Басқы бет / Ғақлиат / Құран – сарқылмас ғылым көзі

Құран – сарқылмас ғылым көзі

Құран – сарқылмас ғылым көзі, заманымыздың ұлылары қатарындағы ғалымдар құранда ашық айтылған тұжырымдарды ғылыми тұрғыдан жаңалық ретінде бірнеше ғасыр өткеннен кейін ашып жүр.

Адамзаттың асыл тәжі, пайғамбардың сардары, Аллаһ Тағаланың жаратқандарының ең абзалы, жалғыз жаратушы раббаның құлы, елшісі, әрі досы Мұхаммедке (с.ғ.с.) Аллаһ  берген  мұғжизаларының  ішіндегі  ең кереметі – Мұхаммедке (с.ғ.с.)  23  жыл  бойы Жебрәиіл (ғ.с.) періште арқылы уахи еткен Аллаһтың кәләмі – қасиетті Құран кәрім. Қасиетті Құран кәрім Аллаһтың тарапынан пайғамбарымызға (с.ғ.с.) түскеннен бері 14 ғасырдан астам уақыт өтсе де, осы уақытқа дейін оның бір әрпінің, не бір сөзінің өзгермеуі және де онда айтылған тұжырымдардың ешқандай қайшы пікір тудырмауы Құранның Аллаһтың тарапынан жіберілгендігін, оның Аллаһ тарапынан жіберілген ақырғы кәләм шариф екендігін, оның қиямет қайымға (уақытында) дейін өзгермейтіндігін,  пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) ақырғы, бүкіл адамзат баласына жарылқаушы ретінде жіберілген соңғы пайғамбар екендігінің бірден-бір айғағы. Мұны ақыл-ой парасатына салып ойланған адамның түсінері кәміл.

Дегенмен, жер шарында мекен еткен адамзаттың арасында таралған әртүрлі  діндердің  жетегіне  ерген,  кешегі  дінсіз  қоғамда  тәрбие    алып,   «дін-апиын» деген адамзатты адастырушы ібілістің соңына ерген «данышпансымақ» идеологияға сусындаған қандастарымыздың түсінігінде «Құран  кәрімді  Мұхаммед (с.ғ.с.) және оның маңайындағылар жазып таратты» деген аса ауыр,  күнәһарлық  дерттен  арыла алмай, құдайсыздық пиғылда қалып жүргендер өкінішке орай, арамызда баршылық. Көпшілік қандастарымыздың Құран Кәрімнің ешбір негізін білмей, пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінен сусындамай, ислам дінін жоққа шығаруы, кейбір діни ағымның ислам шындығына  жаққан  күйесіне сеніп, басқа діндердің жетегіне еруі Аллаһты бір, пайғамбарды (с.ғ.с.) хақ  деп таныған, «лә иллаһа иллаллаһ Мухаммадар Расулуллаһ» деген әрбір мұсылманды бей-жай қалдырмасы анық. Сыртқы азғырушылармен, кешегі құдайсыз идеологияның кесірінен Аллаһты бір, пайғамбарымыз Мұхаммедті (с.ғ.с.) хақ деп тани алмай, не болмаса шындыққа анық көзі жетпей жүрген бауырластарымыздың көкірек көзін ашып, хақ дініміз исламға оралуына септігі тиер деген мақсатпен қолға қалам алдым.

Құран кәрімде айтылған тұжырымдарды адамзат баласының озық ойлы ғалымдары бүгінгі күні техника мен технологияның шарықтап дамыған құралдарының көмегімен танып біліп, хазірет Мұхаммедке (с.ғ.с.)  он төрт ғасыр бұрын тіккен байрағын көріп, Аллаһ Тағаланың тура жолды нәсіп еткен жандары тілін кәлимәға  келтіріп,  мұсылмандық  атмосфера ішінде имани нұрға бөленуде. Ал-Ханафи мазһабындағы беделді имам Мұхаммед ибн Ғабидин (1784-1836ж.) «Раддулл-Мұхтар» «Таңдаулы жауаптар» атты кітабында  «Жаңалықты  қолдану  уәжіп  болатын  жағдайлар  болады.  Мысалы: исламға нұқсан келтіретін түрлі идеологиялық ағымдарға қарсы (солардың тәсілінде жауап беру үшін нақты дәлелдер келтіру….  істелуі жақсы саналатын бидіғаттар» десе, пайғамбарымыздың зайыбы мұсылмандардың анасы Айша (р.а.) анамыздан жеткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Егерде біреу біздің дінімізге сәйкес келмейтін жаңалық енгізсе, ол жаңалық тәрк етіледі» деген.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Аллаһтың аяттарын оқып, оның мұғжизаларын бөліп-бөліп көрсету арқылы адамзатқа жаратылыстың мән-мағынасын үйретуге келді. Осы жаратылыс сырын түсінгенде ғана адам баласы ауыртпашылық кірінен арылып, тап-таза бейкүнә күйіне түсіп, кіршіксіз жүрекпен асқақ рухтың заңғар шыңынан орын алмақ.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) уахи ету арқылы Құран кәрімде ашық мазмұнмен адам баласына ненің зиянды, ненің зиянсыз екендігін баяндаған. Яғни, Аллаһ Тағаланың адамзатына рұқсат етпеген амалдарын, ішіп-жеуге болмайтын тағамдарын – харам,  ал қолдануға болатындарын – халал деп, екі-ақ сөзбен жеткізген.

Егер адам баласы харам мен халалдың негізіне көз салып, ой жүгіртсе, харам амалдардан адамға ертелі-кеш бір зиян келетінін, ал халал амалдардан әр уақытта пайда бар екеніне көз жеткізері сөзсіз. Қасиетті Құран кәрімде негізінен адам өміріне қажетті барлық іс-амалдарға толық мағлұмат берілген. Сондықтан Құран кәрімді негізінен алты топқа бөлуге болады:

  1. Адам баласының жаратылу тарихы, кейбір пайғамбардың, халықтың, адамдардың тарихы кейінгі ақырзаманға дейін өмір сүретін адамдар үшін – ғибрат ретінде.
  2. Аллаһ, Аллаһтың сипаттары.

Адам баласының  ақыл-ойына түсінікті мөлшерде Аллаһты таныту.

  1. Аллаһқа құлшылық етіп, иман келтіру, сыйынып, жалбарынып ғибадат етіп көмек тілеу, дін, иман мәселелері.

Адам баласының негізгі міндеті – Аллаһқа құлшылық ету.

  1. Адам баласының күнделікті өмір сүру амалдарының жақсы жақтары мен істеуге болмайтын жаман жақтары, немесе харам мен халал, мінез-құлық, қоғамдық тәртіп, жаман қылықтармен күресу жолы – Жиһад.
  2. Өмірден-жалғаннан кейінгі бақилық ғұмыр.
  3. Ғылымның бүкіл саласын қамтитын негіздер.

Құран кәрімде уахи етілген аяттарда адам баласына түсінікті ашық мазмұнда айтылған әрбір ғылым саласында мағлұматтармен бірге адамзат өзінің ақыл-өрісінің өркендеу, дүние танымының кеңеюі барысында ғана түсініп түйсіне алатын тұстары бар. Сондықтан да озық ойлы, асыл мұратты ислам әлемінің білгір ғалымдары қанша заман өтсе де адамзаттың ақыл-ойы өркендеген сайын Құран  жаңара береді, жасара береді, дүние тоқтағанға дейін жаңара бермек деп таниды. Сондықтан да Құран кәрім – ақырдың соңғы кітабы.

Біз Құран кәрімде ашық мағынамен жазылған ғылыми тұжырымдамаға, заманымыздың миллиондаған ғалымдары мен институттары осы заманғы жетілдірілген құрал-жабдықтар арқылы қол жеткізіп, оны ғасыр жаңалығы танып, сол ойды айтқан адамды ұлылар қатарына көтеріп жүргендігін, сол миллиондаған ғалымдардың мыңдаған жылғы еңбектерінің нәтижесін Аллаһ Тағала осыдан 14 ғасыр бұрын Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарға уахи ету арқылы адамдарға жеткізгенін біреу білсе де, біреу білмейді. Ал оны білетін кейбір ғалымдар, көкірек көзі соқыр болғандықтан мойындамайды. Әйтпесе, олар біздің мыңдаған жылдар еңбектеніп ізденгеніміз Құран кәрімде баяғыда-ақ жазылып қойылыпты деп дүние жүзіне жар салып, Аллаһтың бірлігін, оның пайғамбары Мұхаммедтің (с.ғ.с.) хақтығын мойындап, оны мойындауға барлық адамзат баласын шақырар еді.

Сөзіміз дәлелді болу үшін осы шағын мақалада Құран кәрімнің аяттары мен осыдан мыңдаған жылдар кейін ашылған ғылыми жаңалықтарды салыстыруды жөн көрдік.

Аллаһтың кәләмі «Құран кәрім» – тұтастай тұңғиық терең, сарқылмас ғылым, әлемдік  ғылымның  барлық саласы дамыған сайын оның сырын адамзат баласы танып, түсініп Аллаһтың ұлылығына таңданып та, тамсанып бас иетіндерін сөз басында қозғаған едік. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадистерінде де «ғылым дамыған сайын ислам дамиды (тарайды)» деген.

Енді Құран кәрімнің кейбір аяттарында ашық айтылған әлемнің жаратылыстары мен құбылыстарына адам баласының мыңдаған жылдар зерттеулері арқылы қол жеткізген ғылыми жаңалықтарын салыстырып көрейік.

Қасиетті Құран кәрімнің  79-Назиғат суресінің 30-аяты жер пішімінің аздап сопақтау екендігін («дәхәһә» сөзінің толықтау мағынасы… Содан кейін жерді түйе құстың жұмыртқасы пішініне келтірді) айқын білдірген. Ал отыз тоғызыншы Зүмәр суресінің бесінші аятында  жердің формасының шар тәріздес екенін және оның өз осінен айналатынын «Түнді күндіздің үстіне, күндізді түннің үстіне орайды» (осы аяттағы  «таккуир» деген  араб сөзі, домалақ нәрсенің сыртына бір нәрсені орау немесе байлау мағынасын білдіреді)  деу арқылы ашық көрсетілгенімен, Құран кәрім уахи етілгеннен кейін жердің  формасы   жөнінде  айтылған  болжамдар   дәлелденбей, тек қана атақты ғалым Магеллан 1522 жылы жер шарын айналып жүзіп шыққаннан кейін, яғни Құран кәрім уахи етілгеннен кейін 10 ғасырдай уақыт өткен соң ғана адам баласы көзін жеткізді.

«Әнбиә» сүресінің 30-аятында «Қарсы болғандар, негізінде көктер мен жер түйіскен еді. Екеуін ажыратқанымызды, әр жанды нәрсені судан жаратқанымызды көрмей ме, сондай-ақ сенбей ме?» делінген.

Аса  дарынды ғалым Коперник XVI ғасырда әлемнің бірлігін, жер мен көктің (аспанның) бір заңдылыққа бағынатындығын болжап айтқанымен, оның еңбегін цензура 1828 жылға дейін жарыққа шығармай қойды. Яғни, гелиоцентрлік әлем жүйесін, геоцентрлік әлем жүйесіне (әлем денелері қозғалмайды деген ұғым) қарсы қойып, оны дәлелдеу барысында Дж. Бруно сияқты ғалымды отқа өртеп жіберсе, Г. Галилейді өзінің көзқарастарынан, ғылыми тұжырымынан безуіне күштеп көндіріп, ондаған жылдар үй қамауында ұстады. АҚШ профессоры атақты геолог Альфред Кронеге осы аятты оқып бергенде ол қатты таң қалып, «Бәдәуй бұны қайдан білген. Бұл жақында ЭВМ мен техниканың көмегінің нәтижесінде белгілі болды. Бұны 1440 жыл бұрын өмір сүрген ядролық физика туралы ештеңе білмейтін адамның жер мен аспан денелерінің бір уақытта жаратылғанын ақылмен танып білуге қабілеті жетпейді. Оның мұны білуі мүмкін емес» деген ғалым Мұхаммедті (с.ғ.с.) меңзеп және сол өтіп жатқан симпозиумда «Бұл ақиқат – Құдай жоғарыдан түсірген нұр» – деп қорытындылаған болатын.

«Нәбә» сүресінің 6,7,8-аяттарында «Жерді бір төсеніш қылмадық па? Тауларды қазық ….. Сендерді жұп-жұп жараттық» делінген.

Жапонияның тауларды зерттеушісі геолог – профессоры Сиеведа «Материктік және су астындағы таулардың ерекшелігі мынада, олар бейне-бір жерге қағып кіргізілген қазықтар сияқты. Олардың жер астында жалғасы бар» деген ғылыми жаңалығын жария еткенде, оған Құранның жоғарыда көрсетілген («Нәбә» с.  6,7,8-а.) аяттарын оқып бергенде Сиеведа: «Бұл адам сенгісіз жағдай. Тіпті мүмкін емес. Алайда Құрандағы нәрсе – ақиқат, шындық және дәлме-дәл» деп жауап берген екен.         Бұған дейін мұны ғалымдардың ешқайсысы білген жоқ еді. Бұл қазіргі кездегі ғылыми шындық. Ислам шындыққа қарсы келмейді» деп мойындаған.

«Аспанды құдіретімізбен біз жараттық және тоқтатпастан әрі қарай кеңейтудеміз».

1922 жылы астроном Hubie ең жақын бес-алты галактикадан басқа галактикалар (аспан денелері) бізден ұзақтығына сай жылдамдықпен тоқтамастан алыстап бара жатқандығын ашқан. Яғни, жарық жылдамдығымен жылдамдықпен, екі миллион жыл қашықтықта орналасқан жұлдыз одан екі есе артық  жылдамдықпен, ал үш миллион жыл қашықтықта орналасқан жұлдыз үш есе артық жылдамдықпен тоқтамастан күн системасынан ұзай түсуде.

Қасиетті Құран кәрімнің «Хижр» сүресінің 26-аятында «Расында адамды бейнелеген қара балшықтың сыңғырлап құрғағанынан жараттық». Бүгінгі күні адам денесінің 70-90 пайыздан артығы судан,  қалғаны жер жынысының құрамындағы элементтерден тұратындығы дәленденді. Яғни, Құран кәрімнің «Таһа» сүресінің 55-аятында «Одан (топырақтан) сендерді жараттық, оған қайтарамыз да, екінші рет содан шығарамыз» аятының мән-мағынасы адамзат баласының санасына енді ғана жетіп, оны өз мәнінде түсініп түйсінді. Батыстық ғалымдар Құрандағы «Расында адамды бейнелеген қара балшықтың  сыңғырлап құрғағанынан жараттық» деген аяты мойындауға мәжбүр болды. Соңғы жылдары геология және  биология ғалымдарының жетекші мамандары үздіксіз зертеулер жүргізіп осындай қортындаға келген. Зертеу жұмысымен «Массачусетс технолоти» институтының ғалымы Хайман Хартман Калифорния университетінен Лейл М. Койн, Бельгияның « Liege» университетінен Пьер Лазио және «Glasgow» университетінен Грахман К. Смит айналысқан. Бұлардың бәрі әлемге есімі танымал атақты ғалымдар және өз мамандықтарының хас шеберлері. Доктор Лейл М, Койн зерттей келе «Саз-сәуленің қайнар көзі екенін, кристалдық элементтерден тұратынын, кристал молекулалары бір –біріне байланысқан жапырақ тәріздес екеніне және сыртқы әсерден кристалды иондық тізбек бұзылғанымен, уақыт өте оның қайта алғашқы қалпына келетіндігіне көз жеткізген. Ал бұл өз кезегінде иондық байланыс тізбегін, ал иондар бекітілген бағдарлама бойынша қозғалатынын, ультракүлгін сәулелер шығаратынын анықтаған. Саздың бұл қасиеті тірі жасушаның қасиетіне ие деген сөз. Иондық байланыстың қозғалуы электр қуатының пайда болуына әкеледі. Қуаттан күш алған ол өмірдің қарапайым қозғалысын еске салады. Бұл адамның денесінің топырақтан жаратылғанына дәлел» – дей   келе доктор Лейл М. Койн «бірақ зертханада адамның өмірін жарата алмаймыз. Бұған Ұлы жаратушының ғана құдіреті жетеді»,- деп мойындаған.

Адам баласы  ұрпағының өсуін қасиетті Құран кәрімде « Ей, адам баласы! Сендерді бір кісіден (Адам атадан) жаратқан және одан оның жұбайын (Хауа ана) жаратып, ол екеуінен көптеген ер, әйелді таратқан Раббаларыңнан қорқыңдар …..» («Ниса»  сүресі, 1-аят). Қазіргі ғылым мен білімнің, техниканың дамуының арқасында ғалымдар дүние жүзін мекендейтін адамдар, мейлі ол қара, қызыл, ақ нәсілді болсын бәріне ортақ бір жасуша (клетка) бар екендігін анықтап, соның арқасында бүкіл адамзат  ұрпақтарының бір Адам ата мен Хауа анадан туғандығын мойындайды. Енді адам баласының түрі, түсі, тілі, көз жанарының  әр  түрлі  болуын  қасиетті  Құран кәрімнің «Хижрат»  сүресінің 13- аятында былай деп ұғындырады: «Әй, адам баласы! Шүбәсіз сендерді бір ер, бір әйелден (Адам, Хауадан) жараттық. Сондай-ақ бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық ….».

Қасиетті Құран кәрімнің «Қиямет» сүресінің 3,4- аяттарында «Адам баласы біз сүйектерді жинай алмайды деп ойлай ма? Әрине, оны саусақтарының үшіне дейін қайта жасай аламыз». Қолдың  саусақтарының  басындағы бедерлері  адамдардың  әрқайсысында  әртүрлі екендігі бүгінгі таңда бәрімізге белгілі. Бірақ, бүгінгі барша әлемге белгілі шындықты адам баласы тек өз ақыл-ойымен XIX ғасырдың басында ғана еуропалық бір полицейдің қылмыскерлерді іздеп, оның қылмыстық істерін мойындату үшін жасаған ізденістерінің нәтижесінде анықтағанын біреу білсе, біреу білмейді. Сол сияқты, қазіргі  ғалымдар адамның сегізкөзінде әрбір адамда өзіне ғана тән болатын, басқа адамдарда еш қайталанбайтын бір жасуша (клетка) бар екендігін және оның ешқандай жағдайда да бұзылмайтындығын анықтап отыр. Яғни, Құран кәрімнің «Бұдан кейін сендер өлесіңдер, сонсоң сендер қиямет күні күдіксіз тірілесіңдер» («Мумин» сүресінің 15,16-аяттары) деген аятын қазіргі заман ғалымдарының енді ғана түсінуі, былайша айтқанда, Құрандағы ғылыми тұжырымдамаларға және болашақтағы адамзаттың өмірден кейінгі жағдайына енді-енді ғана қол жеткізіп келе жатқандығының айғағы.

Құран кәрімнің «Мумин» сүресінің 12,13,14-аяттарында: «Расында адамды нағыз балшықтан жараттық, сонан кейін оны жатырда тұратын тамшы қылдық. Сонсын тамшыны ұйыған қан жасадық, ұйыған қанды кесек ет жасап, кесек етті сүйек жасадық та, сүйектерге ет қаптадық». Білімнің шарықтап дамыған кезеңінде медицина ғалымдары  алдымен сүйек жаратылып, оның етпен қапталатынын 1960 жылдары ғана анықтаса, адам ұрығының жатырда даму үрдісін одан да кейін пайымдап түсінуде. Осы жайлы Канаданың анатомия профессоры Доктор Мур мен АҚШ ғылыми-зерттеу Ислам академиясының атақты ғалымы Шейх Мустафа «Құранда пайдаланылған терминдер эмбрионның әр сатыда даму өзгерістерінде болып жатқан әр түрлі процестерді хронологиялық тәртіппен, өте дәлдікпен баяндап береді. Адамның іште дамуы туралы ғылыми жаңалықтар ХХ-ғасырда белгілі болып жатқанда VII-ғасырда Мұхаммедке (с.ғ.с.) ондай нәрселер қайдан белгілі болсын. Аллаһ тағалаға біздің өсіп дамуымыз ғана емес өміріміз де, жасаған әрекетіміз де белгілі» – деп тұжырымдаған.

«Сендерді теңселтпеу үшін жер жүзінде асқар тауларды орналастырды…»  («Нақыл» сүресінің 15-аяты). Жер шары өз осінен бір қалыпты айналуы үшін Алла тағала жерлердің белгілі бір бөліміне тауларды орналастырып, оны жерге қазық қылып қағып бекітті. Жиырмасыншы ғасырдың басында техника ғылымының дамуымен әрбір өз осінен айналатын құрылымға айналу барысы бір қалыпты болу үшін айналатын жабдықтың барлық жақтарының салмағы бірдей болуының заңдылықтары анықталып, қазіргі күнгі автомашина дискісіне орнатылған қарсы салмақ (противовес) деп аталатын темірлердің міндетті түрде орнатылуы Құранның жоғарыдағы аятының түсінігіне адамзаттың мыңдаған жылдар тер төгіп іздестіруінің арқасында қол жеткізуі екенінің толық айғағы.

Құран Кәрімнің «Сад» сүресінің 36-аяты:  «Оған бұйрығымен қалаған жеріне жүретін пайдалы желді бағындырдық». «Әнбиә» сүресі 81-аят: «Сүлейменге (ғ.с.) дауылды желді бағындырдық. Оның әмірімен біз мүбарак қылған жерге жүреді».  Сүлеймен пайғамбар желдерге Құддыста отырып билік ететін. Құддыс қаласы желдің орталығы еді. Желдің көмегімен Сүлеймен (ғ.с.) шалғай жерлерге аз уақытта жетіп баратын. Бұл үшін оның бөрене тақтайлардан біріктіріп жасалған, сал іспеттес кілемі бар еді. Жоғарыда келтірілген аяттарға мән беріп оқыған адам оны дұрыс түсіну арқылы механика мен аэродинамиканың негізі осында көрсетілгенін түсінер еді. Осылайша, Аллаһ Тағала Құран кәрімде аян ету арқылы адамзатқа келешекте ұшатын аппараттар мен ракеталар жасауға пайдалы желді бағындыру арқылы қол жеткізуге болатындығын көрсетті.

Атақты ғалым Циолковский ракетаны ұшыруды қолға алғанда Құран Кәрімнің осы аяттарымен толық таныс болуы ықтимал, өкінішке орай мәселенің бұл жағын зерттеп жүрген ешкім жоқ сияқты.

Лут еліне «Сендерден бұрын әлемдерден ешкім істемеген бір арсыздық істейсіңдер ме? Сендер әйелдерді қойып еркектерге шақуат құясыңдар ма? Әрине, сендер азған елсіңдер» – деді  («Аграф» сүресі  80-81-аят).   Ол елдің ерлері әйелдермен  жыныстық қатынас жасаудан гөрі еркектерді қош көретін және ашық істейтін. Осы қауымды бұзықтықтан тиылуға қанша үгіттегенмен олар сорақы істерін одан әрі қарай жалғастыра берді.

Аллаһ тағала Құран кәрімде «Дүниеде (әйелдер тұрып) еркектерге қосыласыңдар ма? Раббыларың сендер үшін жаратқан әйелдеріңді тастайсыңдар ма? Сендер асқынған елсіңдер» («Шұға» сүресінің 164, 165- аяттары). «Егер қылмыстарыңа қараса тәңір кәпірлерге тартқызатын азабын тездетер еді. Бірақ оның да белгіленген уақыты бар… Азғындық жасағаны үшін біз қанша қаланы жойып жібердік…» («Кеһф» сүресінің 58, 59-аяттары).

Жоғарыда көрсетілген бұзық қауымды Аллаһ тағала Жәбірейіл  (ғ.с.)ды жіберіп, аспаннан әрқайсысының аты жазылған тас жіберіп, елдің асты-үстін ойрандап,  жойып жіберді.

Помпей қаласының жер бетінен жойылып кетуін тарихшылар жанартаудың атқылауынан деп дәлелдеп келген болатын. Бірақ, Помпей қаласының  орнынан  археологтар  қаланың  ғимараттарының зақымданбағанын, адамдардың денесі бүлінбей сол қалпында қалғанын, олардың бет-бейнелеріне дейін сақталғандағын анықтап отыр.

Егер қаланың күйреуі, адамдардың опат болуы жанартаудың атқылауынан болған жағдайда жанартаудан атқылаған лава өзінің жолындағының бәрін күйдіріп, күлге айналдыруы керек қой. Сондықтан, қаланың  күйреуі басқа бір алапат күштің әсері. Бұл Құран кәрімнің жоғарыдағы аятта көрсетілген жауыздықтары үшін Аллаһ тарапынан жазаланған Лут қауымына келген апат сияқты екендігін  меңзейді. Әлемге белгілі Альберт Гор, Тони Блэйер сияқты саясаткерлердің бір жыныстылардың отбасын құрып, жыныстық қатынасқа баруын адамзат баласының өркендеуі, еліміздің алға жылжуы деп мойындап, дәріптеуі өте өкінішті де жиіркенішті. Себебі, бір жыныстылардың өзара қатысуынан әр түрлі емі жоқ аурулардың, әсіресе СПИД, сифилис, жүйке ауруларының көптеп таралуы осыны көрсетеді.     «Рахман» сүресінде  «Ағызған екі теңіз қосылады. Екі арасында бөгет бар, бір-біріне араласпайды» (19,20-аяттар) делінген. Дүние жүзіне белгілі океаногроф Жан Жак Кусто мұхиттардың тұңғиығына сүңгіп зерттеп, теңіз астында бір бағытта ағатын өзен барын, сөйтіп, теңіздің астында бір-бірімен қосылмайтын екі судың барын көріп, таң қалған. Содан соң бұл туралы Құранда 14 ғасыр бұрын жазылғанын біліп жағасын ұстаған. Бұған мысал ретінде, Қарағанды облысындағы Балхаш көлінің жартысының суы тұщы болса, екінші жартысының суы өте ащы, бірақ ғасырлар бойы олардың шекарасы бұзылып, ащы су қосылып, тұщы су ащы болмайтынын келтіруге болады.

Сол сияқты, 1962 жылы неміс ғалымдары Аден шығанағы мен Қызыл теңіз, Қызыл теңіз бен Үнді теңізінің сулары қосылатын Баб-эль Мандет аралында теңіз сулары қосылғанымен, бір-біріне  араласпайтынын дәлелдеп шықты.

«Таһа» сүресінің 77, 78-аяттарында «Расында Мұсаға: «Құлдарымды (Исраил ұрпақтарын) түнделетіп алып кет, оларға теңізден құрғақ жол аш, олардың қуып жетуінен қорықпа да, шошыма!» – деп уахи қылдық. Сонда оларды қуған Перғауын мен әскерлерін теңіз басып, ішіне алды». «Юнус» сүресіндегі 90,91,92- аяттарында «Исраил ұрпақтарын теңізден өткіздік. Сонда Перғауын және әскерлері жауыздық, дұшпандықпен оларды қуды. Ақыры ол суға батар сәтте «Исраил ұрпақтары иман келтірген тәңірден басқа Тәңір жоқтығына иман келтірдім. Мен бой ұсынушылардан болдым» – деді. «Енді ғана сендің бе? Расында сен бұрын қарсы келген бұзақылардан болған едің… Сенен кейінгіге үлгі болу үшін денеңді (жансыз мүрде) құтқарамыз. Расында адамдардың көбі аяттарымыздан хабарсыз». Жоғарыдағы аяттарда баяндалғандай Перғауын мен әскерлері қашқындарды Қызыл теңіздің жағасында қуып жетіп, Мұса (ғ.с.) Аллаһтың әмірімен теңіздің суын таяғымен ұрған кезде теңіздің суы екі айырылып, Исраил ұрпақтарына жол ашылады. Ашу-ызаға булыққан Перғауын сол жолмен қашқындарды қуып теңізге түскен мезетте теңіздің суы қайтып қосылып, Перғауын мен оның әскерлері суға кетеді. Аятта көрсетілгендей Перғауынның денесі 3 мың жыл өтсе де бұзылмай сақталып, 20- ғасырдың ортасында Қызыл теңіздің жағалауынан Жәбалайн деген жерден ағылшын зертеушілері топырақ астынан бұзылмаған күйінде тапты. Мүрде Англияның мұражайында осы күнге дейін сақтаулы. Зертеулер мумияның  үш мың жылдық екенін анықтап, Мұса пайғамбар (ғ.с.) тұсында өмір сүрген адамның денесі екендігіне меңзейді. Құран аяаттары мен оның тәпсірлері оқиғаның шын болғандығын дәлелдейді. Қазіргі кезде Қызыл теңіздің тартылуына байланысты теңіз табанынан көп адамның сүйектерінің табылуы шынында адам баласының ақылы жетпейтін құбылыс, тек қана аятта баяндалғандай Аллаһтың кейінгі ұрпаққа ғибрат үшін сақтаған жәдігері. Бірақ адамзаттың көпшілігі бұдан тиісті қорытынды жасамай жүр.

Батыстық ғалымдар Құрандағы: «Адамды топырақтан жараттық»-деген Мүминун суресі 67  аятын, ғылымның жетістігінің нәтижесінде мойындауға мәжбүр болды. Зерттеу жұмысымен әлемге есімдері танымал «Массачусетс тегналогия» институтының ғалымы Хайман Хартман, Калифорния университетінен Лейл М. Койн тағы басқада ғалымдар  айналысқан. Доктор  Лейл М. Койннің айтуынша балшық қозғалмайтын зат болғанымен, оның ішіне жұмбақ әлемі жасырылған. «Мен кеуіп қалған сазды балтамен екіге бөліп тастадым. Мына қызықты қараңыз әлгі бөлшек бір ай бойы зертханамда ультракүлгін сәулелер шығарып тұрда. Саз-сәуленің қайнар көзі болғаны мені қатты таң қалдырды. Мен алғашқыда ештеңе түсіне алған жоқпын .Зерттей келе ол кристалдық элементтерден тұратынына көз жеткіздім. Кристалл молекулалары бір – біріне байланысқан жапырақ тәріздес қатарлардан құралған (судың да малкулалары жапырақ тәріздес). Ал бұл өз кезегінде иондық байланыс тізбегін түзейді. Саздың әр бөлігінде орналасқан иондар бекітілген бағдарлама бойынша қозғалады, Бұл тірі жасушаның қасиетіне ие деген сөз!»,-дейді ғалым. Зерттеу қортындылары көрсеткендей, саздың сыртқы әсерлерден кристалдық иондық тізбектері бұзылғанмен, арада  біршама уақыт өткенде жапырақ тәріздес қатар қайта қалпына келеді ( тірі заттың, судыңда жапырақ тәріздес қатарлары қалпына келеді қандай сәйкестік). «Иондық байланыстың қозғалуы электор қуатының  пайда болуына әкеліп соғады. Қуаттан күш алған ол өмірдің қарапайым қозғалысын есімізге  салады. Бұл тағы бір рет адамның топырақтан жаратылғанына дәлел»,-деп өз сөзін нақтылай түседі доктор Лейл М. Койн. Ал Хартман: «Замануи құрылғылармен біз саздың молекулаларының тіпті, атомның құрлысын зерттеуге әбден шамамыз келді. Үлкен жетістіктерге жеткенімізге ешбір күманданбаймын. Бірақ, зертханада адамның өмірін жарата алмаймыз. Бұған Ұлы Жаратушының ғана құдіреті жетеді»- деп мойындайды. Мойындаудың өзінде үлкен сыр бар. Өйткені адамның жанын ( рухын) пенденің жарата алмайтыны ақиқат. Бұл жөнінде қасиетті Құранның «Олар сенен жан (рух) туралы сұрайды. Жан дүниесін тәңрім ғана біледі. Сендерге берілген білімнің шегі аз ғана-де» (Исра суресі, 85 аят). Осы бір аят пен ғылыми жаңалық, Ұлы Алланың қасиетті Құран кәрімде, адамзатқа қажетті білімді толық қамтып, оның сырларын уақыты жеткенде пендесіне әлсін-әлсін білдіріп отырғанының дәлелдеуді қажет етпейтін көрініс. Ойлап қарасаңыз Алланың жаратқандарында өлі дейтін теңеуге жатқызатындары жоқ. Ұлы Иеміз жаратқандарының бәріне өздеріне тән тіршілік сыйлаған. Тіршілік түсінігінің синониумі қозғалыс, қыймыл десек, ал Аллаһ Тағала барлық жаратқанына өзіне тән тіршік нышанын берген, яғный олардың бәрі өзіне тән ерекшелікпен қозғалады және әлемнің қалыпты жағдайының сақталуына өз шама шарқына қарай қызмет көрсетіп, үлесін қосады. Аллаһтың алдында олар бас иіп, құлдық ұрады. Ой тұжырымына дәлел, Қасиетті Құран кәрімнің аяттары мен   Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.)  хадистері. Құранда: « Біз аманатты, (дінді) көктер мен жерге және тауларға ұсындық. Олар мұны қабылдаудан бас тартты, қорықты. Оны адам қабыл алды. Өйткені ол өте залым, тым білімсіз» -делінсе Ахзап суресінің, 72 аятында. Исра суресі 44 аятта: « Жеті қабат аспан, жер және осындағы барлық нәрселер Оны ( Аллаһты) пәктеп ұлықтайды. Оған хамд (шүкіршілік) айтып, ұлықтамайтын ешнәрсе жоқ, алайда сендер олардың ұлықтап пәктеулерін түсіне алмайсындар…» – делінген.  ( Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде:    «Қой бағып жүргенде немесе щөлді жерде жұрген уақытта, намаз үшін азан айтқанда даусыңды көтер. Өйткені азаншының дауысын естіп, қиамет күнінде азаншыға азан айтпады деп куәлік етпейтін ешбір жын, адам немесе басқа жаратылыс жоқ». Бұл хадисте, жанды жаратылыс демей, басқа жаратылыс деу арқалы бүкіл жаратылысты меңзейді.    Соның үшінде, әлемнің озық ойлы ғалымдары жер шаының тұрғындарын, Алланың жаратқандарын аялап, бүлдірмей, сақтауға жан айғайымен шақыруда. Өкініштісі біз, бейқам күнәқарлар, бұл шындықты білмейміз, білгіміз де келмейді. Білгеніміз немқұрайлылықпен қарап көңіл аудармаймыз, маңайымыздағыларымыздың арасында үгіт, насиқат жүргізбейміз. Келешек үшін, саусағымыздың ұшында қыймылдатқымыз келмейді. Хазіреті Али (р.а.) дің « Адам ұйқыда, өлгеннен кейін оянады» деген нақылы осы заманда өмір сүруші біздерге арналғандай.

«Жүніс»  сүресінің  92-аятын 1144 жылы тәпсірлеген  Әз-Замахшари (р.а.) өзі өлгеннен кейін сегіз ғасыр өткеннен соң табылатын адам денесін көзімен көріп тұрғандай суреттеп берген. Оның ғажабы сол – ғалым дене бейнесін өз көзімен  көріп тұрғандай суреттеген. Бұдан шығатын шындық – Құранның әрбір сөзі тұнып тұрған ғылым. Білім дамыған сайын, Аллаһ тағала адам баласын құран аяттарының сөзін түсінетін деңгейге жеткізген кезде, оның әр сөзінен үлкен ғылыми жаңалық ұғады.

Токио обсерваториясының директоры, профессор Ешиди Крзан жұлдыздардың газ тәрізді зат пен түтіннен пайда болғанын айтады. Құран кәрімнің  «Фуссилат»   сүресінің  11,12-аяттарында және «Фурхан» сүресінің 61-аятында осы жайлы жазылған Аллаһ сөзін мысалға келтіріп былай деп тұжырым жасайды: «Мен әлем дүниесін зерттеудің жаңа тәсілін таптым. Біз телескоптар арқылы аспан денелерінің массасы мен топтауын көре алмайыз, сондықтан да мен Құранды оқып, сауалдарға жауап алып, Құранның көмегімен алдағы уақытта әлем дүниесін зерттеудің тиімді жолын табатынымызға сенемін» деп ой түйеді.

Ешкім дау айтпайтын шындық – әлемдегі барлық түсінік салыстырмалы. Жердің қозғалысын салыстыратындай жердің маңайында қозғалмай тұрған нәрсе болмағандықтан, жердің өз осінен айналатындығын онымен бірге жердің үстіндегі заттың бәрінің қоса қозғалатындығын біз түйсініп, сезіне алмаймыз. Егер қозғалмай тұрған зат болмаса, екіншісінің қозғалғандығын, уақыт деген түсінік болмаса, белгілі бір істі орындауға кеткен еңбектің мөлшерін немесе кез-келген қашықтықыты қанша уақытта жүріп өтуге болатынын білмес едік. Сол уақыттың өзі де салыстырмалы. Себебі, жол жүргенде пайдаланылған көлігіне қарай бірдей қашықтыққа әр түрлі уақытта жетеміз. Бір литр судың көлемі, 1 см куб десек, сол судың қатты мұз не бу күйіндегі көлемі одан әлдеқайда үлкен. Біздің күн мен түн деп пайдаланатын өлшеміміз де басқа планеталарда басқаша ұзақтыққа ие. Адам баласының өмірінің орташа ұзақтығы осы уақытта 65-70 жыл десек, Адам пайғамбардың  өмірінің ұзақтығы мың жылға тең. Міне, өмірдегі осы салыстырмалылық заңдылығын Аллаһ Тағала қасиетті Құран кәрімнің «Аграф» сүресі, 54-аятында «Күдіксіз раббаларың сондай, Алла көктер мен жерді алты күнде жаратқан, сонан кейін ғарышны меңгерген» деп көрсету арқылы салыстырмалылық заңдылықтың негізін, фундаментін салған. Бірақ, Құран кәрімде көрсетілген күннің ұзақтығы біздің уақыт өлшемімізбен қанша екенін әлі ешкім ғылыми түрде дәлдікпен дәлелдей алған жоқ. Әрине, адамзаттың асыл ойлылары мұны да дәлдікпен есептеп тауып, Аллаһтың Құран кәрімде салыстырмалы түрде көрсеткен күн мөлшерін де осы өмірде пайдалануы келешектің еншісі болуы мүмкін.

Қадірменді оқырман, өзімнің шағын мақаламда өз әл-қадарымша Құран кәрімнің әрбір аяты, әрбір сөзі мыңдаған том ғылыми еңбекке арқау бола алатындығын, Құран кәрімде ата-бабаларының басынан өткен жағдайларды, күнделікті өмірде кездесетін жайларды және болашақта болатын жағдайларды аз сөзбен терең мағынада ақырғы Пайғамбар, екі дүние сардары пайғамбарлардың ардақтысы Мұхаммедке (с.ғ.с.) уахи ету арқылы білдіргенін айттым.

Зер салып, назар аударып оқыған оқушы Құран кәрімнің аяттарында ғылымның барлық салаларына қатысты тұжырымдамалар мен байламдар бар екендігіне көз жеткізері сөзсіз. Сондықтан да өздерін зиялы қауымның мүшесі санап жүрген адам ислам дінінің негізін қалаушы Мұхаммед (с.ғ.с.) және оның маңайындағы аздаған топ деген түсінігінің қате екендігін түсініп, Аллаһтың тарапынан адамзатқа түсірілген хақ дінді – Ислам дінін мойындап, Құран шын, пайғамбар хақ, Аллаһ жалғыз деп тілін кәлимаға келтіреді деген үміттеміз.

 

Ауданбай қажы Ахметжан ұлы
Астана қаласы  2011 ж.

Сондай-ақ, оқыңыз

Түркістанда ғаріп болды Кұл Қожа Ахмет

77-хикмет Аяу, достар, ғашық, ышқы болмайынша, Уахаданият дариясына сүңгіп болмас. Ол дарияның гәуһары дүр Хақ …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған