Жарық нұрдың сәулесі

Құлымбет қожа ұрпақтары  

Құлымбет атам

Құлымбет қожа ишан – Қожахмет қожа баласы, Нұрман қожа немересі, Қорасан қожа, Ұлық баласы. Төреқожа ақынның жиені. Анадан жалғыз. Екінші анасынан – Патша қожа, Сайыпжамал. Үшінші анасынан – Бегім қожа.

Атам – ғұлама, зор парасат иесі, ақын, әулиелігі де бар болатын. Ортаға сыйлы. Ағайын – туысқа қамқор, жанашыр, Атымтай жомарт жан еді. Бала-шағасына қаталдығы да, талапкерлігі де бар болатын. Мынадай бір жағдай есімде сақталып қалыпты.

Менің 1 – 2 сыныптағы кезім. Жазғы демалыстағы мезгіл. Ауыл егін басында. Мен әкемнің кенжесі болғандықтан, әкемнің де жігіт шақтан өтіп, біразға келіп қалған кезі. Бір күні әкем қатты ауырып, төсек тартып жатып қалды. Сондағы атамның баласына деген сүйіспеншілігі, оған деген шынайы көңілі біздің жас та болсақ ерекше сезімтал жүрегімізді толқытып, аспанға шығарғандай болып еді. Себебі, біз білетін атам есейіп кеткен жалғыз ұлына өте қатты, мейірімсіз көрінетін, балам деп бір жүрегі жылығанын байқамағанбыз. Балаға деген әкелік мейірім жоқтай көрінетін. Ал мынау болса, атам біраз жердегі өз үйінен жаяу-жалпы біздің үйге күнде таңертең-кешке келіп, баласының басында жылап, құдайына сиынып отырғаны. Сондағы құдайдан тілейтіні: Иа, алла, балама саулық бер, баламды ала көрме, мені ал! Сөйтсек, атам өте мейірімді, ерекше қасиетті, құдай сүйген жан екен ғой. Оған кейінірек, өзіміз өсе келе көз жеткіздік.

Мен тоғызыншы класты, атамның үйі совхоз орталығында болғандықтан, сонда жатып оқыдым. Бір күні мен сабақтан келгеннен кейін атам ешегін ерттеп мені артына мінгізіп, ауылдан 5-6 шақырымдай жерде құмның астында орналасқан қойшылардың ауылына тартып кеттік. Сондағы ауыл дегеніміз 4-5 қойшы үйі. Үйлерге 20-30 метр қалғанда атам қойшылардың өздерінің, әкелерінің, аталарының аттарын бар даусымен айқайлап атап, боқтап-боралап ұрсып кеткенде, есімнен адасқан адамдай есеңгіредім де қалдым. Ал қойшылар болса барынша риза көңілмен бірі майын, бірі құртын, екіншісі ірімшігін, үшіншісі етін әкеліп, демде бір он, он бес минут ішінде қоржынның екі басын толтырды да тастады. Атам тездетіп батасын берді де ілезде үйге кері тартып тұрдық. Үйге келісімен кемпірін шақырып алды да тапсырманы берді: Үйде бір үлкен (сиымдылығы шамамен 50 литр келетін) қазан бар болатын. Соны алдырды да толтырып сөк (тары) салдырды. Үстіне, әлгінде өзіміз әкелген бір қарын майды салып жіберді де майтары жасауға бұйырды. Ертесіне бүкіл ауыл еркектерін майтарыға шақырып, әкелген құрт-майларынан да елге үлестіріп берді. Сонда апамыз (ол кісіні ел «қомпылдақ апа» атайтын) жәй күңкілдеп жүріп айтқаны: «Бүйтіп елге таратып беретіні бар, несіне ел аралап босқа әуре болады» – дейді ғой. Оны естіп қойған атам кемпірінің түгін қалдырмай боқтап-боралап, жер-жебіріне жететін. Сондағы айтатыны: «Адамнан жарамаған неме, сен елдің өз мүлкін өзінен неге қызғанасың, мен өзінікін өзіне таратып беріп, аллаға жақсы атандым, үлкен сауапқа ие болдым.»

Тағы бір өзім көрмесем де, нәтижесіне куә болған бір жағдай туралы айтайын. Ол кезде біздер ағайындармен, шамасы 10-15 үй болса керек, «Полевой» деген жерде тұрдық. Ораза кезінде қариялар бір үйге жиналып «тарапы» намазын оқитын. Сондай бір отырыста Бәйімбет атам, біздің атамның немере інісі, ағасына былай дейді: Інісі ағасына «Сіз»-деп сөйлер еді, бірақ Бәйекең батыра сөйлеп, ағасының жанды жеріне тиіу үшін, немесе жетер жеріне жеткізе айту үшін «сен» деп сөйлейді:

– Сен, Құлымбет, жасың біразға келді, бірақ сонда да болса қыдырғаныңды қоймайсың. Тіленшектігін асқынып барады. Жетпей жатқан дүние жоқ, үйде отырсаң болмас-па еді? Інісінен мұндай ірілікті күптеген атам морт кетеді:

– Отырсаң, өзің отырып қал!

Содан, Бәйімбет атам ертесіне құлап түсті. Сол жатқаннан бас көтермей 3-4 ай жатып, дүниеден өтті. Әрине, бұлай боларын білмеген атам, інісінің ауруына қатты қайғырды. Күні-түні қасынан шықпай, дуасын оқып, жылап-сықтап , алладан қанша сұрағанымен аурудың беті бері қайта қоймады, күннен-күнге нашарлай берді. Ақыры демі де бітті. Біз бұл жерде «айтылған сөз атылған оқпен тең» деген парасатты сөздің парқын аңғарғандаймыз. Бұл аз болса, «аңдамай сөйлеген ауырмай өледі» деген даналық сөз және бар. Жалпы, сөз қадірі, қасиеті туралы әңгіме көп, келтірілген уақиға соның көптен бір көрінісі ғана.

Тағы бір мысал. Ол кезде атам кемпірімен совхоз орталығында тұратын. Мініске бір аты бар, өзі тынымсыз адам сол атымен анда-мында барып-келіп жүретін. Жәй барыс-келіс те емес, арасында «қожалығы» да болса керек. Бұл, сол 50-жылдар, Хрущёв заманы, артық мал ұстауға болмайтын. Совхоздың орталық усадьбасы қарайтын бөлімше басшылары атамның өз інілерінен болатын, солар атама тыныштық бермейді. Күнде келіп, атыңды мемлекетке өткіз – деп, мазасын әбден алып бітеді. Шыдамы таусылған атам, бір күні үстіне тәуір киімдерін киіп, атына мініп совхоз кеңсесінің алдына келіп, ат үстінен айқай салады:

-Ай, Конищев (директор орыс болатын), шық бері, сенімен сөзім бар!

Терезеден ат үстіндегі қарияны көрген директор, жағдайды білуге қасындағы көмекшісін жібереді. Көмекші атамның тек директормен ғана сөйлесетіндігін жеткізеді. Директор жүгіріп шығып, атаммен қол алысып амандасып, аттан түсуге ишарат білдіреді. Бірақ атам аттан түспей-ақ шаруасын баяндайды, атын өзінде қалдыруын талап етеді.Директор сөз мағынасына толық түсінбесе де, әңгіменің не туралы екендігін ұққандай болады. Атамды сылап-сипап,   мапаздап шығарып салады. Ертесіне әлгі басшы інілері үйіне келіп, атамыздан кешірім сұрап, атының өзінде қалдырылғандығынан хабардар етеді.

Бұдан, «жақсы адам жақсы адамды алыстан таниды» – десе болғандай.

Тағы бір әңгіме. Оразаның алғашқы күндерінің бірінде атам өзінің «пітір-садақа жинау» сапарынан шаршап оралады. Кешке ауызашарда отырғанда келінін қасына шақырып алып:

– Қарағым, маған пәленше түлен ақша, түлен зат берешек; Түленше мұнша ақша, онша зат берешек, соларды реттеп аларсың; Ертең маған бітір-садақаларын алып елдер келе бастайды, оны да өзің жайғастырғайсың. Ел аяғы біршама толастағаннан соң, айналаңды тамаққа шақырып, жиған-тергеннен оларға үлестіріп берерсің, өзінікін өзінен аяма – деген екен. Атасының әңгімесін тыңдап болған келіні, ойында ештеңе жоқ:

– Ата, маған оны несіне айтып отырсыз, ертең бәрін өзіңіз реттейсіз ғой – депті. Содан атам тамағын ішер-ішпес «шаршадым» деп, ерте жатып қалады. Түн ортасында атамнан сезіктенген келіні «үлкен келіні», менің шешемді шақырады. Келіп көрген апам, атамның жағдайының қиындап қалғанын байқап, өзінің үлкен ұлы Әбибулла қожаны алдырады (әкеміз, Біләл қожа ауылда жоқ екен). Көкем отырып дем салады, қол-аяғын уқалап отырады. Бірақ атам содан беті бері қарамай жүріп кетеді. Көкем-апамдар жылап-сықтап енді қайттік деп отырғанда таң атпай әкеміз де жетеді. Сөйтіп, төрт көздері түгел, барлығы атамды ойдағыдай шығарып салады.

 Ажар анамыз

 Ажар апамыз атамыздан шамамен 25-30 жастай кіші еді. Атамыз Арқада мектеп ұстап тұрған кезде біраз қадір арттырады, сый-құрметке бөленеді. Елге қайтарында апамызды сол жақтан алып қайтқан екен.  Бірақ кейін ол жақпен байланыс үзілді. Апамыздың ата-анасынан, туған-туыстарынан бейхабар қалдық. Атам-апамдар біздерге ол туралы ештеңе айтқан емес. Тек, анамыздың арғыннан екендігін білетінбіз және бір сіңлісінің біздің Оңтүстік өңірде екендігінен хабардар болатынбыз. Бірақ, анамыз айтпағаннан кейін бе, әлде өзіміздің салғырттығымыздан ба, әйтеуір, кімге нағашы, кімге түпнағашы жұртпен қатынас орнатуға бағытталған іс-әрекеттер бола қоймады.

Сонымен, Ажар анамыз өте ажарлы, орта бойлы, тұйық, көп сөйлемейтін кісі еді. Атамыздың кейбір қылықтары ұнамай жатса, оған ашық наразылық білдіре қоймайтын, өзінше өзгелерге естілер-естілмес күңкілмен ренішін білдіретін. Содан «қомпылдақ апа» анатып кетсе керек. Апамыз екі қыздың, Гүлсім әпкеміз бен Зүбайда әпшеміздің анасы. Біздерді, Біләл қожаның балаларын, анамыз бөтен болса да, ешқашан да жатсынған емес, өз балаларындай қабылдайтын, өгейлік қасиет көрсеткен емес. Ол кісіні біздер де өз анамыздай жақсы көрдік.

 Менің әкем – Біләл қожа ишан

 Қазақ руға бөлінеді. Рулар біріге келе тұтас бір ұлт құрайды. Сөйтіп, жаңа біртұтас дүние, әлем пайда болады. Бұл қалыптасқан табиғи құбылыс, даму заңдылығы. Осыны біле тұра біздер кейде өзара таласып, руға бөлінді деп бір-бірімізді айыптап жатамыз. Бірақ, олай емес, ол руға бөліну емес, өзін, өз тегін, ата-баба салт-дәстүрін түсініп-білуге деген талпыныс, құштарлық деп ұққан дұрыс болар. Себебі, біздер кешегі күнге дейін ұлт мәселесін жабық күйде ұстап келдік. Енді есік ашылғаннан кейін ұлттық қатынастардың көрініс беруі, оның көп жағдайда ерсі көрініп, қарсылық тудыруы да орынды. Дегенмен, уақыт өте келе бәрі де өз қалпына келетіндігі анық. Сонымен, қазақ ұлт ретінде қалыптасты. Оның ұлттық ерекше қасиеттерін пайымдау үшін құрамды бөлшектерінің қыр-сырына үңілу шарт. Ұлы жүз, орта жүз, кіші жүз. Жүздік айқын ерекшеліктерді жете аңғару қажет. Одан әрі дулат, қоңырат, адай, т.б. және жүзге кірмейтін төре, қожа, төлеңгіт т.б. да бар. Яғни, осы тектік, қандастық айырмашылықтарымен топтасқан туысқан адами қауымдастықтың рухани, дүнияуи құндылықтарын түйсініп зерделеу ұлттық болмысымызды танып-білуге қажет-ақ. Осы мақсатта мен, Шерәлі қожа, өз әкем Біләл қожа ишан туралы, оның әкесі,туыстары, балалары туралы сыр шерте отырып, қожа деген әулеттін табиғи әлемінен нәрлі ақпарат таратқым келеді.

Сонымен, менің әкем Біләл қожа ишан үлкен ғұлама-ғалым болған кісі. Ғұламалық ол кісіге бүгінгі ғылым, яғни материалистік ғылым арқылы қонған емес, көне-ескі идеалистік ислами ілім негізінде қонған. Ол кісі сол ілімнің, діни ілімнің, тереңіне бойлап түбіне жеткен кісі еді. Араб, парсы, түркі тілдерін жетік меңгерген аса парасатты, терең білімді, ерекше мейірімді, қарапайым жан болатын. Үйде ол кісінің кебеже-сандық толы үлкен-үлкен, қалың, кейбірі терімен қапталған кітаптары сыңсып тұратын еді. Ол кітаптардың көбісі араб тілінде болатын, біршамасы парсы тілінде, ал түрікшесі аздау болды-ғой деймін, шамасы. Әкеміз жұмыстан босаған кезінде сол кітаптарды шетінен алып оқып отыратын. Оған, ол кітаптарға, әкемізден басқа молдамын деген көп кісілердің тістері бата бермейтін. Біздің өзіміздің соны білетіндей боп айтып отырған себебіміз, әкеміз кезінде бізді де едәуір оқытқан болатын. Үш тілді де белгілі бір дәрежеде меңгергендей едік, кітаптардың да біразын өреміздің жеткенінше оқыған да болатынбыз. Бірақ, бұл ісіміз жетінші класпен тамамдалды. Одан әрі атеистік ілім әлеміне кіріп кеттік. Қазір физика-математика ғылымдарының кандидаты, филология ғылымының докторы ғылыми дәрежесіне иемін. Әрине, оның бәрі оңайлықпен келген жоқ, көптеп тер төгуге, жанды ауыртуға тура келді. Ғылымға кеш араластым, сондықтан да кандидаттықты 47 жасымда, ал докторлықты 53 жасымда қорғадым. Бір қарағанда, шынында да, ғылымда біраз нәрсе тындырған сияқтымын және соған орай көп білсем керекті. Бірақ сонда да болса, яғни қазіргі ғылымды едәуір деңгейде игердім десем де, әкемнің сол кездегі, кешегі білім деңгейімен ойша салыстырғанда өзімнің әлі де көп төменгі дәрежеде екендігіме көз жеткізгендей боламын.   Шынында да, оған әкемнің әкесі Құлымбет атамыздың (бұл кісі де үлкен ғұлама-ғалым, Арқада мектеп ұстаған ұлағатты ұстаз болатын) мына бір сөзі дәлел болғандай: Бір үлкен кісілердің, қатарластарының білім, білімділік туралы, білім деңгейі туралы сауалдарына өзі мен ұлы Білекеңді салыстыра келе былай деп жауап берген екен: «Мен көл болсам, ол – дария!». «Әке балаға сыншы» – дегендей, осының өзі-ақ көп нәрсені аңғартқандай. Осындайда тағы бір әңгіме еске оралады. Қайбір жылдары, Қазақстан діни басқармасы әлі құрылмаған, дін мәселелері Ташкентте шешілетін заманда 2-3 ғұлама – діни басқарма өкілі – біздің ауылға келеді. Ауыл молдаларын, жалпы діни көзі ашық азаматтарды жинап уағыз айтылады, діни мәселелер талқыланады, қүран оқылады. Шетке таман елеусіздеу отырған біздің әкеміз әлгілердің ғұлама басшысы құран оқығанда бір жерінде еһ-деп дыбыс беріп қояды. Алғашқыда оны елей қоймаған ғұлама сәлден соң қайта оқығанда дыбыс қайталанады. Әкемізге жақтырмай қараған дамулла себебін сұрайды. Сонда әкеміз тұрып, пәлен жерде астын оқылудың орнына қате, үстін оқылғандығын айтады. Діни басқармадағы үздік ғұламалардан саналатын дамулла дала қазағының біліктілігіне күмән келтіріп,оны көрсетіп беруін сұрайды. Құраннан қатесі көрсетілген ғұлама есінен танып қала жаздайды. Кейіннен әкемізден кешірім сұрап, Ташкенттегі діни басқармаға қызметке шақырады. Әкеміз рахметін айтып, ол кісілерді ризашылықпен шығарып салыпты. Енді осы асқан білімділіктің, қазіргі білім саласы үздік өкілдерінен озық тұруының себебіне үңілер болсақ, мұндай теңсіздіктің төркіні біздің ілімнің бірсарындылығында, яғни материалистік ілім дүниені тұтас қамти алмайды, оның жанды (рухани) жақтары назардан тыс қалып қойған, оған шамасы жетпейді де. Мен өз білімімді әкемдікімен салыстырғанда, әрине, дүниетанымдық тұрғыдан салыстырып отырмын. Оның нәтижесінде менің түсінік-танымымның сыңаржақтылығы байқалады.

Сонымен, аса мәртебелі Оспан қажының шәкірті Біләл қожа ишан 1893 ж. Сыр бойында Көксарай ауылы маңында Құлымбет қожа ишан отбасында дүниеге келген. Шешесінен жастай айырылып, өгей әже қолында тәрбиеленген. Әкесі Арқа асып, мектеп тұрғызып, балалар оқытып, Исламды уағыздаған. Біраз жыл баласы әке-шешесіз жетім өсті. Қиыншылықты көп көрді. Есі кірген шақта оқу-білімге ден қойды. Оспан қажы мектебінде оқып жүргенде өзін алғырлығымен, зеректігімен таныта білді. Одан кейін де оқуын жалғастыра берді. Өмірден озғанға дейін кітәптан қол үзген емес. Балаларын түгелдей шынайы ислами ілімнен сусындатты. Ол жәй сауат ашу деңгейінде ғана емес, ілімнің жоғары қабаттарынан да қайырған болатын.Сол, салмақты білімнің арқасында үш ұлы бірдей (Абибулла, Баязид, Нурулла) пенсияға шыққаннан кейін, үшеуі үш жерде мешіт ұстады, имам болды. Қауымдарын имандылыққа баулыды. Осылайша, әкеміз халқына қалтқысыз қызмет етті. Біләл қожа ишан балаларын ғана оқытып қоймай, немерелерін де түгелдей оқытып (ислами ілімге) кетті.

Әкеміз үлкен теолог-ғалым ғана емес, яғни ілім-біліммен ғана күн кешті емес, ол кісі үлкен саяткер (аңшы, құсбегі, бәйге жүйріктерді баптаушы) де болатын. Ол кісінің баптаған жүйріктері бәйгеден ылғи да жүлделі оралып жүрді. Ол кісінің аңшылығы, құсбегілігі арқасында отбасымыз небір қиын-қыстау кездерде де, кейінгі бейбітшілік заманда да еттен тарығып көрген емес. Енді осымен әкеміз туралы әңгімені доғарып, анамызға, ағаларымызға, апайымызға, ол кісінің балаларына тоқталайық.

Біздің өз анамыздың есімі – Хадиша. Ол кісі ұзын бойлы, сұңғақ, атжақты, бидай өңді кісі болатын. Тұйық мінезді, көп сөйлемейтін, келіндеріне қатал болса керек. Үй-іші тіршілігіне көп араласа бермейтін, үй тірлігін көбінесе келіндері атқаратын. Анамыз бетін бүркеніп жүруші еді. Күн тисе қызарып кететін. Қалай десек те анамыз кезінде аса қайратты да бейнетқор кісі болыпты. 30-жылдары колхоз жұмысынан баласына қарауға да шамасы келмейді екен. Өзі жұмыста, баласы үйде жылап жататын көрінеді. Ағамыздың оқуға алғырлық танытпауы мүмкін содан да болар (әзіл ғой).

Яғни, анамыз жан аямай еңбек еткен. Әкеміз кейінде ол кісінің қажырлы еңбегін мақтанышпен айтып отыратын.

Әкеміздің үлкен ұлы Рахматулла ағамызды (ол кісінің анасы босанғаннан соң көп ұзамай дүние салған) біздер көрген жоқпыз. Ол кісі соғыстан оралмады. Рәзия жеңгеміз құрсақ көтермепті. Ол кісі де ағамыздан кейін көп ұзамай, 1952 ж. дүние салды. Жеңгеміз Тебей жетімдер, ел ағасы саналатын, еліне беделді де сыйлы азамат, Арын ағамыздың қарындастарынан болып келетін, әрі біздің түпнағашылар әулетінен еді. Соғысқа дейін ағамыз ауылдық жерлерде колхоз ұйымдастыру, оны басқару істерімен айналысқан екен. Соғысалдын жоқшылықтан әр жерге тарап кеткен ағайындарын жинап, оларды атақонысына, Отырар ауданының Шеңгелді ауылы маңайына орналастырады. Сөйтіп, үлкен іс тындырып, соғысқа аттанады. Осындай аяулы жандардың ерте кеткендігі жанды жаралайды екен. Жыл сайынғы Жеңіс мерекесінде оған қосқан біздің отбасының да үлесі бар екендігіне марқая отырып, үлкен жүректі ағамызды шынайы туысқандық сезіммен еске аламыз.

Екінші ағамыз Әбибулла өте қарапайым, кеңпейіл, бейнетқор  кісі болатын. Ол неше жыл бойы совхоз ұстаханасының меңгерушісі болып істеді. Содан пенсияға шықты. Бұл кісі жаңаша көп оқымаған, бастауыш кластық қана білімі болған. Үлкен ағасы соғысқа аттанғаннан кейін отбасын асырап-бағуды әкесімен бірге өз міндетіне алған сыңайлы. Бірақ ағамыз кейіннен, 1951 ж. Армиядан оралғаннан кейін ескіше (ислами) оқуға шындап кірісті. Ол ересек, мен 2-класс оқушысы. Әкемізден күнделікті қатаң сабақ алатынбыз. Ағамыздың қаншалықты қиыншылықпен білім-ілімді игергендігі көз алдымызда. Ол кісі өте қайсар да қайратты еді. Сол жақсы қасиеттерінің арқасында ескі ілімді ойдағыдай меңгерді, кейін мешіт те ұстады. Мешіттегі намаз, басқа да жиындарға қатысушы жамағатты адалдыққа, имандылыққа, мейірімділікке, шынайы адами қасиеттерге шақырды, олардың жүрегіне осындай игі қасиеттерді егуге күш салды. Өзі үйренген ілімнен өз балаларын, көрші балаларын да сусындатты.

Иа, ағамыз ұста болды дедік, яғни өнерлі болды. Сонымен қоса саяткер (аңшы, құсбегі) де еді. Оның құрған қақпанына түспейтін аң болмайтын. Киік те, қасқыр да, түлкі де, тым болмағанда қоян ілінетін. Мылтыққа да қас шебер еді. Аңға шыққанда ешқашан да олжасыз оралған емес. Ал, құсбегілікте, жүйрік атты баптауда шынайы бапкер еді. Әкесінің құсын, жүйрік аттарын әр кез бабында ұстауға күнделікті көмек көрсететін. Ағамыздың тағы бір ерекше қасиеті, оның әулиелігі еді. Біздер, оның інілері, балалары, ағайындары Әбекеңді (Әбибулла) қазір «әулие еді» – деп жүрміз. Оның мәні, Әбекеңнің асқан мейірімділігінде, кейбір ғажайып болмысында, яғни жәй көзге көріне қоймайтын, сыры ұғылмайтын құбылыстардың ағамыздың айналымынан табылатындығында.

Жеңгеміз Бибайша ағамыздың құдай қосқан жары еді. «Құдай қосты» дегеніміз, жеңгеміздің адамгершілік қасиеттерін жоғары бағалайтындығымыздың белгісі. Жеңгеміз аса мейірімді, қайырымы мол, еңбекшіл жан еді. Шаршау дегенді білмейтін. Өкімет жұмысы, үй жұмысы, бала бағу, қарияларды күту сияқты қымқуат жұмыстарды қатар атқара жүріп, қабақ шыту дегенді білмейтін. Жеңгеміз екеуміз Біләл қожа есігін қатар аттаған сияқтымыз. Ол кісі мен дүниеге келердің алдында ғана біздің әулетке келін болып түссе керек. Сондықтан да жас нәрестені күту, бағып-қағу келіннің көп міндеттерінің біріне айналғандығы шындық. Сол жеңгеміз бізге анамыздай қызмет етті. Бір рет те «сен» деген емес. Өмірбақи ол кісі үшін біз «төре бала» болып кеттік. Әке-шешеміз осы кісілердің қолында болды. Жеңгеміз ол кісілерді қартайған шақтарында жас баладай бағып-қақты. Қариялар келіндеріне әрқашан да риза еді. Ол дүниеге де сол ризашылық сезіммен аттанды десек те болады. Кейін өздері қайтқанда да ағамыз бен жеңгеміз араларына 1-2 ай ғана салып, бір-біріне деген шынайы ыстық ықыласты танытқандай, өмірден зу етіп өте шыққандай болып еді.

Ал, енді ортаншы ағамыз Баязидке келер болсақ, ол өзінің ағаларына да, інілеріне де ұқсамайтын, өте зерек те алғыр азамат болды. Мектептен төрт кластық қана білім алған ағамыз өз бетімен ізденіп, жеті кластық білім алып, колхоз бастықтарының көмекшілерін дайындайтын арнайы оқу орнын тәмамдап қызметке араласып кетті. Қызметін колхоз председателінің көмекшісінен бастаған Байекең, бухгалтерлікке ауысып, сол қызметті пенсияға дейін жалғастырды. Абыройсыз болған жоқ, мекеме ұжымы пенсияға астына темір тұлпар мінгізіп шығарып салды. Арасында Қапланбектегі бухгалтерлер дайындайтын техникумды да бітіріп алған болатын. Бұл да болса зеректіктің, алғырлықтың жемісі. Тағы бір мысал келтірейік: Ағамыздың жас кезінде отбасымыз малда болған, әкеміз қой баққан. Сонда бір күні екі отар мал араласып кетеді. Соның ішінен Байекең өз малын бір-бірлеп танып алған екен. Бұған енді біздің басымыз жетпейді, әрине. Орысша айтқанда: «Феноменальная память».

Зүлһая жеңгеміз – Сейітжан қожа мен Зылиха апамыздың тұңғышы. Мен мектепке баратын жылы бізге келін болып түсті. Өзі алғыр да зерек, көпшіл де кеңшіл, текті кісі болатын. Ақылы да бір басына жетерлік, көсемдік қасиеті де бар жан еді. Сондай артық қасиеттерге ие бола тұра, ағамызбен ың-жыңсыз өте тату-тәтті өмір сүрді, бір шәйт дескен кездері болған емес. Ол да болса сол біліктіліктің белгісі болса керек. Ол кісінің анасы, Зылиха апамыз өте жылдам, іскер, парасатты, аса мейірімді жан болатын. Сол кісі көп мәселені қызымен ақылдасып шешуші еді. Жеңгеміз шешесінің алдында үлкен ақылшы кісідей көрінетін.

Мен әке-шешемнің кенжесі және ағаларыммен жас айырмашылығы бірталай (10-нан әрі) болғандықтан әрі әке-шешеміздің жастары келіп қалғандықтан, мені Баязид ағама еншілес етіп берген еді. Сондықтан да мен   ағам отбасына жақын болдым. Зүлһая жеңгеміз мені өз балаларынан артық көрмесе кем көрмеді. Содан да болар, ол кісі дүниеден өткенде, ылғи сыртта жүріп жат болып кеткен біздер, қатты жан күйзелісіне ұшырап, ең бір жақын адамымыздан айырылғандай күй кешіп едік.

Біраз уақыт өткен соң тағы да жеңгелі болдық. Рахия жеңгеміз ағамызға өте жақсы жан болып кезікті. Ағайын, туған-туысқан ара-қатынасы үзілмей, нығая түсті. Жеңгеміздің балаларына, немерелеріне деген мейірімі ерекше.  Жер ортасына келіп қалғанда, сәтсіз жасалған операция салдарынан көзден айрылып ғаріп болып қалған  ағамызды көп жыл жас балаша күтіп, бағып-қағып, мәңгілікке аялап аттандырып салды. Сондай шынайы да адал жақсылық иесіне Алла тағаланың рахметі жауатындығына сеніңіз.

Төртінші ағам Нурулла ескі ілімге де, жаңа ілімге де онша болмады. Орта мектепті бітірсе де одан қажетті білім ала алмады. Әкеміз қанша әуреленсе де ескі оқуға да ағамыздың зауқы соқпады. Әкеміз баласын орысша оқытуға да, өз ислами іліміне оқытуға да барынша күш салды, тер төкті, бірақ нәтижесі болмады. Соның салдарынан ағамыз жұмыстың ең ауырында еңбек етті. Ақыр соңында, зейнетке шығар алдында, күш-қайраты кемігендіктен қарауылдыққа ауысты, содан зейнетке шықты. Бұл ағамыздың оқуға қырын қарағанынан ол туралы жағымсыз пікір қалыптастыру әбден мүмкін. Бірақ, бұл кісінің өз ағалары мен іні-қарындастарына ұқсамайтын ерекше қасиеті, адами ірілігі бар еді. Ол – сақылығы, ортаға жағымды қылығымен сіңіп кету қабілеті, өзін сыйлата білуі, сөзге шешендігі, тапқырлығы. Осы бір бойына дарыған адами артық қасиеттердің арқасында ешқашан да өмірден таршылық көрген емес, «күліп келіп, күліп кетті» – десе болғандай.

Құттығыз жеңгеміздің жасы менімен шамалас, бір жас қана үлкендігі бар. Мен 9-класқа барғанда біздің үйге келін болып түсті. Әлі есімде: мен ауылшаруашылық жұмыстарынан, Ташкент жақтағы мақта терімінен келіп түскен бетім. Біздің үй орталықтан оқшау 1-2 шақырымдай жерде орналасыпты. Мен жаяулатып үйге келсем, өзі жап-жас, домаланған әппақ қыз баласы алдымнан шығып, иіліп сәлем берді. Қатты ыңғайсызданып қалдым. Сөйтсем, ол кісі менің жаңа түскен жеңгем екен. Құттығыз жеңгеміз әке-шешесінен жастай ажырап қалған (әкесі соғыстан оралмаған, шешесі түрмыс құрған), атасы мен әжесінің тәрбиесінде болған. Әжесі шаң тигізбей, сыртқа да шығармай, көз алдында мәпелеп өсірген асылының сыңары еді. Жас та болса ағамызбен отбасын құрып, өнегелі ұрпақ тәрбиелеп өсірді. Бүгінде ағамыз кеткеннен кейін, сол өздері өрбіткен ұрпақтың басшысы да, ақылшысы да өзі.

Апайым, әпшеміз Зейнеш аса салмақты да салиқалы жан. Ол ескіше едәуір білім алған, бірақ оны жаңаша жалғастыра алмады. Себебі, ол кезде әкеміз қыз баласына қатысты қатаң діни ұстанымда болған. Қыз баланы жаңаша оқытуды дұрыс көрмеген. Әйтпесе, әпшеміз оқуға алғыр да зерек болатын. Әпшеміз көп ұзамай тұрмыс құрды. Бакиров Ахмет деген азаматпен тұз-дәмі жарасып,  қазір бір қыз,үш бірдей жігіт өсіп-жетілді, бала-шағалары бар. Әпшеміз енді сол немере-шөберелерінің қызығымен күн кешуде.

Мен, Шерәлі, 1944 жылы Отырар ауданының Көксарай ауылында дүниеге келдім. 1961 ж. М. Әуезов атындағы ауыл орта мектебін алтын медальмен бітіріп, ҚазМУ механика-математика факультетіне оқуға түстім. 1963-1966 ж.ж. аралығында Совет армиясы қатарында қызмет еттім. 1969 ж. университетті бітіріп, ҚазССР Орталық статистикалық басқармасы (ЦСУ) Есептеу орталығына жолдамамен қызметке орналастым. Онда инженер, аға инженер, ауысым бастығы лауазымдарында еңбек еттім. 1973 – 1990 жылдар аралығында СССР Мемлекеттік банкі Қазақ Республикалық конторы Есептеу орталығына бөлім бастығының орынбасары болып қызметке ауысып, онда «Банк есептерін шешу» бөлімінің бастығы, «Алгоритмизациялау және программалау» бөлімінің бастығы, «Жүйелік математикалық қамтыма» тобының жетекшісі қызметтерін атқардым. 1983-1987 ж.ж. ҚазМУ механика-математика факультетінің аспирантурасын сырттай оқып бітірдім (жетекшім физ.-мат. ғылм. докторы, проф. М. Өтелбаев, физ.-мат. ғыл. кандидаты, жет. ғылыми қызм. Р. Ойнаров). 1990 ж. соңына таман ҚазССР ҒА Математика институтына қызметке ауыстым. 1991 ж. ҚазМУ диссертациялық кеңесінде кандидаттық диссертация қорғадым. 1997 ж. Тіл білімі институтының диссертациялық кеңесінде «Ұлттық ғылым тілі негіздерін қалыптастыру» атты тақырыпта докторлық диссертация қорғадым. Бүгінде осы Математика институтында қызметімді жалғастырудамын. Осы аралықта екі жылдай Астанада Еуразия ұлттық университетінде (2000, 2001) қызмет етіп, Математика институтына қайтып оралдым. Менің жетекшілігіммен бір кандидаттық диссертация қорғалды.

Гүлбаһрам (Сарықыз) апам

Апамыз – Құлыбет қожаның екінші әйелінен. Біздің әкеміз (Біләл қожаның) шешесі ерте қайтыс болған. Бұл екінші анамыздан үш бала болған: Гүлбаһрам апа, Жамал апа, Мәді қожа. Гүлбаһрам апамыз біздің әкемізден 10-15 жастай кіші болса керек. Соған қарағанда атамыз алғашқы әйелі дүние салғаннан соң үйленбей біраз жүрген сыңайлы.

Сонымен, Гүлбаһрам апамыз өте мейірімді, ақкөңіл, мінезі ашық сартылдаған жан еді. Шамасы, мінез-құлқы атамызға, өз әкесіне тартқан болуы керек. Апамыз Әліқожа деген жасы өзінен біршама үлкен, үйленген бала-шағалы кісіге ұзатылыпты. Ол кісі біздің арғы әулетімізге жиен болып келетін болса керек. Апамыз Әлекеңнен Ұлжан есімді бір қыз көрді. Сол қызы өсіп-жетіліп, тұрмыс құрып, шешесін өз қолына алып, аялап бағып-қағып, о дүниеге арулап шығарып салды.

Жамал апам

 Апамыз үлкен анамыздың Гүлбаһрам апамыздан кейінгі екінші баласы. Апамыз мінезі ауыр, тұйық, сабырлы жан еді. Бірақ тым олай да емес, мінез-құлқы біздің әкемізге, ағасы Біләл қожаға да аздап келетін сияқты. Қанша дегенмен туысқан болған соң ұқсастық болуы заңды құбылыс. Апамыз өскен-өнген ұлкен ортаға келін болып түсті. Жолдасы – Пәтта қары көп оқыған, (ислами ілім) білімді де білікті кісі болатын. Апамыз ол кісімен тату-тәтті өмір кешті. Ұл-қыз өсіріп, олардың қызығын көрді, немерелі-шөберелі болды.

Бұл күнде өз алдына жеке-жеке отау құрған апамыздың ұрпақтары, Пәтта қары әулеті өмір көшін одан әрі алға сүйреуде. Осы жерде мен өзім көрмесем де көргендердің айтуынан есте қалған бір жәйтті айта кетейін. Соғыс кезінде менің әке-шешем, әсіресе анамыз (Хадиша анам) ағайын-жақындарға көп қамқорлық жасапты. Соның бірі Жамал апам, ері соғысқа аттанып, өзі бала-шағасымен біздің үйде аға-жеңгесінің қамқорлығында болыпты. Хадиша анамыз жан аямай, өз баласындай күтіпті. Сол, Жамал апамыздың қолынан кейіннен өзіміз бірнеше рет дәм таттық. Олай дейтініміз, өзіміз сыртта жүрдік, апамыздың ауылы бізден қашықтау болды, апамыздың артынан іздеп баратындай дәрежеге жеттік деп ойламадық. Апамыз Алматыда баласының қолында аз уақыт тұрғанда барып, шай-пай ішіп тұрдық. Біздің туысқандығымызды білдіргендігіміздің бары сол ғана болды.

Мәді қожа

       Бұл ағамызды біз көрмедік. Біз дүниеге келмей тұрып, Нұриддин деген ағамызды дүниеге келтіріп, оның қызығын көре алмай, өмірмен ерте қоштасқан сыңайлы. Көргендердің айтуына қарағанда ағамыз өте қарулы, қайратты болса керек. Күресте қатарластарына дес бермеген, көкпар шапқанда тақымын алдырмаған айтулы ер-азамат өсіп келе жатқанда жетеріне жете алмай, қыршын кеткен түрі бар. «Болатын бала еді» – деп атамыз қайғырып айтып отыратын.

Гүлсім әпкем

             Әпкеміз кіші апамыз, Ажар анамыздан туған екі қыздың үлкені еді. Әпкеміз атамызға, өз әкесіне тартқан, аса көрікті, сымбатты, мінезі ашық, ағайынға бауырмал, қолынан іс келетін жарқын жан еді. Әпкеміз тұрмысқа ертерек шықса керек, Қызылорда өңірінің азаматы көрінеді. Ол азаматтан бір ұл, бір қыз көреді. Бірақ ұлы ертеректе қайтыс болып кетсе керек. Балаларының әкесі соғысқа аттанып, содан оралмайды. Әпкеміз біраз жыл күтіп, жалғыз қызын әкесінің ата-анасының қолында қалдырып, өз әкесінің, біздің атамыздың қолына 50-жылдардың басында қайтып келеді. Әпкеміз барған жерінде қысымды көп көргенге ұқсайды (өз пікірім). Өз еліне келіп, бой түзеп, біршама оңалғандай болды. Біраз жүргеннен кейін әпкемізді айтушылар да көріне бастады. Бірінің өзін, екіншісінің сөзін дегендей, жаратпай жүргенде Бадамдық Іздібай қожа әпкеміздің жүрегіне жол тапты. Екеуі тұрмыс құрып, балалы-шағалы болды. Бұл күнде балалары ержетіп, шаңырақ көтеріп, әрқайсысы жеке-жеке отау иесі. Әр отауда мөлдіреген ұл-қыздар өсіп, өркен жайып келеді.

Біз әпкеміздің «қолынан іс келетін еді» – деп едік, бірақ қажетті білімнің жоқтығынан және де өскен ортасының тәртібі, талап-талғамына орай, іске араласа алмады, отбасы-ошақ қасында қалып қойды. Біздер, әпкеміз бойына құдай дарытқан талантын жарқыратып көрсете алмады, іске асыра алмады деп қиналғанымызбен, әпкеміз барды қанағат тұтып, өзінше бақытты тұрмыс кешті деуге толық негіз бар.

Зүбайда әпшем

             Әпшеміз атамыздың сүт кенжесі, жүзі жұмыртқадан да ақ, өте сұлу болатын. Негізі анамызға тартқан, бірақ реңі атамызға, әкесіне тартса керек. Гүлсім әпкеміздің Зүбайда әпшемізге ұқсамайтын жері, ол кісі қызыл шырайлы, ат жақты келген, негізі атамызға, әкесіне тартқан. Әпшеміз анамызға тартқандықтан, көп сөйлемейтін, сабырлы да салмақты болатын. Әпшеміз 1949ж. Ташкендік Заид қожаға тұрмысқа шықты. Ол кез біздің отбасымыздың қойдан босап, орталыққа жақынырақ жерге көшіп келген кезі болатын. Әке-шешеміздің жаңа босанған Бибайша мен мені үйде қалдырып, өздері артынып-тартынып тойға кеткендігі әлі есімде. Мен ол кезде 5 жастамын. Жалпы, мен әпшемді көрмеппін. Кейін есейгенде бір-ақ көрдім. Бірақ көргендердің, ағайын-туыстардың айтуынан өзім көргендей әсерде қалыппын. Әпшеміз отбасымен Ташкеннен 20-30 шақырым қашықтықтағы «Солдатское» деген жерде тұрды. Мен 1963 – 1966 жылдары Ташкенде Армия қатарында болғанымда 2-3 рет барып, жиендеріммен танысып қайттым. Содан былай Ташкент жаққа аяқ басын бұрмаппыз.

Бүгінде жездеміз де, әпшеміз де дүниеден өткен. Артында қалған ұлдары мен қыздары жеке-жеке түтін түтетіп, семья құрып, ұлды-қызды болып, бақытты өмір кешуде.

Шерәлі Біләл 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button