Басқы бет / Жарық нұрдың сәулесі / Ілгеріде өткен жақсылар / Абылай ханның қырғыз ханы Садырмен жауласуы

Абылай ханның қырғыз ханы Садырмен жауласуы

Абылай ханның қырғыз ханы Садырмен жауласуы немесе қазақ ішіне қырғыздың келуі тарихынан 

Абылай 1771 жылы таққа отырғаннан кейін көп ұзамай қырғыздың Садыр ханының қолы келіп, қазақ ауылдарын шауып алады. Мал-мүлкін тонап, адамдарын байлап әкетеді. Болған жайт Абылай ханға мәлім болады. Абылай биі мен ақсақалдарын, батырларын шақырады. «Қырғыздың жері де үлкен, қолы да сан мың есе көп. Барам десеңдер, қарсы болмаймын. Бармаймын десеңдер, жүр деп жалынбаймын» деп тоқетерін бір-ақ айтты. Абылайдың үш мың қолы бар еді. Ішінде Әніқожа, Шақшақұлы Жәнібек, Дат батыр, Мұқан балуан, Малайсары батыр, Құлыншақ батыр, Бұзау батыр, Бөгенбай батыр есімді небір мықтылары бар еді. Бәрі де біріміз қалмай барамыз деп шуласты.

Абылай үш мың қолымен аттанып, Алатаудың баурайына шатырын тікті. Мұны қырғыздың қарауылшылары көріп, Садыр ханға хабарлады. Садыр хан қару асынған екі жас жігітті елшілікке жіберді. «Жауласпайық. Табысайық» деп олар хан тілегін жеткізді. Абылай хан тіл қатпады. Жауап бермеді. Ертеңіне Садыр киімі де, аты да, тіпті бет-әлпетіне дейін бір біріне ұқсайтын қару асынған үш жас жігітті елшілікке жіберді. Абылай бұларға да жауап бермеді. Тіпті басын да көтермеді. Үшінші күнінде татуласу ниетімен төрт жас жігіт келді. Абылай тағы да үндемеді.

«Ханның мұнысы несі? Қырғыздар елші жіберді ғой. Өзі қырғыз қолының бізден әлденеше көп екенін айтты. Енді бізді қыра ма? – деп Абылай жігіттері күңкілдей бастады. Абылай батырларын жинап, елшілерге жауап бермеген жайын түсіндірді:3

– Неге жауап бермеді деп отырған шығарсыздар. Олар анығында елші емес. Елші қырғыздың бектерінен, беделді ақсақалдарынан болу керек еді. Қару-жарақ асындырып, жас жігіттерін жіберді. Бұл – Садыр баланың бізге қыр көрсетуі. Алғашында екі жігітті жіберуі мен сенен екі есе күштімін дегені. Ертеңіне келген үш жігіт үш есе мықтымын деген емеуріні. Үшінші күні келген төрт жігіт те осыны білдіреді. «Жауласпайық. Қан төгіспейік. Қайтыңыздар» деп бәрінің айтқаны бір сөз болды. «Мен сендерді қырамын. Қаныңды судай шашамын. Одан да еліңе қайт» дегені емес пе бұл! Мен әуелде-ақ қырғыз қолының бізден әлденеше есе көптігін айтқанмын. Әлі де кеш емес. Елге қайтамыз дегендердің бетін қақпаймын. О баста-ақ үйден шықпау керек еді. Мен өзім не өлемін, не тірі қаламын, кек алып қайтамын! – деді Абылай айбаттанып.

Хан сөзінен кейін халықты намыс кернеді. Екі жақ қамал құрып майданға дайындалды. Абылайдың ақ туын Бәйімбет батыр ұстады. Аман қалғанымыз үш күннен кейін осы тауда табысайық деп уәделесті. Соғысқа Абылайдың өзі де қатысты. Қазақ-қырғыз араласып, кімнің кім екенін ешкім білмеді. Үш күн, үш түн тоқтаусыз соғыс болды. Екі жақтан да халық қырғынға ұшырады. Үш күннен кейін ел есін жиғандай болды. Абылай аңдаса ақ туы жығылмапты. Тау басында желбіреп тұр екен. Хан тудың жығылмағанын жақсылыққа жорыды. Сарбаздардың жүруге жарайтыны тауға қарай көтеріле бастады. Батырларының көбі жаралы. Абылай өзі де жеңіл жарақаттанған еді. Бірақ сенген он сегіз батырының бірі де тауға көтерілмеді. Абылай хан атынан түсіп, жер бауырлап жатып қалды.

Әлден уақытта жау жақтан шаң көрінді. «Қайта шапқан жау жаман». Әскер абыржыды. Атқа мінуге жарайтыны қаруын асынып, қайта қамдана бастады. Аттың дүбірі ханның да құлағына жетті. Көк ала атын көлденең тартып, екі жігіттің бірі сауытын кигізіп, бірі қаруын ұсынды. Абылай асығыс атына мінді. Жауды мұнда жақындатпау ниетімен шаң көрінген жаққа қарай бет түзеді. Көзін көлегейлеп, алыстан мұқият қарап еді, өзінің он сегіз батыры екен. Олар жұбын жазбауға уәделесіп, күш біріктіріп соғысыпты. Он сегізі де дін аман. Қамалды бұзып, қапысын тауып, Садыр ханды қолға түсіріпті. Абылай батырларымен құшақтасып көрісіп, шатырын тікті. Алдымен жаралыларды таңып, шейіт болғандарды жерлеп, үш күн тынықты.

Кісендеулі Садыр бала бөлек шатырда жатты. Абылай кісі жіберді. «Алса, міне, жаным. Кессе, міне, басым. Абылай өзі білсін» депті. Абылай хан Садырдың кісенін шешіп, шатырына алғызды.

– Тыныш жатқан елімді шауып, мал-мүлкімді тонадың. Мен кек қайтаруға келдім. Келемеждеп үш рет кісі жібердің. Екі жақтан да қаншама сарбаз қырылды. Осыған кім жауапты? Кім кінәлі? – деді Абылай.

– Кінәнің бәрі менен. Не істеймін десеңіз де еркіңізде, хан! Алсаңыз, міне, жаным. Кессеңіз, міне, басым! Мен көндім. Тағдырым қолыңызда. Басқа айтар сөзім жоқ, – деді Садыр.

– Мен сенің жаныңды да алмаймын, басыңды да кеспеймін. Біріншіден, мал-мүлкімен адамдарымды түгел қайтарасың. Екіншіден, еліңнен таңдап жүз жігіт аламын. Өз балаңды алсам да қолымды қақпайсың. Жүз жігіт жүз қыз таңдайды. Өз қызыңды таңдаса да қолынан қақпайсың. Жүзін де отау көтертіп, жүз жігітпен некесін қиып, біздің елге ұзатасың. Үшіншіден, жауласпауға ант етесің. Осыған келіссең, жаныңа кісі қосып еліңе қайтарамын.

Садыр бала шын көңілмен риза болып:

– Ай, Абылай! Сенің күшің де, кісің де, ерің де менен артық емес. Бірақ саған қасиет қонған екен, – деді.

Абылай хан жанына кісі қосып, Садырды еліне қайтарды. Қамалы бұзылып, туы жығылып, ханынан айрылған халық үркіп, үдере тауға қашып жатыр екен. Кісі шаптырып, елін тоқтатты. Садыр хан халқының алдында қателігін мойындады. Ат-шапан айыбымен бірге елге қадірлі қырық кісісін жіберіп, Абылайды сарайына шақырады. Абылай хан қырық кісісімен қонаққа келеді. Садыр шапқыншылықта қолға түскендерді мал-мүлкімен түгел қайтарады. Уәдесінде тұрып, жүз жігітті жүз қызға қосып шығарып салады. Бұлардың бәрі де атақты бай-шонжарлардың, би-төрелердің балалары еді. Мұндағы Абылайдың ойы елінің игі жақсыларының балаларынан алсақ, қайта жауласу болмайды дегені еді. Кешегі Кенесарыны Абылай атасының анты ұрды десетін.

Еншімен келген жүз жігітті  қазақ қыздарына үйлендіріп, отау құрып, жер беріп Ақмола, Қызылжар, Көкшетауға дейін әр ауылға таратады. Қай жерде қазақ болса, сол жерде қырғыз өсіп-өніп бір ауылнай болады. Абылай жауынгерлерінің күшеюінде осы жүз жігіттің де әсері болды деген әңгіме айтылатын. Қырғыз Айнабектің Ақмені бірнеше съезде төбе би болды.

 

      Хакім-хазірет Омаровтың қолжазбасынан алынды

    Бұл тарихты бізге жеткізген,  арғы  атасы Қодас (руы қожа) осы жүз жігіттің бірі болған,   Хакім ОМАРОВ. Ол 1906 жылы Бурабайдың баурайында атасы Қосдәулеттің ауылында дүниеге келген. Атасы салған медреседе білім алған.  Қосдәулеттің баласы Ахметжан Мысырдан оқуын бітіріп келген соң әкесінің медресесінде 1905 жылдан жәдит оқуын ұйымдастырды.

Ал Қосдәулеттің екінші баласы Омар 1908-1909 жылдан бастап Көкшетау уезінің оқу орынын  басқаратын мекемеге Хакім-хазірет Омаров (1906 – 1974) арып орысша оқытуға рұқсат алып, орыс тілінің мұғалімін алдырып өзінің балаларын және маңайдағы ауылдардың балаларын орысша оқытқан.

Әкесі Омар-қажы 1922 жылы жала жабылып ешбір тексерусіз кісі қолынан  қаза тапқан. Осы қанды уақиғадан кейін ел қорқып, жан-жаққа бытырай бастады. Бес ағайынды Хакім шешесін алып Омбы облысындағы Есілкөлде Құрманбай, Салық нағашыларын паналайды. Ашаршылық жылдары бармаған жері, баспаған тауы қалмайды. Қарағанды, Хабаровск қалаларына жетеді. «Халық жауының» балаларының қиыншылықтарын бастан кешеді.

1935 жылы Семейге тұрақтайды. Омардың балалары жасынан арабша, жәдит оқуы, орысша да оқып білім алған, өте зирек, өнерпаз болған. Семейге келгеннен кейін Ғазез ағасы, Әмен інісі геология-барлау экспедицияға қызметке орналасады. Екі інісі Михат пен Халит геология техникумға оқуға түседі. Хакім етікші болып артельге орналасады.

Бәрі үйленіп, бала-шағалы болып, 17 жан бір шаңырақта есін жинаған кезде 1941жылы соғыс басталады. Ғазез, Әмен, Михат геолог болғандықтан «бронь» мен әскерге шақыртылмайды. Ал Хакім мен Халит Ұлы Отан соғысына етігімен қан кешіп жүріп жауыз фашисттерден Отанын қорғайды. Жан алып, жан берісіп жүргенде талай жарақаттар алады. 1944 жылы ауыр жараланып елге оралады.

Хакім Омаров жан жақты білімді болғандықтан 1948 жылы Семей қаласының мешітіне имам болып сайланады. Білімділігі, білгірлігі, адалдығының арқасында осы салада 26 жыл өмірінің соңына дейін қажырлы еңбек етеді.

Орта Азия және Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасының (ОАжҚМДБ) мүфтиі З.Бабаханов Хакім-хазреттің білімін, ой-парасатын, адалдығын байқаған соң 1948 жылы ОАжҚМДБ мүшесі қылып тағайындады. Қазақстан бойынша Хакім ревизия комитетінің төрағасы болып сайланды. Осы екі қызметті  26 жыл бойы абыроймен атқарды.

Қоғамдық қызметіне, әсіресе бейбітшілік қорғаудың бүкіләлемдік қозғалысына атсалысқан еңбегі де зор. Бір қатар діни лауазымды қызметтер атқарған Хакім Омаров дін саласына қатысты көптеген қайшылықтармен күреседі.

Атеизм заманының қызып тұрған кезінде асыл дінімізге қарсы айтылған керітартпа, жалаң пікірлер мен баспасөз беттеріне жарияланған мақалалар жарық көргенде, қолма қол дәлелдеп жауап береді. Ата дініміздің болашағына алаңдаған Хакім атеисттермен үнемі күресті.

Ислам дінін насихаттау үшін әрине арабша оқыған ғылымдар болу керек. Кеңес үкіметі билігінің тұсында діни қызметке екінің бірі бара бермейтін және діни оқуынан да жастар бас тартатын. Сондықтан Орта Азияда жалғыз  Бухарада ғана «Мир Араб» деген медресе болатын. Сол медреседе Хакім-хазрет мемлекеттік емтихан комиссиясының тұрақты мүшесі болатын.

Араб,  парсы, көне түрік тілдерін  білгендіктен халықаралық конференцияларға қатысып баяндамалар жасайтын. Мұсұлман мемлекеттердің уәкілдері Қазақстанға келгенде үкімет басшылары Хакім-хазретті Семейден алдыратын. Шет мемлекеттерде де бірнеше рет болған.

Ғалым Хакім-хазірет 26 жылдың ішінде жұма, айт намаздары, қадыр түні, мәуліт күндеріне арнап жазған уағыз-насихаттарын, діндарларға өте мұқтаж саналған маңызды зерттеулерді бірнеше тілде жазып қалдырған.

1974  жылы  тамыз  айының  ортасында Ташкент қаласында өтетін  әлБухаридың 1200-жылдық мерей тойына арналған халықаралық  конференциясына Хакім-хазірет баяндама  дайындаған. Өкінішке орай сол жылы (Алланың әмірі солай болған шығар) 2 тамызда қайтыс болды. Осы конференцияда бүкіл  мұсылман әлеміне мәшһүр болған Хакім-хазіретке  Европа, Азия, Африкадан келіп жиналған делегаттар Құран бағыштаған.

(«Ақиқат жолында» кітабынан алынды)

Сондай-ақ, оқыңыз

Етжемес ишан деректері

Баладан балаға жеткен әңгімелердің талайын біз де естідік.  Етжемес ишан ата туралы сол заманда жазба …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған