Басқы бет / Сыр-сұхбат / Мәкең мен Секең қағытпалары

Мәкең мен Секең қағытпалары

Қазақ тілінің қос тарланы (Мәулен Балақаев пен Ісмет Кеңесбаев) айтты деген әңгіменің көбі бұл күнде аңызға айналып кетті. Бұл адамдардың ғалым ретіндегі еңбектері өз алдына да, адам ретіндегі әңгімелері екінші бір қызықты сала. Сәлде болса езу тартқызып, ес жинататын олардың әзіл-қалжыңдарын кейінгі ұрпақтың да біле жүргені мақұл-ау деген оймен қолға қалам алып ем. Енді соған кезек берелік.

Секеңнің Тіл білімі институтында директор кезі. Онда Мәкен жартылай университетте, жартылай институтта істейтін. Бір күні Сәкең үйде отырып, жұмыстағы Мәкеңе телефон соғады.

– Әй, Мұрын, өзім мазам болмай ауырып отырмын. Сестра келіп тамырымды таба алмай әуре боп кетті. Сонда да екі жарымда институтқа барам. Сөз бар, күт! – дейді. Сонда Мәкең іліп алып:

– Сенікінің бәрінің жасырынып жүретін әдеті ғой, несін сасасың! – депті.

***

Секең (Ісмет Кеңесбаев) ажал аузынан қалып, ауруханада жатқан сәтінде, құрдасы Мәкең (Мәулен Балақаев) барып көңілін сұрапты.

– Әй, ана жақ қалай екен. О жақтан да жол тауып жеткенбісің, сабазым?– деген Мәкеңе, ол “құлағыңды жақындат” деген­дей ишара жасайды да еңкейе берген құрдасына:

– Кетіп-ақ қалатын рет болып еді. Бірақ о жақта да адамды алфавит тәртібімен шақырады екен. К – емес, бізге керегі Б деген соң, амалсыз қайтып келдім. Кезек сенікі екен – деп жымиған екен.

***

Секең ауруханадан кейін де көп емделіп барып енді ғана жұмысқа кірісіп жатқан беті. Жиналып қалған жұмыстарды кезегі­мен кеңесте қарай бастаған. Ол кісінің мұн­дайдағы әдеті жұртқа мәлім. Көп мәселені алдын ала өзі шешіп қояды да, кейде кеңес мүшелерімен ақылдасқандай болады. Сон­дай бір мәселенің тұсында ол құрдасына:

– Мәке, сіз қалай қарайсыз?

– деп қалғаны. Мәкең мұндайда қалжыңнан есесін жібермейді. Әлі түзеле қоймаған Секеңнің бет-аузына қарады да:

– Е, несіне жалтақтайсың. “Аузы қисық болса да, директор сөйлесін” деген заман ғой, тарта бер! –деп сарт еткізді. Екеуінің қалжыңын білетін жұрт мәз болды.

***

Қанекең (Қ.Сәтбаев) қайтыс болып зиялы қауымның қабырғасы қайысыңқырап тұрған сәтте де, Секең досына:

– Қашанғы қазақ қырыла береді. Сенің сағатың келген жоқ па осы, – деп ащылау қалжың айтып салады. Сонда Мәкең сұқ қолын жоғары нұсқап:

– Оны біз емес, анау мықтының өзі біледі. Ол, алдымен, игі жақсыларды алып жатыр. Ендігі жақсымыз сен деп жүрміз ғой! – дейді. Қаумалаған жұрт күлкіден булығып әрең шыдапты.

* * *

Ісмет, Мәулен, Ғайниден үшеуін шақырып қонақ етіп, сөзін тыңдауды әуес көретін шақ. Бір жолы осындай бір бас қосудың сәті түсіп, әдемі әңгіме-дүкен басталған. Талай әңгіменің тиегі ағытылып, отырыс қыза түскен сәтте ақкөңіл де, аңқау Ғайнекең кенет:

–Сонымен қайсымыз бұрын ө

леміз! –деп қойып қалды да, бір жаңалық тапқандай Мәкеңе қарап, жымиды.  – Өзің айтпақшы, ендігі игі жақсымыз Ісмет қой, осы өлсін, — деп қарқылдап күледі. Бір “тауып айтқан сөзім болды” дегендей өзі мәз.  Сол кезде Мәкең:

–Әй, Ғайниден, — деді оны әрең тоқта­тып. – Мұны өлтіріп қайтесің. Одан да екеуміздің біріміз өлгеніміз дұрыс, — деп сәл тоқтады да, — Неге? Өйткені, сен өле қалсаң оның қандай ғып шығарып салатынын білесің бе?  Басында өзіңді өзің танымастай етіп егілтіп сөйлейтіні соншама, табытта жатқан сенің де жылап жіберуің мүмкін. Ал бұл өлсе мұның басында кім сөйлейді. Сен бе сөйлейтін?  Сен не айтасың, сені кім түсінеді. Бұл байғұстың барын жоқ қыласың ғой. Сондықтан ойлан. Жаңағыңды қайтып ал, өлсек, алдымен біз өлейік.

* * *

Бүгінгі ғылыми кеңес  көңілді өтіп жа­тыр. Мұндай отырыстардың түйіні көбінесе Секеңе байланысты. Бүгін ол кісінің көңіл-күйі көтеріңкі екен. Әркімге жылы сөз ай­тып, қалжың тастап, ара-арасында қарқыл­дап күліп те алады. Кеңесте ізденуші С.Тө­лекованың “Алғыс-қарғыс мәнді фра­зеоло­гизмдер” деп аталатын диссертациясы тал­қы­ланып жатқан. Секең ізденушіге қарап:

– Қазақ тілі мұндай сөздерге де бай ғой, соның біразын сен де жинаған екенсің, жөн делік. Ал бұлардың әйелдер мен еркектерге тән түрлерін тауып, жіктедің бе? –деп сұрақ қойды.

– Сонда Мәкең диссертанттан бұрын әлгілерді жымиып тергіштей бастады. Секең сұрағын одан ары нақтылай түсті.

– Мәселен, еркектер а

йтпайтын, тек әйелдерге тән қарғыстар бар, соларды айтам!

–Еркектер “Қырғын тигір!” деп те айта береді – деп Секеңді қалжыңға тартып еді. Сонда Секең жұлып алғандай:

–Мұны Мәкеңнен басқа еркектің айт­қанын естіген емеспін! – деп сарт еткізді. Жұрт ду күлді. Секең мұнымен тынған жоқ, диссертация материалын пайдалана отырып, Мәкеңді тағы бір түртіп кетті. Ол С.Төле­коваға қарап:

– Ал енді бар ғой шырағым, мына жұ­мысты зерттегенде ашқан жаңалығың қай­сы?  Мұны мен ғана емес, осыдан 20-30 жыл өткен соң мына отырған ағаларың да сұрайды. Әрине, ол кезде мына Мәулен мен Ғайниден бола қоймас, ал менің болатыным анық – деп қулана түсті. Сонда манағы ұтылыстың есесін қайырудың жолын іздеп, аңысын аңдып отырған Мәкең, өзі құрған қақпанға аңдамай өзі кеп түскен құрдасына:

– О, жағың қарысқыр! – деді ақырын ғана. Манағы манағы ма, жұрт қыран-топалаң күлкі құшағына енді. Әсіресе, алғыс-қарғыс мәнді сөздер талқыға түсіп жатқанда, мынадай қалжың тіпті жарасым тауып кеткендей еді.

***

Мәкең мен Ғайнекең проферансты жақсы ойнайтын да, ал Секеңнің картаға зауқы соға бермейтін. Дегенмен жиналған жерде ол қауымдасып отыра қап жұртты “Кингоға” жегіп қоятын. Ойын үстінде неше алуан қызықты, әңгімелер, естеліктер кетеді. Сондай бір әңгіменің қызған тұсында, жұрттың айтқ

 

анын бірде естіп, бірде есітпей өз ойымен өзі әуреленіп отырған Ғайнекең тосын килігіп елдің сөзін бұза береді. Әсіресе, Секең айтқан сөздің бірін ұғып, бірін ұқпай, әйтеуір арсалаңдап күліп, көлденеңнен килігіп қоймаған оған “Әй,  Ғайниден, әй, Ғайниден, қойсаңшы енді, сөзге қонақ берсеңші!” деп отырған Секең бір мезгілде мүлде шыдамы таусылып, құрдасына “Әй, құлағыңның  ….  тас керең миымызды жеп біттің ғой. Қоясың ба, қоймайсың ба. Тоқтат!” дейді.

Сонда ол ашуланудың орнына:

– Бұл Сіметті қойсайшы,  екі сөзінің бірінде мені мақтайды да отырады – деп мәз болып қарап тұрады.

Ғайнекеңнің мына қожанасырлығына басқалармен бірге Секеңнің де күлуден басқа шарасы қалмады.

Мәкеңнің директорлығы

Бір жолы Секең Ұзақ мерзімге шетелге сапарға шығатын болады, уақытша директор етіп қалдыратын бір солидный адам іздейді. Әрі ойластыра, бері ойластыра келгенше, Мекеңнен артық ылайықты адам таппайды. Сөйтіп Қанекеңмен /Қ.Сәтбаевпен/ келіседі де  Мәкеңді институтқа директор етіп қалдырады. Бұл тіл мен әдебиеттің бір институт боп тұрған кезі болатын. Жоспарлы жұмыс бұрынғыша өз жөнімен жүріп жатады. Мерзімді уақыты бітіп, Секең сапардан оралады. Аса көңілді алпауыт адам әуелі Мәкеңе /өзінің кабинетіне/ келіп, әсерлерін ұзақ әңгімелейді. Бірақ Мәкең елпектеп, орнынан қозғалып, орындық ұсыну орнына, барынша салмақтана, сыздана тыңдап отырады. Әні-міне дегенше Секең әңгімесін таусып бітеді де ауылдың жағдайын сұрай бастайды. Мәкең болса креслоға жабысып қалғандай директорлық орынды босатар түрі

жоқ. Шыдамы таусыла бастаған Секең енді бірдеңе дей бергенде телефон шар ете қалды. Мәкең трубканы жайлап алады да:

– Ә, Қанекеңбісіз. Ия, ия келді, осында отыр. Жоқ әлі білмейді, айтқан жоқпын. Аптығын бассын уақыт бар ғой. Бәлкім өзіңіз …  Мен-ақ айтайын ба, мейлі, жарайды Қанеке…– деп сөзді тоқтатады. Сөйтіп, стол жиегіндегі шақыртқы кнопканы басып қалады. Сылаң етіп жетіп келген секретаршаға:

– Бізге бір шай келтірші, қалқам. Секең ұзақ жолдан келді ғой, шай ішіп ентігін бассын – дейді барынша салмақпен. Мына жағдайды көріп отырған Секең бір қуарып, бір қызарып, не дерін білмей, ентік баспақ түгілі, енді болмаса жарыларман күйге түседі. Ақыры шыдамы таусылған ол:

– Ия, ал не жаңалық бар, жағдайларың қалай? – дейді.

Мәкең онша мән бермегендей, креслоға одан сайын шалқалай беріп:

– Шай алып отырсаңызшы, Секе?! – деп тіпті сыздана түседі. Бұрын “сен” деп сөйлесіп жүрген құрдасы, енді бүгін “сіз” деп сызыла қапты. Бәрінен де осынысы өтіп барады. Бір өзгерістің барын іші сезе бастағанмен, маналы бері сұрауға батылы бармай отырған Секең, неде болса білейін деген оймен:

– Әй, немене сонда, бірде

ңе болды ма, айтсаңшы – деп еді. Мәкең тіпті одан сайын маңызданып, оң қолын көтерді де,

– Е, батыр, сабыр. Ер жігіттің басына дүниеде не келіп, не кетпейді. Кеше сен, бүгін мен дегендей, алмасып келіп жатқан заман ғой. Сен кеткелі талай өзгерістер болып жатыр. Қазір естисің. Бәрін ақылға жеңдіретін алып адамсың ғой, достым. Сабыр ет! – деген де Секең тіпті түтіге бастады.

– Не боп қалды, соншама, әкесі өлгенді де естіртеді деген, айтсаңшы!

Жұлқына түскен Секеңнің одан сайын дегбірін қашырып, Мәкең үнсіз ғана тағы да шақыртқы тетікті басып қояды. Лып етіпкіріп келген қызға “кешегі,  Қанекең берген бұйрықты әкелші” деді. Ол дереу әлгі қағазды Мәкең қолына ұстата қойды. Өз ойымен өзі әлек боп алабұртып ол қағаздың қандай қағаз екенімен шаруасы болған жоқ. Әйтеуір бір сұмдықтың хабаршысындай оны Мәкең сыйпалап отырды да:

– Достым, ауыр болса да айтайын, не болса да көтеріп кететін нарлығың бар еді ғой тыңда, шыда ия. Сен кеткелі мұнда біраз өзгерістер болып жатыр. Мен бұрын біле бермейді екем. Мына жұмыс маған тіпті қолайлырақ сияқты. Жоспар өзінен өзі жүріп жатыр. Анда санда келетін қағаздарға бұрыштама қойып отыруға да әбден дағдыланып алдым. Өзің білесің, сен сияқты емес, мінезім жұмсақ адаммын ғой. Содан да шығар коллектив те “Мәке, Мәкелеп” маған әбден бауыр басып алды. Ал менің жұртпен бет жыртыса бермейтінім өзіңе де аян емес пе?!  Шамасы Қанекеңе де осы

мінезім ұнаған болу керек, оның үстіне жұмыс та ың-жыңсыз бітіп жатыр. Бір күні мені шақырып алып “Мәке, Сізді біз осы директорлыққа ұйғарып отырмыз?” демесі бар ма. Мен үшін бұл күтпеген жағдай еді. Сасқанымнан “Қанеке-ау, Секең әлі тірі ғой!” деппін. Ол “Секең жөнінде саспаңыз, біраз жыл істеді. Өзіміз айтармыз, түсінігі мол адам ғой” деген соң отырған жайым бар, Секе! Міне жаңалығымыз осы …

Шыдамы әбден таусылған Секең әлгі әшейін қағазды тексеруге де мұршасы келмей, ауыр денесімен апырып-жапырып, кабинеттен ата жөнелді. Сол дауыл кеулеген екпінмен барып, келесі бөлмеде отырған Мүсілім Базарбаевтың /ол кезде директордың орынбасары болатын/ есігін жұлқа ашады да, амандық жоқ, саулық жоқ:

– Сендер бәрің менен құтыла алмай жүр екенсіңдер ғой ә?  Бүлдіруін бүлдіріп, сен де түк білмегенсіп отырсың ба?

Мынадай оқыс әңгімеден шошына түскен Мүсілім:

– Оу, Секе, не боп қалды, ассалаумағалейком, әуелі амандасалықта – дей бергенде, басқа әңгіме құлағына енбей тұрған Секең, одан әрі жұлқынып;

– Не деп отыр, анау Мұрының. Жарыған екенсіңдер директорлыққа. Мұндай мансапқорлығын қарашы, көтін желімдеп қойғандай, орнынан тұрып сәлем де алмайды ғой – деген де барып мән-жайды аңғарған  Мүсекен, шек-сілесі қатқанша күледі.

– Секе, құрдасыңыздың қалжыңын шын көріп қалғаннан саумысыз – деп алпамсадай адамның аңғалдығына одан ары мәз болады. Өзінің қопалдығынан қалжың торына оңбастай түскенін енді ғана аңғарған Секең

кері шорт бұрылды да қойқ

 

алаңдап барып өз кабинетінің есігін қайта ашты.

-Әй, Мұрныңның … тұр былай, Мүйізің қарағайдай болған шығар, босат орынды – деген Секеңнің мына қылығын әжуаға айналдырғанына мәз Мәкең сылқ-сылқ күліп орнынан тұра беріпті.

                        Кісі жұмсау мәдениеті

Секеңнің бойында, мінезінде адамды ойға қалдыратын жайлар мол болатын.

Бір жолы Секеңнің кабинетінде бас қосу болып, жұрт жиналып жатқан. Елдің біразы орын болмай тұрып қалды. Осыны байқаған Секең есік жаққа алаңдап тұрған. Шамасы жұмсайтын адамды іздеген түрі бар. Сол екі ортада қызметкердің біріне көзі түсті де:

– Айналайын, Асқаржан, байқашы, анда кім бар екен! Ел тұрып қалды,    4-5 орындық әкеле қойсыншы! – деді. “Өзің әкел!” деп бұйыра сөйлемеді. Жас жігіттің жұрт көзінше сағын сындырмайын дегендей, сыпайылап қана ишара жасады. Зерделі жанға мұның өзі де өнеге еді.

                        “Совершенно верно!  Қысқарт!”.

Бүкіл Одаққа аты мәшһүр ғалымдар – түркологтар жиналған. Мәслихатты басқарып отырған Секең кезекті шешенге сөз берген. Ол орыс тілінің маманы, әйгілі стилис

 

т, профессор Х.Махмудов болатын. Сурылып сөйлеп сөзді ұзатыңқырап алды. Елдің де, Секеңнің де тағаты таусыла бастады. Хайрекең оған қарайтын емес, қызып алған. Сөзінің арасында “Не так ли, Смет Кенесбаевич?” деп қояды. Келесі бір  “Не так ли – дің ” артынша шыдамы шектен шыққан әлгінде ғана шақшасын шақылдатып бір атым насыбайды тастап алған Секең орысша да, қазақша да түсінікті болсын дегендей “Совершенно верно! Қысқарт!” деді нығарланып сарт еткізді. Орыстар “қуаттап отыр” десе, қазақтар Секеңнің  мына тапқырлығына мәз болып күлісіп алды.

Тіршілікте араласуы мен шүйіркелесуі аз болғанмен, қазақтың қалжыңын қастерлеген қасиеті мол жандар еді-ау деп толғанасың. Бұл адамдардың бойында заманына ылайықты қылықтың бәрі бар еді. Олар бізге осынысымен де қымбат, қадірлі.

Өмірзақ Айтбайұлы

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы

Тіл білімі институтының

Бас ғылыми қызметкері, филология

 

ғылымдарының докторы, профессор,

ҰҒА-ның академигі

 

 

 

 

 

Сондай-ақ, оқыңыз

Шаяндағы Қосым ишан мешіт-медресесінің беймәлім тарихы

Жазушы, Ұлы Отан соғысының ардагері Әдіһам Шілтерхановтың қирап жатқан Аппақ ишан медресесінің қалай мәдени мұра ретінде мемлекет …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған