Дайырбай сарт
Ақсу қаласына қарасты Қызылжар мен Сарышығанақ ауылдарының ортасында алыстан мен мұндалап көрінетін, саман кірпіштен қаланған, жалғыз тұрған қара зират бар. Қазіргі таңда керексіз болып қалған қорымның жазда ішінде жылқы мен ауылдың тана-тайыншалары көлеңкелеп, масалап тұрады. Күре жолдың бойында тұрған мазар өткен тарихтың бір белгісі, өткен-кеткен адамдар кімнің зираты екенін білгісі келетіні ақиқат. Шынымен де ол кімнің зираты? Қашан салынған?
Атам марқұм Темірғалы молда Бөженұлы: «Бұл Дайырбай деген адамның зираты. Елдің айтуынша, кемпірі екеуінің алдына мыңғырған мал бітіпті де, бесіктеріне перзент бітпепті. Үміттері үзілген қартайған шағында Дайырбай сары балшыққа түйенің шудасын, жылқының қылын қосып езіп, иінін қандырып саман кірпіш соқтырып, екі бөлмелі осы тамды салдырыпты. Бір бөлмесінде өздері тұрыпты да, екінші бөлмесіне көрлерін қаздырып қойыпты. «Өле қалған күнімде сол шұңқырға домалата саларсың» деп бір-біріне аманат сөз айтып отырады екен-мыс. Бұл енді елдің ішінде ескен сөз, рас па, жоқ па екенін нақты білмеймін», – дегені есімде. Бұл әңгіменің жаны бар, сөз етіп отырған зират указной молда, жиектегі елге дін таратуға оңтүстік өлкелерден патшаның тапсырмасымен келген Дайырбай сарттың (қожа) дамыл тапқан жері.
Мәшһүр Жүсіп бабамыз өзінің «Ертіс бойындағы қожалар» деген жазбасында қожалар әулеті туралы түрлі деректер келтіреді. Мәселен «Омар қожаның бір Дайыр деген немересі Керекуге келіп, 5 арба ұн сатып, қайтып бара жатқан бір мұжықты, қасында бір жас баласы бар екен, екеуін бірдей өлтіріп, Сарыөзек деген жерде әкесін өлтіріп жатқанда, Күзенбай деген жолдасы баланы ұстап отыра қалғанда баланың шыңғырып жылаған даусының ащылығынан Күзенбайдың құлағы тарс бітіп, саңырау болып қалып, өмір бойы жазылмай кетіпті», – деп жазады. Әулие айтып отырған Дайыр осы Дайырбай қожа ма, басқа ма, белгісіз.
Қызылжар ауылынан түлеп ұшқан Ибраев Ғаббас Садихұлының көзі тірісінде жазып қалдырған күнделігінде мынадай дерек бар. «Сүгірәлі атам 1855 жылы туып, февраль айында 1916 жылы бақиға көшкен, 61 жасында. 40 жылқымен Сібірге көшіп барған. Дьянов деген жерге, Каргат районы қазіргі кезде. 1880 жылдары Сүгірәлі атам Дайырбай деген байдың өзінің тірі кезіндегі салғызған тамын көрген. Енді мен 1965 жылы өз көзіммен көрдім. 1969 жылы үлкен ұлым Бегендікке көрсеттім», – деп жазады. Егер там шынымен 1880 жылы салынған болса, биыл бұзылмай тұрғанына 143 жыл толып отыр.
Осы өңірдің тумасы, белгілі өлкетанушы Қайролла Қаженов «Апай-Таңатар шежіресі» атты кітабында Ғаббас Садихұлы туралы жазбасында былай дейді. «Руы Апай-Жәнібек-Мәмбет тармағынан. Мәмбеттен Мамыр, одан Алакөз, Алакөден Айдабол. Айдаболдан туған ағайынды Оразалы, Сүгірәлі деген екі азамат 1880 жылы атамекен Қызылжар ауылынан жер аударылып 40 жылқымен Сібірге көшкен. Осы күнге дейін ат шаптырым жерден көзге көрініп тұратын бұрынғы Жданов колхозының сыртында жол бойында тұрған Дайырбай зираты сол жылдары тұрса керек.
Дайырбай деген бай өзі сарт, аса дәулетті, жылқысы көп адам екен. Көзінің тірісінде сол үлкен зиратты соққызып, жан-жағынан терең ор қазғызып қоршап, өлсем де жылқымның дүбірін естіп жатайын деп айтады екен. Кітабымыздың жоғарғы жағында жазғандайын ол жылдары жерге талас кезі ғой. Тоғай бойын иемденіп алған патша шенеуніктері, казак-орыстар пішен кезінде қазақтарға қоқан-лоқы көрсетіп жерге талас туады. Сондай дау-дамай таластың арты үлкен айғай-шу төбелеске айналады.
Міне сондай бір үлкен жанжал төбелесте бас жарылып, көз шығады. Қолында билігі бар, заң законды өздерінің пайдасына қарай ыңғайландырып алған орыстар жағы ел арасындағы беделді, халықты соңына ерте алатын қарулы да қайсар ағайынды Оразалы мен Сүгірәліні «Бунтарь» деп айып тағып Сібірге айдап жібереді. Міне бұл аталарымыз Ресейлік патша үкіметінің отарлау саясатының жазалауына ұшыраған алғашқы құрбандарының бірі еді». Марқұм Қайрош ағамен (Қ.Қаженов) бұрнағы жылы сол қорымның басына бардық. Жайрап жатты, малдың ашығы секілді боп кеткен. Жан-жағын шолып шыққаннан кейін жасыл көгалдың үстіне малдас құрып тізе жаздық. Қайролла Мүбәракұлы сөз бастады.
– Мен шежіре кітапқа деректер жинап, оның басын құрап, көп қағазбен отырғанда бір толықтыруды қосуды ұмытып кетіппін. Еш жерде жазылмаған әңгіме, құлағыңа құйып ал. Бұл анық Дайырбай сарттың зираты. Ата-тегін тарата алмаймын, бұл жақта кім қамқолық көрсеткені туралы да мәлімет жоқ. Бәсентиін елінің төбе биі, Баянауыл Сыртқы округінің аға сұлтаны болған Қазанғап Сатыпалдыұлының заманында келуі мүмкін. Бала күнімізде көзіміз көргендей қабырғасының қалыңдығы бір жарым метрдей болатын. Жауын суына мүжіле келе қазір құлауға айналыпты. Балшыққа шуда мен қыл қосып кірпіш соғып қалағаны рас шығар. Шамамен тұрғанына бір жарым ғасырдай уақыт өткен. Тек мұның ішінде Дайырбай кемпірімен тұрыпты, көрін қаздырып қойып, ұрпағы болмапты деген ауыздан ауызға түрленіп көшкен қаңқу әңгіме болар. Дайырбайдан ұрпақ қалған, қалада Дайырбаевтар бар.
Дайырбайдың тегі қожа. Жиектегі біздің ел Өзбекстан жағынан келгендерді қожа, сарт дейді ғой. Шындығына келгенде бұл Дайырбай Патша өкіметінің өкілі десек болады. Ол Омбының Генерал-Губрнаторының грамотасымен тоғай өңіріне арнайы дін таратуға жіберілген миссионер, указной молда. Осы төңіректегі мына Калининді (Сарышығанақ ауылы) «төменгі Апай елі» дейді, судың бергі жағына қоныстанғандарды «жоғарғы Апайелі» дейді. Жалпы бұл аумақта бір рудан тараған бес ауыл Бәсентиін-Апай елі болған. Дайырбай сол Ертіс өзенінің жиегіндегі тоғайдағы апайлардың арасына дін таратуға жіберілген. Ол заманда патша үкіметінің негізгі мақсаты – халықты отырықшылық өмір тұрмысына көшіру болды. Бұл да бір отарлау саясатының амалы ғой. Сол үшін ауылдарда мектеп ашты, медреселер жұмыс істеді. Баласын мектепте оқытқан ата-ана көшіп қайда барады, көгенкөздерінің қамы үшін амалсыздан бір жерде тырп етпей отырады. Осы зираттың айналасына жағалай ор қазылған, оның жанында мектептің орны болатын. Қазір жермен жексен боп кетіпті. Патша үкіметі үшін отырықшылықтың екінші пайдасы – елден салық жинау, санақ жүргізу жеңіл. Мысалы қысы-жазы сабылып көшіп жүрген қазақтың жанының да, малының да санын біле алмайсың. Ал бір жерде шоғырланған елге есеп жүргізу жеңіл. Дайырбайдың бай атануын да аңғару қиын емес. Ауыл қазақтары перзенттерінің сауатын ашқан соң төлем есебінде мал берген. Осылайша оның дәулеті асып, бай деген лақапқа ие болған. Енді елден неге қашық кетіп мектеп салған деген сауал туындайды. Біздің қазақ сырттан келген жұртты «кірме» деп іш тарта бермейді. Оның қандай мақсатпен жүргенін, ішінде не сұрқиялық жатқанын қайдан білесің? Оның үстіне ол кезде жер таласы да болған. Мысалы Дайырбай мен Сүлеймен деген бай екеуінің арасында шабындық жерге талас болған. Жергілікті байлар «сен сартсың», «кірмесің» деп күн көрсетпеген екен. Ақыр соңында Дайырбай патша өкіметінің грамотасын көрсеткеннен кейін амалсыздан ымыраға келген. Жер дауы тұншыққан. Бірде Сүлеймен Дайырбайға: «Бүкіл шығыныңды өзім көтеремін. Сен оқыған адамсың, көзің ашық, дүниені танисың. Сен бас бол, екеуіміз қажылыққа барайық», – деген ұсыныс тастайды. Үгіттейді. Ол заманда елге ислам дінін таратуға келгендерге патша үкіметі қажылыққа баруға виза бермейді екен. Патша кеңсесінің тапсырмасымен жүргендерге квота қарастырылмайды, негізгі жұмыстарың медресе, мектеп ашу, дін тарату деп шарт қойған. Сөйтіп Сүлеймен қажы жалғыз баруға жүрексініп уақыт өткізіп алыпты. Осы оқиғаға қатысты ел ішінде Дайырбайдың Сүлейменге айтқаны деген мынадай өлең жолдары да бар.
Ей, Сүлеймен!
Мәдине қалай, Мекке қалай?
Екеуіміздің баруымыз екіталай.
Сен жиналып барғанша қажылыққа,
Мекке көшіп кетпесін әрмен қарай, – деп қалжыңдаған екен. Кейіннен Сүлеймен қажы Қошқарбайұлы 1908 жылы Семей облысы Павлодар уезіне қарасты Қараоба болысынан қажылыққа барған. Біздің ауылдан жиырмадан астам адам сол жолы мұсылмандық парызын өтеген.
Тағы да бір айта кетерлік жайт. Дайырбай анау айтқандай әулие жан емес, хазірет емес. Сонда оның зиратын неге мұнша биік етіп салған. Оны ақсақалдардан кейін естідім. Айдаладан мұндай биік там салу жолаушыларға бағдар, паналау үшін керек екен. Жолаушылап далада жүрген екінің біріне айдың жатысына, күннің шығуына қарап жол табу қасиеті бітпейді ғой. Ал алыстан көрінетін осындай зәулім зираттар бойынша барар жеріне бағдар жасайды, оның үстіне жауын-шашын күні паналайды, – деп әңгімесін аяқтаған өлкетанушы.
Сонымен анықтағанымыздай бұл Дайырбай сарттың қорымы. Атағы алысқа кеткен атақты адамның зираты емес, алайда тарихи ескерткіш екені даусыз. Құнды дүниені құрдымға құлатып құртып алмай, тым болмады ішіне мал кірместей етіп қоршау жасап қорғап қалсақ игі.
Бейбіт Бөжен, Павлодар қаласы