Басқы бет / Білген Шайыр айтады / Мәделіқожа мен Айым қыздың сөз жұмбағы

Мәделіқожа мен Айым қыздың сөз жұмбағы

Мәделіқожа:

Бірінші жаман не жаман,

Екінші жаман не жаман.

Үшінші жаман не жаман,

Төртінші жаман не жаман.

Бесінші жаман не жаман,

Алтыншы жаман не жаман.

Жетінші жаман не жаман,

Сегізінші жаман не жаман.

Тоғызыншы жаман не жаман,

Оныншы жаман не жаман.

Он бірінші жаман не жаман,

Он екінші жаман не жаман.

Он үшінші жаман не жаман,

Он төртінші жаман жаман.

Он бесіншіден не жаман,

Мұныма жауаб таппасаң,

Қызда болсаң да сен жаман.

 

Айым қыздың жауабы:

Бірінші жаман дегені – піріне жазған ел жаман.

Екінші жаман дегені – егеусіз салған оқ жаман.

Үшінші жаман дегені – үшкілсіз пішкен тон жаман.

Төртіші жаман дегені – туралықтан безген би жаман.

Бесінші жаман дегені – пірін көп қуған бай жаман.

Алтыншы жаман дегені, алғаны жаман жолықса,

бәрінен де сол жаман.

Жетінші  жаман дегені – бітіспей кеткен ер менен,

жер таянған ол жаман.

Сегізінші жаман дегені – серке санды ат мініп,

сергелдең болған жол жаман.

Тоғызыншы жаман дегені – тоқсанға келген қарт бабаң,

Тоңқайып орақ ора алмай, еңкейіп масақ тере алмай,

Төбеге шықса белім деп, ойға түссе тізем деп,

Бұнысы қандай болды деп, көзінің алды іріңдеп,

Көкірегі сырылдап, күтушісі болмаса, бәрінен де сол жаман.

Оныншы жаман дегені – қайтып келген қыз жаман.

Он бірінші жаман дегені – қайта шапқан жау жаман.

Он екінші жаман дегені – қой  ішінде ор жаман.

Он үшінші жаман дегені – жылқы ішінде сұр жаман.

Он төртінші жаман дегені – баласын мақтар бай жаман,

Қайынын мақтар кей жаман.

Күні жақын келгенде, маңдай ақым дегенде,

Берерге малың болмаса, жағаңнан алса сол жаман.

Он бесіншіден не жаман – ақымаққа айтқан сыр жаман.

Ақымаққа айтсан сырыңды, дұшпанға айтар мініңді,

Бәрінен де бұл жаман.

Тағың болса тағы да айт,  тағы айтарың болмаса, қожа ішінде сен жаман.

 

Сонда Мәделіқожаның айтқаны:

Өмірінде жыламаған – бауыры бүтін бар ма екен?

Алыспенен жақынды – жорытпай білген бар ма екен?

Ащы менен тұщыны – татбай білген бар ма екен?

Көңілдегі жаман сөз айтпай білген бар ма екен?

Төбесіне тас қойып дәрет алған бар ма екен?

 

Қыздың жауабы:

Бауырым деп күймеген – бауыры бүтін бір құдай.

Алыспенен жақынды  – жорытпай білген-әулие

Ащыменен тұщшыны татпай білген-бүзүрік.

Көңілдегі жаман сөз – айтпай білген құдірет…

 

Бұл айтыстың соңы жоғалып кеткен секілді. Егер ақырына дейін сақталған болса екі дүл-дүл бір-біріне ризашылық білдіріп тарауы керек. Ол кездегі салт-дәстүр солай болған. Демек, үмітсіз шайтан бір жерден табылып қалар. Ұлттық ғылми кітапхананың сирек қолжазбалар қорына тапсырған Жақсыбай Жантөбетов. 1943 жыл.

 

Сондай-ақ, оқыңыз

Қисса Салсал (жалғасы)

Жаяуға Омар Баба тіпті жүйрік, Ғұмырын өткеріпті жаяу жүріп. Ысқақ пайғамбардан кереметті киіз алып, Ысмайыл …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған