Жарық нұрдың сәулесі

Бурахан қожа

Мақтум Ағзамның тұңғыш ұлы Мұхаммад Аминнің ұрпағынан – Мұхаммад Юсуф – Аппақ қожа – Аминқожа – Қожа Жахан және Қылыш Бұрханиддин қожалар Қашқардағы өкімет басына келген болса, Аппақ қожаның атағы ислам ілімін тарату мен ғылыми ислам Тасаввуфте дүрілдеп шықты. 17-ші ғасырдың екінші жартысында Жаркент тағында отырған Шығатай әулетінен Ысмаиыл хан дәуірінде 1670-1682 жылдары Мақтум Ағзам әулетінің бір ірі тұлғасы Мақтум Ағзамның ұлы Қожа Каланның үшінші ұлының ұрпағы Аппақ қожа тақ үшін таласы басталады. Оның мүриттерінің «елді пайғамбар әулеті басқаруы керек» деген тілектеріне разылық білдірген Аппақ қожа Қашқар тағына отырады. 300 жыл Шығатай әулеттері үкім жүргізген өкіметке шек қойылып, академик Бартольд айтқандай, Шығыс Түркістанда қожалар үкімдарлығы дүниеге келеді. Бұл патшалық 78 жыл өмір сүріп, Аппақ қожадан кейін Ханқожа, Махдиқожа, Момынқожа, Қожа Жахан, Жақып қожа, Бұрханиддин қожа секілді перзенттері мен қарындастары өкім жүргізді. Жоңғар хандығы өз өкімін тоқтатқан соң Чин империясы Қожаларға қарсы екі жыл тоқтаусыз соғыс жүргізіп, 1759-шы жылы 6-шы августа Қашқар мен Жаркентті басып алды. Сол себепті Қожа Жахан Қашқарды, Қожа Бұрханиддин Жаркентті тастап Бадахшанға қашып кетті. Бадахшан үкімдары Сұлтан шах оларды жақсы күтіп алды. Бірақ, сатқындар жәрдемінде 1759-шы жылы октябрде ағайынды қожалар құпия жағдайда өлтірілді. Чин мемлекетінің үкімімен Қожа Жахан жасатын Пекинге алып келіп дарға асады. Бұрханиддин қожаның қабырын таба алмады. (Омонбек Жалилов. «Турон тарихи» журналы-1994-ж. Ташкент.Август).

Жақын күндерде Алматыда өмір сүрген (марқұм) Сламбек атты жігіт ағасы Жаркенттік қожалар шежіресін әкеліп берді. Қазақта «Бір жоқты бір жоқ табады» деген ұлағатты сөз бар. Сламбек өз ата-баба шежіресін іздеп жүрген жігіт. Сламбектің маған тапсырған «Бұрхан қажы ұрпақтарына  арналған отбасылық мұра» шежіре-кітабында жоғарыдағы жайға біраз жарық түсіріп, мәнін айта алады. «Ол кезде Шығыс Түркістанда діни биліктің аса маңызды ролі болды. Сондықтан, Цеван Рабтан Ақтаулық (Ақтағлық) сайд қожа Аппақ хазіреттің ұрпақтарын орнынан ығыстырып, өзін жақтайтын, билігіндегі Қаратаулық (Қаратағлық, Қызылбас қожа) Даниялды Шығыс Түркістан діни басшылығына Қашқарға әкеліп қояды. Даниял қожа ұлдарына үлес беріп, қазақ руларының жоңғарға қарсы әрекетіне тосқауыл, тыныштық орнату үшін Жаркент, Қапалдағы қожаларға кепілдік міндетін қойып, оларға жер беріп, Тарбағатай, Ертіс өңіріне көшіріп жібереді. Қолда бар шежіреде «Комилхан Каттаев–Самарқанд. «Суғдиен» баспасынан 1994 жылы шыққан «Мақтум Ағзам ва Дағбед» атты кітапта Мақтум Ағзам – Мұхаммад Амин (Қожа Калан) – Мұхаммад Юсуф -Аппаққожа(Хидоятулло) дан – Яхияқожа-Ахмадқожа (Қожа Махмуд) 1737-38 жылдары опат болған Бұрханиддинқожа мен Қожа Жахан деп көрсетеді де, екеуінде 1759-шы жылы өлген дейді. Бұл жайды жоғарыда журналдағы мақала осылай айтады.

«Бураханның ұрпақтары» атты кітапта, Бурахан қажы ХҮІІІ ғасырдың 20-шы жылдары дүниеге келсе, яғни, Кетті қожа кепілдікпен сол жылдары келіп, Қарабұлақ, Мұқашы аймағында қоныстанған болса, 1759-шы жылдары Бурахан-қажы 35-40  жас  мөлшерінде Жаркентті Циндерден азат ету майданына Ханқожа (батыр, балуан) екеуі қол басқаруы мүмкін. (Хан қожа ұрпақтары Қарабұлақта осы уақытқа дейін бар. Олар Атаевтар). Және де Бураханның (Бұрханиддинқожа) қажылық Жарсу, Қарабұлақ елді-мекені қариялары Бураханды қожа ретінде айтқаны болмаса, көбінде қажы ретінде  еске алатынды (Тойбазар, Смағұл, Қамза, Ағымхан қариялар).

Ал, Бураханның қажылыққа баруы қожалардың 1759-шы жылғы Жаркентті босату шайқасынан кейін, қожалар Цин әскерінен жеңілген соң болуы керек. Бұрхан (Бурахан) мен Хан қожа Бадахшан Тәжікстан асып, белгісіз жағдайда өлді деген сөз қауесет «ізін жасыру» мақсатында айтылуы мүмкін. Себебі, Хан қожа тірі, 1783-ші жылы өз жерінен Бердіқожа «старшынға» үлес берген, сол сияқты Санияз да (Бурахан қоныстары қатар) үлес берген. Демек, Бұрханиддин (Бұрахан) қожа мен Қожа Жахан өздерін өлді дегізіп, екі адамның мүрдесін Қытайға ақпарат бергізіп, өздері жүз тасалап қажылыққа кеткен. 4-5 жылдан соң өз туған жерлерінен аулақ Қазақстан аймағына келіп өмірлерінің ақырына дейін тыныш тіршілік еткен болып отыр. Бұл жайды Сламбек өз кітабында «ел адамдары Бұрхан қожаны тек қажы ретінде атайды» деп бұл екі қожаның өткенінен Зайсан маңындағы халықтың хабарсыз екенін дөп басып айтып отыр. Тағы да, И.П.Андреевтің жазғанына қарағанда, қажылық өте ауыр, ерекше табандылықты, қайтпас қажырлықты көрсеткен мұсылмандарға тән қасиет. Олар 2 жыл бойы керуендерге жаяу ілесіп, жол бойында  мұсылмандар берген садақамен қоректеніп, барып-қайтуға тіптен 4 жыл өмірін қажылық жолына қиған. Солай деп ойлағанда қожа «ізін суытып» елге келуі, ал, Бурахан қажылық парызын өтеп, 1764-ші жылдардың басында ел іргесі тынышталғанда, өз қонысына оралды ма деп болжам жасауға болады.

Әкем Бегімхан Кетті қожа Ақ қожадан тарайды деп өз қатым қағазына сүйеніп айтатын. (Шын мәнінде Яхия қожаның лақап аты Катта (Үлкен қожа) болуы бек мүмкін) Олай болса, Ақ қожа Аппақ қожаның синонимі болды ма деген ой туғызады. Бураханның Аппақ қожа ұрпағын Жаркентте билікке әкелу соғысында бас тігіп, қол жинап, Циндермен шайқаста ерекше көзге түсуіне себепті жағдай деп болжауға болады. Қалай болғанда да Бурахан (Бұрханиддин) тірі қалып өз өмірінің соңын тыныштықпен өткізген. Бұған дәлел осы күні бұл әзіздің ұрпағының өсіп-өніп отырғаны .

Ақиқаттың ақиық қыраны

Бурахан (Бұрханиддин) негізінен арнайы өлең жазумен шұғылданбағанымен тосын, кездейсоқ оқиғаларға байланысты суырып-салып айта берген. Ақынның қалыптасқан қожалар дәстүрі бойынша ешкімнің бедел даңқына қарамай, шындықты айтатын қасиетін Қамбар төре өзі де қоштап:
«Ақын жалтақ болса, ақиқат адасады.
Ақынның пірі – ақиқат.
Біздің піріміз – Бурахан қожа,
Ақиқаттың ақиық қыраны», – деп қанаттандырып, қайрап отыратын деген әңгіме «көне көз» қариялар  арқылы осы күнге жетті. Ол өзінің туған өлкесінің көркем де бай табиғатын жырлаудан жалықпайтын еді. Оны мына керемет өлең жолдарынан көруге болады:

Өр Алтай Сауырменен бірге туған,
Тулап кеп, әр саладан өзен құйған.
Қара Ертіс екі арада бұлаң қаққан
Барша өңір сол Ертістен бетін жуған.

Әсем-ау, қатар жатқан Сайқан, Сауыр,
Торқадай топырағы қара бауыр.
Өсірген төрт түлік мал осы арада
Құрады сауық-сайран бүгінгі ауыл.

Алқабек, Білездік пен Қалжыр, Тақыр,
Бөгенбай, Қарабүйрек алда жатыр.
Басына Шәкірмістің шыға келсең,
Марқадан көрінеді тіккен шатыр.

Өр Алтай тау-таулардың бабасы екен,
Марқакөл зәмзәм толы сабасы екен.
Қара Ертісті қысы-жазы талмай емген
Зайсанның нағыз жұмақ жағасы екен.

Маңырақ тұмсығында Құлын ойнақ,
Жататын қожа, төре сонда жайлап.
Жағалай Қара Ертісті ауыл қонып,
Тулатып көк шалғынға құлын байлап.

Сол кезеңде, өзге ұлт өкілдерінің Қазақстанға қоныстанып жатқан кезінде халқын отырықшылыққа шақырып, астықтарын еккізіп, елінің ертеңін ойлаған Қамбар төренің анасы Қаражанға арнап мына өлеңді жазған екен:

Маңырақ мал өсуге болған ұя,
Өсетін изен, жусан, қызыл мия.
Қаражан Үйденеден тоған тартып,
Халқымды асырап тұр Қарақия.

Қарақия халқыңды асырасын,
Бәйбіше, көңіл бірақ тасымасын.
Сиырын сауып ішпей, сауық құрған
Көп жалқауға соншама бас ұрасың.

Қарақия халқыңды асырасын,
Ниет кеміп, талабың жасымасын!
Көп жалқаудан бір қайыр шықса жақсы,
Таратсаң да байыңның мал мен асын.
– деп, кезінде Абай айтқандай халқының жалқаулығына да қынжылады, әрі Бурахан әділетсіздікке қарсы күресіп, еңбек адамдарының қуанышына сүйсініп, ренішіне бірге күйінген ақын. Бірде, ол жас талдан саңылаусыз өрілген қой қорасын мақтаныш еткен бай көршісіне былай деп жауап айтыпты:

Не болмайды Ертістің сұлу талы,
Сізге қымбат адамнан малдың қамы.
Шебер қолды бір байғұс тоқыған ғой,
Байқалып тұр өнерлі қолдың табы – депті. Желтоқсан айының тұманды күндерінің бірінде Бурахан Маңырақтағы тау қыстауынан қайтар жолда Қарабұлақ маңына бір топ жолдастарымен адасып жүреді. Сонда қарайғанның бәріне қарайлай беретін жолдастарына кейіп:

Мен білсем, бұл көрінген Қарабұлақ,
Әлі де біздің ауыл арағырақ.
Қара көрдей қараңғы жым-жырт екен,
Жатпас па еді ит үріп, бала жылап.

Алды жөн, адасқанның арты соқпақ,
Болмайық босқа әуре барды жоқтап,
Дүлей түн кейігенмен жеңгізбейді,
Жан-жақты шолыңдаршы біраз тоқтап – деп кеңес береді. Ақынның ғибрат аларлық өлеңдері де аз болмаған. Мысалы:
Ең алдымен адамға саулық керек,
Жұбайың ширақ болсын, ұлың зерек.
Басың сыйлы, үй – ішің тату болса,
Одан артық құрметің неге керек.

Жігерсіз, ынжақ болса қызың жаман,
Келінің күңкілдеген сазбет болса,
Тұндырған құлағыңды ызың жаман.
Соң қалып қартайғанда зайыбыңнан,
Күңіренген үйде жалғыз күнің жаман.
Соған қарағанда, ақын қартайған шағында балаларының қолына қарап қалған сияқты.
Күшің жоқ жас кездегі, мықтым енді,
Құйын қуған қаңбақтай ықтың енді.
Қарсы жүзген толқынға қайран жүрек,
Шайлығып жоқ нәрседен бұқтың неге? – десе, өміріңнің соңғы шағында келіндерінен кетіп, тұрмыстағы қызының қолында өткізгендей:
Іздедім, ет дәмдісін тұздан көрдім,
Іздедім, су тұнығын мұздан көрдім.
Қыз болса, қырын қарап қынжылушы-ем,
Құрметті қартайғанда қыздан көрдім.
– деп өмір жолының елеулі кезеңдеріне барлау жасайды.

Р. Әбілмажиновтың «Ой толқындары» атты еңбегінде Бурахан туралы былай делінген: «Ертеде, Тарбағатай өңірінде Бурахан қожа деген шешен, әрбір сөзін қисынмен тақпақтап сөйлейтін, беделді адам болыпты. Өзі тұстас замандастарымен келе жатып, бір өзен суынан өте бергенде, қатар келе жатқан бір құрдасы басындағы бөрігін суға қарай қағып жібереді. Бурахан бөрікті ұстамақ болып, екі қолымен бірдей қалбаңдап үлгергенше, бөрікті екінші біреу суға түсірмей қағып алады. Бөрікті қағып жіберген адам Бураханның қалбаңдап бөрікке ұмтылған екі қолын шап беріп ұстап алып: «Ал ақын болсаң, осыны қолма-қол өлең ете қой» – дейді. Сонда ойланбастан:
Басымнан ұшып кетті әп бергенім,
Әп бергенім ұшқанда тап бергенім.
Өзіммен бірге туған қол – аяғым,
Кәне, сенің сонда маған әп бергенің.
Бөркімді ұшырған да басқа емес,
Өзімнің касымдағы дос көргенім – деген екен. Бурахан қожа жайлауға шығып бара жатқанда мінген атын тағалағанда аяғына шеге тисе керек, алдыңғы аяғын сәл шекіп басып келе жатады. Осы кезде өзінің ежелгі тұстас адамдары жол үстінде әзілдесіп: «Ой, Бурахан қожа-ау, мына мініп алған ақсақ атың не?» – деген екен. Сонда:
Е, бала-бала дегенге базарымыз,
Баладан болар ма екен ажалымыз,
Жүйрігі мен жорғасын өзі мініп,
Ақсақ атты бергенге разымыз.
– депті.

***

Бурахан қожа қартайған кезінде дәулеті азайып, содан екі бай жиені болады екен, солардан жыл сайын соғым алып жүреді. Тағы да бір жылы келіп жиендерінде аунап-қунап, бірнеше күн жатқан соң: «Балалар, менің атымды алдырыңдар, мен қайтайын» – дейді. Екі жиені ақылдасып: «Осы біздің нағашымыз бұрынғыдай шалымы бар ма екен, сынап көрелік» – деп, бір кәрі көк биені ноқталап қояды. Бурахан қожа атқа қонғаннан кейін жиендері: «Нағашы, мына биені жолдасыңызға жетектеп ала кетіңіз» – дейді. Сонда ақын биеге қарап тұрып:
Е, арқама таңу қылған қос жиенім,
Жүгі жолда қалмайды нар түйенің.
Ауызында тіс, көтінде қыртысы жоқ,
Ноқтасын ап қоя бер көк биенің деген екен. Сонда жиендері: «Ой нағашымыз әлі қарттыққа жеңілмеген екен» – деп, басқа соғым әкеп берген екен.

***

Бурахан қожаның тұстас адамдары бір жерде бас қосып отырып Бурахан қожаға: «Ойланбастан төрт түлік малды бір ауыз өлеңге сыйғызшы, кәне!» дегенде:
Қып-қызыл, қызыл жасау – қойдың жүні,
Жылқының қымызы бар жаздың күні.
Ауыртпалық артуға түйе жақсы,
Бәрінен сиыр озар күздің күні – деген екен. Ақын шығармашылығы осы ғана деуден аулақпыз, оның өлеңдерінің көбі әлі де ел арасында бар екендігі анық. Ақын Бураханның өлеңдерінің көбі сонау 1930-шы жылдары Кеңес үкіметінің кезінде жоғалған-ды. Қытай асып кеткен Абзалхан ұрпақтарында Бурахан қожаның біршама шығармасы болуы мүмкін. Сәті түссе, екі жақты күш салып, шежірені толықтырып, келер ұрпаққа ұсынсақ деген ойлар бар. Араға үш жүз жыл салған соң, әрине, көп сөздер ұмытылған. Әйтпесе, Ескелді сияқты ел бастаған даңғайар би, қол бастаған батыр айтқан ұлы сөздер ұшан-теңіз болуға тиіс. Бұл әулиенің рухы да, ісі де ұрпақтар жадында мәңгі сақталарына күмән жоқ.

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button