Білген Шайыр айтады

Хазірет адамның асы еместігі

Он жетінші фасыл

Атамыз хазірет Адам хал-ақуалы,

Айтылып ілгеріде өтті бәрі.

Мақлұқтың баршасынан абзал қылып,

Өзінің құдіретімен жаратты әні.

 

Бір Құда пәрмен етіп періштеге,

Иіліп сәжде қылды бәрі һәмма.

Хауаны денесінен бина қылып,

Қасында үлфат қылып қойды және.

 

Жәннатта сайран етіп қанша жүрді,

Ақыры бидай беріп, асы қылды.

Қаншама ізет, икрам, үрметінің

Баршасын бір күнәмен барһам ұрды.

 

Базылар естігенде бұл қиссаны,

Айып етер «істеді, – деп, – Адамға оны.

Әгарда ол бидайды жемегенде,

Бейіште жүрер ед, – деп, – халықтың бәрі».

 

Жемеді өз пейілімен бидайды Адам,

Тағыдарда солай еді жазған калам.

Әгарда радасы болмағанда,

Жәннатқа қоймас еді шайтан қадам.

 

Бұл жерде келтірейін бір дәлел сөз,

Қалмасын ешбір шүбә кеуілде әркез.

Жәннатта хазірет Мұса аруақтары

Адамның аруағымен болды-лар кез.

 

«Сізбісіз, – Мұса айтты:  – хазірет Адам?

Сәжде еткен періштенің бәрі тамам.

Алланың жеме деген бидайын жеп,

Жәннаттан жер жүзіне қойдың қадам.

 

Бидайды жемегенде өзің алып,

Қам, мехнат көрмес едің жерге барып.

Өлметен ишаратта жүрер едің,

Жәннатта әулеттерің бақи қалып».

 

Мұсаға Адам айтты: «Қылып ем ләм[1],

Мұса деп сен дүрмісің қойылған нам.

Мастықпен Рабби әрнада дағуа қылып,

Алладан лижтәраны болған илһам.

 

Өзіңе назым болып «Тәурат» енді,

Ішінде Хақтың әмірін хабар берді.

Ол тәурат мен топырақтан жаралмастан,

Көрдің бе, қанша бұрын болған еді?»

 

Мұса айтты: «Жаратпастан сені Құда,

Тәуратты қырық жыл бұрын қылды бина.

Заманым болғаннан соң маған берді,

Бір Құда пазылыменен айлап нида».

 

Мұсаға Адам айтты айлап ызһар:

«Білесің мына сөзді тәуратта бар.

О аса адаму раббәһу деп,

Ішінде ол кітапатың айтылған-лар.

 

Жемедім ләпсім үшін бидайды мен,

Алланың күнә қылдым әмірі бірлән,

Тәураттан ол аятты көріп тұрып,

Һәм және тағына[2] қылып айтар-дүрсің.

 

Есітіп хазірет Мұса сухут тұрды,

Айтылған сөздеріне үзір[3] қылды.

Әбді Әли Буржандида бұл хикаят,

Расулдың қадисінен айтылар-ды.

 

Мұсадан бір хикаят қиссада бар,

Оны һәм білдірейін қылып изһар.

Адам мен Хауа ананың турасында,

Және де бір дәлел сөз айтылсын-лар.

 

Бір күні хазірет Мұса Турға барып,

Рас айтты осы сөзді аузына алып:

«Я, Алла, сегіз бейіш атыраптары

Берік етіп қойылған ба, дауал салып?»

 

Алла айтты: «Бұл жәннаттың диуалдары,

Атырабын абат қылып қойған әні».

Мұса айтты: «Дарбаза һәм қойылған ба?

Я, Алла, хабардар қыл, білдір мені?»

 

Алла айтты: «Дарбазасы бар-дүр және,

Рұқсатсыз кіре алмас ешкім аңа».

Мұса айтты: «Дарбазаның құлпы бар ма?

Мұны һәм мәлім етіп, білдір маңа?»

 

Алла айтты: «Дарбазаның құлпы һәм бар,

Әрдайым құлпы салынып тұрады-лар.

Кірмекке менен рұқсат болмайынша,

Еш мақлұқ кіре алмайды әсілі зинһар.

 

Мұса айтты: «Дарбаны[4] һәм бар ма әнің,

Тұратын ықтият қып есіктерін?»

Алла айтты: «Есігінде күзеті бар,

Әміріме мутиқ болып тұрар менің».

 

Мұса айтты: «Даяр болса мұның бәрі,

Бар болса дарбазаның құлпылары.

Адам мен Хауа ананы азғырғанда,

Рұқсатсыз шайтан ашты нешүк[5] әні?»

 

Мұсаға нида қылды қадір Мәулан:

«Келтірме бұл қиялды кеуіліңе сен.

Бұрыннан өз тағыдырым болған үшін,

Адамды азғырды-лар лағын шайтан.

 

Әгарда өз радам болмағанда,

Жол тауып кірмес еді шайтан әнда.

Әлбетте лажы жоқ, пенде көрер

Тағдырдың кәламында жазса әр не».

 

Мұсаның осы түрлі қылған ісін,

Білдірдім изһар етіп ғибырат үшін.

Кеуілде асылықпен апһаңыздар,

Адам мен Хауа ананың бұл жұмысын.

 

Айтылған неше жерде мұндай нақыл,

Бұл сөзден ғибырат алар болған ақыл.

Ілгері жақсылардың мұндай ісін,

«Қате» деп кеуілге алмақ емес мақұл.

 

Атамыз баршамыздың Адам еді,

Жәннатта әуелінде ләззат көрді.

Оны һәм шайтан лағын көп азғырып,

Көрдіңіз неше түрлі ыза берді.

 

Есепсіз онан бері өтті көп жан,

Азғырды нешелерін лағын шайтан,

Қаншасын атәш иурат[6] кәпір қылып,

Біреуге нақақ орын төктірді қан.

 

Адамнан дұшпандығы мирас қалды,

Ет-тері арасынан орын алды.

Пенденің денесінде қандай жүріп,

Кеуіліне неше түрлі питна салды.

 

Біреуі питнасының дүние еді,

Пенденің оның мейірі көңіліне енді.

Бұл сөздің растығына Шәріп Нияз,

Хазірет Сүлейменнен бір сөз дер-ді.

 

Сүлеймен мұрсал еді, Хаққа расул,

Бір күні қызметіне келді Әзәзіл[7].

Пайғамбар шайтанға айтты: «Пенделерді

Қалайша азғырасың, хабардар қыл?»

 

Ауаз ғып Сүлейменге айтты шайтан:

«Пендені азғырамын әр жол бірлән.

Исаның үмбетінің кеуілін бұзып,

Аллаға серік қосып айта-дүрмән.

 

Мұхаммед үмбетінің ақылын алып,

Қызықтырам кеуілдеріне дүние салып.

Шайтанның дүние іздемек әдеті екен,

Бұл сөзден білінеді пайымдалып.

 

Азғырып ләпсі әміре[8] және тұрар,

Істетіп әр күнәні ырызықтандырар.

Шайтан мен ләпсі залым тілін алып,

Алланың әмірін тұтпай күнә қылар.

 

Базылар тұтып тұрар Хақтың әмірін,

Шүбһәға[9] парһиз[10] етіп ұрмас қолын.

Ілгергі күнә қылған адамдардан

Ешқашан артықтығы жоқ-дүр әнің.

 

Болады бұл адамдар бәлки төмен,

«Төмен» деп ойлағанда ол да жаман.

Кеуіліне ғапылдықпен қиял келмес,

Дүниеден ажал жетіп өлем деген.

 

Бір күні өлер уақты болса жақын,

Дүниенің опасы жоқ, көріп артын.

Кеулінде қайғыланрып отырғай-лар,

Көрген соң неше түрлі аламатын.

 

Отырған адамдардың бірі көрмес,

Айтуға бәрін хабар тілі келмес.

Қаншама қапаланып, қайғырғаны

Өзіне бір азғантай пайда бермес.

 

Өлгенде болатұғын көп аламат,

Баршасын біле бермес еш адамзат.

Кеуіліне төмендегі бұл қиял кеп,

Базысын рада еттім, қылмаққа жат.

 

Пенденің өлердегі қылған ісін,

Білдірдім тәпсілімен әрбірісін.

Дүниеде тәуба етіп, тағат қылып,

Ілгергі хабарланып, білген үшін.

 

Тәубасын Жаппар Құда қабыл етсе,

Дүниеде иманымен пенде өтсе.

Ол жайда болатұғын қатерлердің

Барлығын оңайлықпен аман елітсе.

 

Білмеген адамдарға жол көрсетіп,

Бұл сөзді айтқан үшін зікір етіп.

Маған да оңайлықты нәсіп еткей,

Қатердің өлердегі бәрі кетіп.

 

Ілгергі бұл кітаптың айтылғаны,

Дүниеде болған іс-дүр тамам бәрі.

Өткеннің қикаясы болған үшін,

Назым етіп, оңай еді айтпаққа әні.

 

Көзімен көрген емес ешбір кісі,

Тайғақ жай тайдыратын болған үшін,

Айтпаққа әр адамның келмес күші.

 

Айтпасам болған істі өлер халде,

Білмегі қиын болар әммелерге.

Хақ өмірін білмегендерге хабар бермек,

Бірі-дүр осы діннің кітаптарда.

 

Және де ишан, сопы ойлаған жат,

Қылмаса әмірі марғруп әр адамзат.

Наһиден[11] хабар беріп қайтармаса,

Деп айтад: «білгендерге бұл қиянат».

 

Пайғамбар қадисінде хабар берді:

«Әлілме ләйәби қалу минһу» дер-ді.

Ілімді өзің білген басқаға айтпай,

Бақылдық қылмағыл деп айтқан еді.

 

Кітаптан бұл сөздерді оқып көріп,

Қорқынышы қияметтің көңіліме еніп.

Ақырдың ахуалатын әммелерге

Айтпаққа талап еттім, хабар беріп.

 

Адамдар хабарланып ақыр халін,

Дүниеден кетпей тұрып қылса қамын.

Ақырдың дәрежесін олар тапса,

Бұл айтқан себеп болып сөзім менің.

 

Осындай үмітпенен алдым қалам,

Ойлаған көңілімдегі бұл бір мүддәм.

Айтушы қатарында атым жазса,

Бір Құда өз пазылымен айлап кәрам.

 

Мүбәда қателікке тілім барса,

Не көңлім мәнісіне жетпей қалса.

Бір Құда өзі пазылымен әпу қылғай,

Сөзімнен сәһу қате пайда болса.

[1] Ләм – сөз деген мағынада.

[2] Тағына /п/ – әжуа, мысқыл; күлкі.

[3] Үзір  /диалект/ – 1) тілек, өтініш; 2) назды, кәделі алыс-беріс.

[4] Дарбаны – қақпашысы.

[5] Нешүк – не үшін.

[6] Әташ иурат (аташпараст) /п/ – отқа табыну.

[7] Әзәзіл – 1. Шайтан, ібіліс тәрізді қаскөй рух; азғырушы, алдамшы.

[8] Әміре – серік.

[9] Шүбһа /а/ – шүбә, күмән; дінге сенбеушілік.

[10] Парһиз, парһизкар /п/ – ұстамды, салмақты, тәрбиелі.

 

[11] Наһи – тыйым.

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button