Білген Шайыр айтады

Адамды жерге тастағаны

Он екінші фасыл

Әмір етті Жәбірейілге хәкімі күл:

«Жәннаттан шығарғыл, – деп, – адамды бұл!»

Һәм және дұшпанының баршаларын

Адаммен бірге қосып дүниеде қыл.

 

Жәбірейіл Хақ әмірімен дайындалып,

Жүрмекке талап етті Адамды алып.

Әуретін жаппақ үшін дарақтардан,

«Жапырағын бергіл», – деді көп тіленіп.

 

Жапырағын һешбір ағаш бермес еді,

Адамға алты жапырақ інжір берді.

«Не үшін жапырағыңнан бересің?» деп,

Інжірге бір Алладан нида келді.

 

Аллаға інжір айтты: «Е, бір уә бар,

Білесің бұл адамдар көп күнәһар.

Тілегін қабыл етіп жапырақ бердім,

Ілгергі рақметіңе айлап назар».

 

Інжірге нида қылды һаийу дана:

«Кәрамат бұл айтылған бердім саңа.

Әуелі гүл шығарып миуа бергіл,

Дарақтың баршасынан бұрын һәмма.

 

Рұқсатсыз берген үшін жапырақ алып,

Құлағың бейнет көрсін һәм бұралып».

Інжірдің басын кесіп жемейді-ләр

Алланың сол әмірі бізге қалып.

 

Бидайды жеген үшін Адам және,

Болды-лар он нәрсеге ол мүптәла.

Әуелі бір Алладан хиттаб болды,

Екінші жалаңаштық болды аңа.

 

Үшінші денелерін қара етті,

Төртінші бір Алладан алыс кетті.

Хауадан бесінші, ажырасып,

Алтыншы дұшпан болып шайтан жетті.

 

Жетінші асы етті оны рахман,

Нәсіліне сегізінші серік шайтан.

Дүниеде тоғызыншы мабуыс болды,

Оныншы бейнет қылды қорлық бірлан.

 

Ауаға бір Алладан хиттаб келді,

«Бұл уақта қайдасың?» деп илһам енді.

«Я, Алла, мен жалаңаш тұрамын» деп,

Хауа һәм қапалықпен арыз етті.

 

Алла айтты: «Бұл істерге неге бардың?

Азғырып Адамды һәм жолға салдың.

Сен қылған күнәң үшін, екеуің һәм,

Жалаңаш күнәһар деп лақап алдың».

 

Хауа айтты: «Мақлұғың уә жаратылған,

Атыңнан қасам айтты сөзге жалған.

Айтар деп өз көңіліме қиял келмей,

Қатеден бұл жұмысты істедім мен».

 

Алла айтты: «Хазірет Адам қылды күнә,

Әуелден себеп болды, сенен мұңа.

Сол үшін он бес істі нәсіп еттім,

Әуелден ақырға ше қыздарыңа.

 

Әуелі қайыз мупас ол мүптәла,

Екінші буаз болып тапқай бала.

Үшінші туар уақта бейнет шегер,

Өлімнен ол бейнеті ащы және.

 

Төртінші отырғызды үйде әні,

Бесінші ерде болды ықтияры.

Алтыншы талақ еркін ерге бердім,

Жетінші кем тиеді рызлықлары.

 

Болғайлар сегізінші ақылда кем,

Кем болғай тоғызыншы діні де һәм.

Оныншы куәлікте кем болады,

Аңа жоқ он бірінші бермек сәлем.

 

Адамдар, он екінші, шаһлық аңа,

Қылмағай он үшінші ғазат және.

Нәбилік он төртінші арам болып,

Бармағай он бесінші ол жұмаға».

 

Тауыстар жәннаттарда жүргенінде,

Алты жүз бар еді-ләр қанат әнда.

Періште қанатының бәрін алып,

Құс мысал екі қанат қойды аңа.

 

Аяғы жаман болды жүргені үшін,

Бұл уақта көрінгендей қылды түсін.

Онан соң жыланды да алып келіп,

Өзгертті ілгеріден әр пормасын.

 

Түйедей төртеу еді аяғы кіл,

Барлығы зүбәржаттан ер-ді жасыл.

Денесі шұбарланған нақыштанып,

Тістері інжу мысал, мүшкі кәб тіл.

 

Қызыл гүл мысалында қарындары,

Мойнының зүбәржаттан ер-ді бәрі.

Артықша бастары да сұлу ер-ді.

Тәусіпі ада болмас, айтып әні,

 

Айтылған суретінің бәрін алды,

Бұл жүрген суретінде жылан қалды.

Аузынан шайтанға орын бергені үшін,

Тісіне һалаһилдің зәрін салды.

 

Жалынға хиттаб етті һаийу дана:

«Сенен-дүр бұл бұзықтық бәрі һәмма.

Аяқсыз денеңменен жерде жүргін,

Топырақты тағам үшін бердім саңа.

 

Алладан періштеге болды илһәм:

«Ажыратқын, бұл ағаштан шашты жылдам.

Жәннаттан тысқары ғып жерге таста,

Күнәһар асылардың баршасын һәм.

 

Алладан хазірет Адам мұны естіп,

Ұстады бір ағаштан парияд[1] етіп.

Бір мәрте күнә қылған себебіме,

Жәннаттан шығармағыл мені елтіп».

 

Мәлекке «шығарғын» деп, илһам етті,

Ажыратып ол ағаштан алып кетті.

Жәннатта бір ағаштан ұстап алып,

Аллаға өтінгені һадден өтті.

 

«Таста» деп пәрмен етті періштеге,

Мәккам[2] ғып бір ағаштан тұтты және.

«Я, Алла, уәде қып ең әуеліңнен,

Шығад деп пайғамбардың бәрі һәмма».

 

Достыңның Нұқ нәби ақы үшін,

Шығармай нәсіп әйла жәннат ішін.

Және де «жержүзіне татса!» деді,

Арызының қабыл алмай ешбірісін.

 

Мәлектер ол дарақтан кетті алып,

Ұстады бір ағаштан және барып:

«Ибраһим пайғамбардың ақы үшін,

Жәннатта қойғын», – деді қатты налып.

 

Алладан «шығарғын!» деп болды илһам,

Зікір етті нәбилердің бәрін тамам.

Ақыры Адам айтты: «Әуеліңнен

Бір достым бар деп едің Мұхаммед нам.

 

Деп едің бір күнәға қадам ұрсаң,

Достымның шәпег қылып атын тұрсаң,

Күнәңді кешемін деп айтып едің,

Сол достың құрметі үшін апу қылсаң?»

 

Адамға нида қылды һаийу дана,

«Достымды араға сап айттың маңа.

Бұл күні не нәрсені тілесең де,

Бермегім ләзім болды сенді саңа.

 

Айтайтын тағдырымды мен білдіріп,

Өзіңді жаратқанда бина қылып.

Әуелде құдіретіммен рада еттім,

Пенделік қылмағыңды жерде тұрып».

 

Алладан хазірет Адам мұны естіп,

Көңіліне аз тәсалла[3] оның жетіп.

«Жәннатқа және қайтып келемін бе,

Пазылыңмен білдір, – деді, – арзу етіп?»

 

Бір Құда нида қылып айтты бәлі:

«Жәнатқа кіргіземін қайта сені».

Адам һәм онан кейін ризаланып,

Жәбірейіл тысқарыға шығарды әні.

 

Мәлекке адам айтты баян айлап:

«Жәннаттан апарасың мені қайда?»

Жәбірейіл Адамға айтты хабар беріп:

«Елтемін әуел өзің болған жайға».

 

Деп айтты Жәбірейілге хазірет Адам:

«Сол жерге қоясыз ба мені дауам?»

Жәбірейіл хабар беріп Адамға айтты:

«Ақырын білмектікке жоқ-дүр шарам».

 

Ауаз ғып, Жәбірейілге хазірет Адам айтты және:

«Барады жолдас болып кімдер маңа?»

Жәбірейіл Адамға айтты: «Жылан, тауыс,

Шайтанмен бара-дүрсің бәрің һәмма».

 

Есітіп, хазірет Адам қайғыланып,

Айтты-лар осы сөзді аузына алып:

«Болмас ед ілгері бұл мехнаттарым,

Дұшпанмен жер бетіне бірге барып».

 

Және айтты Жәбірейілге: «Айтай саңа,

Қойды-лар күнәкерлік есім маңа.

Аллаға асы болып келгенімді,

Білдіріп жер халқына айтпа анда».

 

Жәбірейіл Адамға айтты, қылып изһар:

«Бұл күні сенің қылған күнәһің бар.

Арыш пен жеті ықылым жерлері һәм

Бәрі де мақұлықтардың естіді-ләр.

 

Адамның қапалғы һәдден асып,

Көзінен көп жылады жасын шашып.

Деп айтты: «Я, Жәбірейіл, сабыр айла,

Кетейін періштемен амандасып».

 

Мұны деп, кейін қарап, мойын бұрды,

Періште, мәлектерге сәлем қылды.

Деп айтты: «Періштелер, қош қалыңыз,

Ахуалым менің болды осы түрлі.

 

Қастықпен істемедім мұны әркез,

Білмеген қателікпен ұшырадым тез.

«Бидайды өз пейілімен жеді ғой» деп,

Атымнан ғаибат[4] қылып айтпаңыз сөз».

 

Осындай әр сөз айтып, жылады көп,

Алладан пәрмен болды «тастағыл» деп.

Мәлектер аты аталған асыларды

Жәннаттан тысқарыға шығарды кеп.

 

ОН ҮШІНШІ ФАСЫЛ

Асылардың жер жүзіне түскені

 

Тастады асылардың бәрін һәмма,

Ажырасып бір-бірінен кетті және.

Тауына Сәрандіптің Адам түсті,

Бір тауға Жидда деген түсті Хауа.

 

Ялшының маккумына[5] тауыс түсті,

Деп айтты Асфаханға жылан келді.

Шайтанның мәнзеліне ықтылап көп,

Имамның базылары Басыра дер-ді.

 

Әйіл атты жер деп айтты баз имамдар,

Басыраны базылары қылды ықтияр.

«Ол малғұн түскен жерге белгі жоқ» деп,

Имамның базысының қаулы һәм бар.

 

Арыз етті шайтан лағын бір Аллаға:

«Даярла, отырмаққа орын маңа».

Алла айтты: «Ағырға ше дайын еттім,

Тұрмаққа Кабіл-Зәбіл орын саңа.

 

Және айтты: «Пенделердің Құраны бар,

Мағанда оқымаққа Құран дәркар».

Алла айтты: «Құран оқыр афызың-дүр,

Ән салып, домбыраны тартушылар.

 

Және айтты: «Пенденің бар пайғамбары,

Даярла, құдіретіңмен маған әні».

Алла айтты: «Көп білем деп нужум[6] айтқан,

Өзіңе пайғамбар-дүр оның бәрі.

 

Және айтты: «Пенденің бар үйлері һәм,

Үй керек отырмаққа маған бұл дем».

Алла айтты: «Ақырға ше үйің болғай,

Монша мен жержүзінде болса хаммам[7].

 

Және айтты: «Пенденің бар муазины[8],

Пазылыңмен даярлағын, енді мұны».

Алла айтты: «Азаншы қып саған бердім,

Бас қағып, кепшік дуттар шалса әні».

 

Және айтты: «Жемек үшін тағам берің?»

Алла айтты: «Ауқат жерде атым менің

Зікір етіп, бір мәрте аталмаса,

Серік бол, ырызғың дүр үшбу сенің.

 

Және айтты: «Ішпек үшін шарап бар ма?

Мұны да даяр етіп, бергіл маңа.

Алла айтты: «Ақырға ше шарабың-дүр,

Ішкенде мас қылушы болса һәр не».

 

Және айтты: «Пенделерің мәжіліс қылар,

Мағанда отырмаққа мәжіліс дәркар».

Алла айтты: «Мәжілістес бұл жолдасың-дүр,

Базардың ішіндегі жалғаншылар».

 

Және айтты: «Маған керек бір жақсы ат,

Сол атпен халық мені айласын жат».

Алла айтты: «Халық ішінде аталады,

Дәрежең лайық-дүр сенің – лағынат».

 

Және айтты: «Ау ауласам менде жүріп,

Қандай халық ау болады, маған еріп?»

Алла айтты: «Ақырға ше ауың болғай,

Әр түрлі алдауыңа қатын көніп».

 

Ол айтты: «Әскер керек маған және,

Оны да даяр етіп, бергіл маңа?»

Алла айтты: «Базардағы қатындарды

Бергенмін әскер үшін бәрін саңа».

 

Және айтты: «Мен біреуді мазақ қылсам,

Қасында масқара қып бірге тұрсам».

Алла айтты: «Ашуынан қайтпағанды

Бергенмін, мазағыңа барлығын һәм».

 

Және айтты: «Есек керек жүрсем мініп,

Оны да даярлағыл, мәлім қылып».

Алла айтты: «Бейнамаздар есегің-дүр,

Ықтияр қайда барсаң, мініп жүріп».

 

Ол күні сұрап алған мұның бәрін,

Сол үшін таспир етер айласы әнің.

«Тариха Мұхамәдия» кітабында,

Мәзкүр қып айтқан екен тәпсірлерін.

 

Адамның жәннаттағы һәр не халі,

Ілгері зікір етіліп өтті бәрі.

Мүжмалмен[9] назым етіп жіберейін,

Дүниеге келгендегі оқиғаны.

 

Адамның ұзындығы һәдден өтіп,

Аспанға тұрар еді басы тиіп.

Әрдайым құлақ салып тыңдар еді,

Тәспиғын періштенің пәһим етіп.

 

Періште дұға қылып бір Аллаға,

Алпыс кез ұзындығы болды һәмма.

Хазіреті Адам ата қапаланып,

Кеулінде қайғы-қамы артты және.

 

Адамға артық болды қиын бұл кәр,

Қайғырып, қапа болып жылады зар.

Топыраққа өзін ұрып, аунап жатып,

Басына топырақты шашды-лар.

 

Көз жасы ағар еді артық болып,

Ішер ед түрлі құстың бәрі келіп.

«Тәтті су бұл сияқты көрмедік» деп,

Айтар ед бір-біріне хабар беріп.

 

Бұл сөзден хазірет Адам хабарланып,

Арыз етіп, бір Аллаға айтты налып:

«Көзімнен шыққан жасты құстар ішіп,

Тәтті деп мұны айтты сөз шығарып».

 

Алла айтты: «Жалалымның ақы үшін,

Асылар кеуіліне алып қылған ісін.

Жыласа көз жасымен дәргаһыма,

Сулардың қабыл көрмен әрбірісін».

 

Алла айтты жерде жүрген жануарларға:

«Адамның кеуілін жұбат бәрің һәмма».

Алланың пәрменімен барлық құстар,

Тұрады сап-сап болып барып аңа.

 

Көтермей жатыр еді жерден басын,

Көзінен тамшы-тамшы төгіп жасын.

Айтар ед бір-біріне мақлұқтар:

«Адамның мекен етсек біздер қасын.

 

Алланың боламыз, – деп, – қаһарына кез»,

Тарқасып әр тарапқа кетті-ләр тез.

Олардан мұны естіп, хазірет Адам,

Арыз етіп, бір Аллаға айтты-лар сөз.

 

Деп айтты: «Е, Құдай, һаийу дана,

Аспан, жер тәғна қылды халқы маңа.

Өзіме бұл кемшілік жетпе пе еді,

Сөз қылды жерде жүрген мақлұқ және».

 

Әлқисса, жер жүзінде хазірет Адам,

Еш тынбай жүрер еді жылап дауам[10].

Жәннаттан алып шыққан жапырақтары

Желменен ұшып кетті бәрі тамам.

 

Әуід, әнбар ол жапырақтың аттары бар,

Һәм және мүшкі менен еді әнбар.

Сол үшін өзге шөптен артық болып,

Дүниеде жақсы иіс боп қалды олар.

 

Адамның дүниедегі қайғы-қамын,

Ешбір кім ада қылмас айтып бәрін.

Бір Құда пазылыменен рада етті,

Күнәсін әпу етіп кешпекке әнің.

 

[1] Парияд /п/ – жылау, айқай салу, зар еңіреу.

[2] Мәккам, Мәкәм /а/ – берік, мықты, бекем.

 

[3] Тәсалла – жұбаныш.

[4] Ғайбат  /а/ – кісінің сыртынан айтылатын жалған сөз, өсек-аяң.

[5] Мәккум – иелігіндегі жер, аумақ. Мекен.

[6] Нужум /а/ – жұлдыз, жұлдызшы, астрономия.

[7] Хаммам /а/ – монша.

[8] Муазин /а/ – азан шақырушы.

 

[9] Мүжмәл /а/ – қысқа әрі нұсқа сөздермен баяндау деген мағына береді.

                         [10] Дауам /а/ – жалғасы, үздіксіз, дайым.

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button