Алпысыншы жылдар. Шілденің ми қайнатар жазы. Қызылорда қаласындағы Ескі базар. Үлкен базардың кіре беріс жағындағы шағын алаңқайға жиналған адамдардың күннің ыстығына селт етер түрі жоқ. Ескі қобызды аңырата тартып отырған қарт кісіге қарай ентелей, сығылыса түседі. «Бұл қобызшы кім?» дейміз, біз біледі-ау деген біреулерден «Бақсы» деген сөзді естісек, тағы біреулер «Бұл бақсы емес, Соқыр Нышан1 деген күйші аталарың» дейді. Сол сәтте тағы біреу «Ол кім еді?» десе, біз әлгі кісіге сұраулы жүзбен қараймыз. Ол да соны сезгендей: «Бұл аталарың әйгілі Қорқыт күйлерінің ең білгірі» деп бізге бас бармағын көтереді.
Қобызшы шалдың көзі жұмулы. Қылқобызды сай-сүйегіңді сырқырата сарнатып кеп «Аһ-һ-һ» деп запырандай дем шашқанда, қаумалап тұрған адамдар да бір ырғасып, бір серпіліп қалар еді. Қылқобыздың шанағынан бірде аққу қиқулап, қанатын баяу серпіп қалықтап тұрып ала ма-ау, енді бірде ботасын іздеп боздаған боз інгеннің даусы шыға ма-ау, болмаса ащы ішекті аспанға тартып сарнатып ит ұли ма-ау, әйтеуір сан түрлі сарнама дыбыстар сай-сүйегіңді сырқырататындай болатын. Біз кейініректе қобызшы шалды жиі көріп жүрдік және ол туралы білетініміз де молыға түскендей еді. Бұл былайғы жұрт Соқыр Нышан атап кеткен Ысмайыл Шәменов деген ақсақал екен.
Жақында, Сыр бойындағы басты қаламыз – Қызылордада дарияның қия қапталында Қорқыт бабамызға ескерткіш орнатылып, соның ашылу салтанатына орай жиналған көпшіліктің арасынан бұрын көп жылдар бойы Қазақ радиосының меншікті тілшісі болып істеген Ахат Жанаев2 ағамызды көріп қалғанымыз бар. Естуімізше, бұл кісі әлгі Соқыр Нышанмен талай табақтас, сырлас-мұңдас болған. Ілгеріректе атақты қобызшының орындауында Қорқыт күйлерін таспаға түсіріп алуға да себепкер болып, басы-қасында жүрген деген әңгімелерден де хабарсыз емеспіз. Сол ағамызбен әлгі салтанатты жиыннан кейін оңаша кездесіп, сұхбаттасудың сәті де түскен болатын. Ағамыз әңгімені былайша бастаған.
– Қобызшы Соқыр Нышанды баяғыдан білуші едім. Жастау күнімізде, сонау соғыс жылдары болар шамасы, КСРО Жоғарғы Кеңесіне депутат болатын теміржолшы Серғазы Опалхожаев деген ағамызбен көрші тұрдық. Алғаш Соқыр Нышанды сол үйде көрдім. Қобызшының шын аты-жөні Ысмайыл Шәменов екен. Әлгі Серғазы ағамыз оқта-текте бақсылығы мен балгерлігі, онысына қобызшылық өнері қосылған Соқыр Нышанға ара-кідік бал аштырып тұрады екен. Әрі ру жағынан да ағайын-туыс болған соң үйіне шақырып, қазан көтеріп қазақы дәстүрді де тастай қоймаған адам болатын.
Жастау күніміз ғой, көзі мүлде көрмейтін суқараңғы соқыр адамның қобыз тартуы жүріс-тұрысы, әсіресе, балаларды қызықтыратын. Содан алпысыншы жылдардың ортасында республикалық радиоға тілші болып орналасқан соң-ақ әлгі қобызшы шалды іздестіре бастадым. Бұл кезде ол тоқсанның о жақ, бұ жағына жақындап та қалған кезі ғой. Өмір бар да қаза бар, күндердің күнінде қариямыз жазатайым шоңқиып қалса, талай қазына ішінде кетеді-ау. Қорқыт бабамыздың күйлерін таспаға түсіріп алып, халқымыздың керегіне жаратсақ деген ой мазалап жүрді. Күндердің күнінде Соқыр Нышанмен кездесудің де сәті түсе кеткені. Әңгімешіл адам екен. Жас күнінде Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Мағжан Жұмабаев, Мұхтар Әуезов сияқты дүлдүлдерге әлденеше рет Қорқыт күйлерін тартып бергенін әңгімелеп берді. Соғыстың алды ма, арты ма, ғұлама ғалым Әлкей Марғұлан ағамыз да Қызылордаға арнайы ат басын бұрып Қорқыт күйлерін тыңдап, қайран қалып кеткен екен. Ол кезде Қорқыт бабамызды жұрт дінмен байланыстырып, оның атын арнайы ізіне түскен тарихшы-зерттеушілер болмаса атай бермейтін шағы еді ғой. Қазақтың осындай-осындай ығайлары мен сығайларын таң қалдырған қобызшының бойындағы алтын қазынамызды жазып, таспаға түсіріп алмасақ болашақ бізге қарғыс айтып жүрмей ме. Бұл пікірімді қобызшы Соқыр Нышан да қостаған, құптаған сыңайлы. Бар айтқаны «Әттең, азаңғы мезгілде қобыз сарнатқанда аспандағы аққудың өзі кете алмай, тас төбеде қаңқылдап айналып жүретін, «Желмаяның желісіне» басқанда байлауда тұрған інгеніңе дейін боздап қоя беретін жас күнімде кездеспедіңдер-ау. Қайтеміз енді, «Ештен кеш жақсы» деген емес пе, бір ескі қобыз табыңдар маған, күш-қуатымды жинап көрейін» дегені бар емес пе. «Ау, қобызшының өз қобызы болмайтын ба еді?» дейміз біз. «Баяғыда қобыз тартпасам отыра алмайтын және Қорқыттың күйлерін базарға шығып, көпшілікке сарнатпасам арқам тырысып қалатын заманда «Ойбай, бұл ескіліктің сарқыншағы» деп қызыл жағалылар талай-талай табанға салып, керзі етікпен қобызымды тепкіледі емес пе. Содан қайдан келгенін қайдам, екі орыс жігіті «Ата, мына қобызыңызды сатыңызшы» деп соңымнан қалмай қойса бола ма. Сол бір жылы үйде отын да жоқ еді, «Сатсам сатайын» деп әлгі ескі, қырық жамау болған қобызымды екі мәшине көмірге сатып жібердім емес пе. Сөйтсем, әлгілер Ленинградтан (қазір Санкт-Петербург – Қ.С.) осындай ескілікті заттар жинап жүрген адамдар екен ғой. Содан кейін-ақ қобыз құтаймады ғой. Оның үстіне қарттық та көк желкеге мінді емес пе…. Сөйтіңдер, маған ескі қылқобыз табыңдар, бойдағы қуатты шақырып көрейік» деді қобызшы.
Қобызшы шалдың сілтеуімен облыстың талай жерін шарлаған жайымыз бар. Бірақ, қырық-қырық бес қылдан ішек тартқан қылқобыз таптыра қоймады. Ақыры телефонын тауып алып, белгілі фольклорист, марқұм Мардан Байділдаевқа қоңырау шалайын, Алматыға. «Осындай да осындай, Қорқыт күйлерін тартатын мына кәріқұлақ қобызшыдан айырылып қалуымыз мүмкін. Ескі қобыз табыңыз. Сол сіз жақта әртүрлі мұражайлар мен саз орталықтары жетерлік қой. Әйтеуір бір ескі қылқобыз табылса болғаны» дедім. Екі күннен кейін Мардан ағамыз телефон шалсын. «Қобыз табылды. Ертең ұшып келемін, күт» деді.
Жазған құлда шаршау бар ма. Ұшақтан ағамызды күтіп алып, тіке Соқыр Нышанның үйіне тарттық. Алдында хабарласып қойғанмын. Келіп жайғасқан соң Соқыр Нышан қылқобызды қолына алып, біраз айналдырып отырды да ысқымен саулатып екі-үш тартты. Тартты да басын шайқады. «Шырақтарым-ау, мына қобыздарың жарамайды ғой. Бұл орыстың қобызы көрінеді. Қазақтың кәдімгі қара қобызы табылмады ма?» деп бір қойды. Шал қылт етіп аунап кете ме деп қыпылдап мен отырмын. Бәсең сөйлеп «Ақсақал, қолға түскені осы болды. Бұйырған шығар. Осымен амалдап көріңіз» десіп жатырмыз. Абыз күйші жөн дегендей басын изеп қойды. Содан соң жөткірініп, қақырынып, түкірініп алған соң «Бұдан ең болмағанда оншақты жыл бұрын келгендеріңде де кенже қалмайтын едіңдер-ау» деп тершіген маңдайын сүртті. Сосын қобызды әрлі-берлі зарлата ысқылап отырды да сарнатып бір арнаға түсті де кетті.
Мардан ағамыз сәл шыдамсыздау адам еді ғой, иманды болғыр. Ол кісі «Ақсақал, сіз Қорқыттың күйлеріне әлі бармай жатырсыз. Мынауыңыз Қорқыт емес қой» десе бола ма. «Әй, шырағым, жанықпай отыр енді» деді қобызшы қарт қабағын шытып. Содан соң өзімен өзі болып қылқобызды баяу, бабымен жарты сағаттай сарнатып алды-ау шамасы. Біз бұл сарнауларға кейінірек «Соқыр Нышан сарнаулары» деп айдар таққанымыз есімде. Әлден уақытта тоқтады. Шүмектеп аққан терді көлдей орамалмен бір сыпырып шыққанымызда суы сығып алуға келген. «Ал, шырақтарым, – деді қобызшы шал, – Мединеде Мұхаммед, Түркістанда Қожа Ахмет, Арыстан Баб, Шашты Әзиз, Ғайып Ерен Қырық Шілтенді жағалап шықтық. Қорқыттың күйлерін тартуға Алладан ұлықсат болды» деді. Осыны айтты да «Аһ-һ, Уһ-һ» деп терең ащы үн шығарып, кеуде қуысын босатып алғандай болды. Содан Қорқыт күйлері сарнап жөнелсін. Бірде сыңсып жоғары өрлейді, бірде сылдырап төмен ылдилайды. Қылқобыздың ішектерінен зарлы да мұңды, кейде шалқып, кейде қалқыған сиқырлы дыбыстар ақтарылып жатыр. Боздаған түйе… бұл «Желмаяның желісі», аспанға өрлеп асылып қалған қаңқыл… бұл «Аққу», алыстан иіс тартып сай-сүйекті сырқырата сарнаған күй… бұл «Ұшардың ұлуы». Әне, бауырына басқан баласын «Әуіпбай, әуіпбай» деп жұбатып, иығына асқан иінағаштағы шелегі сылдырап, суатқа құлаған келіншекті көріп тұрғандай боласың. Баяғыда осы «Ұшардың ұлуын» тартқанда бүкіл ауылды азан-қазан қылатын едік» дегені де осындайда еске түседі.
Бұл 1975 жыл еді. Соқыр Нышанның тоқсан екіге шыққан жылы екен. Қартайған адам ғой, тартып-тартып келіп тамағын қырнайды, жөтеледі, жөткірінеді, содан соң тағы бір көлдей орамалмен шүмектеп аққан терін құрғатып алып, қобызды одан әрі сарнатады. Сөйтіп біз осы жолы Соқыр Нышаннан Қорқыттың он екі3 күйін жазып алдық. Ал бүкіл түркі дүниесінде Қорқыт бабамыздың жиырма шақты ғана күйі сақталғанын ескерсек, мұнымыз шынында ерлікке пара-пар үлкен жұмыс еді. Содан Мардан ағамыз сол жазбаларды М. Әуезов атындағы Тіл және әдебиет институтына тапсырып, сол жерде күйтаспалар қосалқы дыбыстардан тазарған соң нотаға түсірілді ғой. Әртүрлі оркестрлердің репертуарына да сол институттан алынған болар» деп Ахат ағамыз әңгімесін аяқтаған болатын.
Сөйтіп, сонау бала кезде көрген қобызшы шал туралы көкейде жүрген сұрағыма толымды жауап та алғандай болып едім. Бірақ, мені енді екінші бір мәселе мазалай бастады. Осы таяу жылдары Қорқыт бабамызға байланысты үлкенді-кішілі әлденеше шаралар өтті. Қалам тербеп, туған өлкенің жетістігі-кемістігі туралы жазып жүрген соң бабамыздың үлкен-кішілі той-томалақтарында сол алпысыншы жылдардың өзінде-ақ жарғақ құлағы жастыққа тимей, Қорқыт бабамыздан қалған мұралардың қағазға жазылып, үнтаспаға түсіп қалуына мұрындық болған ағамызды да іздейтініміз орынды ғой. Бірақ, сол шаралардың қай-қайсысында да ол кісіні кездестіре қоймағанымыз өз алдына, тіпті аты да аталмайтын болды. Ал бүгінде Қорқыт бабамыздан диссертация қорғап, алқалы жиындарда ағыла сөйлеп жүрген азаматтар жетерлік. Асылында әр азаматтың еңбегі адал бағаланғанда ғана әділеттілік деген арғымақ жалынан сипатпақ. Біз Қорқытты да, сол Қорқыт бабамыздың күйлерін кейінгі ұрпаққа қалдырып кеткен қобызшы Молықбай шал мен Соқыр Нышанды да, сондай абыз күйшілердің орындауындағы інжу-маржандардың таспаға түсіп қалуына мұрындық болған жанашыр жандарды да ұмытпауымыз керек.
Құттыбай СЫДЫҚ, журналист
Қызылорда облысы. 29 сәуір, 2001 жыл
1 Нышан Шәменұлы 1892 жылы Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Қоғалыкөл ауылында туған. Дуана қожаның ұрпағы, төртінші ұлы Бақмұхаммедтен тарайды. Қорқыт күйлерін біздің заманымызға жеткізген қобызшы, абыз. Нышан бір жасында «күйдіргі» (түйнеме) ауруына шалдығып, бала кезінде екі көзінен зағип болып, өмір тауқыметін көп тартқан. Тоғыз жасынан қобызды қолына алған Нышан «Мұсаяз» бейітіне келген қобызшылардан Қорқыт Атаның және белгілі бақсы-балгерлер Есақай мен Адасқан, тағы басқа қобызшылардың күйлерін үйренген. 1979 жылы дүниеден өткен.
2 Ахат Жанаев 1936 жылы Сырдария ауданында туылған. Жазушы, журналист. Қызылорда педагогика институтын 1957 жылы бітірген. Қазақ радиосының Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып 30 жылдай еңбек еткен. 1987 жылы қалалық кеңестің депутаты болып сайланған. «Арысы едің Алаштың», «Өтелген парыз», «Беркінбай әулие: аңыз бен ақиқат», «Жеті атасын білген ер, жеті жұрттың қамын жер» кітаптары жарық көрген.
3 Кейін мамандар зерттей келе Соқыр Нышан қобызщы Қорқыт атаның таза тоғыз күйін жеткізген деген тұжырымға келген. Олар: «Ұшардың ұлуы», «Тарғыл тана», «Әуіп-пай», «Қорқыт», «Башпай», «Желмая», «Сарын», «Қоңыр», «Байлаулы киіктің зары». Ал «Елім-ай, халқым-ай» күйін қобызшының төл туындысы дет таныған.
***
СОҚЫР НЫШАННЫҢ ҚОБЫЗЫ ЖАЙЛЫ ҮЗІК СЫР
Қызылорда өңiрiнде өмiр сүрген Нышан бақсының (Смайыл Шәменұлы) қобызын қобызшы Саян Ақмолда фильмге пайдаланбақ болып Мұхтар Әуезов атындағы Акемиялық театрдан сұрап алыпты. Ертеңiне кинода қобызбен күй тартуы тиiс қобызшы көне қобыздың қылын (шек) таға алмай түннiң бiр уақытына дейiн әуреленсе керек. Осыдан жиырма жыл бұрын орын алған оқиғаны Саян Ақмолда былай деп баяндап бердi:
– 1997 жылы өнертанушы Саида Еламанова мен Бекболат Тiлеухан екеуi «Қауышу» деп аталатын фильм түсiрдi. Осы фильмнiң режиссерi Рымбек Әлпиев менiң фильмде тартатын қобызымның көне болғанын қалады. Қорқыт жайлы айтылатындықтан, қобызымыздың ескiлеу болғаны дұрыс деген соң көне қобызды iздестiрдiк. Ағам, актер Дулыға «Академиялық театрда көне қобыз бар. Спектакльдерге пайдаланамыз» дедi. Сұрастырып әлгi қобызды таптық. Әйгiлi Нышан бақсының қобызын жатақханама әкелiп қыл тақтым. О тоба, бiрiншi қыл қобыздың құлағынан шығып, байланбай қойды. Екiншi рет тиектiң төменгi жағындағы қыл өткiзетiн көзден үзiлдi. Қобызды қолымызға ұстап жүргелi талай жыл болды, қыл бұлай үзiлмейдi. Үшiншiсiнде өзiмнiң қобызымдағы қылды шешiп алып тағып болғанда, ысқыш ысатын жерден дәп бiр пышақпен кескендей үзiлiп кеттi. Ақыры, бұл қобызды да, өзiмнiң қобызымды да фильмде тарта алғам жоқ. Басқа бiр қобызбен күй тарттым. Нышан бақсының қобызы үйiмде бiр айдай тұрды. Бiрақ өңiмде елес көре бастадым. Күндiздiң өзiнде алдымнан аппақ киiм киген адамның сұлбасы көрiнетiн болды. Ақырында Академиялық театрға апарып бердiм. Бұл қобызды Академиялық театрдың әртiстерi кезiнде Қызылордаға гастрольдiк сапармен барғанда Нышан бақсыдан аттай қалап театрға сұратып алған екен.
Бақсылардың қобызы адам секiлдi үн қатады, сөйлейдi дейдi. Расында да, әйгiлi бақсылардың қобызының киесi болады. Түркiстанда табылған үш ғасыр бұрынғы қобызды алып келiп қыл тағып берсең дедi. Келiсiм бергем жоқ. Негiзiнде көне қобыздарды жаңартып, дамытып, өзгертуге, сөйлетуге болмайды. Киесiнен қорқу керек.
***
Саян АҚМОЛДА
Қобызшы, зерттеуші, ұстаз. 1974 жылы Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Саудакент ауылында дүниеге келген. Атасы Ермахан-сері атақты шертпе күйдің шебері Сүгір Әлиұлымен дос болған. Саян Ақмолда бар-жоғы 5 жасында домбыра тартуды үйренген. 17 жасында күйші Б. Дәуірбековпен танысып, соның баулуымен қылқобызды қолына алған. 1999 жылы Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваторияның халық музыкасы факултетінің қобыз және баян кафедрасына оқуға түсіп, Базархан Қос-басаровтың класында сабақ алған.
1997 жылдан бастап Нұрғиса Тілендиев құрған әйгілі «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық оркестрінде өзінің өнерін көрсете бастаған.
2000 жылдан бастап мәдениет саласын-дағы түрлі мекемелерде қызмет етіп, ел ішінде және шетелдерде өткен көптеген концерттер мен байқауларда өнерін паш етіп бірталай бас жүлделермен марапатталған.
Әзірет Әлі, Мұхаммед – Ханафия, Әбді-жәлил баб (Хорасан –Ата), Ибрахим сопы, оның ұлы Исмаил Атаның бел балалары Ысқақ-Ата мен Абдулла-Ата ұрпақтары, соның ішінде Мәді қажыдан тарайтын Дуана қожа деп аталатын әулеттің шежіресінен алынды
Нышан Шәменұлы атаның көшесінде тұратынымды мақтан етемін:) жас кезімнен білетін едім соқыр қобызшы екенін. Енді тағыда жақсы ақпараттар алдым. Рахмет. Еңбектерің жемісті болсын