Білген Шайыр айтады

Хазіреті Бибі Хауа ананың жаралғаны

Оныншы фасыл

Адамның мәртебесі һадден өтті,

Мұқарраб періштелер қызмет етті.

«Бір ерік өз жынысымнан болса екен» деп,

Мүбәрак қатеріне[1] қиял жетті.

 

Мұны айтып хазірет Адам ұйықтап қалды,

Солынан бір қабырға тартып алды.

Қабырға хақ әмірімен үлкен болып,

Адамның мысалындай суретленді.

 

«Хауа» деп ол суретке қойды-лар нам,

Артықша сұлу болды беттері һәм.

Жәннаттың һулләсінан киіндіред,

Хауаның денесінің бәрін тамам.

 

Жеті жүз бөлек еді шаштары оның,

Бейіштің жақұтының тізген бәрін.

Төсектен хазірет Адам бас көтерді,

Кетіріп көздерінің ұйқыларын.

 

Жанында өзі мысал біреу көрді,

Ынтығып мұхаббаты көңіліне енді.

«Я, Алла, мен сияқты қандай жан?» деп,

Арыз етіп дұға етіп қол көтерді.

 

Алла айтты: «Сенің үшін қылдым әні,

Хауа деп қойылды-лар есім-намы.

Екеуің біргелесіп жұпты болғын,

Өзіңе келіп тұрар қосылғалы.

 

Адамның Хауа анаға ишқы кетті,

Кеуіліне мұхаббаты һадден өтті.

«Хауаға мәһирін[2] беріп, жақындас» деп,

Адамға қадір Құда пәрмен етті.

 

Арыз етіп, Адам айтты: «Хақ тағала,

Хауаның меһирн бер деп айттың аңа.

Мәһиріне қандай нәрсе бере-дүрмін?

Ақуалым әуелінен мәлім саңа».

 

Алла айтты: «Достым аты – Нұрмұхаммед,

Жиырма жол рухына айт салауат.

Сауабын Хауа анаға бағыштасаң,

Мәһирінен құтыласың үшбу пұрсат».

 

Шаттанды мұны естіп, хазірет Адам,

Расулдың салауатын қылды тамам.

Періште, мәләйіктер барлығына

Әмір етіп, «жиылсын» деп, бұйырды ол дем.

 

Есепсіз періштелер көп жиылып,

Жауһарлар шашар еді шашу қылып.

Адамға Хауа ананы жұпты қылды,

Сол жерде құтпа оқып, неке қиып.

 

Алла айтты: «Илһам қылып Хауа анаға,

Тағамның нәсіп еттім бәрін һәмма,

Бидайдың мәуесінен тыйдым сені,

Жақындап бар ма деді әркез аңа».

 

Хауа да Хақ әміріне мойынсынды,

Екеуі үлфәт болып бірге тұрды.

Жәннаттың неше түрлі сайрандарын

Әр дайым сайран етіп һәм жүрер еді.

 

Екеуі қай мәнзелге барса-лар тез,

Алдынан бидай ағаш болады кез.

«Алланың бізге тыйған дарақы» деп,

Жақындап бармас еді аңа һәркез.

 

Бұл дүние есебіне қарағанда,

Бес жүз жыл дәурен сүріп жүрді онда.

Адамның жерде көрген өмірлері

Жарты күн есептелер бұл жаһанда.

 

Бейіште Хауа, Адам ізет көрді,

Кеуіліне еш қайғы-қам келмес еді.

Рәнуәйій лағынет болып қуаланған

Шайтанның хикаясын айтай енді.

 

ОН БІРІНШІ ФАСЫЛ

Шайтан лағынның Хауа ананы азғырғаны

 

Әзәзіл асы болып жерге түсті,

Ойлар ед айламенен әр бір істі.

Ойлады: «Адамды да асы қылам,

Қылдырып напармендік[3] бір жұмысты».

 

Есітті шайтан лағын хабарланып,

«Жеме, – деп айтқандығын, – бидай алып».

Қаншама машақатпен бейнет етіп,

Ақыры жетті аспанға шықты барып.

 

Жәннаттың есігіне барды жетіп,

Қараса құлпы салған мықты етіп.

Ішіне кірмегіне лаж болмай,

Үш жыл отырды-лар ол күзетіп.

 

Есіктен бір күн көріп тауыс келді,

Намаз ғып Ібіліс лағын отыр еді.

Бір әзиз пенде екен деп алдына кеп,

«Не үшін отырсыз?» деп сәлем берді.

 

Ол айтты: «Мен мұқарраб пенде-дүрмін,

«Пендеге орын бар деп тағат қылған».

Есітіп, көрмек үшін келген едім,

Бір мәрте есік ашып көрсеткін сен.

 

Мен соған тәлім берем бір нәрсені,

Жәннаттан шықпағайсың қылсаң әні.

Һәм және ақырға ше каәрі болмай,

Денеңнің кеселдері кетер бәрі».

 

Шайтанға тауыс айтты қылып изһар:

«Бұл сөздің растығына не дәлел бар?»

Ібіліс айтқан сөзін растамаққа,

Қаншама қасам айтып, ант ішті-ләр.

 

Шайтанға тауыс сонда айтты-лар сөз:

«Бұл жұмыс өз қолымнан келмес әркез.

Ішкері жылан атты серігім бар,

Онымен ақылдасып келейін тез».

 

Ішкері жыланға еніп тауыс келді,

Шайтанның айтқан сөзін хабар берді.

Малғұнның қасам ішіп айтқандарын,

Оның да тәсір етіп, көңіліне енді.

 

Екеуі тысқарыға шықты және,

Сөйледі ілгері айтқан сөзді һәмма.

Және де қасам ішіп айтқаннан соң,

Жылан да рас біліп, сенеді аңа.

 

Шайтанға жылан айтты: «Е, брәдар,

Ырзуанмен есік баққан мәләйік бар.

Олардың барлығынан мен жасырып,

Көрсетпей кіргізбегім ер-ді дишуар[4].

 

Жыланға шайтан айтты: «Аузыңды ашып,

Бір лаһзә мен кіргенше тұрғын басып.

Жәннаттақ бұл айламен дақыл етсең,

Көрейін бір мәртебе болса нәсіп».

 

Шайтанның бұл айтқанын қабыл көрді,

Аузынан ол кірмекке орын берді.

Ол малғұн осы түрлі айламенен

Ешкімге көрінбестен ішкері енді.

 

Жәннатқа бұл айламен кетті кіріп,

Тұрды-лар періштелер мұны біліп.

Бір Құда мәлектерге нида қылды,

Өзінің құдіретімен илһам қылып.

 

Деп айтты: «Бұл малғүнға тиме зинһар,

Әуалда рада[5] еткен үкімім бар.

Мәлектар бір Алланың әмірін тұтып,

Шайтанды жәннат ішіне жіберді-ләр.

 

Адам мен Хауа анаға шайтан барып,

Жылады ғамкин болып, бек зарланып.

Шайтанның жылағанын сауал етті,

Бұл іске хазірет Адам қайран қалып.

 

– Жаратты құдіретімен ағзаңызды,

Хауаны өз жынысыңнан пайда қылып.

Жәннатта сәйір еткізді екеуіңізді…

 

Сіздерден бұл дәулетті Алла алып,

Жәннаттан қуады-лар һәм шығарып.

Өлтіріп, бір-біріңнен ажыратар.

Жылаймын соның үшін мұнша налып.

 

Есітіп хазірет Адам қайғыланды,

Қай түрлі қыламын деп кеуіліне алды.

Адамның қиял еткен пейілін біліп,

Ол малғұн осы түрлі сөз шығарды.

 

Деп айтты: «Періштелердің сәруәрі сен,

Мен сенің тіпті жақын досың-дүрмін.

«Халид» атты бір дарақтан жесең миуа,

Сіздер еш ажырамайсыз бұл дәулеттен».

 

Тұрады хазірет Адам қиял етіп,

Тауыс һәм сол мезгілде келді жетіп.

Адамның «көрсет» деген сөзіменен

Бидайдың миуасына барды ертіп.

 

Түбінде отыр еді шайтан лағын,

Айтар ед ол дарақтың тәусіпларын[6].

Бидайды адам танып, зікір қылды,

Алладан рұқсатсыз болғандарын.

 

Адамға бұл сөзді айтты шайтан және:

«Айтқан жоқ жемегін деп Аллаға саңа.

Миуасын бұл дарақтың жегендерді

Жәннатта бақи қояр бәрін һәмма.

 

Сіздерді тұрғызбасқа рәуа етіп,

Айтқан-дүр жеместікке сөз көрсетіп.

Бидайдың дарағынан миуа жесең,

Жәннаттан шығармағай сізді елітіп».

 

Хауаның пейілі кеткен кеуілін білді,

Қасам қып жетпіс мәрте ашты тілді.

Миуа һәм һадден артық түрленер ед,

Реңделіп тұрар еді неше түрлі.

 

Хауаға шайтан айтты: «Әркім бұрын,

Миуасынан үзіп алып жесе бірін.

Әркімнен мәртебесі артық болып,

Арттырар сұлулыққа Алла түрін.

 

Бұл сөзге Хауа ананың кеуілі нанды,

Пышақпен үш миуасын кесіп алды.

Қан шығып кескен жерден аққаннан соң,

Хауадан қыздарына мирас қалды.

 

Алғанның бірін Хауа өзі жеді,

Адамға екі миуа алып келді.

Мираста ұғыл-қызға екі хисса,

Болмақтық сонан қалған рәсім еді.

 

Хауаға бұл сөзді айтты хазірет Адам:

«Неге сен бұл бидайдан жедің тағам?

Біздерге рұқсат етпей қойып еді,

Бір Құда бұл миуаның бәрін тамам».

 

Хауа айтты: «Бір Құданың рақметі көп,

Пазылынан үміт еттім кеше ме деп.

Екеуін соның үшін сізге әкелдім,

Тәтті екен, көріп едім біреуін жеп».

 

Айтқанын қабыл көрмей Адам тұрды,

Ілгергі Хақтың әмірі ойландырды.

Жәннаттың мас қылатын шарабынан

Адамға бір кесесін даяр қылды.

 

Шарапты хазірет Адам ішті алып,

Мас болды сол уақытында есін танып.

Хауаның қолындағы миуаларын

Аузына жемек үшін көрді салып.

 

Бидайдың тәттілігін паһим[7] етті,

Мазасы[8] алқымынан төмен етті.

Сол заман үстіндегі һулләлары

Үстінен барлығыда түсіп кетті.

 

Басынан тәжі ұшты, құс – мысалы,

Перделер – тырнақ мысал, кетті бәрі.

Қол-аяқ, саусақ сорда тырнақтарын

Көрсетіп нышан үшін қойды әні.

 

Кемерін Жәбірейіл кеп белден алды,

Киімсіз екеуі де үрпән[9] қалды.

Алланың дәргаһынан ұялғанынан

Паналап әр ағашқа адам барды.

 

Ағаштар кетер еді онан қашып,

Жүрер ед хазірет Адам қатты сасып.

Шашынан Ән-әм ағаш қатты тұтты,

Қасына барғанында жақындасып.

 

Адамға нида қылды қадір Мәулан:

«Қашпаққа ойлайсың ба дәргаһымнан?»

Арыз етіп, Адам айтты бір Аллаға:

«Қашпаймын, бәлки сенен ұяламын».

 

Ән-әмға хазірет Адам айттылар сөз:

Шашымды қоя бергін, қашайын тез».

Ол айтты: «Хақ әмірімен ұстап тұрмын,

Қаһарына қоя берсем, болармын кез».

 

Онан соң хазірет Адам «әл-аман» деп,

Алланың дәргаһына өтінді көп».

Я, Адам, қайдасың деп нида келді,

Құданың құдіретімен бір илһам кеп.

 

Аллаға хазірет Адам айтты хәлін:

«Байлаулы бұл ағашқа шашым менің.

Жалаңаш тұтқын болып тұрғанымда,

Ажыратып кәраміңмен[10] өзің алың[11].

 

Алла айтты: «Не пәрмендік қылдың маңа,

Сол үшін пәришандік болды саңа.

Бұл сөздің жауабына ажыз болып,

Қайғырып, бір аһ ұрды Адам және.

 

[1] Қатеріне /ж.с/ – ойына, санасына, қаперіне.

[2] Мәһір – неке кезінде зайыбының қалауы бойынша берілетін сыйлық.

[3] Напәрмен /а/ – әмірсіз, бұйрықсыз, жарлықсыз.

 

[4] Дишуар /п/ – қиын, ауыр, азапты.

[5] Рада /а/ – жағымсыз.

[6] Тәусип – сипаты.

[7] Паһим /а/ – түсіну, пайымдау, ойлану.

[8] Мазасы – тәттілігі, дәмділігі.

[9] Үрпән – мәтін бойынша «жалаңаш» деген мағынада.

[10] Кәрам /а/ – 1. Қолы ашықтық, ақ көңілдік, кек сақтамаушылық. 2. Игілік, адамгершілік, бекзаттық.

[11] Алың /ж.с/ – алғын.

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button