Дүниенің жаралғанын әуел бұрын,
Ақыры опат болған әрне түрін.
Мүжмәлмен ілгеріде баян еттім,
Және де білдірейін мабус күнін.
Бір Құда құдіретімен қылып пәрмен,
Әуелі Ысрапылға кіреді жан.
Жәбірейіл, Мәкәйіл мен һәм Әзірейіл,
Тұрғайлар бір Алланың әмірі бірлән.
Оларға нида қылар Хақ бұйрығы бар:
«Төртеуің жәннаттағы ризуанға[1] бар.
Жәннатты түрлі түрмен көркем қылсын,
Бұл күні үмбет пенен досым кірер».
Бір пырақ екі һүлла[2] тон бір тәж алып,
Пыраққа жауһар, жақұт егер салып.
Ләйлі хамду аты бар туды жәна,
Хабибім Мұхаммедке барғын алып.
Жәннаттан айтқанының бәрін алғай,
Төртеуі Хақ әмірімен бірге барғай.
Расулдың қабір тартып мүбәрагын,
Біле алмай әр тарапқа назар салғай.
Қараса жер астынан шығып бір нұр,
Аспанға жарық болып шаттанадүр.
Расулдың жатқан жайы сол екен деп,
Төртеуі атрабына келіп тұрар.
Жәбірейіл Ысрапылға айтадүр бәс:
«Мақлұқты тірілтуің өзіңе қас.
Ауаз ғып Пайғамбарды сіз тұрғызың,
Қабірінен Хақ әмірімен көтерсін бас».
Ысрапыл Жәбірейілге айтар: «Ей, жар,
Дүниеде Пайғамбармен достығың бар.
Расулға өз лебзіңмен ауаз қылып,
Ажалдың ұйқысынан әйла бидар[3].
Жәбірейіл Ысрапылға айтар және:
«Бұл күні оятуға ұят маған».
Ысрапыл Мәкәйілге: «Сіз оят дер,
Бердік деп бәріміз де рұқсат саған».
Мәкәйіл ауаз етіп әйлагай жад:
«Ассаламу әләйкүмдер, ия, Мұхаммед!»
Қабірінен Пайғамбардың ауаз келмей,
«Шақыр» деп Әзірейілге берер нәубет.
Әзірейіл ілгергідей беріп сәлем,
Деп айтар: «Ия, Мұхаммед, хайрул әнам.
Қосылар дос досына уақыты болды,
Денеңе рухы пәкің кірсін тамам».
Оған һәм ешбір жауап келмей тұрар,
Ысрапыл онан кейін ауаз қылар:
«Қабіріңнен, ия, Мұхаммед, бас көтергін,
Күн болды үмбетіңнен рұқсат сұрар».
Сол заман Хақ әмірімен жер жарылып,
Қабірінен отырғайлар Расул тұрып.
Мүбәрак шаш, сақалы мен бастарының,
Кетірер шаң, топырағын таза қылып.
Жәбірейіл Пайғамбарға жақын келіп,
Көрсеткей әкелгенін сәлем беріп.
Пайғамбар Жәбірейілге: «Бұл не күн?» дер,
Дүниенің өзгерілген халін көріп.
Жәбірейіл Расулға деп: «Ия, Мұхаммед,
Бұл күндер қайғылану, реніш, мехнат.
Осы күн момындарға құрсанттықдүр,
Кәпір мен мұнафыққа[4] дүр қасірет».
Пайғамбар Жәбірейілге айтар және:
«Құрсанттық бір күн хабар білдір мәңа».
Жәбірейіл Расулға айтар: «Тәж бен пырақ,
Һүлла тон, ләйлі мен хамду берді сәңа».
Расул дер Жәбірейілге пәйкіл әмин,
«Бұл сөзге шат болмайды көңлім менің».
Расулға Жәбірейіл дер: «Үшбу күні
Жәннаттың даяр етіп қойды бәрін.
Жолыңа келедүр деп көп ынтызар,
Тозақтың есігі һәм берік тұрар.
Ия, Расул, құрсант болғын сіз тарапқа,
Алладан есебі жоқ бәшарат бар».
Расул дер ауаз етіп: «Ия, Жәбірейіл,
Көңілім шат болмайды мұнымен біл.
Күнәһар асы жаны үмбетімнің
Бұл күні ахуалынан хабардар қыл».
Расулға Ысрапыл дер: «Ия, Мұхаммед,
Қыламын Хақ әмірімен мен қасам жад.
Сұрымды бұл күнгеше тартқаным жоқ,
Қабірінде жатыпдүрлер барша үмбет».
Пайғамбар Ысрапылдан мұны естіп,
Көңлімен құрсант болғай шаттық жетіп.
Деп айтар: «Халі әзір жау боламын,
Жәннатқа үмбеттерім кетпес өтіп».
Дүррәтін насихында осы сөз бар,
Және айтты Жәбірейілге шахы әбрар:
«Бұл күнде шаһариярым[5] қайда болды,
Бәкір мен Омар, Оспан, Әли айдар?»
Бәкірмен Хақ әмірімен бас көтеріп.
Расулдың атрабына тұрғай келіп,
Жәннаттың һүласымен киіндірер.
Астына мінбегіне пырақ беріп,
Расул һәм түрегелгей әйлабан киіз,
Тәж бірлән һүла тонын киедүр тез,
Қолына ләйлі хамду туын алып.
Пыраққа мінбек үшін болады кез.
Пырақтың нұсқасы сол жазылмышы,
Адамның дәл бетіндей реңі, түсі,
Құлағы зүбәржаттың жасылындай,
Ұқсайды арап тілге сөз формысы.
Құссынат[6] екі қанат жанында бар,
Басында екі мүйіз және тұрар.
Көзінің қаралығы хәдтен өткен,
Жұлдыздай жарық қылып шұғыла қылар.
Жақұттың қызылынан маңдайы кең,
Құйрығы һәм денесі сиырмен тең.
Барлығы бәденінің қызыл алтын,
Қашырдан кіші, есектен еді үлкен.
Базылар тауыс сыпат дер сыпатын,
Пырақ деп оның қойған атын.
Жүргенде жай мысалы тез шабады,
Атында ызһар етер бұл хаслатын.
Пыраққа мінбек үшін барғай Расул,
Ол пырақ жәулан етіп қылмас қабусыл.
Деп айтар: «Сен үстіме мінбегейсің,
Нәсібім арап хошым Мұхаммед біл».
Расул дер: «Мұхаммеддүр менің атым,
Арыш ағла хайуанына жазған хатын.
Мінбекке ол пырақ һәм ырзаланар,
Білген соң Пайғамбардың әслі затын».
Пыраққа ізет пенен Расул мініп,
Астына аршы ағланың барғай жүріп.
Пырақтан төмен түсіп сәжде қылар,
Алланың дәргейіне сәжде қылып.
Расулға бір Алладан болғай нида,
Деп айтар: «Ая, досым, сәжде қылма.
Бұл жайлар рукуғ, сужуд жайы ермек,
Әр түрлі есеп, сауал болар мұнда.
Расул дер: «Бір Аллаға әйлабан зар,
Күнәһар осы жаны үмбетім бар.
Жәннатқа шапағат қып апарайын,
Күнәсін ғафу әйла рузы[7] махшар».
Алла айтар нида қылып: «Ия, Мұхаммед,
Көңліңді дәргйімнен әйлағын шат.
Қабірден халықтың бәрін тұрғызғанда,
Үмбетті қалауынша қыл шапағат».
Алладан Расул құда мұны естіп,
Шат болар құрсанттығы хәдтен өтіп.
Онан соң ғаршы ағланың саясында,
Тұрғайлар Хақ әмірімен қарар етіп.
Аспанға онан кейін пәрмен қылар,
Жаңбырды жер жүзіне көп жаудырар,
Бұл сумен жаңбырлардай суық емес.
Абымәннің мысалында болғай бұлар.
Ол судың көптігінде жоқдүр шама,
Осылайша өлшеп етіп айтты шама.
Тереңі он екі кез болып басқай.
Дүниенің төрт бұрышының бәрін һәмма,
Әсіліміз әууәл еді әбі мәні,
Әртүрлі мақлұқ еткен Алла оны,
Ол сулар топырақ, құмға араласып,
Ілгергі суретіндей болғай бәрі.
Күнә қып пенде жүрген осы замиын,
Өзгертіп жібередүр Алла бәрін.
Сол уақта мұнан басқа жер жаратып,
Тозақты қоядүрлер үстіне оның.
Онан соң тозақтыға даяр қылар,
Үстіне жаңа жердің келіп тұрар.
Ұзыны үш мың жылдық қылдан нәзік,
Үстінен сират атты көпір тұрар.
Бір жерді аб күмістен қылғай жәна,
Жәннатты даяр етіп қойғай әңа.
Жәннатқа піл сираттан өтіп барар,
Инсі, жын, мақұлықтың бәрі һәмма.
[1] Ризуан /а/ – бейіштің есігін күзетуші періште
[2] Һүлла – қымбат
[3] Бидар – ояу
[4] Мұнафық /а/ – екіжүзді
[5] Шаһариар – Мұхаммед пайғамбардың төрт серігі: Әбубәкір, Омар, Оспан, Әли
[6] Құссынат – көркем
[7] Рузы /п/ – күн