Білген Шайыр айтады

 Әзіреті Әлінің жомарттығы

Менің немере ағам Тұрсынәлі Айнабеков 1949-50-жылдар көлемінде Қабланбек зоовет-техникумын бітіріп жолдамамен Қызылорда облысы Сырдария ауданына зоотехник болып баған. Екі жылдай жұмыс і стеген. Сол жақта Олжабаев Төлеудеген ақынмен танысып біраз дүниесін жатқа айтып жүрер еді. Есте қалғанын жариялап отырмын.

Тұрсынәлі Айнабекұлы

Төлеу Олжабаев

 Әзіреті Әлінің жомарттығы

 

Айтайын бір хикая құлақ салсаң,

Дүниеде біз бір жүрген әуре-сарсаң.

Шер құда Әзіреті Әлінің хикаясын

Айтайын отырған жұрт құлақ салсаң.

 

Дүлдүлмен Әзіреті Әлі кезген жерді,

Өзінде Құдай берген қайрат мол-ды.

Сүйікті Арыстанның жамиғаты,

Бір күні Бибі Фатима науқас болды.

 

Фатима науқас болды күн-күн санап,

Ішуге сусыны жоқ, жеуге тамақ.

Көңіліңіз қандай тағам сүйеді деп,

Сөйледі Әзіреті Әлі тілін жанап.

 

Не ішем деп Фатима да айтпай жатыр,

Науқасы тәуір болып қайтпай жатыр,

Беретін жеймін десе тағамы жоқ

Сұрайды қайта-қайта Әлі батыр.

 

Анарға Фатиманың көңілі кетті

Сонда да Әліге айтпай сабыр етті.

Алатын анар сатып пұлымыз жоқ,

Көңіліне салмайын деп қасіретті.

 

Фатима аяп жатыр Әлі ерді

Ат алған пайғамбардан әбзел шерді.

Базардан анар сатып алыңыз деп,

Жүзігін қолындағы алып берді.

 

Ер Әлі жүзікті алып базарға барды,

Жинаған керек-ау деп, дүние-малды.

Жүзігін Фатиманың алып барып,

Базардан жалғыз анар сатып алды.

 

Жүзікке жалғыз анар сатып алып,

Жүреді үйге қарай жылдамдатып.

Ер Әлі үйге қарай келе жатса,

Бір адам ыңқылдайды жолда жатып.

 

Ыңқылдап жатыр жолда жалғыз адам,

Ер Әлі соған қарай басты қадам.

Деп сұрады келе сала «Әлің нешік,

сүйеді көңіліңіз нендей тағам?».

 

«Былайша сырқат еткен Алла, – дейді,

Анардың суы қажет жанға дейді,

Көңілім менің анар сүйгенменен

Анарың берер маған бар ма? – дейді.

 

Анарын Әлі ойланды беремін деп,

Жатыр бұл мүсәпір өлейін деп,

Жартысын Фатимаға апарайын

Жартысын бұл науқасқа берейін деп.

 

Ер Әлі осылайша ойға қалды

Суырып қалтасынан анарды алды.

Бөлуді бір анарды нашар ғой деп,

Науқасқа тұтасыман бере салды.

 

Айрылды жүзікке алған бір анардан,

Болар ма жомарттығы мұндай адам,

Не дәлел Фатимаға айтамын деп,

Ер Әлі үйге қарай басты қадам.

 

Үйіне қайғыланып Әлі келді,

Фатима анарының жоғын білді.

Қайғысы бұл шерімнің тарқасын деп,

Анарды көңілім сүймей жатыр деді.

 

Базарға сіз кеттіңіз барамын деп,

Мен үшін анар сатып аламын деп,

Көңілім баз уақытта соғып еді

Сөліне мейірленіп қанайын деп.

 

Жұбатып Фатима сөз айтып жатыр,

Көңілім сол анардан қайтып жатыр,

Анарды жолда тастап кеткеніне

Қуанды сонда тұрып Әлі батыр.

 

Ер Әлі Фатимасын тұрды бағып,

Осы сөз құлағына кетті жағып,

Отырып біраз уақыт өтіп еді

Даладан біреу келді есік қағып.

 

Бір адам есік қағып келді дейді,

Әліден рұқсат сұрап енді дейді,

Пайғамбар Расулла жіберді деп,

Әкеліп тоғыз анар берді дейді.

 

Анарды Әлі қолға санап алды,

Кідіріп біразырақ ойға қалды.

Он болса керек еді, бірі жоқ деп,

Анарды әкелгенге қолқа салды.

 

Ол адам тамаша еткен Әлі ерді,

Бата алған пайғамбардан әбзел шерді.

Біреуі анарыңның мінекей деп,

Суырып қалтасынан алып берді.

 

Он анар Расулладан алып едім,

Кідіріп біраз ойға қалып едім,

Білімін Әлі шердің байқайын деп,

Қалтама бірін бөліп салып едім.

 

Окопта көңіл жұбату

 

Көңілге келді бір кеп басталғалы,

Айып емес артыңа сөз жазсаңдағы,

Сен тілім тірлігіңде текке жатпай,

Қайтеді көңіл кірін ашсаңдағы.

Төкеңнің жазған хаты келіпті деп,

Ермек қып оқып жүрсін жастардағы.

Әркім-ақ алжасып жүр ақылынан,

Солқылдап сұм дүниенің баспалдағы.

Әр бір іс құдіретімен күмән қылма,

Ай мен Күн ұстынсыз тұр аспандағы.

Дүниені күндей жарық қыла алмайсың,

Жалғанның жалпы отынын жақсаңдағы.

Жеті қат жер астына ешкім жетпес

Жиылып жеті мың жыл қазсаңдағы.

Тәңірінің таңырқайтын бар істері,

Кім қазып су шығарды тастандағы.

Жеткізіп мақлұхаттың ризығын,

Қалдырмай тұрушы кім аштандағы.

Осының бір егесі бар шығар деп,

Нең кетеді көңілім сен бақсаңдағы.

Елеулі ес білетін ерлерге ұят,

Тәубә қып жоқ бекер мастанбағы.

Құдайдан басқа егесін таба алмассың,

Қырық жыл қиялданып жатсаңдағы.

Дүниеге келген ерлер кетіп жатыр,

Ол да өткен Рүстем мен Дастандағы.

Кешегі Хақтың досы Мүрсалды ойла,

Ықылымға діннің жолын шашқандағы.

Жан қыймас төрт жолдасы жанындағы,

Әбу Бәкір  Омармен Оспандағы.

Төрт шардың ең кішісі Шері құда,

Дүлдүлмен дүние жүзін басқандағы.

Болад деп Әбибіме анық жолдас,

Серігін ылайықтап қосқандағы.

Әлінің айбатына жан шыдамай,

Жұмыла жан бір ақырса босқандағы.

Тағдыры өз құлынан болды-ау ердің,

Айнымай келіп еді бастан бағы.

Мүрсалдың жиені еді Асан-Үсен,

Атасы Әзірет Әлі арыстандағы.

Асанның сүйіп алған Әсмә жары,

У беріп жүрегіне дақ салғаны.

Жіберген Сәуинаны Мәруән бұзық,

Азғырып кел деп кемпір шапшаңдағы.

Орындап осы айтқаным келсе кемпір,

Дайын деп алтын-күміс ақшаңдағы.

Сөйлесті Әсмәмен аңдып тұрып,

Бір тесік бар еді, саңлау жапсардағы.

Арнаулы айтты сәлем Язит сізге,

Басыңа жетеді алтын жапсаңдағы.

Нең кетеді Язит ерге тиіп алып,

Алтыннан алқа шашбау тақсаңдағы.

Әдісін азғырудың біледі қақпас,

Екі жүз жыл жасаған қақсалдағы.

Әсмәнің айып-түсі құбылып тұр,

Сұм дүние сондай тату досты алдады.

Асанға у беруге қашып көңілі,

Обалды ойламай тұр мақшардағы.

Қу мыстан іс жобасын бітірдім деп,

Жайнаңдап жолға түсіп ақсаңдады.

Ер Асан үйіне кеп ішіп уды,

Дариядай тасқан көңілі тапталғаны.

Қапыда қайран ерден халық айрылып,

Күңіреніп қалған жоқ па дос жарлары.

Әнеки, әйел дұшпан деген осы

Мәпелеп, бағаланбай бақсаңдағы.

Дүниеде ол Хұсайын өткен жоқ па,

Қуарып сусыз жолда тасқандағы.

Шәһиттің дәрежесін тапқан ерлер,

Оларға сегіз пейіш бостандағы.

Е, Алла жазатайым бола кетсек,

Арман жоқ сол ерлерге қоссаңдағы.

Бұл ажал кімді аяп, қояр дейсің

Түнерген түсі суық тоқсандағы.

Сәуірдің желіндей-ақ өткенің бе,

Сұм дүние сұрғылттанып бастандағы.

Ажалдан келсе тұра құтылмайсың

Қорқыттай мая мініп қашсаңдағы.

Аплатын өнерменен өлмеймін деп,

Не боп ед көп білімі тасқандағы.

Дүниеден тақ Сүлеймен патша да өткен,

Әркімнің абыройы асқандағы.

Бағынып күллі мақұлық жын мен пері,

Ешкімнен беті қайтып жасқанбады.

Құдіреті өзі таратып бір ұл беріп,

Арман еткен осыған патшаңдағы.

Осыларды ойла көңілім, артықпысың

Әр нешік болатын іс Ақтандағы.

Кезекті келсе тағдыр кетеді алып,

Үйіңде тас бүркеніп жатсаңдағы.

Тағдырда санаулы өмір таусылмаса,

Шығарсың белден қанға батсаңдағы.

Үлгі қып өткендерді көңіл аулап,

Бұл Төкеңнің жазған кебі сасқандағы…

 

 

Мұса Қалимұлланың сақилығы

 

Ал көңілім, ашыл лебіз, шығар тілді,

Қайтесің көңілдегі шашпай дүрді,

Жаһанға жаратылып келгеннен соң

Әркім өз шамасынша дәурен сүрді.

Санаулы сарқылған соң демалары,

Қара жер қарынына бәрін бүрді.

Сендағы соларға ұқсап солса гүлің,

Жатарсың жай қылып ап бір үңгірді.

Ескеріп есіткендер етсе дуа,

Табарсың таңла машһәр жаннат үрді.

Жиында бектен белгі  қалатын іс,

Нәп бар ма көңілге ұғар көтер дүрбі.

Ікаят Әзірет Иса Мұсаменен,

Сайранға қадам ұрып бір күн жүрді.

Таңғажайып таңырқайтын көрді бір іс

Сейіл айлап, сахараны ойды-қырды.

Бір ақ құс баябаннан пайда болып,

Мұсаның қойнына келіп кірді.

– Қорықтың не нәрседен жануарым деп,

Сөз сөйлеп сонда ақ құс тілге келді.

Қоймастан қуып келеді бір лашын,

Гүжіммін көлеңкелі сіз бір бүрлі,

Ей, тақсыр, бір шапағат ойламасаң,

Шаршадым шамадан тыс сілем құрды.

-Жата бер жасырынып қойныма деп,

Таббусым қылған ұмрат жүз ай нұрлы,

Кешікпей келді артынан лашын да,

Етпе деп көлеңкемді менің кірлі.

Ақым бер ақтың досты болсаң егер,

Мұңайтпай мен сияқты мүсәпірді.

Шаршадым шамадан тыс құрып әлім,

Уақтым жоқ қуатығын және бірді.

Бұған да іші-бауыры барады еріп,

«Япырмай, екен-ау деп, бұл да мұңлы»,

Қой мұны қой етінен тоят жерсің,

Деп тақсыр жануарын сипап тұрды.

«Қой етін жемеймін»,- деп қоңырайып,

Өкпелеп әлгі лашын мойнын бұрды.

«Қоңымнан олай болса тоят же»,- деп,

Көрсеткен Калимулла көп үзірді.

«Жеймін деп, екі көзіңнің бірін ойып»,

Түктерін тікірейтіп, тұра ұмтылды.

Ашып көз шалқасынан жата кеткен,

Қидым деп, бәндәнімнің бәрін күллі.

Сол уақытта Әзірет Иса Аққа жылап,

Саждаға мінәжат қып басын ұрды.

Досыңды лайық па Мұсадайын,

Бір құсқа қор қылғаның құйттай мұрны.

Е, Алла, өзің ғана ойламасаң,

Мұсаның бұл тұрғыдан жоқ қой тұрмы.

Құс ұшты қорғалаған кешіп жаннан,

Жомарт сол аямаған жанын аңнан

Лашын ақ құс пенен айдай нұрлы,

Сілкініп сол уақытта боп адамнан.

Екеуі екі жаққа жүре берді,

Бәллі деп, ерлігіңе Кариманнан.

Әзірейіл Мәкәилмен екеуі екен,

Сақилығын сынамаққа келген маңнан.

Аллаға шүкір ана етті Мұса,

Құтылып бұл секілді басы даңнан,

Осындай бір мүйжаза іс көрсетіп,

Бақ қонған пайғамбарлық озып саннан.

Ерлерім сол секілді іс көрсетсең,

Жеткізер бір жаратқан гауһәр кәннән.

Сақтаған салиқалықтың сөзін Төлеу,

Хабардар болсаң құрбым біздің намнан.

Жақсы сөз бұрынғыдан нұсқа болды,

Құрбылар батаң болса бере бергін,

Аяғы осыменен қысқа болды.

 

Халық қазынасын жинаушы Тұрсынәлі Айнабековтің

мұрағатынан алып тапсырған Сейтомар Саттарұлы

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button