Білген Шайыр айтады

Тәркі намаз хақында айтылған сөз

Икрам ишан Қасымұлы (1860-1923ж.ж.)

Айтпайды баян қылып аның атын.
Айтайын бір азырақ кесепатын.
Жарандар Расул Құда заманында,
Бар екен Мединеде жаман қатын.
Есепсіз пасық еді әлден асқан,
Жолында жаман жұмыс судай тасқан.
Шайтанның жетегіне кеткен еді,
Жанжаққа мойнын бұрып қарамастан.
Ол бадбахт нихаятсыз еді пасық,
Көрінсе сауап жұмыс жүрген қашып.
Ұшырап бір Құданың азабына,
Бір күні баласына болды ғашық.
Баласын мас қылыпты арақ беріп,
Мейлінше тойғызыпты шарап беріп.
Мас болып арақ ішіп жатқанында,
Анасы қойнына барды кіріп.
Өзіңнің рахметіңмен я Рабби,
Мүминге мұндай істен бергін пана.
Білмеді жатқан бала мастықпенен,
Қылыпты өз анасын өзі зина.

Қалыпты екеуін де Құдай ұрып,
Жатыпты бір азырақ сухбат құрып.
Анасы бадбахт малғұн кеткеннен соң,
Ол бала жатқан жерден жүрді тұрып.
Көңіліне келді сонда қылған ісі,
Баланың бір өзгеше болды түсі.
Құданың қаһарынан қатты қорқып,
Әлден асқан соң бұл жұмысы.
Зар жылап басын ұрды тау мен тасқа,
Толтырып екі көзін қанды жасқа.
Еш дауа бұл дәрдіне таба алмайды,
Құдая деп жылайды сенен басқа.
Баланың жылағаны әлден асты,
Балқытты жылауменен қара тасты.
Өкпесін қасіретпен баса алмайды,
Ағызып көздерінен қанды жасты.
Ойланды ғаріп бала сонда тұрып,
Қалған соң өз – өзінен Құдай ұрып.
Сүйікті Құдай досты Ән Әзірет,
Барайын дейді алдына басымды ұрып.
Расулдың барды жетіп есігіне,
Кіруге таппай жердің тесігіне.
Ия тақсыр, зар жылаған мен бір кимра,
Шешеммен болып келген бір ісіне.
Ия тақсыр, үмітпенен келдім сізге,
Мархамат қыла ма деп ғаріп бізге.
Құданың бір сүйікті пендесі деп,
Тоқ сынап келдім тақсыр көңілімізге.
Солай деп жылай берді ғаріп бала,
Кешір деп күнәһымды Хақ Тағала.

Я, Алла рақым етпесең мен ғаріпке,
Қылармын мен бір асы кімді пана.
Ол бала тақат қылып тұра алмады,
Көңілін басқа жаққа бұра алмады.
Кітапта жаман өлім дегенменен,
Өзіне өзі пышақ ұра алмады.
Қасына расул Құда барды жетіп,
Бала тұр қапалықтан есі кетіп.
Сол уақытта Расул Құда деп айтады,
Ай балам қандай жұмыс келдің айтып.
Деп айтты ол балаға шаһ Жаһан,
Ай балам жылауыңның түрі жаман.
Болайын себебінен мен һәм агаһ,
Айтсайшы жылай бермей енді маған.
Білдірші Расул айтты мағынасын сен,
Екенін қандай жұмыс білейін мен.
Баян қыл сабыр етіп мән – жайын,
Дамылсыз жылай бермей қайғыменен.
Бала айтты: «Айта алмаймын аузым барып,
Барады уайымым ішті жарып».
Баланың бұл сөзіне Расул Құда,
Тұрады бір азырақ қайран қалып.
Ай балам хабардар қыл мені дейді,
Қарғады не себептен сені деді.
Боламын сенен қапа осы жерде,
Айтпасаң мән – жайын енді деді.
Береді бала жауап айтайын деп,
Анамды арақ ішіп зина қылдым.
Тұрғаным осы еді ғой айтайын деп,
Балаға Расул айтты кешер Жаппар.

Бір аты Құдайымның «Зунубу ғаффар»,
……………………………………………..
Әр қандай асы жапы болсадағы,
Құданың Рахметі көп деген гәп бар.
Ай, балам, қорқып едім сенен өзім,
Қанымнан толғаннан соң екі көзің.
Намазын қылған болса қастан қаза,
Сұмдығы күйдірер деп жердің жүзін.
Екенсін шүкір балам онан аман,
Кешеді күнәһың Қадірманнан.
Намазын әркім қылса қастан қаза,
Бұл айтқан ісіңненде сондай жаман.
Ай балам жылай берме болып наза,
Күнәдан тәубе қылдың болдың таза.
Құдайым жарылқаса еш нәрсе емес,
Қорқып ем болды ма деп намаз қаза.
Намазын әркім қылса қастан қаза,
Күнә жоқ одан жаман дейдүр Құда.
Тозаққа бейнамазды айдаңдар деп,
Қылдырғай періштеге ұлығ нида.
Әмір айтар ұлығ майдан қылыңдар деп,
Әміріме мутиғ болып тұрыңдар деп.
Қолға алып баршаларың оттан күрзі,
Аямай бейнамазды ұрыңдар деп.
Әмір етер занжірменен суырыңдар деп,
Қинауын бір – бірінен қатты қылып.
Деп айтар Пәруардігәр жазасы бұл,
Қорықпаса қайсы пенде қаһарымнан.
Жетпіс кез ұзындығы ол занжірдің,
Мүминге ұшыратпасын бірде бірін.

Меккенің Куфаменен арасындай,
Депті ғой әр кезінің ұзындығын.
Әулие Хасан Басри заты шариф,
Ол занжір ыстықтығын қылды тариф.
Бір халқасын бұл дүние тауларының,
Үстіне қойса кетер дархал еріп.
Тау еріп кетер болса қойған демде,
Мойнына нешук шыдар түскен пенде.
Құдая өзің дұшар қыла көрме,
Жамиғ мүминдерден ешкімдерге.
Бұл жерде бұл сөздерді айттым хазыр,
Мүминға тауфиқ Раббым Қадыр.
Құдайым панаһында сақтамаса,
Азаптар мұнан басқа толып жатыр.
Айтуға лайық болды және бір сөз,
Кітаптан шүкір Алла көрген соң көз.
Бере алмас ешкім тұрыс Хақ үкіміне,
Иегің қышымасын күдеріңді үз.
Өлімнен ешбір адам қалмас үміт,
Бұларды ақылың болса жадыңа тұт.
Ажалға ешкім қарсы келе алмайды,
Әр қандай мұзды бүркеп жайнаса бұлт.
Зар жылап көз жасымен бетті жуып,
Құлшылық қылмақ керек белді буып.
Бұл дүние бейопаның сарайынан,
Біреулер өліп жатыр біреу туып.
Тірілер қияметте барша мүрде,
Мағлұм дүр аят-хадис барша жерде.
Ешбір жан ұмытылып көрде қалмас,
Дүниеге жаратылып келген пенде.

Исрафил ақыр сүрін ұрған уақытта,
Майданын қияметтің құрған уақытта.
Тозақтан бір аждаһа шығар депті,
Маһшардың майданында тұрған уақытта.
Жаһанда болған емес ондай жылан,
Құданың Құдіретімен жаратылған.
Аяғын аста-аста, дақ-дақ басып,
Жиылған халайыққа көзін салған.
Аспаннан жеті қабат өткен басы,
Көрінер таудан ұлығ көзбен қасы.
Заһардың ішіндегі көбелегінен,
Бар депті маңдайында бір қарасы.
Ол жылан айбатпенен заһарын шашып,
Күркіреп жан-жағына аузын ашып.
Ұмтыла Маһшардағы халайыққа,
Айырылысар жанның бәрі онан қашып.
Жәбірәйіл тездікпенен келіп сонда,
Сабыр қып тұрғыл деген біраз мұнда.
Құдайдың не сүйікті құлдары бар,
Баршасын заһарыңмен хараб қылса.
Сөйлесіп ол айдаһар Жәбірәйілмен,
Есімі жоқ дер халайық баршасымен.
Адамды бес тайпа тауып алып,
Саламын қарныма заһарыммен.
Адамдар бес тайпа болса қайда,
Болғанмен құтылмайды қайсы жайда.
Жақсылар ушбу сөзді жадыңа алып,
Жалынып тұрыңыздар бір Құдайға.
Ол жылан айбатпенен ұрған қадам,
Тұрғайлар қарсысында Жәбірейіл һәм.

Білдірші мағлұм қылып біздерге де,
Дегенің бес тайпа қандай адам?
Жылан дер ол адамдар осындай жан,
Қорықпаған тірілікте бір Құдайдан.
Намаз қаза бермеген ихраж, зекет,
Бейтоба шыққан дүние сарайына.
Біреуі ішкен пенде арақ-шарап,
Дін амал қылмай болған хараб.
Біреуі ата-анадан қарғыс алған,
Білсеңіз я, Жәбірейіл менен сұрап.
Мешітте сөйлегендер дүние сөзін,
Оны да бір қармаймын көрсе көзім.
Өмірін тәубе қылмай кешіргендер,
Дүниеде өлмейтіндей біліп өзін.
Біреуі мұсылманның баласына,
Сөзімнің қараңыздар саласына.
Қолға алып өсек сөзді әдет қылған,
Адамның сөз жүргізіп арасына.
Рахметіңмен Әзіреті Әли жанаб,
Құлыңның қыла көрме хәлін хараб.
Болмаса Рахметіңнен бір дарамат,
Алады қандай адам арашалап.
Жақсылар құлшылық қыл ерте бастан,
Көрінер ажал жақын көзбен қастан.
Өз ісін әркім өзі біткермесе,
Пайда жоқ аға-іні қарындастан.
Жақсылар ғибадат қыл бір Құдайға,
Құр қалма сауап істен жүріп жайға.
Құдая баршамызды жарылқай көр,
Барғанда көрден тұрып ана жайға.

Намаз хақындағы бір нақыл
Жиналып отырғанда барша асхаб,
Деген екен Әзіреті Әлі жанап.
Жолаушы дүниедегі азық алмай,
Ақуалы жолға кірсе болар хараб.
Деп айтқан, жауабында Расул Құда,
Алланың парыздарын қылып ада.
Уәжіп бар, менің айтқан сүннетім бар,
Ықыласпен айласаңдар жанды пида.
Хамиша машғұл болып ғибадатпен,
Намазды оқысалар жамағатпен.
Дос тұтып жан ділімен ғалымдарды,
Өмірін ада қылса бұл әдетпен.
Дүниеде еш мақұлыққа бермей азар,
Садақа пақырларға айласаңдар.
Жол азық ақыретке болады деп,
Кітаптың әрбірінде айтқаны бар.
Үйіңе ертелі-кеш келсе мейман,
Аянбай қызмет қылсаң болса имкан.
Жол азық мұның бәрі ақыретке,
Істесе ықыласпен әр мұсылман.
Аш болып қайсы біреу я жалаңаш,
Уақытында әр жұмыстың болса мұқтаж.
Сауап дур Хақ жолында мұның бәрі,
Жақсылар ғапылдықтан көзіңді аш.
Жұмыстың бұл айтылған баршалары,
Есітсе ықыласпен әркім аны.
Құдайым қабыл қылса даргаһында,
Жол азық ақыретке мұның бәрі.

Әр бенденің мейірбан Қадір Субхан,
Ақырет бақытын ашса тұғрысынан.
Дүниеде үш жұмысты нәсіп қылар,
Байқаса тәжірибемен әр мұсылман.
Қылдырып ол кісіге халал кәсіп,
Халалдан рызық-рузын қылар нәсіп.
Жолықса екіншісі ғалымдармен,
Жол сұрап отырады сұхбаттасып.
Білсеңіз үшіншісін хабарланып,
Кітапқа мағұлым қылып қойған салып.
Намазды жамағатпен оқымаққа,
Хамиша ықыласпен болса талиб.
Ақырет тұғрысынан бақытын қара,
Айласа әр бендені Хақ Тағала.
Әуелгісі дүниеде жүрген уақытта,
Рызық-рузын харамнан бергей аңа.
Насаз боп екіншісі ғалымдармен,
Көңілі жақын болар залымдармен.
Намазды үшіншісі жылдам оқып,
Өмірін ада қылған бұл ақуалмен.
Әмір етіп қияметте Жаппар Халиқ,
Маһшарға халайықтар тұрса барып.
Жүздерін қанша адамның күндей қылып,
Ішінде халайықтың қылар жарық.
Өзінің Құдіретімен Жаппар Құдай,
Жүздерін қанша адамның қылар айдай.
Жүздері қанша адам қара болып,
Тұрады зығырданы қайнай-қайнай.
Жүздері қанша адам жұлдыз мысал,
Қылады Құдыретімен Хақ Зул Жалал.
Жүздері қара болған сорлы бенде,
Айырылып ақылынан болады лал.

Жүздері ол адамның күндей болған,
Азаннан бұрын мешітке барып тұрған.
Мешітте азан даусын есітпекші,
Өзіне тірілікте әдет қылған.
Жүздері айдай болған бенделердің,
Айтайын тірілікте қылғандарын.
Азаннан бұрын қамданып таһарат алып,
Ойлаған аманат деп тәнде жанын.
Азанды есіткен соң таһарат алып,
Қауымға намаз үшін тұрған барып.
Жүздерін ол адамның жұлдыздай қып,
Маһшарда қояр депті Жаппар Халиқ.
Жүздері қара болған адамдардың,
Себебін кітаптарда айтқан аның.
Азанды есітседе қарамастан,
Қадірін жүріп кеткен білмей жанның.
Бұл сөзді қанша адамдар көріп-біліп,
Намазды оқымайды көзіне іліп.
Көрінер намаз қиын әр нәрседен,
Мойнына алғаннан соң шайтан мініп.
Әзәзіл көп адамды ұрып жаққа,
Қақпандап мініп кетер әр тарапқа.
Көрінер намаз қиын әр нәрседен,
Көңілінде тауфиғы жоқ ақымаққа.
Адамға тауфиғы бар майдай жағып,
Көзінен ғибрат алар жасы ағып.
Бағзы бір бейнамаздар ашуланып,
Мылжыңдап деп айтады отыр нағып.
Құдая сол бендеге қылып жәрдем,
Жолына тауфиқ инсап қояды қадам.
Бұл дүние бейопаның сарайынан,
Шықпасын бұл ақуалда ешбір адам.

Баршадан жаратқан Хақ сыйынсын Ғани,
Жолға сал әр бендені химаятпен.
Жамиғ дін қарындас мүмин болса,
Жарылқа я, Раббана бәрін аны.
Ішінде бенделердің біз бір пақыр,
Ғарық болған күнәменен әуел ақыр.
Қыла көр әһлі Ислам қатарынан,
Күнінде ажыралған мүмин кәпір.
Осы сөз осыменен тамам болды.

Икрам ишан назымдары. Құрастырып аударған: С.Саттаров, Қ.Абытов, Шымкент 2023. 304 б. алынды

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button