Жарық нұрдың сәулесі

Әулие әулет

Алтын қожа, Биқожа, Мәзқожа Майқара Диуанақожадан (Мәдіқожа) бастау алады. Жас кезімде бұлардың әулиелігі мен ғалымдығын, сол кездегі  осылардың  қолына су құйып, кебісін қойған үлкендерден ауық-ауық еститін едік. Сенерімізді не сенбейтінімізді білмей жүргенде «атеизм ғылымына» бойлай шомылып, қазақтың 98 пайызы сауатсыз, 2 пайызының  өзі діни схоластикалық молдалар еді» деген ұшқары ойға  ұшырадық. Десе де қазақ топырағында көзі ашық көріпкел, аруақтармен тілдесе алатын ерекше қасиетті ғажап адамдар болғандығын мойындамасқа лаж жоқ.

Биқожаның әкесі Мәзқожа сегіз жасында құрбыларымен ойнап жүріп, жоғалып кетеді. Бірге ойнаған достары оның бір қызыл түлкіні қуып кеткенін ғана айтады. Арада төрт жыл өткен соң, етегіне ораған қызыл маржан тасы бар, ошақ басында отырған баласын көреді. Бала Мәзқожа қызыл түлкіні ұстау үшін жеке қуғанын, оның былайырақ барғасын адам кейпіне еніп, мұны еліне апарып хан  көтергенін, бас уәзір – Жанай мен екінші уәзірі -Дауылбай болғанын баяндайды. Өзгелер бұған пәлендей  көңіл бөлмейді. Тек ауылнай Қошым назар аударып, аңдысын аңдып жүреді екен.

Қошым ауылы қалаға (Қызылорда облысы) қарсы беттегі Сырдың сол жағасында Қоқан қашқан құмының етегінде (кейде қаракүшік Боқы құмы деп те атайды) қаз ұшып, үйрек қонған, сазаны тайдай тулаған, жағасын жұмсақ шөп басқан, жасыл құрақ, бие байлар, ат жарыстырар, ас беріп, той тарқатар қалаіргелік жайлауы болса керек. Ауылнай Қошымның ауылдастары бірде үлкен асқа жиналады. Ет асылып, тамақ дайындалып жатқанда ас үйдің үстінен бұлт үйірілгенін байқаған адамдар енді бір сәтте үйдің орнын ғана көреді. Үрейленіп, дүрлігіп кеткен жұртты сабырға шақырған ел басшысы Қошым «ауылда шақырылмаған адам бар ма?» деп сұрайды.

-Бала Мәзқожадан басқасының бәрі келді- деседі жұрт.

-Дереу желқайықпен барып шақырыңдар. Ас үй есігінің алдында тұрса, құрмет пен ізеттілік сақтаңдар-дейді. Барса, үй Мәзқожаның есігі алдында тігіліп тұрғанын көреді. Осы жағдайдан кейін бала Мәзқожаның даңқы қазақ даласына кеңінен тарай бастайды.

Бір кісі он алты жасында мешел болып, он жыл төсекке таңылған баласын Арқадағы Ақмоладан атқа артып, әулиеге алып келеді. «Ауру сіңісті болған екен, адам аяғы баспаған екі есікті қара үй тігіліп, науқас үйдің сол жағына қойылсын. Аллаға сиынып Жанай уәзірді шақырайын, Алла жар болып Жанайдың назары түссе жазылар-дейді. Өйткені Дауылбайға қарағанда Жанайдың мінезі кірпияздау, секемшіл екен. Құбыла жақ есіктен кіріп, екінші есіктен шығып бара жатып, әулиенің оң қолы бұрынғы уәзірі пері Жанай науқасты назарлап  өтеді. Содан мешел жігіт тәуір болып, аяғынан тұрып, еліне жаяу қайтады.

Мәзқожадай екі перісі болмаса да қасқа айғырдың баласы қасқа тумаса да төбел туып, Биқожа да Алтынқожаның айтқаны дәл келетін, көрегендігі  аса жоғары, ашық көз әулие болған екен.

Бірде Биқожа серіктерімен Арқадан Сырға құлап, елді жерге жетуге күн кешкіріп, аттары шаршап, қазақтың ескі салты бойынша бейітке қонуға тура келді. Биқожаның серіктері:

-Аруақтар басымздың амандығына жәрдемі болғанымен қарнымызға салары жоқ па екен?-дейді. Сонда Биқожа көріпкелдігімен: «Сабыр етіңдер, бұл жерде екі мола жатыр екен. Біреуі – он сегіз жасар қыз, екіншісі – жиырма екі жастағы жігіт. Біз қыздың қонағымыз, дәл қазір қыз жігіттен қарыз сұрап жатыр. Өйткені жігіттің ауылы молаға жақын екен, «сен ата-анаңының түсіне кіріп аян бер. Мына қонақтарым кешкі асын ішсін, менің ауылым алыста ғой таңертеңге дейін асын жеткізермін» деп жатыр. Биқожа аттарын шідерлеп, Құран оқып, жатуға дайындала бергенде, бір табақ етімен салт аттылар жетеді. Бұл жігіттің әкесі екен. Ертеңіне қазан-ошағымен құрбандыққа атаған сойыс малымен жылап-еңіреп қыздың әкесі жетеді.

Биқожаның жеті әулетке шапағатшы болғаны белгілі. Жеті ру керейт жұртының пірі болып жүргенде Алтын руының ел ағалары Биқожадан «ру қожасын жасайық, бір ұлыңызды беріңіз» дейді. Бұған келіскен қожа жаңа туған ұлының атын Алтынқожа қояды. Бірақ бала ерте шетінейді. Сонда Биқожа тәубеге келіп өзінің астамшылық ойда болғанын, алтын руына еңбегі сіңіп еленбеген шаранаға рудың атын бергеніне өкінеді. Аллаға жалбарынып кешірім сұрайды. Келесі туған баласының атын  – Ахмет қояды. Кейін ғұлама ғалым, көріпкел әулие  болған соң жергілікті халық алтын руын құрметтеп Ахмет атын «Алтын қожа» деген лақап атпен алмастырады. Ахмет есімі  мүлдем ұмытылады. Алтын қожа аруақ қонған киелі шаңырақтың қасиетін жалғастырушы ғана емес, сонымен бірге діни білімге де молынан сусындаса керек. Оның білімдарлығының куәсі Қармақшыдағы алтын елінен колхоздастыруға байланысты Шіркейліге көшіп келгенде жинаған кітабы үш түйеге жүк болғаны, оны қуғын-сүргін кезінде киізге орап жерге көмгендігі жайы шындық. Көмілмей қалған жалғыз кітап Құран шәріптің ішінен табылған Алтын қожаның білімін, тегін айғақтайтын куәлік шатырхат. Онда сонау Арабиядан Әбубәкір Сыдықтан бастау алатын ишандардың тізімі екен. Алтын қожа сол тізімде отызыншы болып тұр.

Соңғы оқиға отыз жетінші жылдары түрмеге ұсталғанынан айтылады. Түрме бақылаушысы Алтынқожаның сыртта намаз оқып отырғанын байқап қалып, күдіктеніп түрме басшысына жеткізеді. Ишан ешкімнің босатпағанын, қамаудан өзі шыққанын айтқанымен сенбейді. Өйткені камера құлпы орнында болады. Бұған ызалаған түрме бастығы: «Әулие болсаң өзіңді жарылқа, босанып кет» дейді. Алтынқожа сабырмен, «бұл халықа келген нәубет. Алланың жазғанына көніп халықпен бірге болуым керек.  Жаратуышының өзі берген қасиетін өзіне қарсы қолдану арам. Мен Алланың ризалығы үшін таза жерде намаз оқуға ғана шықтым, қашу ойымда болған жоқ дегеніне сенбеген басшы «бұл үшін түрме қызметкерлерінің бірі жазаланатынын айтқан соң барып, кереметін көрсетсе керек. Түрме бастығы өздігінен камераға қамалып, ессіз бақыра беріпті.

Әулилер әулетінің бүгінгі ұрпақтарының лепесінен дүние есігін ашқан балалары да өсіп-жетіліп жатыр. Ұрпақтан- ұрпаққа жеткен, аңызға бергісіз әңгімелер де халықпен бірге жасайтыны анық.

Ортай ҚҰЛЫМБЕТОВ, Қызылорда облысы

Ұқсас мақалалар

2 пікір

  1. Алланың нұры жаусын, ел ағасы!
    Бабаларымыздың қасиетін дәріптеген мына мақалаңызды оқып бір марқайып қалдық.
    Аллаға шүкір! артында ұрпақтары аман-есен күй кешудеміз.
    Мен осы бабамыздың 7-ші ұрпағымын.

  2. Ортай Кулымбетов агамызга мында бир алгысымды айтамын.Менде осы бабамыздын 7 урпагымын.Осындай текти бабаларыммен мактан тутамын.

Жанат үшін пікір қалдыру Жауапты болдырмау

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button