Жарық нұрдың сәулесі

Абыз қожа тарихы мен ұрпақтары

Кешегі өткен кеңес өкіметінің тоталитарлық жүйесі барлық халықтарды бір-ақ жүйеге бағындырып, бір ғана Кеңес ұлты болуы керек деген қағидасының әсерінен көптеген ұлттар, ұлыстар мен адамдар өзінің шыққан ататегіне онша мән бермеді, тіпті көп адамдар өздерінің әкесінің есімі мен фамилиясын білумен ғана шектелді, арғы аталарын білудің қажеттілігі жоқ деп ұқты. Қазір енді бұрынғы саяси жүйе күйреген кезде әркім өз ататегін іздей бастады, шамалары жеткенше жіберілген кемшілікті орнына келтіруге тырысуда. Бірақта, бұл үзілген жіптің ұштарын қайта жалғау оңай болмай шықты. Себебі, ататектерін білетін зиялы – бұрынғы буын өкілдері бұл дүниеден өтіп кеткендіктен мағлұмат-деректерді беретін адам қалмады. Осындай жағдайға тап болған адамдар көптеп саналады. Мысал ретінде айтсақ, Бұқашев Маңғаз ағамыздың, лақап аты Абыз аталатын – алтыншы бабасынан ары қарайғы ататегін айта алмайды. Білуге ниеті зор, бірақ мағлұмат беретін, білетін кісі жоқ. Енді осы ағамыздың білген ататегі туралы дерегінің өзін ұрпақтары біле жүрсін деген ниетпен келтіре кеткенді жөн көрдім.

Осындай жағдайға тап болған бұдан да басқа бірнеше ата шежірелерін назарларыңызға ұсынамын. Осы материалдарды оқыған оқырмандардың осы ататектерді толықтыратындай деректері болса хабарласуын сұраймын немесе өздері осындағы шежіреге өздеріндегі материалдармен қосып дұрыстап, толықтырып алар деген ойдамын.

Енді менің қолымдағы қазіргі бар шежірелерді сөйлетейік.

Маңғаздың руы – қожа. Түп атасы – Алмұхаммед (Абд ал-Мұхаммед), Оның баласының есімі Абыз (Лақап аты, шын аты белгісіз), Дін таратуға, исламды уағыздауға, медреселер ашып, сабақ беру мақсатымен Ташкентке ерте заманда келіпті. Осы Ташкент шаһарында дін уағыздау жолында жүргенде бас мүфтимен келіспей қалады да қуғынға түседі. Ақыры шариғат жолымен оны қылмысы үшін дарға асуға бұйрық болған деседі. Содан бас сауғалап қашуға бел байлайды. Қашудың жолын іздестіріп жүріп базарда Арқадан сауда ісімен барған сүйегі Құлеке Байқұлақ деген бай-саудагерге кезігеді. Абыз сол кісімен танысып, біліскен соң барлық өзінің жеке басының жағдайын айтып, мүмкіншілігі болса өзімен бірге қазақ еліне ала кетуін өтінеді. Байқұлақ байдың да сол кезде балаға зар болып жүрген уақыты екен. Қысқарта айтқанда, саудагер-бай Абызды бала қылып алып кетуге келіседі де, екеуі уағдаласады.  Содан абыз үйіне келіп барлық жағдайды баяндайды: бас мүфтидің дарға асуға бұйрық бергенін, сонымен бірге қазақ жерінен келген бай-саудагерге жолыққанын, оның баласының жоқтығы және өзін бала қылып алуға келіскенін бастан аяқ баяндап, кетуге әкесінен рұқсат сұрайды. Сонда әкесі: «Жалғыз ұлым едің, ер жеткізіп енді қызығыңды көреміз, үйлендіріп немере-ұрпақ сүйеміз дегенде қалай жіберемін» – деп келіспейді. Амалы таусылған Абыз: «Әке, шыныңды айтшы мені елге қиясың ба, әлде жерге қиясың ба?» – депті. Әкесі ойланып: «Балам-ау, Құдайдың бұйрығынсыз қалай жерге қиям, не де болса елге қиям» – деп шарасыздықтан баласына батасын беріп шығарып салған екен дейді.

Сонымен 18 жастағы Абыз Сарыарқаға келіпті. Келген соң Байқұлақ бай асықты жілікті ұстатып, той жасап бала қылып алыпты. Абыздың аяғы құтты болып Байқұлақтың әйелі кейіннен 4 ұл, 1 қызды өмірге әкеліпті.

Содан жасы келген Абызды бай үйлендірмекші болып руы – Құттымбет болып келетін Нұрымбет деген байдың қызына құда түсіпті. Сонда Нұрымбет: «Ей, Байқұлақ, сенің Ташкенттен сатып әкелген құлыңа қызымды қалай беремін?» – депті. Сонда бай: «Байқап сөйле, ол бала құлым емес, кешегі күні асықты жілікті ұстатып тойын жасап алған ұлым – құттыаяғым, артынан ерген бауыр-қарындастары бар» – деп жауап беріпті. Нұрымбет: «Ендеше, ұлым десең қызымның қалың малына тоқпақ жал айғырыңды үйірімен бересің» – депті. Екі жақ келісімге келіп, жеке отау үйін тігіп, бөлек шаңырақ етіп шығарыпты дейді. Осы Абыз атамыздан Ордабай туыпты. Ол өз заманына сай қазіргі Тарбағатай әкімшілігіне қарайтын Өкпеті деген жерден жер алып, қора салып өркендеп өсіпті: Сол қораны ел: «Қожа қорасы» – деп атаған екен және әлі де солай аталатын көрінеді.

Бағдат Оралбайұлы , «Тегімізді білуге талпыныс» Алматы – 2015 жыл

 

 

Таңбалар

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз

Жабу
Back to top button
Жабу