Жарық нұрдың сәулесі

Бабам Хорасан …

Бабам Хорасан келдім арасан,

Зиярат етейін деп ісімді сұрасаң,

Мүшкіл ісімді қылғайсын ансан,

Рахым ете көр бабам Хорасан.

Атың дүр Машһур Әзіз самада,

Тауап етейін деп келдім пияда.

Үміт етіп мен кампур жада,

Рахым ете гөр бабам Хорасан.

Аршыны үстінде сұхбат құрарсың,

Әзіреті Қызырмен үлпат боларсың,

Рақым ете гөр Бабам Хорасан.

Сексен шайхыны жаныңда көрдім,

Тоқсан машайхны артында көрдім.

Қағба махалаңды алдыңда көрдім,

Рахым ете гөр бабам Хорасан.

Сұлтан Хусайынның ұлы болармын.

Алла тағаланың құлы болармын.

Шашым, сақалымды шыпта қылармын.

Рахым ете гөр бабам Хорасан.

Әлінің әулеті Шері Құдасан,

Келген бәлені дәпі қыларсан,

Құл Қожа Ахметке жар боларсын,

Рахым ете гөр бабам Хорасан!

 

Кеңес өкіметінің тұсында, тәуекелге бел байлап 1990 жылы жазда алғашқы болып, Хорасан ата кесенесінде жөндеу жұмыстарын ұйымдастырған абзал азамат. Ахметұлы Садық қожа
(1921–2000 жж.) Отырар ауданы Көксарай ауылының тұрғыны

Кеңес өкіметі кезінде, яғни «дін – апиын» заманда Қазақстан жеріндегі барлық әулие-әмбиелердің көзі болып келген кесенелердің қараусыз қалып келгендігі белгілі. Солардың бірі – Әбдіжәлел баб (Хорасан ата) кесенесі. Әкем Охапқожа Ахметұлы бабамыз Хорасан атаға зиярат жасауға атпен барғанда (Көксарайдан Хорасан атаға дейін 200 км) сол кездегі саясаттан сескеніп, атын кесенеден 1-2 шақырым жерге сексеуілдің арасына жасырып байлап қойып, өзі әрі қарай жаяу баратынын айтып отыратын. Көкем Садыққожа Ахметұлы баба ұрпақтарынан алғашқы болып 1990 жылы жазда, ағайындарды ұйымдастырып, тәуекелге бел байлап, шамасының келгенінше Хорасан ата кесенесін жөндеуді мақсат тұтып, екі машинаға екі киіз үй, қажетін салып алып, он шақты күн баба басында жатып, жөндеу жұмыстарын жүргізген еді.

1990 жылы Хорасан ата кесенесін жөндеуге Садық көкемнің ұйымдастыруымен барғандар: Садық көкем, жұбайы Райхан, баласы Әбсаттар, Қасымқожаұлы Баштан, жұбайы Аманкүл, баласы Арон, Машрапқожа қызы Мауия, Ерназарұлы Шәмен (Шамшидин), шешесі Күлшары, Әбдезұлы Айтқожа, Әбибуллаұлы Сейдібаттал және Маяқұмдағы (Овцеводтан)  ағайындардан Оспанұлы Нәбішқожа, Нұртазыныңұлы – Батыр, Әбенұлы Ерболат.

Алғашқылар болып Қажылыққа барып келген соң Берден көкеміздің ұйымдастырумен, Садық көкемнің бастамасымен жасалған жұмыстарды көрген Жаңақорғандық, Қожакенттік ұрпақтары, бүкіл Орта Азиядағы Хорасан баба ұрпақтарын жинап, ас бергені белгілі. Содан бері Хорасан бабаның ұрпақтары кесенені жаңартып, айналасын көгалдандырып, абаттандыру жұмыстарын жүргізіп келеді. (Ахметов Абдулла Охапұлы)

Өзбекстан Республикасының Ішкі істер министрлігінің полковнигі. Хорасан атаның ұрпағы – Шарапов Изатулла

Өзбекстан Республикасының Ішкі істер министрлігінің полковнигі. Хорасан атаның ұрпағы – Шарапов Изатулла. Кеңес өкіметі заманында қараусыз қалып, қирап кеткен Хорасан ата кесенесін өз қаражатына 2006 жылы жаңартып қайта салып берген абзал азамат. Алланың нұры жаусын! Ниетіңіз қабыл болсын!

23-наурызда жылдағы дәстүр бойынша Қазақ даласына ғана емес Орта Азия, Ресейге дейін Ислам өркениеті жайылуына үлкен үлес қосқан Әбдіжәлел баб (Хорасан ата) кесенесі басына көгалдандыру, тазалық шарасы өтеді.

Облыс әкімі Қ.Е. Көшербаевтың бастамасымен, Жаңақорған ауданының сол кездегі әкімі Ғалым Әміреевтің іске асыруымен кесене басына 20 орындық қонақ үйі 3 айда салынып, ашылу салтанаты өтті,тазалық көгалдандыру шаралары өтіп, артынан Түркістан қаласы тұрғындары мен жиналған қауымға ас берілді.

Хорасан ата кесенесіндегі салынған қонақ үй

 

Әбдіжәлел бабтың туы 

Бұл туда «Аллаху Акбар» «Мухаммед уа Али» деген сөздер мен «Али» аты төрт қайтара жазылған. Патшақожа Асқарұлы Өзбекстандағы Ташкент облысының Жаңажол (Янгиюль) қаласының тұрғыны. Әбдіжәлел бабтың ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа ауысқан кезінде, жорықтарда ұстаған туы осы кісіде сақталған. Салмағы бір қадаққа жуық, түрлі ою-өрнекпен әшекейленген, желкелік темірде арабша жазулар бар.1936 жылы Мәді деген кісі Бекқожа дейтін нағашысына беріп, өзі Өзбекстанға көшіп кеткен. Ту – ол кісіден 1967 жылы Патшақожаның қолына келді. Одан, бұл ту Хорасан Бабаның шырақшысына табыс етілген. Содан бері Хорасан ата кесенесінде сақтаулы.

Патшақожа Асқарұлы – Хорасан атаның туын сақтап осы уақытқа жеткізген абзал азамат

Қазақ халқы қынадай қырылған, қолдан жасалған отызыншы жылдардағы ашаршылықтың белең алып тұрған кезеңінде, әкем Берден қажы Төлегенұлы төрт жаста екен. Қарсақбайдан ашаршылықта, аштықтан босып келген елмен бірге жеркепеде атала көжені бөлісіп ішіп, жан сақтаудың қамын ғана ойлайтын шақ. Бірде анасының бір затты кепе ішінде жасырып жатқанын көріп, «Апа бұл не?» деп сұрағанда, бұл Хорасан атаның туы депті.

Хорасан атаның туын алып келген кез. 1995 жыл. Берден қажы
мен Көксарайлық Немат Жүсіпов

 

Берден қажы Төлегенұлы – Хорасан атаның туын іздестіріп тауып,
1995 жылы үлкен ас беруді ұйымдастырған абзал азамат

Әлбетте әуестеніп ұстап көрмек болған балаға бермеген. Кеште әкесі оралғанда анасының туды бермегенін айтады ғой. Адамның өз көлеңкесінен өзі қорқатын, шолақ белсенді сұқ саусағымен көрсетсе болды айдалып кете баратын, дін – апиын деп, қожа-молданы да кәмпескеге ұшыраған байлармен бірге қудалап жатқан уақыт.

Мұндай шақта Ислам дінін таратушы Әбдіжәлел бабтың туын үйде жасырын ұстау қандай қауіп екенін айтпаса да түсінікті болар. Не керек үлкен айқай шығып, «біз енді құритын болдық» деп әйеліне  ренжіпті. Арада қырық алты жыл өткенде үйге Ташкенттен Әбсаттар мағзұм, Шайхиддин молда бастаған ағайындар қонақтай келіпті. Өзбекстанға белгілі ислам діні ғұламалары келген соң көп кісі шақырылып, жақсы отырыс өткен. Сол дастархан үстінде әкем анасынан «Апа, еміс-еміс есімде бар, сол ту қайда?» деп сұрағанда, анасы «япыр-ай, сен ол кезде жас едің ғой» деп таңғала тұрып сөзді жалғастырады. Анасының айтуынша сол оқиғаның ертесіне бабамыз Төлеген, інісі Мүсілім екеуі жиырма шақырым жерде тұратын Бекқожаның атасы Долбайдың үйіне апарып жасырады. Міне, осы күннен бастап әкем Хорасан ата туын жалықпай іздестіру нәтижесінде, Өзбекстанда  тұратын Патшақожа деген кісінің қолында екеніне көз жеткізеді. Еліміз егемендігін алып, дінімізге жол ашылған соң, 1994 жылы ата ұрпақтары бас қосып Байғожин Ибадулланы басшы етіп сайлап, 1995 жылы қазан айында Хорасан ата ұрпақтары жиналып, үлкен ас берілді. Қонақтарға арналып 110 киіз үй тігілген еді.

Осы жиында он екі ғасырдан аса уақытты араға салып Хорасан ата туы «Тотықұс» аралына оралды. Қасиетті жәдігерді сақтап келгеніне рақмет айтып Патшақожаға 20 мың теңге мен ту бие сыйға берілді. Ту біраз уақыт біздің үйде сақталып, әкем қайтыс болған соң, бертін келе інім Абылғазының ұсынысымен Хорасан ата кесенесіне тапсырылды.

Айта кетерлік бір нәрсе, ас беруге дайындық жүріп жатқан мезгілде руы божбан Яхия деген кісі әкеме «үлкен тірлік жасап жатырсыздар, менің де тартар сиым бар, Хорасан атаның қалқаны, қылышы, дулығасы мен өзі пайдаланған қазаны бар, ас үстінде тапсырамын» дейді екен. Бірақта ол кісі кенеттен қайтыс болып кетеді де ол тірлік іске аспай қалады. Қанша сұрастырғанмен әзірге дерегі шықпай отыр. (Әбибулла қажы Берденұлы).

Төлегенов Әбибулла қажы Берденұлы Хорасан ата кесенесінің имамы. Кесене басындағы қонақ үйдің меңгерушісі

 

Төрехан Жәдігерұлы

Нұрқожа шырақшының тапсыруымен Ақтөбе қаласының тұрғыны Баба ұрпағы Жәдігерұлы Төрехан Хорасан ата мен Үсейн ата басына өз қаражатына ұйымдастырып құлпытас орнатқан азамат. 2007 жылы Хорасан ата мен оның ұлы Үсейін атаның басына өз қаржысына құлпытастар орнатты. Баба басына зиярат ете келуші халық тамақтанатын орынның бой көтеруіне қомақты қаржылай көмек көрсетті. Ұрпаққа үлгі болар істеріңізге Алланың нұры жаусын!

Майлықожа қиссасынан:

Сендерде шынжыр қатар орын бар ма?

Қожада Қорасаннан зорың бар ма?

Патшаға сбор бермес, қызмет қылмас,

Елу үй қорасандар бар Орынборда.

Арғы атам Әзіреті Әли шери құда,

Нәсапта соған барар жолың бар ма?

Бергі атам жұртқа мәлім Әбду Жалил бап,

Белгілі сендерде сондай қорым бар ма?

Атақты шын әулиені кемсітем деп,

Жоқ болып түсіп кетпеңдер ойымдарға.

Құдыққа құл құтырса салар қармақ,

Білмедім маңдайларында сорың бар ма?

Арқада Сайдақ өткен Сұлтан болып,

Хан Кенеге бір табан жақын болып,

Қадірлеп, қалың қазақ құрмет етер,

Не десе де айтқан сөзі мақұл болып.

Исламның Шариғатын жария қылып,

Ташкентте Мәделім тұр әмір болып.

Алдында не бір билер аузын ашпас,

Айтқаны барлық жұртқа мақұл болып.

Кісілік те, имандылық та Қорасанда,

Сендер мұны біле алмайсың қапы болып.

Қой сойып, қол құсырып тіленбесеңдер,

Аз уақытта кетерсіңдер кәпір болып.

Мұхаммед Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде былай дейді: «Кім жер бетінде Алланың үйін салуға ат салысса, Алла Тағала ол кісіге жұмақтан орын дайындайды» деп айтылған. Ислам тарихында мешіт салу – барша пайғамбарлар шұғылданған қадірлі іс болған. Сондай қадірлі іс жасаған, Хорасан ата кесенесіндегі мешітті өз қаражатына ұйымдастырып салдырған және кесене басында арнайы құдық қаздырған азамат. Жатқан жеріңіз жайлы болып, жаныңыз жәннатта болсын!
Нұрқожа Әбдуәліұлы (1936 – 2007 жж.)

 

 

Хорасан ата кесенесінің шырақшысы Әбітаев Мейрамхан Нұрқожаұлы

Жаңақорған ауданы. Тотықұс аралы. Әбдіжәлел баб – Хорасан ата кесенесі

Материал Жанысбеков Оразхан мен Ахмет Әбутәліп дайындаған «Әулиелердің әулиесі –
Хорасан әулие» атты Мәдени-танымдық, этнографиялық кітап-альбомнан алынды.

Суреттерді түсірген Нышанов Қанат

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button