Басқы бет / Ғибадат / Келестегі бір күн

Келестегі бір күн

Ережеп айының 27-күні  (2017ж.23-сәуір), Миғраж түнінің қарсаңында, «Ешан бау» деген  ескі аты естен шыққан,қазір «Оразата» аталатын  ауылдағы  көгалді  алқапта,Сарыағаш аудандық әкімдігі қолдауымен  Етжемес ешан атаның атына дербісана  ұйымдастырылды. 19 – ғасырдың соңы мен 20-ғасырдың басында, 50 жылдай   Келес  өңіріне діни сауаттылықтың, егіншілік мәдениетінің  «ұрығын» сепкен  Әулие—Ет жемес ешан атаның атынан  ашық аспан астында, мыңнан астам адам қатысқан,осындай  діни шара  алғаш рет  өтті.

 

Бүкіл түрік әлемінің пірі саналған  Қожа Ахмет Яссауидің  жолын ұстанып, өзі таңдаған сопылықтың шыңына жету барысында Шариғат, Тариқат, Мағрипат ілімдерін терең меңгеруінің арқасында Алланың мейір,шапағатына бөленіп, әлем жаратылысының Ақиқатына көз жеткізген  Ет жемес ешан ата басқалардың  пайымы жете бермейтін қасиеттерге ие болды,әулие атанды. Жыл сайын көктем шыға,Наурызда басталған  жаңа жылдың елге жайлы, халыққа берекелі жыл болуын бір Алладан сұрап  дербісана өткізетін. Соңғы   жылдардағы ҚМДБ-нің  көктемде көпшілік болып, мазар тазалауды  «дербісана» деп атағаны сәтті шешім болды. Жұмыс аяқталған соң,дастархан жайып,құран оқып,дұға-тілек жасау  ата-баба дәстүріне  сай келіп тұр. Осылайша  бұл шара халық қолдаған,жалғастырған  бастамаға  айналды.

Аудан  әкімі  Қайрат Әбдуәлиев  кіріспе сөз сөйлеп  жиынды  ашты. Жиын барысында  ҚМДБ-ның Сарыағаш  аудандық    бөлімшесінің имамы  Берік  Қалдаров,  «Ешан Баба» және  «Ешан бау»  мешіттерінің  имамдары   Айдар  Садықов  пен Болат  Тәжібаевтар   өткен әруақтарға  арнап құран бағыштады. Мінберге көтерілген   аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы  Мұстафа  Сүлейменов, әулиелер тарихын зерттеп жүрген  белгілі  ғалым  Сейітомар Саттаров, профессор  Ш.Жанәділов және осы жолдардың авторы   Елбасымыз  Н.Назарбаевтың  жуырда жарық көрген  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында  тарихи және  рухани  байлығымызды  сақтай отырып, оны арттыру, сананы жаңғырту қажеттілігі  туралы  жазғандарын  және жуырда  дін басыларымен болған кездесуінде  елімізді жымысқы  сыртқы  жаулардан қорғауға қатысты бағыт-бағдар берген  сөздерін қолдаған   халықтың  ерікті түрде бас қосқан  жиыны екенін өз сөздеріне  қосып  айтты.

Дербісананың бағдарламасы  Мәуліт мерекесінің үлгісімен жасалды. Алдымен  Жақсыүмбет  Оразайұлы  Яссауидің  хикметтері мен зікірлерін  қобыздың  сүйемелдеуі мен   орындап  есіттірді. Ауданымыздағы«Аруана»,«Ханбибі», «Ақ әжелер»  ансамбілдері, Абай ауылындағы  Мәдениет үйінің  ұжымы, «Келес» вокальді аспаптар ансамбілі  белсене қатысты. «Келес» халық театрының  әртіс-әншілері  Бақыт  Пошанов пен  Гүлайна Сұлтановалар Ет жемес ешан атаға арналған  Жолбарыс Майлықожаұлының және Кендебай Мұртазаевтың өлеңдерін терме әуенімен орындады.

Алматыдан   келген елімізге кеңінен танымал, иллахи әндерді орындаудың  шебері, жерлесіміз Сержанәлі  Орынбасарұлы  Әлібеков арнайы бағдарламамен  сахнаға шығып, Алланы мадақтаған,Мұхаммед  пайғамбарымызға салауат айтқан діни әндерімен  мұсылман  қауымның   құлақ құрышын қандырды. Имамдардың  уағыз-насихатын  өлең  мен  діни   әсем  әуенге айналған нұсқасын естігенде көздеріне жас  толғандар  аз болмады.

Әулие  атамыздың  шөбересі  Хасан қожа, Осыдан 120 жылдай бұрын  Ет жемес ешан ата киіп жүрген шапанды әнші Сержанәліге  кигізіп, елге көрсетті.  Дербісанада  оншақты  той  қазандары  асылды, көпшілікке арналып дастархан жайылды.

 

Оңғар  Исаев, журналист    Келес өңірі Сарыағаш ауданы Оңтүстік Қазақстан облысы.

 

 

 

 

 

Сондай-ақ, оқыңыз

«Аппақ ишан – руханият әлемінің дарабозы!»

Осыдан үш жыл бұрын «Аппақ ишан — руханият әлемінің дарабозы!» деген тақырыпта Бәйдібек ауданының орталығы …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған