Білген Шайыр айтады

Сайыпназар ахунның Құнанбайға барған сапары жайлы

 дастан

Бисмилла, сиынамын Иә Зүлзәләл,

Алла досы, Ақ Расул назарың сал.

Ақ дінге ақылменен қорған болған,

Ғақим мен Ғұлама үшін жазды ғазал.

 

Кешегі дін Ислам аманында,

Аға сұлтан Құнанбай заманында.

Қайран қазақ күні өткен қасіретті,

Озбырлықпен орыстың табанында.

 

Сарыарқа, Сары Белге салған қамал

Дейтұғын жарты патша жандарал.

Жерді алып, билікті алып болғаннан соң,

Ақ дінді аздыруға еткен амал.

 

«Қазақтың айламен ал дінін»,-депті,

«Дінін жойсаң жоясың тілін»,-депті.

Дін мен тілін жоймаққа құпиялап,

Патшадан жандаралға хабар кепті.

 

Бұл хабар Мұсылманға салған лаң,

Ту тігіп, майдан ашып, салған ұран.

Айламен аңқау елді аздырмақшы,

Ішінен сұрақ беріп Кәрім-Құран.

 

Бар екен олардың да ғалымдары,

Арапша көп оқыған залымдары.

Жабамыз Ислам дінін сауатсыз деп,

Құраннан үш сұраққа жетпесе әлі.

 

Осылай өзара олар уағдаласақан,

Болғасын атасы араз әуел бастан.

Ұрпақтың хәлі нешік болады деп,

Халқы үшін Құнанбайды уайым басқан.

 

Күйзелген күні-түні ер Құнанбай,

Ауыр жағдай болғасын дәл мынанадай.

Бөліпті түнде ұйқысын, күндіз ойын,

Суық хабар сумаңдаған сұр жыландай.

 

Бар екен жанарларда жан жолдасы,

Дегендей беделді адам ордабасы.

Жол түсіп сол төреден сұрағанда,

Білінген суыртпақтап жөн жобасы.

 

Мұнан соң аға сұлтан ойға қалған,

Жинауға ел жақсысын ойға алған.

Өзінше бір сылтаумен жиын жасап,

Мынадай көпшілікке сұрақ салған:

 

«Ғұлама барма оқыған араб,парсы,

Тұра алмастай шариғатына ешкім қарсы.

Өзбек,татар,қырғызбен сынға түссе,

Тұрмастай біліміне ешкім қарсы».

 

Жақсылар жасып қалды төмен қарап,

Сасқаннан сақалдарын қолмен тарап.

Жапсардан сонда біреу сөз сөйледі,

«Білуші ем бір ғұламаны қалар жарап.

 

Сайыпназар мусанниф бар Сыр бойында,

Құнекең сөзінен соң түсті ойыма.

Жан екен әм ақылды, әм ғұлама,

Алланың ие болған абыройына.»

 

Бұхар білім ордасы жанған шырақ,

Бірі айтты: «Қазанда бар қайнар бұлақ,

Ол елде не ғажайып ғалымдар бар,

Бұл кісі болар ма екен артығырақ»

 

Сайыпназар үлкен ғалым алған білім,

Меңгерген парсы, араб, түрік тілін.

Мұхаммед-Ханафия ұрпағы екен,

Жан екен жүзі жылы,сөзі шырын.

 

Құнанбай ұстап отыр өзін тұйық,

Сайыпназарды ұнатты бәрі ұйып,

Құнанбай қағаз жазып алдырғасын,

Қайтадан алмақ болды бәрін жиып.

 

Құнекең кеңескесін жұртыменен,

Хат жіберді ықылас-құлқыменен.

Шақырып адам келді сәлемдесіп,

Сайыпназар ахуынды Мырқыменен.

 

Сайыпназар Құнанабайдың хатын алған

Күйме мініп,Мырқымен Семей барған.

Есітіп хабарларын Ғұламаның,

Құнанбай күндік жерден қарсы алған.

 

Күтіпті жайлау сазда жаздың айы,

Жар болған жақсыларға бір Құдайы.

Әр күні ақ шариғат, жиын болған,

Болғасын аса сыйлы бар жағдайы.

 

Осылай аға сұлтан жинап көпті,

Етегінде Шыңғыс тауы жиын бопты.

Иен қазақ жақсылары жай таппаған,

Қол менен күрегендей жанған отты.

 

Не жақсылар жиналған Сырдан, Қырдан.

Етегін елі үшін жанын құрбан.

Арғыннан Алшынбай мен Әлібек келген,

Ақылмен құтылуға тордан құрған.

 

Сібірден Тілеулі мен Бірсай ерім,

Келіпті тәуекел деп буып белін.

Қоңыраттан Байзақ пенен Батырбек бар.

Сарыарақадан қатысқан Сәтбай бегім.

 

Торғайдан барған Қыпшақ батыр Иман,

Құнанбай жақсылардың бәрін жиған.

Қабанбайдың ұрпағы бек Сүлеймен,

Сорсүмбеден сапар ғып болған мейман.

 

Ұлытаудан Қарсақбай, Барақ барған,

Жиынға шақырылып хабар алған.

Бек Барақ Орта жүзден тегі Найман,

Дәулетіне бақ қонып, қыдыр шалған.

 

Күн өткен, түндер өткен, мезгіл өткен,

Ол кезде аға сұлтан айбыны өктем

«Тақсыр ай үш сұрақ  бар сізге қояр,

Мағынас Құраннан емес бөтен».

 

«Рұқсат ет, сөз бастайын ғұламалар,

Шешімі мәні менен тәпсирде бар.

Жанаттың түгел болмыс сипаттары,

Құран-кәрім жазғандай жалғанда бар.

 

Бірінші мынау еді сұрақ  дейді,

Бір Алла қаһарланса барлық ғалам,

Тарының қауызына сияды дейді.

 

Сұрақтың көңілге алған екнішісі

Қияметте тірілмек өлкен кісі.

Жалғанда жан бар ма өліп-тірілген,

Мінеки деп айтарға Алла ісі.

 

Үшінші назар салсақ  мына жайға,

Кәпір-мұсылман сиынар бір Құдайға,

Кітаби керек боп тұр дәлел, болжам,

Пейішке кім барады шың жағдайда?

 

Тақсыр-ай сұрақ мәні елден ерек

Шын дәлелді талассыз жауап керек.

Дінсіздер қажет етсе кафияда,

Ғылыми халық сенетін керек дерек»

 

Құнанбай бұл сөзді айтып тоқтап қалды,

Жақсы-жайсаң жаға ұстап қайран қалды.

Сайыпназар ахун салмақты сабырменен,

Жан-жағына ізетпен назар  алды.

 

«Жанаттың бар белгісі жалғанда бар,

Ол рас сұрақ мәне Құранда бар,

Бір Алла медет етсе шапағат ғып,

Берейін білгенімше жауап-хабар.

 

Қазақтың сақина түсіп сау басына,

Шығыпты барлық жақсы тау басына.

Аспан, Жер, Күн менен Ай, ел де, көл де,

Тұрыпты алақандай тау басына.

 

Бірініші дәлел мынау сұрағына

Сиып тұр бар ғалам көз шырағына.

Сол көрген қарашығың тарыдай ғой,

Бар ғалам тары қауызына сиып тұрады да.

 

Сұрақтың мәні мағыналы екіншісі

Қияметте тірілмек өлген кісі.

Мысалы ұйқы өлім, оянып тірілесің,

Осылай сипат берген Алла ісі.

 

Үшінші сұрақ мәні өте қиын,

Ақ діннен айнымауға салған тиым.

Иншалламен мұсылман махшар күні,

Жанаттан көрер рахат Алла сиын.

 

Пейішке шын мәнінде кім кіреді,

Бір Алла  құдыретімен шын біледі.

Пейіште нұр сипатты бір сандық бар,

Үстінде байлау, астында жоқ тірегі.

 

Алла мен Расул атын айтқан кезде,

Ашылып жабылады ол ілезде.

Ішінде бір дария бар ағып жатқан,

Жарқырап нұр сипаты түсер көзге.

 

Сандықта аққан дария – Мафра атты,

Қасиетті суы бар балдан тәтті.

Ақ құс бар, ала мойнақ, ала қанат,

Сәнмен салтанаты нұр сипаты.

 

Сол сандық бір Алланың құдірет күші,

Барлық ғалам болмысы сандық іші.

Аққан дария Мафра – Ислам үшін,

Шын мұсылман рухы сол бір ақ құсы.

 

Сол ақ құс ала мойын,ала қанат,

Алған дәрет қасиеті дәлел санат.

Иншалла, Иман айтып дінге сенген,

Алла жазса, бар мұсылман пейіш барат».

 

Қиын ба жарылқаса Жаппар егем,

«Бірдің өнегесі-мыңға»деген.

Құранның аятынан мән келтіріп,

Сайыпназар ахун осылай дәлелдеген.

 

Құнанбай орнынан тұра келіп,

Ғалымның қолын алған, ықылас беріп.

«Ел басына күн туса екі талай,

Береміз толық жауап,сенім берік».

 

Ел жақсылары риза боп ақыл ойға,

Тарқапты тамаша шаттық тарап бойға.

Білімнің арқасында Сайыпназар,

Қайтыпты ие болып абыройға.

 

Қазаққа не қатерлі күндер туған,

Бірлік етіп тәуекелге белін буған.

Халқы үшін қайран ерлер заманында,

Жауын жеңіп, аяғы болған думан.

 

Барақ бек бақ-дәулетке толған екен,

Жалаңаш, жетім-жесірге қорған екен.

Сол жолы қол беріп Сайыпназарға,

Пір етіп, қуанышты болған екен.

 

Бек Барақ шат көңілде сезіп өзін,

Піріне былайша деп айтқан сөзін:

«Мақсатым, Алла парызы қажы бару,

Өмір жетіп, ажалға болса төзім.

 

Жалғанның көрдім қызық,бақ-дәулетін,

Дүниенің жидым асыл сән-сәулетін.

Барлығын Хақ жолына тәрік етіп.

Қарызсыз қарсы алмақпын ақ нәубетін».

 

«Бек Барақ, жарылқаса Алла құлын,

Ерекше екі дүниеде төгер нұрын

Біреуі бес парыздың қажы бару,

Әбсадық алып барсын үлкен ұлым».

 

Осылай қуанышы шектен асып,

Қайтыпты Әбсадық ишанмен уағдаласып.

Көктемде Наурыз айы туғаннан соң

Жүрмекке қажылықа болса нәсіп.

 

Көңілі Барақ бектің судай тасты,

Пірінен ризадық алып араздасты.

Пірінің қолын ұстап,жылап тұрып,

Қимастан қайта-қайта амандасты.

 

Қазақтың хан тұтынған Құнанбайын,

Шақырған Сайыпназар ахун сапар жайын.

Қаз қалпынша қағазға хат қалдырған,

Әбдісадық баласы Әбдіқайым.

 

Жамағат кетсе кеміс кешірім ет,

Дұғаңның сауабынан қалмайын шет.

Құнанбай, Сайыпназар ұлылардың,

Жәнетте етсін жайын бір Құдірет.

 

Дастанды Сарыбұлақ Ибрашұлына  көзі тірісінде тапсырған  Әбдіхайымұлы Абдулаттиф (Ләтіш)

 

 

 

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button