Шаяндағы Қосым ишан мешіт-медресесінің беймәлім тарихы
Жазушы, Ұлы Отан соғысының ардагері Әдіһам Шілтерхановтың қирап жатқан Аппақ ишан медресесінің қалай мәдени мұра ретінде мемлекет қарауына алынғаны жөнінде айтып бергені.
Е.Ә. – Көке, мен жуырда сіздің кенже балаңыз Мұраттан кезінде Шаяндағы Аппақ ишанның медресесін қалайша сақтап қалғандарыңыз жөнінде бір әңгіме естіп едім, сол жөнінде өз аузыңыздан есіткім келеді, баяндап берсеңіз.
Ә.Ш. – Ұмытпасам 1950 жылдың аяғындары болатын. Ол кезде Аппақ ишан мешітінің барлық бөлмелері кеңсе болатын. Бір бөлмесінде аудандық атқару комитетінің бөлімі бар, комсомолы бар, профсоюзы бар, милициясы бар, аудандық партия комитетінің басқасының барлығы сонда болатын. Медресе ол кездері әбден тозып, терезелеріне шейін құм басып, бұрынғы есіктері құрып кеткен күйде. Ілгеріде соғылған суағарлары шіріп, әбден тозып жаңбыр суы болсын, еріген қары босын іші-сыртына ағып дуалдары көгеріп, кірпіштері езіліп жататын. Кеңсе болған соң біреу есік шығарады, біреу терезе шығарады, бәрі ойына келгенін істеп жатады.
Үстіне шығып көрсем күмбездерінің арасында, үлкен күмбезінің айналасында шашылып жатқан кітап екен. Кім шығарып тастағанын, қай жылы шығарып тастағанын, неше жылдан бері жатқанын білмеймін енді, бірақ жатқан кітаптың есебі жоқ көп кітап. Қағаздарының беріктігіне таң қалдым. Енді ол кезде жастау кезіміз ғой онша мән бере қоймадық. Ол кітапты жинап алуға онда менде там да болмады, біреулердің бір кішкентай бөлмесінде отырып, сөйтіп қызмет істеп жүрген кезіміз ғой. Әлі орныға қоймаған шағымыз. Дегенде сол мешіттің қирап бара жатқанын көріп сол кездегі Мәдениет министрлігіне, ол уақытта Халық комиссариаты дейді ғой, соған хат жаздым. Хатымда мешіттің схемасын сыздым, жаңағы құлап жатқан жердерін, жалпы бәрін суретке түсіргіздім. Сөйтіп Алматыға осыны құнды архитектура үлгісі ретінде есепке алып оны аман алып қалуға өтіндім. Сосын бұрынғы қирап кеткен мінбарларын да жаздым. Содан, шамасы екі айда, не керек хат келді. Хат келгенде «бұны үлкен мәдени мұра ретінде қарауға болмайды, сол себепті оны жергілікті аудандық атқару советінің комитеті өзінің есебіне алып, өздері қамқор жасасын» делініпті онда. Мен енді бұл мешітті біздің Әзіреті Сұлтаннан кейінгі құрылысы күрделі архитектуралық мұра екендігін жазғанмын, бірақ ол жердегілер білмеді ма, әлде білгісі келмеді ма, оны сақтап қалғысы келмеді.
Сөйтіп жүргенде Шаянға Әсілхан Оспанұлы редактор болып келді аудандық «Социалистік колхоз» газетке. Сол редактор болып келгенде, бұл енді Әсілхан деген бір ұлтжанды, өзі әрбір ескілік мұраға өте сондай жақсы көзбен қарайтын азамат еді ғой жан-жақты. Екеуміз достық қатынастамыз. Аппақ ишанды қайтеміз енді деп өстіп жүргенімізде Жоғарғы Кеңестің депутаттығына кандидат болып Шырақбек Қабылбеков деген, осы мына біздің қазіргі КГБ-ның бастығы, сол депутат болып түсті. Сол азамат елді жинап қандай мұқтаждарың, өтініштерің бар дегенде, аманат тапсыру деген болады депутатқа, Әсілхан сол кезде «Менің осындай өтінішім бар, соны есепке алмай жатыр деп. Көрер көзге құрып қирап бара жатыр. Осыған жәрдем берсеңіз қайтеді?» деп ұсыныс жасады. Ол өзі азамат жігіт екен көп ұзамай, бір аптада өтті ме, өтпеді ме, мешітті сол Қабылбеков үкімет есебіне алдырып, содан кейін кеңселер жайлап мешіттің ішін босата бастады. Біреулеріне жаңадан там соғылды, кейбір мекемелер өздеріне жай салдырды, қаржы министрлігі өзінің саласына там соғып алды. Аудандық атқару комитеті өздерін райкомның тамына жалғап алды, басқалар, мәдениеттегілер клуб-клубына көшті, әйтеуір сөйтіп-сөйтіп мешіт қираудан аман қалды. Өстіп құрып кетуге әзір тұрған медресе мемлекеттің қорғауына алынды. Енді жалғыз ол мешіт емес, бұлағының суы да құри бастаған ол уақта. Сол кездері ишандардың тамдары болатын, бұлақ жағалай мешіттің шығыс жағында – Аппақ ишанның тамы, Сабыр ишанның тамы, Мәди ишанның тамы, Қосым әулетінен шыққан барлық ишандардың тамы болатын. Ол тамдардың бәрі, осы әзіргі біздің шығыс стилінде бастырмасымен, әшекейленіп жазылған, еңсесі биіктеу, сол кездегі кепе тамдардан бөлек көрініп, ерекшеленіп тұратын. Өкінішке орай олардың ешқайсысы да сақталмады. Бұлағы да көміліп қалды. Бұлағының көмілгені сол кейде мешіттің салмағымен басылып қалды ма деп ойлап жүрдім өзім.
Е.Ә. – Бұлағы болды дейсіз ба басында?
Ә.Ш. – Түрі жаман үлкен бұлағы болатын. Қарабастау дейтін үлкен бастау болатын. Дәу арық суы ағатын. Оның төңірегінде үлкен бауы болатын, өзі бірталай төрт-бес гектардай алқап жақсы тоғайы болатын. Сол бұлақтың басында ғой соғылған ол мешіт әу баста. Ол бұлақтың көзі сол күйі ашылмай қалды енді. Сосын қалғандарының бәрі қурап қалды.
Е.Ә. – Өткен жолы асқа барғанымызда Балдай апам жаңағы Қосым ишанның мүрдесі жатқан сағанасында подвалы болушы деп айтқаны барды, сол туралы не айтып бере аласыз?
Ә.Ш. – Иә, оның астында подвалды үйі болатын. Шаянда Айжарық деген мықты, тәуір жігіт болды. Осы сол жердегі шаяндық жігіттердің алдыңғы қатарындағы, реңі де бар, батылдығы да бар, батырлығы да бар, халыққа беделі де бар, сол қайтыс болған шешесін қоя алмады. Арыстандының желінің соққандығы сонша, жаңағы досым енді мықты, өзі сияқты жігіттерді жинап алып көр қазды, бірақ жаңағы жел қаздырмады ғой жерді. Жердің қаттылығы сол баллон жағып, ағаш жағып, керосин құйып, солярка құйып жерді өртеп, дауылмен араласып үш күн сөйтіп әлек болып қазамай қойғаннан кейін, қариялар «бұл, құдай мақұл көрмей тұрған тірлікті, сен неғып қасарысасың, шешеңді кейін-ақ қоярсың, мынау Қосым ишанның осындайға арнап қойған жайы бар емес па, соған қой» деп көндіріп сонда қойғаны әлі есімде. Онда тек жалғыз ғана оның шешесі емес, көптеген адамдар жатқан тұғын. Бәрі аманат қойылған. Ал енді әзір, білмеймін, бекітіп тастапты дейді ғой адамдар.
Е.Ә. – Аппақ ишанның медресесі соғылған кезде Кенесарының баласы Ахмет төре 400 қой берген екен деген сөз есіткенім бар. Осы жөнінде бір нәрсе білесіз ба?
Ә.Ш. – Енді менің білетінім Абылайдың Қасым деген баласы бар емес па, сонымен Қосым әулеті құдандалы болған. Сыздық төремен Қосым ишанның баласы Құрбанжан екеуі бірге жүргендері, бірге соғысқандары да бекер емес. Қыз берген, қыз алысқан, ол кезде төремен қожалар қыз алыспаса қараға қыз бере алмайды. Сөйтіп олар құдандалы болып кеткен. Сосын соғылатын мешіттің құрылысына, басқасына Ахмет төренің жәрдем беруі әбден мүмкін.
Е.Ә. – Жаңа Сыздық төремен Құрбанжан туралы бірге соғысты деп айтып қалдыңыз, сол туралы тағы не айтарыңыз бар?
Ә.Ш. – Енді елеусіз қалып келе жатқандардың біреуі осы мынау Қосым ишанның баласы Құрбанжан. Біз енді Сейдахметті, Сейдахметтің ұрпақтарын әзір көбірек айтып жүрміз, ал ол ұмыт қалып жүр. Ол туралы ел арасында есіткен мынадай бір өлең жолдары есімде бар:
Не дәулер өтіп кетті дүрілдеген,
Құлатай, Қосымқожа пірім де өлген,
Сейітмәмбет Меккеде өлген хандай еді,
Ту ұстап Сейітахмет білінбеген.
Сейтмәмбеті Меккеде өліп кеткен. Қосым ишанның Сейдахметінен тараған балалары енді мына Аппақ ишан, Сабыр ишан, Мәди ишан және басқа ишандар. Ал енді Смирновтың жазбаларында Түркістанды қорғауға Сыздық төремен бірге Қосым ишанның баласы Құрбанжан қатысқаны айтылады. Веревкиннің әскері Түркістанға келді дегенді есіткеннен кейін Сыздық төре, ол кезде мынау Шолаққорғанда, Созақта әскербасы екен, сол жұмысын тастап мықты-мықты жігіттермен, оның ішінде Құрбанжан да бар, соларды бастап жаңағы Түркістанның қақпасына келіп кіреді. Сосын Сыздық төре қаланың басшысы, қоқанның адамына «біз қарап отырмай түнде ұйқыдағы орыстарға буыл жасайық» деп ұсыныс жасайды. Алайда Түркістанның басшысы олардың бұл ісін құптамайды. «Біз іште отырып қорғанамыз. Олар қаланы ала алмайды. Ала алмаған соң келген жағына ақыры қайтып кетеді» деп. Солай ойлайды. «Ал енді өздерің сыртқа шығып соғысам десеңдер өздерің біліңдер, оған қарсылығым жоқ» дейді. Содан Сыздық төре мен Құрбанжан орысқа түн жамылып шабуыл жасап біраз адамдарын қырады. Сөйтіп тағы да бір түні шабуыл жасамақ болғанда, сарттан бір сатқын шығып Сыздық пен Құрбанжанның ойын орыстарға жеткізіп қояды. Сосын орыс әскерлері бұларды зеңбірегі бар, мылтығы бар, оқ жаудырып қарсы алып, шыққан жерде қырықтай жігіт өліп кетеді. Атынан құлап жығылған Құрбанжан жаяу жүріп соғысқан ғой сонда орыспен. Сөйтіп жүріп талайын турап қырып тастаған. Оңайлықпен орыстардың тиген оғына да құлай қоймаған. Сосын Сыздық төре қасындағы жігіттермен басқа бір ат алып жеткенде, оның тек қоштасуға ғана шамасы келіпті. Кейін Веревкин қазақтардың батыры өлді дегеннен соң келіп көрсе, жаңағы реңін, жүзін, басқасын көріп тегін адам екендігін көріп, сүйегін сұрап келген адамдарға беріп жіберіпті. Сосын оны алып келіп әулетіне, Қосымқожаның қасына қойып жерлеген екен. Қазақтың осы тәуелсіздік жолында өлген батырларының бірі осы Құрбанжан. Әзіргі осы Аппақ ишанның әулеті, кешегі ас беріп жүрген Құрбаның, сол Құрбанжанның атынан қойылған. Әкелері сондай азамат болсын деп соның атын сөйтіп қойған. Мен одан өзінен сұрадым «Осы сенің атыңды сол Құрбанжанның атынан қойды ма аталарың, жоқ қалай қойды сенің атыңды?» – деп сұрағанымда, «Иә, солай» – деді. Сөйтіп айтқаны ойымда.
Е.Ә. – Әңгімеңізге көп рахмет, көке.
Ә.Ш. – Көп жаса, қарағым.
Жазып алған суретші Ералы Әсілханұлы,
Шымкент қаласы, қыркүйек, 2014 жыл.
АППАҚ ИШАН МЕШІТ-МЕДРЕСЕСІН САҚТАП ҚАЛҒАН ЕКІ ДОС ЖАЙЛЫ БІРЕР СӨЗ
Әсілхан ОСПАНҰЛЫ – 1924 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Ордабасы ауданының Көмешбұлақ ауылында дүниеге келген. Облыстық «Оңтүстiк Қазақстан» газетiнде, Шымкент ауылдық аудандық «Сталин туы», Сарыағаш аудандық «Ленин жолы», Шаян аудандық «Социалистiк колхоз» (1956-1958) газеттерiнiң редакторы, Ленгiр қаласында «Ленгiр жұмысшысы» газетiнде қызмет атқарды.
1942-1944 жылдары Шымкент мұғалiмдер институтында оқыды. 1948-1955 жылдары Қазақтың мемлекеттiк университетiнiң (бүгiнгi Әл-Фараби атындағы) филология факультетiнiң журналистiк бөлiмiн сырттай оқып бiтiрiп, журналист мамандығын алды. Қазақстан журналистер одағының мүшесi. 1959-1962 жылдар аралығында Қазақстан ғылым академиясының М.О. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының аспирантурасын бітірді. 1966-1987 жылдары Шымкент педагогиқалық институтында ұзтаз болды. 1964-шы жылы диссертация қорғап, филология ғылымының кандидаты ғылыми атағын алды.
1985 жылы «Еңбек ардагерi» медалiмен марапатталып, «Қазақстанның халық ағарту iсiнiң озық қызметкерi» арнаулы атағын алды.
Әсілхан Оспанұлының бүкiл қызметi ғалым-филолог, ұстаз-педагог, жорналшы, аудармашы жазушы сипатындағы негiзгi төрт саладан тұрды.
2005 жылы Шымкентте қайтыс болды.
Ғылым жолындағы қызметі
Оңтүстiк Қазақстан аймағының алты бiрдей ақынын – Мәделiқожа Жүсiпқожаұлын, Құлыншақ Кемелұлын, Майлықожа Сұлтанқожаұлын, Молда Мұса (Мұсабек) Байзақұлын, Нұралы Нысанбайұлын, Ергөбек Құттыбайұлын ХIХ ғасырдағы және ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиетiнiң тарихына енгiздi. «Қаратау атырабының ақындары» монографиясын (1983), «Қаратау шайырлары» оқулыққа көмекшi құралын жариялап (1991) «ХVIII-ХIХ ғасырлардағы қазақ ақындары» (1962), «ХХ ғасыр басындаµы қазақ ақындары» (1963) хрестоматиялық жинақтарды құрастыруға қатысып, Мәделiқожаның «Әдiлет деп…», Құлыншақтың «Өсиетiм», Нұралының «Сауда ишан», Ергөбектiң «Сағындым дауысын ботаның» атты шығармалар жинақтарын (1991), Майлықожаның 1972-шi жылы «Нақыл», Нұралының 1974-шi жылы «Саудаишан» жинақтарын және Майлықожаның төрт бiрдей кiтабын – «Нақылият»», «Дүние-ай», «Тымсал», «Қара сөз» жинақтарын 1993-94-шi жылдары, сондай-ақ Мәделiқожа, Құлыншақ, Жолбарыс, Асан, Исабек, Ергөбек, Сауытбек, Ақбөпе ақындардың шығармаларынан құралған «Семсер сөз» (1995), Майлықожаның «Әмiр Әмзе» (1996) кiтаптарын, қорытып айтқанда 20 кiтап бастырып шығарды. Сөйтiп, Оңтүстiк Қазақстан облысының Қазан төңкерiсiнен бұрынғы қазақ әдебиетiнiң тарихын түзiп шықты десе де болады.
Журналшылық қызметi
Бұл бағыттағы қызметiнiң ерекше ескерiп айтар бiр жемiсi деп жерлесiмiз генерал Сабыр Рақымовтың туысқан қазақ-өзбек халықтарының төл перзентi екенiн дәлелдеп, облыстық, республикалық басылымдарға 1972-шi жылдан мақалалар, суреттемелер жариялағаны, сөйтiп «Қазығұрт қыраны» атты деректi кiтап жазып, баспаға әзiрлеп отырғаны дер едiк.
Әдіһам ШІЛТЕРХАНОВ – 1925 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Ордабасы ауданындағы Төрткүл ауылында туылған. Ұлы Отан соғысының ардагері, панфиловшы. 1961 жылы Алматы ауыл-шаруашылық институтын бітіріп, 1985 жылы зейнеткерлікке шыққанынша білім беру, халық шаруашылық салаларында түрлі қызметтер атқарған. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. «Үш бәйтерек» (1988), «Ақжалдың ажалы» (1993), «Аталы сөздер» (1994, 1995, 2007, 2015), «Саттар Ерубаев» (1995), 2001-06 жж. 3-томдық шығармалар жинағы, «Дала мен дана» (2007) кітаптары жарық көрген. І-дәрежелі «Отан соғысы», 16 медаль, көптеген грамоталармен марапатталған. Отырар және Бәйдібек аудандарының құрметті азаматы.
2018 жылы Шымкент қаласында дүниеден өтті.
Әдіһам атаның зайыбы Балдай апа – ұлы Мұрат