Басқы бет / Ғақлиат / Дінаралық татулық

Дінаралық татулық

Адамзаттың мамыражай тыныштықта бақытты өмір сүруіне дүние молшылығы, отбасындағы татулық және ұлтаралық жарастықпен бірге, дінаралық татулықтың да ықпалы ерекше.  Мемлекет тұрғындары бір  ұлттан ғана құралмайтындығындай бір дінді ұстанатындардан да құрылмайды. Демек, біз   қалаймыз ба, қаламаймыз ба, мемлекет аумағында, елді мекенде, бір қалада, тіпті бір шаңырақ астында (көп этажды үйде) бір емес әртүрлі дін ұстанатын  бауырларымызбен бірге тұрамыз. Осы жағдайда пенде өзінің діни сенімімен шектелмей, басқалардың да діни сеніміне түсіністікпен, сыйластықпен қарауға міндетті. Қазіргі техниканың дамыған, шарықтаған дәуірінде, жер жүзінде, адам аяғы баспаған, ұлтарақтай жер қалмауымен бірге, қажеттілік, танымайтын, білмейтін елдің тұрғындарымен жақын араласып, аз уақытқа болса да бірге тұруға мәжбүрлейді. Осы тұрғыдан адамның  барлығы, тегі бір, бауыр екендігін ескеріп, бір-бірінің өзгешеліктеріне, ұстаған дініне қарамай сыйластықпен татулықта болуы заман талабы. Жаратушы жалғыз Алла, құлы Адам (ғ.с.) жаратып, оған өзінің құдыретін, ұлықтайтын құлдық тағат-ғибадаттың жолдары мен ізгі  қасиеттер үйретіп жиынтық түрде «адамгершілік» деп атады. Пендені осы өмірде сауапқа жетелейтін амалдарды – халал, ал күнәға себептерін – харам деген атқа топтастырды. Оның  жағымды, не жағымсыз  әрекеттерін  саралауды үйрететін ілім – дін. Дін – үкім мен  халал амалдардың атқарылуын құптаса, харамнан тыяды. Харамнан тиылмай өзіне ширк қосқанға дейін төмендеп, күнәға батқан қауымды дұрыс жолға салу үшін Алла әлсін-әлсін пайғамбарлар жіберген. Бұл жөнінде, қасиетті Құранның: «Бақара» c. 213-а: «Адам баласы бір-ақ үмбет еді. Алла (сауап және пейішпен) қуантушы, (азап пен тозақтың хабарын) ескертуші пайғамбарлар жіберді. Олармен бірге адамдар арасында келіспеушілік жағдайлар болғанда, турасын тауып, дұрыс шешімге келулері үшін хақ жолды көрсетуші кітапты түсірді. Бірақ, кітап  иелері өздеріне ап-ашық дәлелдер келгенмен бірін-бірі күндеп, кітап жөнінде келіспеушілікке барып, талас-тартыс шығарды. Осы орайда, Алла иман етушілерге келіспеушілік пайда болған мәселелердің тура шешімін, өзінің ұйғаруымен көрсетті. Тура жолға Алла өзі қалаған адамын  ғана бастайды» делінсе, «Фатыр» с. 24-а: «Сөз жоқ, сені шындықпен қуантушы, етіп жібердік. Негізінде бір ескертуші болмаған бір үммет жоқ», «Ғанкәбут» с. 46-а: «Іштеріңдегі зұлымдық қылғандарынан басқа Кітап иелерімен көркем түрде сөз таластырыңдар. (Сыпайы, дәлелді түрде қанағаттандырыңдар). Оларға: «Бізге түсірілгенге де  (Құранға да), сендерге түсірілгенге де  иман  келтірдік.  Және  біздің Тәңіріміз да, сендердің Тәңірлерің да біреу-ақ. Біз Оған бой   ұсынғандармыз» аяттары деңдер десе, Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): Адам атадан  өзіне дейін 124 мыңға жуық пайғамбарлар келгені айтса, Құран Кәрімде, олардың 25-нің аты аталған. Адам (а.с.) бері келген пайғамбарларды, әкелген діндерінің негізінің бірлігі, яғни Таухидқа, бір Аллаға ғибадат етуге шақыру миссиясымен жіберілгендігі біріктіреді. Таухид – бір Аллаға ғана тағат-ғибадат ету және діннің негізі, әрі тірегі. Таухидтан ауытқу – бір Аллаға құлшылықтан ауытқу, адасу. Алла Тағала Құранның «Әнбия» с. 25-а: (Мұхаммад  (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)) Сенен бұрын бір пайғамбар жіберсек, оған: «Күдіксіз менен басқа ешбір тәңір жоқ. Онда Маған ғана құлшылық  қылыңдар» деп қана уақи етіп жібердік»,  «Бақара» с. 136-а: «Біз Аллаға, бізге түсірілген шариғатқа (Құранға), Ибраһим, Исмайл және Исқақ пен Жақыпқа, оның әулеттеріне берілген нәрсеге, Мұсаға түсірілген (Тауратқа), Исаға түсірілген (Інжілге) және басқа пайғамбарларға Алла тарапынан берілген игіліктерге иман келтірдік. Біз пайғамбарлардың (біріне сеніп, біріне сенбейтін болмаймыз), алаламаймыз. Біз мұсылманбыз, яғни бір Аллаға бойұсынамыз» десе,  Дін исламның негізгі ұстанымы – жалпы адам баласына, оның ішінде басқа дін  өкіліне жақсылық қана жасау. Мұхаммед (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде: «Мариямның ұлы, аса құрметті Исаға менен жақын ешкім жоқ. Екеуміздің арамызда өзге елші жоқ. Елшілердің бәрі шешелері әртүрлі болғанмен бір атаның ұрпақтары, бірақ олар қалдырып кеткен дін біреу-ақ», «Кімде-кім діні бөтен адамды жәбірлесе, мен оны айыптаймын. Егер мен ақырет күні айыптаушы болсам, міндетті түрде жеңіп шығамын» (ҚМДБ. «Желмая ғылыми аударма орталығы, 1001 Хадис, Алматы, 1991 ж. 40-, 95-б.). «Кімде-кім мұсылмандармен бірге тұратын өзге дін  өкілдерін өлтіретін болса, ол жаннаттың исін де иіскемейді»  (Имам Насай, Әбу Дауд) деп қадап айтып, осы ізгіліктің іске асуын сақабаларынан талап етіп, кейінгі ұрпаққа өсиет еткен. Медине қаласында тұратын яһудидің Пайғамбарды (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қонаққа шақырғанына барып, дастарқанынан  ас  жеген. Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): Қайтыс болған яһудиді жерлеуге  апара жатқанын көргенде, орнынан тұрып құрмет көрсеткен. Қасындағы сақабалары оның яһуди екенін айтқанда «Кім болса да жан иесі (адам) емес пе» (Табаран) деп адамды құрметтеудің үлгісін көрсеткен. Араб түбегінде христиандар шоғырланған Иеменнің Нажран жерінде Мазһиж тайпасының, Балхарис руы тұратын аймақтың дінбасылары мен басшылары бастаған алпыс адамдық топ Мадинаға келеді. Олар қаланы аралап, тұрғындарымен араласып, мешіттерді тамашалап, мешітке кіргенде, олардың құлшылық уақыты кіріп, мешітте құлшылық жасауға сахабалардан ұлықсат сұраса, сахабалар көнбепті. Мұны есітіген, Алла елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «тиіспей жөндеріне қойыңдар» (Дін – насихат, Астана, 2014 ж. 77-б) деді. Христиандар мешітте құлшылықтарын жасады.  Мемлекеттік діні – Ислам және халқының көпшілігі осы дінді ұстанатын араб елдері, діні басқаларға, оның ішінде арабтарға, ел мен дін басыларының тарапынан қысым көрсетілмеуі – «Бақара» с. 256-а: «Дінде зорлық жоқ» деген  аятпен  Пайғамбар  (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінің қазірге дейін мінсіз орындалуы.

Мекке мүшриктері, алғашқы  ислам дінін қабылдағандарды үйінен, елінен  күшпен шығарғанда, оларға, Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Эфиопияға қоныс аударыңдар. Өйткені сол елді басқарған король туралы жақсы ойдамын. Олармен құдайымыз бір, Алла ғана, дініміздің ортақ сенімдері көп. Ол корольдің жерінде ешкім сендерге зұлымдық көрсетпес. Ол жер дұрыс және сенімді өлке. Алла, елде жеңілдік бергенге дейін сол жерде қалыңдар. Бұлар кезінде Эфиопияға паналап барған мұсылмандарды құрмет тұтқан» (Әл-Байһақи Сунан Әл-Кубра) деген. Сол елдің патшасына қоныс аударғандарға көмек сұрап хат жазып беріп жіберген. Уақыт өте, Хабашыстаннан Мединеге келген христиандарды, Пайғамбар  (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) аса қадірлеп,  үйіне шақырып қонақ етіп,  құрметтеп шығарып салған.

Жер жүзінде, адамгершілік қасиетке жанаспайтын, дәстүрлі діндердің негізіне жат ағымдардың терроры белең алуда. Террорлық ұйымдардың көпшілігі, бастауын жуан жұдырық, әлемді ашса аясында, жұмса жұдырығында ұстауға әдеттенген әлді мемлекеттердің қолдауынан бастап, кейін қолдаушысының қалауын да ескере бермейтін, мұсылман атын жамылған дін бұзушылар тобы.  Осы топтың серкелерінің, «жалғанда да, ақыретте де жаннатта өмір сүресің» деген жалған үгіті мен қолтығына кіргізгенше жалатқан азды- көпті тиын-тебеніне алданған, өмірден  орнын таба алмай, тағдырына ырза емес, «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүргенді қалайтын сырты – мұсылман, анығында исламның негізінен хабарсыз жандар. Бас бұзарлардың көпшілігі өздерін мұсылман санап, исламның канондарын орындайтындықтан, сырт көзге және ақпарат құралдары жаңсақ, әлде әдейі ұйымдастырған хабарларынан сусындаған жұртшылықтың санасында ислам, оның негізі Алланың сөзі, Қасиетті Құран қаталдыққа, соғыс өртіне, ымырасыздыққа уағыздайды деген  ұғымды қалыптастырды.

Америкалық бағдарламашы Томас Андерсон мұсылман қауымының  қасиетті кітабы соғысқа шақырады деген батыс елдерінің  уәжін арнайы бағдарлама арқылы тексерген. Ол осы мақсатта өзі ойлап тапқан Odin Text контент-сараптау бағдарламасымен бірнеше діннің қасиетті кітаптарына талдау жүргізген. Талдау барысында Құран Кәрім мен Жаңа өсиет (Новый Завет) кітаптарында басқыншылыққа қатысты сөздер көрсеткіші тиісінше – 2,1% және 2,8%. Алайда, Ескі өсиет кітабында мұсылман кітабына қарағанда екі есе жоғары – 5,3% екенін байқаған. Томас Андерсон Құран мен Інжіл кітаптарына психологиялық сезімге қатысты 8 сипаты бойынша талдау жасағанда, Інжілде ашу-ызаға толы сөздер көбірек кездессе, ал Құранда сенім мен үрей, үміт мәселері ашылған. Мейірімділік пен қайырымдылыққа шақырған сөздер Құранда – 6,3%, Жаңа өсиетте – 2,9%, Ескі өсиетте – 0 7% ғана. Дін жаулары туралы қасиетті Құранда – 0,7 %,  Ескі өсиетте – 1,8% көтерілген. Талдаудың   нәтижесінде Томас Андерсон қасиетті Құран кітабында басқыншылық сипаттары Інжілден асып түседі деуге ешқандай негіз жоқтығын дәлелдеп мәлімдеген.

Дінге байланысты болған соғыстарға назар аударсақ, хрестиандар «Крест жорығы» атымен Ислам дініне қарсы әлденеше рет соғыс ашқандығына тарих куә. Бүгінгі кезде демократия, жекебастың және сөз бостандығы деген жартылай ұғымға бой алдырған «дамыған ел атанатын кәрі құрлық пен АҚШ басшылары ел тұрғындарының санасына сіңірген  құндылық «бостандықты» ойша саралайық. Ауырған адамды емдеу үшін науқасты қоздырушы вирусті анықтап, соған қарсы амал атқарса ғана ем шипасын бермек. Олай болса террорға әкелетін себеп пен салдарға назар аударып, оған апаратын себептерді анықтамай террормен күрестің нәтижесіз болатыны даусыз. Демократия мен сөз, құқық бостандығы дамыған заманда дүние жүзінде зинаның дәуірлегенін ешкім жоққа шығара алмайды. Бірге туған  егіздердің әкелерінің бөлек-бөлек болуы сияқты масқаралар кездесуі бұған бұлтартпас айғақ. Адам баласын аюаннан ерекшелейтін артықшылығы – ақылы, ұяты және иманы. «Бақара» с. 132-а: «Ибраһым мен Яқұп өз ұлдарына өсиет етіп: «Әй, ұлдарым! Алла сендерге осы дінді (ислам дінін) таңдады, сондықтан сендер өлмеңдер, бірақ (өлмек болсаңдар) мұсылман болып өліңдер», «Әли Имран» с. 19-а: «Алланың алдындағы нағыз дін – Ислам» деді. Мұсылманның, Ислам дінін таңдаушылардың негізі жүрегімен мойындап, тілімен бекітетін Калима таийба («жақсы сөз»): «Лә иләһә иллаллаһ Мұхаммадур-расулуллаһ». Мағынасы: «Алладан басқа құдай жоқ. Мұхаммад – Оның елшісі»; Калима шәһәда (Куәлік сөзі): «Әшһәду әл-лә иләһә иллаллаһ, уа әшһәду әннә Мұхаммадур-расулуллаһ». Мағынасы: «Алладан басқа құдай жоқ екендігіне және Мұхаммадтің Оның елшісі екендігіне куәлік беремін» сөздерімен исламды қабылдап, иманды болады. «Әр діннің бір мінезі болады. Ислам дінінің мінезі –ұят» (Әл-Уатуат. Ғурурул хасайисил-уадихати.1.8.) Исламда, ұяттың орны өте ерекше. Бұл жөнінде Пайғамбар (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ұят пен иман тығыз байланыста. Егер ұят кетсе, екіншісі де бірге кетеді», «Орынды ұялшақтық – имандылықтың нышаны», «Ар-ұят та иманның бір тармағы». Пенденің ұятының негізгілері,  тәнінің ұятты жерін – әуретін жат көзден жасыру, өзгеге дөрекі естілетін былапыт сөзден тыйылу, көпшілік  арасында оларға ұнамсыз іс пен сөзден сақтану, әдейі басқаның әуретіне қарамау, үлкенді сыйлап, кішіге ізет көрсету. Міне, адам өмірінде адамгершілік қасиетті өз дәрежесінде сақтауда ақылдан кейінгі ұяттың орны ерекше. Ұяттан безген пенде жануардан да төмен деңгейге құлдырайды. Ал ұятсыздыққа  апаратын  жолдың  бастауы – қазіргі «бостандық сүйгіш, дамыған қауымның», «Әдемілікті неге жасырасың, ашыл да көрсет» деген ұраны, адам біткенді жалаңаштануға шақырып, жалаңаш жүруді салтқа айналдыруы. Пайғамбар (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Денеңдегі жасырын жерлер мен жыныс мүшелеріңді қатыныңнан және қызметші-күңдеріңнен басқаға көрсетуден сақтан» дегенде, жанындағы серіктері: «Егер ерлер ерлермен ғана, әйелдер әйелдермен ғана болғанда да солай ма?» деген сұрағына, Пайғамбар (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деп жауап берген: «Егер мүмкін болса сіздердің өздеріңіз де денелеріңізді жалаңаштамауға тырысыңыздар». Ал, «Егер адам жападан-жалғыз болса қайтеді?» деген сұрауға: «Онда да жалаңаштанбауға тырыс, өйткені адам ең алдымен Алладан ұялуға тиіс», Бұрынғы өткен пайғамбарлар халқына мынандай өсиет қалдырған. «Ұятың болмаса, ойыңа не келсе соны істе», «Ислам нақты, яғни көзге көрнекті, ал иман, адамның жанында, яғни көзге көрінбейді, жасырын тұрады», «Адамнан ұялмаған адам Алладан да ұялмайды» деген. (ҚМДБ «Желмая» ғылыми аударма орталығы, 1001 хадис, Алматы, 1991ж. 8-, 36-, 45-, 109-б.). Хадиске ғана сай амал істейтін, Ұлық имам Әбу Ханифа көпшілік пайдаланатын моншада, жалаңаш жүрген ер кісіні көріп көзін жұмған. Бұны байқаған жалаңаш: «Әй, Әбу Ханифа, қашаннан бері көзің ғұзырлы (сырқатты) болған?» дегеніне, Әбу Ханифа: «Сенен ұят безгелі көзім ғұзырлы болды» деген. Яғни, әуретті жерлерін жалаңаштаған пенде, өзі күнәлі болғанымен қоймай, оған қарағанды да күнәға батырады. Бұндайлар туралы «Ұяты жоқ, ойына не келсе соны істейтіндер» деген ой санада қылаң береді. Ақпарат құралдарында жылдан жылға зина өршіп, әйел зорлаушылар, жас қыздарды қорлаушы педофилдердің жазаға тартылғаны жөнінде хабарлар басылғанымен қылмыстың бұл түрі азаюдың орнына көбеюде. Бұл тек қана жазалау арқылы жауыздыққа тосқауыл қойылмайды дегенге саяды. Дана бабаларымыз «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деп, әрбір зауалға әкелетін амалдардан сақтануды ескерткен. Бұл ретте Италияның Кастелламмареди-Стабия қаласының Мэрі Луиджи Боббио, қысқа юбка кигендерді және көпшілік орындарында тәнін күнге қыздыруынудан тиып, орындамғандарды арандатушы (зинаға) санап 700 доллар көлемінде айыппұл салуға шешім шығарған. Мексиканың Сьюдад-Акунья  қалаласының  әкімі, көшеде қысқа юбка киген әйелдер мен әйел киімін киген еркектерге айыппұл салатын шешім қабылдаған. Осы қаланың қауіпсіздік басқармасының бастығы Хавьер Агуайо-и-Камаргон: «бұл шектеу мораль мен әдеп нормаларын сақтап қана қоймай, «жекелеген қылмыстық әрекеттердің» алдын алуға  тиімді» деген. Әлемде қылмыстың өсуіне жүрегі аурып, «одан адамзатты қалай қорғауға болады» деген сауал жан дүниесін мазалаған ел басшыларының ізденісін тілге тиек еткендегі  мақсат, жарты дүниені астан-кестеңін шығарып жүрген басбұзарлардың бағытының қателігін  түсіндіріп, теріс жолдан қайтарудың, дүние танымы төмен ойына алғанын «дұрыс» деп сеніп, жазықсыздарға күшпен жапа шектірумен шешіледі деген сенімімен  террорға   баратын  адасқандарды, теріс жолдан  сақтандырып, дұрыс жолға салуға бағыттаудың, жазадан басқа жолын іздедік пе? Іздеген  жоқпыз. Өкініштісі іздеуге бас  қатырмай, бірден бір дұрыс жол  оларды  асып, атып, жазалау ғана деп түсінетін сияқтымыз. Құранның «Фуссилат» с. 34-а: «Жамандыққа жақсылықпен жауап қайтар. Сонда ғана дұшпаның өзіңнің сырлас досыңдай болады» делінген. Яғни, қате түсінікпен теріс жолға түскендерді тек «жазалаушы» ғана болмай, бір мезгіл түсіністікпен, жан ашырлық танытып, дұрыс жолға апаратын жол көрсету қоғамның міндеті. Көп жағдайда жазадан кейін, бұрынғыдан да артық  күнә тудыруға апарады.Бұлай деуге себеп, сотталып жазасын түрмеде-қапаста өткізгендердің басым көпшілігі жаза мерзімін өтеп бостандыққа шыққаннан кейін, істеген күнәлі ісінен тиылудың орнына маманданып жалғастырады. Террорға баруға негізгі себептердің бірі;  «шексіз бостандық», оның ішінде «сөз бостандығы ма» деймін. Пайғамбар (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):«Екі жақ пен екі бұттың арасына ие болған адамның жаннатта болатындығына кепілдік беремін» («Иман» журналы, № 8. 2012ж. 27-б.), «Залым да болса зұлымдыққа душар болған бауырыңа жәрдем ет. Залымға оны зұлымдығынан бас тарту үшін жәрдем етсең болады» (Жұма мінбары. «Көкжиек баспасы, 2012 ж. 583-б.). Даналарымыз, «сөз бас жарады, бас жармаса тас жарады», «Басқа бәле тілден» деген. Орынсыз айтылған қаңқу сөз, «отбасын, ұлт, діндер арасы мен мемлекет арасын ойрандап, орны толмас өкінішке әкелетіндігін ескерткен. Жаратылыс, оның ішінде пенде өзін қоршаған ортадан бөлініп, жеке өмір сүргісі келсе де, өмірлік оңашаланып тұра алмайды. Осыдан ақыл-есі бүтін, ұятты адамның абсолюттік тұрғыдан бостандықта болуы мүмкін емес, соның ішінде сөз бостандығы. Шексіз бостандық ақылсыз, ессіз және делқұлыларға ғана тән. Өйткені олар ауруы себепті не істеп, не сөйлегенін  білмейді. Оған жауап беруге де  қабілетсіз, оларға ақыл-есі бүтіндерге қойылатын талаптың үкімі жүрмейді. Ал ақыл-есі бүтін пенденің, өзін асырап-сақтаушы Жер-анамызды, Алланың берген,  нығметтері табиғатты, қалай болса солай пайдалануға қақы жоқ. Оны аялап, сақтауға жауапты. Меншігіндегі малдарға да жауапкерлігі шаш етектен. Оларды уақтылы тамақтандырып, бағып-қағып, суық пен ыстықтан, азулы аңнан қорғау секілді міндеттері бар. Ал сыйласып, бірге жүрген, қызық-қуаныш пен ренішті бөлісетін, замандастары мен отбасы-ошақ қасының мүшелерінің және Жаратушымыз жалғыздың алдындағы жауапкершіліктерін санап тауыса алмайсың. Жауапкершілік бар жерде міндет те бар. Міне, осыншама міндетті мойнына алған адамда қандай сезім, амал, сөз бостандығы болуы мүмкін. Бостандық түсінігі, оның ішінде сөз бостандығы «шартты» түсінік.  Ақыл иесі адамға, мал сияқты, көпшілік арасында дәрет сындыруға, жұбайына жанасуға, балағаттауға, озбырлыққа құқық бермейтіні сияқты. Шектеу барда шексіз бостандықтардың болуы мүмкін емес. Бұл адамгершіліктің догмасы, өзгермейтін заңы. Демократиясы дамыған, адам құқығын қорғауда жоғары деңгейге дейін көтерген, «мәдениеттің шыңына шыққан» қоғам, жеке тұлғаның сезімін қорғауға том-том заң шығарып, ал миллиардтағандардың сезімін қорғауды естерінен шығаруы таң қаларлық құбылыс. Біреуді «иттің баласы» деп балағаттасаң, оның басы жарылып, көзі шықпайды, яғни тәні жарақаттанбайды, сезімі қорланады. Осы сияқты, Пайғамбарды (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын, өзінен, от басынан артық жақсы көретін, Алла бір, Пайғамбар хақ деген сенімдегі миллиардтаған мұсылмандардың сезімін қорлап, сенімін таптаған, Францияның «Шарли Эбдо» журналының Мұхаммед (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мазақтап мақала жарялауы, бүкіл ислам дініндегілердің сезімін қорлау. Әшейінде «екі алақанына түкіріп», «қай жерде адам құқығы-сезімі қорланады» деп «сапты аяқтан» қарауыл қарайтындар үндемей, журналдың тиражын көтеріп, сенсация үшін өліге де, тіріге де «иненің жасуындай пайдасы жоқ» мақала басылуына «көз жұмып» қарады. Бұл мақала өз кезегінде мәселені  ақылға салып, бейбіт жолмен шешуге болады деген ойдан аулақ, қызу қандыларды арандатып, террорға баруына бірден-бір себеп болды. Террорға барған адамның санасын: «дінімді, жанымнан жақсы көретін Пайғамбарымды (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қорғадым, дінім үшін шаһид болам» деген түсінік жаулап алған. Міне «Шарли Эбдо» журналының Мұхаммедті (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мазақтаған мақаласы – дінаралық арандатушылық. Арандатуға барушы, озық ойлы адамдар тарапынан айыпталуға лайық болудың орнына, олар «тау қопарып тас қазған, әлемге жақсылық әкелген батыр болып танылды». Осыдан оншақты жыл бұрын, әлем мойындаған, Жаратушы иеміздің кәләмі қасиетті Құран Кәрімді, екі сөздің басын ғана біріктіре білетін, дарынды ақын ретінде дүние жүзі танып білмеген, мүмкін тапсырыспен «шайтанның өлеңі» деп поэма жазып, мұсылман қауымын дүрліктірген Рушидиді, Иранның басшысы Аятулла өлім жазасына кескенде ислам дінін жақтырмайтын ағылшын елінің қорғап қалуы себепші болғаны ел есінде. Әрине, жаза басқаны үшін адамды өмірден айыру құптауға жатпайтын үлкен күнә. Уақытында Рушидидің «сандырағын» арандатушылық деп танып, шара қолданылғанда, «Шарли Эбдо» журналында Мұхаммед (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әжуалаған мақала жазылмауы мүмкін еді де, редакцияда жарылыс және адам шығыны болмауы ықтимал еді. Анығын Алла біледі.

Мұсылмандардың билеушісі екінші халифа ха-ті Омар Құддыс қаласында  болғанда, христиан дін басшыларының «Шіркеу таза, намазды осында оқыңыз» дегеніне, Омар: «Мен шіркеуде намаз оқысам, кейін мұсылмандар, Омар намаз оқыған шіркеуді мешітке айналдырамыз дегенге ниеттеніп, дін аралық шиеленістің шығуына себепші болар» деп ұсыныстан бас тартып, намазды сыртта оқыған. Адам баласының келешегін ойлап, жаны ашыған, жүрегі ауырған басшылар өзі өмір сүрген заманды ғана емес, болашақта да арандатуға негіз болдырмауды ойлаған. Дүние жүзіндегі мыңдаған редакторлар мен редакцияларға қастандық жасалған жоқ қой. Тек, «Шарли Эбдо» журналына ғана қастандық жасалды. Бұның себебін іздеп, қорытынды шығарудың орнына «сөз бостандығынан шектемейміз» деген қасаң қағиданы ұстанған кәрі құрлық арандатушылықты жазғырмай, қайта оны қолпаштады. Қазақ халқы «жатқан жыланның құйрығын баспа» деп, тиіспесең жылан екеш жылан да, шақпайтынын ескерткен. «Ештен кеш жақсы» демекші ел билігін ұстағандар, заң  қабылдаушылар, ғалымдар мен мамандардың ақыл-кеңесіне жүгініп, бүкіл жаратылыстың  келешегіне қауіп төнген заманда, болашақта, қандай жолмен жүру мәселесін қарастырса, арандатушылық амал мен сөзге тыйым салатын, бүкіл әлем мойындайтын заң қабылданса, қызу қандыларға, жүгенсіздік әрекетін іс жүзіне асыруға, теріс жолға түсіп, өзін құрбандыққа шалуға себеп таппай, арандатушылықтың азаюына көмегі тиер ме еді. Апаттың, жауыздықтың алдын алуға амал қолданылғанда ғана, оның кесапатын толық жоймаса да одан келетін зияны азайтатыны аксиома.

Елбасының тікелей басшылығымен төрімізде екі жылда бір өтетін, әлемдік дәстүрлі дін басшыларының саммитінің септігі болар, халқымыздың көңілінің кеңдігіне берген Алланың нығыметі, елімізде дінаралық түсіністік пен татулық қалыптасты. Аллаға шүкірлік, бірлік пен татулық бар елімізде тыныштық, береке және молшылық қалыптасқан. Дана халқымыз «ағайын тату болса ат көп, абысын тату болса ас көп», «Алтау араз болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді», «бірлік барда, тірлік бар» деуімен татулықтың ырыс-береке екенін ұрпағына өсиет еткен. Жаратушы жалғыз иеміз, татулығымыздан айырмасын! Әмин!

 

 

Сондай-ақ, оқыңыз

ХАРАМНАН ҚАШЫҚ БОЛАЙЫҚ

Бисмилләәһир-рохмәәнир-рохиим. «Мәйда» с. 3-а: «Бүгін діндеріңді және нығметімді толықтырдым. Сондай-ақ сендерге Ислам дінін қоштап ұнаттым», …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған