Сыр-сұхбат

Мергеннің он бесі және Сақыпжамал

Мерген атаның келіні 76 жастағы Күлән Сейілова: Қазіргі күнде бірге туғандардың арасында бауырмалдық азайып барады. Осыларға ой салайын деп, ашаршылық кезінде аталарымның балалар үйінен 15 баланы асырап алып, Сақыпжамалдай апамды екі баласымен бауырына басқаны жайында айтып берейін.

-Мен келін болып түскенде енем Ұлбала осы жайды айтып отырушы еді. Детдомнан 15 бала асырап алған  атам ертерек дүниеден өтіпті, Ал атамның асырап алған балалары жетпісінші жылдары енем дүниеден қайтқанға дейін қатынасып тұрды. Әлі де олардан қалған ұрпақтарының хабарын естіп қалып жатамын.  Қайда жүрсе де, әйтеуір аман жүрсін.

Отызыншы жылдары  Сыр бойынан ағайынды Сәдуақас және Мерген Нұрымбетовтер отбасымен Оралға ауып барған екен. Енемнің айтуынша, келген бетте босқындарды жинап, тасқалаға қамауда ұстайды. Ондағы үш жүздей адамның  біразы аштан өліп, саси бастайды. Ақырында  тірілерін қамақтан шығарып жібереді. Осы кезде жүруге жарайтындары Ташкентке баратын  поезд туралы естіп, жол бойына қарай  жөңкіледі. Содан отарбаға отырып бірнеше күн дегенде Ташкентке жетеді. Жол бойында, атамның інісі алдын ала хабарын естіген болу керек, қарсы алады. Енем: «соңғы құртты сорып  зорыққан, аштықтан теңселіп тұрған біздерге шырақжан қолындағы бөтелкеден су ұрттатты. «Тоя ішсең өліп қаласың, аздап әлденіп ал» деп ыдысқа созған қолымызды қайырып, үйіне алып келді.

Екі-үш күн әлденіп, күш жинап алдық. Ерте көктемнен мақтаға шықтық. Жаспын ғой, қайратым бойымда тынбай еңбек етіп, «озат» атандым. Оған азық, бөз береді. Біртіндеп қазанымыз толып, әлдендік. Сөйтіп жүргенде  Шырақжан жүгіріп келді. «Біздің елден босып келген 15 баланы басқа жақтың детдомына әкеткелі жатыр. Соларды алып келсем ренжімейсің ба?» деді. «Неше бала болса да алып кел, ренжімеймін» дедім. Содан топырлатып бәрін үйге алып келді. Баларды  «Мергенұлы»  деп  атына өткізіп алды. Қобыраған қағаздарын реттеп, маған тығып қой деп тапсырды.  Бірінде  сорпа қайнатып, екіншісіне көже пісіріп, күніне екі қазан тамақ істеймін. Балалардың ересектері қозыпая алып келеді. Үпір-шүпір болып тірлігіміз қайнап кетті. Шырақжан бір қызметте екен, табысы бар. Бір күні қызметіне  бара жатса ағаштың көлеңкесінде жылап отырған екі сәбиі бар келіншекті  көреді. Жетімге жаны ашып жөн сұраса: «баратын жерім жоқ, көке» деп көзінің жасын бұлайды ғой.  Жүре ғой, деп оны да үйге алып келіп, жақындағаннан  «Ұлбала,  мыналарды да алып келдім, ренжімейсің ба?» депп дауыстайды. Жүрегі кең енем қайдан  қарсылық білдірсін. Он сегізге енді толған жас келіншекті жатсынбай, екі баласына  тамақ беріп бауырына басады.  Келіншектің де жоқ құжатын туралап, атына аударып, заңымен реттеп  қояды. Өз атын өзгертіп, Сақыпжамал деп атайды. Күз түсе, балалардың алымдыларын таңдап, жетеуін бірдей оқуға береді. Мұғалімдіктің оқуына Сақыпжамалды да қосады. Содан Сақыпжамал оқуын бітіріп, қолына қағазын алғаннан кейін, бар баласын шұбыртып  атамыз елге жиналады.

Келсе, Оспан деген інісі ауылсовет екен. Ол бір қойын бауыздап, жақын маңдағы Аққұм, Ақарық, Шаған деген жердің  жасы үлкен қарттарын шақырып құран оқытып жібереді. Артынан жағдайды түсіндіріп, мына балалардың жақын-жегжаттары табылар ма екен деп ақылдасыпты.

Сол жиында Сақыпжамал да қазан-табаққа араласып жүріпті. Үйге кірсе де шықса да бір кісінің өзінен көз алмай қарап отырғанын байқап енеме айтыпты. –Е, оны құдай айналдырсын, қайтесің елең қылмай тірлігіңді  жасай бер дейді. Ел тарқарда, «Қожеке қызыңды шақыршы» деп, әлгі шал өтініш айтады. Сақыпжамалдан әкеңді білесің ба деп сұрайды. Сақыпжамал: «Білемін,  Ырысмахан, таздардың қызымын» дейді. Сонда шал орнынан ұшып тұрып,  қалбалақтап атамызды құшақтап: «Қожеке, аруағыңнан айналайын, мен мұны өліп қалды ма деп жүр едім» деп жылап жіберіпті. «Қызымды алып келген аяғыңды жалайын, өзің қойған атын да фамилясын да өзгертпеймін!» депті. Ырысмахан Аққұмда тұрады екен. Бес-алты күннен кейін сәлем-сауқатын әкеліп, қызын  жиендерімен қосып алып кетеді. Сақыпжамал апамыз Аққұмда көп жыл ұстаздық етті. Қыздарын да оқытты. Қазір олар өзімдей  кемпір, бірі мұғалім, екіншісі акушерлік оқыды. Бірі -Тасбөгетте,  бірі – қаланың ішінде отыр. Сақыпжамал апамыз аласапыран заманда туыстарынан көз жазып қалса керек. Бойжетпей жатып, біреудің босағасын аттап, қиянат көрді ма кім білсін?!

Атам 1952 жылы қайтыс болды. 1964 жылы енем қатты ауырды. Баласын шақырып алып, «Бір ауырғанда кетіп қалармын. Саханжанды  алып келші, екі қызды да қалдырма» деді. Маған палау істе деп өзі екі тауықты сойып берді. Содан қыздары  келіп көңілі жайланған соң, әңгімесін бастады.

-Саханжан сен ренжімесең,  мына екі қыздың алдындағы борышымнан  құтылып,  ана ауылға адал барайын. Құдайға аян, мойныма қарыз болмасын,  әкесінің атын да,  барын да айтайын» деп алдымен қыздардың шешесінен рұқсат алады. Алдын ала сұрастырған болуы керек, екі қыздың әкесінің атын, тұратын жеріне дейін көрсетіпті.  Бірақ, қыздар әкелерімен қатыспады. Сақыпжамал апамыз мұғалім болып қызмет етті, анда-санда келіп, көйлек-көншек, матасын, қант-кәмпитін алып келіп тұратын. Ажал ғой, енемнен бұрын дүниеден өтті.  Енем: «Бижан деген баламыз ғана қаттылау болды, сол ғана қатынамады» деп отырушы еді. Сол жолы он бес баланың бірсыпырасының жегжаттары табылып, иелерін тауып кетті.

Ал заманның түзелгені бертінде ғана ғой. Ата-енеміз кетіп, өз балаларымызды тәрбиелеп,  тірлік ете бердік. Бірақ есігім құлыпталған жоқ.    Байқоңырда үлкен қызым  тұратын. Ресейден там беріп жатыр дегенді естіп, бұл да құжаттарын жібереді ғой. Басқалармен еріп, Озерск қаласына да барады. Алтыншы сыныпта оқитын  қызына қарап мен отырдым. Бір барды, екі барды. Тағы бір барғанында құжат қабылдап жатқан қыз, қызымның фамилиясына қарап: «Мергенов деген депутат кіміңіз?» деп сұрайды. тосылмастан, әкемнің інісі, менің ағам дейді қызым.Аржағын қазбалап сұрамай, үйдің бар құжатын үш  сағатта даярлап қолына ұстатады.  Шынымен де, сол жердің депутаты Мергенов қазақ екен. Жақын танысуға батылы бармайды. Сол жерден алған үйін сатып жіберіп үйге қайтады.

Ол депутат он бес Мергеновтың бір жұрыншағы ма, әлде әруақтар риза болып, Мерген атымен шарапатын тигізді ма, кім білсін?!

Дайындаған Айгүл УАЙСОВА

Таңбалар

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз

Жабу