Адамға Жәбірейіл кеп айтты-лар раз,
Деп айтты: «Хақ әмірі сол – айлағыл қаж.
Хауамен екеуіңді жолықтырып,
Бір Құда күнәйіңді кеше-дүр баз.
Адамның бұл нидаға көңілі толды,
Ортаға әрбір жерге қадам қойды.
Мүбәрак қадамының себебімен
Шаһар мен басқан жері қыстақ болды.
Отырса қайсы жерге қарар алып,
Ол жайлар я бау болды шаһар салып.
Ол уақта Байтул , Мамур – Кағба еді,
Арафат мәнзеліне тұрды барып.
Хауа һәм Арафатқа жақын келді,
Адамға Жәбірейіл кеп хабар берді.
Екеуі бір-бірінің халін көріп,
Көрісіп, құшақтасып жылар еді.
Күнәсін екеуінің кешіп Құда,
Адамға құдіретімен қылды нида:
«Хауамен екеулерің біргелесіп,
Барыңдар Сәрандіптің тауларына».
Алладан хазірет Адам мұны естіп,
Меккеге екеулері қалды кетіп.
Үндістан тарапына бұлар барып,
Сол жайға жайғасты-лар мекен етіп.
Жәбірейіл Хақ әмірімен көктен енді,
Адамға жеті темір алып келді.
«Егіннің аспаптарын істегін» деп,
Ұсталық өнерінен тәлім берді.
Жәбірейіл жәһаннамнан[1] бір от алып,
Адамға «ұстағыл» деп, берді апарып.
Ол отты хазірет Адам шоқтата алмай,
Және де жер астына кетті жанып.
Әлқисса, жеті мәрте сондай етті,
Тозаққа бәрінде де қайтып кетті.
«Я, Адам, темірлерді тасқа ұрсаң,
От шығад, онан ал» деп илһам келді.
Алланың Адам ата әмірін біліп,
Темірден от шығарды тасқа ұрып.
Үйреткен Жәбірейілдің тәлімімен,
Егінге даярланды аспап қылып.
Жәбірейіл Хақ әмірімен жәннатқа енді,
Екі өгіз «жер айда» деп алып келді.
Тағы да бір уыстай бидай беріп,
«Егінді айда, сен» деп үйретер-ді.
Бидайды жерге шашып хазірет Адам,
Аспаптың даяр етті, бәрін тамам.
Онан соң өгіздерді қосқа қосып,
Артынан айдамаққа қойды қадам.
Өгіздер айдағанда жүрмеді әркез,
Ағашпен хазірет Адам ұрды-лар тез.
Сол заман өгіздер һәм тілге келіп,
Адамға осылайша айтты-лар сөз.
Деп айтты: «Бізді ұрасыз неге? – деді,
Өзіңде ақыл-есің болса, – деді.
Өзің һәм дәргаһына болдың асы
Жәннаттан шығармас ед Алла сені».
Есітіп хазірет Адам болды ғамкин,
Өгізге қол тигізбей тұрды-лар шүн.
Жәбірейіл Адамға айтты: «Өгізді айда,
Алланың әмірі осы саған бұл күн».
Өгізге хазірет Адам барды және,
«Жүргін» деп таяқпенен ұрды аңа.
Өгіз һәм жер бетінде аунап жатып,
Алланың дәргаһына қылды нала.
Адамға бұл сөзді айтты Жәбірейіл кеп:
«Өгізді мұнша неге ұрасыз көп?»
Жәбірейіл періштеге Адам айтты:
«Айдасам, бұл өгіздер жүрмейді» деп.
Адамға пәйкул (руһул) әмин айтты және:
«Айтады осылай деп Аллаға саңа.
Бидайды жеме деген әмірін тұтпай,
Адам һәм асы болып еді маңа.
Күнәсін әпу етіп, кештім әнің,
Өгіздің әпу етсін білмегенін.
Екінші бұл өгіздер сөйлей алмас,
Етінің алал еттім, саған бәрін».
Алладан хазірет Адам мұны естіп,
Өгізбен жер айдады, кәсіп етіп.
Арада жеті сағат өткеннен соң,
Бидай һәм пісіп қалды уақыты жетіп.
Бидайды сабанынан ажыратты,
Адамның жемек үшін ләпсі[2] тартты.
Үн қылып, қамыр илеп, нан пісіріп,
«Жегін» деп, Жәбірейіл кеп Адамға айтты.
Әлқисса, айтқанының қылды бәрін,
Жемекке даяр етті тағамдарын.
Мүбәрак Адамға айтты: «Күн батқанша,
Сабыр қыл, пәрмені сол, бір Алланың!»
Сабыр қып, күн батқанша бұлар тұрды,
Нанменен аузын ашып, қорек қылды.
Орнынан екінші күн Адам тұрса,
Қарайып денесінен қан білінді.
Қараса үлкен болып бір лаһзада,
Жапты-лар денесінің бәрін һамма.
«Аллаға асы болып қалыппын» деп,
Көңілінде хазірет Адам айтты және.
Жәбірейіл Адамға кеп айтты мұны:
«Ораза бол күн батқанша үшбу күні.
Әгарда үш күнге ше әдет етсең,
Денеңде бұл қарадан қалмас бірі».
Есітіп ораза болды хазірет Адам,
Кешке шейін жүрер еді ішпей тамақ.
Әр күні денесінен қара кетіп,
Үш күнде таза болды денесі һәм.
«Әйәмфайз» бұл күндердің атын деді,
Мұсаның уақтыға ше парыз боп келді.
Әр айдың он үшінен он бесіне шейін
Үш күнді айтады деп хабар берді.
ОН БЕСІНШІ ФАСЫЛ
Адамның әулетінен есеп алғаны
Адамға бір Алладан илһам еніп,
«Кағбаға қаж қыл» деді хабар беріп.
Үндістан тарапынан жаяу шығып,
Бір жерге жол үстінде жатты келіп.
Адамның сол мезгілде көзі ілінді,
Бір Құда Жәбірейілге әмір қылды:
«Бұл адам мұнда ұйықтап жатқанында,
Сипа, – деп, – арқаларын» Хақ бұйырды.
Жәбірейіл бір Алланың әмірін біліп,
Сипады арқаларын қанат ұрып.
Әуелден ақырға ше әулетінің
Шығарды барлығын һәм әзір қылып.
Ұйқыдан Адам тұрып мұны көрді,
Кеуілінде «бұл қалай?» деп қиял келді.
«Я, Адам, мұның бәрі әулетің» деп,
Жәбірейіл Хақ әміріменен хабар берді.
Аллаға хазірет Адам айтты және:
«Бұлардың көптігінде жоқ-дүр шама,
Я, Алла, құдіретіңмен хабардар қыл.
Дүниеге қайтып сыяр бәрі һәмма?»
Алла айтты: «Кезегімен бәрі келер,
Базысы анасының қарнында-дүр.
Барлығы туылып кеп, тірлік етіп,
Өмірі таусылғандар әнда өлер».
Алладан періштеге пәрмен жетті,
«Адамның әулетіне сап түзетті.
Мұсылман әулеттері оңда тұрып,
Кәпірдің әулеттерін солда елтті.
Оң сапта пайғамбар мен мұрсал нәби[3],
Алдыңғы қатарында тұрды бәрі.
Пайғамбар, әзуәждің[4] барлығынан
Мұхаммед хабиболлаһ тұрды ілгері.
Сол сапта кәпірлер һәм сапын құрды,
Құдайлық дау дауласқан бұрын тұрды.
Күн шығып, күн батысқа жеткенінше,
Барлығын неше қисса бөлек қылды.
Құдіретпен нида қылды тұрғандарға,
«Әләету рабукум» деді Алла.
«Мен сіздің Құдайыңыз емеспін бе» –
Мәнісі деген сөз дүр барлық және.
Оң сапта тұрғандардың әруақтары:
«Сен біздің Құдайымыз» деді бәрі.
«Біз сенің кім екеніңді білмейміз» деп,
Сол сапта тұрушылар айтты бәрі.
Бір Құда «Сәжде қыл» деп етті пәрмен,
Сәжде етті оң жақтағы әруақтардан.
Алланың әмірін тұтып, сәжде етпеді,
Тұрушы сол саптағы әр нешік жан.
Сәждеден руханилар бас көтерді,
Және де «Сәжде қыл» деп илһам келді.
Алланың пәрменіне мойынсынып,
Сәждеге оң саптағы және келді.
Базысы сәжде еткеннің қалды тұрып,
Алланың ғибадатын қиын біліп.
Бұрынғы сәжде етпеген әруақтардан
Қосылды базылары сәжде қылып.
Біреулер екі жол тұрып қалды,
Білмеңіз, бұл істерде хикімет барды.
Екі жол сәжде қылған момын туып.
Сол дінмен бұл дүниеден қайтып янды.
Әуелі сәжде қылмай кейін қалған,
Анадан әуелінде кәпір туған.
Артынан Хақтың әмірін қабыл етіп,
Алланың пәрменіне мойынсынған.
Әуелі сәжде қылды базы пенде,
Екінші сәжде етпеді ипілғанда.
Анадан момын туып, кәпір болған,
Момыннан ұқсамасын ешкім аңа.
Екі жол сәжде етпеді базы бірі,
Болғандар әуел-ақыр кәпір діні.
Ол күні есеп тамам болғаннан соң,
Қағазға бәрін жазды нок сор күні.
Алла айтты, бір мәлекке қылып пәрмен,
Өзіңе бұл қағазды сақтағын сен.
Аманат ақырға ше сенде тұрсын,
Маһшар күн және қайтып ала дүрмін.
Періште разыланып мойынсұнды.
Аузына ол қағазды қойып тұрды.
Бір Құда құдіретімен «тас болғыл» деп,
Және де ол мәлекке әмір қылды.
Сол заман ол періште болды бір тас,
Мәлекте «Хажар әл-әсуат» осы дүр бәс.
Осындай шариаты болған үшін,
Қаж барған тауап етер қылып ықылас.
Мақшарға халықтың бәрі жиылғанда,
Мәлектен ол қағазды алғай Алла.
Мисак күн қандай жауап бергендігі
Қағаздан мәлім болып тұрғай әнда.
Әлқииса, болғаннан соң мисақ тамам,
Ол жайдан жүріп кетті хазірет Адам.
Үндістан жайлауына қайтып келіп,
Хауамен үлпат болды күш боп дауам.
Хауаға Жаппар Құда бала берді,
Әр жылы бір ұл, бір қыз туар еді.
«Егізін басқасына некеле» деп,
Алладан назыл болып, илһам енді.
Алланың хазірет Адам әмірін біліп,
Білдірді әулетіне хабар қылып.
Егізін бір-бірінен ажыратты,
Біреуін басқасына неке қылып.
[1] Жәһаннам /а/ – діни ұғым бойынша, күнәға батқандар дүние салғаннан кейін баратын жер. Аллаға сенімсіздік білдіріп, оған құлшылық етпегендер жаһаннам отында мәңгі жанады.
[2] Ләпсі – нәпсі, құмар болу.
[3] Мурсал нәби – мурсал /а/ – жіберілген; нәби /а/ – пайғамбар.
[4] Әзуәж /а/ – күйеу, әйел.