Ясауи мұрасы

Рәбия сұлтан бегім кесенесі

ХV ғасырдың сәулет ескерткіші, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің іргесінде, 50-60 метрдей жерде орын тепкен көк күмбезді Рәбия Сұлтан Бегім кесенесі – «Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті орындары» ретінде ерекше қастерленетін мұрамыз ретінде сараланып отыр.

Оның құлпытасына: «Бұл – құдіретті Әмір Темір Көрегеннің ұлы, азапты ажалдан қаза тапқан, құдіретті ұлы сұлтан Ұлықбек Гураганың қызын, құдай кешіріп, рақымшылық жасаған, ізгі жанды Рәбия Сұлтан бегімнің тыныштық тауып жатқан жері» деген жазу қашалып жазылған.
1394 жылы 22 нау­рыз күні дүниеге Мұхаммед Тарағай деген бала келді. Кейін оған Ұлықбек деген лақап ат беріледі. Оның әкесі Шахрух Темірдің үшінші баласы еді. Шахрух біраз уақыт билеуші болып, кезінде ғылымның өркендеуіне үлкен қайырым жасаған кісі. Ұлықбектен сәл кейін өмір сүрген ақын Әлішер Науаи ол туралы: «Сұлтан Ұлықбек, Әмір Темірдің әулеті, дүниеде теңдесі жоқ патша болды. Оның туысқандарының бәрі о дүниеге сапар шекті. Оларды қазір кім біледі? Ал Ұлықбек ғылымға қол созып көп нәрсені игерді. Ол десе аспан төмен түсіп, жұлдыздар жақын келер еді. Оның ашқан заңдары мен ережелері дүниенің ақырына дейін әр уақытта адамдар кәдесіне жарай береді…» деп жырлайды.
Ал Әзірет Сұлтанның кесенесі жанынан мәңгілік мекенін бұйыртқан Рәбия Сұлтан Бегім кім? Қазақтың белгілі жазушысы Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясында Рәбия Сұлтан Бегімнің сұлулығын былайша сипаттайды: «Әсіресе, ортада келе жатқан, бүкіл Дешті Қыпшақ жеріне әйгілі, «Ортеке» деп ат қойылған күлсары сәйгүлік мінген жас әйел таңғажайып салтанатымен анадайдан-ақ көздің жауын алады. Астындағы сәйгүлік жүйрігінің ат-әбзелі, жүген-құйысқаны, өмілдірігі – бәрі сары алтынмен апталған. Әйелдің үстінде алтын жіппен зерлеген сарғылт, дүрия қысқа шапан, басында сүйір ұшты құндыз бөрік. Шалбарының етегі де алтын оқамен дәріптелген. Кеудесіндегі гауһар таспен безелген алқасы көзді шағылыстырып күн сәулесімен ойнайды. Алыстан-ақ бұл әйел қалың көкпек арасындағы сарғалдақтай көзді тартады. Өзі де мейлінше сұлу, жаңа туған ай секілді жіңішке қасын сүрмелеп тастаған. Ұзын шаштарын жиырма-отыз сала етіп, ұп-ұсақ етіп өрген. Бір өзінің түр-келбеті бүкіл әлемге сән бергендей осынау салтанатты әйелді көрген адам «бұл жалғанда мұндай жан жаратылмас» деп ойларлық. Бұл – Әбілқайыр ханның төртінші әйелі, атақты ғалым – Самарқанд ханы Ұлықбек мырзаның қызы Рәбия Сұлтан бегім сұлу еді».
Атақты Әмір Темірдің ұрпағы Дешті Қып­шақтың ханымына қалай айналды дегенде, тарихшылардың мындай дәйегі бар. Темірдің немересі Ұлықбек 1449 жылы өз ұрпағының өкімімен шахид болып, Маурраннахрда билік үшін тартыс басталады. «Көшпелі өзбек-қазақ ұлысы» деп аталып жүрген мемлекеттің басшысы Жошы ұрпағына жататын Шайбани әулетінің өкілі, Дәулет Шайхының баласы Әбілхайыр ханның әскери қолдауымен Сұлтан Әбу Саид Ұлықбектің тағын алады. Осы оқиғалардың соңынан Рәбия Сұлтан Бегім Әбілхайыр ханға ұзатылады.

 

Айгүл УАЙСОВА Астана ақшамы газетінен алынды

Таңбалар

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз

Жабу