Білген Шайыр айтады

Хикаят рисала Мұңлық, Зарлық (соңы)

Әлқисса, Күлмес ханның қырық жігіті жалаңаш баланы әдепсіз деп, өлтірмек болды, найзаларын  сала берді. Бала айтты:

– Тақсыр, айтатын арызым бар,  бұларға тоқта деңіз, – деп, сәлем берді. Патша жігіттеріне «тоқтаң деді. Жігіттер тоқтады.

Анда баланың Күлмес ханға айтқаны:

– Ассалаумағалейкүм,

Алдияр тақсыр ханымыз!

Кедейліктің зарынан,

Беттен кетті әріміз.

Жалаңаш-жаяу жүрген соң

Кетті ғой біздің сәніміз,

Жаяу екен демеңіз,

Мен баланы таныңыз.

 

Ауға шыққан, Күлмес хан,

Құлан деп атсаң қодықпын,

Көлден тартсаң борықпын.

Ақылы қысқа, тақсыр-ай,

Ел-жұртынан айрылған

Біздей ғаріп жетімнің

Жолы болмасқа немене,

Іздеп шыққан жерімнен

Сұлтаныма жолықтым.

Келе жатқан бала едім,

Бір халатта бар едім,

Һеш нәрсе жоқ ойымда,

Төрт періште ат шапқан

Қырық шілтеннің тойында,

Іздеп шыққан елімнен

Сұлтаныма жолықтым.

 

Қысыраудың бойында,

Ақсақ қоян сықылды,

Сіздей ғаділ патшаға

Біздей жетім ынтықты.

Қайырлы хан дегенге,

Сұрап келіп тұрмын мен

Жез айыл берен мылтықты.

Шаруа тігер шайланы,

Пақырлар қылар пайданы.

Қайырлы хан дегенге

Сұрап келіп тұрмын мен

Алтынды шашақ найзаны,

Құдай кімді қалапты,

Қалаған киер манатты.

Қайырлы хан дегенге,

Сұрап келіп тұрмын мен

Алтын айдар садақты,

Құдай қылса бір істі,

Көтерер пенде  һәр істі.

Қайырлы хан дегенге,

Сұрап келіп тұрмын мен

Асфаһанлы қылышты.

Сүйедім пірге арқамды,

Жүрген жерім дархан-ды.

Қайырлы хан дегенге,

Сұрап келіп тұрмын мен

Шарайна белдік, қалқанды,

Шөл баласы шөлдеді,

Атымды менің Ғайып ерен

«Зарлықханң деп қойыпты.

Қайырлы хан дегенге,

Сұрап келіп тұрмын мен

Астыңда тұлпар атыңды.

 

Әлқисса, анда Зарлықтың бұ сөзіне хан күлді де, жүре берді. Ханның күліп басқа сөз айтпағанына Зарлық қапа болды.

Анда қырық жігіт патшаға айтты:

– Әй, тақсыр, сіз ғұмырыңызда һеш күлген емес едіңіз, сол себептен Күлмес хан деп атанған едіңіз. Емді ол жалаңаш бала аузына келгенін айтып сандырақтап, еді күлгеніңіз себебі не? – деді. Патша «күлгенім жоқң деп айтпады. Қырық жігіт өтініп көп сұрады. Анда патша айтты:

– Ол Пәруәрдигар Құданың құдіретіне тамаша қылып күлемін. Неге десеңіз, ол баланың әкесі бізден он есе артық хан еді, баласын жаяу қайыр сұратып қойғанына күлемін, – деді. Жігіттер бұ сөзге нанбады. Анда хан айтты:

– Әй, жігіттер, ертең түсте жоғары елімнің һәммасын қуып айдап, ордаға әкелгенде нанарсыңдар, – деп жүре берді.

Анда Зарлық бала жоғарғы шаһарға барды. Келсе, аспаздар тағам пісіріп жатыр екен. Келіп: – Бұл не? – деді.

– Тағам! – деді.

[Зарлық] туғалы кісі қолынан жемеген тағамдарды жеді. Екі қазанның асын бітірді. Аспаздар иесі пұлын есеп қылып отыр екен, [Зарлық] жүріп бара жатқанда:

– Пұлын бер, – деді. [Зарлық] тыңламады. Жүгіріп [барып] ұстадылар, ұрысып, жанжал қылып Зарлық құтылып кетті.

Бір дүкенге келіп, жаюлы тұрған шапандарды көріп, бірін алып, бірін киді. Ақыры аралап бір жақсы шапанды киіп жүре берді.

Дүкен егесі:

– Ей, пұлын бергіл, – деді. Тыңламады. Анда тамам қалмақ жабылып, жыртып алып қалды. Зарлық біреуінің  қолындағы балтасын тартып алып кетті. Қалмақтар дүкенге қашып барды.

Ол күні Зарлық бала далаға түнеп жатып ойлайды: «Енді не де болса кешегі өзім көрген дүкенге барайын, өзіме лайық бір шапанды киейін, Мұңлыққа лайық бір шапанды алайынң деп, орнынан тұрып таң атысыменен жүгіріп келе жатты.

 

Келе жатыр Зарлықжан

Ертеңменен ертеңдеп,

Жолға түсіп емпеңдеп.

Жаман тоны баланың

К..іне жетпей келтеңдеп.

Келте тоны үстінде,

Шөметейі селтеңдеп.

Анда-санда көрініп

Басы шығып шолтаңдап.

Мүсәпір келсе алыстан,

Хал-ауқатын сұрамас.

 

Шаһарға кірді аралап,

Тар көшені паналап.

Қалмақ деген занталақ

Екі беті қанталап,

Зарлықханды көрген соң,

Жиылды бәрі анталап.

Анда Зарлық келеді,

Ақбөкендей желеді.

Өзі батыр ер еді,

Қалмақпенен ісі жоқ,

Кешегі көрген дүкеннің

Құлпысын бұзды балталап.

 

Анда қалмақ келеді,

Ұрыс қыла береді.

Тұр дүкенді паналап,

Қолындағы арқанмен,

Қуалап ұрды сабалап,

О да атадан туады,

Бұ да атадан туады.

Он бестейін жиып ап

Арқанға тартып буады.

Бөрі тиген қойдай қып

Тұс-тұсына қуады.

 

Садағы жеткен жер болса,

Тартып кетіп барады,

Мылтық жеткен жер болса,

Атып кетіп барады.

Талай қалмақ қырылып,

Жылап кетіп барады.

Шаһардағы қалмақтар

Қашып кетіп барады.

Қылышы жеткен жер болса,

Қырып кетіп барады.

Өз білгенін Зарлықхан

Қылып кетіп барады.

Көп қалмақты қырмаққа

Бір шерменде қылмаққа

Зарлықханның обары

Қырып кетіп барады.

Бір майданнан көп қалмақ

Мойып кетіп барады

Ата-ана баласын

Қойып кетіп барады.

Қойға кірген қасқырдай

Сойып кетіп барады.

Қалмақтардың төбесін

Ойып кетіп барады.

Қанын ұрттап Зарлықхан

Тойып кетіп барады.

Алпыс атты бір жерге,

Жетпіс атты бір жерге

Түйіп кетіп барады.

Мола қылып өлгенін

Үйіп кетіп барады.

Зарлық батыр қалмақты

Жойып кетіп барады.

 

Қалмақ қашты жаналап,

Тар көшені паналап

Ұғыл атасын «дадалапң,

Дадасы шулап «бабалапң.

Қалмаққа кірді Зарлықхан

Аш арыстандай аралап.

Батыр туған Зарлықхан

Қалмақты қырды саралап.

 

Он сегіз мың бар-ды ғалам,

Молдаларда дәуіт, қалам,

Қырып-жойып көп қалмақты,

Ер Зарлықхан қылды тамам.

 

Һәр кітапта Пайғамбар аты

…      …*           сәйір біліп,

Қажылар кітап оқыр-ды

Көзінің жасы тізіліп.

Жайдың оғы түскендей

Шаһардағы көп қалмақ

Бәрі қашты бұзылып.

 

Қалмақ қашып кеткен соң,

Батыр туған Зарлықхан

Толғана  мойнын бұрады.

Өзі көрген дүкенге

Қайта жетіп барады.

Бекітулі дүкеннің

Балталап құлпын бұзады.

Киді киім қабаттап,

Шүкір қып Хаққа тұрады.

Шарайна алып қолына,

Суретіне  қарады.

 

Сонда тұрып сөйледі:

– Пұл жібердім қалаға,

Бұзау, баспақ, танаға.

Қанша киім кисем де,

Жараспайды екен-ау

Мендей бір күйген қараға.

Сонау  көлге барайын,

Әбден аппақ болғанша

Жеті күн жатып жуайын.

Қымқаптарын сүйретіп

Суға қарай жөнелді,

Иесіз тастап қалмақтың

Қазына, дүкен сарайын.

 

Батыр туған Зарлықтың

Жүрегі оттай қаулады.

Ағартам деп денесін

Балшыққа, суға аунады.

Жая жесе жалдай боп,

Шекер жесе балдай боп,

Көл шетіне толықсып,

Жата берді Зарлықхан

Толқын соққан салдай боп.

 

Әлқисса, жоғарғы шаһардың күллі адамдары қашып барып, ханның ордасына тығылды. Анда хан қырық жігітке бұйырды: – Барыңыздар, сол күнгі баланы тауып алып келіңіз, жалғыз қызым Құралайды беремін, сүйтіп көңілін ауламасам, елімді ойран қылар, – дейді.

Анда қырық жігіт һәр жерлерден қарап жүріп, көлдің шетінде суға шомылып отырғанын көріп,  Зарлық екенін біліп, қасына жақын барсақ, ұстап алар деп, алыста тұрды. Әгар ол жерден ұмтылса, ордаға [қашып] барамыз деп,  Зарлыққа айтқаны:

 

– Біз тұрмыз сізге жете алмай,

Сізден жауап алмастан,

Ханға қайтып кете алмай.

Бізді патша жіберді,

Сізге келдік патшаның

Бұйрығынан өте алмай.

 

Сізді патша шақырды

Ақ жүзіңді көргелі.

Аңда жүріп көрген соң,

Онан соң қайтып көрмеді.

Сізге патша жіберді

Құралай қызын бергелі.

 

Көріңіз ханның бақтысын,

Жұртының жиды жақсысын.

Күлмес хан сізді шақырды

Бергелі тіллә, тақтысын.

Келмесін, тақсыр, қаһарың,

Ашылған гүлдей баһарың.

Патша сізді шақырды

Бергелі Мұзылұс шаһарын.

Екі саулық, бір қозы

Баһар айда қырқарым,

Шыққын бері, сұңқарым,

Күлмес хан сізге жіберді

Бергелі Гүлсары тұлпарын.

 

Әлқисса, анда Зарлық «Менің қарындасым айтқан пірлер екен, менің анау күнгі сұрағанымның бәрін берейін деген екенң деп ойлап, уақыты хош болды. Жігіттерге: – Келіңдер, менің екі  қолымды байлап, жаяу  айдап апарыңдар, – дейді. Жігіттер қасына келіп  аттарынан түсіп жақындап еді, Зарлық атын тартып алып, өздерін жаяу айдап ордаға келді.

Хан: – Менің қазынамда  қанша көп суреттерім бар еді, соны көрсетіңдер,  – дейді.

Ол суретті көрсетті, [Зарлық] қарамады.

Анда Зарлықтың алдына дастарқан жайып жігіттер қызмет қылды. Зарлықтың тағам билән ісі жоқ. Жігіттермен  ойнасам деп, көтеріліп қойса, жігіттер алды-алдына қашты. Анда Зарлық тұрып жігіттерге ұмтылды.

 

Зарлық бала ойнайды,

Арыстандай құтырып,

Ителгідей жұтылып,

Қуды жігітті ұмтылып.

Қамданып тұрған қырық жігіт,

Он бесі кетті құтылып.

Жиырма бесі баланың

Қолында қалды тұтылып.

Құтылып кеткен он бесі

Хан алдына бара алмай,

Тауға қашты сытылып.

 

Баланың өзі нашар-ды,

Бала қулық ашады.

«Мінездері қалайша,

Ойнайын десем қашады,

Бұ да қашып кетерң деп,

Ол жиырма бес жігітті

Астына алып басады.

Балаларша  үстінде

Секіріп жүріп ойнаса,

Кесектеп қанды құсады.

Қай-қайдағы зардабы

Бұдан таза шықсын деп,

Құсқан сайын қысады.

 

Патша келіп қараса,

Оқ жыландай  ысқырып,

Ор текедей пысқырып,

Жігіттерді бұтына

Қысып-қысып тыштырып

[Жатқанын оның көреді].

 

Әлқисса, анда патша мұны көріп, балаға жетіп келіп қол қусырып арыз айтқаны:

– Екі саулық, бір қозы

Баһар айда қырқарым.

Арызды тыңда, сұлтаным,

Саған тарту, шырағым,

Гүлсары ат деген тұлпарым.

Сөйлеуге халім келмейді,

Құрыды жаман дімкарым.

Ақ тұйғын құс сен болдың,

Қоңыр ала қаз мен болдым,

Ұстап алған жеміңді

Бермеймісің, сұңқарым.

 

Келе жатқан шағыңда

Көріп едім өзіңді.

Ат үстінен абайлап

Байқап едім сөзіңді.

Дұшпандардың ішінде

Төмен қылма жүзімді.

Тарту қылып мен тұрмын

Құралай атты қызымды.

 

Қырық жігітімді өлтіріп

Сындырма менің белімді.

Бұтаққа қонған бұлбұлдай

Сайратпағын тілімді.

Елімді тарту мен қылдым,

Қай жерден таптың мінімді.

Менің айтқан бұ сөзім

Жалған емес, шыным-ды.

Бүйте берсең, жан балам,

Кетірерсің сынымды.

Жалынса, жақсы кешірер,

Жаман қылма күнімді,

Шағи қылып шамалап,

Сынадың менің әлімді.

Тарту қылып жалынып,

Алдыңа салдым барымды.

Бұған көңілің толмаса,

Алдыңа салып берейін

Тоғайда жатқан малымды.

Бұқара  болып ел-жұртым

Саған қарап бағынды.

Дұшпандардың ішінде

Сындырма, балам, сағымды

Бір сапар, балам, сыйлағын

Менің айтқан арызымды,

Төкпе беттен арымды,

Патшазада шырағым,

Қашырма беттен қанымды.

Күнәм болса, кеше гөр,

Хан атаң келіп жалынды.

 

Асыл туған  шырағым,

Көргеннен сені сыйладым.

Сыйлағаным емес пе,

Ел-жұртымды жинадым.

Дастарқан салған жігітті

Мұнша неге қинадың?

Асыл туған шырағым,

Асыл, күміс, гауһар тас,

Һәр нәрсе болса жиғаным,

Мен де өзіңдей хан едім,

Бір сапар, балам, сыйлағын.

 

Әлқисса, бұған жауап бермесем әдепсіз болармын деп, Зарлықтың ханға айтқаны:

– Есітіп сенің атыңды,

Шығып едім елімнен.

Жаяулықтан жүре алмай

Асу-асқар беліңнен,

Туралап кешіп өте алмай

Шалқыған шалқар көліңнен.

Көңілімде бұ іс жоқ еді,

Хан ата, болды пиғылыңнан.

 

Келе жатқан шағымда,

Өзіңді ауда көргенім.

Осы шығар ханым деп,

Иіліп сәлем бергенім.

Жол болсын, балам, дегенде,

Жөнімді айтып бергенім.

Біліп тұрып жөнімді

Жақсы  жауап бермедің,

Мені өзіңдей көрмедің.

Назар салып адам деп,

Баланы көзге ілмедің.

Әлі есімнен кетпейді,

Сақалыңды сыпырып,

Масқара қылып күлгенің.

Бір жетім келсе күлесің,

Осы ма, патша, білгенің.

 

Келіп тұрған, Күлмес хан,

Һеш нәрсені білмес хан.

Жалынсаң да, бұл Зарлық

Тілегіңді бермес, хан!

Неге келдің қыдырып,

Қайғырып келген баланы

Кісі орнына көрмес, хан.

Мені бүйтіп сынама,

Өзіңді бүйтіп бұлама.

Тағдыр жетпей Алладан,

Ажалсыз адам өлмес, хан.

Жетім қылды Құдайым,

Айырып ата-анадан,

Қызыр, Ілияс жар болып,

Медет таптым даладан.

Түз ғайыбы Ерендер

Атымды қойған Зарлықхан.

Алдыма келдің, мен кештім,

Тұз бұйырып келген соң,

Һәр нәрсе болса, Күлмес хан!

 

Әлқисса, бұ сөзді айтып жігіттерін босатып жіберді. Анда патша ордасына келіп жігіттерге айтты: – Барыңдар, қызымды алып келіп, қосыңдар, көңілі алданып еліме тыныштық берер ме екен, – дейді.

Анда  жігіттер [Құралай сұлуға] он бес қатынды бұйырды.

 

Құралайға жұмсады

Он бес бірдей қатынды.

Ордаға құрды шатырды,

Тоқтатқалы айламен

Зарлықхандай батырды.

Қырық жігіт пен Күлмес хан

Бір жерге қойды ақылды.

Сарайда жатқан хан қызын,

Ордада ханы отырып

Он бес қатын шақырды.

 

Шақырғалы барады,

Құралай жатқан сарайға

Қатындар назар салады.

Барса, үйі бұзылған,

Қатындар аң-таң қалады,

Аң-таң қалып қатындар

Төңірекке қарады.

 

Бәрі де қатын паңдары,

Бұзылып жатыр тамдары.

Байқаса, жаңа бұзылған,

Басылмай жатыр шаңдары.

Терезенің алдында

Бір тамған екен қандары.

Тамған қанды көрген соң,

Жиылып барған қатынның

Шошып кетті жандары.

Әйнектен шығар алдына

Құралайдың бұтынан

Сыпырылып қапты дамбалы.

Дамбалы қапты, өзі жоқ,

Не дерін білмей қатындар

Іздейтұғын ізі жоқ.

Туралап айтар сөзі жоқ,

Қайтып келді қатындар,

Елге қарар жүзі жоқ.

 

Ордада отыр Зарлықхан

Аш арыстандай ыңыранып,

Әбжыландай толғанып,

Алысам деп біреумен

Қозғала түсіп ырғалып.

Ойласады қырық жігіт:

«Қасына мұның бармалық,

Қапа қылар біздерді,

Қасында мұның тұрмалықң.

Он бес қатын келеді,

Құралайдан құр қалып.

Құралайдың өзі жоқ,

Белгілі кеткен ізі жоқ,

Жалғыз дамбал қалыпты,

Қатындар келді қолға алып.

 

Құлақ салғыл, жарандар,

Есіктің алды тал еді,

Талды кессе сал еді.

Құралайға бір ғашық

Қарадәу деген бар еді,

Құралайға  ынтық боп,

Қосылмаққа зар еді.

 

Сөз сөйлейін басынан,

Ғашық еді Қарадәу

Құралайға жасынан.

Құралай десе, Қарадәу

Айрылар еді ғашық боп

Аузында тұрған асынан.

Бір әзәзіл бар еді,

Жай қылған еді ол шайтан

Қарадәудің қасынан.

Қарадәуге жолдас боп,

Бір әзәзіл жүріпті,

Һәр нәрсені көріпті.

Құралай жатқан сарайға

Тап сол күні келіпті.

Зарлыққа қызды бермекті

Ол күні шайтан біліпті,

Хабарсыз жатқан ол дәуге

Хабарды шайтан беріпті.

Құралай жатқан ордаға

Ашуланған бойымен

Қарадәу жетіп келіпті.

Шыдай алмай  Қарадәу

Әйнектен қолды салыпты.

Бейхабар жатқан сұлуды

Әйнектен тартып алыпты.

Сұлуда мықын жоқ екен

Сол себепті дамбалы

Тесікте сыпырылып қалыпты.

 

Мұны біліп Зарлық хан,

Кіреді енді күшіне.

Жауатын бұлттай түнеріп,

Сөйлемеді кісіге.

Адам қарап болмайды

Зарлықтың сонда түсіне.

Құралайдай сұлуды

Дәу алып кетті деген соң,

Толды қайғы ішіне.

 

Ал, Зарлық хан сөйлейді:

– Менің өзім баламын,

Бала да болсам данамын.

Жетім болып өссем де,

Ішім бір толған сәнамын.

Ғайып ерен жар болса,

Қарадәудің қолынан

Құралай қызды аламын.

Жабдықта мені, Күлмес хан,

Құралайды іздеп барамын.

Тәуекел деп көз жұмып,

Ісімді Хаққа саламын.

Құдай, өзің пана бол,

Дәргаһыңа бас ұрдым,

Оңғарғын осы талабым.

 

Сиынған пірім – ерен-ді,

Ойлаған ойым терең-ді.

Һәр нәрсе десем, Күлмес хан,

Маған тауып бер енді.

Өзімді жолға саламын.

Талабымды көр енді.

Маған бергін қырқарға

Сегіз қырлы беренді.

 

Зарлық хан Хаққа жалбарды,

Аманат тәнде жан бар-ды.

Тәңірі берсе, алармын

Қарадәудей заңғарды.

Маған бергін қырқарға

Заһарға салып суғарған

Тас кескен асыл қанжарды.

 

Бүйткен күнім құрысын,

Болмайды енді тұрысым.

Мақұл болсын Аллаға

Менің бұ қылған жұмысым.

Кәміл пірім жар болса,

Оңғарғын, Алла, бұл ісім.

Құралайды дәуден алмасам,

Зарлық хан атым құрысын.

Маған бергін, Күлмес хан,

Заһарға салып суғарған

Асфаһанлы қылышың.

 

Құдай кімді қалапты.

Қалаған киер манатты.

Құралайдың жолына

Енді қылдым талапты.

Ғайып ерен жар болса,

Саламын жұртқа санатты.

Атаңа лағынет Қарадәу

Жолына бізді қаратты.

Бұ талаптан қайтпаспын,

Мені де Құдай жаратты.

Іс қылайын ерлердей,

Тауып бер маған бір атты.

Атың болсын жолдасым,

Ұшар құстай қанатты.

 

Сиынған пірім – Дәуіт-ті,

Кидің жинап мауытты.

Құралайдың жолына

Көңілім менің ауыпты.

Тауып бер маған жарақты,

Қылмаймын жаудан қауіпті.

Бектер ішер шарапты,

Дәргаһында Құдайым

Һәр түрлі жанды жаратты.

Маған бергін қырқарға

Алтын айдар садақты.

 

Әлқисса,  андаКүлмес хан айтты: – Балам,  барма, биһұда өліп кетерсің, – деді.

Анда қырық жігіт айтты: – Әй, тақсыр, осыменен көбеймей-ақ қояйық, қоя беріңіз, жанымыз шықты ғой, – дейді.

Анда хан барша айтқан қару-жарақтарын даяр қылды, астына Гүлсары атын мінгізіп шығарып салды. Зарлық батыр жолға түсіп, бір ғазал оқыды.

 

Батыр туған Зарлық хан

Дәуді іздеп жөнеді.

Жалғыз өзі Зарлықтың

Жолға түсіп келеді.

«Шу, жануар, Гүлсары ат,

Көкірегіңде жазған хат.

Кекіліңнен, жануар,

Жол танабын жуық тарт.

Дәудің жатыр қолында

Құралай атты шаһизат.

Құйрығың сұлу, жануар,

Көтеріп шапсаң байрақтай.

Мойның сұлу таяқтай,

Белің сұлу,  Гүлсары ат,

Төрт қырлаған қайрақтай.

Кербез басқын аяғың

Қыз жинаған бойдақтай.

Баса көргін ойнақтай,

Жалың сұлу, Гүлсары ат,

Күлтеленген жібектей.

Сипатыңа болайын,

Мал түспеген түбектей.

Танауыңа болайын,

Түбі түскен шелектейң.

 

«Шу, жануар, шуң деді,

Ескен желдей гуледі.

Қарсақ жортпас қалыңнан

Қарғып өтіп барады.

Түлкі жортпас түлейден

Төтелеп өтіп барады.

Құлақтың [түбі] терледі,

Терлеген сайын өрледі.

Көлденең жатқан аңғарды

Жер ошақ құрлы көрмеді.

Қамшы басты санына,

Жәбір қылды жанына.

Ілеспеді ұшқан құс

Гүлсары аттың шаңына.

«Гүлсары атым, тұлпарым,

Қос қанатты сұңқарым.

Жол танабын жуық тарт,

Жау шабуға іңкәрімң.

Зарлық хан атқа қатылды,

Сауырысына қамшы батылды,

Төрт тұяқтан шыққан от

Нысана атым жерге шашылды.

 

Неше-дүр күн бел жүрді,

Неше-дүр күн жол жүрді,

Арада сусыз шөл жүрді.

Сөйлеріне сөз болды,

Жүргені жапан түз болды.

Зарлық батыр сол уақта

Көлденеңі қырық құлаш

Бір дарияға кез болды.

Тарылды Зарлық хайласы,

Ақылдың жетті пайдасы.

Қарсы алдынан кез болды

Өлінебұлдың дариясы.

Бұл дарияны көрген соң

Аға берді көз жасы

Болды сарсаң бір басы.

Аһ дегенде Зарлық хан

Жад етіпті пірлерін,

Тарқатып көңіл кірлерін.

 

Жүрген жолы қазылды,

«Шуң дегенде Гүлсары ат

Қырық құлаш  барып жазылды.

Жад қылды Зарлық Құдіретті,

Атқа қылды рахматты.

Көтерілді Гүлсары ат,

Қарғығанда жануар

Қырық арқан бойы ол кетті.

Көкке қарап ғырылдап,

Ұшқан құстай пырылдап.

Бұлтқа жақын ол жетті.

Ар жағына дарияның

Мысықтай болып топ етті.

Түскен жері тұлпардың

Ойыла жаздап солқ етті.

Гүлсары ат мінді қайратқа,

Зарлық хан кірді ол шатқа,

Дария жұмыс болмайды

Астында тұлпар сары атқа.

Гүлсары атты ырғытты,

Атқан оқтай сырғытты,

Көзіне ілмей дарияны,

Тәуекел деп қарғытты.

Жүрек болмас жаманда,

Гүлсары аттай  келбетті

Жылқы  болмас жаһанда.

Жығылмастан  дарияға,

Алып ұшты жапанға.

Өткізді аман дариядан

Зарлық хандай беренді.

Зарлық ханның, жақсылар,

Ал, қайратын көр енді.

Келе жатса Зарлық хан,

Ойнақтап тұрған алдында

Бір биік тауды көреді.

 

Әлқисса, Зарлық ойлады: «Бұ жақтың тауы көшіп жүреді екен, бір таудың астында  қалып өлемін бең, деп қараса, бұл тау Қарадәудің үйінің түңлігі екен, дәу демін алса шошаңдап тұрған. Зарлық жетіп келеді, сол кезде үйден Құралай сұлу шығып:

  • Ей, бейшара! Бұ жерге неге келдің, өлесің ғой, – дейді.

Анда Зарлық батыр  атын қызға ұстата салып, өзі үйге кіріп келеді. Қарадәу ұйықтап жатыр екен. Жүгіріп үстіне шықты, оянбады. О жақ, бұ жағына қарады. Көрдікем дәудің шоқпары босағада тұр екен. Оны алып дәуді басқа ұрды. Анда дәу көзін ашып қарады.

– Ей, бала! Мені неге ұрасың, сенің ұрғаның шыбынның шаққаны құрлы болмады ғой,  – дейді. Анда Зарлық айтты:

– Мен сені өлтірем, – дейді. Дәу айтты:

– Мені өлтірер болсаң, әуелі менің  бір аяғымменен күрес. Аяғымды көтеріп тұрайын. Аяғымды жерге басып тигізсең, сенімен күресейін. Аяғымды жыға алмасаң, ұйқымды бұзбай, жөнел! – дейді.

Анда Зарлық батыр қолындағы арқанын тұзақ қылып, [дәудің] аяғының басына іліп алып тысқа шығып атына мініп, тақымына салып үйден сүйретіп ала жөнеледі.

 

Зарлық батыр ал, сонда

Қарадәуді сүйретті.

Сүйреткі қылып үйретті,

Шеттегі шеңгел, тікенге

Өкпе, бауырын түйретті,

Тау мен тасқа соқтырып,

Қабырғасын күйретті.

 

Қарадәуді сүйретіп,

Дүрілдетіп келеді.

Ылдидан төмен құлатып,

Зырылдатып келеді.

Бәдәнін тасқа қақтырып,

Пырылдатып келеді.

Жүрегін тасқа  қақтырып,

Пырылдатып келеді.

Төбет иттей ыржитып,

Ырылдатып келеді.

Соғып тасқа денесін,

Дырылдатып келеді.

Қарадәудің торғайын

Шырылдатып келеді.

 

Сүйретті дәуді далаға,

Тас тығылды шараға.

Жалынды сонда Қарадәу

Зарлық хандай балаға:

– Бір іс қылдың, жас бала,

Бұрынғы өткен мәрттейін,

Қаптаған қара өрттейін.

Бір көтертші басымды,

Айналайын, жан бала,

Арманда өліп кетпейін.

 

Айналайын, жан бала,

Қалмады менде ақыл-ай,

Құрыды халім, тақсыр-ай,

Бір мұштымдай баланың

Күшті еді қандай тақымы-ай.

Арманда өліп барамын,

Дүниеден кеттім ақыры-ай.

Көтере алмай басымды,

Кеттім бе енді қапыл-ай!

Жұдырықтай баланы

Тоқтата алмай барамын,

Не болды маған, япыр-ай!

 

Дүниенің білдім жалғанын,

Көтердім Алла салғанын,

Тістеулі кетті бармағым.

Көтере алмай басымды,

Ішімде кетті арманым.

Бір мұштымдай баланы

Тоқтата алмай барамын,

Қай жаққа кетті салмағым.

Айналайын, қарағым,

Жаныма қатты батқан соң,

Көзімнен ақты бұлағым.

Тақымға салып сүйретіп,

Болдым ба көкпар лағың.

Мен де өзіңдей ер едім,

Ерге серік шер едім.

Жетті хәлім өлімге,

Бір көтерші басымды.

Не тілесең берейін,

Айналайын, шырағым.

 

Әлқисса, анда Қарадәудің етінен  еш нәрсе қалмай пара-пара болған соң, «емді өлмегенде не жаны қалдың деп босатты. Қорқырап  біраз жатып, есін жиып алып, басын көтеріп, баланы көріп түрегеліп  алыса берді.

 

Тұра келіп қағысты,

Жағаласып алысты.

Қарсы шеңгел салысты,

Атаңа лағынет Қарадәу

Енді ойлады намысты.

Бір уақыттар болғанда

Зарлық хандай баланың

Бақайшағы майысты,

Қабырғасы қайысты.

Айдаһардай ысқырып,

Балықтайын бұлқысты.

Жас баланың басына

Қиын-қыстау іс түсті.

Жығыларға ептеліп,

Аяқтары сандалып,

Зарлықхан батыр сол шақта

Қарадәуден бек састы.

 

Әлқисса, Зарлық бала  дәудің қолында қысылды. Әлі келмейтұғын болған соң әуелі Алла Тағалаға жалбарып, екінші жамиғи пайғамбарлардан шапиғ келтіріп, жүмлә әулиелерден медет истиғанат тілеп, енді өлгенім бе деп айтқаны:

– Мендей ғаріп құлыңның,

Ал, ұсындық, қолын ал.

Сүйегім менің болды сал,

Қуат кетіп тәнімнен,

Қалмады менде зәрре хал!

Бір медет берер күнің-ді,

Жаратқан Қадір Зұлжалал.

 

Тілімде көп-дүр қатамыз,

Дін үшін жанды сатамыз.

Мен перзентің қысылды,

Хазірет Адам атамыз.

 

Мұнда көрдім машақат,

Машақат көрдім мен бейхад.

Бұ сондай сасқан уақтымда,

Иә, Расул, қыл шапағат.

 

Жетім болдым әуел бастан,

Талай бейнет көрдім жастан.

Мүсәпір қылып Құдайым,

Қорлық көрдім талай істен.

Бір медет берер күнің-ді,

Әбубәкір, Омар, Оспан.

 

Мен бейшара болдым кедей,

Ел-жұртымнан болдым жұда.

Әулиелер жолына

Әйладым жаным пида.

Бір медет берер күнің-ді,

Иә, хазірет Шері Құда.

 

Көзімнен ақты қанды жас,

Ғаріп болды ғазиз бас.

Болды маған енді жат

Ағайын, туған, қарындас.

Бір медет берер күнің-ді,

Ғауыс,  Қияс, Қызыр, Ілияс.

 

Арманда кеттім енді мен,

Дәрменім кетті халімнен.

Бір медет берер күнің-ді,

Жасымнан баққан қырық шілтен.

Құлақтарым болды керең,

Бұ бәдбақыт кәпір

Қылмайды ерен.

Бір медет берер күнің-ді,

Кәміл пірім Ғайып ерен.

 

Әлқисса,  бала бұлайша деп  мінәжат қылып жылаған соң хазірет Қызыр пайғамбар балаға медет қылып, жүз ердің күшін пайда қылады:

 

Пірлері медет берген соң,

Бала судай тасады.

Қайтадан қайрат шашады,

Қарадәуді Зарлықтың

Аруағы үстін басады.

Һәрне болса Зарлық хан

Пешенеден көреді,

Пірі медет береді.

Ғайып ерен қырық шілтен

Зарлықтың кәміл пірі еді.

Пірлері медет берген соң,

Енді бала асады,

Көтеріп алып Зарлық хан

Дәуді астына басады.

Басып жатып Зарлық хан

Дәудің басын кеседі.

Судай шашып қандарын,

Ағашқа басын  асады.

 

Әлқисса, Зарлық батыр дәудің басын кесіп, ернін тесіп ағашқа басын асып, Гүлсары атқа мініп қайтадан салып жетіп Құралайға келеді. Анда Зарлықтан қыз сауға сұрады.

«Құп, дәуді өлтірдімң деп, Құралайды мінгестіріп алып жөнеле береді.

 

Бәрекелді, жігіттер,

Зарлық хан қылған санатқа,

Мұндай қылған қайратқа.

Құралай мен Зарлық хан

Мінгесті бұлар бір атқа.

Басын жолға салады,

Тұлпардан туған Гүлсары ат

Сүмбідей болып жарады,

Мінгесіп алып кетеді,

Неше белден өтеді.

Баяғы көрген дарияға

Мінгесіп келіп жетеді.

 

Бұл дарияға жолғасты,

Тұлпарға қамшы бір басты.

Артына әйел мінгесті,

Киіктей сұлу Гүлсары ат

Бір аяғы жер басты,

Бір аяғы су басты,

Кете жаздап дарияға,

Зарлық батыр бір састы.

Ол дариядан өтеді,

Өтіп алып кетеді.

Күлмес ханның үйіне

Құралай, Зарлық жетеді.

 

Кедейлер тігер кепесін,

Ақсақал жейді шекесін.

Ұзын сөзді қысқартып,

Енді айталық төтесін.

Отыз күн ұдай ойын қып,

Қырық күн ұдай тойын қып,

Құралайды Зарлыққа

Молдалар қиды некесін.

 

Әлқисса, Зарлық хан ойын-күлкіменен жата берді.

Күндерде  бір күн Мұңлық Зарлықтың түсіне кіріп: «Ей, аға, мені ұмыттың ба?ң дейді. Анда Зарлық «аһң тартып, оянып айтты: – Ей, Құралай, мен қайтамын.  Менің қарындасым иесіз тауда жүр еді, – дейді. Құралай қыз атасына хабар береді:

– Зарлық қайтам дейді, мені қалдырмасын, – дейді.

Анда атасы Күлмес хан іші алтын, сырты күміс алты қанат ақ орда береді. Екі мың қой, бір мың жылқы, он күң, он құл, он отаумен көшіріп жөнелтеді, Зарлыққа Гүлсары атын берді. «Қошң деп риза қылып, жарым жолға шығарып салды.

Бұлар неше медет жол жүріп, Шөгірлінің тауына келеді.

Анда Зарлық жақсы таза киімдер алып, ілгері қарындасына ұзап кетті. Баяғы орнына келсе, Мұңлық жоқ екен. Қайда екенін біле алмай Зарлықтың  жоқтап жылағаны:

 

– Ай, көзден аққан қанды жас,

Сарсаң болды ғазиз бас,

Басқа бейнет түскенде,

Ақылдасым, сырласым,

Бірге өскен мұңдасым,

Көкең келді сағынып,

Қайдасың, Мұңлық, жолдасым?!

Шаруа тігер шайласын,

Пақырлар қылар пайдасың.

Ізіңді жерден таба алмай,

Құртты көкең айласын.

Көкең келді сағынып,

Қарағым, Мұңлық, қайдасың?!

Аллаға көп-дүр қылығым,

Қылмадым түзу құлдығын.

Көкең келді сағынып,

Жүрегі оттай қабынып.

Қайдасың, қалқам, Мұңлығым?!

 

Әлқисса, анда Мұңлық мыстан кемпірден қорқып, басқа бір берік жерден мекен қылған еді. Ағасының дауысын естіп, айқай салып келіп, құшақтай алып көрісіп тұрып айтқаны:

 

– Келдің бе, көке, жаңадан,

Өткенсін терең сулардан.

Көкежан, өзің кеткелі

Кетпеді аузым тәубадан,

Кетпеді қолым жағадан.

Білмедің, көке, қызықпен,

Бір жыл өтті арадан.

Келдің бе, аға – қорғаным,

Асыл туған, сұңқарым.

Жұрт егесі, сұлтаным,

Жаяулықпен кетіп ең,

Құтты болсын, жан көке,

Астыңа мінген тұлпарың.

Болды ма қабыл сұрағым,

Жолдың көрдің жырағын.

Құтты болсын, жан көке,

Астыңа мінген пырағың.

Болды қабыл сұрағым,

Бұл барғаннан, барғаның,

Күлмес хан елін алғаның.

Елін қырып, жан көке,

[Басына]  қайғы салғаның.

Бейшара болған Мұңлықты

Сонда есіңе алмадың.

 

Қайрылып, көке, келмедің,

Мұңлығым қалды демедің.

Дұшпаннан қорқып күтініп,

Әсте уайым жемедің.

Құралайды ап кеткен

Қарадәуді іздедің.

Жолға түсіп есілдің,

Қайратқа сеніп есірдің.

Қарадәудің қолында

Біраз ғана қысылдың.

Бейшара болған Мұңлықты

Сонда да есіңе алмадың.

 

Жиһаннан асты өрнегің,

Талай бейнет көргенің,

Қарадәуді өлтіріп,

Қазасын оның бергенің.

Құралаймен мінгесіп,

Дарияға жетіп келгенің.

Бейшара болған Мұңлықты

Сонда да есіңе алмадың.

 

Уайым қылып азбадың,

Ерліктен, сірә, жазбадың.

Сағынғаннан сарғайып,

Үш мезгіл сені іздедім.

Ол дарияның жүзінде

Суға кете жаздадың.

Бейшара болған Мұңлықты

Сонда да есіңе  алмадың.

 

Дұшпан қылды қорлықты,

Аллаға қылдым құлдықты.

Білмейді деп пе ең, жан көке,

Таудағы ғаріп Мұңлықты.

Тәңірім беріп жүректі,

Өзіңе берді ерлікті,

Дұшпаннан қорқып Мұңлығың,

Тау мен тасқа бекінді.

Күлмес ханның тартуын,

Айналайын, жан көкем,

Құралайды алған секілді.

Білмейді деп пе ең, көкежан,

Таудағы Мұңлық жетімді.

 

Әлқисса, Мұңлық бұл сөзді айтып, құшағын жазып отырды. Ағасы алып келген асыл киімдерін киіп, Гүлсары атқа мініп, Құралайдың алдынан шығып, көштерін бастап алып келіп Шөгірлінің бір жақсы жеріне қондырып, малдарын бағып, ойын-тамаша билән жата берді.

Ендігі сөзді жеті қабат аралдағы шешесі Қаншайымнан естіңіз.

Қаншайымның қасындағы екі күшігі ер жетіп, тоғайдан аңның тірісін Қаншайымға әкеліп, арам өлгенін өздері жеп жүреді.

Бір күні екі күшігінің бірін қабылан талап, жаман жаралап кетті. [Күшікке] дәрі жағып отырып, Қаншайымның көңіліне қиял түсіп қапа болып, әуелі Алла Тағалаға, екінші Пайғамбарға мінәжат қылып жалбарып айтқаны:

– Ей, жаратқан Қадір Бір уа Бар,

Һәрне қылсаң  еркің бар.

Мен бейшара кембағал,

Дәргаһыңа қылдым зар.

Құдай-а, рақым қылмасаң,

Кең дүние маған болды тар.

 

Өмірім өтті алаң боп,

Уақытым өтті, қайтейін,

Ит күшігі балам боп.

Сөйлеуге де тілі жоқ,

Бұларменен бірге өскен,

Мен бейшара қайран боп.

Жаратқан Қадір Құдайым,

Ит пен құстың ішінде

Өте ме күнім қараң боп.

Дерексіз қалдым аралда,

Адам көрмес сүйегім,

Өзімнен туған балам жоқ.

Тәңірі салды бұл күнге,

Қылатын хайла, шарам жоқ.

Артымнан жоқтап келерге,

Туысқан, туған ағам жоқ.

Зар болып өттім дүниеден,

Бір теңгелік  бағам жоқ.

Дерексіз қалдым аралда

Аһ, дариға, не әйлайын.

Опасыз өткен дүние боқ.

 

Өттің дүние баянсыз,

Аллаға ісім аянсыз.

Не пиғылымнан, Құдай-а,

Жолықтым мұндай дәулетке,

Жан едім жұртқа  зиянсыз.

 

Қалдым жалғыз тоғайда,

Көз жасым қабыл болмаса,

Бибі Батима, Қадиша,

Жақсылық назар салмаса.

Назар салып пірлерім,

Күлпәтімді алмаса.

Қор болдым елсіз аралда,

Бибі Сара піріміз,

Мен бейшара шорысын

Қолынан сүйреп алмаса.

 

Пірлерім, алғын қолымнан,

Адасып жүрген жолымнан.

Туысқан, туған менде жоқ

Іздеп келер соңымнан.

Бұ дәулетке кез болдым,

Дұшпандық көріп залымнан.

 

Медет қылғын, пірлерім,

Мүсәпір, ғаріп шорыңмын,

Қорлықпен өтті өмірім.

Босады болат темірім,

Қараңғылық боп өтті

Раушан болған күндерім.

Үстіме түскен ауыр жүк,

Бар ма екен, сірә, кемірің.

Өліп кетсем бұ жерде,

Бойымда да жоқ екен

Оранып жатар кебінім.

 

Ұл қылдым екі күшікті,

Жан тәтті екен, шошықты.

Ел-жұртымнан айырып,

Салдың-ау, Тәңірі, түйшікті.

Мен ғаріпке, Құдай-а,

Ашар күнің болар ма

Рахматыңнан есікті?!

Жапанды жалғыз жай қылып,

Бұйырған көрдім несіпті.

Алла, рақым қылмасаң,

Қорлықпен күнім кешіпті.

Ит-құс болып жолдасым,

Тағдырға шара нешік-ті.

Көмусіз қалдым аралда,

Бір апта кисем, тастаушы ем

Алтынды жаға ішікті.

 

Қаншайым қылды наланы,

Дұшпандар қылды жаланы.

Мекен қылып жатырмын,

Ит пен құсқа жолдас боп

Адам жүрмес даланы.

Қасымда жолдас күшігім

Қабыланнан болды жаралы.

Болды  ма менің ақ ордам,

Жаратқан Жаппар Құдай-а,

Құс ұшпастың аралы.

Сақтасаңшы, Құдай-а,

Екі жиһан патшасы,

Ит те болса жолдасым,

Алдымда екі баланы.

 

Ашылған бауда гүл едім,

Сайраған қызыл тіл едім,

Құдай-а, рақым қылмасаң,

Мен мүсәпір жүдедім.

Бақ-дәулет тұрған шағында

Жақсы адамның бірі едім,

Ақыры қалып аралда,

Иттің өмірін тіледім.

Ит тілеуін мен тілеп,

Жағадан кетпей білегім.

Құс ұшпас деген дарияда

Білінбей кетті-ау дерегім.

Опасыз өткен дүние-ай,

Қабыл болмай көз жасым,

Ашылар ма екен раушан боп

Қайғылы көңіл жүрегім.

 

Қорлықпен өттім жалғанда,

Һеш адамзат көрмедім

Он бес жыл жалғыз қалғанда

Пірлерім, медет қылсаңшы

Осындай болып қалғанда.

Рахман Алла, рақым қып,

Пірлер медет қылмаса,

Қаншайым кетті арманда!

 

Әлқисса, Қаншайым бұ сөздерді айтып, зар жылап, түн ортасы болғанда, көзі ұйқыға барды. Ошал сағат хазірет Қызыр пайғамбар түсінде Ғайып ерен  қырық  шілтен бірлән келіп Қаншайымға айтты: «Ей, бейшара, көп нала болма, сенен бір ұл, бір қыз туған еді, ұлыңның аты Зарлық, қызыңның аты Мұңлық. Асықпасаң, балаларыңа  аман-есен қосыларсыңң деп, түсінде ғайып болды. Мыстан кемпірдің ұрлап алғанын һәм [баян] қылып кетті.

Анда Қаншайым ұйқысынан оянып, қуанып жылап айтқаны:

 

– Ей, құдіреті күшті, Құдайым,

Қуаныш кірді ішіме.

Һәрне  қылсаң, Бір уа Бар,

Көндім тағдыр ісіне.

Бейнетім кетер, түс көрдім

Дүйсенбінің кешінде.

Рас келсе бұл түсім,

Көрдім деп бейнет не дейін,

Шүкір қылмай Құдайға,

Өкінемін несіне.

Өтіп едім қорлықпен,

Кәміл пірім жар болып,

Бүгін кірді  түсіме.

 

Өзім кетіп бір басқа,

Перзентім кетіп бір басқа,

Мүсәпір болып мен ғаріп,

Көзім толды көл жасқа.

Перзентін көрсе Қаншайым,

Жанын құрбан қылмас па.

Перзентке өлсе құрбан боп,

Қаншайымның тәубесі

Сірә да қабыл болмас па.

Айналайын, Құдайым,

Дәргаһыңа жылайын,

Бұ секілді жақсылық

Көрсеткенің рас па?!

 

Ұшып кеткен дәулет құс

Басыма қайтып қонар ма?!

Перзентім көріп тіріде

Ғаріп көңілім толар ма?!

Азар болса кеп кетер

Түлкі қуып сонарға.

Тіршілікте, Құдай-а,

Мұңлық пенен Зарлыққа

Қосылар күнім болар ма?!

 

Дүниенің тарттым бейнетін,

Түзелер ме екен келбетім,

Қолдай көргін, иә, Расул,

Мен күнәһар үмметің.

Ықыласыммен қылармын

Бұйырған өмір сүннетін.

 

Қосылар күнім болар ма,

Мұңлық, Зарлық перзентім.

Дұшпанның көрдім тарлығын,

Алланың білдім жарлығын,

Көрерге сені зар болдым,

Қайдасың, қалқам, Зарлығым?!

Дұшпанның көрдім қорлығын,

Жеті қабат аралда

Аллаға қылдым құлдығым.

Анаң сенің зар болды,

Қайдасың, қалқам, Мұңлығым?!

 

Сүйедім пірге арқамды,

Жүрген жерім дархан-ды,

Шаншар хан дарға бұйырған

Мойныма салып арқанды.

Қай уақытта көремін

Зарлық, Мұңлық қалқамды?!

 

Кімге опа қыласың,

Дүние шіркін  жалғаны-ай,

Басыма бейнет салғаны-ай.

Қу кемпірдің тілімен

Қосағым Шаншар падиша

Қысымға мені алғаны-ай.

Жеті  қабат аралда

Қаншайымның қалғаны-ай.

Зарлық, Мұңлық перзентін

Көрсе енді Қаншайым

Өлсе де жоқ қой арманы-ай.

 

Естідім, қалқам, атыңды,

Зарлық, Мұңлық затыңды.

Сіздерге Тәңірім жеткізгей

Менің  қылған зарымды.

Дұшпандар жүр ғой қамалап,

Мен жүрмін ағаш паналап.

Мұңлық, Зарлық перзентім,

Мен ғаріпті, Құдай-а,

Жоқтар ма екен аналап?!

 

Әлқисса, Қаншайым бұл сөзді айтып жылап жатты. Ендігі сөзді Шаншар хан патшадан естіңіз.

 

Шаншар хан бір күн тұрып қылды бейіл,

Дұшпанға ерегескен өзі зейіл.

Ау құрып қырық жігітті қасына алып,

Келіпті Шөгірліге құрып сейіл.

 

Падиша қырық жігітпен кетті жүріп,

Бір жерде тоқтамайды сабыр қылып.

Ойын-күлкі тамаша салтанатпен

Келіпті Шөгірліге сейіл құрып.

 

Мерген еді Шаншар хан патша өзі,

Жолда боп киік үшін екі көзі.

Шөгірлінің тауына келген халде

Патшаның бір киікке келді кезі.

 

Бұл киіктің басы алтын, к..і күміс,

Падиша ойға алады үлкен жұмыс.

Киікті тірі ұстап аламын деп,

Падиша сол киікке қылды жүріс.

 

Падиша ол киікке жетіп келді,

Қаһарын падишаның киік көрді.

Патшаның қаһарынан қашып барып,

Бір жартасқа ол киік барып кірді.

 

Бір жартасқа қамады ол киікті,

Падиша ұстаймын деп көңіл мықты.

Басыңнан қарғығаның өлесің деп,

Шаншар хан қырық жігітке бұйрық қыпты.

 

Киікті ұстаймын деп қамалады,

Сонда киік өз күшін шамалады.

Шаншар ханның басынан қарғып кетіп,

Киік кетті бет алып бір даланы.

 

Сол киік бастан қарғып қашып кетті,

Тасқынын падишаның басып кетті.

Тау басында жүр еді Зарлық бала,

Ол киік Зарлық ханға жетіп кепті.

 

Зарлық хан бұ киікті көзі көрді,

Тауда жүрген балаға  кезі келді.

Атының басын бұрып Зарлық бала,

Киікті ұстамаққа қуа берді.

 

Зар ұрып қамшы басты Гүлсары атқа,

Тауды өрлеп киік қашты қалың шатқа.

Гүлсары ат бет алған соң құтқара ма,

Зарлық хан жетіп келді бір сағатта.

 

Киікке жетіп келді Зарлық бала,

Қасында екі жігіт келді жана.

Сол киік бір жартасқа қарғып шықты,

Жамиғат, құлақ салып тыңдап қара.

 

Ол киік адам болды ақсақалды,

Көрді де Зарлық бала аң-таң қалды.

«Жан балам, не себептен қуасың!ң деп,

Ол адам Зарлық ханға жауап қылды.

 

Ол киік Зарлық ханның пірлері екен,

Ғайып ерен қырық шілтеннің біреуі екен.

Зарлық пен Шаншар ханды қоспақ үшін

Куә боп арасында жүрген екен.

 

Әлқисса, анда Зарлыққа  Ғайып ерен, Қызыр пайғамбардың Шаншар ханды баян қылғаны:

 

– Шаншар хан әділ патша ұлық болған,

Көп патшадан мүләйім сынық болған.

Қырық жігіті қасында тамаша әйлап,

Тауына Шөгірлінің келіп қонған.

 

Шаншар хан әділ патша сенің атаң,

Дұшпанға саясатты, өзі мехкам.

Ізімменен келеді мені қуып,

Ей, бала, дұғагөйің сенің әкең.

 

Ей, балам, келе жатыр дұғагөйің.

Мәдина, Мекке бірлән құбыла күнің.

Атаңыз келе жатыр қырық жігітпен,

Алдынан шық атаңның, тұрма кейін.

 

Мұны айтып ғайып болды Зарлық пірі,

Атасын, арман бар ма, көрсе тірі.

Атасын естіген соң тағат қылмай,

Зарлық хан кейін қарай жүреді енді.

 

Қарап тұрса, әкесі келе жатыр,

Қасында жолдас болған өңшең батыр.

Атасын көргеннен соң құрмет қылып,

Тұрады аттан түсіп Зарлық батыр.

 

Шаншар хан жетіп келді қастарына,

Оранған алтын тәжін бастарына.

Атасын көргеннен соң Зарлық бала,

Көзінің шетін жуды жастарына.

 

Патшаның қолын алды елден бұрын,

Білмей тұр бұл Зарлықтың ішкі сырын.

Көл болды көздің жасы етегіне,

Көрісті қырық жігітпен бірін-бірін.

 

Патша айтты: – Ей, балам, кімсің? – деді,

Бұл тауға қайдан келіп жүрсің? – деді.

Қай жерлік, қай патшаның баласысың,

Сырыңды айт, осы халық білсін, – деді.

 

Падиша сөз сұрайды ортаға алып,

Балаға түзде жүрген қайран қалып.

Жауабын атасының естіген соң,

Жылайды өксіп-өксіп қайғыланып.

 

Бала айтты: – Мен сөйлейін, ей, падишам,

Жетімдікпен Зар болдым ата-анам.

Сізге баян қылайын мен сырымды,

Құлақ сап, ей, падиша, сөзге қараң.

 

Патшасы патшалардың – патша Құдай,

Жыладым дәргаһына сиынып уай.

Бар еді әділ патша Шаншар атты,

Қараған хүкіміне он сан Ноғай.

 

Білсеңіз, сол патшаның баласымын,

Көзінің ағы менен қарасымын.

Алланың тағдыр – ісі мұндай болып,

Туған соң ата-анадан адасыппын.

 

Анамыздың аты екен Қаншайым,

Жетім қылып өсірді бар Құдайым.

Бастан-аяқ айтайын уақиғамды,

Тыңлағын бәрін-бәрін, падишаһым.

 

Анадан туып едік бір ұл, бір қыз,

Мүсәпірлік көп көрдім кеші-күндіз.

Алпыс өгей анамыз дұшпандықпен

Бізге жәбір қылыпты, тыңдаңыз сіз.

 

Атамыз киік аулап кеткен екен,

Анамыздың мезгілі жеткен екен.

Алпыс қатын тілімен ұрлап алып,

Мыстан кемпір дұшпандық еткен екен.

 

Жолаушы алыс жолда аты арық-ты,

Көтерген шілтен пірім мен ғаріпті.

Жаратқаннан қорықпаған мыстан залым

Біздерді суға тастап жіберіпті.

 

Судан бізді көтерген пірім Ғайып,

Ит мыстан ата-анамды қылған майып.

Шөгірліде күнелттік бір ұл, бір қыз,

Пірлер бата берген соң қолын жайып.

 

Шөгірліде күнелттік біз жалаңаш,

Бізде жоқ ата-ана һәм қарындас.

Бастан кешкен айтайын уақиғамды,

Ей, тақсыр, дәулетіңе алдияр бас.

 

Атамыз Шаншар патша мерген екен,

Аң аулап бір күн тауға келген екен.

Жалаңаш ұйықтап жатсам қара таста,

Үстіме ғаріп атам келген екен.

 

Оянсам, жатыр екен мені басып,

Оянған соң мен қалдым жаман сасып.

Садағымды қолыма ап, оғын кезеп,

Құтылдым өз әкемнен өзім қашып.

 

Шаншар хан осы сөзді тыңдап тұрды,

Айтқан сайын еңіреп жылап тұрды.

«Аһ, дариға, Құдайң деп Шаншар патша,

Басынан алтын тәжін лақтырды.

 

Құдайдан жүруші еді бала сұрап,

Патша сөзді  есітіп тұрды жылап.

Жақсылар, перзент ісі қиын екен,

Қалыпты Шаншар патша аттан құлап.

 

Баланы қырық жігіт тұр ортаға алып,

Кезек-кезек көрісті бәрі барып.

Он сан Ноғай билеген Шаншар патша,

Ұлын көріп есінен қалды танып.

 

Әлқисса, Шаншар ханның бір заманнан соң һұшына келіп айтқаны:

 

– Айналайын, қарағым,

Көзімнен ақты бұлағым.

Қарағым, сенің жолыңа

Мен құрбандық лағың.

Енді өлсем де арман жоқ,

Қабыл болды сұрағым.

 

Тірі жан көреді екен бірін-бірі,

Ауыздан  айтса кетер көңіл кірі.

Туысымен айрылған балаларын

Осы екен Құдайымның  көрсеткені.

 

Аманбысың, шырағым,

Қайтадан жасты жасайын,

Шырағымның қуанышына

Қазынамды шашайын.

Кіргін, қалқам, қойныма,

Құшағымды ашайын.

Көргенім сені рас па,

Бауырыңа бауырым қосайын.

Тамағыңнан иіскеп,

Аймалап мауқым басайын.

 

Қарағым, ұлым, қандаймын,

Сағынғаннан зарлаймын.

Қарағым, сені көрген соң,

Боталаған нардаймын.

Түсім бе деп қорқамын,

Рас па, ұлым, нанбаймын.

 

Дертіңнен сенің өлгенім,

Аманат жанды бергенім.

Енді өлсем де арман жоқ,

Кемелге осы келгенім.

Түсім бе деп қорқамын,

Рас па, қалқам, көргенім?

Басыма келді дәулетім,

Падишалық сәулетім.

Арманым жоқ Құдайға,

Жетсе бүгін нәубетім.

 

Шашайын қазына, малымды,

Ішіме салдың жалынды.

Қарағым, сені көрген соң,

Көңілден кірім арылды.

Қарағымды құшақтап,

Сом жүрегім жарылды.

Қаласа Тәңірім, құртармын

Дұшпандық қылған залымды.

Дарға тартып баршасын,

Алайын сүйтіп кегімді.

Тәңірім қабыл қылыпты

Бүгін менің зарымды.

Ризамын Құдайға,

Құшақтасып тұрғанда,

Алса менің жанымды.

 

Іші жанып күйеді,

Төсіне төсі тиеді,

Алпыс екі тамыры

Падишаның  иеді.

Тамағынан иіскеп,

Зарлықты патша сүйеді.

 

Патша қойнын ашады,

Көзінің жасын шашады.

Патша  жанын пида қып,

Аймалап мауқын басады.

 

Босанбады Зарлық хан

Көпектей болат асыл-ай,

Патшаның гауһар тасындай.

Құшағын патша жазбады,

Құмары қанып ұлына,

Өксігін жатыр баса алмай.

 

Әлқисса, анда Барын уәзір бұларды ажыратып, жылағанын тоқтатып, аттарына мінгізіп жетелеп Зарлықтың ордасыға алады. Біреуі «атаң келдің деп Мұңлықтан барып сүйінші сұрайды. Мұңлық нар басы қылып оған тоғыз тарту сүйінші береді. Бірақ атасына көріспейді.

– Менің анамды көрсетсең  көрісемін, болмаса көріспеймін, өлсе сүйегін, тірік  болса өзін көрсет, көрмейінше мен сізді ата демеймін,– дейді.

Анда патша бұ сөзді естіп, бұл жерде тұрып болмас екен деп қырық жігітті, Зарлық пен Мұңлықты ертіп алып жеті қабат аралға барып, әр жерін қарап Қаншайымды табалмай жүреді.

Қаншайымның екі иті бұлардың іздеп жүргенін сезіп, Қаншайымның жаулығын тістеп алып қашады. Қаншайымның ойынға қапа болып, жылап айтқаны:

 

– Қой,  құтырып өлгір, құтырма,

Ойының келіп отыр ма?!

Ойнарға аң таба алмай,

Енді ауызды салдың ба

Мен сияқты пақырға.

 

Сен де болдың сор маңлай,

Мен де болдым сор маңлай,

Жеті қабат аралда

Жатушы едің көңлің жай.

Көңілің сенің толғандай,

Мұнша неге құтырдың,

Мұратың хасыл болғандай.

Неге бүйтіп есірдің,

Мұңлық пенен Зарлығым

Екеуі келіп тұрғандай.

 

Көңілім болды көп қапа,

Тарттырды, Құдай, көп жапа.

Қарап тұрсам, жұлмалап,

Болғаның ба бейопа!

Бейопа бүйтіп болғаның,

Кемелге жетіп толғаның,

Тумасаң да екеуің

Туғандай болып қорғадың.

 

Тілекті Тәңірі берді ме,

Көзімнің жасын көрді ме,

Бүйтпеуші едің, күшігім,

Бір жақсылық келді ме?!

Қуандың мұнша, жарқыным,

Мұңлық, Зарлық перзентім

Екеуі менің келді ме?

 

Сонда күшік тасады,

Еркелеп аузын ашады.

Анасының жаулығын

Тістеп алып қашады.

Қуалап күшікті ұрмаққа,

Қаншайым қадам басады.

Күшікті тұра қуады,

Белді бекем буады.

Қорлаған Тәңір шағында,

Бұ да қорлап кетті деп,

Жаспен бетін жуады.

Сонда күшік қорқады,

Алдына түсіп жортады.

 

Кім көнбейді тарлыққа,

Жеткізгей Алла барлыққа.

Қашып барып екі ит

Қаншайымды апарды

Мұңлық пен Зарлыққа.

Қашып күшік тығылды,

Аяғына жығылды.

Шаншар ханның қасында,

Қаншайым мұны көреді,

Кеп тұрған бір ұл, бір қызы.

 

Қаншайым Хаққа жалынды,

Жүрегі оттай қабынды.

Мұңлық пенен Зарлықты

Көрмесе де таныды.

 

Жетіп келді Қаншайым,

Таныды Шаншар патшасын.

Қамқор анам келді деп,

Балалар салды айқайын.

Алды анасын ортаға,

Қаншайым күйіп барады.

Бұларды көріп Қаншайым

Есінен әбден танады.

Танғанының белгісі,

Ақылы кетіп қалады.

Тағы өзіне келеді,

Шаншар ханды көреді,

Қанатын жая береді.

Құшағын жайып Қаншайым

Құшақтаса береді.

Құшақтап тұрып патшаны

Ботадай боздап еңіреді.

– Дұшпандардың тілімен,

Шерменде болдым мен, – дейді.

Арманым жоқ өлсем де,

Көрсеттің есен сен, – дейді.

 

Сонда патша сөйлейді:

– Аманбысың, Қаншайым!

Басыңа гауһар шашайын,

Бұл іске енді сабыр ғып,

Қазына аузын ашайын.

Дұшпандық қылған залымның

Қанын судай шашайын,

Алпыс қатын, мыстанды

Өлтіріп мауқым басайын.

 

Қаншайымдай сұлуың

Ұлы мен қызын құшақтап,

Бетіне аузы жабысты,

Қабырғасы майысты.

Құдіреті кең Бір уа Бар,

Анасымен балалар

Қозыдай маңырап табысты.

Қайғылары кетісті,

Мұратына жетісті.

Амандасып көрісіп,

Бір-бірін түгел көрісті,

Көңілдері бітісті.

 

Ата-ана баласын,

Бірін-бірі көреді.

Шаншар хандай патшаның

Тілегін Құдай береді.

Аттарына мінісіп

Елдеріне жүреді.

Қырық жігіті құрметтеп,

Арттарынан ереді.

Атасын бастап Зарлық хан

Шөгірлінің тауына,

Үйіне алып келеді.

Ғайш-ғишрат қылысып,

Бір күн қонып ол жерде,

Шаһарға көшіп жөнеді.

 

Аман көрді Шаншар хан

Қатыны мен баласын.

Қайран қылды Шаншар хан

Ұлы мен қызын әкеліп

Күллі шаһар қаласын.

Қуанышына падиша

Қырық күн ұдай той қылып,

Алпыс күн ұдай шаң қылып,

Ат шаптырып ойынмен

Шөгірлінің даласын.

 

Алпыс күн тамам өткен соң,

Ойыны жұрттың біткен соң,

Тақытына патша тұрады.

Дарға асып баршасын,

Қатындарын қырады.

Мыстан қашып кетіпті,

Барын уәзір қуады.

Бір жерлерге келгенде,

Ұстап алды кемпірді,

Сұхбатына келтірді:

Құлағын кесті құнтитып,

Мұрнын кесті шұнтитып,

Екі көзін ағызып,

Қу басын қойды сымпитып.

Күйе жағып бетіне,

Ағаш тығып к..іне,

Тірсегінен тіледі.

Бәйтеректің басына

Салбыратып іледі.

Бар киімін шешіп ап,

К..ін қойды тыртитып,

Көрген халық күледі.

Мұның мыстан екенін

Тамам жұрттар біледі.

Тақытын беріп Зарлыққа,

Орнына патша қылады.

Кәрілігінде Шаншар хан

Ұлына елін сұратты.

«Патшалыққа қалайң деп,

Жұртқа ақылын сынатты.

Әділдігін Зарлықтың

Көрген халық ұнатты.

Атасынан Зарлықтың

Жүз есе болды қайраты.

Әділеті тағы артық,

Асып кетті айбаты.

Мақсұтқа жетті сондай боп,

Ақыр өтті дүниеден,

Қанша патша болса да,

Жеткен соң ажал нәубеті.

Өзімен кетті ілесіп

Падишалық сәулеті.

Сөзі қалды біздерге,

Хикаят болып баяғы.

Уа Аллаһу ағлам, биссауаб,

Сөзімнің болған аяғы.

* Түпнұсқада бір-екі сөз танылмады.

Хикаяттың басын оқу үшін  мына сілтемені басыңыз:

Хикаят рисала Мұңлық Зарлық

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button