Ұятсызда иман жоқ
Саралап айтқан нұсқа сөз,
Құлақ салып, тыңда, көп!
Жақсыларға болсам кез,
Айтушы ем сөзді иба боп.
Бұрынғының нақылы:
«Ұятсызда иман жоқ».
Дүниеде әркім жүр,
Дүние малды жиған боп.
Жақсылардың сөздерін,
Теріс емес үйренбек.
Барлық адам тең тұрмас,
Таразыда бірдей боп.
Тез ұмытып, тез жойып,
Бұзылмаңдар нілдей боп.
Бастайын және термеден,
Көпшілік «айт» деп ұнаса,
Тоқталайын мен неден.
Тасқыны қатты күшті жыр,
Ашылсын бұлақ көмбеден.
Қарыздар болсаң жаманға,
Жүгіріп келер дембе-дем.
«Мен де тудым атадан,
Артықсың ба сен менен?»
Деп шықпай ма кей надан.
Мұрнының астын көрмеген!
Әкең де болса бір жолдас
Жарасқан әзіл-теңменен.
Болымсыз туған бозбала
Басыңда батпан міні боп,
Кісі айыбын тергеген.
Дәулет бітсе жаманға,
Сәлем берер жеңменен.
Бір өзің қайда барасың,
Адамсың халық, елменен.
Бір күні опық жегізер,
Егессеңіз ерменен.
Алдарыңда жақсылар,
Ақының сөйлеп өрлеген.
Ақын елдің тұлпары,
Кетпейтін басы кермеден.
Көргеннен соң сіздерді,
Көңілім өсіп, желдеген.
Көтерілер әруағың,
Халық қалап қолдаса.
Азырақ мен де сөйлейін,
Жасарып сөзім оңласа.
Қисық ағаш түзелер,
Тезге салып морласа.
Ақ тұйғын келіп ілінер,
Алдын жайып торласа.
Арғымақ ат жығылар,
Алдын қазып орласа.
Әркім болар ағайын,
Дастарқаның мол болса.
Баладан халқым, не пайда,
Ісіңді қолдан алмаса?
Бірің екі болады,
Ісіңді құдай оңдаса.
Қорғасындай құйылтар,
Қызыл тілім зарласа.
Азырақ мен де желейін,
Домбыра күйден төгейін,
Қағуға қолым талмаса.
Жігіттің бағы қайтады
Ағайын-жұртын алдаса.
Бұлбұл-торғай жарасар,
Гүл бағында сайраса.
Жаздың сәні кетер ме,
Тауда гүлдер солмаса?
Ағаш сұлу көрінбес,
Сыртында қабық болмаса.
Үйретіп ақыл не керек,
Көңіліңе барып қонбаса?
Лашын ұшпай қалмайды,
Қос қанатын қомдаса.
Дүбірге тұлпар шыдамас,
Басын бекем байласа.
Ақын өлең табады,
Айтуға жырды қамдаса.
Көл қадірін қаз білмес,
Тоқсан түсіп қыс болып,
Бетіне мұзы тоңбаса.
Жаздың көркі енбейді,
Шағалалы көл қөріп,
Қаз ұшып, үйрек қонбаса.
Келмей қалмас алдына,
Ер жігітті қорласа.
Жамандарға сөз айтсаң,
Жағаңнан алар тармаса.
Батыр қайта шабады,
Намысқа тиіп арласа.
Қараңғыда түсірер,
Алдын егер жарласа.
Ажалды қарға жем болар,
Бүркітпенен ойнаса.
Кілем сұлу көрінбес,
Бетіне кесте оймаса.
Осындай тұспал нақылды:
Бұлбұлдан шешен бір құс жоқ,
Бармақтай-ақ қарасы.
Оқтан жылдам ажал жоқ,
Тырнақтай-ақ жарасы.
Мал аласы сыртында,
Ішінде адам аласы.
Насхат сөзді тыңдамас,
Адамның бір парасы.
Қызметінен білінер,
Адам мен адам арасы.
Ақынды кейде жақтырмас,
«Бар ма» деп менде аласы?
Тәрбие етіп сыйлайды,
Түсінген қазақ баласы.
Бұрынғы өткен хандардың,
Бұл сөзімді аңғарғын,
Ойран боп өтті қаласы.
Қанша заман өткені,
Адамзат келіп-кеткелі,
Белгісіз бізге санасы.
Аңдысқан мынау дүниеде,
Біреуге біреу табашы.
Қатардан өтті не жақсы,
Кімнің бүтін жағасы?!
Ақындардың тоқталмас,
Келгенінше шамасы.
Сіздерден жырын ап қалмас,
Болса да арзан бағасы.