Білген Шайыр айтады

Хазірет Әлидің Жанәділ шаһарында төбелескені

 

Бисмиллаhи рахманир рахим

Әлидің шұhраты әлемді тұтты,

Жанәділдің  махалласына жетті.

Жанәділ елі hәм падишасы есітті,

Әли қорқынышынан бәрі састы.

 

Жиылып кеңесіп, қайғы қылыпты,

Әли үшін жиылып зар қылыпты.

Ақылдастылар ертеменен уа кеш,

Оған бір хайланы таппадылар һеш.

 

Падиша айтыпты:  “Өлтірсе біреу Әлині,

Мәдинеден кетірсе біреу басыны,

Шын көңілден оны жақсы көрейін,

Дәулетімнің жартысыны берейін.

 

Дәулетімді оныңменен көрейін,

Оған хатта қызымды да берейін”.

Мұны естіп батырлары кеңесті,

Бір-біреуінің халыны сұрасты.

 

Қабыл атты бір балуан түрегелді,

“Әлидің басыны кесемін” деді.

Оған падишасы хошланыпты,

Кетірді қасына алтын-күмісті.

 

Жол жабдығын бәрін, керегін алды,

Және талай алтынды hәм алды.

Талай балуан қылыш алып қолына,

Жөнеліпті Мәдиненің жолына.

 

Мәдине екі айлық жол еді,

Жолының көбінесі шөлдік еді.

Мәдиненің қасына келіпті,

Әлиді іздеп көп жүріпті.

 

Мәдинеде іздеп жүргенінде,

Жолықты Ахтам деген сахаба.

Қабыл айтты: – Сенің атың кім бола?

Айта көр, тілеуің берсін  дие  мұнда.

 

 

Ахтам айтты: – Бұрын айт сен өзіңді,

Онан соң айтайын мен өзімді.

Қабыл айтты: – Жанәділден боламын,

Әлиді ізденіп мұнда жүремін.

 

Ахтам айтты: – Әлиді не қыласың?

Не-дүр себеп оны сұрай бересің!

Қабыл айтты: – Әлиді көргіз маған,

Берейін жүз мың алтын саған.

 

Әлидің басын кесіп аламын,

Жанәділге алып жүре беремін.

Қабылды ойлады келген Әлиге,

Әли үшін келген екен бұл мұнда.

 

Мұнан соң Ахтам қайғырды,

Әлиді өлмесін деп ойлады.

Көңілінен ойлады бұл Ахтам,

Не қылады Әли үшін мен өлсем.

 

Төбелессе Әли жүз мың кісіге

Қарсы тұрып, бәрін бірден қыра ала.

Мен өзім бір кісіге бара-бар,

Әли үшін егер өлсем лайығы бар.

 

Ойланып Ахтам айтыпты:

“Мен боламын білсеңіз –  Әли, – депті,

Танымайсың, Мәдиненің ері – мен,

Әли батыр дегендері өзіммін”.

 

Қабылдың Әлиді көргені жоқ,

Естісе де көріп білгені жоқ.

Қылышын көтеріпті Ахтамға қарай,

Таяғын көтеріп Ахтам жүгірді.

 

Екеуі төбелесті осында,

Кесіпті Ахтам басын ақыры.

Кесіп Ахтам басын аса салды,

Жанәділдің шаhарына бұл жөнелді.

 

Жанәділ шаhарына қайтып жетіпті,

Халықтар бәрі мұны есітіпті.

Әли басын батыр Қабыл кесіпті,

Хабарды қала халқы есітті.

 

Есітіп бұл хабарды шаттанысты,

Домбырашылар домбырасын шертісті.

Падишасы Қабылды тым сыйлапты,

Шаhарда жүргізіп әбден тойлапты.

 

Барша халықты инғам етіпті,

Әли-дүр деп басты қиял етіпті.

Қабылдың көңіліні шат қылыпты,

Қызын беріп күйеуі hәм қылыпты.

 

Және де айтайын Ахтамның халін,

Не болғанын кісі білмеді үш күн.

Бір намазды оқыған соң Пайғамбар,

Қарады Ахтамды анықтап Пайғамбар.

 

Мүбәрак арқасын михрабқа қойыпты,

Михрабтан есікке hәм қарапты.

“Бұл Ахтам қайда?”  деп сұрапты,

“Көрінбей тұр үш күн болды”  депті.

 

Бұйырыпты: – Барып сұра үйінен,

Не қылыпты келмес болды үйінен.

Тұра салды хазірет Біләл азаншы,

Жүгіріп барып үйінен hәм сұрады.

 

Қатыны айтты: – Үш күн болды енді,

Не болғанын білмеймін енді.

Балалары Ахтамның жыласа,

“Атамыз қайда?” деп келіп сұраса.

 

Азаншы аяды анларды көріп,

Жылапты жүзін жерге қойып.

Жәбірейіл періште келді жетіп,

Хабарды сөйлерге дайын етіп.

 

Жетпіс мың періште жолдасы

һәм болыпты бәрі дағы қайғылы.

Пайғамбарға Жәбірейіл айтыпты:

“Ахтам жанын берді – депті,–

 

Жанәділдің қаласына басы кетті,

Әли үшін жанын пида қылыпты”.

Жыласты бұл сөзді естіп сахаба

Және де жылапты Расул Алла.

 

Жанын берді әзиз досы Әли үшін,

Жетім қылды балаларын Әли үшін.

Расул Алла матам тұтты оның үшін,

Балалары матам тұтты оның үшін.

 

Балалары Расулдың тізесін құшты,

Олар басын Пайғамбар қойнына құшты.

Пайғамбар ноха қылып биһұш бопты,

Біраздан соң һұшыға ол келіпті.

 

Әлиді қайда-дүр деп сұрапты,

Хабар естіп Әли келіп жетіпті.

Келіп кірсе,  мәсжидте жыласа,

Іші толған мәсжидтің сахаба.

 

Расул айтты: – Әли, Ахтам басыны

Білдің бе қалайынша болғаны?

Сенің үшін пида қылған жаныны,

Жетім қылған қатын-бала, қызыны.

 

Не болғанын изhар қылыпты,

Сенің үшін жанын беріпті.

Мұны естіп Әли таңға қалыпты,

Ақылы кетіп және талып қалыпты.

 

Біраз кейін һұшына ол келіпті,

Жасын төгіп көзінен бұл жылапты.

Әли айтты: – Айа, Расул Алла,

Алланың хабибі – сіз екі әлемде.

 

Әзиз жанын беріпті ол менім үшін,

Жетім қылған ұл-қызын менім үшін.

Әгар оның өшіні алмай қалсам,

Тұрмағым нешік болар тірік болсам.

 

Осылай деп рұқсатты сұрапты,

Көңілінен  Расул да ойланыпты:

“Әлиге бір қате ерішсе,

Егер қызым менім жетім қалұрса.

Әли барып оныңменен соғысса,

Қалай болар осында рұқсат болса.

Әгарда рұқсатты бермесем ғой,

Әлидің көңілі hәм қалады ғой”

Дейүп, көп ойланыпты.

 

Тәуекелді Аллаға hәм қылыпты:

– Сұрап көр, Әли, жәрдем Құдайдан,

Не болса да көрерсің бір Құдайдан.

Әли Пайғамбардың тізесін құшып жылапты,

Құрмет сақтап бахилдықты тілепті.

 

– Қателерім көп болды, кешіргіл,

Ізгі дұғаны бізге қылғыл.

Расул Алла беріпті Дүлдүл,

Қайғыланды Әлидің балалары, біл.

Хасан, Хүсейін қасына келіпті

Және де Фатима hәм келіпті.

 

Жыласты Әлидің балалары,

Және де барша дост, даналары.

Хасан, Хүсейін аяқтарын құшыпты,

Жылап қабақтарын өзен қылыпты.

 

Және де Фатима көп жылапты,

Әлиге телміріп hәм бір қарапты.

Сахаба баршалары жыласыпты,

Үлкен-кішік бәрі дағы жылапты.

 

Осылайша Дүлдүлге аттандырдылар,

Артындан бәрі ұзатып шықтылар.

– Басыңа бір мүшкіл түсе қалса,

Басыңа бәле келе қалса,

Дүлдүлдің құлағына сөзің сал,

Келіп бізге хабар берер бұл Дүлдүл.

 

Көрісіп ол балуан хазірет Әли,

Жанәділ шаhарына жөнелді енді.

Беліне зұлпықарын асыпты,

Жаратқан Аллаға тәуекел қылыпты.

 

Жанәділ қырық бес күндік жол еді,

Дүлдүлменен үш күнде жетті енді.

Жанәділге барып кірсе бұл Әли,

Отқа табынған бір кемпірді көреді.

 

Кемпірден сұрапты хазірет Әли:

  • Еліңізде не хабар бар, кемпір, – деді.

Кемпір айтты: – Естідім бұл хабарды,

Қабыл қылды тамаша бір сапарды.

Әли батыр бір балуан бар еді,

Еліміз одан тым қорқар еді.

 

Әли басын кесіпті Қабыл батыр,

Падишамыз оған шаттанып жатыр.

Қабылды падиша сыйлапты,

Малының жартысыны беріпті.

 

Қазынасын патшамыз үлестірер,

Батырларымыз шаттанысып сөйлесер.

Талай күннен шаттықты еттілер,

Осылайша қатты той еттілер.

 

Мұнан соң Әли батыр кемпірге

“Иман кетір” депті осы кемпірге.

Иман дегеш кемпір ойбай салыпты,

Қылышпенен Әли басын шабыпты.

 

Үйіне кірді кемпірдің Әли,

Отырып тамағыны анда жеді.

Әли айтты: – Бисмилла уа билла,

Және де  тағы тауаккалту алә Алла.

 

Осылай деп аттанды Дүлдүлге,

Дүлдүлменен барып кірді Жанәділге.

Падишаның есігіне Әли келді,

Көре салып біреу қасына келіпті.

 

Сұрады: – Бұл сіз кім боларсыз,

Нені іздеп осында жүрерсіз?

Әли айтты: – Мен бір балуан,

Келе-дүрмін һәрбір қаладан.

 

Ұры алды менім көп малымны,

Іздеп жүрем малымны алған ұрыны.

Әлидің ойлағаны Ахтамның жаны,

Басын кескен Қабылдың қаны.

 

Осында Әлиді көрген кісі,

Жүгіріп падишаға келді.

Көргенін бәрін бір-бір сөйлепті,

“Қапқаға бір жігіт келген” дейүпті.

 

Аты арғымақ, өзі де балуан,

Біздің аттан аты артық жаралған.

Айта өзі  “алды малымды ұры,

Мұнда келдім ізденіп осы ұры”.

 

Жанәділдің падишасы мұны есітті,

“Алып кел, – депті, – мұнда ол жігітті”.

Кіріп шаттығымызды білсін,

Әлидің басыны hәм көрсін.

 

Мұнан соң күзетші шығыпты,

Құрмет қылып  “кірің ішкері”  депті.

Әли айтты Дүлдүлдің құлағына:

– Кіріп кешіксем мен осында,

Барып менден  Расулға хабар бер,

Естісін hәм бәрі де сахабалар.

Хасан,  Хүсейініме сәлем айт

Және Фатимаға менен сәлем айт.

 

“Аллаhу акбар”  деп айғай салсам,

Кетпе мұнан әгарда Дүлдүл болсаң.

Тәуекелменен ішкері кірді,

Әлиді патша уа hәм қабыл көрді.

 

Падиша сұрапты: – Жігіт, қайдан жүресің

Және қайсы қаладан келесің?

Естіп-көргеніңнен бар ма?

Біздің шаттығымызды білгенің бар ма?

 

Абайла, Әлиді біз өлтірдік,

Мәдинеден басын оның кетірдік.

Әли айтты: – Әлиді көргенім бар,

Оған hәм жолдас болғаным бар.

 

Әлидің шәкірті өзіммін,

Оның қанша ойындарын білемін.

Айтадылар: – Әгар басын кетірсек,

Танырсың ба алдыңа қойсақ?

 

Әли айтты: – Кетіріңдер көрейін,

Әли болса, оны танып білейін.

Кетірділер табақпенен басыны,

Яғни, шаһид Ахтам басыны.

 

Көріп еді Әли Ахтам басыны,

Өзендей төкті көзден жасыны.

Падиша сұрапты осында:

– Жыладың қандай себеп осында?

 

Әли айтты осында бір жауабыны:

– Алдырып едім бір жерде бір басыны.

Оған ұқсайды екен осы бас,

Соның үшін жылағаным менім рас.

 

Олар айтты: – Осы Әли басы-дүр,

Сен көрген бас бұ емес-дүр.

Әли айтты осында тұра салып:

– Әлидің үш ойынын білемін, – деп.

 

Падиша бұйрық қылса ойнайын,

Өнерлерін кісілерге көргізейін.

Сұрадылар: – Қалайша көргізесің,

Айта көр оны қалай білесің?

 

Әли айтты: – Қырық арыстан сүйегін,

Қатар қойсалар шашырап өтемін.

Және он екі  батпан теміріні,

Бір қолменен алып ұрайын оны.

 

Үшінші қылыш ойынын білемін,

Падиша бұйрық қылса қыламын.

Падиша бұйырыпты осында:

– Үлкен-кішік жиылың осында,

 

Ойыншының ойыныны көріңдер,

Ұлық-кішік бәріңіз жиылыңдар.

Үлкен-кішік бәрі де жиылыпты,

Әли ортада жалғыз қалыпты.

 

Падиша тақытына шығыпты,

Және де батырлары бірге келіпті.

Әли айтты: – Қайда ол батырыңыз?

Әли басын кесіп келген Қабылыңыз.

 

Әлидің ойындарын келіп көрсін,

Осы майданда әзір болсын.

Бұл заман Қабыл аулақта еді,

Падишаның қызыменен рахатта еді.

 

Қабылды жылдам алып келділер,

Падишаның қасына қойдылар.

Қырық арыстанды қатар қойдылар,

Тамашаны бәрі қарап тұрдылар.

 

“Бисмилла” деп Әли өтіпті,

Бір қарғығанда қырық кездей кетіпті.

Теуіп еді аяғыменен анда,

Арыстандар сүйегін топырақ етті анда.

 

Осыны көріп қайран қалысты,

Ғажаптанып бәрі дағы күлісті.

Тағы екі темірді ол аспанға

Ата салып және ұстап алады.

 

һәр екеуі темірдің он екі батпан.

Барша көргендер бәрі қалыпты қайран,

“Қайда ол Қабыл? – депті Әли,

Келіп менім қасыма тұрсын”  деді.

 

Падиша хазіреті Қабылға бұйырыпты:

– Әлидің шәкіртіменен ойнап көр, – депті.

Әлидің басын алған батырдың,

Шәкіртіменен төбелесі жеңіл оның.

 

Осылай деп бұйрық еткеш падиша,

Қалтыранып Қабыл майданға шыға.

Қорқыңқырап Әлидің қасына келіпті,

Келмесе падишадан қорқыпты.

 

Әли айтты: – Әли басын кесіпсің,

Көрейін мен қалайынша кесіпсің.

Қабыл қылышын көтеріп келіпті,

Әли басын кесейін деп ойланыпты.

 

Осында Әли алды зұлпықарын,

Белінен алды, яғни, Пайғамбар қылышын.

Қабылды тұтып алды белінен,

Ұстап атты аспанға құлағынан.

 

Көрінбес болып кетті аспанға,

Қабылды осылайша қылды ол дана.

Түсіп келе жатқанда ол Қабылға,

Он екі батпан темірменен ұрды және.

 

Мұнан соң және кетті ол Қабыл,

Аспанға қарай жаны шығып бұл Қабыл.

Түсе келе жатқанда быт-шыт болыпты,

Жүзі Қабылдың осында қара болыпты.

 

Әли айтты: – Батырлар келсін мұнда,

Әлидің өнерлерін көрсін мұнда.

Батырлар бір-бірден бәрі келді,

Келе салып бәрін де қырып салды.

 

Төрт мыңдай батырларды бәрін ол,

Төрт мың түрлі етіп өлтірді ол.

Кей біреуін қылышпенен кесіпті,

Кей біреуін темірменен ұрыпты.

 

Кей біреуін тастай алып атыпты,

Көрінбес болып аспан кетіпті.

Яғни хазірет Әли палуан, жарандар,

Жанәділде осындай іс қылғанлар.

 

Және де айтайын ол хазірет Әли,

Кей батырдың басын жерге ұрды.

Кей біреуінің басын анда жарыпты,

Миларын hәм талқан қылыпты.

 

Батырларын салып-салып қалғанда,

“Аллаhу акбар” деп айтты Әли анда.

Падиша бұл іске таң қалыпты,

Қарап тұрған уәзірлер аң-таң болды.

 

Әлидің төбелескен жерінде,

Өзендей қан болыпты осында.

Мұны көріп падиша сасыпты,

“Сұраңыз, бұ кім-дүр өзі?”  депті.

 

Падиша өзі тұрып сұрапты:

– Айа, жігіт, қайдан келдің сен? – депті.

Батырларымды әбден қырып салдың,

Қабылды аспанға атып салдың.

 

Мұнан соң Әли Дүлдүлді шақырыпты,

Тағзымменен Дүлдүл келіп жетіпті.

Әли Дүлдүлге мініп алды,

Жүзіндегі нықапты көтеріп алды.

 

Әли айтты: – Алла жолында жүремін,

Кез келген батырларды қырамын.

Жолаушы жүрген бір батыр ер-дүрмін,

Әли ибн Әбу Тәліп өзіммін.

 

Әли айтты: – Алланың Арысланы,

Боламын мен өзім батыр Әли.

Пайғамбарым менім Мұхаммед болұр,

Жаратқан раббымыз Алла болұр.

 

Лақабым лә фатти  иллә Әли-дүр,

Қылышым зұлпықар Хайдари-дүр.

Қатыным Расул қызы  Фатима,

Балаларым Хасан, Хүсейін бола.

 

Бенім атам Мұхаммед Мұстафа-дүр,

Бенім атым Әли әл-Мұртаза-дүр.

Бұ сөзден білділер, осы – Әли-дүр,

Естілген Әли батыр осы-дүр.

 

Мұнан соң көп солдат жидылар,

Төбелесіп көрелік және деділер.

Әли айтты: – Солдат жәмиғ қылыңдар,

Жабылып бір арманнан шығыңдар.

 

Әли қайтып бір жерге түсіпті,

Арасында бір кеше өмір өтіпті.

Айғай салды жанәділдер: – Ойбай,

Әлиді өлтірелік, ойбай!

 

“Біздің әскеріміз көп” десіпті,

“Әли болса өзі жалғыз” десіпті.

Осылай деп жүз мың әскер жиылды,

Батыр, балуан алдағы сапқа жиылды.

 

Әли хазірет ерте намазын оқып,

Басына шалмасын hәм шалып,

Қылышын тағып алды беліне,

Және де міне салды Дүлдүлге.

 

Дүлдүлменен әскер қасына келіпті,

Қылышын қолына hәм алыпты.

Алланы, зікірді көңіліне салыпты,

Дүлдүлменен ұшқандай болып кетіпті.

 

“Бисмилла”  деп әскер ішіне кірді,

Тәуекелді жаратқан Аллаға қылды.

Дүлдүлменен анда-мұнда өтеді,

Солдаттарды егін басындай қырады.

 

Оңға-солға қылышын соза-дүр,

Әскерлер ондан сүрлігіп қаша-дүр.

Дүлдүлменен әскердің өте шетіне,

Бір өткенде қанша мыңды қырып сала.

 

Осылайша соғысып кеш болыпты,

Кеш болғаш  Әли қайтып кетіпті.

Яғни далада бір аулақ жерге,

Кетті анда ғибадатты қыларға.

Тамам

 

 

 

 

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

ҒЫЛЫМ КОМИТЕТІ

М.О.ӘУЕЗОВ АТЫНДАҒЫ ӘДЕБИЕТ ЖӘНЕ ӨНЕР ИНСТИТУТЫ

 

АЛМАТЫ – 2015

ҚАЗІРЕТ ӘЛИ

Діни дастандар

 

 

 

Жалпы редакциясын басқарған – филология ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА корр-мүшесі

Уәлихан Қалижанов

 

Жауапты редактор: филология ғылымдарының кандидаты Т.Әлбеков

 

 

 

 

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button