Ғазиз ағай Әмірханов
«Тез қасында қисық ағаш жатпайды» деген халық мәтелі естеріңізде шығар. Бұл жерде тез деп отырғаным киіз үйдің есігі мен керегесі жасалатын тал-дарақты түзететін көне аспап. Табиғатта оқтаудай түзу ағаш сирек кездеседі, Адамзат дүниесі де солай. «Мал аласы сыртында, адам аласы ішінде». Телі-тентек, қисық-қыңыр ел ішінде жетіп артылады. Үй ішінен үй тігіп, тасадан тас ататын сондай содыр-сотқарлардың кей-кейде дегені жүріп, қалың жұртты бас шұлғытатыны бар. «Молда мен байларды қамшымен қойдай қуған» сонау бір зұлмат жылдары солардың асығы алшысынан тұрды емес пе.
«Заман түлкі болғанда тазы боп шалған», обал мен сауап, зауал дегендерге пысқырып та қарамайтын сол бір сұрқай жандар қарапайым көпшілікті көзге ілмей, тек өздері сияқты пысықтар мен қулардан секем алып, сескенетін. Дегенмен, жұмыртқадан жүн қырыққан жұлымырлардың сыртқа сездірмесе де, іштей именетін кісілері ілуде бір болса да кездесіп қалатын.
Менің өз басым елімізге белгілі ұстаз, руханият қайраткері Ғазиз ағай Әмірхановты Торғай табанындағы осындай екі кісі болса, соның бірегейі, жалғыз болса-соның нақ өзі деп білемін. Бұған келтіретін айғақ-дәлелім де мол, дегенмен мақаланың қөлемі оны көтермейтіндіктен, осы тұжырыммен шектелемін.
Ағайдың абырой-атағы облыс көлемінен асып-артылып жататын. Бұған ол атадан қалған малдың арқасында жеткен жоқ, «бай бір жұттық, батыр бір оқтық» емес пе? Ағай туралы ой-толғамдарын білдіріп, пікір айтқан аузы дуалы жандардың барлығы бұл орайда ол кісінің асыл тегін тілге тиек етіп, сілтеме жасайды. Тұрпайы тобырдан айырмалайтын адами болмыс, бекзаттық, иман шуағы жүздеген жылдар бойы үзілмей, ұрпақтан-ұрпаққа қанмен беріліп, алтын арқауы міне бүгінгі күнімізбен жалғасып жатыр. Жаратқанның бұл кеңшілігіне де шүкір дейік.
Ғазиз ағай Торғайда мектептің мұғалімі, білім басшысы ғана емес, бүкіл ел аузына қараған, сөзі мен ісінен тәлім алған шын мәніндегі Ұстаз болды. Енді осы орайда жоғарыда әңгіме болған «тез» деген ұғымды кісілік келбет тұрғысынан «тәрбие» деген түсінікпен барабар қойып, ағайдың алдын көрген-көрмеген мыңдаған жан оның тезінен өтті дер едім.
Ал, аздап өткен-кеткенге үңілсек, дәл осындай рухани тірлік оның арғы бабалары Хаши және Азына абыздарға да тән болғанын байқаймыз. Бұл ретте елдің ересектері жақсы білетін, бірақ кейінгі жастарға беймәлімдеу тарихты қозғай кеткеннің де артығы жоқ. Торғай халқының мәдени-рухани бітім-болмысының қалыптасуына орасан зор еңбек сіңірген осынау ұлы тұлғаларды бұл тақырыпқа қалам тартқандардың қай-қайсысы да Шақшақ Жәнібек Қошқарұлынан тыс, бөлек қарастырмайды. «Ислам дінінің Торғай өңірінде таралуы» атты танымдық мәні зор еңбек жазып қалдырған Ғазиз ағай бұл жөнінде егжей-тегжейлі сөз етеді. Кейінгі жастардың зердесінде жүрсін деп, соның түйінді тұстарына шолу жасағалы отырмын.
«Шақшақ Жәнібек – қазақтың білімдісі» деп ұлы ақын Шәкәрім жырлағандай, Бұхарада білім жетілдірген, заманының айтулы тұлғаларының бірі Жәнібек Қошқарұлы ондаған жылдарға созылған қазақ-қалмақ соғысы барысында Торғай жұртының оқыған, көзі ашық жігіттерінің күзгі селеудей селдіреп қалғанын, тұтқынға түскен қалмақ қыздарынан туған ұрпақтың мұсылманшылықтан ажырай бастағанын көріп, қайғыдан қабырғасы сөгілген. Бұған мына дерек куә болады. В.А. Мойсеев деген тарихшының жазуы бойынша, 1691 жылы жоңғар хандығы қазақ ордасында елші жіберіп, қазақтар қалмақ дініне кірсін, ламаизмді қабылдасын, – деп талап қояды. Қазақтар бұл талапқа қарсы шығады. Осыдан бастап екі ел арасындағы бұрынғы кикілжің ауқымды, ірі соғыстарға ұласады.
Ғазиз ағай бұл жөнінде былай деп жазады. «Шамамен XVII-ғасырдың орта кезінде біздің жетінші атамыз-Хаши абыз Шақшақ Жәнібекпен Бұхарада кездесіп, танысып, дос болады. Достықтың соңында Жәнібек батыр Хашиды Торғайға қонаққа шақырып, еліне ертіп келеді. Елге келгеннен кейін Жәнібектің туыс-туған, дос-жарандары, заманындағы ел ағалары Хашиды хан көтеріп, құрметтейді. Жәнібек елін аралатып, таныстырады. Халықты намазға жығып, балаларын сүндетке отырғызып, ислам дінін уағыздайды. Сөйтіп бір-екі жыл осы Торғай елінде қазіргі Амангелді, Арқалық, Науырзым, Әулиекөл аудандарының аумағында болып, біраз елдің басшы азаматтарымен, оның ішінде арғын мен қыпшақтың игі-жақсыларымен түгел танысады. Келер жылы күзге қарай өзінің досы Жәнібектен елге қайтуға рұқсат сұрайды. Себебі өзінің тағдырының жететіндігін, осы күзде дүниеден өтетіндігін, ол үшін елде қалу керектігін айтып түсіндіреді. Жәнібек: олай болса, рұқсат, бірақ бізге бір табарак беріп кетсеңіз,- деп өтініш етеді. Ол үшін бір баласын беруді қалайды. Ақыры Жәнібектің сөзінен аса алмай, қияметтік достығын айтқаннан соң, елде Қосым, Қази деген екі қайнағам бар, хожа нәсілі, ұлым бар, соның біреуі сізге аманат, өсиет етіп беруге қалдырамын, жақсы болса – ұл қыларсың, жаман болса құл қыларсың, құдай алдында сұраусыз, сізге қидым баламды, – дейді.
Содан төс қағысып, қоштасып, еліне кетеді. Арғы атасы Шұбар атты хожа, Сұрқылтай софы Ғұбар атты мәлім хожа болған. Содан арада бірнеше жыл өткенде, елдегі тағы бір бас қосқан мәжілісте Жәнібекке елдің ақсақал, қарасақалы, ел ағалары, азаматтары жиылып, елге өліге бата, тіріге намаз үйрететін бір адамның керектігін айтып, Жәнібекке арыз ғып келеді. Жәнібек баһадүр Қосым хожаға хат жазып, Хаши абыз аманатын орындауға ниет білдіреді. Сол жылы Торғай дуанынан Ташкент, Бұхараға баратын қосынның басшысы Жылқайдар Солтанның, Ақбикеш Қожаназар деген ел ағасын шақырып алып, Бұхарадан Қосым, Қази деген екі хожаны тауып, оған мына менің белгімді бер, маған Хашидың аманаты, өсиеті бойынша бір баласын беруге тиісті, соны алып кел деп, – деп тапсырма береді. Сөйтіп, Қожаназар атамыз Бұхар-шәріпке аман-есен жетіп, Қосым хожамен кездесіп, ол күндері Хаши абыз дүние салған екен, орнына дұға оқып, хатты табыстап, Қосым хожаның кеңесімен алты баланың кенжесі 16-17–лердегі Азынаны елге алып келіп, Жәнібек атамызға табыстырады.
Кемеңгер, дана Жәнібек Азынаны асықтырмайды, елдің ауанымен, тұрмыс, тіршілігімен таныссын, біліссін, аужайын байқасын деп өз қолында бір жыл, Қарабалуанда бір жыл, қыпшақтарда бір жыл қонақтатып елді имандылыққа ұйыттырып, Ислам қағидаларының орнығып, қалыпқа түсуіне жағдай туғыздырады. 20 жасқа келіп, оң-солын ажырататын кезге келгесін Азынаны алдырып, енді елмен таныс–біліс болдың, еншілес, қоныстас болуға кімді қалайсың, деп Азынаның өзіне ой артады. Сонда тұрып, әуелде көрген, таныс болғаным Қожаназар атам еді, Сіз қарсы болмасаңыз Қожаназар атамның қолына барар едім, дегесін жігіттің сөзі өз ойымен ұштасқанына ризалық танытқан Жәнібек атамыз Қожаназарды алдырып, Азынаны тапсырады. Жылқайдар атам балалары да, қалды Торғайдың мызғымас қос босағасы арғын – қыпшақ атаулы Азына абызды төбесіне көтеріп, алдынан қия кеспей, айтқан шариғат өсиетіне ден қояды. Азына абыз да әке аманатына адалдық танытып, Құдай берген киесі мен қасиетін елдің амандығына, халықтың береке – бірлігіне жұмсап, әр жылы 22 наурыз күні елдің игі-жақсыларын жинап, кітап ашып, табиғат құбылыстарынан сыр ашып, жыл маусымының қалай өтетінін болжап, ел ішінде болатын түрлі індет-апат жайлы сақтандырып, одан құтылудың жолын да нұсқап отырған. Бұл дәстүрді Абыздың немересі Оспанқожа да жалғастырған».
Ғазиз ағай «сүйтіп біз Арғын, оның ішінде Әйдерке, оның ішінде Жылқайдар, оның Солтаны, Солтанның Ақбикеші, оның Қожаназарының хожасы болып өсіп-өндік. Біздің 2-еліміз, 2 атамыз бар, ол Жылқайдар – Хожа, осылай деп аталады», жазып кетті.
Ағайдың шәкірті, әлемге әйгілі физик, академик Фазылхан Бәйімбетов ағамыз «Ұстаздың ұмытылмас бейнесі» атты бұдан он жыл бұрынғы мақаласын «…біздер, Жангелдин ауданындағы Қаратүбек орта мектебінің түлектері, Халықаралық басқару академиясының академигі Сайлау, академик Сәбит Байзақовтар, белгілі жазушы Қоғабай Сәрсекеев, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Серікбай Айсағалиев және осы жолдардың авторы, сондай-ақ ұстазымыздың алдынан дәріс алып, өмірдің талай белестерінен асқан басқа да шәкірттерінің атынан, мынадай ұсыныс айтамыз: Қазақ КСР-інің еңбегі сіңірген мұғалімі Ғазиз Әмірхановтың есімін мәңгі есте қалдыру үшін өзі басқарған оқу орны Ғазиз Әмірханов атындағы Қаратүбек орта мектебі деп аталса екен. Он сегіз жыл аудан оқу бөлімінің меңгерушісі болып, Торғай мұражайлар кешенін басқарған, өмірінің соңғы деміне дейін имандылық ордасы болған мешітке иелік еткен абзал азаматтың атына туған Торғай ауылында бір көше берілсе» деп түйіндейді.
Айтқандай-ақ, мыңдаған шәкірттерінің ғана емес, қазақ елінің қаймағы-Торғай жұртының жүрегінде мәңгілік із қалдырған Ғазиз ағай есімі оның қабырғалы қалың халқы тұрғанда тарихтан өшпек емес.
Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ кафедра меңгерушісі, профессор
Бар жақсылық – иманнан
30 – наурыз, 2017 ж
«Қазір көпшіліктің әлеуметтік желілердегі әркімнің сөзіне еріп кетуі жиіледі. Бұл ұлттық руханиятымызға қауіп төндіретін жағдай болғандықтан, мемлекет дамуына жан-жақты үлес қосып, ұлттық құндылықтарды дәріптеп, елді имандылыққа үндейтін көрнекті тұлғалар тағылымына арналған осындай басқосуларды өткізсек дейміз. Осы шаралар барысында ұсыныстар салмақты басылымдарда жарық көріп, тиісті орындарға жіберіліп, ұлттық дамуға үлес қосады деген үміттемін» деді «Қазақ газеттері» ЖШС-нің Бас директоры Ж.Кенжалин.
Алғашқы басқосу елімізге белгілі ұстаз, дінтанушы Ғазиз қажы Әмірхановқа арналды. Жастарға рухани тәрбие беру мәселесінің маңыздылығын тілге тиек еткен «Нұр-Мүбарак» университетінің проректоры, профессор Шамшәдин Керім Ғазиз қажының елімізде имандылықты насихаттауға қосқан үлесіне тоқталды. Еліміздегі руханият саласында ұрпақ тәрбиелеп, білім беруде ерекше із қалдырған Ғазиз қажы Әмірханов болмысы бөлек тұлға. Оның ұстаздық ұлағаты, дін саласындағы сара жолы жайлы мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның бұрынғы Су шаруашылығы министрі, профессор Нариман Қыпшақбаев деректері басқосудың маңыздылығын арттыра түсті. Ғазиз қажының шәкірті, елімізге белгілі ғалым, профессор Таңатқан Досмағамбетов ұстаздың тағылымды ғұмыры жайлы тереңнен сөз қозғап, Шақшақ Жәнібек пен Жылқайдар Қожаназардың, Азына Абыздың Торғай елін имандылыққа ұйытуға сіңірген еңбегі жайлы әңгімеледі.
Кездесуде ортаға ой салған мемлекет қайраткері Әнуар Талқымбаевтың, дәрігер Кәкімжан Қыраубаевтың, ұстаз Жетпісбай Бекболатұлының, кәсіпкерлер Болатбек Әбіқаев пен Қайыржан Берсүгіровтің және басқалардың пікірлері бір арнадан табылып жатты.
Осылайша ұлт руханиятының бастауларын жан-жақты зерделеп, тарихты толықтыра түсер тың деректер мен салиқалы жүздесулерді мақсат еткен жаңа бастама өмірге келді. Әлеуметтік желілердегі қалың жұртты желіктіріп әкететін жеңіл дүниелерден арашалап, салмақты ой мен терең сараптамалардың маңызын ұғындырсақ деген ізгі ниетпен Ұлыстың ұлы күнінде тұсауы кесілген бастаманың болашағы зор болатынына сенім мол.
Айша КЕҢЕСБАЙ,
«Нұр-Мүбарак» университетінің
баспасөз қызметі