Шортанбай (Әли Мұхаммед) Қанайұлы

Насихат сөздер

Шортанбайдың өлер алдында қатын-бала, ел-жұртына арыздасып айтқаны

Мінеді ғаділ патша алтын таққа,

Иман бермей қалмайды көңілі аққа.

Шортанбай өзі тірі заманында,

Сапар шегіп қайтыпты Семей жаққа.

 

Құдайдың, ойлап тұрсам, қаһары қатты.

Тірлікте пенденің жаны тәтті.

Бір күні кеш боп кетіп, ел таба алмай,

Далаға мейман болып қонып жатты.

 

Жатқанда екі кісі түсіме енді,

Қасыма түсі суық кісі келді.

Кісінің сипатынан қорыққаннан:

«Жаһанда мен көрмеген кімсің? – деді.

 

«Өлгенде имансыз құл жолда қалған,

Мен – Ғәзірейіл, пенденің жанын алған.

Шүкір қыл, иман айтып Шортанбайым,

Құдайдан жетті бұйрық, келді саған».

 

Екенін періштелер көңілім білді,

Дем алғызбай кеудеме келіп мінді.

Қолында күрсізі бар, түсі суық,

Жаныма, бір шыбындай қысым қылды.

 

Келтірдім сонда тұрып сұбұхан Алла,

Мен білдім жүрмесімді бұл жаһанда.

Көнбеске, Құдайыма шарам бар ма?

«Беруге бір күн рұқсат аял бар ма?»

 

Түсіме періштелер кіре берді,

Үстімнен сол сөзбенен түрегелді,

«Ажалың ертең кешке болады», –  деп,

Бір күнге аял беріп жүре берді.

 

Өзімді келтірейін сөз басына,

Қатты қиын ісім бар өз басымда.

Ұйықтап жатқан жерінен оятып ап,

Тағы да бір сөз айттым жолдасыма.

 

Амал жоқ, енді жүрдік, күн-түн қатып,

Жәкеме кетейін деп арыз айтып.

Жәкеме қатын-бала тапсырайын,

Келген бе өлген адам тірі қайтып?

 

Өлімге жақын болды менің басым,

Бір Алла ақыретте жарылқасын!

Жалғаннан ақыретке көшпек болдым,

Кеше көр, үш жолдасым, жолдас хақын

 

Таң ата Жанғұттыға енді келдім,

Сөйлес деп, тыста тұрып хабар бердім.

Келген соң ажал жақын амал бар ма,

Белгілі жүйрігі едім тамам елдің.

 

Семейден төрт ат алдым бес жүз теңге,

Тоймады екі көзім бұл жалғанға.

Көрмедім қатын-балам өз үйімде,

Мен кештім бұ дүниеден боп арманда.

 

Үйінен Жәкем шықты түске таман,

Айтыстым сәлемнен сон есен-аман,

Алладан ажал жақын келді білем,

Келмеді сөйлесуге енді шамам.

 

«Жаралған Жәкем едің асыл зат қып,

Өзгеден бір кісі едің ақылы артық.

Алладан ажал жақын келді білем,

Кетейін енді сізге арыздасып».

 

Сонда менің сөйлерге есім кетті,

Бір жерге Жәкем барып шатыр тікті.

Жалған шіркін, шынымен қалдың ба деп,

Қарадым көзім салып төңірекке.

 

Жанға қысым таяды, жалғыз жанға,

Тоймадың екі көзім бұл жалғанға.

Көрмедім қатын-балам, өз үйімді,

Мен кештім бұл дүниеден енді арманда.

 

Мені көрген дүниеден ғапыл қалма,

Бір тиын қазақ байдан қарыз алма.

Әркімнен қалады екен дүние шіркін,

Өтіңіз тәубе қылып аз жалғанда.

 

Әммә отырған халайықтар айтты: «Бұ жауабыңыз баршасы өлім мысалы болды. Біздерге бір насихат айтыңыз», – деді. Сонда айтқаны:

Адамның жалған дүниесі,

Дүние – жолдас қимасы.

Дүниені жолдас демеңдер,

Көп болар оның күнәсі.

Өлгенше адам тою жоқ,

Түңілмей ырза болу жоқ.

Жалғанның арты қиын деп,

Жегенін қазақ қою жоқ.

Сәлем айтып кетейін,

Ағайын мен туғанға,

Елдің зарын зарлаған,

Сөзін көпке арнаған,

«Көпке керек ақын» деп,

«Жанына елдің жақын» деп,

Ешкім ара тұрмайтын,

Қиналған қазір қу жанға.

Арыз сөзді  толғанып,

Қалдырайын артыма.

Айта жүрер сөз болсын,

Дағдарған сорлы халқыма.

Не ғаріптік десеңіз,

Келген менің басыма.

Мың қабат бетім жуылған,

Көзден аққан жасыма.

Сәлем айтып кетейін,

Бала менен қатынға.

Насихат шашып кетейін,

Азғана сөзді артыма.

Не ғаріптік десеңіз,

Бүгін менің басымда:

Жетім болып ұл қалды,

Жесір қатын тұл қалды.

Ал көшіріп қасыңа.

Арқаның дәмі жегенім,

Қазақтың сөзі дегенім.

Арқадан қылдым жайлауды,

Әркімнен алдым байлауды.

Сол елден кетіп барамын.

Қиямет күн болғанда,

Қандай жерде мекенім,

Мен ғаріптің сайлаулы?

 

Әммә алдына шай қойды, шайдын жарымын іше алмай, шынаяқты жерге қойды да, мына сөзді айтты:

Қалықтаған сұңқар ем,

Қанатым сынды ұша алмай,

Қиядан қуға түсе алмай.

Нәпсім, қарар таптың ба?

Дүниеге тоймайтын.

Бір шыны шай іше алмай,

Жалғаннан дәмім таусылды.

Жарылқа, Құдай, артымды!

 

Хаққа тәубе қыла алмай,

Мекке жүзін көре алмай,

Қу нәпсімді тия алмай,

Кәмірһе қылдым жасымды!

Екі сөздің басына

Келтіремін өзімді.

Тындаңыз, жұртым, сөзімді.

Тия алмадым жырымды,

Көре алмадым елімді,

Қиямет күн кез қылғай,

Құдай, менің пірімді.

 

Билер, пара жемеңдер,

Жалғанды жолдас демеңдер,

Ақырет қамын іздеңдер,

Жалған бетті кезбеңдер.

Кісі хақын  алмаңдар,

Аузыңа харам салмаңдар,

Дүние жиып өткен жоқ,

Бұрынғы өткен пайғамбар.

Дүниенің малы үшін,

Ақтан аттап  кетпеңдер.

Сөзін айтып үлкендер:

Құдайдан қапы кетпеңдер.

Әлің келсе, Мекке бар,

Артық дәулет біткендер!

Старшын, болыс болам деп,

Ысырап қып малды төкпеңдер!

Таяндың енді өлімге,

Алты табан көріңе,

Сатып алған күнәнің,

Кешуі болмас күнінде,

Ұл, атаны сыйлаңдар.

Ендігі туған балалар,

Атаңның сөзін бұзбаңдар!

Сәлем айттым бәріңе,

Қызмет етіп жүріңдер,

Басы бүтін кәріңе.

Ұяларсың Құдайдан,

Өлгеннен соң қоймайды,

Тірідегі халіңе.

 

Үлкендер, саған айтайын:

Мал басына бармаңдар,

Ақырет қамын қамдаңдар,

Дүниенің боғы үшін,

Тура жолдан азбаңдар!

Тәңірге бекер жазбаңдар!

Тентек болма балаға,

Безер болма келінге.

Қадірің кетер еліңе,

Қарауыл қой сөзіңе.

Қанша нәрсе ереді,

Өлгеннен соң өзіңе.

Қарай алмай жүрерсің,

Таңда машқар күнінде,

Бір Құдайдың жүзіне.

Атаның тілін ұлы алмас,

Ананың тілін қызы алмас,

Жақыннан шыққан жақсыны,

Ағайын-жұрты көре алмас.

Айта беріп қайтейін,

Өлінің тілін тірі алмас.

Заман ақыр белгісі –

Бірге туған бауырың,

Татуда болып жүре алмас.

 

Дұғай сәлем айтайын

Тәшкен менен Бұхарға,

Мұсылманның баласы,

Қор болмасын дұшпанға.

Ақырет күн дозақ жоқ,

Бір Құдайдан қорыққанға.

Қызмет етпей мен өттім,

Ата бірлән анама.

Қарнақтағы сәлем айт,

Үш қайтара бабама.

Бабама қол бермедім,

Мекке жүзін көрмедім,

Қайғылы болып барамын,

Жалғанда жеген парама.

 

Және сәлем айтайын,

Бауырлас туған ініме.

Дүние деген осы ғой,

Жалғыз маған ерді ме?

Не деп жауап береміз,

Қияметтің күнінде?

Жұрт тамаша болушы ед,

Жалғыз ауыз сөзіме.

Дүние ыстық көрінді,

Құрғыр менің көзіме.

 

Жалғанға тіпті тоймадым,

Өлмейін деп ойладым,

Дүниенің боғы осы деп,

Өлгенімше шайнадым.

Тәубе қылмай жасымда,

Қанша пәле болады,

Қиямет күн басымда?

Қасықтап жиған көп малым,

Қалды менің артымда.

 

Жігіттің жасы жиырма,

Өлім деген қиын ба?

Жұртты жеген Шортанбай,

Төрт қарыс бөз бұйырмай,

Қалды менің артымда.

 

Дұғай сәлем айтайын,

Бесатаның ұлына!

Дүние, малы ермеді,

Өлген ердің соңына.

Жалған жақсы көрінді,

Мен байғұстың сорыма.

Опасы жоқ сұм дүние,

Оттан ыстық болар ма,

Қалды ма көрдің астында?!

Қарындас ермес қасыңа,

Тіріде көрген ағайын,

Дұға қылып жүріңдер,

Өлгеннен соң басыма.

 

Дұғай сәлем айтайын,

Кәрсон менен Кернейге!

Бай менен жарлы-кедейге.

Қазақтан алған қарызым,

Көлденен тұрды көмейге.

Ақын, шешен, көсем деп,

Ілеспеңдер мендейге!

 

Дұғай сәлем айтайын,

Тобықтыда Құнанбай!

Кімнің де тағы қалады,

Өлгеннен соң суалмай?

Осы дәулет барында,

Талап қылған Меккені,

Ақыреттен құр қалмай.

Азғана қорған болып ед,

Ағайын менен туғанға.

Жалғанда жиған нәрсенің,

Пайдасы жоқ қу жанға.

 

Дұғай сәлем айтайын

Көпбай менен Нұрланға!

Харамды мал демесін,

Зәбір болар иманға.

Қазақтан пара алмасын,

Ұмытпай жүрсін Алласын,

Құдайдан қапы қалмасын,

Өлгенді менен барласын.

 

Дұғай сәлем айтыңыз,

Шорман ұлы Мұсаға!

Дәулетінің барында –

Қорқынышты жер алдында,

Тәубесіз өтіп кетпесін,

Бес күндік жалған қызыққа.

 

Дұғай сәлем айтайын,

Қуандықта Қоңырға!

Қуанбасын көңілге,

Мал деген хайуан доңызға.

Тура келген ажалға,

Дәулеті ара болар ма?

Ақыретте көз салсын,

Баратұғын орынға.

Білсін Алла жарлығын,

Алдында өлім барлығын,

Құдай досты Мұхаммед

Оның да алған жалғызын.

Көргенімше күн қанша,

Мұхаммед өтті, Мұстафа.

Дүниеге тоймаған,

Өлгенімше шайнаған,

Енді де болдым бек қапа.

 

Дұғай сәлем айтыңыз,

Қатын менен балаға,

Тапсырдым енді жалғызды,

Расул Алла Құдаға.

Дүниенің боғы үшін,

Мендей болып қаңғырып,

Көп шықпасын далаға.

Қастық қылмасын жақынға,

Қайырлы болсын халқына.

Не ғаріптік десе де,

Енді түсті басыма,

Жетім қалды-ау жасында!

 

Дұғай сәлем айтайын,

Жесір қалған қатынға,

Тоқтасын сөз бен ақылға.

Ие болсын артына,

Қайғының ізін салмасын,

Жалғызының басына,

Қалмасын көздің жасына.

 

Аһ, дариға, жалған-ай,

Жалғанның енді қалғаны-ай,

Шортанбайды алғаны-ай,

Қайғыны басқа салғаны-ай,

Не шара бар, Құдайдың,

Әзелде жазған пәрмені-ай!

 

Тағы да сәлем айтайын,

Қалың жатқан Сарымға.

Бай менен жарлы көп жедім,

Құдайдың берген бағында.

Өлімнің жақын екенін,

Біле алмап едім алдымда.

Шүкір де қылмай қайтейін,

Ажал келсе тұрмайды,

Патшалар да тағында.

Тәубе деп қылмай қапы өттім,

Өлерімнің шағында.

Құдайдың ісі бұзық па,

Дүниеге қызықпа,

Әуелде менің ғұмырым,

Құдірет жазған сызықта.

Ұл атадан айырылған,

Әркім де біздей қайғырған,

Қалған дүниеде пайда жоқ,

Жарылқа, Құдай, алдымнан!

 

Әммә отырған халайықтар айтты: «Ендігі заманның адамдары қандай болар, біздерге бір жауап айтыңыз?» – деді. Сонда айтқаны:

Бір насихат айтайын,

Тыңда мұны, балалар!

Есіткендер ұмытпа,

Қайсыңда сенің сана бар?

Жақсың аттан жығылса,

Жаманың тұрып табалар.

Жақындап келген бұл кәпір,

Жылдан-жылға қамалар.

Қасиетті төре жоқ,

Шарапатты қожа жоқ.

Ендігі сорлы бейшара,

Қорыққанға барып паналар.

Қария қалды ақылдан,

Қастық шықты жақыннан.

Ендігі күнің кем болар,

Ит кәпірге жақындап,

Билік кетті басыңнан.

Тәубе қылмай қапы өттің,

Әуелгі бұрын жасыңнан.

Бай кедейді көрмейді,

Кедей байға ермейді.

Қызметін бір күн қылмаса,

Майлы сорпа бермейді –

Әне байдың қайыры!

Бұрынғы өткен адамның,

Міне, келді тайыры.

Жалғанда қылғам ісіңнің,

Алдыңнан шығар ғайыбы.

Әзелде жазған пәрмені-ай!

 

Байды Құдай атқаны –

Жабағы жүнін сатқаны.

Кедейің қайтіп күн көрер,

Жаз жатақта жатқаны.

Жаздай арық қазғаны,

Күздей пішен шапқаны,

Ішіп-жемдік болмайды,

Оны-мұны тапқаны.

Аш-жалаңаш бейнетпен,

Жүдеп арып талады.

Бір ешкісі бар болса,

Шығын деп тілмаш алады.

Ол «шығынын» бермесе,

Төбесін ұлық ояды,

Кедейге салып шығынын,

Араны бидің толады.

Жалғыз сиыры бар болса,

Соғымына сояды.

Қағаздатып бұзауын,

Ноғайына қояды.

Борышқа белден батырып,

Жалғыз сиырын сатады.

Кедейге салып шығынды,

Негізі байдың тоймайды,

Қылымсыған қатыны.

Қызыл көйлек киеді,

Өзінің  байын билейді,

Сөйтіп байын менсінбей,

Көрінгенді сүйеді.

Осы мінез болған соң,

Дозаққа пенде күйеді.

Елубасы, онбасы,

Ол – сайтаның жолдасы.

Ендігі байға мал бітсе,

Ит кәпірдің олжасы.

Шайдан басқа асы жоқ,

Жақыннан басқа қасы жоқ

Ендігінің мырзасы.

Залымдардың сырласы.

 

***

 

Шортекең үш күн сұрап мұрсат алды,

Үйіне Жақсы Жәкең кешке барды.

Бой түзеп, сусын ішіп болғаннан соң,

Жәкеңе жайды айтып, сұрақ салды:

 

-Жауыр тауды қыстаған,

Нұрадан әрі шықпаған,

Қарағанды өзекте,

Мұратқа барып ықтаған.

Асан Бұғы досым еді,

Көңілімді жықпаған.

Ат жібертіп алдыртшы,

Жан тұрғанда шықпаған.

 

Әлқиса, Жәкең сонда ат жіберіп, түнделете жеткен Асан Бұғы ертемен сәлем бере кірген. Әммә отырған халайықтар айтты: «Мына Асан қожаға ғарыз айтыңыз», – деді. Енді айтқаны:

Сөз айтайын Асанға,

Дүниеңе мақтанба!

Япырмау, неге мақтандың,

Дәулетің судай тасқанға?

Дүниеқордың маясы,

Жақын дейді шайтанға.

Жетпіске келді бұл жасың,

Дүние болды жолдасың.

Әндіжандық сарт едің,

Қай жеріңнен қожасың?

Қаратауда туылдың,

Пәленше деген мырзасың.

Сарыарқаға келген соң,

Төрт аяқты жорғасың.

Жәдігөй жауғыш атанып,

Осынша жиған мүліктен,

Не көреді қу басың?

Талабың бар жалғанда,

Әлі де болса аспаққа,

Дүниенің боғы үшін,

Күнде жосып аптықпа,

Мен раббың деп сұрағанда,

Ұяларсың лахатта,-дегенде, Асан Бұғы: «Шортеке, ажал Алладан, енді сөздің жөнін айт», – деген. Сонда Шортекең:

Әуелден күнә –  жанға қас,

Қазаққа келіп болдық мас.

Ойнап түбің сарт дедім,

Мені атадың қызылбас.

Екеуміз өстіп қаржассақ,

Екеумізді пір тұтқан,

Ел қалайша бұзылмас.

Жәдігөй жауғыш болмаңыз,

Ақырет қамын ойлаңыз.

Жасың жетті жетпіске,

Иман бер деп сұраңыз.

Бұл айтқаным ақылым,

Аталас туған жақыным.

Қиямет күн кез болса,

Пайдасы болмас қапыңның, – дегенде, іркілмей-ақ Асан Бұғы:

 

Қызыл сөзді Шортанбай,

Шындықты өстіп айтсаңшы,

Сүйекті қорлап дақ салмай, – деген соң екеуі құшақтасып көрісіпті, Шортекеңнің соңғы өсиетін Асан Бұғы да жазып отырған.

Ағартты Құдай басыңды –

Өлшеп берген жасыңды.

Уай, уай, менің басым-ай,

Келе көр, Жәке, қасыма-ай.

Амалым нешік, Құдайға,

Жүгірмек болған жасым-ай!

Қолыңнан сусын бере алмай,

Өлгенін әке көре алмай,

Дұғай сәлем айтыңыз,

Жетім бір қалған жас ұлға-ай,

Көргенімше күн қайда-ай!

 

Бұл сөзімді айтыңыз,

Менен қалған балаға.

Бұ дүниенің боғы үшін,

Қаңғырмасын далаға.

Тіріде көзім тоймайды,

Тәңірінің бергені – қараға.

Жалған деген осы ғой,

Маған да еріп бара ма?

 

Білсін бір сүннет, парызды,

Қазақтан алдым қарызды.

Өлеріме таянып,

Жұртыма айттым арызды.

Үш қайтара сәлем де,

Ағайын мен туғанға.

Дүние шіркін ермейді,

Бейнетпен жиған, қу жанға.

Енді есен бол, елдерім,

Құсымды салған көлдерім!

Замандас, құрбы, теңдерім!

Ғибрат менен алыңдар,

Өлгенімді көргенің.

Өлім үшін жаратты,

Әуелінде адамды.

Қалайша деп білмейміз,

Мына дүние жалғанды.

Үш түрлі қылып шығардым,

Артқы қалған заманға,

Қиямет қайым таянды.

Қайырсыздың көп малы,

Жылан менен шаян-ды.

Өлгенде көрі қараңғы,

Бір күнгідей болмайды,

Мың күн тірі жүргенім.

Мынау менің өлгенім,

Қасықтап жиған дүниеден,

Кәне, пайда көргенім.

Өлуі болмай қалмайды,

Туғаннан соң пенденің.

 

Жалғандағы тауық ек,

Жем жеудің ебін тауып ек.

Қаратаудан Арқаға,

Сарысуды жағалап,

Дін ислам жолы үшін,

Адалдан берер дәм үшін,

Бабаларым ауып еді.

Бозбалаға сауық ем,

Сауығым кетіп, күл сөнді.

Жұрттан асқан көсемді,

Алмай ма құдай шешенді!

Өлеріне келгенде

Жан мұндар енді  сескенді.

Ескендір өткен дүниеден

Жиырма тоғыз жасында

Перзент қалмай артында.

Шариғатқа сыймайды

Екі тілек тілеген.

Ғаріп пенде басына,

Ғаріп пен нашар сүйенген.

Он сегіз мың ғаламға,

Патша болған Сүлеймен,

Олар да өткен дүниеден.

Ойлап тұрсам жалғаннан,

Бұрынғылар не көрген!?

Мұхаммед өткен, Мұстафа,

Кім болмаған биқапа

Өлімнің ісі кез келді,

Алпысқа енген бұ шақта.

Қай пенделер ұжмақта,

Қай пенделер тозақта.

Бұ дүниеден пайда жоқ,

Өлгеніңше дін сақта.

Келсе балам басыма,

Хатым қылсын артыма.

Жетімдікке көндірді,

Жұдырықтай жасында.

Кімдер өлмей тұрады,

Бұ дүниенің жүзінде.

Мұхаммед те көніпті,

Жетімдікке жасында.

 

Жалғызыма сәлем де,

Алладан бұйрық жеткен соң,

Асқар тауы құлады,

Ағар бұлақ суалды.

Жетім мен жесір сүйетін,

Ағайын-туған жоғалды.

Ей, пенделер, мүһминдер,

Мен не деген есермін.

Дүниеден  қашпаған,

Қорқыныш қылып Құдайдан,

Қарызды ойлап саспаған.

Дүниеде көп мүлікті,

Ибраһим Әдһәм тастаған.

Тіріде қорықпай осындай,

Күнә іздедім шошынбай.

Кеудемді дерт қамады,

Амал да кетіп барады.

Есендікте бол,  Жәке,

Қияметтік досым-ай!

Және сізге тапсырдым,

Бала менен қатынды.

Жалғанда досым сіз едің,

Аяй көрме ақылды!

 

Қояр ма екен Құдайым,

Қиямет күн қасыма-ай,

Жүгірмек болған жасым-ай!

Әр жұмада жүре көр,

Дұға қылып басыма-ай!

Өлгенде менің жалғызым,

Жылап келер қасыма-ай!

Сөйлесетін күн қайда?

Өлгенде көрдің астында.

Тоба қылып қояйын,

Құдайға сөзім ғасима.

 

Таяндық енді өлерге,

Күн қанша дүр көрерге.

Дұғай сәлем елдерге,

Елдегі жақсы билерге.

Жақсыдан дұға жетер ме,

Өлді деп бізді білген жұрт,

Дұға да қылсын ерлерге.

Жасымнам қылдым мастықты,

Жаныма қылдым қастықты.

Жан жарға таянды,

Қоя көр, Жәке, жастықты.

Алпыс үштен асырмай,

Өлім бір келіп асықты.

Қуандық жатқан сары бел,

Шағалалы шалқар көл,

Үйрек-қаздай қалқытты.

Сары қымызын ішуші ем,

Аралап келіп түсуші ем,

Алтай менен Қарпықты.

Ыңғайы жаман аурудың,

Жаманнан көңілім қорықты.

Артқы қалған жалғызға,

Бір қасірет жолықты.

Мен өттім енді арманда,

Көре алмадым артымды,

Ағайын мен туғанды.

Жан тәсілімге таянды,

Айта көр, Жәке, иманды,

Бір Тәңірге аян-ды!

Қамсыз жүріп қамалған,

Жасын иіп тәңірім,

Өзің оңда халқымды.

Тарылып тыныс алқынды,

Зармен бітті өмірім,

Жарылқа енді артымды!

 

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button