Жолбарыс өз заманында озық ойлы ақын болған. Бірақ, бұл адамның өмір сүру дәуірі аламан-тасыр, аударыс-төңкеріс, ары- қаш, бері қу дейтін заманға тура келді. Соған орай оның мәдени мұрасын аудара-төңкере қарауға тура келді. Қолдағы бар деректерге қарағанда сөз саптауы майталман ақын деп дәріптеуге әбден татиды. Жолбарыс ел жағдайына зейін сала қарап, көп жағдайды анықтап, болжап отырған.
Қазан төңерісінің алдында Жолбарыс шәкірті Айнабек ақын (белгілі сөз зергері Тұрсынәлі Айнабековтың әкесі) екеуі Сырдың арғы бетіне өтіп, бір үлкен тойда өлең айтады. Ертесіне бір түйе, екі жылқы, он-он бес уақ мал алып, елге қайтып келе жатып, Жолбарыс: «Апыр-ай, елдің ниеті нашарлап кетіпті, бір оқыс жайға ұрынбаса болды да» дейді. Айнабек ақын ішінен: «Осынша мал айдап келе жатып, елді жамандаған өзінің пейілі жаман екен-ау», – деп ойлап қалады. Көп ұзамай Қазан төңкерісі басталып, қуғын-сүргін болып, ел ауып, біраз абыржу орын алады. Араға он шақты жыл салып, бұл екеуі әлгі ауылға тағы бір тойға барады. Түнімен өлең айтып, тамаша еткен қос ақынға ел он-он бес теңге, әйелдер орамал-шаршы, білезік-сақиналарын береді. Ертеңіне Жолбарыс бір түннің олжасын бір түйіншек етіп, қоржынға салып жатып, «Құдайға шүкір, елдің пейілі кіре бастапты, біраз уақыт мамыршылық болады», – дейді. Айнабек ақын: «Тақсыр, баяғыда ат-түйе алып тұрып, елді сөгіп едіңіз. Бүгін білезік, сақинаға сонша разы болғаныңызды түсіндіріңізші», – дегенде,«Қарағым, ілгері атын, түйесін бергенде адамдар сөз байыбына бармай, тек аты аталған, мақтау алғандар ғана «атым шықсын» деп мал берген, сөз аңлауы кем болған. Бүгін сөзді халық зейін қойып тыңдап, тіпті жылап-еңіреп отырды. Барын шын разы көңілмен қолымызға салды. Бізге керегі халықтың көңілінің разы болғаны», – деген екен.
Төменде сол Жолбарыс ақынның ҚР ҰҒА қолжазба қорынан алынған өлеңдерін оқырмандар қауымына ұсынып отырмыз.
Алашқа бірдей туған адам еді
Жолбарыс ақынның әкесі Майлықожаны жоқтауы
Ағайын, қамқорымды қалдым көрмей,
Қасына бір күн түнеп, бірге өрмей,
Алладан тура бұйрық келгеннен соң,
Алып кетті қарауға мәулет бермей.
Сырдан аңсап келіп ем көрейін деп,
Көрсем бір кез ғанибет мерейім деп.
Аттанарда тілегі болған екен,
«Бадам барсам қайтадан келмеймін» деп.
Қожаның дана қария бастығы едің,
Жасыңнан даңқың жұртқа мәшһүр едің.
Көшіп келіп, артыңнан көзі көріп,
Армансыз болып қалды нақсүйерің.
Арманда боп көре алмай қалды көзім,
Тірлігіңде жолығып болмай кезім.
Өкпем сыймай қабына күйіп кетер,
Еске түссе кетерде айтқан сезің.
Сырдан жалғыз аттандым жолдасым жоқ,
Тіледім жаман жұмыс болмасын деп.
«Әкеме өзің жар бол» деумен келдім,
«Жаһанға пана болған Алласың» деп.
Балаға ата ерір қорғасын боп,
Үстіне бар дүние орнасын деп.
Аттанарда арман қып көп қарапты,
«Келе ме, қараңдаршы, Жолбарысым?»
Нәпастың қысылған тар уағында,
«Жолбарыс!» деп қарапты жан-жағына.
Орның сипап арманда болып қалдым,
Жете алмай көзің тірі уағыңда.
Жатыпты қарай-қарай көзі талып,
«Жолбарысты бір көрсем?» деп аузына алып.
Еңбегім еш, ішқұса болып кеттім,
Жаны барда дидарын көрмей қалып.
Сырдан іздеп шығып ем қадам басып,
Дидары болмай қалды маған нәсіп.
Қазаны тоқтатарға еш ылаж жоқ,
Қалмадым тым болмаса амандасып.
Құлады қабырғамның қалалары,
Пенденің неге келер шамалары?
«Жазылса жәкем келіп қалады-ау» деп,
Сырдағы отырған-ды балалары.
Есіл ер жүріп кетті дүние жайдан,
Қасіреті кетпестей болды ойдан.
Жолға қарап кездері тұрған шығар,
Адастырып кеткенін білсін қайдан.
Қысты күн сексен күндей кесел болып,
«Қалды деп қуанып ек есен болып».
Бадам келіп түсіпті бұл ахуалға,
Таппай қалдым артынан керсем келіп.
Есіл тұлпар дүниеден кетті-дағы,
Қапалықтың көңілге өтті дағы.
Кектемде асығысып кетіп еді,
Осы жақтың тартыпты топырағы.
Осында еді өзінің ата-анасы,
Мәделі, Уәліхан, жолдас, апа, ағасы.
Соларға топырағым бірлессе деп,
Көңілінің сол екен ғой мәртәбесі.
Жәкем, нәсіп болмады дидарыңа-ай,
Сөйлесіп қанбай қалды құмарым-ай.
Күн батарда орныңды сипап қалдым,
Түс уақта күтіпті шырағын-ай.
Сіздей боп еркінсимін енді кімге,
Жолықпадым бір ауыз келіп тілге.
Жаһанға үкімі күшті патша Тәңірім,
Қарап мәулет бермеді-ау жалғыз күнге.
Қалың ел қанық еді әуезіңе,
Есіткен балқушы еді әр сөзіңе.
Туғаннан көпшіл, асқан тұлпар едің,
Сүйіндім көп ел кепті бүгін сізге.
Көрмегендей қайғысын көңілімнің,
Айыбы аз жеткен қаза өліміңнің.
Әр тобынан келіпті жаназаға,
Аралап ішінде өскен Көкұлының.
Бастас болған Бердіәлі, Жұман келіп,
Солар бопты азаны қылған келіп.
Ажабайдың баласы бауырымдапты,
Ақкөлдік алғи намы құлай келіп.
Жолдарбес, Құлшығаш пен Қыпшақ келіп,
«Қожамызды керсек» деп мұштақ[1] болып.
Көшік пенен Сіргелі мұңайысып,
Көріседі көзінен жасын төгіп.
Дуа қылып жүреміз әркүніге,
Даң боп едің ел-жұрттың әрбіріне.
Ел билеп осыншама көре алды ма,
Шегірде Құдайберген, Қадірің де?!
Жарымы Сырда болып үйлеріңнің,
Бадам келіп бұл ахуал күйге кірдің.
Жыртысыңды қолымен атқарыпты,
Мырзахмет басында боп сүйген інің.
Сырдан бермен жүрерде нышан көрдім,
Жәке, сізден ажырар құсап едім.
Бүтін жұртың жиылып қайысыпты,
Өз басым жетпесем де, құрсан болдым.
Жалғыз інің Есехан қасында боп,
Күндіз-түні тапжылмастан басында боп.
Топырақ салды Әлімхан, Исабегің,
Көңілдері қапалы жасуда боп.
Жәкем, кеттің ақырет базарына-ай,
Ажал риғая қылмады[2] ажарыңа-ай.
Көпшіл туған тұлпар ең енді кеттің,
Ілінген жақсылардың назарына-ай.
«Құтты болсын ендігі орының» деп,
Амандастым ертемен мазарыңа-ай.
Жәкем-ай, құтты болсын орыныңыз,
Қиын болды дүниеде көруіміз.
Алдыңнан шыққан шығар амандасып,
Мәделі атағы тең серігіңіз.
Жолықтыңыз ата мен анаңызға,
Патша құдай боп жүрген панаңызда.
Жолыға алмай арманда болып қалған,
Ризалықты беріңіз балаңызға.
Сырдан қалап келдіңіз Ақбұлақты,
Күйзелтті келгеніңіз барша халықты.
«Көрмесем ырза болсын, сәлем де» деп,
Өтініш бәйбішеңіз айтты қатты.
Шырын көріп көп сүйген Исабегің,
Арқалап енді қалды жетім атты.
Сырдағы бауыр туған ағайының,
Сәлемі болып еді талайының.
Қалыбек інің көп сәлем айтып еді,
«Бар еді кешірсін, – деп, – көп айыбым».
Көңіліңізге осы істі алғаныңыз,
Қырандай той-жиында самғадыңыз.
«Замана әлде қалай болады?» деп,
Сәлем айтты Асан мен Қабыланыңыз.
Ертерек жете алмадым желгенменен,
Еңбегім жанбай қалды келгенменен.
Есіл жәкем, аттанып кетіп қапсыз,
Үкімге лаж бар ма көнбегеннен.
Жолбарысым, деп ойнаушы ең шырын көріп,
Жүзің кетті көрмеске қырын болып.
Халыққа керек боп туған адам еңіз,
Қоймады Құдай біраз жүрім беріп.
Армандамын көре алмай бұрын келіп,
Мұндағы елің күтіпті төрін беріп.
Алдыңызға жәннаттан есік ашқай,
Құрсан қылғай пейіштің нұрын көріп.
Сөз болып жүрер едің ойда-қырда,
Дидарыңа көзіміз тоймады да.
Аман болғай, тапсырдым бір Аллаға,
Енді көшпей лаж жоқ қайтып Сырға.
Біз көшеміз, сіз бұнда қап барасыз,
Елітіп буындарды ап барасыз,
Келген үйің қайтадан көшіп кетсе,
Бөлініп мүсәпірдей қап қаласыз.
Бағың озды бұл дүние сарайында,
Қалдыңыз Мәлімоланың жамайында.
Ертелі-кеш дуадан ескергін деп,
Тапсырдым осындағы ағайынға.
Сіздерді келген шығар жақыным деп,
Мазардың Мәлімола артығы деп.
Әр уақта дуадан ойлаңыздар,
Ел есіркеп жүйрігім, ақыным деп.
Есіл ердің өмірі ада болды,
Елжіреткен әр сезі тамам елді.
Бәріңіз де дуадан ойлаңыздар,
Алашқа бірдей туған адам еді.
Пейіштен бергей Құдай пырағын-ай,
Қызметіңе мойнымды бұрамын-ай.
Ризаланып әруағың қалғын менен,
Жазбасын жаным барда қараны ұдай.
Аббас датқаға амандасу
Мыңбасы аман-есен болдыңыз ба ?
Тағдыр ісі қапаға толдыңызба?
Мәртебең заманында асқан еді,
Амандасып сөз жаздым алдыңызға.
Бул дүние көңіл ісі арып азбақ,
Өлім оты мәңгілік жанған маздап.
Ауыз сөзге сүйсінген жан көтеріп,
Әмір екен дидарым қағаз жазбақ.
Заманның көңіл тоймас сейіліне,
Жан қалмас ой жіберсең ой түбіне.
Көңілің қапалыққа тура келді,
Қалқожа ағаң алдыңнан кеткен күнде.
Бәрекелде,армансыз дәурен сүрдің,
Қаратып Қураманы хүкім құрдың.
Қара аламан қазақ сырттан қайыл еді,
Әдеп оңлар түбіне қажып келдің.
Әмір қылып тайдырды бір екісін,
Молла Смағул,Жүсіпжан екі інің.
Қожадан екеу озған Асқар, Жүсіп,
Тұлпардай шапқан екен қасқарысып.
Алты ата Қоңырат елі жам[3] болған дер,
Қоқанда тамам жақты байқарысып.
Ол ерлер сол дәуірен мен өтті тасып,
Жалған дүние астына тасты басып.
Мәделі,Аббас болып оздың күнде,
Дұшпандар бет келмеді жақындасып.
Қожада атағы озған үш адам ең,
Көңілге айтқаыңды қолданысып.
Мың басы көргеніңнің бәрі кетті,
Барады енді дүние бос қалысып.
Талай айды көзіңмен атқардыңыз,
Құраманы тұрғызып жатқардыңыз.
Бұл дүниенің қызығын әбден көріп,
Көңіліңіз тасып талай шаттандыңыз.
Атымтайдай жомарттық жұмыс қылып,
Бәрік Алла[4] бәрінен ап қалдыңыз.
Әбүйірлі іс болса мұра болып,
Бейманфаттан[5] бой тартып сақтандыңыз.
Тең құрбыңның ішінен абырой ап,
Тағадат[6] қып қиямет үшін тоқталдыңыз.
Сізбен бастас халықтар арып кетті,
Ішінде елдің қариясы боп қалдыңыз.
Тең құрбыңды ажал әкетті сақтамаған,
Мінсіз еді дәулетің қаптағаннан.
Тәніңде аттан озып бастас болдың,
Қанай мен Молла Қошық датқалармен.
Озық пыран Тұрлыбек, Нарбек еді,
Екеуіне ер дарып бақ қараған.
Ермекбайдың баласы мыңбасы Орал,
Жауға шапқан тұлпардай тоқталмаған.
Алтай туған Айбек бір жігіт еді,
Ұл-қызға бай боп кетті нақ болғаннан.
Бірде-бірі қалмаған өтті тамам,
Ескі ерлердің артынан кезек тосып,
Мың басы Сіз тірісіз халыққа қалған.
Сіз мың тақсыр тоғанға тұрған алды,
Мәделі ол да кетті, ағай барды.
Ақыныңды мәңгіге аттандырдық,
Жұрттан озған хан жан қып оман жарды.
Ажалдың қармағынан қалмас кенде,
Дүниеге кеп анадан тұған бенде.
Аббасжан сұңқары деп айтушы еді,
Өз уақытында ел кеңес қылған жерде.
Арғымақ құса боп жүр жабылардан,
Жабы озды мінудегі жалы бардан.
Мың басы осы күнде жалғыз қалдың,
Өзіңменен тең құрбы бағы бардан.
Ташкентте жалғыз қара боп жүрдіңіз,
Мін жоқ еді шілтендер дарығаннан.
Жолдасыңның бәрі де жөнеп кетті,
Әр жұмысты қылады бар мен адам.
Дегеніңнің бәрін де қылып өттің,
Дүниеде бар ма сірә алда арман.
Қолжазбалардан алып дайындаған Сейт Омар Саттарұлы
[1] ынтығып
[2] бағынбады
[3] топталған, ұйысқан
[4] Алланың берекеті
[5] өз пайдасын ойламау
[6] төзім
[7] сыйласу
[8] денсаулығың
[9] сипат
[10] атақты, даңқт
[11] төзімділік
[12] ер, батыр