Жарық нұрдың сәулесі

Қарауыл қожа Бабажанов

Қазақстан ХІХ ғасырдың І жартысында Батыс Қазақстан территориясындағы қожа өкілдерінің ішінде бірден-бір қуатты, мейлінше күшті және ықпалды адам – Қарауыл Бабажанов (1775-1850) саналды [1, 60, 65 б.]. Алайда Қарауылқожа мен Мұхаммед Салық Бабажановтардың да әлі бізге танылмай жатқан қырлары баршылық. «Бұрынғы қазақ-кеңес энциклопедиясында Қарауылқожаны татар деп көрсеткен. Ал оның қожадан шыққанын аты әйгілеп тұр», – дейді Бөкей Ордасы тарихи мұражай кешенінің бөлім меңгерушісі Т.Шәріпқали [2, 6 б.]. Шындығында да, қарап тұрсақ, бұрын қожадан шыққан тұлғаларға «қожа» сөзі тіркестірілген. Мәселен, Қарауылқожа, Қожамсейіт, Қожа Ахмет Йассауи т.б. Бірақ кейінгі кездері бұл дәстүр мәнін жойған болатын. Каспий теңізі маңын жайлаған қазақ руларына басшы болған Қарауылқожаның қол астындағы халыққа қатал болғаны белгілі. Көтеріліс кезінде Исатайдың қол жинап келіп, ауылын шабуы сол бір кезде өткен ызасының қарымтасы болса керек. Жалпы, Т.Шәріпқалидің айтуы бойынша, Бөкей Ордасындағы, яғни Кіші жүздегі қожалар: төреқожа, мырзақожа, кедейқожа болып үшке бөлінеді. Төреқожа тармағына осы Бабажановтар әулеті жатады десе [3, 6 б.], Қ.Б. Темиров «Ішкі Ордадағы Бабажановтар әулетінің тарихы» атты диссертациясында сейіт қожалардың бір тармағы Мырза қожа – Қарауыл қожа Бабажановтың атасы деп көрсетеді. Соған қарағанда Бабажановтар әулетінің шығу тегі әлі күнге дейін белгісіз болып отыр. Қалай болғанда да, Қ.Б. Темировтың мәлімдеуі бойынша, Мұхаммед қожаның ұлы Мырза қожаның Бабажан қожа, Есмұрат қожа, Өтеп қожа, Игентақ қожа, Батыр қожа, Тілеу қожа атты 6 баласы болған. Бабажаннан бес ұл – Қабдір қожа, Дарый қожа, Жантұр қожа, Қарауыл қожа, Хан қожа, Есмұраттан үш ұл – Есентай қожа, Ғабдірахман қожа, Боранбай қожа, Өтептен үш ұл – Құлтай қожа, Ақ қожа, Байтақ қожа, Игентақтан үш ұл – Оразай қожа, Оразғали қожа Наурызғали қожа, Батырдан 7 ұл – Ғұсман қожа, Мүмин қожа Ермұхамед қожа, Қожағұл қожа, Тұрсын қожа, Құрбан қожа, Құрбантай қожа, Тілеуден 5 ұл – Қаракөбен қожа, Сақау қожа, Қалжан қожа, Төке қожа, Мәметсейіт қожа тарап, одан әрі қарай ұрпақтары жалғаса береді.

1809 жылы Мырза қожаның ұрпақтары Кіші жүздегі көшпелі қожалардың басшысы Қарауыл қожа Бабажанов және оның немере ағасы Төке қожа Тілеуқожин Орынбор Шекара комиссиясына барып, өздерінің 15 түтін жақын туыстарымен бірге Бөкей сұлтанның иелігіне қарасты Еділ-Жайық өзендері аралығындағы аумақта тұрақты көшіп- қонуға рұқсат сұрайды. Жергілікті патша әкімшілігі тарапынан аталмыш өтінішті мақұлдаған ресми рұқсат беріледі. Осы уақыттан бастап, Ішкі (Бөкейлік) Орда аумағында көшпелі қожалардың, ең бастысы, сейіт қожалар тармағы өкілдерінің тұрақты орналасуы басталды. 1825 жылы олардың жалпы саны 80 түтінді (шаңырақ) немесе 320 ер адамды құрады. Бұл кезде Еділ мен Жайық өзендерінің аралығын мекендеген Кіші жүздің басқа да руларымен аралас көшіп-қонып жүрген қожалардың барлығы Бөкей Ордасындағы ықпалды старшын Қарауыл қожа Бабажановтың қол астына топтасты. ХІХ ғасырдың ортасына қарай жоғары табиғи өсу мен Орал аймағынан ауысқан көші-қонның әсерінен Бөкей Ордасындағы қожалардың саны күрт көбейіп, 1852 жылы 300 шаңырақты, яғни 1200-1500 ер адамды құрады. 1852 жылы Орынбор Шекара комиссиясының шенеуніктері төрт ұрпақ өкілдері,Мұхаммед қожаның баласы Мырза қожадан тараған еркек кіндікті 128 ұрпақты (балалары, немерелері, шөберелері) тіркеген [4, 23-25 б.]. Қарауылқожаның туған, қайтыс болған жылдарын Т.Шәріпқалидің мұрағат қойнауынан тапқан мына бір тың құжатқа сүйеніп анықтауға болады. Бұл – Қарауылқожаның артында қалған әйелдері Жәмила Піралиханова мен Ұлбибі Данысбаққожиналардың 1850 жылы 20 желтоқсанда Орынбор әскери губернаторына жолдаған үш беттік хаты. Хатта олар Қарауылқожаның өткен 1849 жылдың наурыз айының ішінде 75 жасқа қараған шағында дүниеден озғанын, көзі тірісінде орыс патшасына адал қызмет етіп, есаул шені мен бірнеше медальға ие болғанын айта келіп, артында қалған ұлдары мен немерелерін Орынбордағы Неплюев кадет корпусына қабылдауын сұраған екен. Осы хатқа сүйенсек, ол 1774 жылы дүниеге келіп, 1849 жылы өмірден озған болып шығады. Қарауылқожаның жоғарыда есімдері аталған Жәмила мен Ұлбибі атты әйелдерінен бірнеше бала, немере сүйгені белгілі. Т.Шәріпқалидің айтуы бойынша және мұрағат құжаттарына сүйене отырып, таратып айтсақ, үлкен ұлы Көпболсын Ордадан барған алғашқы үш баланың бірі болып Неплюев әскери училищесін бітіріп шыққан екен. Оқуын бітіріп келіп, Ордада хан кеңсесінің басшысы болып жүрген шағында 1844 жылы тосын кеселден қайтыс болыпты. Одан кейінгі баласы Сұлтан Мұстафа сол училище қабырғасында жүрген кезінде көз жұмған. Кейін Мұхаммед Салықтың 1852 жылы Ордадан барған бес баламен бірге осы Неплюев кадет корпусын үздік бітіріп шыққаны мәлім. Т. Шәріпқали Қарауылқожаның бізге белгілі Салықтан өзге қанша ұл-қызы болғанын білмек болып, мұрағат қорларын қарағанда, сол кездегі Бабажановтар әулеті түгел тіркелген 1851 жылдың 18 тамызында толтырылған формулярлық тізімге кезіккен. Оның басында Мұхамедшах атты ұлы тұр, жасы – 27, Сұлтан Мұстафа – 25-те, Мұхамед- Салық – 18-де, Мұхамед-Сабыр – 15-те, Хайыр-Сафа – 12-де, Сайыд – 10-да болса, Көпболсыннан тараған немерелері: Мұхамед-Сахып – 16-да, Мұхамед-Садық – 12-де, Халел – 7-де, сұлтан Мұстафаның ұлы Нұрғали 2 жаста болған екен. Тізімде көрсетілгендей, сол кезде корпуста білім алып жатқан Мұхамед-Салық пен хан кезінен Орал желісі бағытында депутаттық қызметтегі Мұхамедшахтан өзгелері тек үй шаруасымен айналысқан [3, 6 б.]. Тарихымызға сәл шегініс жасасақ, Мұхаммед қожаның баласы Мырза қожаның қызы XVIII ғасырдың 50-жылдарының басында Әбілқайыр ханның Еділ қалмағы әйелі Баяннан туған ұлы Шыңғыс сұлтанға ұзатылады. Ал XVIII ғасырдың 60-жылдары Шыңғыс сұлтан қайтыс болған соң, қожаның қызы әмеңгерлік (левират) салты бойынша Кіші жүз ханы Нұралыға қосылады. Бұл некеден атақты «княгина» (Ресейдің ресми құжаттарында осылай аталған) атанған Тойқара (кейбір деректерде Тайқара) сұлу дүниеге келеді. Тойқара сұлу шығу тегі бойынша атақты Мұхаммад-әл-Ханафия имамның ұрпақтары болып есептелетін, Сарай кеңесшісі Нұрмұхаммед қожа Әбдіжәлелұлына тұрмысқа шығады, ал кейінірек ХІХ ғасырдың басында Орынбор әскери губернаторы Отто Генрих фон Игельстроммен (1792 жылы Қасиетті Рим империясы герман ұлтының графтық мәртебесі берілген) жақсы қарым-қатынаста болады [5, с.19-20]. Бұған қарағанда Тойқараның нағашылары қожа екенін және нағашы атасы Мырза қожа екенін ескерсек, Әбдіжәлел қожа мен Қарауыл қожа Бабажановтың құдандалы болғанын біле аламыз. Қ.Бабажанов сол уақыттағы Ішкі Орданың экономикалық, саяси және әлеуметтік- мәдени өмірінде үлкен рөл атқарды және батыс аймақтағы билеуші шыңғыстық элита өкілдерімен терең туыстық қарым-қатынаста болды. Оның Салиха атты қызы 1844 жылы Жәңгір ханға, екінші қызы – Шынқара сұлтан Сүйінғали Жаналиевке, үшінші қызы Айғана – сұлтан Тәуке Бөкейхановқа, төртінші қызы Ханифа – сұлтан Шыңғали Жанбөбековке тұрмыста ұзатылған-ды. Онымен қоса, Қарауыл қожа өзінің қарындасы Жаманы Ішкі орданың ықпалды сұлтаны Қайыпқали Есімовке ұзатады. Бірінші әйелі Ұлбибі Данышмеңдіқызынан туған ұлдары Мұхамедшах пен Сұлтан-Мұстафаны Шығай сұлтан мен Жанбөбек сұлтанның қыздарына, үшінші ұлы Мұхаммед-Салықты сұлтан Меңдігерей Бөкейхановтың қызы Ғазизаға үйлендіреді. Қарауыл қожаның үлкен ұлы Көпболсын 1823 жылы Бөкей ордасынан Орынборда ашылған Неплюев әскери училищесіне барған алғашқы үш баланың бірі болып, сұлтандар Күшікғали Шығаев, Шәмсиддин Досқазиевпен бірге оқуға түседі. Көпболсын Қарауылов училищені тәмамдаған соң, 1831 жылы Хан ордасына қызметке шақырылады [1, 60, 65 б.]. 1840 жылы толтырылған формулярлық тізімде хорунжий Көпболсын «28 жаста, 1833 жылдан Ішкі орда ханы жанында, атағын 1834 жылы алған, Неплюев әскери училищесінде француз, неміс, орыс, араб, парсы, татар тілдерін оқыған» делінген [6, с. 576]. Жәңгір хан 1831 жылы Бөкей ордасына қарасты Каспий теңізі жағалауындағы қыстауларды бес саяси элитаға бөліп берген. Олар: сұлтандар Жанбөбек Бегалиев, Дәуіт Қарымсақов, қожа Қарауыл Бабажанов, старшын Қойбас Бекбаев және Жәңгір ханның өзі. Тарихшы С.Ғиззатов аталған деректі Ордадағы есаул Қарауыл қожа Бабажановтың төлеңгіттері 1852 жылы Орынбор Шекаралық комиссиясына жолдаған хаттарында Жәңгір ханның Орда жерлерін 1831 жылдан бастап үлестіргендігі туралы мәліметінен алған. Зерттеуші: «Ордадағы қауымдық жерлердің жеке меншікке берілу уақытын 1831 жыл деп көрсеткен Қ.Бабажанов төлеңгіттерінің, қатардағы көшпелілердің деректері шындыққа жанасады. Оның үстіне бұл тұжырымды Астрахань облыстық мемлекеттік мұрағатынан табылған құжат та дәлелдеп отыр. Мемлекеттік шенеуніктер мен Уақытша Кеңес мүшелері жинастырған осы құжатта «Жер телімдеріне бөлінген Ішкі Орданың картасы» атты сызба кездеседі. Картаның авторы белгісіз, бірақ ұқыптылықпен, дәлдікпен, кәсіби тұрғыдан сызылғанына қарап, межелеуші шенеуніктің ісі деп болжай аламыз», – деген қорытындыға келеді [7, 109-115 б.]. Мұның өзі Қарауыл қожаның ірі жер иеленушіге айналғанын дәлелдейді. Қожа 1805 жылы старшын атанып, 1809 жылы Ішкі ордаға тұрақтап, 1826 жылдан полк есауылы шенін иемденген. Дәл осы уақытта ол ірі саудагерге де айналып үлгереді. Қарауыл қожа осындай іскерлігімен Астрахань, Орынбор, Орал қалаларының мемлекеттік шенеуніктеріне, көпестеріне, помещик саяжайларының қызметкерлеріне танымал болды. Қарастырып отырған кезеңде Жәңгір хан Қарауыл қожаның қызымен әлі некеге тұрмаған. Бұл жайында К.Есмағамбетов: «Зерттеушілер 30-жылдарға қатысты оқиғаларға байланысты Қарауылды Жәңгірдің қайын атасы деп көрсетеді, ол шындыққа келмейді. Жәңгір Қарауыл қожаның төртінші қызы Салихаға 1844 жылы үйленеді», – деп анықтайды [8, 106 б.]. Қожаға берілген жер Кокоревск постынан басталып, солтүстікке қарай Жиделі, Жаманқұм, Бекетай құмдарына дейін созылады және біртұтас аймақты құрайды. Жалпы көлемі 390 000 десятинаны құраған бұл жер телімі Ордадағы жеке иеліктердің ең көлемдісі саналады. Ал сұлтан Дәуіт Қарымсақовтың меншігі Қарауыл қожа Бабажановтың иелігімен жапсарлас орналасқан. Қ.Бабажановтың сол жақ бетіндегі жайылыстар Қойбас Бекбаевқа тапсырылады[7, 109-115 б.]. Мұндай зор беделді адамдарды орыс үкіметі де өз жанына қарай тартқан. Мәселен, патшайым Екатерина ІІ өсиетімен патша әкімшілігі сұлтандар мен билерді өз ықпалына көндіру үшін әлсін-әлсін оларға сый-сияпат беріп, шен-шекпен жауып, офицерлік, шенеуніктік (указной старшын немесе төлеңгіт Бармақ Мұратовқа – хорунжий, сұлтан Артығалыға – майор, қожа Қ.Бабажановқа – жүзбасы т.б.) атақ беріп, өз қызметкері жасаған [9, 19 б.]. Сонымен қатар жайылымдарды, шабындықтарды бөліске салу үрдісіне Жәңгір хан үнемі араласа бермеген. Мұндай істерді өзі тікелей нұсқау беру арқылы туыстары мен сенімді адамдарына жүктеген. Нәтижесінде хан арнайы жер үлестірушілер жасағын қалыптастырды. Оның құрамында сұлтандар Тәуке Бөкейханов, Меңдігерей Бөкейханов, Жанбөбек Бегалиев, қожа Қарауыл Бабажанов, төлеңгіт Шоқы Еділбаев, старшын Кенжәлі Құрманқожаев және тағы басқалары болды [7, 109-115 б.]. Жоғарыда айтылғандай қожалар қазақтар құрамына сіңіп, ХІХ ғасырдың алғашқы жартысында –ақ бір ру ретінде жазыла бастады. Ол жөнінде А.Харузин: «Что касается Ходжей, то родом они официально считались уже при Джангире» – деп анық жазған-ды. Оны зерделеген шежіреші С.Сүйінов: «Шынында да Жәңгір көзінің тірісінде қожаларды бір топ етіп шығарып, ру басына өзінің қайын атасы Қарауыл Бабажановты сайлап, оларға ру белгісі ретінде хан таңбасын (М) берген» деген қорытынды жасайды [10, 57 б.]. Бөкей ордасында қожалар үш атаға – Мырза қожа, Төре қожа, Кедей қожа болып бөлінген. Қорытындылай келе, Қарауыл қожа Бабажанов пен оның ұрпақтары ХІХ ғасырдағы Қазақ хандығының қоғамдық-саяси, экономикалық-әлеуметтік өмірінде өзіндік орнын тауып, қазақ-орыс қарым-қатынасының дамуына және қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуына орасан зор үлес қосқанын байқаймыз.

Жансұлтан НҰРМҰХАНОВ,  Орал қаласы  

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі: 1. Масанов Н.Э., Ивлев Н.П. Белгілі ғалым М.С. бабажанов // ҚазССР ҒА Хабаршысы. -1928. – №11. -60-65 б. 2. Уәлиханов Ш. Таңдамалы. 2-бас. – Алматы: Жазушы, 1985. – 560 б. суретті, 2 парағы суретпен көркемд. портр. 3. Шәріпқали Т. Бабажановтар әулеті // Орал өңірі. – Орал: Жайық Пресс, 2002. – 17 қыркүйек. – 6 б. 4.Темиров Қ.Б. Ішкі Ордадағы Бабажановтар әулетінің тарихы. «Тарих» магистрі академиялық дәрежесін алу үшін дайындалған магистрлік диссертация. – Орал, 2009. – 57 б. 5. Ерофеева И.В. Родословные казахских ханов и кожа XVIII-XIX вв. (история, историография, источники). – Алматы: ЖШС «Print-S», 2003. – 178 с. + вкл. 8 с. 6. История Букеевского ханства. 1801-1852 гг. Сб. Документов и материалов / Сост. Б.Т.Жанаев, В.А.Иночкин, С.Х.Сагнаева. – Алматы:Дайк-Пресс, 2002. -1120 с. 7. Гиззатов С.М. Бөкей Ордасындағы аграрлық саясат (ХІХ ғасырдың І жартысы). Тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертация. – Орал, 2010. – 160 б. 8. Есмағамбетов К.Л. Азат рухтың күрескері. – Алматы: Өркениет, 2003. -176 б. 9.Кенжалиев И. Бөкей Ордасы (1801-1850 жж.). – Орал: БҚМУ, 2002. – 162 б. 10. Сүйінов С. Бөкей Ордасы. – Алматы: Өлке баспасы, 2000. -18

Ұқсас мақалалар

Бір пікір

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button