Қажым Жұмалиев: Шортанбай Қанайұлы
Шортанбай талай рет сөз болып, кейде асыра мақталып, кейде құлдилата жамандалып келді.
Шортанбай – қазақ әдебиетінде көп сөз болған, талай рет айтыстар тудырған ақынның бірі. 1933 жылдан бері орталау және орта мектептердің оқулық, оқу құралдарына еніп те, кей жылдары программа, оқу құралдарынан шығып та қалып келді.
Шортанбай туралы М.О.Әуезов, М.Жолдыбаев, Ә.Қоңыратбаев «ХІХ ғасыр мен ХХ ғасыр басындағы әдебиеттік оқу кітабы» (7-класқа арналған, 1933 ж.), С.Мұқанов «Қазақтың XVIII – ХІХ ғасырдағы әдебиетінің тарихынан очерктер» (1942 ж.), Қ.Жұмалиев «Қазақ әдебиеті» (8-класқа арналған оқу құралы, 1942-1950 жыл), С.Мұқанов «Ана тілі мен әдебиет сабағы туралы» («Қазақ әдебиеті» газеті, 1957 ж., №15 (119), сол газетте, сол жылы Шортанбай туралы: Ғ.Мұсабаев, Т.Нұртазин, Ы.Дүйсенбаев, С.Нұрышев жолдастардың мақалалары басылды. Соңғы жылдары «Қазақ әдебиетінің тарихы», ІІ томның бірінші кітабында (1961 ж.) Шортанбайға арнаулы тарау берілді. (авторы – Ы.Дүйсенбаев)
Шортанбай Қанайұлының шығармаларына соншама көңіл аударылып, көп сөз болуы – оның шығармаларының көптігінен емес, аз да болса, бізге жеткен өлең-жырларының өз кезіндегі әлеуметтік мәні бар мәселелерді қозғап, өз шама-шарқынша өмір шындығын көрсетуге күш салуы, өз көзқарасын аңғартуы және оның бізге жеткен мұраларында шиеленіскен қайшылықтарының барлығы. Сондықтан да Шортанбай талай рет сөз болып, кейде асыра мақталып, кейде құлдилата жамандалып келді. Оның шығармаларында осы екі шектегі көзқарасқа да сүйеніш боларлық дерек, материалдар табылады. Маркстік көзқарас біздерден мұра мәселесінде қара қылды қақ жарған әділ болуды, тарихты мақтамай да, даттамай да өз шындығына лайықты нақтылы бағасын беруді талап етеді. Көп жайттарда біз осы маркстік қағиданы әдебиет мәселелеріне дәл, ойдағыдай дәрежеде қолдана алмай, қателесеміз. Шортанбай творчествосының күні бүгінге дейін өзінің дұрыс, әділ бағасын ала алмай келуінің бір себебі осында.
1959 жыл Қазақ ССР Ғылым академиясының М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және көркемөнер институтының ұйымдастыруымен әдеби мұра және оны зерттеу жайлы бүкіл қазақстандық ғылыми-теориялық конференция өткізіліп, белгілі бір қорытындыға келді. Яғни, өткен ғасырдағы әдебиет тарихын XVIII ғасырдың екінші жарымынан басталуының дұрыстығы және Дулат, Шортанбай тәрізді қайшылығы мол ақындарды ой-санасы есейген тыңдаушылары бар жоғары дәрежелі оқу орындарында (университет, институттарда) өтілуге тиісті деген шешімге келді. Сонан бері Дулат, Шортанбай шығармалары жинақтарға кіріп, жоғары дәрежелі білімі бар оқырмандарға арналған әдебиет томдарынан орын алып отыр. Бұл жағдайлар Дулат, Шортанбай сықылды қайшылықтары көп ақындардың шығармаларын әдебиетшілеріміздің зерттей түсуін, олардың творчествосындағы керекті, керексіз жайларды ғылыми тұрғыдан аша түсуді талап етеді.
Дулат пен Шортанбайдың әдебиет тарихына енулерінің екінші себебі – еліміздің басынан кешірген аға сұлтандық және одан кейінгі болыс, старшындар арқылы ел билеу тәртіптерін шығармаларында терең қамтушылықтары. Сол кезде өмір сүрген басқа ақындармен салыстырғанда, туындыларындағы зор қайшылықтарымен бірге бұл екеуі ерекше көзге түседі. Дулат өз шығармаларында аға сұлтандар үстемдік еткен дәуірді қамтыса, Шортанбай бізге онан кейінгі кездердің жай-жапсарларын көрсетеді. Дулат өлеңдерінде болыстар туралы еш нәрсе айтылмаса, Шортанбай шығармаларында аға сұлтандар жайлы толғаулар арагідік қана кездеседі. Мұның да өзінше себептері бар. Әр ақын өз көргенін, өз сезінгендерін жырлайды. Тіпті фантастикалық шығармалардың өзі де көрген, сезгендерінің негізінде туады.
Дулат аға сұлтандық жойылып, «Жаңа низам» («Далалық облыстарды басқару жөніндегі ереже», 1867-68 ж.) бойынша елді енді уез, болыс, старшын билеу жүйесі шыққаннан кейін небәрі үш-ақ жыл өмір сүрді. Ал Шортанбайдың 30 жылдай өмірі сол болыстық шығып, қазақ даласына әр алуан жаңалықтар қанатын кең жайған кезде өтті. Сөйтіп, ескі хандық замандар шындыққа бергісіз аңыз есебінде Шортанбайдың жастайынан санасына сіңсе, аға сұлтандық, болыстықтармен біте қайнап, бірге өсті. Айналасындағы болып жатқан әр алуан өмір құбылыстарының айғағы өзі болды. Олардың әрқайсысына ақын баға беріп, өзінше түйгендерін творчествосына енгізді. Келген қорытындылары қандай, ол құбылыстарға қай мұнарадан қарады, оларға кейін тоқталамыз. Бұл жердегі біздің айтпағымыз, Дулат не басқа ақын-жырауларға қарағанда, Шортанбай шығармаларында қайшылықтардың молырақ болуының себебі де сол үш түрлі әлеуметтік жайларды басынан кешірушілігінде.
1824 жылы қазақ даласында хандық жойылып, аға сұлтандық билеу тәртібі орнаса, 1868 жылы аға сұлтандық жойылып, енді уез, болыс, старшындар шықты.
1868 жылғы реформаның басты міндеті ереженің кіріспесінде ашық айтылды: «Россия қол астындағы халықтарды бір басқарманың шеңберіне бекіту, жергілікті ақсүйектерді өкімет билігінен тайдыру, қазақ даласын бірте-бірте Россияның басқа бөліктерімен қосылуына жету үшін рулық негіздерді әлсірету»1, – деді.
1868 жылғы «Жаңа низам» (ереже) бойынша қазақ жері түгелдей мемлекеттікі болып жарияланды. Қазақ қауымының бәрі пайдалана береді делінді. Бірақ мұның негізінде жатқан бір пәлесі сол:
_____________
1Қазақ ССР тарихы. 1 том, 1957, 410-бет.
мемлекеттік болғандықтан жерді керегінде жергілікті халықтан алып, өзінің қалауынша пайдалануды заңға сыйғызу саясаты, түптеп келгенде, қазақ даласын отарлау істерін күшейте түсу болатын.
Сонымен қатар бұл «…Ғасырлар бойы қалыптасқан көптеген патриархтық-рулық тәртіптерге тежеу салды, үйреншікті тұрмыс салтына қайшы келді», салықтар көбейді, ХІХ ғасырдың бірінші жарымында патша өкіметінің өзі қатты қолдаған ислам дініне жаңа «ереже» бойынша тежеулер жасады. Патша өкіметі бұрынғы ақсүйектердің, ірі рубасыларының ескіше билеп, төстеулеріне шек қойып, елдегі ендігі тіреулері де, киіз қарақшылары да, қолшоқпарлары да байлар, саудагерлер болды. Капитализмнің алғашқы элементтерінің – сауда-саттықтардың – қанат жаюына жағдайлар туғызды. Бұл жайттар, ақсүйектерден бастап, халықтың әр алуан топтарының патша өкіметіне наразылығын күшейтті.
1868 жылдың бер жағындағы қазақ даласындағы әлеумет өмірінде болған әртүрлі өзгерістер Шортанбай творчествосынан орын алды. Елдегі болған жайларды ақын дұрыс көрсетсе де, кейде дұрыс қорытынды шығара алмай, өзі айғақ болған өмір шындықтарын сынай келе оларға берген бағалары, ой түйіндері фактілеріне қайшы келіп, көзқарастары керісінше болып отыратын жайттарды Шортанбайда аз кездестірмейміз. Әйтсе де сол 60-70 жылдардағы қазақ өмірінің сырлары мен қырларын білгіміз келсе, Шортанбай шығармалары бізге бай мәлімет бере алады. Көптеген әдеби зерттеушілердің Шортанбай творчествосына қайырыла соғуларының негізгі бір себебі осында.
Біз кітаптың кіріспесінде ХІХ ғасыр әдебиетінде айқындалған екі түрлі бағыт болды: бірі – демократтық-прогрессивті бағыт та, екіншісі – кертартпа, ескішілдікті қолдаушы регрессивтік бағыт дедік. Соның белді өкілдерінің біреуі Шортанбай екендігін аңғарттық.
Қай ұлттың мәдениетін алсақ та, тап болған қоғамда, буржуазиялық және социалистік-демократтық мәдениеттің элементі болатындығы белгілі десек, оның әдебиет тарихын зерттегенде тек бір жағын, бір бағытын ғана алып зерттеу маркстік көзқарасқа қайшы келген болар еді. Өйткені мәселеге бір жақты олай қараушылық, түптеп келгенде, әдебиеттегі мансұқ болған «бірыңғай ағымды» қолдауға апарып соғар еді және бұл тарихи шындыққа да дәл келмейді. Өйткені бір ұлттан шығып, бір дәуірде өмір сүрген ақын-жазушылар әр топқа бөлініп, әр топ айналасындағы өмір құбылыстарын әр басқа көзқарас тұрғысынан жырлайтыны – барлық елдердің әдебиетіне тән құбылыс. Олай болса, қазақ әдебиеті тарихы да жеке-дара әдебиет емес, жержүзілік әдебиеттің жалпы даму заңдарына бағынады. Өткен дәуірлердегі әдебиетіміз тарихына осы тұрғыдан келсек қана оның даму жолдарын дұрыс түсіне аламыз. Бір кез, бір дәуірде өмір сүрген ақын, жазушылардың шығармаларын салыстыра зерттеу, олардың әртүрлі болуларының себептерін ашу – таптық қоғамда әдебиеттің әрдайым таптық болатындығын тұжырымды фактілер арқылы таныту деген сөз. Міне, Дулат, Шортанбайларды әдебиет тарихына енгізіп, олардың шығармаларын сын тұрғысынан талдаудың және бір керекті жағы сол: әдебиеттің таптық сипаттарын басқа бағыттағы ақын, жазушылармен салыстыра отырып айқындау.
Шортанбай Қанайұлы 1818 жылы Оңтүстік Қазақстанның Түркістан ауданы Қаратау деген жерде туған. Бірақ оның көп жүрген жері, сөздерінің де халық арасына мол таралып, ел аузында көбірек сақталған жері – Арқа. Тууын Оңтүстікте туса да, ержеткесін әлдене себептермен Сарыарқаға келіп, Арғын, Найман, Қуандық, Сүйіндік елдерін аралап, өлең-жырлар айтып, өмірінің ең соңғы кездеріне шейін сол жерде болып, Семейден қайтып келе жатып, ауырып, Семейден, Қуандық еліне қараған жақта, түстік жерде тұратын Жанқұтты деген досының үйіне келіп, 1881 жылы қайтыс болады.
Шортанбай өзінің бір өлеңінде:
Жалғанның ебін тауып ем
Қаратауда жүргенде,
Сарыарқаның наны үшін,
Шалқып жатқан малы үшін
Арқаға таман ауып ем, –
дейді. Жалғыз осы сөзі емес, басқа мәліметтер де мұны растайды. Шортанбайдың айтысқан ақындары, қарым-қатынаста болған дос-жарандары, өлеңдерінде кездесетін кісі аттары – бәрі де Арқаның, Семей айналасының белгілі тарихи адамдары.
Шортанбайдың ата-тегінің кім екені туралы да күдікті жайлар жоқ емес. Айтысқан адамдары көбіне оған Қожасың деп, осы сөзді ілік қып, бетіне шіркеу ете сөйлейді. Мысалы, «Орынбай мен Шортанбай айтысының» бір жерінде оған Орынбай:
Дуана қожа атасы барған Меке,
Мейрамға иман болған жалғыз-жеке.
Жолың болсын дегенің жақсы лебіз,
Құдай берсе, мол болсын, иә, Қожеке? –
деп те сөйлейді.
Шортанбайдың тегі қожа болуы мүмкін. Бірақ ол жасынан-ақ қожалық емес, ақындық жолын қуып, өлеңді кәсіп еткен. Шығармаларындағы діни көзқарас, әлем тану жақтарына қарағанда, дін мектебінде оқып, мұсылманша хат таныған, көзі ашық, оқымысты адамға ұқсайды. Бірақ өз кезінің дәстүрі бойынша, өлеңді ауызша, табанда суырып салып айтушылыққа дағдыланғандықтан, жазып шығаруды әдет етпесе керек. Хат білгендіктен, импровизаторлық әдіспен шығарған өлеңдерін есіне түсіріп, кейін жазуы да, оның 1880 жылдар баспа жүзін көрген өлеңдері сол өзі жазған өлеңдерінің бір нұсқасы болуы да мүмкін. Бірақ ол жөнінде әзірше үзілді-кесілді пікір айта қою қиын. Ақын өмірі әлі де іздей түсуді керек етеді.
Шортанбай – өз кезіндегі әлеумет өмірімен байланысты көптеген мәселелерді жыр еткен ақындардың бірі. Ел арасында болсын, көршілес татар елінің сол кездегі кітаптар шығару кәсібімен шұғылданушылары болсын, Шортанбай сөздеріне көңіл бөліп, қазақтың ішінен шыққан өлең-жырлар жинаушылар арқылы жаздырып алып, оның бір алуан сөздерін Қазандағы татар баспасы 1880 жылы «Шортанбай», Шортанбайдың «Бала зары» атпен бастырған. Сол жылдардың бер жағында Шортанбай сөздері бірнеше рет жеке кітап болып та, хрестоматия, жинақтарға еніп те басылып келді. Соңғы жылдарда Қазақ ССР Ғылым академиясы баспасы шығарған «XVIII-ХІХ ғасырлардағы қазақ ақындарының шығармалары» (1962 ж.) және «Үш ғасыр жырлайды» (1965 ж.) атты жинақтарға еніп отыр.
Шортанбайдың негізгі шығармалары: «Тар заман», «Бала зары», «Өлердегі айтқан сөзі», айтыстары: «Орынбай мен Шортанбай», «Шортанбай мен Шөже», «Асан мен Шортанбай» т.б.
Шортанбай шығармаларын сөз еткенде әрбір оқырмандардың, зерттеушілердің есінде болатын бір нәрсе, оның өлең, жырларының қос қыртыс қайшылықтары, яғни шығармаларында көрсетілетін өмір шындықтары мен одан шығаратын қорытындыларының қабыспай жатушылығы. Кейде әлеуметтік үлкен мәселелерді көтерсе де, байыбына бара алмай, келешекті болжауға шамасы келмейтіндігі. Әрине, ол үшін Шортанбайды даттауға болмайды. Бұл жайларды айтудағы мақсат – оны кінәлау емес, шындықтың бетін ашу, барды барынша, жоқты жоғынша көрсету, өзіне лайықты әділ бағасын беру.
Шортанбай кезіндегі әлеуметтік ірі мәселелер жер, патша өкіметінің отарлау саясаттары болатын. 1868 жылғы «Жаңа низам» бойынша қазақ даласын округтерге бөліп, аға сұлтандықтар арқылы билеу тәртібін жойып, оның орнына уездер, болыстар, старшындар арқылы билеу тәртібін орнату бірнеше ғасырлар бойы қазақ елін патшалық Россияға түгелдей қаратып алудың ең жоғарғы нысанасы еді. 1868 жылғы ереже бойынша жер түгелдей қазына меншігіне айналды. Ел билеу уездің, сол арқылы патшалық аппараттың қолына көшті дедік.
Қазақтың Әбілқайыр тәрізді хандары билеу тізгінін патша өкіметіне беруге бұдан жүз жылдан астам бұрын өз еріктерімен келісімдерін беріп, бағынуды мойындаса да, мына жер мәселесі, жерді қазыналыққа айналдыру заңы көпшілік наразылығын туғызды. Әр жерде-ақ «Жаңа низамға» қарсы толқулар басталды.
1869 жылғы Батыс Қазақстан, Торғай, Гурьев облыстарында болған «Ел ауа» деп аталатын көрініс сол толқулардың нақтылы бір көрінісі болатын. «Ел ауа» кезінде патша өкіметінің елге шығарған адамдарына шабуыл жасаушылықтар да болды, жерлерін тастап, басқа жерден қоныс іздеу, басқа бір хандықтан бастарына пана тауып алу, олар жер, қоныс берсе, сол хандыққа бағыну, патшалық Россиядан кету шараларын көздеді. Хиуа хандығымен қатынастар жасап, соған бағыну мәселесін көтерді. Хиуа хандығы оларды орысқа айдап салу саясатын іске асыруды ойлады.
Патшалық Россияның қарамағында болудың екі жағы бар еді. Біріншісі – патша тарапынан жүргізілген саясат: қазақтың жерін қазыналық ету, әбден отарлау, өзінің қорқау чиновниктері арқылы халықты қанау, қазақтың өз ішіндегі бай-феодалдардан қойылған старшын, болыстарды қолшоқпар ете отырып, қара халыққа рухани қысымшылықтар көрсету т.б.
Сонымен қатар қазақтың патшалық Россияға бағынуының пайдалы жағы да болды: алдымен 1861 жылғы орыстың шаруаларын басыбайлылықтан босату манифестісінен кейін қазақ жерлеріне көшіп келіп, орналасқан орыс шаруалары мен қазақ шаруаларының қоян-қолтық араласулары, достасулары, олардан егін салу өнерлерін үйренушілік, отырықшылықтың пайдалы екендігін аңғару, орыс мектептерінде қазақ балаларының оқуы, ол оқушылардан Шоқан, Ыбырай тәрізді үлкен ағартушылардың шығып, сол кездердегі ішкі Россияда болып жатқан революциялық қозғалыстардың жаршысы ретінде революцияшыл-демократтардың идеяларын қазақ даласына тарату, қазақ халқын мәдениетке шақыру, тағы басқа осылар тәрізді істер еді. Халық келешегі үшін бұл жайлардың прогрессивті мәні зор болды.
Сол кездің тұрғысынан алсақ та, әйтеуір бір елге бағыну керек болғанда, Хиуа хандығының қарамағында болғаннан гөрі, мәдениетті орыс елі патшалығының қол астында болу қазақ елінің келешегі үшін анағұрлым пайдалы еді. Қай кезде болсын, бір елдің ілгерілеуі басқалардың қапталында болуы үшін емес, ол елдің экономикалық дамуларымен қатар, мәдениетін де дамыту үшін керек. Бұл жағдайлар, әсіресе оқу, мәдени жағы артта қалған қазақ халқы үшін айрықша қажет болатын. Ол кездегі мәдениеті төменгі сатыда тұрған Хиуа хандығын былай қойғанда, жалпы Орта Азия хандықтарының мәдениет жағынан бізге берерлік еш нәрсесі жоқ болатын. Өрмекшінің өрмегіндей Орта Азияны торлап алған ислам дініне бас шұлғу, ғылым, мәдениет деп араб, парсыны ежіктеу, кімді болсын көгертерлік мәдениет емес-ті. Сондықтан ол кездегі бізбен іргелес елдердің ең мәдениеттісі Россияға қарау, ұлы орыс халқымен экономикалық және мәдени байланыстарда болу халқымыздың келешегі үшін әрі дұрыс, әрі пайдалы, әрі прогрессивті жол болатын-ды. Еліміздің кейінгі даму тарихы мұны растап отырғандығы айрықша дәлелді қажет етпесе керек.
Бұл жайттарды «Ел ауа» басқарушылары да, басқа толқушылары да, солардың жыршысы болған Шортанбай да түсіне алмады. Патшалық Россиямен қазақтың қарым-қатынастарының кейбір жақтарын; жердің қазыналыққа айналуын, патша чиновниктерінің зорлық-зомбылықтарын, қара халыққа көрсеткен рухани қысымшылық жақтарын ғана көрді. Ал прогрессивтік жақтарының ешқайсысын көрмеді. Ол жақтарын тапжылдырмай танығандар – қазақтың ағартушы-демократтары Шоқан, Алтынсарин, Абайлар.
Алтынсарин, Абайлар патша өкіметі саясатының әртүрлі зымияндықтарын Шортанбайлардан кем сынаған жоқ. Бірақ олар сынай отырып, орыс мәдениетін алуды, біздің келешегіміз ұлы орыс халқымен нық байланысты екендігін жұртына насихаттаумен болды.
Шоқандай, Алтынсариндай мәдениеттілік, Абайдай даналықтан Шортанбай – шалғай жатқан адам. Шортанбайды олармен қатарластырудың өзі орынды да болмас еді. Бұл мәселеде де ол өзінің өресінің шағындығын көрсетті, ескішілдікті аңсаушы, кертартпалық көзқарастың шеңберінен шыға алмады.
Шортанбайдың әрі кеңірек, әрі тереңірек жыр еткен тақырыбы, көтерген мәселелері – сол өз кезінде қазақ даласына қанат жая бастаған сауда капитализм элементтері және халықты қанау мәселелері. Бұл тақырыптармен байланысты ақын көп шындықтардың бетін ашты, кейінгілер елерлік, зерттерлік, олардың негіздерінде сол мәселелер жайлы белгілі бір қорытындыға келерлік шығармалар қалдырды.
Шортанбай сөз еткен сауда мәселесінің қазақ даласында өзінше даму тарихы бар. Ескі феодалдық қоғам құрылысымен салыстырғанда, капитализмнің анағұрлым прогресшіл екендігі белгілі. Қазақ елі капитализмді түгелдей басынан өткізген жоқ. Біздің социалистік Қазақстан – капитализмді жанап өтіп, социализмге көшкен елдердің бірі. Солай бола тұрса да, қазақ даласында қала салыну, базардың шығуымен байланысты, капитализм элементтерінің қырға құлашын кең жайып, тарай бастағанын да мойындамауға болмайды. Капитализмнің қазақ даласында жайыла бастаған элементтерінің де, бұрынғымен салыстырғанда, өзінше пайдалы жақтары көп еді. Осы кездегі салтқа кіре бастаған жаңалықтардың көбі сол жағдайлармен байланысты.
Ескішіл көзқарасты берік ұстаған Шортанбай олардың бәрін де құбыжық етіп көрсетуге тырысты. Әрине, ол ескі феодалдық таптың жыршысы болғандықтан, одан басқаша көзқарасты күту қиын. Демек, Шортанбай капитализм элементтеріне феодалдық тұрғыдан қарады. Оны сынағанда осы тұрғыдан сынады. Ескі феодалдық құрылыстағы қанауды бүркеп отырды. Әйтсе де Шортанбай қазақ даласында өріс ала бастаған капитализм салдарынан туған жалпы еңбекші халықты қанау, еңбекші бұқараның қолындағысын саудагерлердің өз қалтасына түсіруі және саудагерлердің өз араларындағы бәсеке тартыстары жайын сынап жазғанда, шындықты жазуға ылажсыз мәжбүр болды.
Қай кезде болсын сауда мәселесі ақшамен байланысты. Капитализм кезінде басқаларды қанау үшін ақшаның айрықша орны бар, Шортанбай осы кезде қазақ даласына ақшаның кең жайыла бастауын суреттей келіп, былай дейді:
Асылық азған заманда
Алуан-алуан жан шықты,
Арам, араз хан шықты,
Қайыры жоқ бай шықты.
Сауып ішер сүті жоқ,
Мініп көрер күші жоқ
Ақша деген мал шықты.
Ақынның ақша жөніндегі пікірі, негізінен алғанда, дұрыс та, орынды да. Сонымен қатар, ақын тек фактіні тізіп қана қойған жоқ:
Қайыр кетіп байлардан
Бұзауға ақша беріп тұр,
Пәлен теңге торпақ боп
Тиынға тиын болып тұр,
Залым туған сұмырайлар
Осылай жұртты еміп тұр, –
деп сипаттайды.
Сауда-саттықтың күшейіп, қазақ даласына ақшаның жайылуы құзғын байлардың еңбекші халықты қанауы үшін ақша олардың көмекші құралы болды. «қызыл қозы», «қызыл бұзау» саудамен баюшыларға төте жол еді. Өйткені ақшасы барлар кедейлерге күздігүні бір қозының қақын қарызға беріп, жаз шыққан соң олардан екі не үш қозы етіп алатын. Бұл көріне талау еді. Тіпті ақша емес, баспа-бас алғанда, бұл әдістің сауда жолымен қанаудың бір түрі екені айқын. Биылғы бір қозылы қойдың ішіндегі келесі жылғы екі не үш қозыға береді. Қой күземге дейін әлгі қозылардың өлім-жітімі қарыз алушының мойнында. Қой күзем не қозы күземнен кейін несие беруші «қызыл қозыны» жинауға шығады. Бұл кезде ол «қызыл қозы» емес, не қызыл марқа, не бағылан болып өсіп-өнеді. Сөйтіп, былтырғы бір тоқтысын 8 айдан кейін, 2-3 рет көбейтіп алып, айдап қайтады. Бұл кезде орта ісектің бәсі мен семіз марқаның бәсі бір, кейде марқа семіз болса, артып та кетеді. Қалған бір қозы саудагердің пайдасына қалады. Шортанбайдың:
Залым туған сұмырайлар
Осылай жұртты еміп тұр, –
дейтіні де сондықтан. Бұл шындық еді. Алайда бұл шындықты ол жалпы байларға, олардың қанауына қарсы болғандықтан емес, жаңа байларға – капитализм элементтеріне – қарсы болғандықтан айтып отыр. Бұрынғы бай-феодалдардың қанау әдістері туралы Шортанбай үндемей өте береді. Бұл жағдайға біз айрықша көңіл бөлуіміз керек.
Сонымен қатар Шортанбай қазақ даласына кіре бастаған капитализм элементін және саудагерлердің елді қалай қанайтынын ғана көріп қоймайды, оның басқа жағын да көре білді дедік.
Базар, сауда бар жерде баю үшін бәсеке таласы болады. Сауда болған жерде бәсеке болуы – табиғи заң. Бұл қазақ даласында да болды. Саудагерлердің өзара бәсекесі Шортанбай шығармасында айқын түрде суреттелді. «Бала зарының» бір жерінде:
Шолақ иттей діңкілдеп,
Бір-біріне жетем деп.
Алас ұрып өліп тұр, –
десе, екінші бір жерінде:
Біреулердің дәулеті
Тасқан судай ағып тұр.
Сайлауға салып ынтасын
Байлар қалта қағып тұр.
Сыр бойында шаяндай
Бірін-бірі шағып тұр, –
деп суреттейді. Бұл үзінділерде сауда кәсібін қолданушылардың өзара тартысы, баюдың аумалы-төкпелілігі, ақшаның сауда жолындағы орны, бәсекесі – бәрі де тайға таңба басқандай анық суреттеледі. Ол кездегі сауда мәселесінің қазақ даласында қай дәрежеде болғандығын білуіміз үшін Шортанбайдың бұл шығармаларының мазмұны күшті.
Шортанбай шығармаларында жырланған мәселенің бірі – езілуші кедейлердің ауыр тұрмысы. Капитализм элементтерін сынағанда, ақын өз өлеңдерінде кімді-кім езіп, кімді-кім қанап отырғанын да анық көрсетіп:
Байды құдай атқаны,
Жабағы жүнін сатқаны,
Кедей қайтіп күн көрер.
Жаз жатақта жатқаны.
Жаздай арық қазғаны,
Күздей пішен шапқаны,
Ішіп-жемдік болмайды
Оны-мұны тапқаны, –
дейді. Ақын бұл өлеңінде байлардың тек қанауының ғана бетін ашып қоймайды және қанаудың жаңа әдісінен де мәлімет береді.
Шортанбайдың кезі қанаудың бұрынғы әдісі өзгере бастаған кез болатын. Бұған дейін феодалдар еңбекшілерді рушылдық жолымен қанап келді. Бір атаның баласымыз, «біреуден күш, біреуден сүт» дегендей, бірігіп күн көрелік, бәріміз бір атамыз, «малды сен бақ, дауды мен даулайын» деп, бір атаның баласының кедейлері феодалдардың малын бағып, жұмысын істеп келді. Ол үшін мөлшерлі еңбекақы алған жоқ. Малдың сүтін ішті, жүнін пайдаланды. Сөйтіп, кедейлер «бірігіп күн көрудің» ұраны астында қаналды. Ал Шортанбай мұны қанау деп түсінбейді, тіпті мұны «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заман деп түсінеді. Әрине, бұл Шортанбай кезінде де жойылып кеткен жоқ, қанаудағы бұл әдістің қалдығының қазақ арасына Октябрь революциясына дейін созылып келгендігі байқалады. Бірақ бұл қанаудың негізгі әдісі емес еді. Шортанбай тұсында қанаудың негізгі әдісі: байлар кедей-батырақтарды жалдап алатын болды. Он екі айға белгілі мөлшерде «еңбекақы» төледі.
Капитализм элементі қырға қанат жая бастаған кездегі қанаушылықты ақынның көрсете білгендігін айта тұрсақ та, нақ осы мәселенің өзінде де оның көзқарасында қайшылық жоқ емес. Шортанбай жаңа байлар, саудамен баюшылар елді, кедейлерді «еміп тұр» десе де, бұрынғы кездердегі, осы жаңа байлар шықпай тұрғанда, феодалдардың кедейлерді қалай қанауы жайлы еш нәрсе айтпайды, оны әдейі бүркеп кетеді.
Әрине, ол кездейсоқ емес, ақынның феодал табының көзқарасының шеңберінде қалып қойғандығына, онан аса алмағандығына байланысты. Ақын көзі көріп отырған өмір шындығын жасыра алмай, болып жатқан өмір құбылысын шығармаларында көрсетсе де, оларды феодал табының тұрғысынан қарап сынады да, сол шеңберде ғана көре білді. Сондықтан да ол қазақтың феодалдық өміріндегі қанауды көре алмады. Сөйтіп, Шортанбай бұл мәселе жөнінде де қайшылықсыз, шын мәнінде кедей тұрмысын жырлау сатысына көтерілген жоқ.
Еңбекшілерді байлардан басқа қанаушылар патша өкіметі, оның әкімдері еді. Кедейлерге түскен өкіметтің ауыр салығы оларды титығына жеткізіп, өте ауыр халге ұшыратты. Ақын мұны да шебер түрде көрсете білді.
Аш, жалаңаш бейнеттен
Жүдеп, арып-талады.
Бір ешкісі бар болса,
Шығын деп тілмаш алады.
Төбесін ұлық ояды.
Жалғыз сиыры бар болса,
Соғымына сояды, –
дейді. Біз бұл үзіндіден кедейлерді үш жақтап езушілікті көреміз. Бірінші – патша өкіметінің шығыны, екінші – кедейге салық салушы қазақтың өз ішіндегі әкім-билері, үшінші – кедейдің шығынын тарта алмай жатқандығын пайдаланып, жалғыз сиырды арзан бағаға қағаздап, несиеге ақша беруші – саудагерлер.
«Тар заман» поэмасының бір жерінде:
Мынау заман, қай заман:
Азусызға тар заман,
Азулыға бар заман, –
десе, «Не болар» деген өлеңінде:
Мынау жалған дүниеде
Малы көп кісі би болар,
Көпке тентек, аз қисық,
Қамшыменен и болар, –
деп, бір жағынан, әкімнің кімнен болатындығын айтса, екінші жағынан, олардың кедейлерге рухани қысымшылық жасағандығын көрсетеді.
«Опасыз жалған» деген өлеңінде теңсіздік мәселесін жоғарыдан ашығырақ жырлайды:
Есебін тапқан сабазға
Төрден орын тимейді,
Болса патша малы азға,
Мойнын бұрып сөз қатпас,
Ұқсап көңілі аразға, –
дейді. Бұл мысалдар Шортанбайдың өз кезіндегі өмір шындығын, демек өз кезіндегі теңсіздікті көре білгендігін дәлелдейді. Ақынның біз үшін бір керекті жағы үстем, езуші таптан шыққан билердің үстемдігін, еңбекшілерге жасап отырған олардың жауыздығын ашық суреттей алғандығы деуге болады.
«Тар заманның» бір жерінде:
Байлар зорлық қылады,
Мал көзіне көрінбей,
Билер жейді параны,
Сақтап қойған сүріндей.
Ойлағаны жамандық,
Жарадан аққан іріңдей.
Заман түрі бұзылды,
Текеметтің түріндей, –
дейді.
Бірақ бұл мәселе жөнінде де ақын қайшылықсыз емес. Ол замандағы бай, старшын, болыс, би, т.б. – бәрі де солай екені рас еді; оны объективтік түрде дұрыс көрсеткенмен, оған шейінгі феодалдық, хандық өмір жайында ақынның сыншылдығы да, шыншылдығы да тайыздай бастайды. Оларды сынау былай тұрсын, мадақтайды. Жаңаға ескіні қарсы қояды да, ел басындағы ауыр хал деп санаған нәрселерінің қайсысынан болсын шығудың жолын келешектен емес, өткен ескі күндерден іздейді.
Сондықтан да Шортанбай:
Ақсақалдан әл кетті:
Алмайды оның кеңесін.
Старшын қойған болыпты
Қайда пысықсыған немесін…
Шұнақ бидің тұсында
Жауға қалқан ер кетіп
Би қалмады шүйделі.
Ақылыңды алып тұр
Саумалы бар биелі,
Көш-қоныңды билейді.
Қоңы семіз түйелі, –
деп, күні өтіп бара жатқан феодалдық-рушылдық құрылысты көксейді. Бұрынғы ақсақалдар биліктен қол үзіп, атқа мінген пысықтар шықты деп жаңа дәуірдің өкілдерін мейлінше мысқылдап кекетеді. Жалғыз ғана билеу мәселесі емес, рушылдықтың да ыдырай бастағанын аңғарады:
Жамандық мұнша ұласты,
Жарысқа кірген жақсылар,
Жақыным деп тартынбай,
Жаумен бірге қанасты, –
десе, екінші бір жерінде:
Жасы кіші інісі
Сыйламайды ағасын.
Алысып жыртар жағасын…
Қой деп айтсаң тіл алмас,
Ақсақалдан ұялмас,
Шабысар тура қалаға,
Құныққан соң жалаға
Жақыным деп тартынбай,
Мініп шабар шанаға,
Алып келер аулына
Өзінің туған бауырына
Келген соң кімді аяйды.
Жығып салар дүреге
Қызыққан соң параға.
Бұл екі үзіндінің алдыңғысында әркім өз руының жоқшысы болудың азайғандығын көрсек, соңғысында бұрынғы феодалдық дәуірдегі үстем болған туысқандықтың іри бастағанын, «мал ашуы, жан ашуы» мал үшін, өз қара басы, өз меншігі үшін бауырымен жауласқандықты көреміз. Сонымен қатар сол кездегі әкімдер, тілмаш тағы басқалардың бұл араздықтың отын үрлеп тұтатып отырғандығы да анық суреттеледі.
Бірақ Шортанбайдың көрген ел ішіндегі өзгешеліктері тек бұлар ғана емес, бұлардан басқа тұрмыс, салт-сана, әдет-ғұрып т.б. жақтардағы өзгеше ерекшеліктерді де ол көре білді. Олардың бәрін де жаңа заманның жемісі деп ескішіл ақын жаратпай, шенеді:
Заман кетті қырынға,
Бұрынғы, шіркін, заманның
Исі де келмес мұрынға.
Биттей нәрсе қалсайшы
Бұрынғы заңнан ырымға, –
деп, бір жағынан, өткен күнді аңсаса, екінші жағынан, әртүрлі өзгерістерді тым әсірелей суреттеп, бұрынғыдан еш нәрсе қалған жоқ дегенді айтты. Бұлардың бәрі де оның шығармаларындағы ескішілдік сарын еді.
Шортанбай – өз заманын тек сырттан бақылаушы ғана болған жоқ, оны өзінше жөндемекші, түзетпекші болып талпынған адамның бірі. Айналаны шолып, әркімге көз тікті. Өз кезіндегі ел басқарушылары болсын, дін қожасы молдалар болсын – бәрін де безбенге салып салмақтап көрді. Бірақ бұлардың бәрі де бұзылған, өз қара бастарынан басқа еш нәрсені ойламайтын оңбағандар екеніне көзі жетті. Олардың әрқайсысына жеке тоқтап, іс-әрекеттерін суреттеп, өзі бір түңілсе, көпшілікті тағы түңілдіре:
Кереметті қожалар
Диуана болды ақтаған.
Япырау, елге болыс, би
Дұрыс басшы болар ма
Ұрлық етін қақтаған,
Арақты ас қып сақтаған,
Адалды, сірә, бақпаған, –
деп, болыс пен билерді сықақ қылды.
Шортанбай кезінде елде атқа мінген тек болыс пен би ғана емес, ол кезде билік тізгінінің бір ұшы молдаларда болатын. Молдалар дін жұмысын атқарып, жалпы көпшіліктің көзін бояп, халықтың ілгері басуына бөгет жасады; сөйтіп, молда мен хазіреттер халықты теспей сорған қанаушылардың бірі болды. Шортанбай мұны да көрмей кете алған жоқ:
Бұл асылық азған заманда
Қожа, молда көбейіп,
Отырар төрде шөмейіп,
Сәлдесін үлкен орасып,
Жауған қардай борасып,
Жамандығы ішінде
Жан-жағына қарасып,
Үлкен молда десін деп
Мәселеге таласып,
Ұрлық қылсаң, неттің деп,
Су түбіне кеттің деп…
Шайтан келсе аздың деп.
Өңкей арам, залымдар
Зәремізді алады,
Арам берсең, жымиып
Қалтасына салады, – дейді.
Бұл келтірген үзіндіде молдалардың, дін басшысы тақуалардың дінді құрал етіп, елді теспей сорып отырғандығы, екіжүзділігі, қорқаулығы, халықты жеудегі айла-амалдары толық суреттелген. Сөйтіп, молдалардың көмбесіндегі жан түршіккендей шындықтың да бетін ашты. Олардан еш жақсылық күтуге болмайды деген қорытынды шығарды. Болыс, би, қожа, молдалардың – бәрі де азғын; елдің халі ауыр, ендеше сол жағдайдан қалай шығудың өзінше жолын да қарастырады. Бірақ елді мына сықылды би, болыс басқарып отырғанда, түзеуге еш мүмкіншіліктің жоқтығына көзі жетіп, түйткілге ұшырап, ақында торығу пайда болады.
Ал енді осы тұйықтан шығудың жолы қайсы деген сұраққа ақынның беретін жауабы – ескілік.
Ескі дәуір мен жаңа дәуірді салыстырғанда, жаңа дәуірдің алдыңғыдан анағұрлым прогрестік жақтарын ақын мүлде көрмейді де, қоғамның ескі феодалдық дәуір құрылысын ұсынады. Сол ескі көзқарастың шеңберінде қалып қоюшылық, болашағы үмітсіздікке айналған таптың өкілі, идеологі болушылық оны дінге, діншілдікке әкеліп тіреді. Өз дәуірінен ештеңе таба алмай, оны түзетуге еш мүмкіншілік таппай, болашағына сене алмаған ақын, ақырында, дінге беріледі. Кертартпа ислам дінін өзінің ескішіл феодалдық көзқарасын іске асыруда күшті құралдың бірі етпек болды. Бұл – Шортанбай ғана емес, сол кездегі осы бағытта болған діншіл ақындардың бәріне де тән әдіс. Ол дүниеде еш қызық жоқ, барлық әрекет, мал, байлық осы дүниеде жұмсалуы керек деген пікірді ұсынады.
Шортанбай «Бала зарында»:
Өліге де мал керек,
Тіріге де мал керек,
Өлмей тұрып тіріңде,
Мініп, киіп, ішіп-же,
Соңыңнан малың ермейді,
Айдап барып еш пенде
Азап үшін бермейді.
Әй, әлеумет, қарындас,
Құлшылық қылсаң не етеді
Ажал қуып жетеді, –
десе, «Опасыз жалған» деген өлеңінде:
Тақуа болған адамдар
Бұл жалғанды не етеді.
Баяны жоқ шіркінді,
Бір күн тастап кетеді…
Ұмытпасаң тобаңды,
Түскенің түзу соқпаққа.
Түзу жолдан қисайсаң,
Жолығарсың тоқпаққа.
Жерге біткен тау пияз
Жегенмен тамақ болар ма.
Тоймайтын нәпсі көңілге
Дария құйсаң толар ма…
Бай бол, мейлің, не керек
Патша бол, тағың не керек.
Жалғыз-ақ ойла дүниені,
Өлген соң жалғыз қалғаның, –
дейді. Бұл үзінділерде ақын, бір жағынан, мал жинау дүние үшін керек десе, екінші жағынан, бұзылған тақуа адамдарды құлшылық қылуға шақырады. Бұл жалғанда еш қызық қалған жоқ, оны ертең тастап кетесің, тобаңнан жаңылма, тобаңнан жаңылсаң, о дүниеге барғаңда жаныңды қинайды, мал жинап нәпсі қуалаушылық пендешілік ісі деген қорытындыға келеді. Дүние қуу, дәрежеге жету, байлық, патшалық болса да, ақырында, жалғыз қаласың, соны ойла, дін жолына түс деді.
Өз табының келешегінің үмітсіздігінен, сонымен байланысты діншілдікке берілуінен келіп, Шортанбайда әлеумет өмірінен қашу, түңілу, пессимистік-мистикалық сарыны туды. Сондықтан да ол:
Жаманнан басың сатып ал,
Тарылған мына заманда
Тыныш үйіңде жатып ал, –
дейді.
Міне, осылар сияқты дінге шақыру, өмір үшін күрестен қашу – оның шығармаларының ең осал жағы. Күрестен бұл сықылды қашу, діншілдікке уағыздау, мистикаға берілу тәрізді пессимистік бағыттағы ақындар қазақтың ХІХ ғасырдағы әдебиетінде аз болған жоқ десек, осы бағыттың бастысы Шортанбай болды.
Шортанбайды кейде жырау, кейде ақын деп те атайды. Жырау мен ақынның бірлігі және айырмасы жайлы біз пікірімізді Бұхар жыраумен байланысты кеңірек айтқанбыз.
Бұхар, Дулаттар, шын мәнінде, жыраулар. Ақындармен олардың түйісетін жері – сөздерін ырғаққа, ұйқасқа құрушылықтары. Ал тақырып, мазмұн жақтарынан жырау сөздері өзгешелеу келеді, жыраулар әлеуметтік мәні зор, ірі мәселелерді сөз етеді де, әр алуан өмір құбылыстары жайлы өз көзқарастарын афористік түрде қорытады. Жырау емес, жай ақындардай махаббат мәселесі, айтыс, салт-тұрмыспен байланысты өлеңдер шығаруды жыраулар өздеріне қол көрмейді.
Шортанбайға біз осы тұрғыдан келсек, ол жас кезінде тұрмыс-салтпен байланысты жай өлеңдер де шығарған, айтысқа да түскен, ән салып, ойын-тойлардың сәні де болған. Сөйтіп, қартая келе әлеуметтік ірі тақырыптарды толғайтын жырау атағына ие болғанға ұқсайды. Сондықтан ол – әрі ақын, әрі жырау.
Шортанбайдың «Тар заман», «Бала зары» замана жайын, адамның мінез-құлықтарын, дін жайын сөз ететін, оларға өз көзқарасын аңғартарлық лирикалық толғаулар түріне жатады. Бұл мәселеде оның басқа жыраулардан айырым жағы – діни көзқарасының басымдығы.
Шортанбайдың тым қысқа өмірбаянына қарағанда, ол – жасынан діншілдікті емес, өлеңді күйттеген кісі. Бірақ дін, «о, дүние, бұ, дүние» Шортанбайда көбірек сөз болады. Олай болу себебі реакцияшыл поэзияның оңтүстік ақындарына тигізген зиянды діншіл әсерлерімен байланысты еді.
Екінші, ХІХ ғасырдағы Қазан, Уфа қалаларында татар буржуазиясын байыту мақсатымен құрылған баспа орындарында көбірек басылған діни қиссалардың қазақ даласына кең жайылулары да Шортанбайға ықпал тигізуі мүмкін.
Үшінші, Шортанбай – феодалдық көзқарасты аңсаушы ақын. Бұл кездер ол аңсаған ескіліктің іргесі сөгіліп, қазақ даласына әртүрлі жаңалықтар қанат жайып, олар өздерінің келешегінің мығымдығын таныта бастаған кезі еді десек, бұл жағдайлар феодал табының жыршысы Шортанбайды шошытады, келешегі күңгірттікке айналады.
Шортанбайдың дарыны онша үлкен адам емес, құба төбел ғана ақын. Оны ел аузында сақтатып, тарихқа іліктіріп келе жатқан – оның өз кезіндегі актуалды мәселелерді көтеруі, аз да болса, сол кездің өмір шындығын көрсете алғандығы. Өзіне дейінгі қазақ өлең құрылысына енгізген Шортанбайдың жаңалығы жоқ. Ол қазақ өлеңінде бұрынғы бар түрлерді ғана пайдаланумен қанағаттанған ақын. 11 буынды және 7 буынды екі-ақ түр.
Таза 7 буынды өлең:
4 3
Ит жүгіртіп, // құс салған,
4 3
Жігіттің бір // өнері
4 3
Өтіп кеткен // жас өмір,
4 3
Өкінсең жоқ // келері.
7-8 буынды аралас келетін жыр ағымы:
5 3
Мәселе кітап // шығардым,
5 3
Өзімнен қалсын // балаға
5 3
Кетпесе сөзім // далаға
4 3
Жоғалтпаса // өзімді,
4 3
Жоқ қылмаса // сөзімді
4 3
Мен риза // аллаға.
11 буынды өлең:
Айтасың // мақтан қылып // батыр, ханды,
Ай көресің // құр келіп // бақырғанды.
Білетін // ел бітімін // би емессің,
Құсбек сені // не қылсын // шақырғанды.
Бұл шумақтың бунақтары бірыңғай емес. Бірақ әр жолдарының буын саны 11-ден аспайды. Шумақ бас бунағы әртүрлі болып келетін он бір буынды өлең түріне жатады. Ал Шортанбай өлеңдерінің ұйқасын алсақ, негізінде, екі-ақ түрі барлығын көреміз. Бірі қара өлең ұйқасы (а-а-в-а), екіншісі – жыр ағымы саналатын толғау, желдірмелерде көп кездесетін ерікті ұйқас. Кейде кезектес ұйқас та кездеседі. Бірақ ол бірен-саран ғана.
Тіл жағынан да Шортанбайды қазақ поэзиясына пәлендей үлес қосты, байытты дей алмаймыз. Мысалы, өзінің замандасы дерлік, аз-ақ алдында өткен Дулатпен салыстырсақ, оған тең келмейді. Дулат қазақтың бай тілін толық меңгерген, халықтың сарқылмас, мол қазынасынан ең асылдарын таңдап ала білген және оларды өз өлеңдеріне шебер қолданған ақын дедік. Әсіресе, Дулаттың бір ерекшелігі – өзіне дейінгі әдеби нұсқаларда кездеспейтін, әрі ешкім қолданбаған, әрі көркем, әрі үздік образдарды поэзия тіліне енгізуі. Солар арқылы Дулат халқымыздың тіл байлығының молдығын танытты. Соны іздеп, тере білсе, талай тамаша образ, көркем сөздер табуға болатындығын көрсетіп, өз өлеңдерінде ондай сөздердің үлгілерін қалдырды. Ал Шортанбайда өзіне дейінгі ақындарда қолданылмаған, не аз қолданылған сөз образдары өте сирек кездеседі. Мысалы:
Нар түйенің жақсысы –
Бауыры сүтті маясы.
Өлшеулі күнің жеткен соң,
Бұйрық дәмің біткен соң,
Төстіктей қазған бір жерге
Қырыңнан кіріп сыйғаның.
Құбылып тұрған қызыл гүл
Қураса кетер мәнері.
Он екі құрық, қырық шалғы,
Қияда сұңқар таранды.
Атты кердең өсірген
Арқаның тарал шөбі екен.
Жігітті кердең өсірген
Ат пен малдың демі екен. т.б.
Бірақ мұндай сөз тіркестері Шортанбай өлеңдерінде аз. Көпшілігіне ақын өзінің айтайын деген ой-пікірлерін жай образ, көпшілікке түсінікті сөз тіркестерімен береді. Бірақ ақын көркем сөз, жаңа образдарды көп қолдануды машық етпесе де, жұртшылыққа мәлім сөз образдарынан өзінің айтайын деген ойларын, суреттемек, сынамақ нәрселерін, өмір құбылыстарын дәл айтып беруге керекті сөздерді табуға, құрастыруға шебер.
Мысалы:
Қолында тұрып ұрлығы,
Мойнында тұрып зорлығы,
Ойында тұрып жалғаны, –
деген үзіндіні алсақ, поэтикалық тіл тұрғысынан тартымдылық туғызарлық үш рет қайталанатын тұр деген сөзден басқа образдылық қызмет атқарып тұрған еш сөз жоқ. Бірақ сол жай сөздердің өздері өлеңнің контексінде көркемдік роль атқарады. Өйткені өлең молдалар туралы. Мұндай мінез, іс-әрекеттер оларға тән. Демек, ол жолдардың көркемдігі сөз қайталауында емес, шындығында.
Екінші бір жерінде:
Қожа, молда көбейіп,
Отырар төрде шөмейіп, –
дейді. Бұл үзіндідегі көсемше етіс арқылы жасалған эпитет, шарта жүгініп, төрде отырған молдалардың кескін, келбеттерін ғана көзге елестетіп қоймайды, олар туралы оқырмандарын да жексұрын-ақ екен дегендей сезімде қалдырады. Олар болса, шөмейіп деген эпитет, қарапайымдығына қарамастан, дұрыс қолданылған және тап осы үзіндіде ол суреттеу құралы міндетін толық атқарып тұр. Сонымен қатар шөмейіп деген сөздің астарлы мағынасында мысқыл, кекесін жатқандығы да аңғарылады.
Дәл осы сықылды сөз тіркестері, мысқылдай сөйлеу саудагерлерді суреттеген өлеңінде де жиі кездеседі:
Шолақ иттей діңкілдеп,
Бір-біріне жетем деп,
Алас ұрып өліп тұр.
Шортанбай жырларында поэтикалық тілдердің басқа түрлері де сол өзінің қарапайым қалпында кездеседі және сол тұрғысында өз міндеттерін атқарады да. Әрине, ол – Шортанбайдың басқалардан ерекшелігі емес. Мысалы:
Шөп сұйылды жердегі,
Құс таусылды көлдегі…
Биттей нәрсе қалсайшы
Бұрынғы заңнан ырымға, –
деген жолдардағы әсірелеу, литоталар фольклормен байланысты жатқандығы өзінен-өзі айқын.
Ескі феодалдық салт-сананың өз кезінде құлдилай бастағандығын көрсету үшін де әсірелеу, литоталық сөз тіркестерін әдейі қолданған. Өз пікіріне оқырмандарын сендіру үшін асыра суреттейді. Шортанбай өмір сүрген кезде феодалдық құрылыс қанша әлсіреді, қанша іргесі сөгілді десек те, оның қалдықтары ой-санадан мүлде арылуы былай тұрсын, әлі күшті болатын. Жыраудың өзі де – сол ескі салт-сананың құрбандықтарының бірі.
Кезіндегі көп ақындармен салыстырғанда, Шортанбай нақыл сөздерге шебер. Бұл жағынан оның көп өлеңдері жырау сөздерінің үлгілерінде болып келеді. Халықтың оны Шортанбай жырау деп атаулары да кездейсоқ емес. Мысалы:
Ауылдың малы бұралқы,
Ақылы жоқ жаманға.
Жан екен деп тыңдамас,
Насихат айтсаң наданға.
Қас болар пасық-сұмырай
Жақсылық қылған адамға.
Ол пендеде мейір жоқ,
Қайыр болмас сараңда.
Абыройы жоқ жігіттен
Айуан артық жапанда…
Жақсыменен жанассаң,
Келеді ісің оңына.
Жаманменен жанассаң,
Пәле ертесің соңына,
Дұшпаның қарар оңына.
Жаманға түссе жұмысың,
Жағаңнан алар сорыңа.
Әркім тайып жығылар
Өзінің қазған орына.
Бұл сөздер түгелдей афоризм – нақыл сөздер – тобына жатады. Өйткені әрқайсысында үлкен мағына, өмір шындығы жатыр. Бұл -ақынның өмір құбылыстарын бақылауынан алынған, өмір туралы пікір – қорытындылары. Сонымен қатар адамның мінез-құлқын жөндеуде неден қашу, неге ұмтылуға бағыт сілтеген мәні зор, жүйелі пікірі бар.
Шортанбайдың тілін сөз еткенде, айтылуға тиісті және бір мәселе – оның шығармаларындағы шетел сөздері. Біз жоғарыда Шортанбай шығармаларының, әсіресе бір әлсіз жағы дін, дінді көбірек жырлау дедік. Ол жағдай оның шығармаларының тіліне де үлкен әсер етті. Дулат не басқа ақындармен салыстырғанда, түрік, парсы, әсіресе араб сөздері Шортанбайда жиі кездеседі. Мысалы: ғайбат, пейіш, зекет, мүһмин, муфты, тәкбір, харам, гурзі, бәйт, суннет, парыз, гибрат, хатым, ғасима, сұбұхан алла, пайғамбар; кісі аттары: Адам, Мұхаммат, Мустафа, Сүлеймен, Ибраһим1т.б.
Біз Шортанбайдың негізгі шығармаларына шолулар жасап, талдау арқылы творчествосының қайшылықтарын ашуға, қолдан келгенше әділ бағалауға тырыстық. Айтқандарымызды түйіндей келгенде шығатын қорытынды: бір жағынан, Шортанбай өз кезіндегі көптеген өмір шындықтарының бетін ашты: кедейлердің ауыр тұрмысын көре білу, оған жаны ашу, бай, болыс, саудагер, ел билеуші әкімдердің жалпы еңбекші халықты қанап отырғандығын көрсету т.б. Екінші жағынан, оның ескішіл хандық, феодалдық құрылысты аңсауы, өз кезіндегі
___________________
1Ескерту: «XVIII-ХІХ ғасырлардағы қазақ ақындарының шығармалары» атты кітапта бұл сөздерге түсінік бергендіктен, тағы да түсінік беруді, үзінділердің беттерін көрсетуді артық санадық.
жаңалықтардың (оқу, өнер, егін кәсібі, отырықшылану т.б.) ешқайсысын көрмеуі, көргендерін жоққа шығаруы, дінге үгіттеуі, бұл өмірден безіп, ол дүниені іздеуді уағыздауы, түптеп келгенде, кертартпалық көзқарастан шыға алмағандығын, ескі феодалдар табының жыршысы дәрежесінен көтеріле алмағандығын дәлелдейді.
Оның творчествосының қайшылығы да осылар тәрізді кейінгілер үшін керекті, керексіз пікірлердің түйісуінде. Шортанбайдың кейбір шындықтарды көруі, олардың сырларын ашуы кездейсоқ емес. Қанша дегенмен, Шортанбай – ақын адам, өзінше суретші. Сондықтан өмір шындығы, айналасында болып жатқан әр алуан оқиғалар оны көруге мәжбүр етті. Ал оларды қалай тану, олардан қандай қорытындылар шығару оның таптық көзқарасымен байланысты. Ол феодалдық идеядағы ақын болғандықтан, айналасындағы өмір құбылыстарын көрсе де, олардан дұрыс қорытындылар шығара алмай, қайшылыққа ұшырайды.