Бір суреттің сыры

Хорасанға қой айтып, құрбандық шалды

Жаңақорған ауданы Қожакент ауылының ақсақалдары Хорасан бабаның басына барып, Құран бағыштап, құрбандық шалды

Бабам Хорасан келдім арасан.

Зиярат етейін деп ісімді сұрасаң,

Мүшкіл ісімді қылғайсың ансан

Рахым ете көр, бабам Хорасан.

Сексен шайхыны жаныңда көрдім,

Тоқсан машайхыны артыңда көрдім.

Қағба махалаңды алдыңда көрдім

Рахым ете гөр, бабам Хорасан

Сұлтан Хұсайынның ұлы болармын.

Алла тағаланың құлы болармын.

Шашым, сақалымды шыпта қылармын.

Рахым ете гөр бабам Хорасан

Әлінің әулеті Шері Құдасан

Келген бәлені дәпі қыларсың

Құл Қожа Ахметке жар боларсың.

Рахым ете гөр, бабам Хорасан» дер жырлаған Ясауи бабамыздың жолымен Қожакент ауылың ақсақалдары Хорасанға бабаның басына барып, дұға бағыштап, қой шалып, елімізді жайлаған жаман індеттен құтқаруға жаратқаннан дәрмен сұрады.

Хорасан ата Ислам дінін таратушы оқымысты, батыр да батыл, білікті әскери қолбасшы, бойына қасиет қонған емші, өзі жүріп-мекендеген жердің бәрінде де мешіт, мектеп-медреселер ашып, халықты сауаттандырған, адамгершілік пен имандылыққа, шыншылдық пен адалдыққа тәрбиелеген ағартушы болған.

Хорасан бабамыздың тағы бір қасиеті жұқпалы шешек індетіне (оспа ауруы) ем тапқан адам. Ол шешек індетіне қарсы уыт екпе  ойлап шығарып, елді алғашқыда бармағының түбінен, кейін қарынан сол уытты еккізіп, алдын ала кеселге қарсы күресетін денеде әсер туғызып (иммунитет), халықты індеттен сауықтырған екен. «Арасан» деген сөз «шипагер» (емші) мағынасында).

Бабаның ХІІІ ғасырдан бері сақталып келген Әзіреті Әлінің Хорасан атаға мирас боп қалған туы Хорасан ата кесенесі жанындағы мешітке сақтаулы тұр. Ту қоладан құйылып, сүйір ұшы мыстан жасалған. Тудың жоғары жағынан «Аллаху Ахад», одан төменірек «Әли» деген арабша жазылған жазуды анық оқуға болады. Осыдан бірер күн бұрын, Хорасан ата қорымының шырақшысы Мейрам Әбітаев, Ерман Бегманов, Өтеген Нақшбанов Хорасан бабаның ұрпағы Мұхтар Бұрқанов секілді ауыл жанашырлары алға шығып, қазақы дәстүрімізбен Алладан ауруға шипа,  көңілге медеу, осы топырақта жатқан әулие-әмбиелерден шапағат тілеп, бабамыздың туын алып, ауылдың айналасын аластағандай әрекет еткен еді.

-Мына індет, халықты теңселтіп жіберді. Жайшылықта әулиелерімізді әспеттеп жүрсек, мынадай күндерде көзімізге жас алып, жалбарынып отырмыз. Бабамыздан қалған жәдігер туымызды алып, ауыл айналасып  дұға-тілектерімзді айтып айналып шықтық. Осы істің  алдында түс көрген едім, түсімде пілдермен соғысып жүр екенмін, апталдай бойларына қарамай, құдай қуат берді ма, қуып жүр екенмін. Содан тілегімізді қабыл етті ма,  ауыл айналасын аралап болысымен Алланың нұры жаңбыр жауып берді. Мұны да жақсы ырымға балап көңілімізді демедік. Осыдан кейін бір аптаға жетер жетпестей уақыт өтті, ауылымыздан қаралы хабар сейіліп,  жаман ауруға бір тежеу болып жатқандай-дейді  шырақшы Мейрам Әбіжанов.

Сыр бойына Ислам діні мен мәдениетін әкелгендердің алғашқысы – халықты имандылық парасатына тәрбиелеген Хорасан ата атанған Әбдіжәлил баб еді. «Қобланды батыр» жырындағы сексенге келген Тоқтарбай мен елудегі Аналықтың өмірде бір перзент көрмей зарығып жылап, бұл екеуінің қайғысына қалың Қыпшақтың қабырғасы қайысып жүргенде, Аналық бәйбішенің:

Әулие қоймай қыдырып,

Етегін шеңгел сыдырып,

Жеті пірге танысқан,

Әулиеге ат айтып,

Хорасанға қой айтып,

Қабыл болған тілегі,

Жарылғандай жүрегі,– деп айтқанындай, Тілегіміз қабыл болып, індет қайтып, жүрегіміз жарылғандай жақсы күндеріміз, қуанышты күндеріміз тез келсе екен деп дұға етеміз.

Халқымыздың амандығы үшін қайыр-садақа беріп, осы ниетімізге атсалысқандарға Алла разылығын айтамыз!

Қожакент ауылының ақсақалдары Хорасан бабаның басына барып, Құран бағыштап, құрбандық шалды

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button