Бір суреттің сыры

Замандастың жарқын бейнесі

Камал Низамұлы Бұрханов (31.03.1954 – 20.01.2020)

Біздің буын заманалар ауысуы кезеңінде өмір сүрді. Қазақстанның КСРО құрамында болған социалистік құрылыс заманында өмірге келдік, ер жеттік. Есейіп, азамат болған шағымызда еліміз тәуелсіз мемлекетке айналды. Біздің ұрпақ біріне-бірі мүлде ұқсамайтын екі әлеуметтік-экономикалық формациялардың куәгері болды. Сөз жоқ әр қайсымызға қоршаған қоғамдық болмыс өз әсерін тигізді. Өмір сүру барысында санамыз бен дүниетанымымызда түбегейлі өзгерістер болып өтті. КСРО-ның күйреуінен болған дағдарыстық ахуалы, тәуелсіз Қазақстанның өмірге келіп қалыптасуы үдерісіндегі барша қиыншылықтардың куәсі болдық. Тәуелсіздіктің тауқыметті жолымен жүрудің ел халқына түскен сын екендігін сезіндік.

Міне, осы белестердің бірге бағындырған, Қазақстан халқының ыстығы мен суығын бірге көрген замандасымыз, қоғам және мемлекет қайраткері, белгілі ғалым, еліміздегі саясаттану ғылымының негізін салушылардың бірі Камал Низамұлы Бұрханов үстіміздегі жылы 20 қаңтарда дүниеден өтті. Камал туралы өткен шақта сөйлеу ауыр. Алайда, Алланың ісіне амал жоқ. Бірер жыл науқастанған Камал Низамұлын соңғы сапарға шығарып салдық. Енді 1 наурызда Кәмекеңнің қырқын өткізгелі жатырмыз.

Камал Низамұлы ең алдымен ұлтжанды, мемлекетшіл тұлға еді. Ол өз халқына, мемлекетіне қалтқысыз қызмет етті. Ғалым ретінде, қоғам қайраткері Қазақстан Республикасы парламенті Мәжілісінің депутаты ретінде ол ұдайы туған халқының мүддесін қолдады, қорғады. 2002-2004 жылдары Кәмекең Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің заң факультетінің деканы болды. Сол жылдарға қаладағы кавказ халықтарынан шыққан жас жігіттер мен қазақ жастары арасында бәсекелестік, қайшылықтар орын алды. Камал Низамұлы бастаған оқытушылар тобы түрлі халықтардың өкілдерінен тұратын жастармен, студенттермен жұмыс жүргіздік. Сол кездесулер 2002-2003 жылдары болғаны есімізде. Камалдың қоғамдық өзгерістерді, жастар санасы мен дүниетанымдағы Қазақстан тәуелсіз мемлекет болуына байланысты келген түбегейлі өзгерістері деп басып айтқанының куәсі болдық. Камал Низамұлы саясаттанушы, тарихшы ғалым ретінде Қазақстан қоғамының дамуы мәселелерін терең түсініп, солар жайында салиқалы ойлар мен пікірлер білдірген азамат. Сол кездесулерде Камал басқа халықтардың өкілдеріне «қазақ жастары қазіргі кезеңде өздерін  «екінші сортты» адамдар тобына жатқызбайды. Олар орыстармен, грузин, шешендермен тең. Олар ешкімді өздерінен зор деп есептемейді, сол себепті ешкімнен қорықпайды. Ешбір басқа халықтың өкілдеріне кеуделерін бастырмайды. Сондықтан басқа халықтардың жастары қазақ жастарын сыйлап, тең қатынас жасағандары әділдік пен ізгілік болады. Қазақтар ешкімді ретсіз, себепсіз ренжітпеген. Қазақ жастары да сол қасиетті жоғалтпаған. Қазақ жастары мемлекет жасаушы ұлт өкілдеріміз деп есептейді. Сондықтан осы белгілерді басқа ұлт өкілдері ешқашан ұмытпаулары керек. Сонда ғана елімізде толыққанды этносаралық татулық болады», – деп ашық айтатын. Камал Низамұлы қай сәтте болмасын қазақ мүддесін бірінші кезекке қоятын. Сонымен қатар еліміздегі, басқа этностар өкілдерін ешуақытта ренжітуге, мүдделерін жоққа шығаруға болмайды деп есептейтін. Міне осындай салықалы, сабырлы, әділетті ұстанымымен Камал Низамұлы өзіне көптеген дос, пікірлес азаматтар тапты. Камалды қоршаған ортасы әділдігі үшін сыйлады. Саяси қайраткер ретінде Камал Қазақстан қоғамындағы бірлік пен татулықты нығайтуға өз үлесін қосты.

Камал достарына үнемі қарайласуды, көмектесуді өзінің міндеті деп білетін. Олар үшін уақытын бөліп, мәселелерін шешуге ықпалын тигізіп, шапағатын шашып жүретін азамат болатын. Камал Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде лаборанттыққызметін 1979 жылы бастап 2002 жылға дейін жұмыс істеді. Ол тарих факультетінің деканы 1995-2000 жылдары болса, 2001-2002 жылдары саясаттану кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарды. Осы жылдарда оның басшылығымен саяси ғылымдар саласы бойынша ондаған саяси ғылымдар докторлары мен саяси ғылымдар кандидаттары дайындалды.

Камал Бұрхановтың Қазақстанның тарих және саясаттану ғылымдарына өзінің тамаша қолтаңбасын қалдырып үлгерді. Оның еңбектерін бүгінгі ұрпақ та, келер ұрпақ та оқитыны, зерттейтіні ақиқат. Өз саласының білгір маманы болды. 1977 жылы В.И. Ленин атындағы Ташкент мемлекеттік университетінің тарих факультетін бітірген Камал еңбек жолын 1977 жылы Ә. Қастеев атындағы ҚазКСР Мемлекеттік өнер музейінде ғылыми қызметкер болып бастады. 1978-1979 жж. Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнология институтында аға лаборант, 1979-1995 жж. С.М. Киров атындағы ҚазМУ-тің Тарих факультетінде аға лаборант, ассистент, аға оқытушысы, доцент, профессор оқу жұмысы жөніндегі деканның орынбасары, саяси тарих кафедрасының меңгерушісі, 1995-2000 жж. тарих факультетінің деканы, 2000-2001 жж. Философия және саясаттану факультетінің деканы, 2001-2002 жж. Саясаттану кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқарды. 1988 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде «1970-1980 жж. Қазақстан ауыл еңбеккерлерінің қоғамдық-саяси белсенділігін  дамыту» тақырыбына тарих ғылымынан кандидаттық диссертация қорғады. 9 жылдай тынбай еңбек етіп 1997 жылы саяси ғылымдар бойынша «ХХ ғасырдағы Қазақстанның әлеуметтік-саяси жүйесінің эволюциясы» атты өте ауқымды, күрделі тақырыптан докторлық диссертация қорғады. Камал Низамұлының 200-ге тарта ғылыми еңбектері жарияланған. Солардың ішінде «Қазақстан совхоздарының жұмысшыларының материалдық әл-ауқатының өсуі» атты монографиясы 1985 жылы жарық көрді. 1994 жылы ғылыми ортада оның «Социализмнің теориясы мен практикасының тарихы» атты кітабы ерекше бір жаңалықтарымен танылды. 1996 жылы «КСРО-дағы социализм эволюциясы» монографиясы және «Қазіргі саяси ағымдардың тарихы» кітабы жарық көріп Бұрхановтың саяси ғылымдардан докторлық диссертация қорғауына негіз болды.

Докторлық диссертациясын қорғаған Камал Низамұлы ғылыми жұмыстарын саяси жүйе, саяси тәртіптер мен саяси идеология мәселелерін зерттеу барысында тереңдете түсті. Ол 1998 жылы «Еуразия жүрегіндегі ел» кітабын жазуға қатысты. 2000 жылы «Орталық Азиядағы экстремизм» ұжымдық кітабын жазды. 2001 жылы «Қытай өткені мен бүгіні арасында» еңбегін жазуға қатысты. 2006 жылы «Қазақстанның қазіргі саяси тарихы (1986-2006 жылдар)» кітабын шығарысты. 2011 жылы өзі жеке «Қазақстан жолы диллемада: Шығыс немесе Батыс» зерттеулерін жариялады. Сол жылы «Қазақстан Республикасындағы діни және зайырлы білім» еңбегі шықты. 2014 жылы «Уақыт призмасы арқылы» кітабы шықты. 2015 жылы «Н.Ә. Назарбаевтың Еуразия концепциясының саяси философиясы» монографиясын жазды. Қарап отырсақ 20 жылда Камал Низамұлы 13 жеке және ұжымдық монографиялық зерттеулер жазыпты. Осымен қатар жарияланған ғылыми мақалалары мен публикациялық еңбектері қаншама. Камал Низамұлының ғылыми еңбектері Қазақстан ғылымын өрге сүйреген ғалымдар қатарынан өз орнын алғандығын нақты дәлелдейді. Ол тәуелсіз Қазақстанда тарих пен саясаттану ғылымдарының дамуының перспективалық бағыттарын айқындаушы топтағы ғалымдар арасында болды.

2004-2006 жылдары Бұрханов Камал Қазақстан Республикасы Президент әкімшілігінде бас эксперт, 2006-2007 жылдары Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры болды. Екі жылда Институттағы ғылыми-зерттеу жұмыстарының жандануына жол ашты. Ол ең алдымен 2004-2006 жылдарда жүзеге асырылған «Мәдени мұра» бағдарламасының нәтижелі болуын қамтамасыз етті. Ресей, Қытай, Батыс Еуропа елдерінің архивтеріндегі қазақ тарихы мен мәдениетіне қатысты архив материалдарының Қазақстанға әкелініп, ғылыми айналымға енгізілуін басқарды. Көптеген қолжазбалар, раритетті кітаптар көшірмелері алынды. Осы жаңа деректер негізінде «Қазақстан тарихы шетел деректерінде» атты 20 томдық құжаттар жинағы баспадан шығарылды. «Тарих – адамзат ақыл-ойының қазынасы», «Мировая историческая мысль» 14 томдық кітаптар сериясы жарық көрді. «Ресей деректеріндегі Қазақстан тарихы материалдары» 10 томдығы, «Қазақстан тарихы көне дәуір деректерінде» 2 томдығы, «Қазақтар этнографиясы туралы материалдар» 2 томдығы баспадан шықты. Қарасақ аз ғана мерзімде Қазақстанның тарих ғылымын байытатын, дерекнамалық базасын нығайтып, зерттеу шеңберлерін кеңейтетін жұмыстар атқарылғанын байқаймыз. Камал Низамұлы осы іске Институт ұжымының шығармашылық потенциалын жұмылдыра білді. Іскер басшылық арқасында Институт тарих ғылымының сапасын, беделін, ауқымын көтеруге қол жеткізді. Камал ғалым ретінде тарих ғылымының философиямен, фольклормен, саясаттану, тіл білімі ғылымдарымен байланысты дамуын, ортақ ғылыми проблемаларды бірлесіп шешуді жолға қоя білді.

Камал Бұрханов Институт директоры бола жүріп елдің саяси өміріне белсенді түрде араласты. Ол биліктегі «Отан» партиясының Саяси кеңесінің мүшесі болды. 2007 жылы «Отан» партиясы атынан Қазақстан Парламентінің 4-ші шақырылымында Мәжіліс депутаты болып сайланды. 2007-2011 жылдарда ол Мәжілістің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік Комитетіне мүше болып көптеген игілікті шараларға мұрындық болды. Елдің парламентінің заң шығарушылық қызметіне белсенді араласты. 2012-2016 жылдарда Камал Низамұлы Парламент Мәжілісінің 5-шақырылымында депутатыққа екінші мәрте сайланып, Әлеуметтік-мәдени даму комитетіне мүше болды. Парламентте 8 жыл депутат болған кезінде К. Бұрханов ел Үкіметіне бірнеше мәрте депутаттық сауалдар жолдап мемлекеттің дамуының өзекті мәселелеріне қатысты жаңа заңдар қабылдануына ұйытқы болды. Камал Қазақстан мектептерінде, оқу орындарында патриоттық тәрбие беру жұмыстарын ұйымдастыруға, халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету шараларын жолға қоюда, шекараны нығайту жұмыстарын кешенді ұйымдастыру мәселелеріне депутат ретінде назар аударды, осы мәселелердің кешенді шешілуіне жағдай жасады. Оның тікелей қатынасуымен ондаған заң жобалары жасалынды, қабылданды. Камал Бұрхановтың 8 жылдық Мәжіліс депутаты ретіндегі қызметі Қазақстанда құқықтық мемлекет қалыптасуына үлес қосты деп батыл айта аламыз.

Отаны өзінің талапты перзенті Камал Бұрхановтың еңбегін бағалап оны 2010 жылы «Құрмет» орденімен марапаттаса, 2015 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын берді. Сонымен қатар әр жылдарда Президент жарлығымен Камал Низамұлы 8 рет түрлі медальдармен марапатталды. Ғалымның ғылыми, қоғамдық-саяси қызметтін Республика билігі жоғары  бағалады.

Халқына, Отанына қалтқысыз қызмет еткен Камалдың ақжарқын бейнесі әріптестерінің жүрегінде сақталатынына сенім зор.

 

 

Борбасов С.М.

с.ғ.д., профессор, Ш. Уәлиханов атындағы

Тарих және этнология институтының

директорының кеңесшісі

Таңбалар

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button
Жабу