Шортанбай (Әли Мұхаммед) Қанайұлы

Шортанбайдың «Жиырма бес» әні

Қазақ әні мені қай жерге, қай қиырға апармады. Әлі де… әлі де  жол үстіндемін. Тағы бір үзік сырды айтқалы отырмын. Шыңжан қазақтарының атақты әншісі Хамит Ысқақұлы көп толғандыра беретін-ді. Ол Алматыға бір-екі рет келді. Сол күндерде көп шырқаған әннің бірі беймәлім «Жиырма бес» әні еді.

Ал бір күні Алматыда бір отырыс үстінде осы «Жиырма бестің» сөзін айтып отырғанымда, жазушы Әнес Сараев тебірене сөйлеп: «Мен дәл осы нұсқаны  Ақмола жағында қайын жұртыма бір барған сапарымда сондағы бір көне көздердің «оу, бұл Шортанбайдың әні ғой» деген сөзін естідім,-деді. Бұл ойландыратын сөз. Қатыгез мезгілден қанша қиястық көрсе де, Шортанбай түгіл олардың ар жағындағы ірілер, Бұқар жырау, Ақтамберділердің толғаулары ұмытылды да, ұмытылмады ғой. Шортанбайдыңда сөзі дуалы сөз.  Ол да ел жүрегінде. Асылы, ел тегін сөйлемейді. Осы «Жиырма бестің» әр шумағы үзіліп түскен гауһардай кәдімгі қара өлең болып, әр кез оқыс айтылып та жүрді ғой. Ал, енді қаракөз Шыңжаңның асқақ әншісі Хамит оны  тұтас бір толғау етіп таңғалдырды. Оны осы қалпында Шортанбайдың «Жиырма бесі» десе, өз  асылын өзіне қимайтын жұрт «жоқ» деп бас шайқар ма екен, қайтер екен. Не қылса, да бұл – Шортанбайдың үһілеген зор рухының шаршаулы әм құштар лебін сездіретін бір тылсым дүние. Бір ғажабы, Хамит  Шортанбайдың бұл әнін Қазақсатннан алып қайтып едім деді. Хамитпен Үрімшіден жүздесуім 1993 жылдың ақпаны еді.

Хамит оны алғаш рет Жанәбілдің резиденциясында, одан кейін Жұмағалидың үйінде отырыста толғап берді. Шынында ол біз білетін «Жиырма бестерден» мүлде бөлек, терме тәрізді ме, жо-жоқ, одан да терең толғау түрінде орындалды. Бір қызық жай, өлең құрылысы кәдімгі он бір буын, яғни қара өлеңнің дәл өзі. Мазмұны – философиялық ойлар, ғақлия, өсиет сөз. Әуезі – әннің  бітімнен гөрі, шұбырта жөнелетін толғау, ал ән дегізетін жері – әйгілі «Жиырма бестің» қайырмасындай қайырылатын иірімі.  Хамит әннің осы қайырмасына дейінгі шұбырған әуенді екі шумаққа сыйғызған. Қайырма осы екі шумақтан кейін қайталанып отырады. Бұл – өмірлік мысалды көбірек пәлсапа еткісі келіп, көп сөз айтып шығуды көздеген әнішінің тапқырлығы. Бәлкім, ол ән о баста да солай айтылған шығар. Және екі шумақты қосып бір-ақ айту – қайырманың күрделі құрылысының ауырлығынан тууы мүмкін. Ол қайырманы бір шумақтан кейін  қайырып отырса, әншінің жігер-қуатын үш-төрт шумаққа ғана жетер еді. Ал Хамит айтып жүрген нұсқадағы ой баяғы «Жиырма бестің» төртеуін қамтитын үлкен толғау боп, қайырма сегіз рет қайтанудың орнына үш-ақ рет қайталанады.

Сырт қарағанда, осы егіз шумақтарды шұбырта беруге болатын сияқты. Толғаудың табиғаты да солай ғой. Ал Хамит әнші бар салмақты, терең ойды сегіз шумаққа толымды етіп, оны бүкіл өмірінің  өзегіне айналдырып, «Өлген соң жылағанның керегі не» деп, өзіңнің де, өзгеніңде барқын айтып бітіреді әнді.

Осы сегіз шумақтың әр шумағы дәстүрлі қара өлең боп, өзінше дербес өмір сүре береді. Өйткені, бір шумақ – бір-бір ой. Бір ғажабы, бұл сегіз шумақ – бір көкіректен бір-ақ ақтарылған ой толқындары секілді тұтас бір дүние. Ол көне фольклорлық нұсқадан гөрі ойшыл ақын, не сал-серінің  толғанысына ұқсайды. Жүйелі ой тізбегі парасат тұжырымына тіреліп тоқтайды. Айтам дегенін айтып тынады. Бәрі-бәрін жиырма  бестей тәтті, арманды дәуреннің мезгілімен өлшеп, ой таразысына салады.

Ән қайырмасының өлшемі, құрылысы Арқаға  ғана аян «Жиырма бестердің» тосын нұсқасын танытқандай болды.

«Жиырма бес» әні

Сауғанмен жалғыз сиыр іркіт болмас,

Өнерді бойға біткен іркіп болмас.

Мысалы, әр нәрсенің бәрі сондай,

Қаңқылдап қара қарға бүркіт болмас.

 

Ит қызыл болғанменен түлкі болмас,

Ойнақтап сиыр үркіп жылқы болмас.

Мысалы, әр нәрсенің бәрі сондай,

Ағашқа саясы жоқ бұлбұл қонбас.

Қайырмасы 

Ахау, өтті-ау заман,

Хош бол,  аман, жиырма бес

Қайта айналып келмес маған.

 

Жабыдан айғыр салма, жалды екен деп,

Жаманмен жолдас болма, малды екен деп.

Жүйрікті жол үстіне тастап кетпе,

Қан түсіп аяғынан қалды екен деп.

 

Жабыдан жүйрік шықпас баптағанмен,

Жаманнан асыл шықпас мақтағанмен.

Ителгі қайырсаң да түлкі алмайды,

Алтындап томағасын қаптағанмен.

Қайырмасы

Өлген соң арыстаннан тышқан артық,

Мейірімсіз жаман достан  дұшпан артық.

Қолына кей жаманның алтын түссе,

Қадірін біле алмайды мыстан артық.

 

Кісі емес, кісі артынан жамандаған,

Дос емес, дос көңілін таба алмаған.

Қолына кей жаманның тұлпар түссе,

Қандырып тақым құрышын  шаба алмаған.

Қайырмасы 

Жақсы атқа жасық темір  таға болмас,

Ит тері илегенмен жаға болмас.

Үлгісіз үлкендерді үрлесең де,

Қарыны қампайғанмен аға болмас.

 

Жайлауда сән болмайды жайламаса,

Болмай ма құлын асау байламаса.

Өлген соң жылағанның керегі не,

Тірлікте  бірін-бірі сыйламаса.

Қайырмасы 

Шортанбай Қанайұлы «Қай заман?» Астана -2011 жыл

220-221 беттер

Ілия ЖАҚАНОВ 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button