Білген Шайыр айтады

Ракини салыс ахуал қиямет

38 - фасыл

Ия, Алла, исмі[1] пәкің раббым ғафұр[2],

Жер жүзі өзгерілгей тартқанда сұр[3].

Таразы, есеп, сауал, жәннат, тозақ,

Ілмі ғайып сен білесің құдіретің дүр.

 

Баршасы хақ Расулдың білдіргені,

Болмаса көрген емес ешкім оны.

Айтпаққа Ләдін ілімін[4] нәсіп етіп,

Бұл жолда сәбит[5] қадам қойғыл мәні.

 

Дүниенің әуелінде жаралғанын,

Аллаға асы болған адам халін.

Жан шығып көрге қойған сауал, жауап,

Көрдегі жақсы-жаман көргейлерін.

 

Барлығын ілгеріде айтып өтіп,

Білмеген надандарға жол көрсетіп.

Дүниенің ақыр болған ахуалатын,

Және де білдірейін зікір етіп.

 

Ысрапыл періштенің әрне түрін,

Білдіріп айтып едім әуел бұрын.

Алланың пәрменімен ақырғы уақта,

Қолға алып үш мәртебе тартқан сұрын.

 

Әуелі тартқанында аспан, замиын[6],

Қалтырап һәм дірілдеп баршасы оның.

Орнынан тау мен тастар қозғалады,

Жұлдыздың аспандағы төгер бәрін.

 

Жоқ болып Ай мен Күннің нұры кеткей,

Мақлұқтың барлығына қайғы жеткей.

Жас болар қорыққанынан шалдай болып,

Тоқталмай қозғалғаны қырық жыл өткей.

 

Ысрапыл екінші рет сұр тартқанында,

Аспан, жер махкумында болса әрне.

Күллі һай[7] мақлұқаттың жаратылған,

Әзірейіл аладүрлар жанын cонда.

 

Жандыдан он екісі өлмей қалар,

Һәм және ол күнгеше шайтан барар.

Төртеуі төрт мукаррам[8] аты айтылған,

Сегізі ғарыш көтерген руханилар.

 

Алладан Әзірейілге илһам[9] еніп,

Айтады осы сөзді хабар беріп.

Күллі һай жаратылған мақлұқаттың,

Баршасы өз қолында кетті өліп.

 

Лағнеті Ібілістің һәм жанын алың,

Инсі, жын, мақлұғы көп бұл дүниенің.

Бәрінің өлердегі жан ащылығын

Бұл күні қаттылықпен оған салың.

 

Әзірейіл бір Алладан мұны естіп,

Тозаққа ашылғын дер ауаз етіп.

Тозақтың ішіндегі періштеден,

Қасына жетпіс мыңын алған ертіп.

 

Темірден отты күрзі қолына алып,

Тұрғайлар баршасын да даярланып.

Әзірейіл бір мәртебе қайраттанып,

Кәдімгі суретіне өзін салып.

 

Мақлұқтар бұл суретін көргенде тез,

Өлер ед қорыққанынан тұрмай әр кез.

Әзірейіл ол айтылған ғайбатымен

Шайтанға жан алғалы боладүр кез.

 

Әзірейіл бір мәртебе хамла[10] етер,

Айбатпен неше түрлі сөз көрсетер.

Қаһарына шайтан лағин шыдай алмай,

Сол заман беһүш[11] болып есі кетер.

 

Ғарғара тартып жатар шайтан лағин,

Есітсе бұл ауазын аспан, замиын.

Ауаздың айбатына тағат қылмай,

Қалар ед есінен танып баршасы оның.

 

Есіне бір мезгілде келгей және,

Әзірейіл ауаз қылып атқай әңә:

«Ей, ханнас, осы күні қаттылықпен,

Өлімнен тарттырамын шәрбат әңә.

 

Дүниеде өмір сүріп қанша жүрдің,

Әуелден ақырғаша дәурен сүрдің.

Көңліне неше түрлі ығуа[12] салып,

Азғырып қанша адамды кәпір қылдың».

 

Ол малғұн қорыққанынан қашып кетер,

Бірпәсте[13] күн шығатын жайға жетер.

Алдынан Мәләкул мәут[14] қарсы шығып,

Ұмтылып айбатымен хамла етер.

 

Онан соң күнбатысқа барады тез,

Болады ол жерде де Әзірейіл кез.

Алланың пәрменіне мойынсұнып,

Өлімге ырза болып тұрмас әркез.

 

Дүниенің әр бұрышына қашып жүрер,

Әр түрлі құтылмаққа ылаж қылар.

Әзіреті Адам сафи пайғамбардың,

Қабырыне ақырында келіп тұрар.

 

Айтады осы сөзді қылып нала:

«Ия, Адам, сәжде етпедім ол күн саған.

Сол үшін дәргейінен қуаланып,

Лағнеттің тауқын салды Алла маған.

 

Дүниеде жүрер едім содан бері,

Ұстады ажал келіп бұл күн мені.

Әуелде сенен себеп болмағанда,

Бұл түрлі машақатқа қоймас еді».

 

Осындай әр түрлі сөз айтып тұрар,

Адамнан «құтқарғын» деп және сұрар.

Сол жерде дәл қасына Әзірейіл кеп,

Алмаққа шайтан жанын хамле қылар.

 

Шайтан дер Әзірейілге: «Тартқанда жан,

Қай түрлі қиындықпен аладүрсән?»

«Мәлектер жанған отпен азап қылып,

Алармын от сәулесі кесе бірлән».

 

Шайтанның мұны естіп ақылы кетіп,

Жығылған қорыққандығы хәдтен өтіп.

Топыраққа аунай-аунай жүзін қойып,

Жатқайлар өзі түскен жайға жетіп.

 

Періште азанменен оған барып,

Мойнына отты темір зәнжір салып.

Еттерін, тамырларын тартадылар,

Баршасы отты қысқаш қолына алып.

 

Қылғайлар денелерін пара-пара,

Азапқа шыдай алмай қылар нала.

Инсы, жын, мақлұқаттың жан ащысын,

Ол күні Әзірейіл салғай әңә.

 

Алқымға жанын сығып алып барар,

Әзірейіл онан кейін пәнжа[15] салар.

Ыстық темір түн ішінен шыққан мысал,

Артықша қиындықпен жанын алар.

 

Жеті қат жер үстінде тау менен тас,

Дария, көл әрне түрлі бұған ұқсас.

Алланың әмірімен осы күні,

Жоқ болып тегістеліп тұрадүр пәс.

 

Жәбірейіл, Мәкәйіл мен һәм Ысрапыл,

Олар һәм сапар еткей дүниеден бұл.

Әзірейіл періштеге нида қылғай,

Өзінің құдіретімен һәкімі құл.

 

Алла айтар Әзірейілге қылып пәрмен:

«Қалды ма нәпсі егесі өлмей әр жан?»

Әзірейіл Аллаға айтты: «Баршасы өлді,

Өлмеген даяр әзір мен құлыңман».

 

Алла айтты: «Кәламымда[16] бердім хабар,

«Күллі нәпсі зайқатул мәут»[17] аятта бар.

Ажалдан шәрбат ішіп сен һәм өлгін,

Дүниеде тыныс алушылар қалмайдүрлар».

 

Әзірейіл бір Алладан мұны естіп,

Әміріне мойынсұнғай қабыл етіп.

Тозақ пен сегіз пейіш арасында

Аллаға жан тапсырғай ажал жетіп.

 

Дүррәті насыһында айтар мұны,

Әзірейіл мәләкүл мәут осы күні.

Өз жанын алмақ үшін өзі жатыр,

Есітіп ілгергі айтқан Хақ әмірін.

 

Шыдамай айқайлайды сынһа тартып,

Жан ащы қысылғаны хәдтен артып.

Егер де бұл ауазын есіткенде,

Күллі һай өлер еді онда жатып.

 

Айтарлар бұл өлімнің қаттылығын:

«Егер де хабарланып білсем бұрын.

Мүләйім жұмсақтықпен жанын алып,

Зәрредей ренжітпесем момын құлын».

 

Осылайша әр сөз айтып қылып арман,

Тапсырып аманатын бередүр жан.

Дүниеде ешбіреуі тірі қалмас,

Күллі һай жаратылған мақлұқтардан.

 

Жоқ болғай мақлұқаттың бәрі һәмма,

Жалғыз-ақ уақыт тұрар һайиу[18] дана.

Алланың пәрменімен бақи болып,

Жоқ болмай неше нәрсе тұрар жәна.

 

Жоқ болмас аршы, күрсі[19], лаухул қалам[20],

Және де бақи тұрар аруақтар һәм.

Һәм және жеті тозақ, сегіз пейіш,

Әһлімен бақи тұрар бәрі тамам.

 

Өзгенің барлығы да кеткей өсіп,

Базысы тірілмегей бәрһам болып.

Базысы махшар күні нысап берер,

Өзінің денесіне қайтып келіп.

[1] Исм /а/ – есім, ат

[2] Ғафұр /а/ – кешірімді

[3] Сұр тарту – Ысрапыл періштенің ақырзаманда тартатын сырнайы

[4] Ләдін ілімі – Алладан берілетін ілім, яғни Құдайдың дарытқан ілімі

[5] Сәбит /а/ – берік

[6] Замиын /п/ – жер

[7] Һай /а/ – тірі

[8] Мукаррам /а/ – қадірлі

[9] Илһам /а/ – діни сенімге ие болу; шабыттану

[10] Хамла /а/ – шабуыл, жорық

[11] Беһүш болу /п/ – естен тану, ессіз құлау

[12] Ығуа – жол, бағыт

[13] Бірпәсте – дереу, лезде

[14] Мәләкул мәут – ажал періштесі, Әзірейіл

[15] Пәнжа /п/ – бес саусақ

[16] Кәлам /а/ – Құран кәрім

[17] Күллі нәпсі зайқатул мәут – әрбір жан өлімді татады («Әнкәбут» сүресі)

[18] Һайиу – тірі

[19] Аршы, күрсі /а/ – жеті қат көк

[20] Лаухул қалам /а/ – тағдыр тақтасы

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button