Шын аты ұмыт болған әулие

Ет жемес ешан атаның туылғанына 185 жыл толды

Азан айтып қойған есімі ұмыт болған Ет жемес ешан ата, бір замандарда ұлы жүз қазақтарының астанасы болған Ташкент қаласы маңындағы, қазақтар көп тұратын «Көкше» елді мекенінде, сондағы мешіт имамының жанұясында 1833-жылы дүниеге келген. Жастайынан мешітке барып намазға қатысып жүріп, діни сауатын ашқан. Әкесі имам Шадманқожа ешан қайтыс болғанда, мешіт жамағаты бұның жас екендігіне қарамай, сауаттылығын ескеріп, «өзің имам бол» деген ұсыныс айтады. Діни сауатын одан әрі жетілдіруді мақсат еткен ол, бұл ұсыныстан бас тартады.

Алғашқы  жеке ұстазы шариғат заңдарын терең білетін ахун және егіншіліктің  де сыры мен қырын жақсы меңгерген  Салыбек диқан болады. Одан кейінгі ұстазы Қожа Ахмет Яссауи тариқатын ұстанған Шажүсіпқожа ешан еді.Осы ұстазының  қолында бірнеше жыл шәкірт болып дәрісін тыңдайды,тәлім-тәрбиесін алады. Болашақ ешан сопылыққа қатысты ілім-білімді осы ұстазынан алады. Шәкіртінің қабілетін таныған және бағалаған ұстазы,«жария бауырластығының мүшесі ретінде  өзінше шәкірт  тәрбиелей алады» деген арнайы «рұқсат» қағазын жазып, мөрін басып береді. Бұл ешандық дәрежеге жеткендігін дәлелдейтін документ еді.

Ұстазының бағалаған білімін одан әрі жетілдіруді мақсат еткен жас ешан, ауылындағы өзінен сегіз ғасырдай бұрын жасаған  Шайх Зайниддин әулиенің кесенесі жанындағы, кезінде сол әулие де пайдаланған,жер асты мешіті -қылуетке түсіп, «қырық шілдесін» өткізеді, яғни 1600 күн Аллаға мінажат етіп, ұлы Жаратушыға жалбарынып оған жақындаудың жолын іздейді. Осы кезеңде, яғни 1872-жылы Ташкентте оба ауруы тараған кезде де, Аллаға деген мінажатын үзбестен жалғастыра берді. Жастайынан ет жемейтін ол, ағайын-туған, дос-жарандары әкелген шай мен нан және көкөністерді қанағат етті. Ішкен-жеген тағамдарының  құнары кем болса да, жұқпалы ауруға шалдықпады

Бұл кезеңде Ет жемес ешан атаның абыройы мен беделі, қабілеті мен қарымы Ташкенттегі алпыс ешанның ішінде алғашқы төрттіктің бірі ретінде бағаланатын. Бірақ, басқыншы орыс саясатына Ислам дініндегі мұндай қабілетті ешандар ұнамайтын. Ешандар сопылық жолда бүкіл жаратылыстың иесі – Бір Алланың ақиқат екеніне көзі жеткен және сол Жаратқанның қолдауына ие болған жандар еді. Халық соны білетін және ешандардың айтқандарына сенетін, соңынан еретін. Алла өзінің елшісі – пайғамбарларына мұғжизалар көрсету қабілетін сыйласа, Ет жемес ешан сынды құлдарына  кереметтер көрсету мүмкіндігін берген еді.

Алла өзінің сүйікті құлдарына осындай қабілеттер беретініне күман келтірген, бүкіл Түркістан өлкесін 1867-1882 жылдары билеп, төстеген генерал- губернатор Константин Петрович Кауфман, бір күні Ташкенттегі аса беделді деген бір топ  ешандарды  қонаққа шақырады. Ет жемес ешан, генералдың бай дастарханына қарамай, тәспісін аударып отыра береді.Бұл көріністі байқап отырған генерал-губернатор, аудармашысы арқылы ешанға «менің дастарханымнан неге дәм татпай отырсыз?» деп сұрайды. Осы кезде Ет жемес ешан губернаторға аузының ораза екендігін айтады да, дастарханға қарап тұрып, «Биссмилла, піш мысығым піш» дейді. Сол кезде дастархан үстіндегі тағамдардың ішіндегі кейбір еттер бір жерге топталып,көзді ашып-жұмғанша мысыққа айналып, дастарханнан шығып кетеді.Бұл, генерал-губернатордың өзі әдейі сойдырып, ешандарды сынау үшін, етін дастархан мәзіріндегі тағамдарға қостырған мысық болатын. Өзі сойдырған және етін пісірткен мысықтың тіріліп, өз аяғымен дастарханнан шығып  кеткенін көрген генералдың таңғалысында шек жоқ еді.Осы кереметті көрген генерал-губернатор Ет жемес ешанның жай адам емес екеніне көзі жетті.

Осы оқиға есінен шықпаған генерал-губернатор К.П.Кауфман, 1865-жылы Ташкентті басып алған және бір жылдай осында билігін жүргізген генерал  М.Г.Черняев бастаған бақталастарының патша ағзамға 1873 және 1874 жылдары жазған арыздарының және  «Русский мир» газетінде «қазынаның қаржысын есепсіз, оңды-солды шашты, ол бұл қызметке лайық емес, тексеру ұйымдастыру керек» деген мағынадағы мақалалар әсерінен (мүмкін мұсылмандарға көрсеткен жауыздықтары себеп болып), ауыр науқасқа ұшырайды. Империяның небір атақты дәрігер, емшілері емдей алмай, өлетін халге жеткен кезде, қол астында істейтін беделді қызметкері Аппазқожаға өтініш жасап, баяғы кереметін көрсеткен Ет жемес ешан атаны, Келес даласындағы «Ешан бау» ауылында  жүрген жерінен Ташкенттегі үйіне алдыртады.

Осы үйдің дарбазасының алдына келгенде, Ет жемес ешан ата аттан түспекші болады. Осы кезде Аппазқожа «Қожеке, бұл жағдай екінші қайталанбайды, аттан түспеңіз» деп, жарты патша тұратын үйдің әулісіне аттан түспеген күйі кіріп барады. Қорған ішінде, күншуақта, шарасыз, ұнжырғасы түсіп креслода отырған әлжуаз генерал-губернаторды емдеуді, аттың үстінде отырып Құран аяттарын оқумен бастап жібереді. Генерал-губернатор шарасыз күйде, тек үмітпен ғана, аттың үстіндегі Ет жемес ешан атаның көлеңкесінде отыра берді.

Ет жемес ешан ата ол кезде «қасида» (ғылыми анықтамасы жоқ) оқуын меңгерген еді. Бір Аллаға сыйынып, шапағат, жарылқау тілеп, рухия аяттарын оқып, емдеуді күнде жүргізе  берді. Алла жар болып, біраз күндер өткенде генералдың сөне бастаған жанарына жан бітіп, ауруының беті қайта бастаған белгілер пайда болды. Ешан ата тағы да бірер апта сонда болып, емін жалғастырды. Осы кезде ислам діні туралы, имандылық туралы, мұсылманшылық туралы уағыз-насихатын тіл білетін Аппазқожа арқылы жүргізді.Құдай қолдап, сөзі іспен дәлелденді. Генерал аяғына тұрады. Ешан ата К.П.Кауфманның  алғысы мен ол берген сый-сияпатын алып, нөкерлердің қоршауында «Ешан бау» ауылына оралады.

Осы оқиғадан кейін, әр жұма сайын, Ташкенттен 25 шақырымдай жердегі «Ешан базар» елді мекеніне қарай, алдында он, артында он атқа мінген қарауылы бар пәуеске жүретін болды. Пәуеске Ет жемес ешан ата салдырған шағын мешіт жанында тоқтайтын. Қарауылдар сыртта қалып, бір адам ғана ішке кіретін. Имам – Ет жемес ешан атаның артынан орын алатын. Бұл кісі бүкіл Түркістан өлкесін жұмса жұдырығында, ашса алақанында ұстаған генерал-губернатор К.П.Кауфманның өзі болатын.

Одан кейінгі кезеңде, осы «Ешан базар» елді мекенінде үш мың адам бір мезгілде намаз оқи алатын, алты күмбезді үлкен мешіт салдырған және сонда жұма намазын оқыған К.П.Кауфманды мұсылманшылықты қабылдамады деп кім айта алады. Оған қосымша тағы бір дәлел деп, К.П.Кауфманның  өмірінің соңғы кезіндегі басына тақия киген суретін айтуға болады. Осы суреті туралы Ресейдегі мемлекеттік қалпына келтіру ғылыми зерттеу институтының анықтаған актісі де бар.

Журналист Оңғар ИСАЕВТЫҢ мақаласының жалғасы:

Ет жемес ешан атаның Ташкент маңынан Келес даласына қоныс аударуы

Сондай-ақ, оқыңыз

Құттықожаұлы Әбсаттар

Бәйменқожа ұрпағы Құттықожаұлы Әбсаттардың  өзінің басынан  өткендерін былайша еске алады: «Бір күні ішкілікке салынған  Сейсен …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған