Білген Шайыр айтады

Пендеге өлімнің көрінгені

ЖИЫРМА ҮШІНШІ ФАСЫЛ

Өлімге қайсы пенде дайындалар,

Әуелі сөйлемектен тілі қалар.

Өзінің суретінде өліп кетіп,

Алдына ол пенденің жақын барар.

 

Отырған өзге адамдар көрмес әркез,

Көргей-ләр жатқан адам өлімді тез.

«Не түрлі жұмысың бар, не жансыз?» деп,

Хал-тілмен нәпсі ғаріп айтады сөз.

 

Ол айтар: «мен өліммін саған келген,

Кітаптың баршасында хабар берген.

Баласын жетім, аһлесін жетім етіп,

Дүниеден кетсе керек мені көрген.

 

Ажалың осы күні жетеді сенің,

Мүлкінен шығарамын бұл дүниенің.

Қаншама мехнат етіп жинап жүрген,

Қолында әр кімдердің қалар малың.

 

Көңіліңде қандай көрдің бұл дүниені,

Дос тұтып, жүрер едің артық әні».

Пенде айтар: «Көп айлакер аяр екен,

Ажыратты амалымнан алдап мені».

 

Бір Құда құдіретімен о шол демде,

Бір кемпір суретінде қарсы тұрып,

Ауз қып осы сөзді айтқай әнда:

 

Дүние айтар ұялмастан жала етіп:

«Айтасың азғырды деп мен нетіп?

Мен сені арзу қылып іздемедім,

Сен мені көп іздедің һәдден өтіп.

 

Парық қылмай халал, харам бәрін жедің,

Сен мені айырылмастай көріп едің.

Осы күн сұқпатыңнан безер-дүрмін,

Істеген амалыңнан және сенің.

 

Көзіне көрінгейлер малы және,

Ауаз қып өз ләбізімен айтар аңа:

«Ей, осы Хақ жолында қайыр етпей,

Көңіліңді қойып едің мұнша маңа.

 

Жұмсадың харам жолға сырап қылып,

Бейнетпен жинап едің қанша жүріп.

Есебін өзің барып берсең керек,

Мен қалдым басқалармен бірге тұрып.

 

Бізден пайда болмас енді саған,

Һәм және пайда бермес қатын-балаң.

Алланың жақсылығы соған болғай,

Күнәдан қайсы пенде болса аман.

 

Ол пенде дүние-малдан мұны көріп,

Аллаға бұл сөзді айтар көп тіленіп.

Я, Алла, бұл дүниеге қайтып жібер,

Қылайын жақсы амал қайыр беріп.

 

Алла айтар: «Әр пендеге ажал келер,

Бір сағат ілгері һәм болмағай деп,

Аяттың мазмұнынша хабар берер».

 

Алладан ғайып пенде мұны естіп,

Жатқайлар қайран болып, ақылы кетіп.

Айтылған бұл сөздердің баршасы рас,

Қараса амалыма ынсап етіп.

 

Сол уақта даяр болар бес періште,

Әрбірі дайындалған әрбір іске.

Пендеге кезегімен олар келіп,

Айтқайлар ауаз қылып, бұл рауышта.

 

Әуелі сәлем бергей бірі келіп,

Деп айтар: «мен жүрермін ырызық көріп.

Ырызғыңнан бұл дүниеде қалғаны жоқ,

Мен келдім білдіргелі хабар беріп».

 

Екінші сәлем бергей бір періште,

Жүрер ем шарап беріп жазы-қыста.

Сен ішер ешбір шарап таба алмадым,

Қыдырып бұл дүниені әрбір тұсқа.

 

Үшінші, періште кеп бергей сәлем,

Мен саған қойғызар ем жерге қадам.

Саған қадам қойғызатын жер таппадым,

Дүниенің іздесем де бәрін тамам.

 

Төртінші сәлем берер мәлек және,

Дүниенің санаулы еді бәрі маңа.

Бір мәрте сен алатын дем таппадым,

Ізденіп бұл дүниенің бәрін һәмма.

 

Бесінші сәлем бергей періште кеп,

Мен сенің жүрер едім өміріңді іздеп.

Өміріңнен бір сағаттық таба алмадым,

Күн шығыс, күн батыстан ізденіп һәм.

 

Онан соң екі мәлек келгей және,

Краман кәтібің-дүр – лақап аңа.

Деп айтар: «Хақ әмірімен жазар едім,

Жақсылық, жамандықтың бәрін һәмма.

 

Күн батыс, күн шығыстың кезіп бәрін,

Таппадым амалыңнан ешбір сенің.

Бұл сенің қылған ісің оқығын», – деп,

Даяр қып көрсетер-лер қағаздарын.

 

Сол заман ол пендеге қорқу енгей,

Қысылып денесінен тері келгей.

Оңы мен солдарына назар етер,

Қауіп етіп, оқымақты қабыл көрмей.

 

Краман кәтіптер қайтып кетер,

Онан соң жан алушы мәлек жетер.

Әгарда жақсы бақытты пенде болса,

Мәлектің сұлулығы һәдден өтер.

 

Жүздері күнге ұқсап сәулеленгей,

Жәннаттан хошбой кебін қолына алғай.

Хош мінез, жақсы түрлі адам болып,

Басына ол пенденің жақын барғай.

 

Мәлектер «ей, әзиз жан, Хаққа жанып,

Тұрыңыз рахатта арам алып[1].

Мүшкіден бір тал қылды тартқан мысал,

Әзірейіл жанын алғай қолын салып.

 

Ол жанды алып келген кебінге орар,

Исінің жақсысына дүние толар.

«Мәәтдәр[2] исі жақсы бұл не дүр?» деп,

Дүниенің періштесі қайран қалар.

 

Айтты-лар «пәлен ибн пәлен пенде,

Бір Құда бұл дәулетті берді аңа».

Осындай неше түрлі ізет бірлән,

Аспанға алып барғай о шол демде.

 

Рақметтің періштесі сап-сап тұрар,

«Мәрхаба, келдіңіз» деп, ауаз қылар.

Аспанның әрбіріне барғанында,

Есігі Хақ әмірімен һәм ашылар.

 

Үстіне жеті аспанның барғай алып,

Амалы іллинге[3] тұрар барып.

Алланың пәрменімен онан кейін,

Денеге кіре-дүрлар қайта янып.

 

Әгарда жаман бақытты болса пенде,

Отты тон алып келгей періште аңа.

Пенденің көзі жетер жерге келіп,

Көрініп отырғайлар о шол демде.

 

Пенденің машахатпен тартқай жанын,

Үшбу дүр дүниедегі мысалы әнің.

Ыстық темір дәл жүннен шыққан мысал,

Жыртқайлар пара қылып ағзаларын.

 

Әкелген отты тонға жанын салғай,

Қорлықпен жоғарыға алып барғай.

Аспан-жер мақлұқаты лағнет айтар,

Басқалар ынсу жыннан хабарланғай.

 

Аспанға алып барар ол жанды тез,

Жол бермес есік ашып аңа әркез.

«Сол жайдан қайтарлғыл, –  деп, – жержүзіне»,

Ғайыптан ауаз қылып айтады сөз.

 

Құдая, мен күнәһар асы құлмын,

Сақтасын қиындықтан осы түрлі.

Денемнен оп-оңай қып жаным шығар,

Мүшкіден шыққан мысал – тартып қылды.

29/VI-65. 6:10

 

 

[1] Арам алып – дем алып.

[2] Мәәтдар – қандай, не деген мағынада.

[3] Іллин – биік, мәртебелі, Құдай, аспан мағынасында.

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button