгіріп бар дейді.

Ішек-қарнын біріне-бірін тигізбей

Алдыма алып кеп, сал дейді.

Осындай қылсаң жұмыстыa,

Болмайды саған зар дейді.

Қарнын киіп басына.

Ішегін орап беліне.

Өңешін ұстап қолына,

Ауызға басын тістейді.

Хабиб Аллахтың айтқанын

Кеміс қылмай істейді.

Хабиб Аллахтың қылды айтқанын,

Сөзі жерге түспейді.

Күнәсіне өткен тәубе қып,

Барған сайын күштейді.

Айтқанын бәрін қылған соң,

Хабибке Аллаһ берді батасын.

Күнәсіне тәубе қылған соң,

Аллаһ кешірді қатесін.

Сондағы күнәкар пендесі,

Қызметін қылмай Аллаһтың,

Бекер неге жатасың?

Құдайдан қорқып жыласаң,

Ақыретке барғанда

Көңілден кетірер қапасын.

Мұнда қызмет көп қылсаң,

Жәннаттан нығмет татасың.

Аллаһ дегін, бидауам!

 

 

ӘУЛИЕЛЕР ТУРАЛЫ ХИКАЯТ

 

Хожаий Жаһан әулие

Ол кісі сарттың пірі еді.

Ахмет Замчы әулие

Кереметі Ходжа Жаһанмен тең еді.

Хазрет Сұлтан бабамыз –

Үшеуінің бірі еді.

Сенің жұртың пасық деп,

Сұлтаныма күледі.

Сынамаққа жұрттарын,

Жүреді сартты аралап.

Ең байына барады,

Ішінен әбден аралап,

Қалған жоқ, жүдә, қала қап,

Есігін ешкім ашпады,

Бірінен бірі аспады.

Ахмет Замчыға кетті онан соң.

Сарттың елін тастады,

Олар да кетті қондырмай,

Айтқанын пірдің болдырмай.

Мақтанам деп еді басында,

Айтқаны болмай пірінің.

Пірін қойды оңдырмай,

Сұлтанға келді кезегі.

Жүріңдер деді тез енді,

Байына бармай Сұлтаным,

Бір кедейге кезікті

Құрметтеді ол кедей малын сойып,

Табаққа сап жүгіріп, басын қойып.

Үш әулие риза боп құрметіне,

Тамағын ішіп-жеп, қалды тойып.

Үш әулие үш мың қойын берді,

Сен кедей осыменен тойын деді.

Осымен мейманға ризасың ба?

Тағы бар ма бір нәрсе ойыңда енді?

Ол екеуі жылады

Қолымда жоқ баламыз деп,

Дүниеден баласыз боп барамыз, деп.

Үміт қылып сіздерге малды сойдық,

Бір дұға сіздерден аламыз деп.

Хожа Жаһан бір бала бердім, дейді,

Ахмад Замчы жасы ұзақ болсын, дейді.

Мен де сізге ердім дейді.

 

Хазрет Сұлтан айтты:

Аты болсын Бахауддин әулие,

Әулиелігі жұрттан асқан.

Баланың Бахауддин деп атын қойды,

Көшеде жүр еді Бахауддин,

Қауын өсірем деп топырақ ойып,

Темір патша кеп қалды әскер жиып,

Қауынымды басасың, жүрмейсің деп,

Жүруін патшаның қойды тиып.

Қауын сатсаң, – патша айтты, – алам, – деді,

Онан соң бұған болма алаң, – деді.

Қауыныңның бағасын айт, қанша болар, –

Басып өтіп кетейін, балам, деді.

Бағасы мың теңге алсаң сатып,

Жұрт болып үйренмен миуам татып,

Мың теңгесін қолына санап беріп,

Патша өтіп кетті, сатып алып.

Патша сонда түс көрді, түнде жатып,

Бахауддинді жаратқан Құдай артық.

Бейіштің ағлам жайында патша отыр,

Бұл жайды Бахауддиннен алған сатып.

Қуанып орынынан түрегелді,

Қараса қалған екен таң да атып.

Қайтадан әскерімен қайтты елге,

Тағы да келді қауын сатып алған жерге.

Сол бала топырақ ойып жүрген екен,

– Қауыныңның бағасы қанша теңге?

– Қауыным он мың теңге алсаң сатып,

Бағасы бұрынғыдан кетті артып.

Бейіштен салып алған жайың көріп,

Бұл жерге келіп тұрсың, дәмін татып.

Аяғын құшақтады аттан құлап,

Ықылас қылып балаға тұрды жылап.

Түсінде кереметін көргенен соң,

Жыламай тұра алмады оған шыдап.

Ол жерден кетіп қалды басқа қалаға,

Үй-жай қылып, іздемей басқа пана.

Біреуді әулие, біреуді пасық қылды,

Бәрін бірдей қылмайды Аллаһ Тағала.

Біреуінен біреудің ақылы артық,

Біреуге қазы-қарта жегізер,

Біреуге асын бермейді аузын жарытып.

Жүз түйе патша қомдап берді,

Берсін деп Бахауддин алтын артып,

Түйесін қанша адамдар алып кетті,

Жол жүріп неше күндей бір күн жетті.

Бахауддин жатыр екен хауыз қазып,

Патша берген қағазын көрді жазып.

Топырағынан хауыздың ала бер деп,

Хауызын шаба берді қайта қазып.

Олар  білмейді топырағын аларын, алмасын да,

Қапқа салды, қап құры боп бармасын да.

Бергені осы деп алдына апаралық,

Алмадың деп басқа бәле салмасын да.

Топырақ артып алдына алып келді,

«Топырақтығы, патша-еке, анық», – деді.

Барғандар топырақ артып, сізден қорқып,

Алдыңызға мінекей алып келдік.

Топырақ деп ашқан екен, бәрі алтын,

Аспанменен жерді бұлар ажыратса.

Қазынаға барлығын жиып алды,

Шақырып жақсы, жаман күллі халқын.

Қазынаның сол алтын болды басы,

Өтірікші Құдайға болды асы,

Кереметін осындай көргенен соң,

Бахауддинға қабыл болды кәрі-жасы.

 

ТАҒЫ ДА ҒАУЫС ТУРАЛЫ ХИКАЯТ

 

«Б-исмилла Аллах!» деп

Қол ұрдым Хазрет Ғауысқа,

Ғауыстан басқа ешкімге,

Енді сөзім ауыспа.

Бұрын жаздым екі-үш патшаны,

Ғаус-ул-Ағзамның өлді бұрын атасы.

Жас күнінен Ғауыстың

Болмаған ешбір қатасы.

Кағбаны зийарат қылам деген соң,

Анасы берді батаны.

Қырық ділдәсі бар еді,

Тігіп алды жағаға.

Хош айтыпты анаға,

Бір сөзім тыңда, деп, –

Анасы айтты балаға.

– Айтпа, – деді, – өтірік,

Қойса да сені өлтіріп.

Қисық жолмен жүрмейсің,

Жүретін тура жол тұрып.

Керуенмен кетті қосылып,

Жолға түсіп хош ұрып.

Қырық ұры бар еді алдында,

Керуенді жүрген тосынып.

Керуенді талап алады,

Алмаған малы қамады.

Жаяу жүрген Ғауысқа,

Біреуі шауып барады.

Бар ма дейді малыңыз,

– Барыңызды алыңыз.

– Түк қоймайтын керуеннен,

Біз – қарақшы таныңыз.

«Қырық ділдәм бар – дейді – жағамда,

Аласың соны алғанда.

Керуеннің бәрін таладың,

Жалғыз мен сонан қалған да.

Бұл сөзіне нанбады,

Алмаған адам қалмады.

Бәрін алып керуеннің,

Бегіне қарай самғады.

«Адамдардың артында

Мен едім жалғыз қалғаны», –

Алдына салды бегінің,

Керуеннен алғанын.

«Қырық ділләм бар»,  дейді бір жетім,

Сөзіне жоқ нанғаным.

Алып кел, дейді, жетімді,

Көрсін дейді бетімді.

Ділдәң бар ма, жетім, – деп,

Жетімге қарап өтінді.

Жағамда ділдәм бар, дейді.

Басқа жоқ менде мал дейді

Берейін ділдәм, бекзада,

Алам десең, ал, дейді.

– Жасырмайсың неге сен,

Шағатұғын біз жылан.

– Айтпаймын өтірік,

Қойсаңдар да өлтіріп.

Қысым ғып қатты сұрайды,

Алдына Құдай келтіріп.

Дүниеде қылған ісімнің

Беремін соңыра жауабын.

Бір мен емес,

Һәммадан сұрар сауалын.

Көп ішінде шерменде баламын,

Аз боп қалса сауабым,

Тәубе қылып ұрылар,

Керуеннің малын қайтарды.

Қияметтің жұмысы

Айтқаннан-ақ байқалды.

«Піріңе бізді апар», – деп,

Ғауысқа жауап айтады.

Ұрылар тапты иманды,

Таратты бәрін  – жиғанды.

Бәрі жылап, тәубе қып,

Қияметке сайланды.

Шарапаты болды Ғауыстың,

Ақырын берсін әр істің.

Оқыған дұға қылыңдар,

Сөзімді айтып тауыстым.

жалғасы, басы:

Харон патша және Әзім туралы хикаят

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button