Басқы бет / Жарық нұрдың сәулесі / МӘДІ (МАҺДИ)-ДИУАНА ҚОЖА

МӘДІ (МАҺДИ)-ДИУАНА ҚОЖА

Дананы қатты сыйлап, сөзін сүйгін,

Білімін аз-көп болсын, ойға түйгін.

Жүсіп Баласағұн

Қажы Мәді (Диуана) – қожа бабамыздың пешенесіне жазылған әулиелік, көріпкелдік қасиеттерінің бастауында Әзірет Әли бабамыз тұр. Көнеден келіп жеткен бір аңызда бір кембағал адамның Пайғамбарымыздан (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) көмек сұрай барғаны туралы айтылады. Пайғамбар (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) ол кісіні Әзірет Әлиге жіберіпті. Әзірет Әли келген кісінің хал-жағдайын сұрап біліп, өзіне есік алдынан бармақтай тас алдырып, сол жерде алақанына ұстап

отырып, дұға төгіпті. Дұғаны оқып болып, уысын ашып, алтынға айналған манағы тасты көмек сұраған адамға беріпті. Кембағал адам Әзірет Әлиден қандай дұға оқығанын сұрап біліп, жаттап

алыпты. Баюдың оңай жолын тапқандай болған бейшара үйіне барып, қанша оқыса да алақанға салған тас алтынға айналмапты. Сол бейшара енді Пайғамбарымыз Мұхаммедке (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) Әзірет Әлидің үстінен «маған нағыз дұғаны үйретпеді», – деп арыз айта келіпті. Сонда Пайғамбарымыз Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм): «Ей, Алланың пендесі, дұға біреу ғой, бірақ оны оқитын ауыз екеу ғой», – деп Әзірет Әлидің ерекше қасиетін түсіндірген екен.

Қажы Мәді қожа Түркістан өлкесінде Қожа Ахмет Иассауиден кейінгі екінші тұлға. Кезінде  білімділігімен танылып, керемет иесі болған жанды Түркістан өлкесіндегі қазақ, қарақалпақ, өзбек т.б. түркі тектес халықтар таныған. Ол адам баласын туыстық, бауырмалдыққа, адамгершілікке, ізгілікке, имандылыққа шақырып, мұсылман дінінің қағида-шарттарын, Алланы танудың жолдарын уағыздады. Тарихтағы жоңғар қалмақтары қазақтарды қойдай қырған қасіретті «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» кезінде Қалмақ ханы Қалдан Серен Түркістанды 25 жыл астана етіп, Қожа Ахмет Иассауи кесенесін ордасына айналдырып, зорлықшыл өктемдігін жүргізген. Осы тұста бұған дейін қанатын кең жайған мұсылман дінінің ықпал-әсері айтарлықтай

бәсең тартып, имандылық жайлы насихат халыққа айтылмады.

Халық аузындағы аңыз осы кезде Қажы Мәді (Диуана) қожа ерекше әулиелігімен қалмақтардың айуандық қылықтарын тоқтатқандығын баяндайды. Ол кісі кереметін: 1.Киік. 2. Бүркіт. 3. Жолбарыс бейнесінде көрсеткен. Қалдан Сереннің Иассауидегі жер асты үйіндегі мәжілісіне Мәді (Диуана) қожа кіріп барғанда, ханның күзетшілері білмей қалады. Қолындағы Бүркіті шаңқылдап, ханға қарай талпынып, Жолбарысы гүжілдеп, айбат шегіп, ал Киігі ойнақтап, ішіп отырған тамақтарын төгіп-шашады. Осы кезде сырттан қара мес сықылды үрейлі бәле домалап кіріп келе жатқанда, бабамыз қолындағы Бүркіттің томағасын сыпырады. Ол қара бәлені бүрген күйі көтеріп, далаға әкетіпті.

Қажы Мәді (Диуана) қожа ханның қасына барып:- «Неге дініме, тіліме зорлық қыласың? Оған сен түгілі Шыңғыс хан да зорлық жасамаған. Астыңдағы тағыңды алайын ба, болмаса басыңдағы бағыңды алайын ба, әлде қара жерге қағайын ба?!» -деген екен. Сонда қалмақ ханы: «- Дініңе де, тіліңе де еркіндік.

Менің бақытымның иесін босат, бүркітіңді шақырып ал!»-депті. – «Онда дініме, тіліме еркіндік берсең, өзіңді босатайын, бірақ қара месіңді қара бүркіт қақ айырып, жарып тастады. Енді есің

барда еліңе бар, күнің өтті, бағың тайды!»- деп, Диуана бабамыз қылуеттен шығып кетіпті. Содан кейін, дінге, ұлттық салтқа, санаға ерік берілген екен. Сөйтіп, халық азып бара жатқан

бағытынан ақ жолына қайта оралыпты.

Тағы бір аңызда киелі бабамыздың Меккеге барар жолдағы басынан кешкен оқиға әңгімеленеді. Бірде ел ішінде келе жатып, үлкен жиынның үстінен шығады. Осы төңіректің биі, еріккен Бек той үстінде түрлі көңіл көтерер шараларды ұйымдастырып, күлкіге көміліп, біреуді көтермелеп, дәріптеп, енді біреуді әжуалап, сайқымазақ етіп, дуылдасып жатса керек. Дәл осы тұста әз бабамыз Диуана қожа да топқа келіп қосылыпты,мейманасы тасыған тәкәппар Бек жұпыны жолаушынымысқылдап нұсқап: «Ей, бәлкім сен жауап берерсің, дүниеніңқызығы не?» – деп сұрақ қойса керек. Бабамыз ойланбастан: -«Дүниенің қызығы-жемек, ішпек, тышпақ», – депті де, бұрылыпжүре беріпті.

Сонда Бек мысқылдай күліп, «Аузыңа осы кішкентай жерлердегі қызметтерден басқа жөнді жауап түспеді ме?!»-деп, қарқылдап күлсе керек. Көп ұзамай тәкәппар Бектің не ішкені, не жегені сіңбей, не қорытылмай, іші басынан асып, шар болып домаланып, жанын қоярға жер таппай, құлын дауысы құлаққа жетіпті. Небір білгір емшілерді жинайды-дауа болмайды. Болмаған соң «Әлгі жиынға келіп кеткен жолаушыны табыңдар!»- деп пәрмен береді. Қонып, түстеніп, ақ жолына

сапар шегіп бара жатқан бабамызды Бектің шабармандары іздеп тауып, алып келеді. Диуана бабамыз келіп, көзі шарасынан шығып, шар болып домалап жатқан Бекті аса таяғымен ішінен түртіп, – «Әй, бетбақ, осы кішкентай жерге бола осынша бүлінгенің не?!»- депті. Аса таяқтың ұшы тиюі мұң екен – алды-артынан дем шықпай, жан азабын тартқан Бектің іші жүріп, алды-артынан бірдей кетіп, нағыз әжуә өзі болыпты.

Халық арасында Мәді қожа бабамыздың әулиелік қасиеттері, көрсеткен кереметтері жайлы басқа да аңыз, әпсана, тәмсілдер айтылып, ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келеді. Осылардың негізінде ұрпақ санасында бабаға деген құрмет, қадір-қасиеттерін, көрегендігін, болжампаздығын, білгірлігін

бағалау жалғасуда.

Қажы Мәді қожа (Диуана) бабамыздан

  1. Қожжан,
  2. Қылыш,
  3. Пірзада,
  4. Бақ-Мұхаммед қожалар өмірге келген. Оның Ғабдірахман атты ұлынан ұрпақ жоқ.

 

Диуана қожа әулеті, – Қызылорда: «Қызылорда-Қанағаты», 2015.

Сондай-ақ, оқыңыз

ШАХЗАДА ШЕРЛЕР

Жалпы, Хазіреті Әли (р.а.) бабамыздан бастап бұл әулетте жастары 63-ке толысымен “дүние ісін тәрк ету” …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған