Исатай Әбдікәрімов – ұзақ жылдар, бәлкім барлық өмірін өзі туып өскен Қызылорда өңірінінде әр түрлі басшы қызметте өткізген, аяулы азамат. Қызметін Мырзашөл каналының құрылысын салудан бастап, Қазақсанның Жоғарғы кеңесінің төрағалығына дейін көтерілген мұндай ірі тұлға жайында сөз айтқанымыздан, сол азаматтың өзін сөйлеткеніміз және үзеңгілес достар мен інілерінің естеліктерін бергеніміз абзал болатын шығар.
Соғыс ұзын-сонар хикая, ол жөнінде кітап оқып, кино көрген ұрпаққа қанды қырғынды баяндап қайтейін. Тек құлақтары елеңдеп елде қалған кемпіп-шалыма менің ізімнен қара қағаз келіп, үшіншісінде хат барғанын әңгімелейін.
Сөйтіп, маған деген соғыстың аз жылдық дәмі Батыс майданнан бұйырыпты. Мәскеу, Тула, Калуга бағытында ұрысқа кіріп жатырмыз. Бұл сол 1942 жаз айы. Біздің қимылымыздан бей-берекетшілік пен қарудың мешеулігін көріп, әрі шешуші кезеңдерде қаһармандық көрсетіп үлгенген неміс әскерленінің рухтанып тұрған кезі. Сол жылдың тамыз айының аяқ шенінде ұрысқа түскен біздер көз алдымызда болып жатқан аламан-тасыр шайқаста-ақ күштің қай жағында екенін шамалап қойғанбыз, бірақ ол жөнінде ешкім тіс жарып айтпады. Бір ротаның өзі қырық рулы ел тәрізді, арамызда аузыңнан шыққан сөзді бағып «үндеместер» жүруі мүмкін, ұрыстан толас кезде де ашылып сырласу жоқ-ау. Бірақ ажал алдында адамның, алаңсыз қойдай, жігі білінбей кетеді, сан ұлттың өкілдері татумыз.
Қыркүйектің алғашқы апталарында Калуганың арғы түбіндегі Жиздра өзеніне таяу барып орналастық. Күні ертең жауапты тапсырма берілетінін бәріміз білеміз, сол шайқас алдындағы тыныс кішкене бет жүзімізге қарауға, аздап тілдесуге мұрсат береді. Ептеп ел жайын айтамыз, келешекті сөз қылымыз, тұған жерге аман-есен жетсек деген тілек әрқайсымыздың көкірегімізде тұр.
Ортамызда жасы қырықтың қарсаңына ілінген, Орал облысы, Жымпиты ауданының бір қазағы болды. Ылғы он сегіз-жиырманың арасындағы жас жігіттер болғандықтан ба, ағамызда әр қашанда «шал» деп сөйлеп, қолымыз бос кезде сол кісіні ес көріп, жиі төңіректейміз. Оның екінші бір себебі, «шал» құмалақ салатын. Сол Орта Азия барған жауынгерлер адам аяғы саябырсыған сәтте «шалды» қоршап аламыз.
-Маған құмалақ салыңызшы…..
-Мен елге аман-есен орала ма екенмін?
– Ой, Исатай, – дейді шал жайылған сары бушлаттың үстіне құмалақтарын тартып отырып. – Мына тұрған үш бөрі. Қазір белі мен табанында күш жоқ, бірақ үш бөрі аман тұрған кезде тілеген арманыңа жетпей қоймайсың. Оң жағыңда тақ тұрған құмалақтар сен жөніндегі қуанышты хабарды білдіреді, немесе бұл өмірде таусылып бітпейтін ілгері-кейінді есіліп жатқан жолың. Көрер қиындығың да болар, бірақ бәрінің ақыры қайыр, арты ұлан ғасыр тойға ұласады екен. Аумин!
– Рахмет, аға! – «Жақсы сөз жарым ырыс», жылы лебіз естіген кезде елге деген сағыныш буып, көптен көрмеген Өзгенттің бейнесі көз алдыман елестеп кетеді. Әке-шешем, ағайын-туманы сағынамын. Болашағымды болжап, үміт отын тұтатқан шалдың өзін де көңілдендіріп тастағым келеді. – Сіз де, аға, аман-есен бала-шағаңа қосыласың тағдыр жазса… Біріміздің тойымызға екіншіміз қатынайтын күн туар әлі.
– Әй, қайдам! – Шал қаралай отырып, көзіне жас алады. – Маған, сірә, от басыма дидарласуды жазбаған шығар… Мына құмалағы түспегір, қанша тартсам да, қара матау түсе береді. Ит алғыр, қанша уақыттан бері қалтамда үрей болдың ғой! – деп жеміс сүйегінен жиналған құмалақтарды шашып жібереді, қайтадан жинап алады. Шалдың жүрегі әлденені сезген екен, құмалақ та пешенедегі жазуға түсіпті.
Енсіз, тайыз болса да, ағысы күшті Жиздраға қалың қол ететін кішкене көпір саламыз деп, қаншама өмір шейіт болды. Үлкен стратегия жолында адамның қанын судай шашатын әскери қатыгездіктерге таң қалмайтын кез. Осы бағыттағы операцияны таңғы сағат бестің кезінде бастағанбыз, өзеннің қарсы қабағына аяғымыз тигенде тіркесе келе жатқан үш жауынген едік, неміс мергендені байқап қалып, қарауылға алып үлгерді. Ажалдың айтып келмейтіні рас, бірақ төніп қалған снарядтың ызыңын құлағың қағады қалайда. Бірақ қарсы қайрат көрсетуге мұрсат қайда? Табан астымыз бұрқ ете түскенін білеміз, таудай толқын ұрып өткендей құрдымға құлап барамын. Есімді қай кезде жинағаным белгісіз, он екі мүшем дін аман тәрізді. Менен қарыс қадам ілгері келе жатқан Сайрам ауданынан лейтенант Мұхамеджанов деген өзбек тіл тартпай кетті. Ізімдегі байланысшым да табанда қаза тапқан. «Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» – деген сол, төніп келген қатердің мені қалай айналып өткені беймәлім. Осыдан соң-ақ құмалақшы «шалды» әулиеге санап, өмірге деген нық сенімім пайда болды.
Шал байғұс өзі жөнінде де (Есімін ұмытып қалғаным үшін марқұмның әруағы алдында кешірім өтінемін) қателеспепті. Жиздрадан аман-есен өтіп, тірімізді түгелдеп, өлімізді жинап, тыныс алар мерзімде шалды назарым шалған. Өзен жағалауында қалың өспесе де, әр жерде қадамай дарақ ағаштар бар екен. Біразымыз соны төңіректей асығыс-үстігіс тамақтануға кірістік. Шоғырланған солдатты немістер сезіп қалды ма, әлде долбармен атылған қаңғырған оқтың бірі ме, бір снаряд ызыңдап келіп, маңайымызға түскенде – «адам аман ба?» – дегендей орнымыздан ұшып-ұшып тұра келгенбіз. Қанша қашқанмен Қорқыт бабаны да өзен ортасынан іздеп тауып жанын алған ажал емес пе, «енді қайтып маған елдің бетін көру жоқ» – деп жылап жүрген шалдың өмірін қиып кетіпті. Сол жолы мен де ауыр жарақаттандым. Жарықшақ аяғымнан тиді, ол аз болғандай қарымнан бірнеше оқ тесіп, өздігінен жүріп-тұра алмайтын көп мұсалдаттардың қатарына қосылдым.
Кімнің өліп, кімнің тірілгенін қырғыншылықтың ішінен айырып алу қиын, біреулер талықсып қалған мені санитарлық бөлімге жөнелтсе, екіншілері жүргізген санақ кезінде о дүниелікке санап еліме, кемпір-шалыма: «Ерлікпен қаза тапты» – деген қара қағаз жөнелтеді.
Соғыс алдындағы өрлеуде өзегіне май жүгірген «Өзгент» қайтадан заманның ауырлығына киліккен. Сонда да болса ағайын-туманың басын құрап, іргелі елге айнала бастаған шағы еді. Әкем мен шешемнің бұрынғы колхоздастыру кезіндегідей күш қайраты жоқ, сондықтан үкіметтің аздаған малын айналдырып, ауа-жайын бағып, елсіз-шеттсіз қиян шетте өз беттерінше жалғыз үй отырады екен. «Қара қағаз» шамамен қыркүйектің жиырма бесінші жұлдызында колхоз басқаратын ағайынымыз Оспан деген кісінің қолына тиеді. Суыт хабардан соң не істеуін білмей абдыраған Осекең ауыл-аймақ, туыс-жұрағатты жинап, ақыл салады. Ел құлақтанады.
– Қалғанының тілегін тіле деп басу айтатын екінің бірі да емес, біреудің маңдайындағы жалғыз баласы мерт болып жатыр. Осының қыбын тауып қалай жеткіземіз? – дейді.
Ауыл абдырап, ақсақалдардың өзі «шүкірлік қыл» деуге жүздері шыдамай, қисынын таппай қиналады.
– Әлі де де кідіре тұрайық. Қара қағаздың өзі жаңсақ жазылып, соңынан аман шығып жатқан боздақтар аз емес. Жаманат жеткізуге қарасақ қолымызда емес пе, оның да әжетке асатын күні туса білдіріс жасармыз, – деп бәрі бірдей сол арада сөз байласып, бұл сырды тістен шығармауға уағдаласып, қара қағазды басқармаға тықтырып тастайды.
Құпиялап жүргенде менің «қаза тапқанымды» хабарлаған қара қағаз екінші мәртебе келсін. Енді «қызыл әскердің» қатынасын уақтылы бермегені үшін өз басыммен жауап беремін бе деп қауіптенген Оспан ағам саса бастайды. Ақыры, сол ауылдың ақсақалдарын жинап, қойын жетектеп, бидай астығын бір түйеге теңдеп, Өзгенттен бір бүйір шалғай жатқан малшы ауылдағы біздің үйге құлайды.
Өрістен оралған әкем түскі шайын ішіп, тер басып отыр екен, артылған-тартылған ағайын-тумаларын керегенің көзінен көреді де, орнынан ыршып тұрады. Ешкімнің «ой, бауырымдап» жылауына да, сәлем-сауқат жасауына да мұрша бермей, жаны ашып келген туысқандарды кейін қуады, Сөзге қонақ бермейді.
– Кетіңдер, кетіңдер ауылдан!… Сендердің не айтатындарыңды білемін. Жамандық шақырып жүрсіңдер!…
Жиналып келген көпшілік қандай амал қыларын білмей абдырайды.
– Құдайлық іс қой енді, тәубеңе түс…
– Жоқ, менің балам өлген жоқ… Айтып тұрмын ғой, ағайын, ол өлген жоқ… Ауылдан тездетіп сендер кетіңдерші….
Бір жағынан өкіметтің кәрінен қорқып, екінші жағынан шалдың айбатынан тайсалып, оқталып келген сөздерін айта алмай пұшайман болған ауыл қариялары сақалдарып сипап келген іздерімен кері қарай жөнеледі.
Суыт хабарға әкемнің сенбейтіндей себебі бар, алғашқы қара қағаз келер шамада әкем түс көреді. Түсінде жағалай мал жайлаған қалың табанның қақ ортасында, суат басында ақ боз үй тігіп отыр екенмін дейді. Ояна келе «бием байлаулы, малым жайлаулы болады екен, ішкен қымыз әлі де татар ырысым ғой, ақ боз үй – жалғызымның аман келіп көтеретін шаңырағы… Исатайыма дін аман қауышады екенмін» – деп шешеміз екеуі қуанып қалады. Бірақ өң мен түстің екі тарау жолға түсіп, қабыспай кететіні аз ба өмірде, сондықтан көңіл күптілігі басым еді.
…Мен бұл кездері бір госпитальдан екінші госпитальға орын ауыстырып, сапырылысқан жаралы жауынгерлердің арасында байыз таппай жүргенмін. Күн сайын оқ даусын естімегеніміз болмаса, госпитальдың да жағдайы мәз емес. Берген тамағы жас жігіттердің жұмырына жетпейді, ұзақты күнге сарығып жатудың өзі үлкен азап және жиі қоныс аудара бергеніміз ығырымызды шығарып, жарақаты шала-шарпы жазыла бастағаннан мына бейберекет тіршіліктен қашып құтылу үшін менің де соғысқа кеткім келді. Бұл жөнінде арызымды күні бұрын беріп те қойғам. Сөйтіп, Арзамас қаласында азар-алламен госпитальдың құрсауынан босанып шықтым-ау. Жанға батқан дерт пен жағдайдың жоқтығынан әлі де буындарым бекіп болмаған, әлсізбін. Солай болса да бірге шыққан жолдастарымнан қара үзіп қалғым жоқ, қатарларына ілесіп келемін. Бағыт-бағдарымыздың нобайы белгілі, енді бізді Сталинград майданына әзірлемекші. Сол үшін жиын жаттығу ойындарын өткізбек. Қолдағы жолдамадан Горькийдің төңірегіне орналасқан Гороховецкий лагеріне бара жатқанымызды білеміз.
Жара жазылып бітпеген соң сыр бере бастадық. Бес-алты солдат жаяулап-жалпылап, жол-жөнекей жүрген көлікке мініп, соның өзінде сілеміз қата шаршадық. Қас қарайып, ымырт үйірілісімен аяқ жолдан адасып қалармыз деген қауіппен деревнялардың біріне қонып шығуды қолайлағанбыз. Таршылық кезең емес пе, Совет солдаты дегенмен екінің бірі айқұшақ қауып төрін ұсына кету – тылдағы елдің дәстүрінен кеткені қашан. Қайта ілгері кейінді күн құрғатпай босқындаған солдаттардан жалыққан сыңайлары бар, ал көңілі қаламаса жаз айлары есігін ашпайды да. Ондайда далаға қона кетуге тура келеді.
Біз терезесін еппен қаққан үйдің иесі жалғыз басты кемпір екен. Абыройымызға қарай мейірімді жанға тап болған секілідміз.
– Бір түн болса қонып шығыңдар, – деп әр қайсымызға сынай қарады.
Бәріміз кемпірмен отырып шай іштік, тамағымызды ортаға қойып, осы ауысады-ау деген қалбырларды алмасына қоймай беріп жатырмыз. «Жылқы баласы кісінескенше, адам баласы танысқанша» деген рас сөз, біздің ықыласымызды көрген соң оның да жүзі жадырап, өзгелерден түр-түсі бөлектеу маған зер салды.
– Қарағым, қай елдің баласысың?
Кемпірге өсіп-өнген елімнің атын айтып, түсіндіріп және соңымда өзі секілді қарияларымның қалғанын айттым.
– Үйіңе хат салып тұрсың ба?
Мен үн-түнсіз отырдым да қалдым. Не деп жауап берерімді білмеймін. Жарақатымның шырғалаңымен қаладан қалаға ауысымен арада үш айдан астам уақыттың өте шыққанын енді еске алып отырмын. Қолымның жарақаты жазылып, бетім бері қарағалы қашан! Оның бергі жағында госпитальдың иісі-қоңысына, жағдайсыздығына шыдамай майданға жіберуін сұрап қаншама қағаз толтырдым. Сөйтіп, өз басымның қам-қаракетімен аса алмай екі көзі төрт болып жол тосып жүрген әкем мен шешеме арнап бір ауыз сөзімді қимаппын ғой. Ең бір осал тұсымнан қойылған сауалдан соң маңдайым тершіп, қарияның алдында қаралай қысыла бастадым.
-Сендердің бәрің сондай шығарсыңдар… Менің де ұлымнан хат келмегеніне тұра үш ай толыпты, – деген кемпір отырған орнында еңіреп жіберді. – Ол да бір жерде сен секілді тірі жүр ғой хат жазуды ұмытып… Неге хат салмайсың?..
– Әже, міне, хат саламын. Жыламаңыз.. Сіздің де ұлыңыздан көп ұзамай хабар келеді.
Кемпірді зордың күшімен жұбатып алсақ та, күпті көңілімнің өксігі көпке дейін басылған жоқ. Бейбіт заманда көңілімнің хошы келіп, ел қыдырып жүрген жиһанкез емеспін, соңында қарайлайтын туыс-тумасы жоқ соқа басы тентіреген панасызға тағы жатпаймын. Біреудің ай-күніндей тосқан ұлы екенімді біле тұра шалалық жасағаныма сол сәтте қатты өкіндім. Мезетінде отыра қалып май шамның жарығын сығалай қарап екі парақ ақ қағазды сірестіре жазып шықтым. Бұдан соң кемпір екеуміздің мойнымыздан ауыр жүк түсендей бойымыз жеңілейіп қалдық. Өз-өзімді қанша жазғырсам да сөге жамандауға қазір де қимаймын. Себебі, сол жылдары он сегізден жаңа ғана асқан бұлалағы басылмаған бозбала екенмін ғой.
Екі мәрте жеткен қаралы қағаздан соң ұмаж-ұмажы шыққан үш бұрышты хатым да елге барады. Бір-бірінен сүйінші сұраған ауылдастар мен үй-ішім бір желпініп қалыпты.
Кемпірдің үйінде отырып жазған қос парақ қағазым мен қаралы хабарды жеткізген әскери қатынас қазір де өзімде сақтаулы тұр. Көңіл түбінде көмескіленіп қалған осы бір оқиғаларды әлі күнге дейін ерекше жылылықпен еске түсіремін.
Исатай Әбдікәрімовтың «Көргеніңнен көп екен көрмегенің» атты кітаптан үзінді. Басы, жалғасы бар