Білген Шайыр айтады

Өзiм де әдiлет үшiн қызмет еттiм

Қоқан әкiмдерi  Мәделіқожа Жүсіпқожаұлыны (1816-1888)  ұстауды Шардара өңiрiнiң беделдi адамы Өтетiлеу датқаға тапсырады. Көп қолмен аттанған Өтетiлеу ақынды ұстаудың ұрымтал жағдайын келтiредi. Осы кезде Мәделiқожа қасындағы он жетi жiгiтiмен бiр үйде отырған екен. Қуғыншылар қоршап келiп қалғанын естiгенде батыр: «Өтетiлеу өлтiре алмас, өлтiрсе де көме алмас» деп жiгiттерiне басу айтып, аттарына мiнiп, ауылдан аулақтағы төбе басына шығады. Сөйтiп, аттарының белiн қайта тартып, құмалақ тастатып, олай-былай жүрiсiп, қуғыншыларға қарсы қасқара қарап тұрады. Бұны көрген Өтетiлеу: «Оу, жiгiттер! Қолға түсетiн адам мына төбенiң басында «Менi көрдiң бе?» деп бұлайша тұрмас болар» деген сөзді айтып, жөнiне кете берiптi.

Сол кездері осы секiлдi қуғынның талайын көрген ақын көңiл назасын былайша бiлдiрген екен:

Құдая, өзiң оңда бұл iсiмдi,

Дұшпандар көрiп жүрсiн күлiсiмдi,

Өзiм де әдiлет үшiн қызмет еттiм

Ел үшiн қанға бояп қылышымды.

 

Туысым бөлек, туғаным бұл жерде аз,

«Тақсыр-тақсыр!» дегенге боп жүрдiк мәз.

Басыма қиыншылық iс түскенде

Қасымнан табылмады көңiлi саз!

 

БIР  ЖАН  ЖОҚ  БОЛЫСТЫҚҚА  ТАЛАС  ЕМЕС

Бiр жан жоқ болыстыққа талас емес,

Бiр-бiрiнен көңiлi аласа емес,

Бiр құдайдан басқаға еш сенбеген

Бiздiң қожа үш жүздiң баласы емес.

 

Бастан бұлыт кетпейдi күн жайланып,

Сақау озды, шешеннен тiл байланып,

Тұлпардан есек озып бәйге алып тұр,

Бұл күнде заман кеткен терiс айналып.

 

Тұлпар басы қайта ма тасқа ұрынбай,

Ораз атаң отаудың басқұрындай.

Жаманға жақсы күнде еткен iсiң

Ене табар Қайнардың қасқырындай.

 

Шын болат шынар шапсаң майрылмас-ты,

Ермек бажаң ұраны «Айрылмас»-ты,

Бiр жаман ұран айтып шауқым салса

Бажаң түгiл қатының қайрылмас-ты.

 

Бұрыннан өткен iстi қуғаны жоқ,

Болмас iске белдерiн буғаны жоқ,

Ақылға Апылатын болса-дағы

Бұл күнде болыс болмас туғаны жоқ.

 

Оман аққан дарияның құруы жоқ,

Әдiл төре билiгiн бұруы жоқ,

Тiрiлiп Наушаруан әдiл келсе

Бұл күнде болыс болмас ұруы жоқ.

 

Насыбайға жарымас шақшасы жоқ,

Қызға көпшiк жараспас боқшасы жоқ,

Ыбыратқа Үрiстем дастан болғын

Бұл күнде болыс болмас ақшасы жоқ.

 

Керуен шығар қалаға қостарымен,

Амандасып кетедi достарымен,

Әркiм теке қояды өз ылағын,

Iсi бар ма бiреудiң қошқарымен?

 

Әркiм тойда сөйлесер iңкәрiмен,

Бектер ауға шығады сұңқарымен,

Әркiм бақпай өзiнiң қотыр тайын,

Iсi бар ма бiреудiң тұлпарымен?

 

Бiр атты бiр атпенен өңгере ме,

Аюын арыстаннан кем көре ме?

Әркiм бақпай өзiнiң көтеремiн

Бiреудiң тұлпарына жем бере ме?

 

Асқар таудың айдыны қарыменен,

Өзен көркем көрiнер жарыменен,

Әркiм үкi тағады ботасына,

Iсi бар ма бiреудiң нарыменен?

 

Естi кiсi есермен ойнамайды,

Бойы қысқа тереңге бойламайды,

Ақша берген кiсiнi болыс сайлап

Елу басы ел қамын ойламайды.

 

Сөйлейдi әр алуан пенде асы,

Жыласа қабыл болар көздiң жасы,

Закүн жабу жабады жалпуышпен

Есектi ат сайласа елу басы.

 

Құдайым барша жанды жаратып тұр,

Бiрiн аз, бiрiн көп қып таратып тұр,

Елубасы тышқанды болыс сайлап,

Арыстанды аузына қаратып тұр.

 

Ақшаңды шашып қара сенбесең,

Құлан жылқы бола ма кiсендесең?

Ағайынның аздығы бос тұрғаным,

Болмаса мен де осал кiсi емес ем.

 

Қартайып ақылымнан танғаным жоқ,

Өлеңде алдыма жан салғаным жоқ.

Ұруымның аздығы бұл тұрысым,

Болмаса ыбырат таппай қалғаным жоқ.

 

Көкiрегiм дариядай шалқушы едi,

Қызыл тiлiм кемедей қалқушы едi,

Сөйлесем мың кiсiнiң ортасында

Тыңдаған қорғасындай балқушы едi.

 

Қанша шешен болғанмен тiлiң балдай,

Қалың жұртың болмаса қара талдай,

Қара тасты балқытсын қанша тiлiң

Сайлау күнi болмайды керiмсалдай.

 

Адал жүрген жiгiтке алла жар-ды,

Арам жүрген жiгiттiң пейiлi тар-ды,

Үкiмдардың сайлауы әдiлеттi

Өз қолыңа бередi ықтиярды.

 

Көп әкiмдi өткiздiк көзiмiзбен,

Қате кетсе кешiрерсiз сөзiмiзден,

Үкiмдар әдiлетпен сайлар түзу,

Бұқара, ағат кетсе – өзiмiзден.

 

Қарағай тораңғыдан өсер бойлап,

Елубасы iс қылмас түбiн ойлап,

Осы күнде көбiнiң миы ашып жүр,

Жол көрмеген есердi болыс сайлап.

 

Баз болыстар қарызға батып жүрсiң,

Бал деп ұрттап зәһарды татып жүрсiң,

Үкiмдар ықтиярды бердi өзiңе,

Бұқара, бiр-бiрiңдi сатып жүрсiң!

 

Сөзi үлгi келедi пәһiмдiнiң,

Онбасысы көп шығар жақындының,

Ақша шашқан адамдар болыс болып,

Бәрi де жайында жүр ақылдының.

 

Бақ келiп қонып жатыр малы барға,

Малсыздың мансап қуар әлi бар ма?

Тұйғынды аспандағы iлем деп жүр

Ауылда боқ жеп жүрген ала қарға.

 

Жылдар өтiп барады замандарда,

Бұлбұлмын деп сайрайды жаман қарға,

Тұлпардан есек озып бәйге алып тұр,

Әттең-ай амал бар ма, амал бар ма?

 

Ат жақсы, атан күштi жалыменен,

Бай мықты, батыр шешен малыменен,

Болсаң да қанша жақсы жат сыйламас,

Әркiмдi алсын құдай табыменен!

 

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button